Қандастар Ассамблея

ОТАН ТАРИХЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫМЫЗДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

08.12.2012 4109
Ұлттық Ғылым Академиясы Сессиясындағы сөз Қадірлі қауым! Қымбатты меймандар! Ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан қызу құттықтап, Сессия жұмысына табыс тілеуге рұқсат етіңіздер. Бүгін бұл жиынға жұртшылық назары түгел ауып отыр. Ол түсінікті де. Қандай реформа болмасын, кешегіні терең талдап, ертеңгіні дұрыс пайымдау арқылы ойдағыдай өрістей алады. Сондықтан да, өткен күзде Елбасы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын ұсынып, 1998 жылды – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялады. Қолға алынып отырған реформаны өрге бастыру үшін бірінші кезекте тоталитаризм салдарларынан әбден арылып алуымыз керектігіне барған сайын көзіміз жете түсуде. Ал тоталитаризм тек жұртты тарихи санадан жұрдай қып, жаппай мәңгүрттендіру арқылы өз дегеніне жете алмақшы. Әйтпесе, пәлен жылдар бойына даму заңдылығын көпе-көрінеу белден басып, қайдағы бір қысыр қиялдармен халықтың басын қатырмаған болар еді. Күні кешегі өз көзімізбен көргендеріміз тоталитаризмнің тарихи санамен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, ал ешқашан жүзеге асып көрмеген және ешқашан жүзеге аспайтын қисынсыз қиялға сену үшін бүгінгі де, кешегі де шындыққа көзіңді жұма қарап, құлағыңды тарс бекітіп тастауға мәжбүр ететіндігіне күмән қалдырмады. Расында да, жан-жағын темір тормен қоршап тастаған қараңғы қоршауда өмір сүріп келгендігіміз әбден рас екен. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени дамудан атымен алшақ жатыппыз. Жалпы адамзаттық тарих арнасынан айдалаға лағып кетіппіз. Талай халық талай жылдар бойына өз өткенін өзі ұмытып, өзгенің тарихын өзімдікі деп ұғып, уақыт ағымында қайдан шығып, қайда бара жатқанын өзі ұқпайтын өгей ене бауырсақ әсіреңкі күй кешіпті. Бүгінгі көп келеңсіздік те сол көзжұмбайлықтан өрбіпті. Тарихтың талай талма тұсында тап осылай болыпты. Барлығы да дақпыртқа сеніп, даңғазаға елігуден басталыпты. Бірақ, кешегі кеңестік кеңістіктегі құлақкестілік бұрын-соңғы етекбастылықтың қай-қайсысынан да асып түсіпті. Олай болуының себебі де жеткілікті еді. Біріншіден, коммунистік қазымырлықтың дәуірлеуі теңдесі жоқ технологиялық төңкерістермен тұспа-тұс келді. Ол адам санасын ауыздықтаудың талай қитұрқысын меңгеруге жағдай жасап берді. Осы заманғы қоғамның қолында бар мүмкіндіктер – ақпараттың, үгіт-насихаттың, білім беру мен күш көрсету жүйелерінің барлығы да айтқанынан ешкім шықпайтын ерен билік жағдайында тек бір мақсатқа – жұртшылықтың әлеуметтік мінез-құлқын адым ашқызбай аңдып бағуға жұмылдырылды. Соның нәтижесінде, миллиондаған адамдардың ары мен ойына ашық та, астыртын да қысым жасайтын әзәзіл жүйе жасақталып, ол бұрын-соңды әлем тарихында болып көрмеген әлемет деңгейге дейін шектен шыға асқындады. Бейнелеп айтсақ, қызыл озбырлық азаматтардың қоғамдық санасын түпкілікті жойып жібермегенімен, өз уысынан шығармай, қылғындырып ұстайтын қыл тұзақты қапысыз ширатып бақты. Тап мұндай күллі планеталық деңгейдегі ақыл-ой апатының мысалын арғы-бергі тарихтан тап басып айтып бере алмаймыз. Жұртшылық санасын мұншама тұралатудың бір-ақ мақсаты: адамдардың миы мен көкірегін қазір жазып, артынан сүртіп тастауға оңай мектеп тақтасындай кез-келген ақпаратты, тәр мен тәртіпті, қисын мен қағиданы оңай тықпалап, оңай өшіріп тастауға қолайлы ой сырдаңдығы мен пікір сырғанақтығына жаппай бой алдырту еді. Бірақ, түптеп келгенде, бұл коммунистік үрдістің өзіне тауан болды. Өзі де сол жұрттың неге болса, соған сеніп, оңай елігетіндігінен ат жалынан ауып түсті. Екіншіден, идеологиялық жағынан да, технологиялық жағынан да мұздай қаруланған тоталитаризм тек бір кезеңдерді ғана емес, күллі әлем тарихын тұтасымен қайта қарап, тергеп-тексеруге алды. Тарихи дамудың сан алуан жолының бәрі мансұқталып, тек тап күресі ғана бір жақты ұлықталды. Сөйтіп, қоғамдық сана ғылыми пікірге емес, қалай да мойын ұсынбасыңа қоймайтын соқыр сенімге иек артты. Тарих апологияға, саясат теологияға айналды. Үшіншіден, мемлекет қолындағы билік пен қоғамдық зерде адамзат тарихын таптық күрестің тар қауызына қуып тығуға жұмсады. Оған мойын ұсынғысы келмегендердің мойындары үзілді. Мұндай ауыз айтып жеткізе алмас ауқымдағы ақыл-ой азғындауы кешегі кеңестік кеңістікті түгел қамтыды. Бірақ, біздің қауымның талайсыздығы бәрінен де асып түсті. Таптық күрес тұрғысынан келгенде, Еуразия көшпенділерінің өткен жолы тарих деп айтуға келмейтін тантық әңгіме боп қалды. Сондықтан, үшінші мыңжылдыққа аяқ басарда бізге өткен-кеткенімізді қайтадан сараптамасқа жағдай жоқ. Өйткені, тарихи жадымызды қалпына келтіріп, тағдырымызды қайта таразылау тәуелсіздігіміздің де мән-маңызын тереңірек ұғындыра түседі. Күні кеше халықтар тарихын қолдан бұрмалаудың қаншалықты өрескел деңгейге жеткенін бүгін әрең аңғарып отырмыз. Қазақстанда өткен ғасыр аяғында пайда болған азғантай жұмысшылар тобы пролетариат деп жарияланып, әлеуметтік кемелділіктің бірден бір кепілі деп саналды. Бүгінгі қазақ ұлтын құрайтын тайпалардың мыңжылдықтар бойы бастарынан кешкендері сол кеше пайда болған кенже қауымның мүддесі тұрғысынан зерделегенде тарихқа да, адамзатқа да еш қажеті жоқ бекер әурешілік болып табылды. Тұтас бір ұлттың өткенін бұлай тұрпайыландыру көп мақсатты көздейтін еді. Қазақтардың тарихи бірлігін тұтастай мансұқтаудың қандай қасіретке ұшыратқаны 20-30-жылдардағы тәркілендіру тұсында анық байқалды. Көшпенділік кешегі Қазақстан байлығын игерудің қай-қай тұсында да аянбай қарғап сіленді. Ол көшпелі халыққа жаны ашығандық емес еді. Өз жер, өз топырағының игілігін игергенде «қолыңнан келмейді» деп, өзіңді аулаққа қуып тастаудың айла-шарғысы еді. Әлеуметтік әулекілік қазақ қауымын қатты күйзелтті. Әсіресе, ауыл күйреді. Басымыз өспеді, барымыз өшті. Жартымыз қырылып, жартымыз бостық. Ұлт тарихын жоққа шығару ұлттың өзін жоққа шығару болып шықты. Көп уақытқа көшпелілерді өз бетімен дами алмайтын, жасампаздық қасиеттен атымен ада, жөн білмес, жүген тимес, қырып-жойғыш сойқан күш ретінде көрсету бел алып келді. Ол пікір көшпелілер мен отырықшылардың өмірлік-рухани мүдделерінің ешқашан бітіспейтін, ежелгі кереғарлығы бар деген қисынға сүйенді. Соған иек артып, баяғыда патша ағзамның генералдары Орталық Азия кеңістіктеріне қол сұғушылықты өркениетті әлемнің қауіпсіздігіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндірген еді. Ал олардың өңін айналдырып алған мұрагерлері тұтас ұлттарды қаралай жойып жіберу жолындағы әсіре интернационалистік көзбояушылықтарын тағы да сол адамзат пен өркениеттің сәулетті болашағына қам жеушілік деп дәлелдеп бақты. Сөйтіп, ресми саясатқа коммунизм деп аталатын қайдағы бір қияли қоғамның саяси-әлеуметтік және экономикалық мұраттарына қабыспайтын деректер мен көзқарас атаулы тарихтан түп-түгел, сыпырылып алынып тасталды. Ғылым тізгінін де өз қолында мықтап ұстаған билікші партия күллі әлем тарихын барша адамзаттың баяғыдан бері социалистік және коммунистік қоғам құру жолында жүргізіп келе жатқан саналы күресінің шежіресі деп ұғындыруға күш салды. Ал ондай таптық таяздық пен әлеуметтік бөле-жарушылыққа бой алдырмаған тұлғалардың бәрі ұлтын сатқан халық жауы саналып, аттары ауызға алынбайтын болды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Мұстафа Шоқай, М. Тынышпаев, X. және Ж.Досмұхамбетовтер осы көпті киді. Расында, олар ғасыр басында-ақ қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртудың тарихи маңызын қапысыз ұққан кемел саясатшылар еді. Мұндай жағдайда, баршамыздың алдында шын тарихымыздың желпіндіретіндей жеңісті сәттерімен қоса, ойсырата ойландыратындай ойранды беттерін де толығымен қамтып, тұтасымен қалпына келтіру міндетінің тұрғандығы қаншалықты маңызға ие екендігін айтпаса да түсінікті. Қайткен күнде де, біз өз халқымыздың тарихтағы өз бағыт-бағдарын табу жолындағы күрделі ізденістерін айқын көзге елестете алуымыз үшін өткенімізді білуге тиістіміз. Біз аспаннан түскен жоқпыз, ауадан жаратылған жоқпыз, арттағы ұрпақтың игілігі үшін атамекенді қаны мен терін аямай төгіп, азап пен арпалыста алыса жүріп, аман алып қала алған ата-бабалардың ұрпағымыз. Олардың бастан кешірген абыройлы сәттері біздің рухымызды асқақтатып, жеңілістері мен жәбірленген сәттері бізді де қателіктер мен адасушылықтардан сақтандырады. Ұлттық тарихқа ұмсынуымыз тек еткенге құмартушылықтан емес, болашаққа деген мақсаттарымыздың қаншалықты негізділігін пайымдау қажеттілігінен туындап отыр. Уақыт талабына тек өткенді біліп, тарихқа қанығып барып, дұрыс жауап таба аламыз. Цицеронның «тарих – тағдырымыздың тәрбиешісі» дейтіні де сондықтан. Басқаша айтсақ, тарих бүгінімізге берер тағлымы мен ертеңімізге сілтер жөн-жосығымен қымбат. Сондықтан да, бүгін кешегіні әділеттілік пен әрі шыншылдықпен байыпты зерттеп, жан-жақты пайымдай білуге тиіссіз. Бұл ретте адамзаттың бейнеті көп өткен жолы екі түрлі солақайлықтан абай болуды аңғартады. Біріншісі – өз тарихыңды өзің аңызға айналдырып, өз дәстүріңді өзің әсіре дәріптеуге бой алдырмау. Бағзыдағы бабаларымыз қандай керемет болғандарымен, көп жағдайда өз кінәмізден емес, өзгелер кінәсінен кейіндеп қалған кенделіктерімізді, басқалар емес, өзіміз танып, өзіміз түзетуге тиіспіз. Оның үстіне, өзіңе өзің қаралай сұқтанудың қаншалықты кесепатты екендігіне талай рет көзіміз жеткен. Ең бір биік дамыған, әрі басы қаулап өскен, іргелі қауымдардың өзі кеудемсоқтыққа ұрынғандықтан басқалардың көз қырына ұшырап, біржола құрып кете жаздапты. Жиырмасыншы жылдардағы Европа фашизмінің тағдыры бұған айқын айғақ бола алғандай. Екінші бір солақайлық – өз бағаңды өзің білмей, қаралай қымсынып, өз тарихыңнан өзің қорынушылық. Ол көбіне-көп үгіт-насихат машинасы миымызға күштеп құйып баққан жаңсақ ұғымдардан туындайды. Ондай машиналар әлдеқашан қирап қалса да, олар қалыптастырған қасаң түсініктерден әлі арылып болған жоқпыз. Мәселен, қоғамдық пікірде, тіпті өз отандастарымыз бен жақын көршілеріміз тарапынан Орталық Азия халықтарын іргелі өркениет дамытуға ыңғайы жоқ, одағай да олақ, әрі жөндеріне жүре алмайтын сотанақ қауымдар санайтын солақай көзқарас әлі күнге ұшырысып қалып отырады. Әлемдік тәжірибенің айтуынша, ұлттық тарих әрқилы зерттелуі мүмкін. Ол кейде белгілі бір ұлт пен елдің өзге ешкім де қайталай алмас ерен жаратылғандығы турасындағы нәсілшілдік немесе ұлтшылдық астамшылыққа желеу боп та кете алады. Кейде өз халқыңа байланысты әділетті орнына келтіріп, соның нәтижесінде, бүкіл қоғамды ынтымақтастырудың қуатты құралы да бола алады. Мәселе, тарихты зерделеуді қандай мақсатпен қолға алуға байланысты болмақшы. Не де болса, кешегі кеңестік кеңістік халықтарының ұлттық-мемлекеттік сәйкестілігін жаңаша қалыптастыруда тарихты білудің маңызы зор екені аян. Тоталитаризмнің тарс бекітулі тар қыспағына түскен халықтар өзіндік ерекшеліктерінен жұрдай боп айырылу арқылы өзіндік тарихынан да жұрдай боп айырыла жаздады. «Жаңа тұрпатты кеңес адамын жасауды» көздеген бірдейлену саясаты қолдан мәңгүрттендірудің ең бір қатал, ең бір көлгір түрін үрдіске енгізді. Соны ескерсек, өткенді білу дегеніміз өз тегіңді танып, өзіңе өзің келу болып шығады. Тарихи тамырыңның қайдан өрбіп, ұлттық болмысыңның қайда жатқанын білмейінше, жаңа сәйкестілік туралы сөз ету де мүмкін емес. Тоталитаризм адамдарды тарихи санадан айыру арқылы халықтарды тек өткенінен ғана емес, ең алдымен болашағынан да айыруды көздеді. Таңдаулы тап жөніндегі тар қисын адамзаттың әлеуметтік те, өркениеттік те тарихын уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да қолдан тарылтып тастады. Бәрі де жекелеген өркениет ошақтарының, әлеуметтік топтардың және идеологиялық қисындардың айырықша маңызын әсіре әспеттеуге арналды, Сананың жұмысшы табына лайық бірдейленуі, еңбектің өнеркәсіпке лайық техникаландырылуы, әлеуметтік қатынастырдың жақ-жақ боп жағаласып, өзара өшпенділікке ұласуы алға басушылықтың асқар шыңы боп саналды. Оған сәйкеспейтін құбылыстарға тарих көңіл бөлмейтін болды. Тұтас мәдениеттер анайылық боп табылып, тұтас халықтар – жабайылар боп саналды. Кейбір мемлекеттер тарихта атымен болмаған, ұшыраспаған делініп, біржолата жоққа шығарылды. Сондайлардың арасынан біз де табылдық. Ал біздің өткенімізде білуге тиісті, қадірлеуге тиісті жәйіттеріміз аз ба еді? Біздің арғы бабаларымыз өз тұсындағы Еуразия құрлығының тарихына ешқандай үлес қоспай, алыста асық ойнап жатып па еді? Бұның жай-жапсарына әбден қанықпасақ, өткенімізге деген құрметіміздің бекерлігі, болашаққа деген үмітіміздің мекерлігі туралы азғырынды уағыздардың қанжығасына оңай бөктеріліп кете барамыз. Басқаны қойғанда, біздің сахарамыздың географиялық орналасуының өзі-ақ әуелден әлемдік тарихи процестерден атымен тысқары жатқандығымыз жайындағы жала тұжырымды бекерге шығарады. Біздің жерге алғашқы адамдар, археологтардың айтуынша, шелль-ашелль кезеңінде аяқ басқан сыңайлы. Палеогеографиялық ахуал, тас құралдары мен фауналық жәдігерліктер соған меңзейді. Бірақ, біздің далаларымыздың адамзат мекеніне айналуы жер бетін басқан ежелгі тегіс мұзды күрт ерітіп, ірі хайуандарды жаппай терістікке қарай жөңкіле босуға мәжбүр еткен термиялық максимумға байланысты сияқты. Соларды қуалаған алғашқы аңшылар экваторға жанаспалы бойлықтардан теріскей Еуразия бойлықтарына, жолдарындағы көлденең түсіп жатқан асу бермес асқар таулар белдеуінен Қаратеңіз, Каспий маңындағы қолаттар, Памир-Гиссар тар қапылары, Оңтүстік Қытай ойпаты арқылы ғана өте алса керек. Неолит зілзаласынан алып аңдардың тегістей қырылып қалуы садақтың пайда болуын, ұсақ аңдарды аулау олардың біртіндеп қолға үйретілуін тездеткен тәрізді. Сөйтіп, дайын ырзық айырудан ендірмелі ырзық айыруға біржола көшу тездетілді. Ауа райына тікелей тәуелді көшпелі мал шаруашылығы геоэкономикалық, геосаяси, геомәдени тәсілқойлықты жетілдірді. Ол аталмыш бойлық тұрғындарының әлеуметтенуі мен нәсіларалық байланысына тың серпін қосты. Жылқы мен түйені қолға үйрету доңғалақ пен ауыздықты ойлап тапқызып, ендік бойымен де, бойлық бойымен де емін-еркін көшіп-қонуға жағдай туғызып, алғашқы құрлықаралық қатынас жолдарының сұлбасын салғызды. Ұланғайыр кеңістіктегі ашық аспан астындағы үздіксіз қозғалыс үстіндегі көшпелі күнкөріс ауа райы мен табиғат өзгерістерін алдын-ала болжап, биоценөз кірпияздығына оңай бейімделіп, тұрмыс пен шаруашылық икемділігін барынша арттыра түсуге итермеледі. Кен қорыту, тоқымашылық, зергерлік өрістеді. Аспан денелері, өсімдіктер мен хайуанат дүниесі қатаң қадағаланды. Әлеуметтік ұжымдасу мен ағайын-жекжаттық қатынастардың жан-жақты қарастырылып, әбден жіліктелген жүйелемесі жасақталды. Егер біз табиғатты қаралай тонау емес, онымен тіл табыса өсіп-өнуді де өркениет деп ұғар болсақ, әлгі айтылғандардың бәрі көшпелілер әуелден өркениетке ыңғайы жоқ, сондықтан үйреншікті дағдыны бұзып шыға алмайтын, өз бетімен дамуды мандыта алмайтын мешеу қауым деген күйкі түсініктің күлін көкке ұшырып, бұл салада олардың адамзат игілігіне не қосып, не тындырғанын дәлелдеп бере алса керек. Солардың нәтижесінде қалыптасқан тәңіршілдік, заростризм, манихейшілдік дүниетанымдары Таяу Шығыс діндері, мифтері, эпостарында идеологиялық, этико-эстетикалық тұрғыдан әбден сұрыпталды. Жауынгер түздіктер ұстанған бір-біріне қарыздарлық моралы аралдағы жапондардың «бусидо» ғакдиятына негіз болды. Оңай жығылып, оңай тігілетін баспана мен соған лайықталған киім, бұйым үлгілері қарсы жатқан жарты шарға дейін кеңінен тарады. Тарихи өзгерістердің бұрқақ дауылдары бұл далада дүниеге келген нәсілдер мен құбылыстардың бәр-бәрін басқа тарапқа ұшырып әкеткен жоқ. Ең бастысы оларды өрбіткен жұрттардың негізгі табаны өз орындарында қалды. Мәселен, қазіргі қазақ ұлтының құрамынан сонау скиф-сармат, сақ-ғұн, үйсін-қаңлы, оғуз-қыпшақ, түркі-маңғол этникалық түзілімдерінің түпкі жұрнақтары түгел ұшырасады. Ал олардың батыста – Қаратеңіз, Азау, Теріскей Қап, төменгі Еділ, Түскей Орал, Каспий маңы алаптарында, шығыста – Туран, Алтай, Саян, Байқал, Қиыр Шығыс өңірлерінде мыңдаған жылдар бойы үздіксіз өрбіп келген нәсілдік, мәдени, саяси, шаруашылық аралас-құраластығының арқасында түзілгендігі түсінікті жәйт. Осынау шығыстан батысқа созылып жатқан ұланғайыр кеңістікте олар рулық-тайпалық одақтардан бастап көшпелі империяларға дейінгі таза конфедеративтік қарым-қатынасқа негізделген саяси ықпалдасуды бастан кешті. Жоғарыда аталған ұласпалы аймақтар оларды этникалық қалыптасу тезінен өткізсе, екі ортадағы дәнекер боп жатқан Туран жазиралары өрелі геосаяси қарекеттерге ауыздандырды. Әсіресе, сол жазиралардың жүрек тұсын иемденген қазақ даласы Абылдың кәсібін Қабылдың кәсібімен, көшпелілікті отырықшылықпен, малшылықты егіншілікпен ұштастыруға аса қолайлы болды. Оның қос құрлық шектестігіндегі орналасу орыны әрдайым «қапият шабуылдар мен тұтқиыл тойтарыстар» жағдайында аса сергек өмір сүруге мәжбүр етті. Бұл кейбір «білгіштер» айтып жүрген өзін-өзі көбейтуден басқа ешқандай тарихи қам-қарекетке бейім емес дел-сал көшпенді тұрмыс туралы тұжырымның шындыққа атымен қабыспайтындығын көрсетеді. Көшпенділердің бір құрлықтан екінші құрлыққа жаппай аяқ басуын туғызатын аса ірі геосаяси операциялар тұсында ылғи да басқа жер емес, тек Қазақстанның аттаныс шебіне айналып келгендігі де соның дәлеліндей. Ондай кезде ел-жұрт түгел жосып кетпеген. Жартысы ата-қонысты, дәп пен дәстүрді, тұқым-тұяқ тектілігі мен рух тазалығын аманатқа алып, орынында қалған да, жартысы алыс жорыққа аттанған. Барлық ырзық жер бетінен айырылатын агроөндіріс заманындағы жаңа кеңістікке ұмтылушылық көбіне-көп Еуразия көшпенділері жайлаған түкпірлерден өрбіген-ді. Кейін шаруа жүргізудің отырықшы түрлері басым түсе бастағанда кешегі үстем аймақ енді сырттың саяси, идеологиялық, тіпті әскери қысымына өзі жиі ұшырайтын болды. Біздің далаға антика, христианшылдық, буддизм, ислам солай келді. Индустриялық шаруашылық үрдісі оны біржола басыбайлылық аймағына айналдырды. Ол ахуал күні бүгінгі қос кіндікті дүние күйреп, үміт пен күдік итжығыс түсіп, ұлтаралық, еларалық, өркениетаралық қатынастардың қалай жарасымды үйлесетіні әлі беймәлім болып тұрған дүбәра кезеңге дейін созылып келеді. Бірақ, бұның басын ашып айту кеңестік идеологияның түпкі мүддесімен сәйкеспеді. Ол шет аймақтар тарихын ауызға алмауға тырысты. Сол арқылы, оларды тау-таста тағылық құрып жүрген жерлерінде революцияшыл пролетариаттың ақпейілділігі арқасында ғана адамзат санатына қосылғандар деп ұғындыру әлдеқайда оңай еді. Кеңес адамдарының біреулерді әуелден алда жүретін аға, екінші біреулерді ылғи да қолынан жетектейтін іні тұтатын дәстүрі де осылай қалыптасқан-ды. Бұған шынымен сенгендер мен әлі де сенетіндер өте көп. Сондықтан да, кейінгі жылдардың объективті өзгерістері біреулерді шынымен апшытса, біреулерді шынымен абыржытты. Ендігі тірлік қалай болмақ? Ол әлі көп жұрт үшін беймағлұм нәрсе. Қазіргі дүниенің осындай екі ұдайылығы мен қосүрей ахуалын пайдаланып, Қазақстанның тәуелсіздік алуын ешқандай негізі жоқ тарихи жаңсақтық деп түсіндіріп, жұрт көңіліндегі күмәнді күшейте түскісі келетіндер де аз емес. Ондайлар іргелес кеңістіктерді былай қойып, өз ортамыздан да табылып жатыр. Оларды сөйлетсеңіз: біздің жеріміз европалықтар аяқ ізін салғанға дейін экономикалық жағынан әлі игерілмеген, саяси жағынан әлі ешкім иемденбеген, қаңырап бос жатқан қу медиен кеңістік болып шығады. Бұл надандықтан емес, әлі де талай нәрседен күдерін үзе қоймаған геосаяси астамдықтан өрбіп отыр. Ондай уағызшылар бір кезде ата-бабалары өзгелердің әлімжеттігінен әлі жетпей айырылып қалған тәуелсіздікті кейінгі ұрпақтардың әділеттілік жолымен қайтарып алуға қақылы екендігін мойындағысы келмейді. Өткен ғасырларда гуманист ойшылдардың барлығы, оның ішінде мемлекет теориясының Гобс, Локк, Монтескье сынды ең үздік білгерлері мойындаған бұл қағида XX ғасырда жұртшылыққа кеңінен танымал халықаралық құжаттармен заңдастырылды. Бірақ, біздің саяси тоңмойындық баяғы мектептегі көзден бастарымызды ауыртқан бір-екі дуалы ауыздан басқаның уәжіне тоқтамайды. Алайда, сол дуалы ауыздардың өздері де жер бетінде мәңгібақи тәуелсіз болып келе жатқан бір де бір ел жоқ екендігін жасыра алмаған-ды. Тіпті, бізбен іргелес жатқан аса ірі мемлекеттердің өздері де талай рет кіріптарлық көрген. Көбін кейін өздері отарлаған көшпелі көршілерінен көрген. Мемлекеттік тарихымыздың ежелгі кезеңдерінің кемшін зерттеліп, кеңінен мәлім болмауы әлгіндей қасақана таратылатын евроүстемшілдік тарихнамасының таптаурын көзқарастарының қолына су құйып жүргені рас. Бірақ, аз да болса, абырой-әжеттен хабары бар тарихшыларды абайлап сөйлеуге мәжбүр ететін, талай рет дүниені дүр сілкіндіріп, батыстың да, шығыстың да ақылдыларының жадынан шықпастай жойқын оқиғаларға мұрындық болған Орта Азия халықтарының соңғы мың жарым жылдық тарихын кеңестік тарих ғылымы ешқашан өз кейпінде баяндап та, бағалап та көрген емес. Қайдағы бір құбыжық құбылыстардың тізбегі ретінде құрыта, құйқылжыта, құбылта суреттеп бақты. Содан ауызданған саяси көк езулік енді, міне, баяғыдағы ата дұшпандарын ғана емес, күні кешегі қарулас, пікірлес, мүдделес, одақтас туысқандарымыз деп жүрген көршілерін де мемлекеттілік пен өркениеттіліктен атымен хабарсыз арда қауым қып ғайбаттап, тіл безеп бағуда. Тіпті кешегіні қанша көксеген күннің өзінде де оны, жиі айтыла беретін «тәуелсіздік парады» емес, өктем уақыт пәрменіне төтеп бере алмаған өз дәрменсіздігі күйреткенін көріп отырып, көрмегенситін көлгірлік жанға батады. Озбырлық, бірақ, обал-сауапты қайтсын. Олар ежелгіні айтпаған күннің өзінде, тіпті бертін көздегі, құрылғанына 1450 жыл енді толғалы отырған, өз тұсында елеулі ықпалға ие болып, батыс, шығыс тарихи жазбаларында кеңінен сөз болған Түрік қағанатының өзін көзге іліп жатпайды. Ол мемлекеттің Византия, Иран, Қытай елдерімен саяси-экономикалық қарым-қатынас жасап, Манчжуриядан Керчь түбегіне дейін, Енисейден Амударияға дейін қоныс иемденгені белгілі. Ол дәуірлерде бірде-бір отырықшы мемлекет, тіпті мемлекеттер тобы мұндай ұланғайыр аумақты иемдене алмаған-ды. Орталық Азия мен Византия арасындағы кеңістікте бірін-бірі алмастырып жатқан көшпелі империялар көптеген халықтардың этногенезіне әсер етіп, сан алуан мәдени кешендердің дүниеге келуіне себепші болды. Ол XX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өз нақышын жоймаған өміршең өркениет екендігін таныта алды. Аса ірі дипломатиялық және сауда-саттық арнасы болған «Жібек жолы» ежелгі еларалық ықпалдастықтың айқын көрінісі еді. Ол халықтар мен мәдениеттерді байланыстырып, ерте дәуірлердегі материалдық және рухани араластықтың аса тұрақты әрі аса құдіретті кепілі бола алды. Түріктердің өзінше айшықталған сына жазуы да сондай байырғы байланыстардың нәтижесінде қалыптасқан сындарлы құбылыс еді. Ғалымдардың Алтайдан, Шығыс Түркістаннан, Жетісудан, Хакасия мен Тувадан тапқан екі жүзден астам ескі жазу ескерткіштері түріктердің сонау VI ғасырдың өзінде өркениет өресінің қандай биігіне самғап шыққанын дәлелдейді. Қазақстан тәуелсіздік алғандығы арқасында өткен жазда ата-бабаларымыздан қалған осы асыл мұраларды сақтап, зерттеп, насихаттаудың халықаралық бірлескен бағдарламасын жасау туралы бастама көтерілді. Бұл – ешқандай томаға-тұйықтық атаулыны мойындамайтын дархан мәдениет еді. Дала тірлігі ұланғайыр кеңістікте көшіп жүретіндердің дүние түйсінуі мен дүние түсінуін қалтқысыз бейнелейтін қаһармандық эпостардан анық аңқып тұратын ақ пейілдік рухын қалыптастырды. Қарапайым бақташы халықтың тарихи, адамгершілік, шаруашылық, мәдени тәжірибесінен жинақталып, ауызша шығарылған поэтикалық шежіре-дастандардың мыңдаған жолын жатқа айтып бере алды. Сөйтіп, далалықтар ежелден бергі тарихынан ешқашан мақұрым қалып көрген емес. Олар қарым-қатынас жасаған халықтарды рухани байытты, Еуразия табиғаты жайындағы білімдерін арттырды, экономикалық дамуы жағынан, әлеуметтік ұжымдасуы жағынан, мәдениеті, нәсілдігі, діні, ділі жағынан әр деңгейдегі, бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірінен қашық жатқан мөлтек қауымдастықтарды ұйыстырып, дүниенің кеңдігі мен әр алуандығын әйгілей түсті. Көбіне-көп ауа райы құбылыстарына орайлас бірде өршіп, бірде өшіп тұратын көшпелі дүние динамизмін былайғы жұрттарға тән әлеуметтік-экономикалық кикілжіңдер логикасына сүйеніп, түсіндіре алмайсыз. Сол сияқты бұны кім көрінген сөзіне бермейтін көктің еркімен болып жататын сиқыр құбылыстарға саюдың да реті жоқ. Үздіксіз көші-қон жағдайындағы шаруашылықта жиі-жиі туындайтын бірігу мен ыдырау қажеттілігі, түптің түбінде, Ұлы Түрік елінің де дәуренін өткізді. Түрік әлемінің ішкі ықпалдасуының саяси, экономикалық, мәдени және бауырласу процестері монғол басқыншылығы кезеңінде көп әлсіреді. Ол аз десеңіз, кей түркі тайпалары ежелгі қоныстарынан ауып кетті. Алайда, аз уақыт ішінде көп аумаққа ірге теуіп үлгерген монғол империясына да зор ықпал ете алды. Шыңғысхан өз империясын Түрік қағанаты туғызған әскери-әкімшілік жүйеге негіздеп құрды. XV ғасырдың 60-жылдары аяғында Қазақ хандығының құрылуы да Ұлы Түрік елі мен Монғол империясының тағдырына тығыз байланысты болды. Ол – Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Түркістан аймағында ғасырлар бойы өрістеп келген экономикалық, әлеуметтік, этносаяси процестердің заңды нәтижесі еді. ХІҮ-ХҮ ғасырларда көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы егін шаруашылығымен шұғылданатын атыраптар мен қала мәдениеті орталықтарының аралас экономика құрып, өзара ықпалдасуы негізінде экономикалық тұтастық аймағы қалыптасуы қазақ жерлерінің бір саяси құрылымға бірігуінің негізгі алғы шарты болды. Қазақ хандығы Орталық Азияда үш ғасыр бойы елеулі орын иемденді. Тарихи қалыптасқан ұлттық мемлекет қазақ халқының аузын біріктіріп, этникалық аумағын бекемдеп, рухани және мәдени даумын кемелдендірді. Төрт тараптан түгел бірдей қысым көрген қазақ халқы өзінің этникалық аумағын түпкілікті құтқарып қала алды. Ол аумақ сонау XVI ғасыр жазба деректерінен бастап күні бүгінге дейін Қазақстан деп аталып келеді. XVII ғасырдан бастап Орталық Азия халықтары, басқа құрлықтардағы халықтар сияқты, үздіксіз экономикалық, саяси-қоғамдық, рухани дағдарыстар тығырығына тап болды. Дүние жүзінде шаруашылық жүргізу дағдысы түбегейлі өзгерді. Еуразия құрлығындағы геосаяси жағдай да соған орай мың құбылды. Теріскейден шикізат көзін іздейтін және өз бұйымдарын жоғары бағамен өткізетін оңтайлы базар ашуды көздейтін Ресей империясы пайда болды. Қазақстан өзге де Орталық Азия мемлекеттерімен бірге сол империяның геосаяси мүдделерінің шеңберіне ілікті. Ал ол мүдделер әрқилы тікелей де жанама тәсілдермен байырғы халықтарды мәдени, тілдік, тарихи-этикалық нәсілдік тұтастықтан айыруға тырысты. Тоталитарлық үрдіс тұсында жағдай одан әрі асқындады. Ұлттық сөзім әлсіреп, біржолата күйреуге айналды. Шет аймақтарға тарихи тұрғындарының кім екендігін ұмыттыру үшін арнайы жаппай көші-қон ұйымдастыру жолымен көп ұлтты салт күштеп таңылды. Тоталитарлық империя құлаған соң, тәуелсіздік алған халықтар жаңаша дәурендеу кезеңіне аяқ басты. Бейнелеп айтсақ, күл боп құрып кетуге айналған халықтар қайтадан қалпына келе бастады. Бұл тарихи жадымызды тірілтуде аса ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені, жадымызға жақсылықтармен қоса, талай-талай жағымсыз құбылыстар да мықтап қонақтап қалған-ды. Бүгін өткенді ойлап сағынғаннан да, өткенді ойлап кіжінгеннен де еш пәтуа таппайсың. Тек келешекке сеніп, жігерлі еңбектене білсең ғана тарих сыйлаған тың мүмкіндіктерден тыңғылықты іс шығара аласың. Әлемдік саяси күштер ара салмағында демократиялық пиғылдардың басым түсуі арқасында теңдікке жеткен халықтар тек сол процестерді одан әрі тереңдете түсу арқылы ғана өз тәуелсіздігін сақтап қала алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл туралы жуырдағы Астана тойында әдейі тоқтап айтты. Ол үшін әзіңнің өкінішті, өзгелердің жемісті тәжірибесін жан-жақты зерттемей болмайды. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн. Бұл заманғы тарихи сана баяғыда Марк Аврелий айтқан: «бүгін болып жатқан оқиғалар бұрын да болған, болашақта да болады», – деген қисынға негізделмеуі керек. Өз халқы мен күллі адамзат тарихын жетік зерттеген кісінің түпкілікті түйер түйіні бұндай болмасқа керек. Ол бір кезде Актон айтқандай, «тарих бізді тек өткен замандардың ғана жөнсіздіктерінен емес, осы бүгінгі күнгі жүгенсіздіктерден де, жұтқан ауамыздың қысымы мен қоршаған ортамыздың озбырлықтарынан да құтқара алатындай болуға тиісті» деген қорытындыға келсе лазым. Бәлкім, бұл тым әсіре арманшылдық сияқты болып естілер. Бірақ, өткеннің тәжірибесі бұлтартқызбастай қылып дәлелдеп отырғандай, кез келген тарихи әрекет қандай ма болмасын елден ерек халыққа, елден ерек қаһарманға, елден ерек дін мен идеологиялық ілімге біржақты иек артқан жағдайда, адамзаттың да, өркениеттің де көсегесі көгермеген, қайта көктей сола жаздаған. Бүгін көп жұрттың көзі жете бастағандай, адамзат та, мәдениет те әркімнің де өмір сүруге, әркімнің де өз дегеніне жетуі жолында әрекет етуіне құқылы екендігін және өзгелердің де сондай құққа ие екендігін терең ұғынған жағдайда ғана ойлағанын орындап, көздеген мақсатын жүзеге асыра алмақшы. Біз де жаңаша тарихи таңдауымызды жасағанда бұрын-соңды ешкім жүрмеген ерекше жолға ұмытылған емеспіз. Көп жұрт жүріп, көп жұрт үмітін ақтай алған өркениет даңғылына түсіп, өз бағымызды сынап көруге талпындық. Сондықтан да, тәуелсіз мемлекетіміз өз азаматтарын отандық және әлемдік тарихты терең білуге үндеп, сол олда тиісті қолғабысын аямауға бел байлап отыр. Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі комиссия басшылығымен ғылыми-практикалық конференциялар, атақты ғалымдар дәрістері, ғылыми зерттеулер, этнографиялық, археографиялық, археологиялық, ономастикалық экспедициялар ұйымдастырылып, ақпарат құралдары арқылы да талай-талай тартымды шаралар қолға алынуда. Алты томдық «Қазақстан» энциклопедиясы, он томдық «Қазақтар» анықтамалығы, үш томдық «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы сынды іргелі еңбектер баспаға әзірленді. «Отан тарихы» атты жаңа журнал басылатынын әдейі атап өткіміз келеді. Ол қазақстандықтардың өз тарихы мен түп-төркініне терең үңілуіне көп көмек көрсете алатынына кәміл сенімдіміз. Түркістан мен Тараздай ежелгі қалаларымыз, Дулати, Қорқыт, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынов, Амангелді Иманов, Шал Күлекеұлы сынды елеулі тұлғаларымыз, Аңырақай шайқасы, Қазақ хандығының құрылуы сынды тарихи оқиғаларымыз аталып өтпекші. Бұл шаралар тұсында ұлттық тарихымыздағы елеулі белестер жаңаша пайымдалып, жаңаша бағаланбақшы. Қазақстанды тұтастай этномәдени тұрғыдан зерттеу қолға алынды. Оған ғылыми құрылымдар, орталық және жергілікті билік орындары түгел атсалысуда. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің елең еткізердей тың деректері мен жаңа беттері көптеп ашылады деп үміттенеміз. Сөйтіп, халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіру бағытындағы шараларға тікелей кірісіп кеттік дей аламыз. Бұл істе зиялы қауымның қоса алар сүбелі үлесіне тағы да назар аудартқымыз келеді. Өйткені, азаттық пен тендіктің өмірлік маңызын ең алдымен осы орта терең ұғынып, өзгелерге де ұғындыра алғандығы құпия емес. Енді, міне, сол көксеген мақсатқа жеттік. Оны түбегейлі жүзеге асырып шығудың жауапкершілігін мемлекеттік басшылықпен қоса ұлттық зиялы қауым да өз мойнына алуы керек деп ойлаймыз. Қысқасы, қай-қайсымыздың да халық алдындағы борышты қалтқысыз өтейтін көзіміз енді келді. Бастама көтерген дұрыс. Оны жүзеге асырған одан да дұрыс. Халық тарихқа өз үлесін қосып та келді, қоса да бермек. Ал, зиялы қауымның ондай өрелі жұмысы, түптеп келгенде, енді басталмақшы. Әрине, бүгін таңда ғылымның да айдарынан жел есіп отырмағаны белгілі. Оңай көзде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын көзде бел бууға тек ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады. Зиялы қауым – сондай қауым. Ол тәуелсіздік мұратын бойға сіңіруге, қолға түсіруге шешулі үлес қосты. Тәуелсіздік – бүгінгі тірі ұрпақтың халқымыздың тарихи тағдырына қосқан ең басты үлесі. Ешқашан ескермейтін, естен шықпайтын ұлы үлесі. Ертеңге деген нық сеніміміздің алтын арқауы да содан өрбиді. Расында да, осында отырған көпшілігіміз осыдан аз жылдар бұрын көкейіміздегі асыл арманның жүзеге асқанын көзіміз тіріде көре аламыз деп ойлап па едік. Қазақстандықтар зиялы қауым ізденістерінің ел мүддесінен шығатынына еш күмәнданып көрген емес. Өйткені, кез-келген қоғам тек ғылым арқылы ғана уақыт пен кеңістік ауқымындағы өз орнын дәл аңғарып, дәл мөлшерлей алмақшы. Халқымыздың арманда кеткен талай боздағының маңдайына бұйырмаған бұл бақытты ерекше қастерлей білгеніміз жөн. Егер қай-қайсымыздың да әуелден құдайдан ырыс-дәулеттен бұрын абырой тілегеніміз рас болса, алдымен осы қасиетті парыз үлесінен шығуға қам жеуіміз қажет. Бұл – әсіресе ұлтымыздың тарихи зердесін тереңдетіп, жаңа қоғамдық санасын қалыптастыратын гуманитарлық ақыл-ойымыздың айырықша қаузайтын қағидасы. Өйткені, гуманитарлық ғылым – қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік болмыстың ең биік көрінісі. Және бір жағдайды есте тұтқан дұрыс. Бұрын-соңды ұлттың рухани оянуына мемлекет тікелей өзі мұрындық болған емес. Бұрын-соңды мемлекет пен қоғамдық ғылымдардың түбегейлі мүдделері бүйтіп бір жерден шығып көрген емес. Бұл да – біздің халқымыздың басына қонған сирек бақыт. Бұндай жағдайда, халқымыз зиялы қауымымыздан тарих тасқынында бетімізбен лағып кетпей, өз бағыт-бағдарымызды тыңғылықты табуда қандай өрелі табыс дәметуге де қақылы. Түйіндей келе, Ұлттық Ғылым Академиясының бүгін ашылып отырған сессиясы замана талабынан туындап отырған қоғамдық жаңа менталитет пен жаңа ұлттық сана қалыптастыруда жүйелі ізденістерге жол ашатын түпкілікті бетбұрысты бастап беретіндігіне кәміл сенгіміз келеді. Іске сәт! Рахмет! Шілде, 1998 жыл.  

Ұлттық Ғылым Академиясы Сессиясындағы сөз

Қадірлі қауым!

Қымбатты меймандар!

Ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан қызу құттықтап, Сессия жұмысына табыс тілеуге рұқсат етіңіздер. Бүгін бұл жиынға жұртшылық назары түгел ауып отыр. Ол түсінікті де. Қандай реформа болмасын, кешегіні терең талдап, ертеңгіні дұрыс пайымдау арқылы ойдағыдай өрістей алады. Сондықтан да, өткен күзде Елбасы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын ұсынып, 1998 жылды – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялады.

Қолға алынып отырған реформаны өрге бастыру үшін бірінші кезекте тоталитаризм салдарларынан әбден арылып алуымыз керектігіне барған сайын көзіміз жете түсуде. Ал тоталитаризм тек жұртты тарихи санадан жұрдай қып, жаппай мәңгүрттендіру арқылы өз дегеніне жете алмақшы. Әйтпесе, пәлен жылдар бойына даму заңдылығын көпе-көрінеу белден басып, қайдағы бір қысыр қиялдармен халықтың басын қатырмаған болар еді. Күні кешегі өз көзімізбен көргендеріміз тоталитаризмнің тарихи санамен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, ал ешқашан жүзеге асып көрмеген және ешқашан жүзеге аспайтын қисынсыз қиялға сену үшін бүгінгі де, кешегі де шындыққа көзіңді жұма қарап, құлағыңды тарс бекітіп тастауға мәжбүр ететіндігіне күмән қалдырмады. Расында да, жан-жағын темір тормен қоршап тастаған қараңғы қоршауда өмір сүріп келгендігіміз әбден рас екен. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени дамудан атымен алшақ жатыппыз. Жалпы адамзаттық тарих арнасынан айдалаға лағып кетіппіз. Талай халық талай жылдар бойына өз өткенін өзі ұмытып, өзгенің тарихын өзімдікі деп ұғып, уақыт ағымында қайдан шығып, қайда бара жатқанын өзі ұқпайтын өгей ене бауырсақ әсіреңкі күй кешіпті. Бүгінгі көп келеңсіздік те сол көзжұмбайлықтан өрбіпті. Тарихтың талай талма тұсында тап осылай болыпты. Барлығы да дақпыртқа сеніп, даңғазаға елігуден басталыпты. Бірақ, кешегі кеңестік кеңістіктегі құлақкестілік бұрын-соңғы етекбастылықтың қай-қайсысынан да асып түсіпті. Олай болуының себебі де жеткілікті еді.

Біріншіден, коммунистік қазымырлықтың дәуірлеуі теңдесі жоқ технологиялық төңкерістермен тұспа-тұс келді. Ол адам санасын ауыздықтаудың талай қитұрқысын меңгеруге жағдай жасап берді. Осы заманғы қоғамның қолында бар мүмкіндіктер – ақпараттың, үгіт-насихаттың, білім беру мен күш көрсету жүйелерінің барлығы да айтқанынан ешкім шықпайтын ерен билік жағдайында тек бір мақсатқа – жұртшылықтың әлеуметтік мінез-құлқын адым ашқызбай аңдып бағуға жұмылдырылды. Соның нәтижесінде, миллиондаған адамдардың ары мен ойына ашық та, астыртын да қысым жасайтын әзәзіл жүйе жасақталып, ол бұрын-соңды әлем тарихында болып көрмеген әлемет деңгейге дейін шектен шыға асқындады.

Бейнелеп айтсақ, қызыл озбырлық азаматтардың қоғамдық санасын түпкілікті жойып жібермегенімен, өз уысынан шығармай, қылғындырып ұстайтын қыл тұзақты қапысыз ширатып бақты. Тап мұндай күллі планеталық деңгейдегі ақыл-ой апатының мысалын арғы-бергі тарихтан тап басып айтып бере алмаймыз. Жұртшылық санасын мұншама тұралатудың бір-ақ мақсаты: адамдардың миы мен көкірегін қазір жазып, артынан сүртіп тастауға оңай мектеп тақтасындай кез-келген ақпаратты, тәр мен тәртіпті, қисын мен қағиданы оңай тықпалап, оңай өшіріп тастауға қолайлы ой сырдаңдығы мен пікір сырғанақтығына жаппай бой алдырту еді. Бірақ, түптеп келгенде, бұл коммунистік үрдістің өзіне тауан болды. Өзі де сол жұрттың неге болса, соған сеніп, оңай елігетіндігінен ат жалынан ауып түсті.

Екіншіден, идеологиялық жағынан да, технологиялық жағынан да мұздай қаруланған тоталитаризм тек бір кезеңдерді ғана емес, күллі әлем тарихын тұтасымен қайта қарап, тергеп-тексеруге алды. Тарихи дамудың сан алуан жолының бәрі мансұқталып, тек тап күресі ғана бір жақты ұлықталды. Сөйтіп, қоғамдық сана ғылыми пікірге емес, қалай да мойын ұсынбасыңа қоймайтын соқыр сенімге иек артты. Тарих апологияға, саясат теологияға айналды.

Үшіншіден, мемлекет қолындағы билік пен қоғамдық зерде адамзат тарихын таптық күрестің тар қауызына қуып тығуға жұмсады. Оған мойын ұсынғысы келмегендердің мойындары үзілді.

Мұндай ауыз айтып жеткізе алмас ауқымдағы ақыл-ой азғындауы кешегі кеңестік кеңістікті түгел қамтыды. Бірақ, біздің қауымның талайсыздығы бәрінен де асып түсті. Таптық күрес тұрғысынан келгенде, Еуразия көшпенділерінің өткен жолы тарих деп айтуға келмейтін тантық әңгіме боп қалды.

Сондықтан, үшінші мыңжылдыққа аяқ басарда бізге өткен-кеткенімізді қайтадан сараптамасқа жағдай жоқ. Өйткені, тарихи жадымызды қалпына келтіріп, тағдырымызды қайта таразылау тәуелсіздігіміздің де мән-маңызын тереңірек ұғындыра түседі.

Күні кеше халықтар тарихын қолдан бұрмалаудың қаншалықты өрескел деңгейге жеткенін бүгін әрең аңғарып отырмыз. Қазақстанда өткен ғасыр аяғында пайда болған азғантай жұмысшылар тобы пролетариат деп жарияланып, әлеуметтік кемелділіктің бірден бір кепілі деп саналды. Бүгінгі қазақ ұлтын құрайтын тайпалардың мыңжылдықтар бойы бастарынан кешкендері сол кеше пайда болған кенже қауымның мүддесі тұрғысынан зерделегенде тарихқа да, адамзатқа да еш қажеті жоқ бекер әурешілік болып табылды. Тұтас бір ұлттың өткенін бұлай тұрпайыландыру көп мақсатты көздейтін еді.

Қазақтардың тарихи бірлігін тұтастай мансұқтаудың қандай қасіретке ұшыратқаны 20-30-жылдардағы тәркілендіру тұсында анық байқалды. Көшпенділік кешегі Қазақстан байлығын игерудің қай-қай тұсында да аянбай қарғап сіленді. Ол көшпелі халыққа жаны ашығандық емес еді. Өз жер, өз топырағының игілігін игергенде «қолыңнан келмейді» деп, өзіңді аулаққа қуып тастаудың айла-шарғысы еді. Әлеуметтік әулекілік қазақ қауымын қатты күйзелтті. Әсіресе, ауыл күйреді. Басымыз өспеді, барымыз өшті. Жартымыз қырылып, жартымыз бостық. Ұлт тарихын жоққа шығару ұлттың өзін жоққа шығару болып шықты.

Көп уақытқа көшпелілерді өз бетімен дами алмайтын, жасампаздық қасиеттен атымен ада, жөн білмес, жүген тимес, қырып-жойғыш сойқан күш ретінде көрсету бел алып келді. Ол пікір көшпелілер мен отырықшылардың өмірлік-рухани мүдделерінің ешқашан бітіспейтін, ежелгі кереғарлығы бар деген қисынға сүйенді. Соған иек артып, баяғыда патша ағзамның генералдары Орталық Азия кеңістіктеріне қол сұғушылықты өркениетті әлемнің қауіпсіздігіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндірген еді. Ал олардың өңін айналдырып алған мұрагерлері тұтас ұлттарды қаралай жойып жіберу жолындағы әсіре интернационалистік көзбояушылықтарын тағы да сол адамзат пен өркениеттің сәулетті болашағына қам жеушілік деп дәлелдеп бақты.

Сөйтіп, ресми саясатқа коммунизм деп аталатын қайдағы бір қияли қоғамның саяси-әлеуметтік және экономикалық мұраттарына қабыспайтын деректер мен көзқарас атаулы тарихтан түп-түгел, сыпырылып алынып тасталды. Ғылым тізгінін де өз қолында мықтап ұстаған билікші партия күллі әлем тарихын барша адамзаттың баяғыдан бері социалистік және коммунистік қоғам құру жолында жүргізіп келе жатқан саналы күресінің шежіресі деп ұғындыруға күш салды. Ал ондай таптық таяздық пен әлеуметтік бөле-жарушылыққа бой алдырмаған тұлғалардың бәрі ұлтын сатқан халық жауы саналып, аттары ауызға алынбайтын болды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Мұстафа Шоқай, М. Тынышпаев, X. және Ж.Досмұхамбетовтер осы көпті киді. Расында, олар ғасыр басында-ақ қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртудың тарихи маңызын қапысыз ұққан кемел саясатшылар еді.

Мұндай жағдайда, баршамыздың алдында шын тарихымыздың желпіндіретіндей жеңісті сәттерімен қоса, ойсырата ойландыратындай ойранды беттерін де толығымен қамтып, тұтасымен қалпына келтіру міндетінің тұрғандығы қаншалықты маңызға ие екендігін айтпаса да түсінікті. Қайткен күнде де, біз өз халқымыздың тарихтағы өз бағыт-бағдарын табу жолындағы күрделі ізденістерін айқын көзге елестете алуымыз үшін өткенімізді білуге тиістіміз. Біз аспаннан түскен жоқпыз, ауадан жаратылған жоқпыз, арттағы ұрпақтың игілігі үшін атамекенді қаны мен терін аямай төгіп, азап пен арпалыста алыса жүріп, аман алып қала алған ата-бабалардың ұрпағымыз. Олардың бастан кешірген абыройлы сәттері біздің рухымызды асқақтатып, жеңілістері мен жәбірленген сәттері бізді де қателіктер мен адасушылықтардан сақтандырады.

Ұлттық тарихқа ұмсынуымыз тек еткенге құмартушылықтан емес, болашаққа деген мақсаттарымыздың қаншалықты негізділігін пайымдау қажеттілігінен туындап отыр. Уақыт талабына тек өткенді біліп, тарихқа қанығып барып, дұрыс жауап таба аламыз. Цицеронның «тарих – тағдырымыздың тәрбиешісі» дейтіні де сондықтан. Басқаша айтсақ, тарих бүгінімізге берер тағлымы мен ертеңімізге сілтер жөн-жосығымен қымбат.

Сондықтан да, бүгін кешегіні әділеттілік пен әрі шыншылдықпен байыпты зерттеп, жан-жақты пайымдай білуге тиіссіз. Бұл ретте адамзаттың бейнеті көп өткен жолы екі түрлі солақайлықтан абай болуды аңғартады. Біріншісі – өз тарихыңды өзің аңызға айналдырып, өз дәстүріңді өзің әсіре дәріптеуге бой алдырмау. Бағзыдағы бабаларымыз қандай керемет болғандарымен, көп жағдайда өз кінәмізден емес, өзгелер кінәсінен кейіндеп қалған кенделіктерімізді, басқалар емес, өзіміз танып, өзіміз түзетуге тиіспіз. Оның үстіне, өзіңе өзің қаралай сұқтанудың қаншалықты кесепатты екендігіне талай рет көзіміз жеткен. Ең бір биік дамыған, әрі басы қаулап өскен, іргелі қауымдардың өзі кеудемсоқтыққа ұрынғандықтан басқалардың көз қырына ұшырап, біржола құрып кете жаздапты. Жиырмасыншы жылдардағы Европа фашизмінің тағдыры бұған айқын айғақ бола алғандай.

Екінші бір солақайлық – өз бағаңды өзің білмей, қаралай қымсынып, өз тарихыңнан өзің қорынушылық. Ол көбіне-көп үгіт-насихат машинасы миымызға күштеп құйып баққан жаңсақ ұғымдардан туындайды. Ондай машиналар әлдеқашан қирап қалса да, олар қалыптастырған қасаң түсініктерден әлі арылып болған жоқпыз. Мәселен, қоғамдық пікірде, тіпті өз отандастарымыз бен жақын көршілеріміз тарапынан Орталық Азия халықтарын іргелі өркениет дамытуға ыңғайы жоқ, одағай да олақ, әрі жөндеріне жүре алмайтын сотанақ қауымдар санайтын солақай көзқарас әлі күнге ұшырысып қалып отырады.

Әлемдік тәжірибенің айтуынша, ұлттық тарих әрқилы зерттелуі мүмкін. Ол кейде белгілі бір ұлт пен елдің өзге ешкім де қайталай алмас ерен жаратылғандығы турасындағы нәсілшілдік немесе ұлтшылдық астамшылыққа желеу боп та кете алады. Кейде өз халқыңа байланысты әділетті орнына келтіріп, соның нәтижесінде, бүкіл қоғамды ынтымақтастырудың қуатты құралы да бола алады. Мәселе, тарихты зерделеуді қандай мақсатпен қолға алуға байланысты болмақшы.

Не де болса, кешегі кеңестік кеңістік халықтарының ұлттық-мемлекеттік сәйкестілігін жаңаша қалыптастыруда тарихты білудің маңызы зор екені аян. Тоталитаризмнің тарс бекітулі тар қыспағына түскен халықтар өзіндік ерекшеліктерінен жұрдай боп айырылу арқылы өзіндік тарихынан да жұрдай боп айырыла жаздады. «Жаңа тұрпатты кеңес адамын жасауды» көздеген бірдейлену саясаты қолдан мәңгүрттендірудің ең бір қатал, ең бір көлгір түрін үрдіске енгізді. Соны ескерсек, өткенді білу дегеніміз өз тегіңді танып, өзіңе өзің келу болып шығады. Тарихи тамырыңның қайдан өрбіп, ұлттық болмысыңның қайда жатқанын білмейінше, жаңа сәйкестілік туралы сөз ету де мүмкін емес.

Тоталитаризм адамдарды тарихи санадан айыру арқылы халықтарды тек өткенінен ғана емес, ең алдымен болашағынан да айыруды көздеді. Таңдаулы тап жөніндегі тар қисын адамзаттың әлеуметтік те, өркениеттік те тарихын уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да қолдан тарылтып тастады. Бәрі де жекелеген өркениет ошақтарының, әлеуметтік топтардың және идеологиялық қисындардың айырықша маңызын әсіре әспеттеуге арналды, Сананың жұмысшы табына лайық бірдейленуі, еңбектің өнеркәсіпке лайық техникаландырылуы, әлеуметтік қатынастырдың жақ-жақ боп жағаласып, өзара өшпенділікке ұласуы алға басушылықтың асқар шыңы боп саналды. Оған сәйкеспейтін құбылыстарға тарих көңіл бөлмейтін болды. Тұтас мәдениеттер анайылық боп табылып, тұтас халықтар – жабайылар боп саналды. Кейбір мемлекеттер тарихта атымен болмаған, ұшыраспаған делініп, біржолата жоққа шығарылды. Сондайлардың арасынан біз де табылдық.

Ал біздің өткенімізде білуге тиісті, қадірлеуге тиісті жәйіттеріміз аз ба еді? Біздің арғы бабаларымыз өз тұсындағы Еуразия құрлығының тарихына ешқандай үлес қоспай, алыста асық ойнап жатып па еді? Бұның жай-жапсарына әбден қанықпасақ, өткенімізге деген құрметіміздің бекерлігі, болашаққа деген үмітіміздің мекерлігі туралы азғырынды уағыздардың қанжығасына оңай бөктеріліп кете барамыз. Басқаны қойғанда, біздің сахарамыздың географиялық орналасуының өзі-ақ әуелден әлемдік тарихи процестерден атымен тысқары жатқандығымыз жайындағы жала тұжырымды бекерге шығарады. Біздің жерге алғашқы адамдар, археологтардың айтуынша, шелль-ашелль кезеңінде аяқ басқан сыңайлы. Палеогеографиялық ахуал, тас құралдары мен фауналық жәдігерліктер соған меңзейді. Бірақ, біздің далаларымыздың адамзат мекеніне айналуы жер бетін басқан ежелгі тегіс мұзды күрт ерітіп, ірі хайуандарды жаппай терістікке қарай жөңкіле босуға мәжбүр еткен термиялық максимумға байланысты сияқты. Соларды қуалаған алғашқы аңшылар экваторға жанаспалы бойлықтардан теріскей Еуразия бойлықтарына, жолдарындағы көлденең түсіп жатқан асу бермес асқар таулар белдеуінен Қаратеңіз, Каспий маңындағы қолаттар, Памир-Гиссар тар қапылары, Оңтүстік Қытай ойпаты арқылы ғана өте алса керек. Неолит зілзаласынан алып аңдардың тегістей қырылып қалуы садақтың пайда болуын, ұсақ аңдарды аулау олардың біртіндеп қолға үйретілуін тездеткен тәрізді. Сөйтіп, дайын ырзық айырудан ендірмелі ырзық айыруға біржола көшу тездетілді. Ауа райына тікелей тәуелді көшпелі мал шаруашылығы геоэкономикалық, геосаяси, геомәдени тәсілқойлықты жетілдірді. Ол аталмыш бойлық тұрғындарының әлеуметтенуі мен нәсіларалық байланысына тың серпін қосты. Жылқы мен түйені қолға үйрету доңғалақ пен ауыздықты ойлап тапқызып, ендік бойымен де, бойлық бойымен де емін-еркін көшіп-қонуға жағдай туғызып, алғашқы құрлықаралық қатынас жолдарының сұлбасын салғызды. Ұланғайыр кеңістіктегі ашық аспан астындағы үздіксіз қозғалыс үстіндегі көшпелі күнкөріс ауа райы мен табиғат өзгерістерін алдын-ала болжап, биоценөз кірпияздығына оңай бейімделіп, тұрмыс пен шаруашылық икемділігін барынша арттыра түсуге итермеледі. Кен қорыту, тоқымашылық, зергерлік өрістеді. Аспан денелері, өсімдіктер мен хайуанат дүниесі қатаң қадағаланды. Әлеуметтік ұжымдасу мен ағайын-жекжаттық қатынастардың жан-жақты қарастырылып, әбден жіліктелген жүйелемесі жасақталды. Егер біз табиғатты қаралай тонау емес, онымен тіл табыса өсіп-өнуді де өркениет деп ұғар болсақ, әлгі айтылғандардың бәрі көшпелілер әуелден өркениетке ыңғайы жоқ, сондықтан үйреншікті дағдыны бұзып шыға алмайтын, өз бетімен дамуды мандыта алмайтын мешеу қауым деген күйкі түсініктің күлін көкке ұшырып, бұл салада олардың адамзат игілігіне не қосып, не тындырғанын дәлелдеп бере алса керек. Солардың нәтижесінде қалыптасқан тәңіршілдік, заростризм, манихейшілдік дүниетанымдары Таяу Шығыс діндері, мифтері, эпостарында идеологиялық, этико-эстетикалық тұрғыдан әбден сұрыпталды. Жауынгер түздіктер ұстанған бір-біріне қарыздарлық моралы аралдағы жапондардың «бусидо» ғакдиятына негіз болды. Оңай жығылып, оңай тігілетін баспана мен соған лайықталған киім, бұйым үлгілері қарсы жатқан жарты шарға дейін кеңінен тарады. Тарихи өзгерістердің бұрқақ дауылдары бұл далада дүниеге келген нәсілдер мен құбылыстардың бәр-бәрін басқа тарапқа ұшырып әкеткен жоқ. Ең бастысы оларды өрбіткен жұрттардың негізгі табаны өз орындарында қалды. Мәселен, қазіргі қазақ ұлтының құрамынан сонау скиф-сармат, сақ-ғұн, үйсін-қаңлы, оғуз-қыпшақ, түркі-маңғол этникалық түзілімдерінің түпкі жұрнақтары түгел ұшырасады. Ал олардың батыста – Қаратеңіз, Азау, Теріскей Қап, төменгі Еділ, Түскей Орал, Каспий маңы алаптарында, шығыста – Туран, Алтай, Саян, Байқал, Қиыр Шығыс өңірлерінде мыңдаған жылдар бойы үздіксіз өрбіп келген нәсілдік, мәдени, саяси, шаруашылық аралас-құраластығының арқасында түзілгендігі түсінікті жәйт. Осынау шығыстан батысқа созылып жатқан ұланғайыр кеңістікте олар рулық-тайпалық одақтардан бастап көшпелі империяларға дейінгі таза конфедеративтік қарым-қатынасқа негізделген саяси ықпалдасуды бастан кешті. Жоғарыда аталған ұласпалы аймақтар оларды этникалық қалыптасу тезінен өткізсе, екі ортадағы дәнекер боп жатқан Туран жазиралары өрелі геосаяси қарекеттерге ауыздандырды. Әсіресе, сол жазиралардың жүрек тұсын иемденген қазақ даласы Абылдың кәсібін Қабылдың кәсібімен, көшпелілікті отырықшылықпен, малшылықты егіншілікпен ұштастыруға аса қолайлы болды. Оның қос құрлық шектестігіндегі орналасу орыны әрдайым «қапият шабуылдар мен тұтқиыл тойтарыстар» жағдайында аса сергек өмір сүруге мәжбүр етті. Бұл кейбір «білгіштер» айтып жүрген өзін-өзі көбейтуден басқа ешқандай тарихи қам-қарекетке бейім емес дел-сал көшпенді тұрмыс туралы тұжырымның шындыққа атымен қабыспайтындығын көрсетеді. Көшпенділердің бір құрлықтан екінші құрлыққа жаппай аяқ басуын туғызатын аса ірі геосаяси операциялар тұсында ылғи да басқа жер емес, тек Қазақстанның аттаныс шебіне айналып келгендігі де соның дәлеліндей. Ондай кезде ел-жұрт түгел жосып кетпеген. Жартысы ата-қонысты, дәп пен дәстүрді, тұқым-тұяқ тектілігі мен рух тазалығын аманатқа алып, орынында қалған да, жартысы алыс жорыққа аттанған. Барлық ырзық жер бетінен айырылатын агроөндіріс заманындағы жаңа кеңістікке ұмтылушылық көбіне-көп Еуразия көшпенділері жайлаған түкпірлерден өрбіген-ді. Кейін шаруа жүргізудің отырықшы түрлері басым түсе бастағанда кешегі үстем аймақ енді сырттың саяси, идеологиялық, тіпті әскери қысымына өзі жиі ұшырайтын болды. Біздің далаға антика, христианшылдық, буддизм, ислам солай келді. Индустриялық шаруашылық үрдісі оны біржола басыбайлылық аймағына айналдырды. Ол ахуал күні бүгінгі қос кіндікті дүние күйреп, үміт пен күдік итжығыс түсіп, ұлтаралық, еларалық, өркениетаралық қатынастардың қалай жарасымды үйлесетіні әлі беймәлім болып тұрған дүбәра кезеңге дейін созылып келеді.

Бірақ, бұның басын ашып айту кеңестік идеологияның түпкі мүддесімен сәйкеспеді. Ол шет аймақтар тарихын ауызға алмауға тырысты. Сол арқылы, оларды тау-таста тағылық құрып жүрген жерлерінде революцияшыл пролетариаттың ақпейілділігі арқасында ғана адамзат санатына қосылғандар деп ұғындыру әлдеқайда оңай еді. Кеңес адамдарының біреулерді әуелден алда жүретін аға, екінші біреулерді ылғи да қолынан жетектейтін іні тұтатын дәстүрі де осылай қалыптасқан-ды. Бұған шынымен сенгендер мен әлі де сенетіндер өте көп. Сондықтан да, кейінгі жылдардың объективті өзгерістері біреулерді шынымен апшытса, біреулерді шынымен абыржытты. Ендігі тірлік қалай болмақ? Ол әлі көп жұрт үшін беймағлұм нәрсе.

Қазіргі дүниенің осындай екі ұдайылығы мен қосүрей ахуалын пайдаланып, Қазақстанның тәуелсіздік алуын ешқандай негізі жоқ тарихи жаңсақтық деп түсіндіріп, жұрт көңіліндегі күмәнді күшейте түскісі келетіндер де аз емес. Ондайлар іргелес кеңістіктерді былай қойып, өз ортамыздан да табылып жатыр. Оларды сөйлетсеңіз: біздің жеріміз европалықтар аяқ ізін салғанға дейін экономикалық жағынан әлі игерілмеген, саяси жағынан әлі ешкім иемденбеген, қаңырап бос жатқан қу медиен кеңістік болып шығады. Бұл надандықтан емес, әлі де талай нәрседен күдерін үзе қоймаған геосаяси астамдықтан өрбіп отыр. Ондай уағызшылар бір кезде ата-бабалары өзгелердің әлімжеттігінен әлі жетпей айырылып қалған тәуелсіздікті кейінгі ұрпақтардың әділеттілік жолымен қайтарып алуға қақылы екендігін мойындағысы келмейді. Өткен ғасырларда гуманист ойшылдардың барлығы, оның ішінде мемлекет теориясының Гобс, Локк, Монтескье сынды ең үздік білгерлері мойындаған бұл қағида XX ғасырда жұртшылыққа кеңінен танымал халықаралық құжаттармен заңдастырылды. Бірақ, біздің саяси тоңмойындық баяғы мектептегі көзден бастарымызды ауыртқан бір-екі дуалы ауыздан басқаның уәжіне тоқтамайды. Алайда, сол дуалы ауыздардың өздері де жер бетінде мәңгібақи тәуелсіз болып келе жатқан бір де бір ел жоқ екендігін жасыра алмаған-ды. Тіпті, бізбен іргелес жатқан аса ірі мемлекеттердің өздері де талай рет кіріптарлық көрген. Көбін кейін өздері отарлаған көшпелі көршілерінен көрген. Мемлекеттік тарихымыздың ежелгі кезеңдерінің кемшін зерттеліп, кеңінен мәлім болмауы әлгіндей қасақана таратылатын евроүстемшілдік тарихнамасының таптаурын көзқарастарының қолына су құйып жүргені рас. Бірақ, аз да болса, абырой-әжеттен хабары бар тарихшыларды абайлап сөйлеуге мәжбүр ететін, талай рет дүниені дүр сілкіндіріп, батыстың да, шығыстың да ақылдыларының жадынан шықпастай жойқын оқиғаларға мұрындық болған Орта Азия халықтарының соңғы мың жарым жылдық тарихын кеңестік тарих ғылымы ешқашан өз кейпінде баяндап та, бағалап та көрген емес. Қайдағы бір құбыжық құбылыстардың тізбегі ретінде құрыта, құйқылжыта, құбылта суреттеп бақты. Содан ауызданған саяси көк езулік енді, міне, баяғыдағы ата дұшпандарын ғана емес, күні кешегі қарулас, пікірлес, мүдделес, одақтас туысқандарымыз деп жүрген көршілерін де мемлекеттілік пен өркениеттіліктен атымен хабарсыз арда қауым қып ғайбаттап, тіл безеп бағуда. Тіпті кешегіні қанша көксеген күннің өзінде де оны, жиі айтыла беретін «тәуелсіздік парады» емес, өктем уақыт пәрменіне төтеп бере алмаған өз дәрменсіздігі күйреткенін көріп отырып, көрмегенситін көлгірлік жанға батады. Озбырлық, бірақ, обал-сауапты қайтсын. Олар ежелгіні айтпаған күннің өзінде, тіпті бертін көздегі, құрылғанына 1450 жыл енді толғалы отырған, өз тұсында елеулі ықпалға ие болып, батыс, шығыс тарихи жазбаларында кеңінен сөз болған Түрік қағанатының өзін көзге іліп жатпайды. Ол мемлекеттің Византия, Иран, Қытай елдерімен саяси-экономикалық қарым-қатынас жасап, Манчжуриядан Керчь түбегіне дейін, Енисейден Амударияға дейін қоныс иемденгені белгілі. Ол дәуірлерде бірде-бір отырықшы мемлекет, тіпті мемлекеттер тобы мұндай ұланғайыр аумақты иемдене алмаған-ды. Орталық Азия мен Византия арасындағы кеңістікте бірін-бірі алмастырып жатқан көшпелі империялар көптеген халықтардың этногенезіне әсер етіп, сан алуан мәдени кешендердің дүниеге келуіне себепші болды. Ол XX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өз нақышын жоймаған өміршең өркениет екендігін таныта алды. Аса ірі дипломатиялық және сауда-саттық арнасы болған «Жібек жолы» ежелгі еларалық ықпалдастықтың айқын көрінісі еді. Ол халықтар мен мәдениеттерді байланыстырып, ерте дәуірлердегі материалдық және рухани араластықтың аса тұрақты әрі аса құдіретті кепілі бола алды.

Түріктердің өзінше айшықталған сына жазуы да сондай байырғы байланыстардың нәтижесінде қалыптасқан сындарлы құбылыс еді. Ғалымдардың Алтайдан, Шығыс Түркістаннан, Жетісудан, Хакасия мен Тувадан тапқан екі жүзден астам ескі жазу ескерткіштері түріктердің сонау VI ғасырдың өзінде өркениет өресінің қандай биігіне самғап шыққанын дәлелдейді. Қазақстан тәуелсіздік алғандығы арқасында өткен жазда ата-бабаларымыздан қалған осы асыл мұраларды сақтап, зерттеп, насихаттаудың халықаралық бірлескен бағдарламасын жасау туралы бастама көтерілді.

Бұл – ешқандай томаға-тұйықтық атаулыны мойындамайтын дархан мәдениет еді. Дала тірлігі ұланғайыр кеңістікте көшіп жүретіндердің дүние түйсінуі мен дүние түсінуін қалтқысыз бейнелейтін қаһармандық эпостардан анық аңқып тұратын ақ пейілдік рухын қалыптастырды. Қарапайым бақташы халықтың тарихи, адамгершілік, шаруашылық, мәдени тәжірибесінен жинақталып, ауызша шығарылған поэтикалық шежіре-дастандардың мыңдаған жолын жатқа айтып бере алды. Сөйтіп, далалықтар ежелден бергі тарихынан ешқашан мақұрым қалып көрген емес. Олар қарым-қатынас жасаған халықтарды рухани байытты, Еуразия табиғаты жайындағы білімдерін арттырды, экономикалық дамуы жағынан, әлеуметтік ұжымдасуы жағынан, мәдениеті, нәсілдігі, діні, ділі жағынан әр деңгейдегі, бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірінен қашық жатқан мөлтек қауымдастықтарды ұйыстырып, дүниенің кеңдігі мен әр алуандығын әйгілей түсті.

Көбіне-көп ауа райы құбылыстарына орайлас бірде өршіп, бірде өшіп тұратын көшпелі дүние динамизмін былайғы жұрттарға тән әлеуметтік-экономикалық кикілжіңдер логикасына сүйеніп, түсіндіре алмайсыз. Сол сияқты бұны кім көрінген сөзіне бермейтін көктің еркімен болып жататын сиқыр құбылыстарға саюдың да реті жоқ. Үздіксіз көші-қон жағдайындағы шаруашылықта жиі-жиі туындайтын бірігу мен ыдырау қажеттілігі, түптің түбінде, Ұлы Түрік елінің де дәуренін өткізді. Түрік әлемінің ішкі ықпалдасуының саяси, экономикалық, мәдени және бауырласу процестері монғол басқыншылығы кезеңінде көп әлсіреді. Ол аз десеңіз, кей түркі тайпалары ежелгі қоныстарынан ауып кетті. Алайда, аз уақыт ішінде көп аумаққа ірге теуіп үлгерген монғол империясына да зор ықпал ете алды. Шыңғысхан өз империясын Түрік қағанаты туғызған әскери-әкімшілік жүйеге негіздеп құрды.

XV ғасырдың 60-жылдары аяғында Қазақ хандығының құрылуы да Ұлы Түрік елі мен Монғол империясының тағдырына тығыз байланысты болды. Ол – Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Түркістан аймағында ғасырлар бойы өрістеп келген экономикалық, әлеуметтік, этносаяси процестердің заңды нәтижесі еді. ХІҮ-ХҮ ғасырларда көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы егін шаруашылығымен шұғылданатын атыраптар мен қала мәдениеті орталықтарының аралас экономика құрып, өзара ықпалдасуы негізінде экономикалық тұтастық аймағы қалыптасуы қазақ жерлерінің бір саяси құрылымға бірігуінің негізгі алғы шарты болды.

Қазақ хандығы Орталық Азияда үш ғасыр бойы елеулі орын иемденді. Тарихи қалыптасқан ұлттық мемлекет қазақ халқының аузын біріктіріп, этникалық аумағын бекемдеп, рухани және мәдени даумын кемелдендірді. Төрт тараптан түгел бірдей қысым көрген қазақ халқы өзінің этникалық аумағын түпкілікті құтқарып қала алды. Ол аумақ сонау XVI ғасыр жазба деректерінен бастап күні бүгінге дейін Қазақстан деп аталып келеді.

XVII ғасырдан бастап Орталық Азия халықтары, басқа құрлықтардағы халықтар сияқты, үздіксіз экономикалық, саяси-қоғамдық, рухани дағдарыстар тығырығына тап болды. Дүние жүзінде шаруашылық жүргізу дағдысы түбегейлі өзгерді. Еуразия құрлығындағы геосаяси жағдай да соған орай мың құбылды. Теріскейден шикізат көзін іздейтін және өз бұйымдарын жоғары бағамен өткізетін оңтайлы базар ашуды көздейтін Ресей империясы пайда болды. Қазақстан өзге де Орталық Азия мемлекеттерімен бірге сол империяның геосаяси мүдделерінің шеңберіне ілікті. Ал ол мүдделер әрқилы тікелей де жанама тәсілдермен байырғы халықтарды мәдени, тілдік, тарихи-этикалық нәсілдік тұтастықтан айыруға тырысты.

Тоталитарлық үрдіс тұсында жағдай одан әрі асқындады. Ұлттық сөзім әлсіреп, біржолата күйреуге айналды. Шет аймақтарға тарихи тұрғындарының кім екендігін ұмыттыру үшін арнайы жаппай көші-қон ұйымдастыру жолымен көп ұлтты салт күштеп таңылды.

Тоталитарлық империя құлаған соң, тәуелсіздік алған халықтар жаңаша дәурендеу кезеңіне аяқ басты. Бейнелеп айтсақ, күл боп құрып кетуге айналған халықтар қайтадан қалпына келе бастады. Бұл тарихи жадымызды тірілтуде аса ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені, жадымызға жақсылықтармен қоса, талай-талай жағымсыз құбылыстар да мықтап қонақтап қалған-ды. Бүгін өткенді ойлап сағынғаннан да, өткенді ойлап кіжінгеннен де еш пәтуа таппайсың. Тек келешекке сеніп, жігерлі еңбектене білсең ғана тарих сыйлаған тың мүмкіндіктерден тыңғылықты іс шығара аласың. Әлемдік саяси күштер ара салмағында демократиялық пиғылдардың басым түсуі арқасында теңдікке жеткен халықтар тек сол процестерді одан әрі тереңдете түсу арқылы ғана өз тәуелсіздігін сақтап қала алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл туралы жуырдағы Астана тойында әдейі тоқтап айтты. Ол үшін әзіңнің өкінішті, өзгелердің жемісті тәжірибесін жан-жақты зерттемей болмайды. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн. Бұл заманғы тарихи сана баяғыда Марк Аврелий айтқан: «бүгін болып жатқан оқиғалар бұрын да болған, болашақта да болады», – деген қисынға негізделмеуі керек. Өз халқы мен күллі адамзат тарихын жетік зерттеген кісінің түпкілікті түйер түйіні бұндай болмасқа керек. Ол бір кезде Актон айтқандай, «тарих бізді тек өткен замандардың ғана жөнсіздіктерінен емес, осы бүгінгі күнгі жүгенсіздіктерден де, жұтқан ауамыздың қысымы мен қоршаған ортамыздың озбырлықтарынан да құтқара алатындай болуға тиісті» деген қорытындыға келсе лазым. Бәлкім, бұл тым әсіре арманшылдық сияқты болып естілер. Бірақ, өткеннің тәжірибесі бұлтартқызбастай қылып дәлелдеп отырғандай, кез келген тарихи әрекет қандай ма болмасын елден ерек халыққа, елден ерек қаһарманға, елден ерек дін мен идеологиялық ілімге біржақты иек артқан жағдайда, адамзаттың да, өркениеттің де көсегесі көгермеген, қайта көктей сола жаздаған. Бүгін көп жұрттың көзі жете бастағандай, адамзат та, мәдениет те әркімнің де өмір сүруге, әркімнің де өз дегеніне жетуі жолында әрекет етуіне құқылы екендігін және өзгелердің де сондай құққа ие екендігін терең ұғынған жағдайда ғана ойлағанын орындап, көздеген мақсатын жүзеге асыра алмақшы. Біз де жаңаша тарихи таңдауымызды жасағанда бұрын-соңды ешкім жүрмеген ерекше жолға ұмытылған емеспіз. Көп жұрт жүріп, көп жұрт үмітін ақтай алған өркениет даңғылына түсіп, өз бағымызды сынап көруге талпындық.

Сондықтан да, тәуелсіз мемлекетіміз өз азаматтарын отандық және әлемдік тарихты терең білуге үндеп, сол олда тиісті қолғабысын аямауға бел байлап отыр. Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі комиссия басшылығымен ғылыми-практикалық конференциялар, атақты ғалымдар дәрістері, ғылыми зерттеулер, этнографиялық, археографиялық, археологиялық, ономастикалық экспедициялар ұйымдастырылып, ақпарат құралдары арқылы да талай-талай тартымды шаралар қолға алынуда. Алты томдық «Қазақстан» энциклопедиясы, он томдық «Қазақтар» анықтамалығы, үш томдық «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы сынды іргелі еңбектер баспаға әзірленді. «Отан тарихы» атты жаңа журнал басылатынын әдейі атап өткіміз келеді. Ол қазақстандықтардың өз тарихы мен түп-төркініне терең үңілуіне көп көмек көрсете алатынына кәміл сенімдіміз.

Түркістан мен Тараздай ежелгі қалаларымыз, Дулати, Қорқыт, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынов, Амангелді Иманов, Шал Күлекеұлы сынды елеулі тұлғаларымыз, Аңырақай шайқасы, Қазақ хандығының құрылуы сынды тарихи оқиғаларымыз аталып өтпекші. Бұл шаралар тұсында ұлттық тарихымыздағы елеулі белестер жаңаша пайымдалып, жаңаша бағаланбақшы.

Қазақстанды тұтастай этномәдени тұрғыдан зерттеу қолға алынды. Оған ғылыми құрылымдар, орталық және жергілікті билік орындары түгел атсалысуда. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің елең еткізердей тың деректері мен жаңа беттері көптеп ашылады деп үміттенеміз. Сөйтіп, халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіру бағытындағы шараларға тікелей кірісіп кеттік дей аламыз.

Бұл істе зиялы қауымның қоса алар сүбелі үлесіне тағы да назар аудартқымыз келеді. Өйткені, азаттық пен тендіктің өмірлік маңызын ең алдымен осы орта терең ұғынып, өзгелерге де ұғындыра алғандығы құпия емес. Енді, міне, сол көксеген мақсатқа жеттік. Оны түбегейлі жүзеге асырып шығудың жауапкершілігін мемлекеттік басшылықпен қоса ұлттық зиялы қауым да өз мойнына алуы керек деп ойлаймыз. Қысқасы, қай-қайсымыздың да халық алдындағы борышты қалтқысыз өтейтін көзіміз енді келді. Бастама көтерген дұрыс. Оны жүзеге асырған одан да дұрыс. Халық тарихқа өз үлесін қосып та келді, қоса да бермек. Ал, зиялы қауымның ондай өрелі жұмысы, түптеп келгенде, енді басталмақшы.

Әрине, бүгін таңда ғылымның да айдарынан жел есіп отырмағаны белгілі. Оңай көзде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын көзде бел бууға тек ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады. Зиялы қауым – сондай қауым. Ол тәуелсіздік мұратын бойға сіңіруге, қолға түсіруге шешулі үлес қосты. Тәуелсіздік – бүгінгі тірі ұрпақтың халқымыздың тарихи тағдырына қосқан ең басты үлесі. Ешқашан ескермейтін, естен шықпайтын ұлы үлесі. Ертеңге деген нық сеніміміздің алтын арқауы да содан өрбиді. Расында да, осында отырған көпшілігіміз осыдан аз жылдар бұрын көкейіміздегі асыл арманның жүзеге асқанын көзіміз тіріде көре аламыз деп ойлап па едік.

Қазақстандықтар зиялы қауым ізденістерінің ел мүддесінен шығатынына еш күмәнданып көрген емес. Өйткені, кез-келген қоғам тек ғылым арқылы ғана уақыт пен кеңістік ауқымындағы өз орнын дәл аңғарып, дәл мөлшерлей алмақшы. Халқымыздың арманда кеткен талай боздағының маңдайына бұйырмаған бұл бақытты ерекше қастерлей білгеніміз жөн. Егер қай-қайсымыздың да әуелден құдайдан ырыс-дәулеттен бұрын абырой тілегеніміз рас болса, алдымен осы қасиетті парыз үлесінен шығуға қам жеуіміз қажет.

Бұл – әсіресе ұлтымыздың тарихи зердесін тереңдетіп, жаңа қоғамдық санасын қалыптастыратын гуманитарлық ақыл-ойымыздың айырықша қаузайтын қағидасы. Өйткені, гуманитарлық ғылым – қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік болмыстың ең биік көрінісі.

Және бір жағдайды есте тұтқан дұрыс. Бұрын-соңды ұлттың рухани оянуына мемлекет тікелей өзі мұрындық болған емес. Бұрын-соңды мемлекет пен қоғамдық ғылымдардың түбегейлі мүдделері бүйтіп бір жерден шығып көрген емес. Бұл да – біздің халқымыздың басына қонған сирек бақыт.

Бұндай жағдайда, халқымыз зиялы қауымымыздан тарих тасқынында бетімізбен лағып кетпей, өз бағыт-бағдарымызды тыңғылықты табуда қандай өрелі табыс дәметуге де қақылы.

Түйіндей келе, Ұлттық Ғылым Академиясының бүгін ашылып отырған сессиясы замана талабынан туындап отырған қоғамдық жаңа менталитет пен жаңа ұлттық сана қалыптастыруда жүйелі ізденістерге жол ашатын түпкілікті бетбұрысты бастап беретіндігіне кәміл сенгіміз келеді.

Іске сәт!

Рахмет!

Шілде, 1998 жыл.
 

Ұқсас материалдар