Қандастар Ассамблея

Ғабит Мүсірепов

14.11.2014 62379
Біз қазақ прозасындағы екі үлкен құбылысқа, өрісі кең екі дәстүрге қысқаша тоқталып өттік.  

 

ҒАБИТ МҮСРЕПОВ

 

Жазушы бастауы

 

Біз қазақ прозасындағы екі үлкен құбылысқа, өрісі кең екі дәстүрге қысқаша тоқталып өттік. Осы түпкі тамыры бір болғанымен, бір-біріне ұқсамайтын, екеуі халықтың екі түрлі сипатын екі салада жатқан даналығы мен суреткерлігін танытатын әдеби екі құбылысқа пара пар келетін үшінші құбылысты қазіргі қазақ әдебиетінен өз басым атай алмаймын. Әрине, қазіргі әдебиетімізде әр түрлі стильдер бар, дамып, жетіліп келе жатқан жаңа тенденциялар бар. Олардың өмірі әлі алда, олар жайлы сөз де кейінірек болатын шығар.

 

Бірақ жоғарыда аталған екі шебер қазақ прозасында жалғыз емес-ті. Олармен үзеңгі қағысып, соңынан еріп талай қаламгер келеді. Көптеген көлемді шығармалар жазып, әдебиетіміздегі ізгі еңбек еткен, өз стильдерін кең танытқан Ғ. Мүсрепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов сияқты үлкен жазушыларымыз бар. Бұлардың шығармалары да қазақ прозасының кең арнасына сала-сала боп құйып жатыр.

 

Сол прозаның өзіндік айрықша бояуын, ерекше стилін танытқан бір саласы — Ғабит Мүсрепов шығармалары. Осы суреткердің де соңғы ірі шығармаларын шегере тұрып, өзіміз сөз етіп отырған дәуірдегі туындыларына тоқтала кетейік.

 

Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезіндегі Ғабиттің негізгі шығармалары: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Үздіксіз өсу», «Туннель», «Жеңілген есрафиль», «Бір адым кейін, екі адым ілгері» (бұл повесть кейін «Алғашқы адымдар» деген атпен басылған). «Кек үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі» және ана туралы әңгімелер циклі. Бұл аталғандардың дені сол кездегі колхоз өмірінен жазылған.

 

Отызыншы жылдардың бас кезінде елімізде түбірлі өзгерістер болып жатты. Бұрынғы бытыраңқы, ұсақ шаруашылықты коллективтендіру ісі жүргізілді. Шаруалардың сан ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық негізін өзгерту, сонымен бірге атам заманнан ана сүтімен бойына сіңіп келе жатқан жеке шаруашыл ұғымды зерттеу саяси, экономикалық зор маңызды іс еді. Мұндай үлкен іске қарсылық та көп болды. Осы ұлы өзгеріс М. Шолоховтың «Көтерілген тың» атты ірі шығармасын туғызды. Сонымен бірге Ф. И. Панферовтың «Қайрақ» романы, Твардовскийдің «Жер ұйық» («Страна Муравий») поэмасы осы тақырыпқа арналған совет әдебиетінің көрнекті шығармалары. Сол кезде қазақ әдебиетінде жоғарыда аталғандардай ірі шығармалар жазылмаса да, шебер әңгіме, повестер де, әсіресе Б. Майлин еңбектерінде колхоздастыру дәуірінің көптеген картиналары көрінеді, қазақ жазушысының психологиясындағы өзгерістер аңғарылады. Майлин шығармаларымен қатар шағын көлемде жазылса да әдебиеттік құнын жоғалтпаған, сол дәуірге көркемдік ескерткіш боларлық туындылар да баp. Солардың қатарына Ғабит Мүсіреповтың «Қосшалқар», «Талпақ танау», «Алғашқы адымдар» тағы басқа кейбір әңгімелері кіреді.

 

Советтік орыс әдебиетінде колхоздастыру кезеңі жан-жақты, кең де, терең суреттеледі. Орыс жазушылары деревнядағы тап тартысын, кулактардың коллективтендіруге жасалған қарсылығымен бірге, шаруаның психологиясындағы ғасырлар бойы қалыптасқан ұсақ меншікшілдік ұғымының өзгеру процестерін де тереңінен суреттеп, олардың саяси өсу жолын әсерлі, айқын көрсете білді. Біздің қазақ әдебиетіндегі колхоз құрылысының алғашқы кезеңіне арналған шығармаларда ауылдағы тап тартысы, колхоз шаруашылығының өсуі сөз болады да жеке шаруа психологиясының өзгеруі қаға беріс қалады. Колхоз құрылысына арналған Ғабит шығармаларында, көркемдік бейнелеудің биігіне көтеріле алмаса да осы соңғы айтылған жағдай сөз болады.

 

Ғабиттің бұл тақырыпқа жазған шығармаларын екі жүйеге бөлуге болады: бірі — колхоздың алғашқы ұйымдастыру дәуіріне, сондағы тап тартысын, қиыншылықтарды көрсетуге арналған әңгіме, повестер («Қосшалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар»), екіншісі — колхоз құрылысы ұйымдастыру кезеңінен өтіп, нығайып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған кезеңіне арналған («Талпақ танау», «Туннель» т.б.).

 

«Қосшалқарды» әңгіме дегеннен гөрі көркем очерк деп атаған жөн. Мұнда, оқиғаға қатысушы адам болғанмен, оның қимылы, әрекеті, түйінді оқиғаның төңірегіне жинақталмаған. Кейіпкердің психологиясы, ішкі дүниесі де әңгіме дәрежесінде ашылмаған. Жазушы бұл шығармасында Қазақстанда ең алғаш ұйымдаса бастаған колхоз өмірін суреттейді.

 

Жазушы Қосшалқардың табиғатын лирикалық сезімге бөлеп өте әсерлі суреттейді, Әңгіменің бас жағында табиғаттың осы тамаша байлығы Қосым байдың меншігінде болғанын, Күсен сияқты кедей сол байдың тепкісін де азап шеккенін суреттейді. Әңгіменің екінші жартысында шүйгін, құнарлы Қосшалқарға колхоз орнап, кешегі кедейлердің енді табиғаттың азабын емес, рақатын көріп отырғаны көркем баяндалады. Жазушы Қазақстанда алғаш ұйымдасқан колхоз өмірін, тартымды, кеңірек суреттейді. Жаңа ауылдың, жаңа тұрмыстың картиналарын жасайды.

 

Бұл әңгімеде табиғатты суреттеу елеулі орын алады. Табиғат көріністері адамның жан сезімімен, оның көңіл күйімен күйініш, рақатымен астастырыла әсерлі сипатталады.

 

Жазушының коллективтендіру дәуірін кеңірек суреттеген алғашқы ұзақ әңгімесі «Алғашқы адымдар». Бұл шығармасында ол колхоздастыру кезіндегі ауылдағы тап тартысын: бай-кулактардың колхозға қарсы зиянкестік әрекетін, кедей бұқарасының оларға қарсы күресін суреттейді.

 

Бұрын рулы елді билеп-төстеп беделін жүргізіп қалған бай Есілбай колхоз құрылысына қарсы үлкен қастық әрекеттер жасайды. Ол колхоз басқармасының председательдігіне өзінің құйыршығы Рамазанды өткізеді. Сол арқылы жаңадан ұйымдасқан тәжірибесіз колхоздың шаруасын шайқап, мал мүлкін талан-таражға салып, әбден титықтатады. Осы әрекетпен еңбекшілерді колхоздан бездірмек болады. Екінші жағынан ол колхозға қарсы астыртын үгіт те жүргізеді. Есілбай — айлалы, әккі, қиын жау. Ол кезде оның жұрт арасындағы ықпалы әлі жойылып болмаған-ды. Көзі қараңғы, саяси сезімі оянбаған шаруалар оның сөзіне құлақ асатын-ды, Есілбай ауыл адамдарына үгіт жүргізудің әдісін де жақсы біледі; Мүләйімсіп, момақан жұртқа жаны ашыр, қайырымды адам көрініп, қараңғы кедейлердің құлағына сіңіп қалған ұғымды сөздермен сөйлейді.

 

«Мені ағайынына қастық ойлайды деп, құдайдай безген, аруақты аттаған-ақ адам айтар. Ана бірдемені істесе сал, мына бірдемені қайырыса сал. Менікін өзіңдікіндей көр. Аз ғана «Азнабай» желіңе жармасам, ығыңа паналармын. Ағайын, тәтті бол, тату бол. Бірің бас, бірің мойын. Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады. Құлдай қыл, биедей іш. Берген қолым алған дегеннен басқа ағайынға не жазығым бар еді?»[1] Есілбай осылай байлардың атам заманнан кедей ағайынның құлағына құйып келе жатқан екі жүзді сұрқия сөзінен бастап, колхоздан безуге тура үгіт жүргізеді.

 

Есілбай жалғыз емес. Оның қолында Сүгір молда бар. Ол да халықтың нанымын пайдаланып, жұртты дін жолымен қорқытып, колхоздан үркітпек әрекетін жасайды. Есілбайдың бұлардан басқа да сойыл соғарлары бар. Тап жауларының зиянкестік әрекетіне қарсы Қайыр, Кәрім бастаған колхозшылар күреседі. Әңгімеде біркелкі тәуір шыққан Қайыр образы. Автор сараң суреттесе де, оның ұстамды, салмақты бейнесі, байсалды ақыл-парасаты қиындықтан қорықпайтын табандылығы шығарманың ұзына бойына сезіліп отырады. Кәрім оқиғаның дамуына едәуір араласса да оның образы штрихпен белгіленген. Жазушы оның образын тұтас бейнелемей, жеке-жеке негізгі қасиеттерін қысқа сипаттайды.

 

Бұл шығармада колхозшылар бейнесі қызық әдіспен суреттелген. Жазушы Жантық, Ақан, Қиналған сияқты жеке колхозшылардың образын қысқа болса да айқын, әсерлі бейнелейді. Бұл өз алдына бір сала. Ал, осылардан басқа дараланып, аты аталмаған көпшілік кітаптың өн бойынан өзін танытып отырады. Жазушы сол бір ұйымдастыру кезеңіндегі колхоз жиналыстарын өте шебер, көркем суреттейді. Осы жиналыстардағы халықтың шынайы қазақ тіліндегі екпінді, өткір сөзінен аты аталмаған әр кейіпкердің характері танылып қалады, сонымен бірге көпшіліктің саяси өсіп келе жатқандығы да айқын танылады.

 

«Жаңағы жиналыс өте қызу өтті. Колхоз мүшелері сұрау біткенді суырып салып, жүндей түтті. Басқарманың бес мүшесін тулақтай сілікті;

 

— Басқарма мен деп, бөшкедей гуілдеп ала жаздай шабуылдағанша малды қырып, егінді ұрлап жатқанда, соны неге тоқтатпадың? Өзің көрсең бұрылып кетіп, біз айтсақ құлақ салмадың.

 

— Жұмыс істемеген адам жоқ. Бәрің де бірдейсіңдер. Колхоз болғасын айырма болмайды. Барды-жоқты бірдей көресіңдер[2], — дейді.

 

— Ол, ол болсын, тұқымға алып қалған астығым қайда?»

 

Осы сияқты репликалар колхозшыларының колхоз шаруасына, көпшілік байлығына шын жаны ашығанын, өз колхозына өздері шын мәніндегі қожа болуға жарап қалғанын танытса, келесі жиналыста олар саяси мәні бар мәселелерді көтеруге жарап қалады:

 

— Найзаны бойлата, сапыны сағасынан сұғатын жеріміздің бірі — біздің колхоздың «Азнабайлығы», «Жаңа жолдың» көпшілігі жалғыз «Азнабай» руынан. Аласыз «Азнабай» айшықсыз ру бардай-ақ жұбымызды жазбастан, араңызды ажыратпастан жинала қалыппыз.

 

— Басқа рудан жиырма шақты үй келеміз дегенде: «ойдан-қырдан арық-тұрық жинайтын шамамыз жоқ. Даяр тамаққа ие болғылары келеді ғой... Алмаймыз!» — деп Рамазан мен Жанғали бет бақтырмады