Қандастар Ассамблея

ӘЙТЕКЕ БИ

08.12.2012 16175
Қазақ сахарасының қай тарабынан көз салсаң да жанарыңа әуелі сол үшеуі ілігетін. Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді. Дүние жалған десейші! Мөртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезеңде алты алашты аузына қаратқан сол үшеуін де күндердің күнінде біреу білсе, біреу білмейтін болады деген кімнің ойына кіріп шықты дейсің?! Өздері түгілі астарындағы аттарының мінезін, қолдарындағы қамшыларының сыр-сипатын әркім-ақ жазбай танымас па еді?! Ал енді сол үш бәйтеректің өзін бірде шалса, бірде шалмайтын, бірде таныса, бірде танымайтын көз қанша?! Үшеуінің жұбын жазбай танитын жанар, үшеуінің қасиетін айтпай ұғынатын көкірек жылдан-жылға азайып, есін енді жиған ел-жұрт үшін тайға басқан таңбадай мағлұмат беретін көре қалған, ести қалғандардың өзі таусылып бітуге айналған. Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды. Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп, жерленеді. Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуеп етер әулие атанады. Ал үшіншісі... Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз. Белгілісі: Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз-Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдік ұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, – сол Сейітқұлдың дәл өзі, Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназарұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдула – нәмесінде» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған, қазақ хандығының еңсесін қайтадан тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар-мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы. Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек. Оның, Бұқар, Самархан, Гератта бас қолбасшылық, тіпті билеушілік дәрежеге жетуінің де арғы астары осында жатса керек. Не де болса, Жалаңтөстің дәулеті мен беделінің асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алар Шердор, Тілләқараны салдырады. Әз-Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір жоңғар шапқыншылығын тойтармақ боп, қиын шатқалда шайқас салғанда, артынан жиырма мың қол бастап келіп, жеңіске жеткізеді. Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлыс бегі Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм. Туған, өлген жылының белгісіз болуы да соған байланысты секілді. Оны анықтау үшін не зиратын, не сол кезеңнің археографиялық ескерткіштерінен жазбаша дерек табу керек. Өйткені, оның тізелестері Төле мен Қазыбек билердің «Ақтабан» оқиғасынан кейінгі өмірінің негізгі сипатын сол кездегі орыс-қазақ қатынастары құжаттарынан ұшырастыруға болады. Олардың қай жылы туып, қай жылы өлгені де сол деректер бойынша айқындалып отыр. Ал, аталмыш кезеңдегі орыс-қазақ қатынастары жайындағы деректерде Әйтекенің аты ұшыраспайды. Рас, кейінгі жылдарғы кейбір тарихи зерттеулерде, мәселен, В.А. Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII – XVIII в.в» деген еңбегінде (Алматы, «Ғылым», 194-бет) Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтірген Барақты құрамында Ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекейден – Жалған би, Шектілерден – Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан – Кебек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады дейтін дерек кездеседі. Оны дәлелдеу үшін Ш. Уәлихановтың 1985 жылы шыққан бес томдығының төртінші томының 88-бетіндегі деректерге сілтеме жасайды. Ал ол деректі сөзбе сөз аударсақ: «Мәселен, Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан 1758 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіріп, өзін тергеу үшін барлық қазақ билерінің ішінен төртеуін таңдап ап, сот құрады. Олардың қатарына Үлкен Ордадан Төле би, Кіші Ордадан Әйтеке би кіреді», – делінген. Ш. Уәлиханов бұл арада қандай дерекке сүйенгенін айтпайды. Істің келесісіне қарасақ, Кіші жүз ханының өлімін тексеретін дауға Кіші жүздің бас биі Әйтекенің кіруі әбден заңды. Бірақ орыс-қазақ қатынастарының Әбілқайыр өліміне байланысты ақпарларында Әйтеке есімі атымен ұшыраспайды. Оның үстіне, Барақ Әбілқайырды 1758 жылы емес, 1748 жылы күзде өлтірді. Екіншіден, 1758 жылы Барақтың ешқандай билер сотына жүгінуі мүмкін емес. Өйткені, ол 1750 жылы Қарнақ деген жерде бір қожаның үйінде қонақасы үстінде уланып өлген. Ендеше, әңгіме 1748 жылдың күзіндегі оқиғалар турасында болса керек. Ал олар сол кезде Бопай ордасы мен қазақтар арасында болып қайтқан тілмаш Ю. Гуляевті, казак атаманы С. Абдрезяқовтың күнделіктерінде егжей-тегжейлі жазылған. Қыркүйектің 23-і күні бопай ханшаға Әбілқайырдың бұрынғы әйелінен қалған қызына үйленген күйеу баласы Жәнібек сұлтан (кейбір авторлар Шақшақ Жәнібек батырды сұлтан Жәнібекпен шатастырып, ханға күйеу бала қылып қоятыны бар. – Ә. К.) келіп: «Барақ сұлтан туралы хабар келді. Оны Орта жүздің Қаракесек руының Қазыбек би бастаған игі жақсылары Ұлы жүз бен жоңғар қалмақтарына асып кетуіне жол бермей, тоқтатып қойыпты. Соның қырсығынан күллі Орта жүз қазақтарына пәле келеді, – депті. «Күллі Ордамыздың көші-қонын кеңейтіп берген атақты ханды өлтірдің екен, енді өзің бас хан болып Айшуақ сұлтанның орнына балаңды аманатқа жіберіп, ұлы ағзамның пәрменімен бізге берілген кең өрістің қауіпсіз болуын қамтамасыз ет. Олай ете алмайды екенсің, сен үшін, сенің серіктерің үшін Кіші жүзбен жаманатты болар жайымыз жоқ. Әбілқайыр балаларына ұстап береміз, не істегілері келсе, соны істесін», – депті. Оларға Барақ: «Мен Әбілқайырды өлтірсем, суайттығы үшін өлтірдім. Ол суайт еді. Аз суайттық жасаған жоқ. Маған да көрсетпегені жоқ. Күйеу баламның Хиуадан жіберген үш түйе затын жол-жөнекей тонап алды. Бұл сендер секілді қарашаның араласар шаруасы емес. Ол билеуші болса, мен де билеушімін. Бір-бірімізге не істеп, не қоятынымызды өзіміз білеміз. Ол Бөлекей-қоян тұқымы болса, мен Шығай тұқымымын. Оның бізбен таласар не жөні бар? Біздің әулеттің олардан абыройы кем бе? Атағы кем бе?» – деп жауап беріпті. Сөйдепті де, төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Орта жүздің Қаракесегінен Қожанайдың Мәмбет аталығына, бағаналы Найманның Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, «егер солар Әбілхайырды, өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін», – депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю. Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С. Абдрезяқов, қуаттайды. Оның айтуынша, Барақ наймандағы Өтебай Шүрек би, Қабанбай батырға, Қаракесектегі Қазыбек биге үш кісі жіберіп, «Әбілқайырды өлтірдім. Қазақтар оның орнына мені хан қояйын деп жатыр», – деп хабарлаған. Оған жоғарыда аты аталған игі жақсылар қатты наразы болған. «Әбілқайыр баласын аманатқа берсе, өз пайдасымен қоса, ел пайдасын да ойлады: сол арқылы еліміздің жайлайтын жерін кеңейтті; сауда-саттықты жақсартып, халқымыздың мұқтаж нәрселерін тауып берді. Сондықтан да оны атақты әрі бас ханымыз деп білдік. Оны өлтіріп, өз басыңа өзің қауіп тілеп алдың. Барақ, сен ел көңілін тапқан кезде хан болмасаң да, ханнан кем шыққан жоқсың. Бірақ бұл жолы сені хан деп мойындай алмаймыз,» – деп Барақ жаушыларын құр қол қайырыпты. Сұлтан Төле биге де хабаршы жіберген екен. Одан да сондай жауап алыпты. Амалсыз Сарысудың жоңғар жағын көшіп қоныпты. Қасын 500 шаңырақтай ғана ел қалыпты. Осылай жан-жақтан дүңк-дүңк хабар жетіп жатқан кезде Әйтеке жайында ләм-мим сөз жоқ. Қазанның 2-сі күні. Болай бәйбішенің ауылында Нұралы ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. Оған қатысқан игі жақсылардың арасында Әйтекенің аты аталмайды. Араға аз күн түскесін, Нұралыны хан сайлағандар жан-жаққа аттанып кеткесін, қазанның 15-16 күні Батыр сұлтан хан сайланады. Оны сайлағандардың арасында да Әйтекенің аты жоқ. Ал Моисеев кітабында айтылатын Шөмекей Жалған, Шекті Сырлыбай, Бәби Мөңке, Ысық Кебек билерге келетін болсақ, 1748 жылдың 27 қыркүйегінде Бопай үйінде Шақшақ Жәнібек батыр қатысқан Орта, Кіші жүз ру басыларының кеңесіне Барақтың одақтасы Батыр сұлтанды да шақырып келу үшін әлгі төрт би жұмсалады. Олар барса, Батыр сұлтанның үйінде Әйтеке бидің балалары Жалтыр мен Қонысбай, шекті Тілеміс билер бастаған игі жақсылар отыр екен. Олар Бопай үйіндегі мәслихатқа барудан бас тартқан. Жалтыр мен Қонысбайдың Әбілқайырды емес, Батырды жақтайтындығы 1731–33 жылдардағы Тевкелев күнделігінен де белгілі болатын. Бірақ сол 1723 жылдан былайғы қазақ даласындағы аласапыран жағдай туралы Россия әкімшілігіне түсіп жататын әртүрлі ақпарларда Әйтеке аты бірде-бір рет ұшыраспайды. Неге олай? Бәлкім, Әйтекенің орыс-қазақ қатынасына байланысты ұстанған саяси бағытынан болар. Олай дейін десең, Әбілқайырмен бірге 1731 жылдың күзінде ант бермей, 1732 жылдың қысында Тевкелев шатырына оңаша көп, ант беретін Батыр сұлтан, патшаға Кіші жүз елшілігі кеткенін естіп, 1733 жылы Уфаға өз елшілігін аттандыратын Сәмеке хан, 1734 жылы Ұлы жүз елшілігін Петерборға жіберген Қодар, Төле, Сатай, Ханкелді, 1738 жылы Әбілхайырмен бірге Татишевке барып ант беруден тартынып, 1740 жылы Урусовқа барып ант беретін Әбілмәмбет, Абылай, 1735 жылдың 20 желтоқсанында қарауларындағы Керей сұлтан, Дәулен, Тілеуімбет, Шорабай, Шүрек, Тәнеке, Боқай, Қалқаман, Шұбар, Өтебай, Ерназар, Сүйіндік, Қабанбай, Жарасбай, Елқонды, Жекеман, Жарылқап, Өтебай, Балтемір, Тоқаш, Тоғын, Сатыпалды, Қонақбай сынды ру басыларымен бірге, «Әбілқайыр қалай мойынұсынса біз де дәл солай мойынсұнамыз», – деп бодандыққа алуды өтініп хат жазып, қарауындағы қырық мың үйімен 1742 жылы қарашада бодандықты қабылдап, ант беріп, патшаға Сырымбет Бекбасұлын елшілікке жіберетін Барақ сұлтан, 1745 жылдың қазанында қарауындағы он мың үйімен бодандықты қабылдап, Рахманқұл биді елшілікке жіберетін Күшік ұзақ уақыт үнсіз-түнсіз жатып алған Қазыбек пен Бұқар жайындағы деректердің ешқайсысын қағыс қалдырмай, бәрін қағазға тіркеп баққан орыс әкімшілігі дәл солар тұрғылас Әйтекеден мұнша нағып көз жазып қалған? Ол кездегі деректерден қазақ арасындағы саяси ахуалдың біркелкі, бірыңғай емес екенін айыру онша қиын емес. Мәселен, Әбілқайырдың бос тұрған бас тақты иемденіп қалу үшін сонау Тәуекел, Тәуке заманынан бері айтылып келе жатқан әңгімені қозғап, патша ықпалын пайдаланғысы келгені, онысынан ештеңе шықпасын байқап, көрші Иран, Түркия, тіпті жоңғар қонтайшысымен астыртын байланыс жүргізе бастағаны, бас тақты Өсеке әулетіне беріп қоймас үшін, олардың жолын бөгеу мақсатында өздері де ақ патшаға үсті-үстіне елші аттандырып, бодандық сұраған Жәдік әулетінің әрқилы өкілдері Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Батыр, Барақ, Күшік басындағы бірде олай, бірде былай аумалы-төкпелі ахуалдар, қол астында амалсыз отырған жоңғар қонтайшысына бір жақты кіріптар болып қалмас үшін оқтын-оқтын орыс әкімшілігіне де елші аттандырып отырған Жолбарыс хан мен Төле би саясаты, бодандыққа ант бердік екен деп, орыс патшасының ғана иегінің астында кетіп, екінші жақтан қауіп шақырып алмау үшін Цинь билеушілерінің де қас-қабағын аңдыған Абылай дипломатиясы, екі жақтан бірдей кезенген екі күштінің екеуін де емексіткенмен, екеуіне де түбегейлі ыңғай танытпауды көздеген Қазыбек пәтуасы, бір жағынан Қызылтау мен Ертіске қол сала бастаған патшадан, екінші жағынан шапанының шығыс жақ шалғайына шап бергелі отырған шүршіттен бірдей қауіптенген Бұқар уайымы жүйе-жүйесімен тайға басқан таңбадай сайрап тұр, Осындай дәнданай кезеңде заманында бір арыстың ұлысбегі болған, ата-тегі сонау Шығай, Ақназар, Салқам Жәңгір, Тәуке замандарынан бермен қарай қазақ саясатына белсене араласып келе жатқан, үш жүзге сөзі бірдей өтімді Әйтекенің әлгі ағымдардың ешқайсысына қосылмай, тым-тырыс жатып алуы мүмкін бе, сірә? Алты алашты аузына қаратқан әкелері отырғанда, Жалтыр мен Қонысбай білектерін сыбанып, талас-тартыс ортасында жүрер ме еді? Жан-жаққа хабар шаптырып, аузы дуалылардың лебізіне құлақ тосқан Барақ сұлтан мен Әбілқайыр балалары Әйтекеге нағып хабар салмайды? Хабар салса, жауабы қайда? Жоқ, қисынға келмейді. Соған қарағанда, ол кезде Әйтекенің көзі тірі болмаса керек. Тіпті қайда жерленгенінің әлі күнге беймағлұм қалуы да соған меңзейді. Ол кезеңге аман жеткен Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Батыр, Барақ, Күшік, Абылай, Төле, Қазыбек, Бұқар, Ханкелді, Қодар, Сатай, табын Бөкенбай, шақшақ Бөкенбай, қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, сұлтан Жәнібек, тама Есет, Әжібай, Арал, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, арғын Сырымбет, найман Сырымбет – бәрі жайында да жазбаша деректер бар. Тек Әйтеке жайында дерек жоқ. Демек, ол әлгі айтылып отырған кезеңнен көп бұрын ахиреттік болған. Зираты да ол үшін сонау Сейітқұл заманынан атақоныс боп кеткен Қаратау мен Нұрата арасындағы аймақта қалған. Қалың Алшын әлгі жерден әлдеқашан табан аударып кеткендіктен Әйтеке зираты да ұрпақтар жадынан ұмытылған. Ел арасындағы Әйтеке Шу, Сарысу жағында қалды, Келес бойында қалды деген еміс-еміс хабарлар тегін тарап жүрмесе керек. Бәлкім, бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал. Кім біліпті, ол жайындағы деректер Орта Азия халықтары архивтерінен табылар. Қай жылы туып, қашан өлгені де сонда анықталар. Ал әзірге білетініміздің көбі – аңыз тақылеттес мәліметтер. Оның қайсысы ақиқат, қайсысы лақап – ол арасын бір Алланың өзі ажырата жатар. Аңызға айтқызсаңыз, қазақты аузына қаратқан үш бидің жасы үлкені – Төле, ең кішісі Әйтеке. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Төле 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған. Тоқсан үш жас жасаған. Ал 1763 жылы 11 наурыздағы Сібір губернаторы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер коллегиясына жазған рапортында 1762 жылдың 11 желтоқсанында Жайық казагы Размамбет – Дархан мен тілмаш Айдар Сапаров барып жолыққанда, Қаракесек Қазыбек би тоқсан алты жаста екендігін көрсетеді. Сонда ол 1667 жылы туған болып шығады. Демек, Төледен төрт жастай кіші. Ал Әйтеке ше? Расында да кіші ме? Жуырда «Халық кеңесі» (10 қазан, 1991 жыл) көшіріп басқан «Дала уалаяты» газетінің (И 9, 1890 жыл) «Теле би айтқан екен», – деген аңызы: «Кіші жүзде алшын Қаражігіт би атақты кісі болған екен. Сол кісінің қартайып қалған уақытысында бір жұт болып еді. Жаман жұтап, тік мүйізді сиыр, тік құлақты жалқы, төрт малдан дәнеңе қалмапты. Алшын Қаражігіт бидің азамат, ержеткен жалғыз баласы бар екен. Сол баласын Ұлы жүзде Үйсін Төле биге жібереді дейді. – Бар, балам, ақыл сұрап кел, кедейліктен кісіні ерікке қоймай сүйреп алып шығып, құтқаратұғын айла болар ма екен, – деп. Бұған айла не болатұғынын Алшын Қаражігіт бидің өзі де білсе керек. Бірақ, өзімнің үй-ішімнен айтқаным балама ем болмас, не де болса, алыстан барып естіп келсе, көкейіне түсіп, көңіліне қонып, баламның ұғып алуына жақсы болар деп ойлады дейді» деп басталады. – Бұл арадағы Алшын Қаражігіт би деп отырған адамның өзі – Әйтеке. Оны тұстастары Қаражігіт деп те атаған. Көне жазба нұсқаларда Айтық би деп те жазылады. Әлгі аңызға қарағанда Қаражігіт Төле биден кәрі болмаса, жас болмағанға, бұрын дүние салмаса, кейін дүние салмағанға ұқсайды. Ендеше, Әйтеке неге көбіне-көп үш бидің ең кішісі сияқты болып көрінеді? Шамасы, ол Әйтекенің жасына емес, жолына байланысты қалыптасқан көзқарас болар. Бұл алуандас болжамды кейінгі жылдары ғана қолымызға тиіп отырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» атты өлеңінен де табамыз. Онда: «Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен, Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен», – делінген. Ол мұны неге сүйеніп айтып отыр? Оның жауабы да әлгі өлеңнің өзінде түр: «Өнерге құлаш ұрып бала жастан, Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан, Баласы Толыбай сыншы Қожаберген Бой ұрған ерен іске әуел бастан». Демек, ақынның тілге тиек етіп отырғаны – XVIII ғасырда өмір сүрген Қожабергеннің «Елім-ай» дастаны. Әнші, күйші, ақын, елшілікте де жүріп көрген көзқарақты кісі Кожабергеннің айтуынша, Әйтеке елу алты жас жасапты. Ал оның қай жылы туып, қай жылы өлгенін тек дастанның композициялық құрылымына, сөз болып отырған оқиғалардың баяндалу ретіне қарап қана топшылауға болатын сияқты. Дастан: Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Раптан, Көрші елдің жау аламын боп көз алартқанынан», – деп басталады да, Ызғарлы күн шығыстан жел келеді, Шұбырған Алтай жақтан ел келеді, Еділден Үбашы қалмах, тағы шапты, Зор бөгет тас маңдайға кез келеді», – дейтін замандағы қазақтың басына түскен қиын жағдайды жүйелей баяндайды. Сонда Әйтеке екі жақтан жау қамаған қазақтың бас көтерерлерінің басқыншыға қарсы шыға алар қару іздеп, орыс, қытай тараптарына елші жүгіртіп, одан ештеңе шықпай дағдарған тұсында айтылады: «Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң, Қатынас арадағы тоқтаған соң, Сенделді хандар, билер ақыл таппай, Кенеттен қалмақ елді таптаған соң; Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, Келгенде елу алты жасқа ажал жетті; «Бағыну бір көсемге дұрыс қой!» – деп, Боларын осы апаттық болжап кетті; Төреден Әйтеке би безін деді, Келді ғой көсем сайлар көзің деді, Қазақты батыр көсем басқармаса, Быт-шыт қылар жау қалмақ, сөзін деді; Хан сұлтан, төре күні өткен деді, Олардан ақыл-айла кеткен деді; Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып; Басқарар енді уақыт жеткен деді; Ақылды болсын батыр көсем деді; Басқарса, қазақ болар есен деді; Көрші елмен татуласып, тіл табысар Тағы да болсын өзі шешен деді; Осындай көптен көсем ізде деді; Хандарды шеттетуді көзде деді; Қазақты төре бастап көгертер деп, Малтаңды, би мен бектер, езбе деді; Үш жүзден үш ақылшы болсын деді; Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді; Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп, Халықтың болашағын шолсын деді; Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады, Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады; Үш жүздің шонжарлары төре жоқ боп, Ортадан батыр көсем шыға алмады. Өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас, Бақты құс ұшып кетсе, қайтып қонбас; Өсиетін Әйтекенің естеріне ап, Қазыбек, Төле, Ақсауат шайқады бас; Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға Қиналды ақыл таппай, осы жолда; Сайланды Әбілқайыр әскер басы, Өзінше ел билігін алып қолға; Жас биі Кіші жүздің Малайсары, Ол-дағы ақыл-айла таба алмады; Бас қосып, Күлтөбеде кеңес құрып, Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды». Бағзы дастанның суреттеп отырған кезеңін тарихи деректер де тап осылай сипаттайды. Қалдан Бошақтың тұсында жоңғарлар Жетісудың көп жерін иемденді. 1684 жылы оның бас қолбасшысы Сыбан Раптан Сайрамды алып, күл-талқан етті. Егер жорық сол қарқынымен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Бірақ сол кезде қонтайшы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қатты шиеленісуі жоңғарлардың басты назарын басқа жаққа аударып әкетті. Қазақ майданында толас туды. Сол кезде қазақтар қалмақтардың мұншама еңсере қимылдауының сырын дұрыстап ұға бастады. «Торғауыт жоңғар, ойрат – бәрі қалмақ, Орыстар мен қытайды жүрген алдап, Сол екі елден алған соң дәу мылтықты, Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап», – деп Қожаберген айтқандай, жоңғарлар ол кезде қазақтардан екі түрлі себеппен басым түсті. Бірінші, Орал тауларынан Тынық мұхитқа дейінгі байтақ кеңістікке бірдей көз сүзіп отырған Ресей мен Қытайдың арасында іштей бәсекені шебер пайдалана білді; соның арқасында өздері жасай алмайтын мықты қаруларға ерте ие болды. Осыны аңғарған Тәуке жоңғар-қытай соғысына байланысты талас жақты пайдаланып, орыс әкімшілігінің көңілін табуға, сол арқылы оны өзіне саяси одақтас етіп, қару-жарақ бөлісуді көздеді. Тек 1686–1693 жылдардың өзінде Сібірге бес рет елшілік жөнелтті. Ал, 1693 жылы Қалдан Бошақтыға у беріліп, өлтіріліп, жоңғарлар арасындағы таққа талас қызған көзде, елші аттандыруды бұрынғыдан да жиілетті. Бірақ ол әрекеті ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені, Ресей өзінің негізгі бәсекелесі қытайлармен алысып жатқан астыртын одақтасы Жоңғарияны әлсіреткісі келмеді. Екіншіден, тездетіп «Жаркент алтыны» мен «Үнді алтынына» жетіп алу үшін Еділ қалмақтарының башқұрттардың, шет аймақтағы қазақтардың қазақ даласына біртіндеп басып кіруіне жағдай жасағысы келді. Үшіншіден, қазақ билеушілерінің арасында Ресеймен одақтас болуды қаламайтын қарсы күштердің бар екенін жақсы білетін еді. Тәуке ордасындағы «Ресеймен тату болуды» жақтайтындар мен «Ресеймен араздықты» жақтайтындардың арасындағы тайталастың салдарынан 1692 жылы жіберілген А. Неприпасов, В. Кобяков, 1694 жылы жіберілген Ф. Скибин, М. Тришин елшіліктерінің қамауға алынып, елші А. Неприпасов пен тілмаш Оразай Түркістанда қайтыс болып, елшіліктің қалған мүшелері 1695 жылы зорға қашып құтылып, 1697 жылы Тобыл қаласына әзер жеткенін де ұмытпаған еді. Бұл – Ресей әкімшілігі үшін нағыз іздегенге сұраған болатын. Мұндай дүрдараздықтан түбінде Ресей емес, қазақтар зардап шегерін жақсы білетін. Өйткені, Ресей 1552 жылы Қазанға басып кіргенде де, 1873 жылы Хиуаға басып кіргенде де дәл осындай «орыс елшісі мен орыс тұтқындарына» көрсетілген зорлықты тілге тиек еткен-ді. Жалпы, болашақта қол салуды ойлап жүрген көрші елдерінен алдын-ала осылай ілік шығарып қою барша империялардың, соның ішінде патша империясының да кәнігі әдеті еді. Онсыз да жан-жағынан жау анталап, жаны алқымға келіп отырған қазақ хандығымен қырғи-қабақ жағдай ол кезде Ресей үшін стратегиялық жағынан да, тактикалық жағынан да әбден тиімді еді. Сондықтан да ол қазақ хандығының дипломатиялық табысқа жетіп, сыртқы факторларды пайдалана отырып, әлсірей бастаған ахуалын қайта күшейтіп алуына жол бергісі келмеді. Қазақ руларының Еділ, Жайық, Есіл, Тобыл, Ертіс бойындағы «казак бекіністерін жиі мазалайтындарын» тілге тиек етіп, қабақ жылытпауға бел буды. Тәуке ұсыныстарының бәрін аяқсыз қалдырды. Ол аз дегендей, қазақ даласына батыстан, терістіктен, шығыстан тіпті күнгейден жасалар қысымшылықтарға астыртын дем беріп отырды. Қожаберген дастанында да «Ағайын ел Естектің» де, Қоқан, Хиуа, Бұқардың да, «Еділдегі үбашы қалмақтың» да өз-өзінен қоқаңдап жүрмегендегі әдемі айтылған. Қолдарыңда қаруы бар Ресей мен Қытайдың қазақтың өзіне ғана «шөл», жан-жағындағы жұрттардың бәр-бәріне «көл» бола қалуының сырын да ақын дұрыс аңғарған: «Қазақтың сахарасы жүз құлпырған, Қытай мен орыстарды қызықтырған». Арғы-бергіде қазақтардың халықаралық жағдайының мұнша шиеленіскен кезі болған емес. Соны пайдаланып, 1697 жылы қонтайшы болған Сыбан Раптан таққа отыра сала, Тәукемен алысуға бел буды. Бұл қазақ қауымын қатты тітіркентті. «Қайткенде аман қаламыз?» – деген сауал кім-кімді де қинады. Әйтекенің де әлгіндей тебіреніске түсуі сол кездің ахуалына сәйкес келеді. Оны осынша тебіренткен мәселелер 1710 жылы қазақ жүздерін Қарақұмда бас қосуға мәжбүр етті. Онда «Қазақ енді қайтуы керек, мұндай жағдайда қазақ әскерін кім басқаруы керек?» – деген мәселе талқыланды. Қожабергеннің айтуында, Әйтеке өзі айтып жүрген «бір көсемге бағынатын күнді», «көсем сайлайтын күнді» көре алмай кеткенге, ал ол келгесін оның өсиеті орындалмай қалғанға ұқсайды. Соған қарағанда, ол Қарақұм құрылтайынан бір жыл бұрын дүние салғанға сәйкеседі. Ендеше, Әйтеке 1653 жылы туған болып шығады. Ондай жағдайда жас шағынан Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен болып шығады. Бәлкім, Қожаберген «Әйтеке боларын осы апаттың біліп кетті», – деп, 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» айтып отырған шығар. Онда Әйтеке би 1666 жылы туып, 1722 жылы дүние салған болып шығады. Олай болған күнде де, Қазыбектен бір жас қана үлкен, Төле биден үш жас қана кіші болып шығады. Бәрібір, үш бидің ішіндегі ең жасы кішісі болмайды. Бірақ ондай жағдайда, дастанда айтылатын «көсем сайлау» жиырмасыншы жылдардың аяқ кезіндегі Ордабасыда болатын құрылтайға меңзеп тұрғандай болар еді. Оның реті келмейтін тәрізді. Өйткені, бүкіл дастанның сөз ләміне қарағанда, ондай көсем сайлау Әйтеке өлгесін іле-шала өткендей. Сонда атақты бидің өсиеті аяққа басылып, ғаскер басы қарадан емес, төреден сайланғандықтан 1723 жылы жауға тойтарыс бере алмай, ел тоз-тоз болып кеткендей көрінеді. Ендеше әңгіме 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында Әбілқайырдың ғаскер басы болып сайлануы хақында болса керек. Өйткені, Ордабасыдағы жиындағы Малайсары турасында: «Ол-дағы ақыл-айла таба алмады, Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып. Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды», – деп айтуға болмайтын еді. Қазақтардың Мәртөбедегі жиыны Сайрам құлағаннан кейін өткізілмей қалса, 1723 жылғы Ақтабан шұбырындыдан кейін Күлтөбенің басындағы жиын да тараған еді. Күлтөбеде күнде кеңес болып келген түс, дәл сол 1684 жыл мен 1710 жылдың, 1711 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді. Әбілқайырдың ғаскер басы сайлануына іштей наразы Малайсары Күлтөбедегі жиында іс жағдайын түзей аламыз деп дәметсе, тек сол 1710 жылғы жиында тұрып дәмете алады. Осыдан кейін біз Әйтеке сол 1710 жылғы жиынға жетпей дүние салған, Әбілқайыр Кіші жүзге Әйтекенің көзі тірісінде емес, қайтыс болғанын, ұлысбегі болған деп топшылаймыз. Тек сондай жағдайда ғана Малайсары би орына би ұлысбегі болмай, ғаскер басы сардар ұлысбегі болып кеткеніне ренжи алады. Біз бұл әңгімені кімнің жасы кімнен жасы кімнен үлкен, кімнің жолы кімнен үлкен екендігін анықтау үшін айтып отырған жоқпыз. Ондай арзан даудың бетін әрмен қылсын. Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген. Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған. Туыстық жолымен табыса алмайтын адамдарды «өкіл аға», «ноқта аға» қып табыстыру да содан қалған. Олай болса, бір халықтың үш арысының бірін ұлы, бірін орта, бірін кіші санағанмен ешқайсысының басы аласарып, бағасы кемімейді. Атақты үш би адамдар арасындағы осы бір этикалық жарасымды күллі елдік жарасымға айналдыруға тырысқан. Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бір қалу, сондықтан да олар бүкіл ұлтымызды екі туып бір қалған қып көрсету идеологиясын ұстанған. Өйткені, ол үшеуі үшін ел мерейінің биік болғандығынан асқан мұрат болмағанға ұқсайды. Бұл ретте Қожаберген дастаны Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиетін ашып береді. Ол – қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегенінде. Әсіресе, қазаққа өзін-өзі тұтас ел қып басқарар уақыт енді жеткендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Бір қызығы, ешкімге есесін жібермес би батырлықпен қоса «көрші елдермен татуласып тіл табыса алар» мәмлегерлікке де қатты мән береді. Қазақтың көсемі халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе екен деп уайымдайды. Төре әулетінен де сол үшін тіксінеді. Бәр-бәріне тақ тие бермегендіктен, баққұмарлыққа бой алдыруға мәжбүр болған тұқымның «башпайдан қағар» құлығы ел басына күн туғанда ел жоғын жоқтар ұл тууына кедергі келтіріп жүрмес пе екен деп қорқады. Қорықса-қорыққандай, уайымдаса уайымдайтындай жағдай... Бірақ Әйтекенің ұлы замандастары Төле, Қазыбек тізелестерінің өсиетін естеріне ап, тек «бастарын шайқап» қана қоймағанға ұқсайды. Өйткені, Әйтекенің көксеген ел бірлігі – олардың да көкірегіндегі арман еді. Алайда олар ертең келер жаудың дүбіріне Әйтеке бидей шамырыға тұрып, қапия тауып, тап басып, қан қасап қылып кеткен қанқұйлы жауға Қожаберген жыраудай қорлана тұра, заманағайым болғанмен, заманағайып әлі болмағанын, өткенге бола өкініп қана қоймай, ертеңге бола қам жасау керек екендігін мықтап ұққанға ұқсайды. Оның жолы – ел басына күн туып тұрғанда ел арасына іріткі салмау. Бір-бірінің бетіне жоқтан өзгені салық қалып, жан-жаққа шалқайысып, шашырап кетуіне жол бермеу. Ол үшін қазақ ұлыстарының қай тарабына да, қазақ қауымының қай бөлігіне де бірдей сенім артып, бірдей талап қою керек еді. Олай болса, қараға қандай әділ болса, төреге де сондай әділ болары керек еді. 1710 жылғы Қарақұм жиынында қазақ әскерін бастау «Алаш» ұрандыдан Бөкенбайға, «Арқар» ұрандыдан Әбілқайырға жүктелуі де соған меңзейді. Қараны қалай ата тегіне қарамай, қабілетіне қарап әділ бағаласа, төрені де тап солай әділ танып, әділ бағалауға тырысқандары байқалады. Бұрын тақ мініп, тәж кие қоймаған Өсеке әулетінің өкілдерінің біреуіне Кіші жүзде (Әбілқайырға), екіншісіне Ұлы жүзде (Жолбарысқа) әуелі ұлысбегілік, кейін хандық тиюі, бір кезде бабалары сөзге ұшырап, содан біраз уақыт биліктен шет қақпай қалып келген Күшік, Барақ, Әбілмансұрлардың қайтадан ықпалға ие бола бастауы ұлыс пен ру тізгіндерінің де бұрынғы аталы, атақты әулеттерді қуалап кетпей, кейінгі ел басына сын боп түскен сәттерде қапысыз көзге түскен батырларға сеніп тапсырылуы – соның айғағы. Оның үстіне енді-енді басы қосылып, ұйтқысы қойылып келе жатқан қазақ қауымы билік жолындағы талас әлдеқашаннан ата кәсібі болып алған әулеттердің арасындағы ырың-жырыңға ілесіп, ұлысаралық дүрдараздыққа ұрынбауы үшін де біраз қам жасалған. Ол үшін сонау Шыңғыс заманынан бері әдетке айналған бір ортаны тек бір әулеттен шыққан сұлтандар билейтін үрдіс бұзылды. Қазақтың әр жүзі өзара билікке таласқан Жәдік, Өсеке әулеттерінің әрқайсысына жеке-жеке еншіленіп берілмей, әр жүзде де екі сұлтан әулетінің екеуінің де өкілдері жүруі көзделді. Мәселен, Кіші жүздің бір ұлысын бұрын Орта жүзді билеп келген Қайыптың баласы Батыр сұлтан басқарса, Орта жүздің Атығай, Керей ұлыстарын оған дейін Кіші жүз ұлыстарын билеп келген қанішер Абылай, Әбілқайыр балалары Әбілмансұр мен Ералы басқарды. Қазақ ұлыстары тек сұлтандар ықпалында кетпес үшін әр ұлыстың өз ұлысбегі, өз қолбасшысы, өз пірі болды. Оның біреуі «арқар» ұранды төреден, біреуі «алаш» ұранды қарадан, біреуі «алла» ұранды қожадан қойылды. Мұның аржағында сонау гректер мен римдіктер де, мынау парсылар мен үнділер де мұқият ескеріп отырған үш қауымды – әр қоғам, әр мемлекетте болатын үш қауымды – абыздар, нояндар, кәсіпкерлер қауымын бірдей ескеру қағидасы жатыр. Өйткені ежелгі мемлекеттермен күні кешеге дейін өмір сүріп келген көп қауым әркім өз еңбек, өз дәулетімен дербес күн көріп, әркім өз қару, өз көлігімен қосылып, бірге қорғанатын қоғамдасу жүйесінде дәурен сүрді. Ал ондай жүйеде қауымды құрап тұрған құрамдас бөліктердің бәрін бірдей ескеріп, бірдей елеп, бірдей қамтымайынша, ынтымақ пен жарастық орнату ақылға сыймас құбылыс еді. Сондықтан да олардың қоғамы – әскери-демократиялық қауым атанған. Қауымдық демократияның бірлік пен тепе-теңдік заңы кейін республикалық демократияға да негіз болды. Біздің Мәртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей тережақ, қожажақ, не қаражақ болып кетпеген. Үлкен тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан: тарихшы Н. Г. Аполованың 1711 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әбден жаны бар (Н. Г. Аполова. Присоединение Казахстана к России. Алматы. 1948. 169-бет). Ол тұста ел тізгіні батырларға ұнаған сұлтандарға тигенге ұқсайды. Жалпы Төле, Қазыбек, Әйтеке заманынан бастап, далалық ел билеу жүйесінің ежелгі үрдістерді бұзып, бұқаралық ықпалға ден қойғаны сонша, көне түркі заманының Орхон ескерткіштерінде қалған «Қағаныңның айтқанын қыл», Шыңғыс заманының жосығында жазылған «ханың қайда қойса, сонда тұр» дейтін қағидаларының бәрі айтарлықтай әлсіреді. Қазақ ел басыларынан ант алған В. Н. Татищевтің Орта жүзде арғын Жәнібек пен найман Шүрек, Кіші жүзде табын Бөкенбай ханнан да өткен ықпалды, Ташкентке барып қайтқан М. Асановтың «атақты қазақ биі Төле биді Ташкентте ханнан бетер қадірлейді» дейтіні де сондықтан. Асанқайғының Әз-Жәнібек, Шалкиіздің Темір, Жиембеттің Есім, Марқасқаның Тұрсын, Бұхардың Абылай алдында шімірікпей сөйлеуі, Әйтеке би мен Қожаберген жыраудың күллі төре әулетіне шүйлігуі халқымыздың ежелден рухани басыбайлыққа мойынұсынбайтын рухани өрлігін танытады. Бірақ жақсының да, жаманның да мөлшері бар. Отаршыл саясат біздің өзгеге сенгіш, өзімізге сезіктенгіш мінезімізді де өз пайдасына жарата білді. Сонау XVIII ғасырдың өзінде әуелі сұлтан мен сұлтанды, артынан сұлтан мен биді, сұлтан мен батырды атыстырып, шабыстыруға кірісті. Ол, әрине, ел пайдасына да, халық пайдасына да шыққан жоқ. Әбілқайыр қанын арқалап келіп отырғаны үшін Төле, Қазыбек, Қабанбай, Шүрек, Өтепбайлар қолынан қағып, маңға жуытпай жіберген Барақты алыстағы Неплюевтің артынан адам жіберіп, ішке тартып алдарқататыны да сондықтан. Қалай болған күнде де Ұлы Петрдің «Орта Азия елдеріне қақпаны» ашып, сауда-саттықты нығайтуды көздеген жоспарын жүзеге асыруға тырысқан Неплюевке көптеген машақат туғызып, қол байлау боп келген Әбілқайырдың да, оның түбіне жетіп тынған бақталасы «Барақ сұлтанның да көзі құрыды» деп патша шенеунігі Витевский жазғандай, бұл тұсында Ресейдің қай ұлығын да қатын қуантқанымен, қазақтың қай ұлысын да қатты мұңайтқан оқиға болып еді. Сол кездегі маңдайларына біткен сұлтандардың ең азулы екеуін алыстырып қойғаннан замандастарына да шыққан мүйізі шамалы еді. Әрине, осының өзі-ақ қазақтың ел ұстарларының қай уақытта да бір-бірімен майлы қасықтай болмағанын аңғартады. Бірақ одан шығарып, Ақтабан шұбырынды алапатына тек төрелердің алауыздығынан ұрындық деп түсіндіруге болмайды. Ол кезде қазақ даласында жоңғар басқыншылығына қарсы тұрар отаншыл күштер де, бұқарашыл саяси ықпал да жеткілікті болғанмен оның орайын келтірер әскери-саяси мүмкіндіктер жеткілікті болмады. Әсіресе ол тұстағы Евразиядағы халықаралық жағдай қазақтардың сөзін сөйлемеді. Сондықтан да жан-жақтан бірдей жабылған көп жауға бірдей төтеп бере алмайтын болғандықтан қазақтарға тәсіл өзгертуге тура келді. Бірақ ол үшін сол кездегі хан, сұлтандар мен би, батырлардың батыстың ыңғайын аңдығандарын да, шығыстың ыңғайын аңдығандарын да, тіпті екеуінің де көңілін бірдей тапқылары келгендерін де басқа деп жазғырсақ та, «сатқын» деп жазғыра алмаймыз. Ол үшін бүгінгі біз түгілі, сол қиқулардың ортасында жүргендердің өздері де бет жыртысса да сүйек сындырыспаған. Сондықтан ұлттық тарихымыздың ірі тұлғаларына баға бергенде, оларды сол кездегі арақатынастың да, бүгінгі арақатынастың да әлгіндей «кірбіңдерінің» салқынын тигізбей, сол кездегі нақты тарихи мүмкіндіктер мен әлемдік әлеуметтік даму тенденциясы заңдылықтары тұрғысынан көп баға бергеніміз лазым. Баяғы қасіреттерімізді сөз еткенде, бүгінгі ынтымағымызды, кешегі өкпелерімізді айтқанда ертеңге деген үміттерімізді ұмытып кетпегеніміз жөн, ертең ел боламыз ба деп отырғандардың бәрі де бұл қонысқа аспаннан, айдан түспегені, сол бағзыдағы бабалардың ұрпақтары екені естен шығып кетпесін. Шын бағбан алма ағаштың түбін қуратып қойып, басын шалып, мәуеге қарық болмайды. Дихан жұрттардың, «бәйтеректің басына саңғыған құс бақ та, діңгегіне сарыған ит сор» дейтіні де сондықтан. Тарих – жүрегіңнің тілі де, сүйегіңнің діңі. Қазақ үшін сүйек сындырудан асқан сөлекеттік болмайды, бет жыртысудан асқан берекесіздік болмайды. Жауға істеріңді ағайынға істеу, сыртқа көрсете алмай жүрген айбатыңды ішке көрсет

Қазақ сахарасының қай тарабынан көз салсаң да жанарыңа әуелі сол үшеуі ілігетін.

Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді.

Дүние жалған десейші!

Мөртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезеңде алты алашты аузына қаратқан сол үшеуін де күндердің күнінде біреу білсе, біреу білмейтін болады деген кімнің ойына кіріп шықты дейсің?! Өздері түгілі астарындағы аттарының мінезін, қолдарындағы қамшыларының сыр-сипатын әркім-ақ жазбай танымас па еді?! Ал енді сол үш бәйтеректің өзін бірде шалса, бірде шалмайтын, бірде таныса, бірде танымайтын көз қанша?! Үшеуінің жұбын жазбай танитын жанар, үшеуінің қасиетін айтпай ұғынатын көкірек жылдан-жылға азайып, есін енді жиған ел-жұрт үшін тайға басқан таңбадай мағлұмат беретін көре қалған, ести қалғандардың өзі таусылып бітуге айналған.

Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды.

Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп, жерленеді.

Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуеп етер әулие атанады.

Ал үшіншісі... Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз.

Белгілісі: Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы.

Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз-Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдік ұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, – сол Сейітқұлдың дәл өзі, Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназарұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдула – нәмесінде» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған, қазақ хандығының еңсесін қайтадан тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар-мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы. Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек. Оның, Бұқар, Самархан, Гератта бас қолбасшылық, тіпті билеушілік дәрежеге жетуінің де арғы астары осында жатса керек. Не де болса, Жалаңтөстің дәулеті мен беделінің асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алар Шердор, Тілләқараны салдырады. Әз-Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір жоңғар шапқыншылығын тойтармақ боп, қиын шатқалда шайқас салғанда, артынан жиырма мың қол бастап келіп, жеңіске жеткізеді. Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлыс бегі Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм. Туған, өлген жылының белгісіз болуы да соған байланысты секілді. Оны анықтау үшін не зиратын, не сол кезеңнің археографиялық ескерткіштерінен жазбаша дерек табу керек. Өйткені, оның тізелестері Төле мен Қазыбек билердің «Ақтабан» оқиғасынан кейінгі өмірінің негізгі сипатын сол кездегі орыс-қазақ қатынастары құжаттарынан ұшырастыруға болады. Олардың қай жылы туып, қай жылы өлгені де сол деректер бойынша айқындалып отыр. Ал, аталмыш кезеңдегі орыс-қазақ қатынастары жайындағы деректерде Әйтекенің аты ұшыраспайды. Рас, кейінгі жылдарғы кейбір тарихи зерттеулерде, мәселен, В.А. Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII – XVIII в.в» деген еңбегінде (Алматы, «Ғылым», 194-бет) Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтірген Барақты құрамында Ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекейден – Жалған би, Шектілерден – Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан – Кебек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады дейтін дерек кездеседі. Оны дәлелдеу үшін Ш. Уәлихановтың 1985 жылы шыққан бес томдығының төртінші томының 88-бетіндегі деректерге сілтеме жасайды. Ал ол деректі сөзбе сөз аударсақ: «Мәселен, Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан 1758 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіріп, өзін тергеу үшін барлық қазақ билерінің ішінен төртеуін таңдап ап, сот құрады. Олардың қатарына Үлкен Ордадан Төле би, Кіші Ордадан Әйтеке би кіреді», – делінген. Ш. Уәлиханов бұл арада қандай дерекке сүйенгенін айтпайды. Істің келесісіне қарасақ, Кіші жүз ханының өлімін тексеретін дауға Кіші жүздің бас биі Әйтекенің кіруі әбден заңды. Бірақ орыс-қазақ қатынастарының Әбілқайыр өліміне байланысты ақпарларында Әйтеке есімі атымен ұшыраспайды. Оның үстіне, Барақ Әбілқайырды 1758 жылы емес, 1748 жылы күзде өлтірді. Екіншіден, 1758 жылы Барақтың ешқандай билер сотына жүгінуі мүмкін емес. Өйткені, ол 1750 жылы Қарнақ деген жерде бір қожаның үйінде қонақасы үстінде уланып өлген. Ендеше, әңгіме 1748 жылдың күзіндегі оқиғалар турасында болса керек. Ал олар сол кезде Бопай ордасы мен қазақтар арасында болып қайтқан тілмаш Ю. Гуляевті, казак атаманы С. Абдрезяқовтың күнделіктерінде егжей-тегжейлі жазылған. Қыркүйектің 23-і күні бопай ханшаға Әбілқайырдың бұрынғы әйелінен қалған қызына үйленген күйеу баласы Жәнібек сұлтан (кейбір авторлар Шақшақ Жәнібек батырды сұлтан Жәнібекпен шатастырып, ханға күйеу бала қылып қоятыны бар. – Ә. К.) келіп: «Барақ сұлтан туралы хабар келді. Оны Орта жүздің Қаракесек руының Қазыбек би бастаған игі жақсылары Ұлы жүз бен жоңғар қалмақтарына асып кетуіне жол бермей, тоқтатып қойыпты. Соның қырсығынан күллі Орта жүз қазақтарына пәле келеді, – депті. «Күллі Ордамыздың көші-қонын кеңейтіп берген атақты ханды өлтірдің екен, енді өзің бас хан болып Айшуақ сұлтанның орнына балаңды аманатқа жіберіп, ұлы ағзамның пәрменімен бізге берілген кең өрістің қауіпсіз болуын қамтамасыз ет. Олай ете алмайды екенсің, сен үшін, сенің серіктерің үшін Кіші жүзбен жаманатты болар жайымыз жоқ. Әбілқайыр балаларына ұстап береміз, не істегілері келсе, соны істесін», – депті. Оларға Барақ: «Мен Әбілқайырды өлтірсем, суайттығы үшін өлтірдім. Ол суайт еді. Аз суайттық жасаған жоқ. Маған да көрсетпегені жоқ. Күйеу баламның Хиуадан жіберген үш түйе затын жол-жөнекей тонап алды. Бұл сендер секілді қарашаның араласар шаруасы емес. Ол билеуші болса, мен де билеушімін. Бір-бірімізге не істеп, не қоятынымызды өзіміз білеміз. Ол Бөлекей-қоян тұқымы болса, мен Шығай тұқымымын. Оның бізбен таласар не жөні бар? Біздің әулеттің олардан абыройы кем бе? Атағы кем бе?» – деп жауап беріпті. Сөйдепті де, төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Орта жүздің Қаракесегінен Қожанайдың Мәмбет аталығына, бағаналы Найманның Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, «егер солар Әбілхайырды, өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін», – депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю. Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С. Абдрезяқов, қуаттайды. Оның айтуынша, Барақ наймандағы Өтебай Шүрек би, Қабанбай батырға, Қаракесектегі Қазыбек биге үш кісі жіберіп, «Әбілқайырды өлтірдім. Қазақтар оның орнына мені хан қояйын деп жатыр», – деп хабарлаған. Оған жоғарыда аты аталған игі жақсылар қатты наразы болған. «Әбілқайыр баласын аманатқа берсе, өз пайдасымен қоса, ел пайдасын да ойлады: сол арқылы еліміздің жайлайтын жерін кеңейтті; сауда-саттықты жақсартып, халқымыздың мұқтаж нәрселерін тауып берді. Сондықтан да оны атақты әрі бас ханымыз деп білдік. Оны өлтіріп, өз басыңа өзің қауіп тілеп алдың. Барақ, сен ел көңілін тапқан кезде хан болмасаң да, ханнан кем шыққан жоқсың. Бірақ бұл жолы сені хан деп мойындай алмаймыз,» – деп Барақ жаушыларын құр қол қайырыпты. Сұлтан Төле биге де хабаршы жіберген екен. Одан да сондай жауап алыпты. Амалсыз Сарысудың жоңғар жағын көшіп қоныпты. Қасын 500 шаңырақтай ғана ел қалыпты.

Осылай жан-жақтан дүңк-дүңк хабар жетіп жатқан кезде Әйтеке жайында ләм-мим сөз жоқ. Қазанның 2-сі күні. Болай бәйбішенің ауылында Нұралы ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. Оған қатысқан игі жақсылардың арасында Әйтекенің аты аталмайды. Араға аз күн түскесін, Нұралыны хан сайлағандар жан-жаққа аттанып кеткесін, қазанның 15-16 күні Батыр сұлтан хан сайланады. Оны сайлағандардың арасында да Әйтекенің аты жоқ. Ал Моисеев кітабында айтылатын Шөмекей Жалған, Шекті Сырлыбай, Бәби Мөңке, Ысық Кебек билерге келетін болсақ, 1748 жылдың 27 қыркүйегінде Бопай үйінде Шақшақ Жәнібек батыр қатысқан Орта, Кіші жүз ру басыларының кеңесіне Барақтың одақтасы Батыр сұлтанды да шақырып келу үшін әлгі төрт би жұмсалады. Олар барса, Батыр сұлтанның үйінде Әйтеке бидің балалары Жалтыр мен Қонысбай, шекті Тілеміс билер бастаған игі жақсылар отыр екен. Олар Бопай үйіндегі мәслихатқа барудан бас тартқан. Жалтыр мен Қонысбайдың Әбілқайырды емес, Батырды жақтайтындығы 1731–33 жылдардағы Тевкелев күнделігінен де белгілі болатын. Бірақ сол 1723 жылдан былайғы қазақ даласындағы аласапыран жағдай туралы Россия әкімшілігіне түсіп жататын әртүрлі ақпарларда Әйтеке аты бірде-бір рет ұшыраспайды. Неге олай? Бәлкім, Әйтекенің орыс-қазақ қатынасына байланысты ұстанған саяси бағытынан болар. Олай дейін десең, Әбілқайырмен бірге 1731 жылдың күзінде ант бермей, 1732 жылдың қысында Тевкелев шатырына оңаша көп, ант беретін Батыр сұлтан, патшаға Кіші жүз елшілігі кеткенін естіп, 1733 жылы Уфаға өз елшілігін аттандыратын Сәмеке хан, 1734 жылы Ұлы жүз елшілігін Петерборға жіберген Қодар, Төле, Сатай, Ханкелді, 1738 жылы Әбілхайырмен бірге Татишевке барып ант беруден тартынып, 1740 жылы Урусовқа барып ант беретін Әбілмәмбет, Абылай, 1735 жылдың 20 желтоқсанында қарауларындағы Керей сұлтан, Дәулен, Тілеуімбет, Шорабай, Шүрек, Тәнеке, Боқай, Қалқаман, Шұбар, Өтебай, Ерназар, Сүйіндік, Қабанбай, Жарасбай, Елқонды, Жекеман, Жарылқап, Өтебай, Балтемір, Тоқаш, Тоғын, Сатыпалды, Қонақбай сынды ру басыларымен бірге, «Әбілқайыр қалай мойынұсынса біз де дәл солай мойынсұнамыз», – деп бодандыққа алуды өтініп хат жазып, қарауындағы қырық мың үйімен 1742 жылы қарашада бодандықты қабылдап, ант беріп, патшаға Сырымбет Бекбасұлын елшілікке жіберетін Барақ сұлтан, 1745 жылдың қазанында қарауындағы он мың үйімен бодандықты қабылдап, Рахманқұл биді елшілікке жіберетін Күшік ұзақ уақыт үнсіз-түнсіз жатып алған Қазыбек пен Бұқар жайындағы деректердің ешқайсысын қағыс қалдырмай, бәрін қағазға тіркеп баққан орыс әкімшілігі дәл солар тұрғылас Әйтекеден мұнша нағып көз жазып қалған?

Ол кездегі деректерден қазақ арасындағы саяси ахуалдың біркелкі, бірыңғай емес екенін айыру онша қиын емес. Мәселен, Әбілқайырдың бос тұрған бас тақты иемденіп қалу үшін сонау Тәуекел, Тәуке заманынан бері айтылып келе жатқан әңгімені қозғап, патша ықпалын пайдаланғысы келгені, онысынан ештеңе шықпасын байқап, көрші Иран, Түркия, тіпті жоңғар қонтайшысымен астыртын байланыс жүргізе бастағаны, бас тақты Өсеке әулетіне беріп қоймас үшін, олардың жолын бөгеу мақсатында өздері де ақ патшаға үсті-үстіне елші аттандырып, бодандық сұраған Жәдік әулетінің әрқилы өкілдері Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Батыр, Барақ, Күшік басындағы бірде олай, бірде былай аумалы-төкпелі ахуалдар, қол астында амалсыз отырған жоңғар қонтайшысына бір жақты кіріптар болып қалмас үшін оқтын-оқтын орыс әкімшілігіне де елші аттандырып отырған Жолбарыс хан мен Төле би саясаты, бодандыққа ант бердік екен деп, орыс патшасының ғана иегінің астында кетіп, екінші жақтан қауіп шақырып алмау үшін Цинь билеушілерінің де қас-қабағын аңдыған Абылай дипломатиясы, екі жақтан бірдей кезенген екі күштінің екеуін де емексіткенмен, екеуіне де түбегейлі ыңғай танытпауды көздеген Қазыбек пәтуасы, бір жағынан Қызылтау мен Ертіске қол сала бастаған патшадан, екінші жағынан шапанының шығыс жақ шалғайына шап бергелі отырған шүршіттен бірдей қауіптенген Бұқар уайымы жүйе-жүйесімен тайға басқан таңбадай сайрап тұр, Осындай дәнданай кезеңде заманында бір арыстың ұлысбегі болған, ата-тегі сонау Шығай, Ақназар, Салқам Жәңгір, Тәуке замандарынан бермен қарай қазақ саясатына белсене араласып келе жатқан, үш жүзге сөзі бірдей өтімді Әйтекенің әлгі ағымдардың ешқайсысына қосылмай, тым-тырыс жатып алуы мүмкін бе, сірә? Алты алашты аузына қаратқан әкелері отырғанда, Жалтыр мен Қонысбай білектерін сыбанып, талас-тартыс ортасында жүрер ме еді? Жан-жаққа хабар шаптырып, аузы дуалылардың лебізіне құлақ тосқан Барақ сұлтан мен Әбілқайыр балалары Әйтекеге нағып хабар салмайды? Хабар салса, жауабы қайда? Жоқ, қисынға келмейді. Соған қарағанда, ол кезде Әйтекенің көзі тірі болмаса керек. Тіпті қайда жерленгенінің әлі күнге беймағлұм қалуы да соған меңзейді. Ол кезеңге аман жеткен Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Батыр, Барақ, Күшік, Абылай, Төле, Қазыбек, Бұқар, Ханкелді, Қодар, Сатай, табын Бөкенбай, шақшақ Бөкенбай, қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, сұлтан Жәнібек, тама Есет, Әжібай, Арал, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, арғын Сырымбет, найман Сырымбет – бәрі жайында да жазбаша деректер бар. Тек Әйтеке жайында дерек жоқ. Демек, ол әлгі айтылып отырған кезеңнен көп бұрын ахиреттік болған. Зираты да ол үшін сонау Сейітқұл заманынан атақоныс боп кеткен Қаратау мен Нұрата арасындағы аймақта қалған. Қалың Алшын әлгі жерден әлдеқашан табан аударып кеткендіктен Әйтеке зираты да ұрпақтар жадынан ұмытылған. Ел арасындағы Әйтеке Шу, Сарысу жағында қалды, Келес бойында қалды деген еміс-еміс хабарлар тегін тарап жүрмесе керек. Бәлкім, бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал. Кім біліпті, ол жайындағы деректер Орта Азия халықтары архивтерінен табылар. Қай жылы туып, қашан өлгені де сонда анықталар. Ал әзірге білетініміздің көбі – аңыз тақылеттес мәліметтер. Оның қайсысы ақиқат, қайсысы лақап – ол арасын бір Алланың өзі ажырата жатар.

Аңызға айтқызсаңыз, қазақты аузына қаратқан үш бидің жасы үлкені – Төле, ең кішісі Әйтеке.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Төле 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған. Тоқсан үш жас жасаған. Ал 1763 жылы 11 наурыздағы Сібір губернаторы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер коллегиясына жазған рапортында 1762 жылдың 11 желтоқсанында Жайық казагы Размамбет – Дархан мен тілмаш Айдар Сапаров барып жолыққанда, Қаракесек Қазыбек би тоқсан алты жаста екендігін көрсетеді. Сонда ол 1667 жылы туған болып шығады. Демек, Төледен төрт жастай кіші. Ал Әйтеке ше? Расында да кіші ме?

Жуырда «Халық кеңесі» (10 қазан, 1991 жыл) көшіріп басқан «Дала уалаяты» газетінің (И 9, 1890 жыл) «Теле би айтқан екен», – деген аңызы: «Кіші жүзде алшын Қаражігіт би атақты кісі болған екен. Сол кісінің қартайып қалған уақытысында бір жұт болып еді. Жаман жұтап, тік мүйізді сиыр, тік құлақты жалқы, төрт малдан дәнеңе қалмапты. Алшын Қаражігіт бидің азамат, ержеткен жалғыз баласы бар екен. Сол баласын Ұлы жүзде Үйсін Төле биге жібереді дейді.

– Бар, балам, ақыл сұрап кел, кедейліктен кісіні ерікке қоймай сүйреп алып шығып, құтқаратұғын айла болар ма екен, – деп. Бұған айла не болатұғынын Алшын Қаражігіт бидің өзі де білсе керек. Бірақ, өзімнің үй-ішімнен айтқаным балама ем болмас, не де болса, алыстан барып естіп келсе, көкейіне түсіп, көңіліне қонып, баламның ұғып алуына жақсы болар деп ойлады дейді» деп басталады.

– Бұл арадағы Алшын Қаражігіт би деп отырған адамның өзі – Әйтеке. Оны тұстастары Қаражігіт деп те атаған. Көне жазба нұсқаларда Айтық би деп те жазылады.

Әлгі аңызға қарағанда Қаражігіт Төле биден кәрі болмаса, жас болмағанға, бұрын дүние салмаса, кейін дүние салмағанға ұқсайды.

Ендеше, Әйтеке неге көбіне-көп үш бидің ең кішісі сияқты болып көрінеді? Шамасы, ол Әйтекенің жасына емес, жолына байланысты қалыптасқан көзқарас болар.

Бұл алуандас болжамды кейінгі жылдары ғана қолымызға тиіп отырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» атты өлеңінен де табамыз. Онда:

«Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен, Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен», – делінген. Ол мұны неге сүйеніп айтып отыр? Оның жауабы да әлгі өлеңнің өзінде түр:

«Өнерге құлаш ұрып бала жастан, Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан, Баласы Толыбай сыншы Қожаберген Бой ұрған ерен іске әуел бастан».

Демек, ақынның тілге тиек етіп отырғаны – XVIII ғасырда өмір сүрген Қожабергеннің «Елім-ай» дастаны. Әнші, күйші, ақын, елшілікте де жүріп көрген көзқарақты кісі Кожабергеннің айтуынша, Әйтеке елу алты жас жасапты. Ал оның қай жылы туып, қай жылы өлгенін тек дастанның композициялық құрылымына, сөз болып отырған оқиғалардың баяндалу ретіне қарап қана топшылауға болатын сияқты. Дастан:

Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Раптан,
Көрші елдің жау аламын боп көз алартқанынан», –

деп басталады да,

Ызғарлы күн шығыстан жел келеді,
Шұбырған Алтай жақтан ел келеді,
Еділден Үбашы қалмах, тағы шапты,
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді», –

дейтін замандағы қазақтың басына түскен қиын жағдайды жүйелей баяндайды. Сонда Әйтеке екі жақтан жау қамаған қазақтың бас көтерерлерінің басқыншыға қарсы шыға алар қару іздеп, орыс, қытай тараптарына елші жүгіртіп, одан ештеңе шықпай дағдарған тұсында айтылады:

«Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң,
Сенделді хандар, билер ақыл таппай,
Кенеттен қалмақ елді таптаған соң;
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!» – деп,
Боларын осы апаттық болжап кетті;
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар көзің деді,
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сөзін деді;
Хан сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді;
Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып;
Басқарар енді уақыт жеткен деді;
Ақылды болсын батыр көсем деді;
Басқарса, қазақ болар есен деді;
Көрші елмен татуласып, тіл табысар
Тағы да болсын өзі шешен деді;
Осындай көптен көсем ізде деді;
Хандарды шеттетуді көзде деді;
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды, би мен бектер, езбе деді;
Үш жүзден үш ақылшы болсын деді;
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді;
Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,
Халықтың болашағын шолсын деді;
Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады;
Үш жүздің шонжарлары төре жоқ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.
Өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас,
Бақты құс ұшып кетсе, қайтып қонбас;
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсауат шайқады бас;
Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға
Қиналды ақыл таппай, осы жолда;
Сайланды Әбілқайыр әскер басы,
Өзінше ел билігін алып қолға;
Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол-дағы ақыл-айла таба алмады;
Бас қосып, Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды».

Бағзы дастанның суреттеп отырған кезеңін тарихи деректер де тап осылай сипаттайды. Қалдан Бошақтың тұсында жоңғарлар Жетісудың көп жерін иемденді. 1684 жылы оның бас қолбасшысы Сыбан Раптан Сайрамды алып, күл-талқан етті. Егер жорық сол қарқынымен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Бірақ сол кезде қонтайшы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қатты шиеленісуі жоңғарлардың басты назарын басқа жаққа аударып әкетті. Қазақ майданында толас туды. Сол кезде қазақтар қалмақтардың мұншама еңсере қимылдауының сырын дұрыстап ұға бастады.

«Торғауыт жоңғар, ойрат – бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайды жүрген алдап,
Сол екі елден алған соң дәу мылтықты,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап», –

деп Қожаберген айтқандай, жоңғарлар ол кезде қазақтардан екі түрлі себеппен басым түсті. Бірінші, Орал тауларынан Тынық мұхитқа дейінгі байтақ кеңістікке бірдей көз сүзіп отырған Ресей мен Қытайдың арасында іштей бәсекені шебер пайдалана білді; соның арқасында өздері жасай алмайтын мықты қаруларға ерте ие болды. Осыны аңғарған Тәуке жоңғар-қытай соғысына байланысты талас жақты пайдаланып, орыс әкімшілігінің көңілін табуға, сол арқылы оны өзіне саяси одақтас етіп, қару-жарақ бөлісуді көздеді. Тек 1686–1693 жылдардың өзінде Сібірге бес рет елшілік жөнелтті. Ал, 1693 жылы Қалдан Бошақтыға у беріліп, өлтіріліп, жоңғарлар арасындағы таққа талас қызған көзде, елші аттандыруды бұрынғыдан да жиілетті. Бірақ ол әрекеті ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені, Ресей өзінің негізгі бәсекелесі қытайлармен алысып жатқан астыртын одақтасы Жоңғарияны әлсіреткісі келмеді. Екіншіден, тездетіп «Жаркент алтыны» мен «Үнді алтынына» жетіп алу үшін Еділ қалмақтарының башқұрттардың, шет аймақтағы қазақтардың қазақ даласына біртіндеп басып кіруіне жағдай жасағысы келді. Үшіншіден, қазақ билеушілерінің арасында Ресеймен одақтас болуды қаламайтын қарсы күштердің бар екенін жақсы білетін еді. Тәуке ордасындағы «Ресеймен тату болуды» жақтайтындар мен «Ресеймен араздықты» жақтайтындардың арасындағы тайталастың салдарынан 1692 жылы жіберілген А. Неприпасов, В. Кобяков, 1694 жылы жіберілген Ф. Скибин, М. Тришин елшіліктерінің қамауға алынып, елші А. Неприпасов пен тілмаш Оразай Түркістанда қайтыс болып, елшіліктің қалған мүшелері 1695 жылы зорға қашып құтылып, 1697 жылы Тобыл қаласына әзер жеткенін де ұмытпаған еді. Бұл – Ресей әкімшілігі үшін нағыз іздегенге сұраған болатын. Мұндай дүрдараздықтан түбінде Ресей емес, қазақтар зардап шегерін жақсы білетін. Өйткені, Ресей 1552 жылы Қазанға басып кіргенде де, 1873 жылы Хиуаға басып кіргенде де дәл осындай «орыс елшісі мен орыс тұтқындарына» көрсетілген зорлықты тілге тиек еткен-ді. Жалпы, болашақта қол салуды ойлап жүрген көрші елдерінен алдын-ала осылай ілік шығарып қою барша империялардың, соның ішінде патша империясының да кәнігі әдеті еді. Онсыз да жан-жағынан жау анталап, жаны алқымға келіп отырған қазақ хандығымен қырғи-қабақ жағдай ол кезде Ресей үшін стратегиялық жағынан да, тактикалық жағынан да әбден тиімді еді. Сондықтан да ол қазақ хандығының дипломатиялық табысқа жетіп, сыртқы факторларды пайдалана отырып, әлсірей бастаған ахуалын қайта күшейтіп алуына жол бергісі келмеді. Қазақ руларының Еділ, Жайық, Есіл, Тобыл, Ертіс бойындағы «казак бекіністерін жиі мазалайтындарын» тілге тиек етіп, қабақ жылытпауға бел буды. Тәуке ұсыныстарының бәрін аяқсыз қалдырды. Ол аз дегендей, қазақ даласына батыстан, терістіктен, шығыстан тіпті күнгейден жасалар қысымшылықтарға астыртын дем беріп отырды. Қожаберген дастанында да «Ағайын ел Естектің» де, Қоқан, Хиуа, Бұқардың да, «Еділдегі үбашы қалмақтың» да өз-өзінен қоқаңдап жүрмегендегі әдемі айтылған. Қолдарыңда қаруы бар Ресей мен Қытайдың қазақтың өзіне ғана «шөл», жан-жағындағы жұрттардың бәр-бәріне «көл» бола қалуының сырын да ақын дұрыс аңғарған:

«Қазақтың сахарасы жүз құлпырған,
Қытай мен орыстарды қызықтырған».

Арғы-бергіде қазақтардың халықаралық жағдайының мұнша шиеленіскен кезі болған емес. Соны пайдаланып, 1697 жылы қонтайшы болған Сыбан Раптан таққа отыра сала, Тәукемен алысуға бел буды. Бұл қазақ қауымын қатты тітіркентті. «Қайткенде аман қаламыз?» – деген сауал кім-кімді де қинады. Әйтекенің де әлгіндей тебіреніске түсуі сол кездің ахуалына сәйкес келеді. Оны осынша тебіренткен мәселелер 1710 жылы қазақ жүздерін Қарақұмда бас қосуға мәжбүр етті. Онда «Қазақ енді қайтуы керек, мұндай жағдайда қазақ әскерін кім басқаруы керек?» – деген мәселе талқыланды. Қожабергеннің айтуында, Әйтеке өзі айтып жүрген «бір көсемге бағынатын күнді», «көсем сайлайтын күнді» көре алмай кеткенге, ал ол келгесін оның өсиеті орындалмай қалғанға ұқсайды. Соған қарағанда, ол Қарақұм құрылтайынан бір жыл бұрын дүние салғанға сәйкеседі. Ендеше, Әйтеке 1653 жылы туған болып шығады. Ондай жағдайда жас шағынан Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен болып шығады. Бәлкім, Қожаберген «Әйтеке боларын осы апаттың біліп кетті», – деп, 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» айтып отырған шығар. Онда Әйтеке би 1666 жылы туып, 1722 жылы дүние салған болып шығады. Олай болған күнде де, Қазыбектен бір жас қана үлкен, Төле биден үш жас қана кіші болып шығады. Бәрібір, үш бидің ішіндегі ең жасы кішісі болмайды. Бірақ ондай жағдайда, дастанда айтылатын «көсем сайлау» жиырмасыншы жылдардың аяқ кезіндегі Ордабасыда болатын құрылтайға меңзеп тұрғандай болар еді. Оның реті келмейтін тәрізді. Өйткені, бүкіл дастанның сөз ләміне қарағанда, ондай көсем сайлау Әйтеке өлгесін іле-шала өткендей. Сонда атақты бидің өсиеті аяққа басылып, ғаскер басы қарадан емес, төреден сайланғандықтан 1723 жылы жауға тойтарыс бере алмай, ел тоз-тоз болып кеткендей көрінеді. Ендеше әңгіме 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында Әбілқайырдың ғаскер басы болып сайлануы хақында болса керек. Өйткені, Ордабасыдағы жиындағы Малайсары турасында:

«Ол-дағы ақыл-айла таба алмады,
Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып.
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды», –

деп айтуға болмайтын еді. Қазақтардың Мәртөбедегі жиыны Сайрам құлағаннан кейін өткізілмей қалса, 1723 жылғы Ақтабан шұбырындыдан кейін Күлтөбенің басындағы жиын да тараған еді. Күлтөбеде күнде кеңес болып келген түс, дәл сол 1684 жыл мен 1710 жылдың, 1711 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді. Әбілқайырдың ғаскер басы сайлануына іштей наразы Малайсары Күлтөбедегі жиында іс жағдайын түзей аламыз деп дәметсе, тек сол 1710 жылғы жиында тұрып дәмете алады. Осыдан кейін біз Әйтеке сол 1710 жылғы жиынға жетпей дүние салған, Әбілқайыр Кіші жүзге Әйтекенің көзі тірісінде емес, қайтыс болғанын, ұлысбегі болған деп топшылаймыз. Тек сондай жағдайда ғана Малайсары би орына би ұлысбегі болмай, ғаскер басы сардар ұлысбегі болып кеткеніне ренжи алады.

Біз бұл әңгімені кімнің жасы кімнен жасы кімнен үлкен, кімнің жолы кімнен үлкен екендігін анықтау үшін айтып отырған жоқпыз. Ондай арзан даудың бетін әрмен қылсын. Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген. Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған. Туыстық жолымен табыса алмайтын адамдарды «өкіл аға», «ноқта аға» қып табыстыру да содан қалған. Олай болса, бір халықтың үш арысының бірін ұлы, бірін орта, бірін кіші санағанмен ешқайсысының басы аласарып, бағасы кемімейді. Атақты үш би адамдар арасындағы осы бір этикалық жарасымды күллі елдік жарасымға айналдыруға тырысқан. Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бір қалу, сондықтан да олар бүкіл ұлтымызды екі туып бір қалған қып көрсету идеологиясын ұстанған. Өйткені, ол үшеуі үшін ел мерейінің биік болғандығынан асқан мұрат болмағанға ұқсайды.

Бұл ретте Қожаберген дастаны Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиетін ашып береді. Ол – қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегенінде. Әсіресе, қазаққа өзін-өзі тұтас ел қып басқарар уақыт енді жеткендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Бір қызығы, ешкімге есесін жібермес би батырлықпен қоса «көрші елдермен татуласып тіл табыса алар» мәмлегерлікке де қатты мән береді. Қазақтың көсемі халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе екен деп уайымдайды. Төре әулетінен де сол үшін тіксінеді. Бәр-бәріне тақ тие бермегендіктен, баққұмарлыққа бой алдыруға мәжбүр болған тұқымның «башпайдан қағар» құлығы ел басына күн туғанда ел жоғын жоқтар ұл тууына кедергі келтіріп жүрмес пе екен деп қорқады. Қорықса-қорыққандай, уайымдаса уайымдайтындай жағдай... Бірақ Әйтекенің ұлы замандастары Төле, Қазыбек тізелестерінің өсиетін естеріне ап, тек «бастарын шайқап» қана қоймағанға ұқсайды. Өйткені, Әйтекенің көксеген ел бірлігі – олардың да көкірегіндегі арман еді. Алайда олар ертең келер жаудың дүбіріне Әйтеке бидей шамырыға тұрып, қапия тауып, тап басып, қан қасап қылып кеткен қанқұйлы жауға Қожаберген жыраудай қорлана тұра, заманағайым болғанмен, заманағайып әлі болмағанын, өткенге бола өкініп қана қоймай, ертеңге бола қам жасау керек екендігін мықтап ұққанға ұқсайды. Оның жолы – ел басына күн туып тұрғанда ел арасына іріткі салмау. Бір-бірінің бетіне жоқтан өзгені салық қалып, жан-жаққа шалқайысып, шашырап кетуіне жол бермеу. Ол үшін қазақ ұлыстарының қай тарабына да, қазақ қауымының қай бөлігіне де бірдей сенім артып, бірдей талап қою керек еді. Олай болса, қараға қандай әділ болса, төреге де сондай әділ болары керек еді. 1710 жылғы Қарақұм жиынында қазақ әскерін бастау «Алаш» ұрандыдан Бөкенбайға, «Арқар» ұрандыдан Әбілқайырға жүктелуі де соған меңзейді. Қараны қалай ата тегіне қарамай, қабілетіне қарап әділ бағаласа, төрені де тап солай әділ танып, әділ бағалауға тырысқандары байқалады. Бұрын тақ мініп, тәж кие қоймаған Өсеке әулетінің өкілдерінің біреуіне Кіші жүзде (Әбілқайырға), екіншісіне Ұлы жүзде (Жолбарысқа) әуелі ұлысбегілік, кейін хандық тиюі, бір кезде бабалары сөзге ұшырап, содан біраз уақыт биліктен шет қақпай қалып келген Күшік, Барақ, Әбілмансұрлардың қайтадан ықпалға ие бола бастауы ұлыс пен ру тізгіндерінің де бұрынғы аталы, атақты әулеттерді қуалап кетпей, кейінгі ел басына сын боп түскен сәттерде қапысыз көзге түскен батырларға сеніп тапсырылуы – соның айғағы. Оның үстіне енді-енді басы қосылып, ұйтқысы қойылып келе жатқан қазақ қауымы билік жолындағы талас әлдеқашаннан ата кәсібі болып алған әулеттердің арасындағы ырың-жырыңға ілесіп, ұлысаралық дүрдараздыққа ұрынбауы үшін де біраз қам жасалған. Ол үшін сонау Шыңғыс заманынан бері әдетке айналған бір ортаны тек бір әулеттен шыққан сұлтандар билейтін үрдіс бұзылды. Қазақтың әр жүзі өзара билікке таласқан Жәдік, Өсеке әулеттерінің әрқайсысына жеке-жеке еншіленіп берілмей, әр жүзде де екі сұлтан әулетінің екеуінің де өкілдері жүруі көзделді. Мәселен, Кіші жүздің бір ұлысын бұрын Орта жүзді билеп келген Қайыптың баласы Батыр сұлтан басқарса, Орта жүздің Атығай, Керей ұлыстарын оған дейін Кіші жүз ұлыстарын билеп келген қанішер Абылай, Әбілқайыр балалары Әбілмансұр мен Ералы басқарды. Қазақ ұлыстары тек сұлтандар ықпалында кетпес үшін әр ұлыстың өз ұлысбегі, өз қолбасшысы, өз пірі болды. Оның біреуі «арқар» ұранды төреден, біреуі «алаш» ұранды қарадан, біреуі «алла» ұранды қожадан қойылды. Мұның аржағында сонау гректер мен римдіктер де, мынау парсылар мен үнділер де мұқият ескеріп отырған үш қауымды – әр қоғам, әр мемлекетте болатын үш қауымды – абыздар, нояндар, кәсіпкерлер қауымын бірдей ескеру қағидасы жатыр. Өйткені ежелгі мемлекеттермен күні кешеге дейін өмір сүріп келген көп қауым әркім өз еңбек, өз дәулетімен дербес күн көріп, әркім өз қару, өз көлігімен қосылып, бірге қорғанатын қоғамдасу жүйесінде дәурен сүрді. Ал ондай жүйеде қауымды құрап тұрған құрамдас бөліктердің бәрін бірдей ескеріп, бірдей елеп, бірдей қамтымайынша, ынтымақ пен жарастық орнату ақылға сыймас құбылыс еді. Сондықтан да олардың қоғамы – әскери-демократиялық қауым атанған. Қауымдық демократияның бірлік пен тепе-теңдік заңы кейін республикалық демократияға да негіз болды.

Біздің Мәртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей тережақ, қожажақ, не қаражақ болып кетпеген. Үлкен тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан: тарихшы Н. Г. Аполованың 1711 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әбден жаны бар (Н. Г. Аполова. Присоединение Казахстана к России. Алматы. 1948. 169-бет). Ол тұста ел тізгіні батырларға ұнаған сұлтандарға тигенге ұқсайды. Жалпы Төле, Қазыбек, Әйтеке заманынан бастап, далалық ел билеу жүйесінің ежелгі үрдістерді бұзып, бұқаралық ықпалға ден қойғаны сонша, көне түркі заманының Орхон ескерткіштерінде қалған «Қағаныңның айтқанын қыл», Шыңғыс заманының жосығында жазылған «ханың қайда қойса, сонда тұр» дейтін қағидаларының бәрі айтарлықтай әлсіреді. Қазақ ел басыларынан ант алған В. Н. Татищевтің Орта жүзде арғын Жәнібек пен найман Шүрек, Кіші жүзде табын Бөкенбай ханнан да өткен ықпалды, Ташкентке бар

Ұқсас материалдар