Бейімбет Майлин

21.11.2014 73438
БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН

 

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН

 

Майлин өнегесі

 

Қазақ прозасының қайнар басына үңілгенде — бізді қызықтырып отырған жеке фактілер емес. Қолдан келгенше бүгінгі күнге ұлғайып жеткен өміршең дәстүрлердің бастау көзін аршығымыз келеді.

 

Шынын айтсақ қазақ прозасында әзірге ондай қалыптасқан дәстүрлі арналар көп емес. Жоғарыда біз Әуезов дәстүрлеріне аз-кем тоқталып, көңілдегі ойларымыздың ұштығын аңғартып кеттік. Біздің бақытымызға қарай прозамыз жас болса да — Әуезов сияқты тамаша құбылыс жалғыз емес. Біздің прозамызда Әуезовтен бөлек, өзінше жеке-дара тұрған құбылыс бар. Оның аты — Бейімбет Майлин.

 

Бейімбет өмірде де, шығармаларында да лепірме қызыл сөзден тіпті аулақ болған адам. Ол туралы сөз айтқанда да көпіртіп сөйлеу келіспейтін сияқты. Әйтсе де осы жазушының туындыларын оқығанда, ол туралы ойлағанда көбіне-ақ сүйсініп қайран қаламын да тіліме асқақ теңеулер орала береді. Бейімбеттен қалған қазына — ұлан-байтақ тұтас бір өмір десек артық болар ма екен. Жазушы қалдырған дүниенің аумағы (кітабының санын ғана айтпаймын) қандай ірі суреткерге де жеңіл жүк емес. Онда қазақ өмірінің тұтас бір ең қызықты дәуірі жатыр. Ол дәуір Октябрь революциясынан бастап отызыншы жылдарды орталағанға шейінгі ел өмірі. Сол тарихи жаңару дәуіріндегі патриархалдық-рулық философиядағы қазақ шаруасының саяси, рухани өсуі, оның таптық, ұлттық психологиясындағы терең өзгерістер. Жазушы Бейімбетті — зерттеуші ғалымға теңеуге болар еді. Оның лабораториясы — бүкіл халық, зерттегені ел өмірі, адам характері, психологиясы. Майлин жасаған тамаша характерлерді санап шығудың өзі оңай емес. Оның шығармаларында сан алуан естен кетпес бейнелер жүр. Сол кезде заман туғызған біраз характерлер қазір біздің арамызда жоқ, заман өзгере келе адам да өзгереді. Сондықтан да соларды, кәдімгі арамызда жүргендей жанды қалпында сақтап қалған жазушыға көптен көп рақмет айтқың келеді. Жазушы болмаса сонау жылдардағы қазақ шындығы туғызған талай қайталанбас қызық-қызық бейнелеp біздің әдебиетімізге келмес еді.

 

Жалбыр, Таңсық, Мұқыш, Айша, Раушан, Берен, Бәкен, көк сиырлы Дайрабай, Арыстанбайдың Мұқышы, Азамат Азаматыш... Бұл тізімді соза беруге болады. Солардың әрқайсысы типтік дәрежеге көтерілген жанды бейнелер. Бейімбет шығармаларын оқығанда бұлардың бәрін көргендей, бәрімен бірге жүргендей боламыз. Осы сияқты Бейімбет жасаған ондаған образдар болмаса қазақ әдебиетінің портреттер галереясы ойсырап тұрар еді. Бейімбеттің шыншылдығы мен көркемдігі, ұтқыр жинақылығы (лаконизм) осы заманғы ең алдыңғы қатарлы әдебиеттің дәрежесінде тұрған сан алуан әңгімелері мен повестері болмаса жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ өмірін көрсетуде біздің әдебиет дәл бүгінгідей мақтана алмас еді. Майлин өзі өмір сүрген өз заманын жазған адам. Бірақ ол сырттан барлап, суретке түсуші емес, өз дәуірінің тек жансыз айнасы ғана емес.

 

Сол кезде әдебиетіміздің жастығынан көп жазушылар схематизм мен примитивизмге бой ұрып өмірдегі сыртқы құбылыс, өзгерістерді жазса, өзгеріс процестерін көрсетудің орнына өзгерістердің нәтижесін ғана берсе, Майлин өмір диалектикасына терең үңіле білген. Көшпелі халықтың санасы мен психологиясындағы өзгерістерді жіті көзбен, көңіл көзімен көріп, шынайы көркемдікпен аша білген. Сөйтіп шын мәнінде жаңалықтың жаршысы болған адам.

 

Бейімбет шығармаларының тағы бір абзал қасиеті азаматтық сарынының күштілігі. Шебер суретші өмір көрсетіп қана қоймайды. Бүкіл талантымен сол өмір үшін халықтың қамы үшін алысады. Өмірдегі кедергі болған жайларды, әділетсіздікті әшкерелейді. Жазушы өз xалқы үшін, социалистік әділет үшін екі майданда күрес жүргізеді. Бірі тап жаулары — байлар, солардың құйыршықтары болса, екіншісі совет жолын бұрмалаушы жалған белсенділер, топас әкімдер, жеке басының қамы үшін елдің мақсатын сататын мансапқорлар. Бұларға келгенде жазушы ащы мысқылмен ғана шектелмей отты публицистикаға да ауысып кетеді.

 

Майлиннің көркемдік әдісі өз тұрғыластарының көбінен ілгері болды. Сондықтан да ол әр құбылыстың тереңіне үңілді. Социалистік өзгерістерді суреттегенде оны қалың бұқара халықтың тұрмысымен берік тамырластыра көрсетеді. Ондай шығармалар жазушыда көп. «Қара шелек», «Ұлбосын», «Берен» — бұл атауларды да жалғастыра беруге болады. Және олардың бірінің дәрежесі жоғары, бірінің дәрежесі төмендеу деп айтуға да кісі қиналады. «Раушан — коммунист» те осылардың санындағы шығарма; өзгелері сияқты осы шығарма да өмір құбылысын шыншыл да терең көрсетуге үлгі болар еді. Жазушы қараңғы қазақ әйелінің совет заманында санасы оянып, коммунист дәрежесіне дейін көтерілгенін тамаша суреттеген. Раушанның санасына кірген өзгерістер кездейсоқ нәрсе емес, әр беріден соң жеке адамның үгіт насихатының нәтижесі де емес, Октябрьден кейінгі өмірден туған, бүкіл халықтың санасына кіре бастаған өзгерістер. Екінші жағынан бұл коммунистік идеяның халықтың сана-сезімімен, ой арманымен қабысуы. Бұл айтар ауызға ғана жеңіл. Дәл осылай етіп идеяны көркем шығармада беру екінің бірінің қолынан келмейді, Бұл Бейімбет шеберлігі. Осы біз жылтырақты сұлу деп, жылтырата білгенді шебер деп ойлайтын болармыз; сырты жұпыны қарапайым ғана жазатын Бейімбетті шебер деуге аузымыз бармайтын сияқты. Шынында да Майлиннің әңгімелері, повестері әп-әдемі, шебер жасалған туындылар емес, тура өмірдің өзі сияқты. Раушан да өмірдің тура өзі. Оймақтай әшекейі, титімдей де бөгет қоспасы жоқ. Бірақ қараңызшы, қаншалықты сүйкімді жанды бейне. Көп мінезіне күліп, кейде оған жаныңыз ашып, бүкіл болмысына іштей сүйсініп отырмайсыз ба. Ал Раушанның күйеуі Бәкен ше? Оның мінезі мен ісіне ішек-сілең қатып күлесің де қиналасың. Надандығына күйінесің. «Әттең, өзіне түсіндіріп, жөн сілтеп жіберер ме еді»,           — деп кіжініп отырасың. Оқушыны суығына тоңдырып, ыстығына күйдіріп, толқыта білген шығарма, ежелгі бір дәуірдегі өмірді мөлдіретіп, сол қалпында көзіңе әкелген шығарма, шеберліктің шыңы емес деп кім айта алады? Бұл Бейімбет шеберлігі. Әшекей айшықсыз шынайы шеберлік. Мұндай шеберліктің заңын түсіну үшін ересек ой керек.

 

Кенже туған қазақ прозасының қырық-елу жылдық тарихы — реализмді, социалистік реализмді іздеу тарихы десек қателеспеспіз. Социалистік реализм аспаннан түскен жоқ. Ол дүние жүзі әдебиеті ғасырлар асып шыңға көтерген сыншыл реализмнің топырағында туған, соған жаңа социалистік мағына, бағыт беретін, заңды жалғасы. Сондықтан да жалпы реализмді меңгермей жатып, социалистік реализмнің құнды туындыларын жасау мүмкін емес. Ал, жас әдебиетке реализм бір күнде, оп-оңай келмейді. Осы орайда Майлин біздің әдебиеттегі ерекше құбылыс.

 

Абзалы жаңа туып келе жатқан жас проза өкілдері реализмді романтикалық сарындағы Гюго, Лондон, лирико-романтикалық әуені басым Тургенев сияқты жазушыларға үйір болады. Майлин «Шұғадан» кейін өзгеше, жаңа жолға ауысты. Ол сыншыл реализмнің соңғы биігі Чехов арнасына түсті. Әрине, Бейімбет Чеховке тікелей еліктеген жоқ. Чехов сияқты әдебиетке ұлы өзгеріс енгізіп, жаңашыл адамға тікелей еліктеу мүмкін де емес. Майлин де Чехов сияқты әдебиеттің канондарын бұзды. Дәстүрлі тақырыптар мен дәстүрлі геройларға сюжет, композиция заңдарына жаңаша қарады. Әдебиет тегі үлкен мен кіші туралы ұғымға өзгеріс енгізді. Ойымыз түсінікті болу үшін мысалдап сөйлеп көрелік. Біздің әдебиетте тіпті соңғы кезге дейін геройларды ерекше, күнделікті тіршілікпен әлек боп жүрген пенделерден оқшау етіп алуға бейімдік күшті. Сонау революция, ауылды советтендіру тұсындағы әйелден алған кейіпкерлеріміз де өз ортасынан оғаш, дара тұрады. Жасыратыны жоқ осыдан барып жасандылық, схематизм деген пәлелер қоздайды. Ал Бейімбет өмірді шығарманың сюжеттік заңына иіп әкелуге қарсы болды, оқиғаның дамуын өмірдің өз логикасына бағындырды. Сол сияқты геройларын да жылтыратып сырт көзге түсе қоймайтын ауылдағы екінің бірінен іздейді. Жұрт күнде көріп аңғармай жүрген оқиғаның ерекше сырын ашты, көзге қораш қарапайым адамның ірілігін көрсетті. «Қарашелектегі» Aйшаны қараңызшы. Кәдімгі екі ауылдағы от басындағы қазақтың әйелі. Өзі қатарлы әйелдерден артық-кемді де жоқ. Қазан ошағының қамымен, Қожағұлдың тоқал сындырып тастаған қара шелегінің уайымымен әуш боп жүр. Сол Айша жаңа құрылған колхозға бастық болып сайланды. Ал, оқушы Айшаның жаңа тұрмысқа жанын сала араласатынына, көп нәрсеге көзінің ашылатынына сенеді. Осы шағын әңгімедегі Айша қайталанбас жөні дара характер бола тұра, белгілі үлкен дәуірдегі қазақ әйелінің типтік тұлғасы.

 

Майлиннің бізге үлкен өнеге болатын көркемдік қасиеті — қарапайымдылығы. Онда өзі бастаған жас әдебиетке тән әшекейге, бірден бетке ұратын арзан әсерге құмарлық жоқ. Оқиға таңдауда да, сөз өнерінде де ол әсіре қызыл атаулыға жат. Кісіні тайғанақ мұзға тағасыз түскен аттай сырғытып әкететін сөзде дыбыс қуалау, (аллитерация) үстеме теңеу, эпитеттер, арзанқол афоризмдер Бейімбет тілінде кездеспейді. Ол өз ойын ұғындыру үшін, яки кейіпкерінің бейнесін, қимыл әрекетін беру үшін орағытып теңеу іздеп, тап баса алмай жанай сипап жүрмейді, қарапайым ұтқыр сөзбен қолға ұстатқандай образдар жасайды. Майлин шығармасының қарапайымдылығы кейбір жазушыларда болатын қарадүрсін, oй мен суретке шорқақтық емес, сөз парқын білген, көркемдік табиғатын түсінген кексе шеберлік.

 

Жазушының шеберлігі оқып, үйренуден ғана емес, бүкіл талантының табиғатында жатыр ма деген ойға келесің. Абзалы солай болса керек. Бейімбет ғажап юморист. Оның шығармаларынан кісінің рақаттанып күлмей оқитындары аз болады. Шіркін, қолдан келсе юмор деген шығарманың бетіне шығып тұрған нұры емес пе?! Әр жазушы-ақ арагідік оқушыны күлдіріп, кітабына әр беруге талпынады. Ал Бейімбет оқушысын рақат күлкіге батырып қойып, өзі тіпті езу тартпайтын сияқты, осылай: қарасаң ол еш уақытта күлдіргі оқиғаға, мінездерді іздемейді. Осы арада жұртты бір күлдіріп аламын-ау деген ойында да жоқ. Тек заңды түрде дамып, суреттеліп келе жатқан оқиғаның, адам мінездерінің өзінде жарқылдап күлкі ойнап тұрады. Әрине, бұл таланттың табиғаты, қайталанбас асыл қасиет.

 

Бейімбеттің қазақ поэзиясына енгізілген үлкен жаңалығы да терең зерттеуді керек етеді. Тек айта кететін нәрсе Майлин ақын есебінде қазақ поэзиясына жаңа ырғақ интонация, реалистік дәстүр әкеледі. Ол Сәкен Сейфуллинмен бірге қазақ өлеңінің жаңашылдары Махамбет, Абай дәстүрін жалғаушы. Әрине, Бейімбеттің ақындық стилі поэзияға бірден бір үлгі десек, қазақ поэзиясының өрісін тарылтқан болар едік. Бірақ сонымен бірге Бейімбеттің ақындық шығармалары қазақ поэзиясының даму жолындағы бір арнасы. Біраз уақыт көтеріңкі романтизмге, құрғақ пафосқа бой ұрған поэзиямыз қазір өмірге тереңірек бойлауға бет бұрды. Ақындарымыз осы іздену сапарында Бейімбет тәжірибесіне көбірек үңілетін сияқты. Бұ да Бейімбеттің поэзиядағы тенденциясының өмірі ұзақтығын көрсетеді. Расында поэзиядағы Бейімбет пен прозадағы Бейімбет бір-бірінен бөлек суреткер емес. Оның өлеңі мен қара сөзінің табиғаты бір. Жазушы қай жанрда болмасын қазақ әдебиетіне реализм мектебін дендеп енгізді.

 

Бейімбет сияқты жазушы туралы сөз айтқанда оны бүкіл қазақ совет әдебиетінің даму жолынан бөліп алуға болмайды. Өйткені оның өзі сол жолдың үлкен бір арнасы. Осы арада екі жағдайды ескере кеткім келеді. Біріншісі әдебиетті дәуірге бөлу мәселесі. Біздің әдеби ғылымдар әдебиеттің даму жолын әрбір он жылға немесе ел басынан кешкен әрбір кезеңге текшелеп бөледі. Бір орайдан бұ да дұрыс шығар. Оған дауым жоқ. Бірақ меніңше әдебиеттің өзгелер ертеден білсе де біз аңғармай жүрген өзгеше тарихи дәуірлері бар тәрізді. Әдебиетке келген ұлы шығармалар, яки шынайы соны шеберлер сол әдебиет үшін жеке дәуір болып қалмақ. Әдебиетіміздің асқар белі боп М. Әуезовтің «Абай жолы» тұрса, сонымен қатарласа, жанаса Бейімбеттің биік асуы жатыр. Бұл екеуі де әдебиетіміздің кешегі күніне қойылған өшпес белгілері ғана емес, дамып ілгері баратын, алға сүйрейтін жолдар.

 

Екінші бір ескеріп ойға алғым келгені бізде қалыптасқан үстірт ұғымдар бар. Кейде төмен қол өлеңдер мен прозаны оқығанда «бұл баяғы отызыншы жылдардың дәрежесінде екен» дейміз. Сонымен жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы яки одан арғы әдебиет дәрежесінің төмендігіне қол қоятын сияқтымыз. Ал енді мына қайшылықты қараңыз. Сонау Абайды айтпай-ақ қояйын. Ал, отызыншы жылдарда жазылған Ілиястың «Күйші» поэмасын алып қараңызшы. Формасының сом тұтастығы жағынан, от екпінді жырға қиыннан келіп қиысқан психологиялық нәзіктігі, тереңдігі жағынан осыған тең түсетін қазақ өлеңімен жазылған шығармалардың қаншасын атай аласыз? Әрине, әдебиет әрқашан дами бермек. Бірақ әдебиеттің даму жолы тақтайдай жазық, ылғи өрге тартылған тіке сызық емес. Өмір сияқты оның да ылдиы мен өрі бар, бұлтарыс бұралаңы бар, шытырман күрделі жол. Мұнда бүгінгінің бәрі кешегіден міндетті түрде артық бола бермейді. Тереңірек ойлап қарасаң бұл әдебиеттің ілгерілеу тенденциясына қайшы келмейді, қайта тамаша туындылардың өлмес, өміршіл қабілетін айқындай түседі.

 

Майлиннің жасы жетпіске енді келсе де творчестволық өмірлік жолы отызыншы жылдары тұйықталды. Оның шығармаларын әдебиетіміздің алғашқы дәуіріне жатқызамыз. Ал оның жазғандарын оқығанда бүгін әдебиеттен іздегеніңізді табасыз. Майлиннің прозасы мен поэзиясынан қазақ жазушыларының дәл қазіргі ізденіп жүрген жолын, әдебиетте дамып келе жатқан көркемдік, эстетикалық тенденцияны көресіз. Әрине, қазіргі көктеп келе жатқан әдеби құбылыстар Майлинді тікелей қайталамайды, оған жалаң еліктемейді, оны жалғастырады.

 

Осы арада ойланатын тағы бір қызық жағдай бар. Біздің әдебиетте ұзақ уақыт Майлин салған жол жіңішкеріп кетті. Біз Майлинді енді ғана ашып келеміз. Оның себебі неде? Бұл әрине, жазушының қайғылы тағдырына ғана байланысты емес. Ендеше шамамыз келгенше осының себебіне үңіліп көрелік.

 

Көбіміз-ақ осы күнге дейін Бейімбет аты аталса ең алдымен «Шұғаның белгісін» еске аламыз. Рас, «Шұғаның белгісі» поэзия мен лирикаға толы шебер жазылған шығарма. Бірақ оны біз бүгінгі әдебиетке үлгі ете алмаймыз. Ол әдебиеттің балауса жас кезіне тән туынды. Және өз тұстастарынан жеке-дара оқшау тұрған жоқ. Сол дәрежеде Сұлтанмахмұттың прозадағы алғашқы тәжірибесі «Қамар сұлу» және де басқа замандастарының повестері тұр. Шынын айтсақ Әуезовтің драмалық «Еңлік — Кебегі» кең тынысы, өмір шындығының тереңдігі жағынан солардың қай-қайсысынан да ілгері.

 

Ал Бейімбет талантының күштілігі сонда, «Шұғаны белгісі» оның биігі емес, тек алғашқы адымы ғана. Және бір ғажабы «Шұғаның белгісі» мен «Қара шелектегі» Айша, өзге шығармалардағы Күлпаш, Шарипа, Раушан образдарының арасында тұтас бір дәуір жатыр. Әуезов тілімен айтқанда Шұға Шиллер геройларына тән бір-бір ғана импульстың (ынтызарлықтың) құлы болса, соңғы атаған жұпыны әйелдер образдарында Чехов реализмінің кеңдігі, тереңдігі жатыр. Алғашқы қадамында Шұғасымен романтизмге, қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі тақырыпқа сәлем берген Бейімбет, содан кейін оған қайтып оралмай реализмнің кең арнасына түседі. Сөйтіп Бейімбет әдебиет ұзақ жылдар өтіп жетілетін жолға жедел түсті, ерте еp жетті.

 

Шынында да жас әдебиет сентиментализм мен романтизмнен бірден аттап өте алмайды. Сонымен бірге белгілі дәстүрлі тақырыптар, сюжеттік қаңқалар, үйреншікті көркемдік атрибуттар ұзақ уақытқа дейін қалмайды. Керек десеңіз әлі де қалмай келеді. Екінші жағынан, жазушының ғана емес, оқушының да өсу жолы бар. Оның да шығарманы қабылдаудағы эстетикалық критериі бір күнде не бір жылда өзгермейді. Эстетикалық талғамы фольклорда тәрбиеленген оқушы қарапайым өмір құбылысы, өзінің күнде көріп басынан кешіп жүрген істері туралы оқыса оны көркем шығарма санатына жатқызғысы келмейді. Оған аса бір ерекше, екінің бірінің басында болмайтын, оқшау, керемет оқиғалар, айрықша дара геройлар керек. Майлин осындай тұста қазақ әдебиеті әлеміне келді. Бір есептен өз заманынан ертерек туды. Майлин ізінің ұзақ жылдар жіңішкеріп кетуіне, оны шын мәнісінде енді аша бастауымызға себеп болған да осы жағдай болса керек. Иә, мұндай жазушыны қауым өсе, есейіңкірей келе түсінеді.

 

Бейімбет туындылары риясыз таза шындық, бөгде қоспасы жоқ мөлдір шындық, өзі жасаған замандағы қазақ өмірінің айнасы. Ол айна халық болмысының сырт құбылысын, адамдардың сан алуан характерлерінің суретін түсіріп қана қоймаған, сонымен бірге өмірдің терең ағымдарын, адамдардың рухани бейнесін де тамаша түсіндірген. Ұлы өзгеріс, қоғамдағы түбірлі өзгеріс жылдарындағы қазақ қоғамының диалектикасын аша білген. Майлин шығармаларының басым көпшілігі қазақ шаруасының санасына Октябрьмен кірген өзгерістер, жаңалықтар шежіресі.

 

Үлкен жазушы бізге социалистік реализмнің шынайы шындығын, терең шындығын өнеге етіп кетті. Сұлулықты — әшекей жылтырақтан аршып, қарапайым ұлы қалпында көрсетті. Оның шығармалары өмірдің өзі сияқты қызыл-жасыл боямадан, даурықпа дақпырттан аулақ, Оның талант болмысы әсіре қызылға жат. Әдебиеттегі Майлин сияқты құбылыстар айқай-шусыз, асықпай терең зерттеуді, ойлана зерттеуді керек етеді. Майлин дәстүрі әзірге сыздықтап келіп, осы бір кезеңнен былай қарап лапылдап өршігелі тұрған болашағы мол дәстүр ме деп ойлаймыз.

 

1964