Қандастар Ассамблея

Қазақ жырының бір жылы

08.12.2012 12658
  Қазақ жырының бір жылы   Барлық болмыс-жаратыдысымен, тіптен адам санасына сыя бермейтін сан қилы құбылыстарымен, қысқасы, өркендеу-өсуімен қосып дәуірден-дәуірді, ғасырдан-ғасырды "кезекпенен елінтіп, баяғыдай көрінтіп" жатқан ұлы бір құбылыс бар. Ол – Өмір. Демек, өмірдің аты – өмір, несімен болса да – өмір. Қуаныш-қайғысымен де, керемет құдіретімен де, тіптен күйкі тірлігімен де – өмір.   Әлі де санасы қалыптаса қоймаған алғашқы пенделерге өмір әлдеқандай ғажайып құдіреттің тарта салған сыйы болған да, дәрменсіз жандар өмірден тамтұмдап қана аларып алған да қойған. Бұл жағдай – баршамызға аян. Сонымен бірге, адам баласының санасы тіріліп, өмірден молырақ алып, молырақ рахатқа батуға молырақ ұзағырақ өмір сүруге әрекеттеніп, оған қожалық еге бастағаны да бәрімізге белгілі. Қысқасы, дәуірден дәуір өткізіп, ақыры адам баласы өмірдің өзімен бел шешіп жекпе-жекке шықты. Табиғаттың тартқан сыйып талшық ете бермей, өмір деген құдіреттің айтқанына көніп, айдауына жүрмей, керісінше, оған (өмірге) түбірлі өзгерістер енгізіп, оны жасанта, жандандыра отырып толассыз, бітіспес ашық майдан құрды. Демек, күрес басталды. Алайда және де қайталауға тұра келеді, өмірдің аты – өмір! Мәңгілік зерттеліп бітпейтін қалтарыс-бұлтарысы бар, адам санасына еніп болмайтын құпиясы бар ғажайып құбылыс қалпында қалды да қойды. Осыған орай, адам баласы сол өмірдің қат-қабат, қыртыс-қыртысын, тұңғиықта жатқан құпиясын ашып, жалғанның жарығына әшкере етер ойшылдарына зарықты. Зарықты да толғатты, толғатты да туды! Санасы тірілген адам баласының сарыла еңбектенуінің нәтижесінде дүниеге ғылым келді, өнер келді. Бұл да баршамызға аян. Ғылым өмірге өзінің өктемдігін орнатуға харакеттенуде де, өнер адам санасының тұнықтығын сақтауға, Адам деп аталатын құдіреттің ара қатынасына дәнекер болып, бірін бірі түсініп, біріне бірі ұйып, біріне бірі көз алартпауына араша түсуде. Адамның ашуы мен ақылын, сезімі мен қайратын, жақсы да жаман қасиетін алдына тартып, өмір сүріп отырған белгілі дәуірдің қылаңсыз таза өтуіне қанатымен су сепкен қарлығаш сол – өнер. Сол өнердің ең мықты, ең бір мәуелі-жапырақты бұтақтарының бірі – поэзия. Қандай да ғылым иесі, қандай да өнер өкілі болмасын, өздерінің тындырған ісінің қорытындысына поэзиялық көзбен қарауы тегіннен-тегін емес.   Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, алдымен ләззаттанып, алдымен жеркенетін де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл-парасаты мен сезім-түйсігінен жаралған. Демек, адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия дейміз, алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Әрине, есі дұрыс, басы жұмыр пенденің бәрінде де сезім бар, сезінбеуі мүмкін емес. Себебі: қуанады, күйінеді, шаттанады, мұңаяды дегендей... Алайда сезіну бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату да бар ғой. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты–Ақын. Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше, сол сезім қамалының сахабасы да, жалаушысы да – ақын. Аумалы да төкпелі, астарлы құпиясы тереңде жатқан алуан сырлы адам сезімін сезім ғана тебірентіп, сезім ғана өктемдік ете алады. "Жүрекке әмір жүрмейді" деп айтатынымыз да сондықтан. Демек, шынайы шын поэзия – адам сезімінің анатомиясы да, шынайы шын ақын соның зерттеушісі. Шынайы шын ақын – өз халқының, шаттанса, шаттығы мен қуанышы; жыласа, көкірек шері мен көзінің жасы. Осыдан барып, оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек. Кемелдену дәуірінің сатысында тұрған қазіргі қазақ поэзиясына және оны жасаушыларға осы тұрғыдан қарамайынша, болмақ емес. Тек осы биіктен көз салғанда ғана жасанды жалтырауық әсіре қызыл поэзиядан табиғи, халықтың өзіндей қарапайым поэзияны, көпке ортақ – ғалымға да, малшыға да бірдей түсінікті поэзияны тану – оншама қиынға түспейді.   Ақиқатына жүгінсек, соңғы ондаған жылдар бойына қазақ ақындарының шеберлігі төңірегінде, алған тақырыптарының аумағы төңірегінде, жыр техникасының жасалуы жөнінде ғана сөз болып, ал енді қазақ поэзиясының қанына тән халықтық ұлттық ерекшеліктері туралы ауыз тұщытарлық ештеңе айтыла қоймағанын аңғарамыз. Осыдан барып, сазды жерге шыққан жасық жаужапырақтай құнарсыз-нәрсіз өлең жинақтары қаптап кетті. Бір өлеңімен де бір рет мерзімді баспасөзде көзге түсе қоймаған "дарын иелері" бірден жинағын шығарып, онысымен де қоймай, енді "таңдамалыларын" бастыруға үміткер. Амал не, қасиетіңнен айналайын қазақ әдебиеті бұған да төзді. Әдебиеттің көкжиегінен өзі әзер көріне бастаған Дон Кихот және де жалғыз келмей өзімен қоса Санчо-рецензент-хатшысын ілестіре келеді. Жасыратын несі бар, қазақ әдебиеті бұған да төзіп, мұны да басынан өткеруде. Осының салдарынан қазақ әдебиетінің саналы, сауатты оқушыларынан гөрі жолбике "төрешілері" көбейіп кетті. Түбін таяқпен түрткендей тайыз, ұшқары ой мен үшкір қаламның бір сілтеуінен дүниеге келе қойған құнсыз шығармадан да, дәл осы тәсілмен әдебиетке жасалған жаңсақ, ақкөңіл "төреліктің" зияны әлдеқайда зор болмақ. Әрбір әдебиет серісінің бір-бір Санчо-рецензентінің болуы жақсылық емес. Бұл тұрғыда, қалам иелерінің өздері мойындап, қауым қабылдаған әдебиетіміздің майталман сыншыларына реніш білдірмеске шарасы жоқ. Көреген сыншыларымыз көркем әдебиетті Санчо-рецензенттерден сақтайды деген сенімдеміз.   Қазіргі қазақ поэзиясы кемелдену шағында дегенімізбен, оның әзіргі бары мен жоғына, көтерілген деңгейіне биіктен қарап, биіктен көңіл аудармасқа болмайды. Жиындарда, аракідік айтылған ауызекі пікірлерде, әсіресе жас поэзиямыз, оның жас авторлары жөнінде жиі сөз болып жүр. Бақсақ жанашырлықты, жадағай көңіл-жықпастықты жәйіне қалдыра тұрып, ашып та, ашынып та айтып тастайтын мезгіл жеткен екен. Жастар поэзиясында бірсарыңдылық бел алып, бірін бірі бұлжытпай қайталап, бірінің ізін бірі тап басып, жырдың сырынан гөрі қырына көбірек қызығушылық сезіледі. Поэзияның тереңіне үңілуден гөрі үлгі қуалаушылық басым. Кезекті жерінде айта кетелік, қазақ совет поэзиясы соғыстан кейінгі жылдарда күрт өзгергені мәлім. Әбділда, Қасым, Хамит, Сырбай сияқты ақындарымыз өз творчестволарына да түбегейлі бетбұрыс жасады. Бұларды бағытқа алып Ғафу, Ізтай, Тоқаш, Зейнолла, Тұманбай, Еркеш, тағы басқа ақындар келіп, олардың легіне Қадыр, Жұмекең, Шәмілдер қосылды. Сонымен, қазақ совет поэзиясының бүкіл бір армиясы сап құрады. Қысқасы, қазақ өлеңі тұр, мазмұн жағынан көптеген өзгерістерге ұшырап, тіптен тақырып жағынан да өрісі кеңіді. Бір сөзбен айтқанда, жастар өнеге тұтарлық бағытқа алып, бетін түзерлік жыр үлгілерінің жасалғаны даусыз.   Алайда жастар творчествосында жастыққа тән жаңалық жастыққа тән жалын мен екпін көрінбейді. Сырты сұлу сылдыр сөз, әсіре қызыл ақжүректілік немесе орынсыз ақылдымсынып өнеге айтып, мына жалғаннан өздерін оңаша қалдыруға ұмтылушылық басым. Немесе керісінше, мен өйтем де бүйтем деп айғайлап, жар салушылық етек алған. Тіпті болмай бара жатса, бәленнің, түгеннің монологына басып, жөн-жосықсыз, жалған тебіренеді-ай кеп. Құлай құмартып, құрақ ұша жырлап жүрген сол "монологтарының" өзі көркем әдебиеттің белгілі, үлкен эпикалық туындысына тән күрделі тәсілдерінің бірі екеніне көбіміздің көзіміз жетпейтін тәрізді. Көзіміз жете тұрса да, қасақана, өзімізше Эзоп болғансып, түбірі тайызда жатқан арзан ойымызды әдеби кейіпкеріміздің аузы арқылы оп-оңай оқушыға ұсынып жатамыз. Мәселен, кешегі өткен ер Махамбеттің өзіндей етіп қазіргі қайсы ақын жыр жаза алар екен, Махаң айтарын жеріне жеткізе өзі-ақ айтып кеткен жоқ па? Жыр табалдырығынан жаңа аттаған жас ақын Махамбеттің аузына монолог салғаннан гөрі оның өзін, ерлігін жырласа болмас па еді?! Осыдан барып, "Ата даңқымен қыз өтедінің" кебін киеміз. Дана халықтың өзі сомдап соққан Тарғынның, Төлегендердің монологінен кейін, мықты болсақ оларды өзінше сөйлетіп көр; сөйлетерсің, бірақ оған кім нанып, кім тебіренеді?!.. Осыдан шығар қортынды: ақындар (әсіресе жастар), жыр жазудың оңай тәсіліне бағып, қасиетті поэзиямызға қиянат жасап жүрген жоқпыз ба?! Ақындықта азаматтық аршынымызды, дүниетанымымызды, тіл байлық сөздік қорымызды, алған бағыт, айтпақ ойымызды жан-жақты айқындай түсетін үлкен дүниеден неге қашамыз?! Бірден көңілге ұялар, бас-аяғы жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиер балладалар қайда кетті? Олардың орнына өлең-очерктер, публицистикалық поэмалар неге көбейіп барады? Көркем-өнердің тәңірі болған асқақ романтика мен үзілмес болат сымнан тартылған нәзік лирика қайда?!   Сырттай қарап, сыдыртып бір оқып шыққан адамға қазіргі жастар поэзиясы тізгінін де ұстатпайды. Ептеген тілі де, өзіндік үні де, теңеу-суреті, бояу-нақышы да бар сияқты. Бәрі де ұйқасып, әр сөз өзінің орын-орнында тұрғандай. Тіпті мін тағуыңның өзі қиянат секілді. Әйтсе де, ақындық жауапкершілік, поэтикалық талғаммен ой сала, сәл биіктен қарасаңыз, алдыңыздағы азаматтың кім екенін бірден танисыз. Оның ақындық идеалының немен шектелетінін де түсіне қоясыз.   Поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталады. Махаббатқа, бояусыз сұлулыққа соқпай, оны жырламай өткен өлі де, тірі де данышпан жоқ. Сондықтан да жастардың махаббат лирикасын жырлап қалуына шек қойылмаса керек. Мәселе өзеннің арғы жағасында тұрған қызға ғашық болған тегі бар, тәрбиесі бар қарапайым қазақ жігітінің "сырғанды қайық қылып өткіз мені" деп, ынтызарын назбен жеткізе білуінде. Айдынның алаңсыз аққуын абайсызда үркітіп алмауында. Мәселе кейінгі жастарымыздың арасындағы болашағынан көп үміт күттіретін, қазірдің өзінде творчествосы қалыптасып қалған Жарасқан Әбдірашев, Зейнолла Тілеужанов, Рафаэль Ниязбеков, Ғұсман Мұхамедғалиев сияқты ақындарымыз сол махаббат лирикасын қалай бастап, қалай аяқтауында. Жарасқанның "Найзағайлы жаз" жинағыңда "Шторм" деген өлең бар. Ақынға қиянат болмасын, өлеңді бастан аяқ оқып шығайық.   "Бір үйде, Оңаша,  Бірге іштік,  Болсаң да біреудің Баяны.  Шалқыдық, Толқыдық,  Нұр құштық,  Сезімнің қол бұлғап маягы,   Өзімді өзіңе тақ қылдым,  Отырдық... Алдымда отырды Ай.  Көзімді көзіңе лақтырдым,  Теңізге тастаған якордай.   Мұндайды көргем жоқ бұрын деп,  Тарқаттың... Шашыңды жүз ердің.  Қолымды апардым дірілдеп,  Үстіне жұп-жұмыр тізеңнің. Елес пе... Ар жағы жоқ есте, Сен жылап, Мен бармақ тістедім.  Көңілдер – Кемелер емес пе,  Құштарлық – тоғыз балл шторм...  Шайқалдық, Шатырлап сынды көк, Кеш менен болса егер сол күнә.  Оралған шығарсың мұңды боп,  Баянды махаббат портына..."   Меніңше, бұл өлең ешқандай талдауды керек етпейді. Бәрін де өзі айтып дәлелдеп тұр. Қазақша айтуға ұят, басқа тілде айтқанда бұл – нағыз сексуализм. Және де поэзиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нағыз дөрекілік. Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жастың және де ақын жастың мұншама әбестікке барғанына таңданбасқа болмайды. "Найзағайлы жаз" 1971-жылдың ішінде жақсы жинақтар қатарында тұрғанымен, "Штормның" матросының қаламынан: "Ақын кетігі барады көшеменен", "Муза туралы", "Марикке", "Назды үнін; әсем, ауылдың елік-еркесі ең...!" дегендей өнегелі жырлар қалай ғана туғанына нанарыңды да, нанбасыңды да біле алмай дал боласың...   Өмірдің айтпасқа болмайын ащы шындығы, істелмей қалмайтын заңды құбылысы, түсінген суреткерге, дап-даяр көркем шығарма боп көлденең тұра қалмайды. Оның барлығы да суреткер үшін шикізат қана. Ол әлі суреткердің домнасына түсіп балқуы, қорытылуы керек. Қорытыла келіп, шикізаттың шіріндісі жоғалып, таза металы ғана керекті жеріне жөнелтіледі. Уақыт, дәуір әрбір қалам иесін осыған міндеттейді. Демек, "шөп те өлең, шөңге де өлең" емес деген ұғым туса керек.   Өзінің қуаныш-күйінішімен де махаббат адам баласына тартқан табиғаттың сыйы емес пе еді. Поэзияны махаббат жаршысы десек, ақын сол махаббаттың жанашыр жақтаушысы болмайтын ба еді?! Олай болса, мынадай жыр жолдары сүйіскен жүректерді жылыта алар ма?!   "Әміртай, киін, құр бекер үйде жатпалық,  Сынайық бақты паркке барып, бақ барып.  Махаббат жырын меңіреу түнге тыңдатып,  Сипайық санын қаракөз қыздың ақ балық,  Әміртай, киін, құр бекер үйде жатпалық".   Ақын Зейнолла Тілеужанов мұнысына да қанағат жасамай, сүйгені мен екеуінің арасында жүрген жеңешесін қолқалайды. Сондағы бар ойы, бар ынтызар махаббаты – баяғы сол секс мәселесі, қалайда құмарын бір қандыру...   "Түсіріп еске көрейін,  Күндерді өткен бір қызық.  Әйнектен ішке төнейін,  Аулаңда итті үргізіп.   Жүрегі үркіп еліктей,  Елеңдеп жатсын сүйген қыз,  Есікті қаты серіппей,  Алдымнан шығып үйге енгіз.   Қараңғы үйде еп керек,  Оятсам қыздың ағасын  Шынжырын үзіп көк төбет,  Сонан соң мені таласын!.."   Зейнолла осылай құмарын баса алмай бозбасшылықтың сапарында әуреленіп жүргенде, енді бір жас ақын Ғұсман Мұхаметқалиев шаруасын тындырып алғанға ұқсайды, ол былай дейді:   "Байқаусыз ерніңе ернім тиіп кетті,  Дуылдап тұла бойым күйіп кетті.  Алып жер аударылып аспанымен  Төңірек қарауытып ұйып кетті.   Білдім бе оның алғашқы күнә екенін,  Әрі алғашқы бақытты күн екенін.  Құлаған өзім емес, есім жисам,  Құлаған сені сүйеп тұр екенмін".   Жә, жетер! Жастықтың бар қызық-қызғылығы, биік парасаты мен асқақ романтикасы осыған кеп тірелсе, әрине, оңбағаны. Махаббатқа арналған маржаннан алқа өре алмай әдіра қалдырса, ақынның алысқа барқадар шекпегені. Ақын деген адам сезімі тұнықтығының сақшысы дегеніміз қайда?!   Біз үш ақыннан мысал келтірдік. Үшеуі де талантты ақындар, үшеуі де өз құрбыларының алдыңғы легінде. Жоғарыда келтірілген олардың бірді-екілі нашар туындыларына назар да аудармай кетуге болар еді, алайда жастар творчествосында асығыс жазылған ағат ойлар, қалайда, немен болса да, жалт етіп көзге түсіп, құлаққа ілініп қалса деген ұшқары пікір баршылық. Сондықтан да үш авторға айтылған сын поэзияға кейінірек келген жастардың да творчествосына ортақ деп білеміз. Өлең техникасын меңгеріп, сөз сырлау өз алдына да, оқушы алдындағы ақындық ар, жастық әдептілік, азаматтық борыш өз алдына. Ауызекі арамызда айтылатын әзіл-оспақ сайқымазақ тіптен, орынды жерінде ұта сөйлеп, ұпай алу да дені таза, үлкен поэзияға өзек болмасқа керек. Ақындық талантпен қоса ақындық парасаттылық әрқашанда қатар жүреді. Ақынның табиғаты – адамгершілік, гуманизм десек, гуманизмнің ең шығар шыңы – поэзия. Ал енді бүкіл болмыс-тұрмыс, тірлік-табиғатты, қозғалыс-құбылысты бір сәтке поэзиясыз елестетіп көріңізші; егер рас болса, "ақыр заман" деген – сол "Ақыр заман" болмас, егер бола қалса, ол тек поэзия өлген күні ғана орнайды. Ал поэзия өлмек емес! Тіршілік барда, адамның сана-сезімі барда – поэзия бар!   Біздіңше, қазіргі қазақ поэзиясы осы биіктен қарауды әбден көтеретін сияқты; биік талғам мен тілекке тұрарлық деп ойлаймыз. Жекелеген ақындардың жекелеген шумақтарына, солғын ұйқастарына, жетпей жатқан ырғақтарына, ұлттық поэзиямызда аракідік бой көрсетіп жүрген түрге еліктеушіліктен туған азын-аулақ эксперименттеріне үңіле қарап, түңіле кінә тағудан гөрі, ақынның ақындық алымына, дүниетанымына, бағыт бағдар-көзқарасына, философиялық ой түйіндеуіне көбірек көңіл бөліп, тереңірек зерттеу мезгілі жеткен тәрізді. Бұл тұста, әрине, санчо-рецензенттердің де саны азаюына әбден кепілдік беруге болады.   Солай, қазіргі қазақ совет поэзиясы, дау жоқ өзінің толығу-молығу, кемелдену дәуірінде. Бұл тұста кемшіліктерден біржола арылдық деген ұғым тумаса керек. Кемелдену сәті – кемшіліктерден біртіндеп арылу, түлеу, жаңарған үстіне жаңара беру кезеңі екені белгілі. Қазір поэзияның есігін қаққан қандай да жас болмасын, жаман жол ұсынуға ұялады. Осының өзі-ақ поэзияға деген жауапкершіліктің шамалап болса да артқанын көрсетеді. Ал кейде әлдеқалай жарық көріп кеткен нашар жинақтар кездессе, оның түбі шикі екені, көз қимас, көңіл жықпастықтан, кездейсоқ дүниеге келгені бірден-ақ белгілі. Амалымыз қанша, бүйтпесек қазақ боламыз ба...   Қарты бар, жасы бар қазіргі қазақ ақындары, әйтеуір, жаман жыр жазбауға тырысады. Әркім өзінің өресі жеткенше қаншама таланты барлығын танытып-ақ бағады.   Өткен (1971-ж.) жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген өлең жинақтары осынысымен қуантады. Бұл жылы жыр бәйгесіне әр толқынның өкілдері қатысыпты. "Таңдамалысы" бар, "Тұңғыш кітабы" бар, барлығы алпысқа тарта автор. Бұл осал дүние емес. Алпыс жинақта да советтік патриотизм, халықтар достығы, Отан, партия туралы саяси лирика, баллада, поэмаларымен қоса атамекен, туған жер, ел-жұрт, махаббат-жастық жөнінде де, адалдық-адамгершілік жөнінде де біршама көңіл қуантарлық туындылар бар. Тіптен, қамтылмаған тақырып қалмаған десе де болғандай. Өркен жайған қазақ жыры, тақырып жағынан алып қарағанда, тарлыққа ұшырамай, өрісін кеңіте түскен тәрізді. Алпыс жинаққа алпыс түрлі пікір айту – бір адамның қолынан келмейтін шаруа; сол сияқты, алпыс ақынды бір көлікке отырғызу да – қиянат. Әйтсе де, "Таңдамалылардың" арасынан таңдамалысын алып, таңдамалы еместердің тәуірін екшеп, тамырын баса отырып, біршама пікір айтуға болып қалар. Оның үстіне, "Таңдамалысы" шыққан ақындар жүгімізді жеңілдетер жәйі да бар. Бұрын жеке кітап боп жарияланған жинақтарға жұрт пікірін айтып, берер бағасын беріп те қойған.   Өткен жылдың поэзиясы сан жағынан да, сапа жатынан да бір адым ілгерілемесе, кейін кеткен жоқ. Айтар ойы да, алған тақырыбы да әр түрлі, әр тектес ақындардың өлең- дастандары дүниеге келді. Жақан Сыздықов пен Асқар Тоқпағамбетов, Сағынғали Сейітов пен Құрманғали Ұябаев, Қайнекей Жармағамбетов пен Құланбай Көпішев, Есет Әукебаев, Омарбай Малқаров пен Нұтфолла Шәкеновтың "Баспалдақтар, биіктер" жинағы; Мұзафар Әлімбаевтың "Көңіл күні" таңдамалылары; сонымен бірге Әбдікәрім Ахметов пен Қабдікәрім Ыдырысовтың; Тұманбай Молдағалиевтің "Қош, көктем" таңдамалылары бар. Тізімді әрі қарай соза беруге болады.   Бұл ақындардың есімі оқушы қауымға бұрыннан таныс. Қазақ поэзиясына көптен бері атсалысып келе жатқан жыр сарбаздары. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ совет поэзиясының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген қалам қайраткерлері, елінің игілігі үшін іс тындыру жолында бейнеттенген қарапайым, еңбекқор шаруалар. Біріне айтылған мақтауды бәрі бөлісіп, бәріне айтылған сынға біреуі жауап беретіндей қаймағы бұзылмаған тату семья.   Осы семьяның байырғы мүшесінің бірі – ақын Мұзафар Әлімбаев. Өткен жылғы жыр жинақтарының ішіндегі сүйектісі осы ақындікі болғасын ба, біраз аялдап өтуге тура келеді.   "Өмірбаяным – өлеңімде" деп Есенин бекерге айтпапты. Мұзафардың "Көңіл күні" таңдамалысын аудару үстінде Есениннің осы сөзі ғайыптан еске түсті. Табиғат сыйлаған талантты өз алдына қоя тұрғанда, ақынға өмірбаян да керек-ау, өмірдің ортан беліне жақындағанда тебіреніп еске алар, "терлігі майға шіріген" жорықтар, сағыныш қалдырып кеткен сапарлар, қуаныш, өкінішін де аямаған өмірдің белді-белді кезеңдері – бәр-бәрісі ақын жүрегінің қорегі екен-ау деген ойда қаласың.''Көңіл күнінің'' соңғы бетін аударғандағы алғашқы әсеріміз осы болды.   Мұзафар – ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөзді емес, сезгені-түйгені мол ойдың ақыны. Ол сарыла жүріп тапқан әдемі ойын оқушысына жеткізу жолында әсіресе қызыл әсем сөзді, тастай қатқан ұйқасты, ұрдым-пердім ырғақты тәрік қылуға бар да, ойын көмескілеуге жоқ. Ақынның жорыққа бірге аттанған құрбысына арнаған "Шеру" деп аталатын қысқа ғана өлеңі бар.   "Жорық – сын жолға шақырып,  Бізге де жеткен кезі еді...  Бес қару жерге батырып,  Еңсені жаншып езеді.   Ұрлана, аяп тарландар,  Қарайды мұртсыз солдатқа.  Екі айда есейіп алғандар,  Еншілес енді сор-баққа.   Арқамыз әппақ сортаңнан,  Келеміз көлдей бусанып.  Бөлініп бірақ ортаңнан,  Бүлк етер кім бар мұң шағып?!   Қанжоса аяқ қажалған,  Әйтеуір, етік ішінде...  Ауыр ма бейнет ажалдан?!  Алдымда, соны түсін де".   Осы жыр, үстірт қараған адамға, жазылып біткен көп өлеңнің бірі сияқты. Айтпаса да белгілі ақиқат екендігінде дау жоқ Алып баратқан көркемдігі де шамалы, тіптен ұйқастары да арзан. Әйтседе, осы торт шумақта жүрек шымырлатар бір жылылық көңілге мұң ұялатар, алыстан үздігіп, әзер естіліп тұрған бір саз бар. Ол не?! Ол – адам өмірінің қысылтаяң кезеңіңдегі көңіл күйі. Ол – айналасы екі-ақ айда есейіп қалған, қанды майданға апарар жорық жолына бойларын басқан қаруының дүмімен із сызып баратқан екі жастың күдігі мен үрейі, жүрексіне тұрып жасаған бірінің біріне деген қайраты мен жігері. Ол – сахиба тарлан солдаттардың өздерімен бірге аттап келе жатқан өрімдей жастарға ұрлана қарап, өз бастарындағы мұңын ұмытқан дел-сал, тұңғиық сәті. Бірдің де, мыңның да басынан өткерген, Бұл күндері ұмыт болып баратқан отты дәуірдің сазы мен сарыны. Ақын сол сазды асықпай-саспай, қоңырлата шертіп, құрбысының құлағына құя білген.   Біз Мұзафарды ойдың ақыны дегенде, оның өз талантына, поэзия алдындағы жалтарып болмас жауапкершілікке алмағайып, атүсті кетіп, кейде тұщымас шығармалар беретіндігін тіптен де жасыра алмаймыз. Қолдан келсе, көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда түсін қашырмауға не жетсін! Суреткердің қарапайым адамдардан айырмашылығы – ойлаған ойып көріктендіріп, нанымды көркем тілмен тыңдаушысына я оқушысына жеткізу. Мұндай жағдайда, әсіресе ақын адамдардың бес қаруы бойында болғаны абзал. Талант табиғаты – ойлап білумен бірге айта да білуде.   "Көңіл күні" авторына бұрын да айтылған, үстемелеп бүгін де қайталауға тура келеді. Мұз-аға, сіздің бір басыңызға жұртыңыз қабылдаған ақындығыңыз, бейнетқор зерттеушілігіңіз жетіп жатыр. Парасатты ой мен ғұлама сөздер (афоризм) белгілі ой иесінің белгілі бір туындысының тұңғиығында жатқанымен, сөз түсінер саналы қауым үңіле отырып тауып алады, таниды, қолданар жерінде қажетіне тұтынады.   Міне, осыдан барып, ұлағатты сөздің атағына бола, тек қана ұлағатты өсиет қалдырам деген мақсатпен, нақыл, мақал мен мәтел деп ат қойып, айдар тағып, оның жолында соншама тер төгу жемісін бере қояр ма екен деген қорытынды шығады. Күдік тудырады. Жақсы жырлар жазылып, оның ішінде нақылға, мақал мен мәтелге айналатындай жақсы сөздері болсын: кетер де, келер де ұрпаққа қалдырар өсиет деген – сол.   Ғасырлар бойы қалыптасып, сом алтыннан соғылған халық даналығымен бәсеке таластырғандай, ойлы ақын таңдамаласының соңына нақылмен нүкте қойғаны көңілге сыйымсыз. Мәселен:   "Табаныңа жаншылған соң,  Тауды да аяйды екенсің.  Аяғыңа бас ұрған соң,  Жауды да аяйды екенсің".   Автор осынысын рубаилар қатарына қосыпты, солай-ақ болсын. Алайда осы ойды халық "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш", – деп қадап тұрып бір-ақ айтпап па еді?!   "Мұхаңдай кең тыныс кемеңгер, Мүрдеге сыяды демеңдер.  Соны ойлап сайыздар тарынар,  Тереңдер тереңге тереңдер".   болмаса:   "Күнім биік шықса күнде төбемнен  Бұл өмірге талай өмір төленген.  Рахаты үшін мехнатына көнем мен,  Бұл өмірді жаннан қымбат көрем мен", –   деген тәріз рубаилар таңдамалыдан орып алуға қақысы жоқ еді. Бұл сияқты рубаилардан поэзия іздеп кінә артудың өзі ұят. Орынсыз мақсат қуалаушылық үлкен ақынның үлкен творчествосына кері ықпалын тигізе бастағанынан сақтандырмасқа болмайды!..   "Ізет көрсетсең, іркілмей" дейді Мұзағаң, "Сый қылсаң, сыпыра қыл" дейді халық, екеуін де еске ала отырып, Мұзафар Әлімбаевтың "Көңіл күні" таңдамалысын қорытындылауға тура келеді.   "Көңіл күні" – көргені мен түйгені мол, бергені де, берері де мол ойлы ақынның сан жылдар сарыла ізденген еңбегінің жемісі. Өткен жылы шыққан жыр кітаптарының бетке ұстарының біріншісі.   Тандамалыға енген "Естай-Қорлан", "Мен де Ильичтің баласы" – екі дастанның екеуі де ақынның әдебиет алдындағы арын танытар, эпикалық өрісін білдірер сом дүниелер. Әсіресе "Естай-Қорланда" ақынның шалқар шабыты мен азаматтық, өктем үні, зор таланты әр қырынан айқын көрінеді. Нағыз поэзиялық тебіреністен туған үрдіс туынды. бұл дастан – Мұзафар творчествосының бүгінге дейінгі туындыларының шырқау шыңы.   "Өткір көз томағасыз қаршығадай,  Қадалса, жалт берердей жан шыдамай,  Естайды қолқалайды қайта-қайта,  Жиынға одан басқа әнші ұнамай..."   Немесе:   "Тағдырдың тәлкегіне тығырық көп,  Үстіне жығылғанның жұдырық боп.  Аңдайды алды-артыңнан азап-зәбір,  Түтіні үзілместей шұбырып кеп.  Қазағың жантықтардан құтылған ба:  Түкіріп алақанға жұтынғанда,  Домалап момын жатар... Түлкі – Жантық  Толтырып шыға келер ұртын қанға..."   Әрі қарай:   "Сырт көзге "сыры мәлім шамалылар"  Сілкінсе, бір сәт құдай болары бар.  Әркімнің Қобыланды болып бір күн,  Алатын Қазаны бар – қамалы бар..."   Көріп отырсыздар, мұндай тұяғымен ор қазған тарлан ақынды аясы алақандай, тақ-тұқ рубаиларға қор қылуға болмайды. Мұндай дастаны бар "Көңіл күні" кітабының өмірінің ұзақтығына еш күмән болмасқа керек.   Айналамызда болып жатқан алуан түрлі құбылысқа әркім өз көзімен қарап, өзінше сезініп, өзінше қиып-пішіп, өзінше байламын жасау – табиғи заңдылық. Ойлы адамдар, оның үстіне ақындық дарыны бар суреткер адамдар қарапайым пенделердің назарына ілікпей қалған табиғат, өмір, дәуір процестерін байқағыш келетіні белгілі. Әсіресе ақынның жүрегінде сүзіліп, ақынның басына соқпай өтпейтін зәредей де өмір құбылыстары болмақ емес. Сол құбылыстардың жақсылығы мен жамандығына, қуанышы мен күйінішіне тереңірек бойлап, өзінше сезініп, сезініп қана қоймай, басқалардың сезімін оятып, аңғарғанын ағынан жарылып адалдықпен жеткізе жария ету – ақынға тән ерекшелік. Тек қана айтса айтқандай, ақынның ойы айқында нанымды, тілі түсінікті болсын деңіз. Тек оның дүниетанымының өрісі шалқар, өрісі кең болсын деңіз.   Ақындық мұң мен ақындық шаттық басқа да адамдардың басында бар екені ақиқат. Алайда ақындық мұң мен шаттық мүлде бөлек. Бөлектігі – оның сезім дүниесінің ерекшелігі. Басқалар мән бермеген нәрсеге мән беріп, өңсіз нәрсені әрлендіріп, жансыз нәрсеге жан бітіру. Бұл қасиеттер бойында жоқ ақынның барар жері белгілі.   Біз бүкіл әлем әдебиеті тарихынан бұрып да, бүгін де, поэзияның өзін классификациялап, ақындарды да сан түрлі сарапқа сап, эпик деп, лирик деп бөлетіндігін білеміз. Ол дұрыс та шығар, бірақ та бәленді "махаббат жыршысы", түгенді "табиғат жыршысы", тағы біреуді "адамгершілік жыршысы", тіпті ақырында "оптимист", "пессимист" деп атаудың өзі қалай болар екен?.. Бұлай болған жағдайда, Пушкиндер мен Абайларды қайсы класқа, қандай партаға отырғызудың өзі қиынға түспес пе екен? Дұрыс түсінерсіздер деп ойлаймын, әрине, Пушкиндер мен Абайлар алатын орнын алған, халықтан алған, біздің қамқорлығымызға оншама зәру емес олар. Айтайын дегеніміз біз бас қатырып жүрген оптимизм де, кездесе қалсақ айналып, орағытып өтуімізге тура келетін әлгі пессимизмі құрғырдың сезім түрткілерлік сиқыры да екеуіне бірдей қызмет етпеді ме? Қуаныш пен шаттық қайғы мен мұңға екеуі де қайрылмай кете алмаған ғой?! Адам сезімінің зерттеушісі бола тұра жалпы жұмыр басты пенделерге ортақ күйініш-сүйіншін айтпай ақын қайтіп тұра алмақ?! Қуанар сәтте жыласа, күйінер сәтте қуанса, мұның өзі сұрқайылық емес пе?! Бұл сәтте Пушкин:   "Я слезы лью, мне слезы утешенье,  И я молчу, неслышен ропот мой,  Моя душа, объятая тоской,  В ней горькое находит наслажденье", –   десе, Абай: "Көзіме жас бер, жылайын,.." – деген еді. Екеуінің де жүрген ортасы мен сүрген дәурені, әрине, біздікінен бөлек, келмеске кеткен. Дегенмен де өмір бар жерде күрес бар; күрес бар жерде адам бар; ал адам бар жерде қуаныш та, қайғы да бар. Осыған қарағанда, ақынның я шаттықтың желқайығына отырып, я уайымның тұңғиығына түсуіне шамасы келе қояр ма екен?! Ақын жүрегі сыр жасыра алмайтындығы рас болса, онда ол екеуіне де соқпай кете алмайды. Дүниенің батысы мен шығысы әлпеттес, шаттық пен мұң деп аталатын осынау екі көкжиекте оның ақындығы да, азаматтығы да тоғыспақ. Сонда ғана ақын қарт Әбудің айтқанындай:   "Туған халқым, солдатымын сендік арман, ардың мен, Жыршысымын сендік шаттық, сендік қасірет зарың мен", –   деуге ақынның толық правосы бар.   Осыдан келіп, поэзияда уайым мен мұң болсын, оларсыз жыр жыр емес деген теріс түсінік тумасқа керек. Мәселе қуаныштан ұраңды, құрғақ пафосты, шынайы шын қайғы мен көлеңкесін түсіріп өткен жеңіл мұңнан беріле түңіліп, су аяғы құрдымға апарар сары уайымды ажырата білуде ғой. Мәселе оқушысының да, тыңдаушысының да сезімін алдарқатып, ақын атану үмітінен ғана пайда болған жарамсақ жалған, жасанды мұңсымақтардан арыла білу ғой. Бірлерге де, мыңдарға да ортақ қасиеттерді, құбылыстарды, қысқасы, өмірдің комедиясы мен трагедиясын таба білу, тани білу. Олардың мағынасы мен мәніне түсіне білу.   Салауатты, парасатты қарапайымдылықтан қарадүрсін халтураны, табиғи жасандылықтан жасалған жасандылықты халық ажырата біледі. Сол халықтың күткен жерінде кездесу үшін ақынға бір ғана талант аздық етеді. Таланттан басқа да: дүниеге көзқарасы, алған бағыт, ұстаған жолы, дәуір мен өмірге айтар өзіндік пікірі жоқ ақынның талантын талдап, оның шеберлігі мен шешендігі жөнінде сөз етудің өзі ерсі. Бойында бір түйір шәйнамасы жоқ сұйық астан қуат іздегенмен бірдей.   Қазіргі, әсіресе соғыстан кейінгі өрбіген қазақ совет поэзиясын сөз еткенде, қазақ жырының дуанбасылары – кешегі Ілияс, қасымдардың жалпы тізімдегі орындары өгейсініп, олқы тұрмағанымен, кейінгі лек, кейінгі толқын олардың деңгейіне әлі де көтеріле қойған жоқ Олардың көрнекті-көрнекті делегаттары әлемдік немесе Одақтық трибуналарға көтеріліп, бар даусын таныта алмай жүрсе, бұл жәйттарға қазіргі қазақ поэзиясы кінәлі емес...   Тәңірге тәуба, біздің де өзіміздің Расулдарымыз бен Қасымдарымыз, Дәуіттеріміз бен Мұстайларымыз бар. Соларға ынтымақпен ізгілік, шабыт тілейік. Солардың іздену жолындағы із қуалаушылыққа, поэзияны жандандыру жолындағы жасанды жалтыраққа дағдыланып кетпеуін тілейік.   Қазақ жырының қазіргі көзі тірі иелерінің ең соңғы буыны болып берік қалыптасқан Тұманбай мен Сағи, Қадыр мен Жұмекендер бастаған лекті әдебиетімізге ешкім де бәйгеге салғалы баптап, баулып әкелген жоқ Олар – аяқталмаған (аяқталмайтын) қазақ дастанының заңды жалғастары. Олар – естері кірер-кірмесін ел таныған, балалықтың бал дәуреннің орнына шаруаның бейнетін тартқан, бесік жырының орнына анасының зарын ұққан, ертегінің орнына еді үшін құрбан болған әкелері мен ағаларының ерлік істері жөнінде әңгімені тыңдап өскен, көздерінде жас, көңілдерінде мұң бар саналы ақындар... Олар қазақ жырына сол қалпымен сонысын айтқалы келген-ді. Олардың ащы тағдырлары оншама аялы алақанды көре қоймаған. Олар – қазақ жырының сал-сері, еркетотайлары емес, жүрегіне жүк артқан ой иелері. Егер олардың жырынан аракідік, Пушкиннің тілімен айтқанда, ("светлая печаль") мөлдір мұң қылаң егіп қыр көрсетсе, оны сарапқа салып, кінәлайтын дәнеңесі де жоқ. Ол – ақынның кешкен ғұмырынан, айналасында өтіп жатқан заңды құбылыстардан туған әр жүрекпен егіз тұрған зиянсыз мұң. Тек сол жеңіл мұңның торығудан-түңілуден, бір кітапта бірнеше қайталанбаудан ақынның сақ болғаны мақұл.    Міне, сол кейінгі буынның алды қырыққа толып, арты тақап, қайсыбірі таңдамалысын да жарыққа шығарды. Ал таңдамалыны халықтың талқысына ұсыну дегеніңіз – қандай ақынның болмасын бүгінге дейінгі творчествосының бет пердесін ашатын биік мұрат. Сол биік мұратқа қолы жетіп оқушы қауымға 1971-жылы есеп беріп отырған ақынымыздың бірі – Тұманбай Молдағалиев; кітабының аты – "Қош, көктем".   Өзінің қаламдас құрбылары сияқты, Тұманбай да ақындық сапардың ауыр-жеңіл мехнаттарын бір кісідей тартқан. Сәбиттей атасынан бастап, Сағаттай інілерінің де сынына нысана болып, ширығып, шынығып өскен ақынның бірі. Бәйгеден қалып бара жатса, қазақ дүлділіне де қамшы басады, жауына түсе алмай құтқарып алса, жауы кеткен соң, алмас қылышымен де шаппайтын нәрсені шабады. Халықтың намыстан, қала берді азаматтық намыстан туған бұл жайттардың өсер елге, өсер елдің өсер ұлына, әйтеуір, зияны жоқ. Сынның аты – сын. Ол – әдебиеттің құм шарығы. Шарыққа ұсталмаған шалғының шаруаның тіршілігіне мүлде қажеті де жоқ Біздіңше, сын атаулыны қиып түсер қылыш деп түсіну – ұшқары ұғым. Қиюды, жоюды ғана мақсат тұтса, сынның болмағаны. Сын – қайрақ. Оның от шашқан шақпақ-шарығына түскен қару өткірленіп, үшкірленіп, жүзі қыл қауып, жалтырап тұрсын.   Тұманбай Молдағалиевтың "Қош көктемі" – сол шақпақ-шарықтан шыққан шығармаларының таңдаулысы.   Жасыратыны жоқ, Тұманбай біздің поэзиямызға дүркіретіп, дүбірлетіп келген жоқ. Балалығы бойынан арыла қоймаған биязы, ұяң жас өзінің айғайсыз баяу үнімен (жалпы, Тұманбай поэзиясында айғай жоқ, бұйығы ойымен, үміті зор арман-тілегімен, болам ба, болмайым ба деген күдігімен қазақ жырының есігін жүрексіне ашқан-ды. Тұманбай содан бері ондаған жыр жинақтарын беріп, өз түйсігі, өз сезімі бар, өз суреті, өз жазуы бар жақсы ақындардың қатарына көтерілді.   Егер біз ақынның өмірі жырынан басталады десек, ақынның жыры алдымен өз өмірінен басталатынын да есте ұстаймыз. Ақын адамның бүкіл өмірі – оның бүкіл творчествосының лейтмотиві. Себебі өз жүрегінің құпиясын, өз өмірінің күйініш-сүйінішін лирикалық кейіпкер арқылы ма, басқа арқылы ма, әйтеуір, ағынан жарылып, нанымды түрде айта алмаған ақынның басқа жүрекке жол тауып, басқа ғұмырды зерттеуге, оның жан-дүниесінің бұлтарыс-қалтарысын ашуға шамасы келмек емес. Ақын өз жүрегін, жүрегінің сезімін зерттей отырып, оларды адамдық биік парасатқа бағыштай білгенде ғана оның үні халықтық үнмен, азаматтық үнмен тоғыспақ. Сонда барып ақындық "Мен" халықтық "Менге" ұласпақ. Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақынның құдіреті өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде.   Қазақ совет поэзиясына "Студенттік дәптерін?" кеудесіне басып, жүрегінің лүпілін тыңдата, өз жылылығымен келген Тұманбай – бір жинағынан бір жинағына сатылап көтерілген ақын. Оның қаламынан жылы да мөлдір лирикалармен қатар ірілі-ұсақты дастандар да туындады. (Неге екенін өзі біледі, таңдамалыларына дастандарын енгізуді жөн көрмепті). Ақынның "Қош, көктемі" – автордың творчестволық өсу жолынан, ой-дүниесі мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуынан, дүниетанымынан мол хабар беретін жинақ. Ақынның алған бағытын, ұстаған жолы мен аңсаған арманына жету жолындағы қуаныш-күйінішін аңғартатын Тұманбайдың аяулысы – бұл жинақ.   "...Жүгіріп келем барым сап,  Шыққан жоқ ешкім алдыма.  Көп еді досым желаяқ  Соңымда бәрі қалды ма?   Жүгірген екем мен сонда  Күніме қарай қазіргі. " Он жасар бала болсам да  Аңсаған екем жазымды", –   деп, бір кезде өмір мен өнер жорығын жаяу жарыстан бастаған бала Тұманбай бағы да, бар өнері де сыналар, өзі таңдап түскен жыр бәйгесінде табиғат сыйлаған талантын таныта білді.   Бүкпесі жоқ ол осы бәйгеде талай рет опық та жеді; орта жолда омақаса құламағанымен, мүлт басып, сүрінген де кездері болды. Үлкен ой адамына тән өнер соқпағының ойын да, қырын да көрді. Алайда соның бәрінен өзінің жаны нәзік, ары таза лирикалық кейіпкерін аман-есен алып шығып, өмірлік сапарға аттандырды.   "...Мен үшін шілдехана ойналмаған,  Ешқашан туған күнім тойланбаған.  Өмірге адам келді деп ескеріп,  Куәлік алуды да ойланбаған.   Білмеймін, мұның үшін кім кінәлі,  Белгісіз туған күні жүрмін әлі.  Ұмытып күнім түгіл, айымды да:  – Көктемде туып едің, – дейді бәрі.   Несіне кінәлаймын бұл халықты,  Кім әсте болар дейсің туа мықты.  Өмірге келгенімді аян етер,  Өзіме өзім жазам куәлікті", –   деген ақын алған сертінде тұрды.   Тұманбайдың лирикалық кейіпкерінің жүрегі қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей. Несін де болса жасырмай жайып салады, қалтарыс-бұлтарысы жоқ.   Біздер бұған дейін Тұманбайды махаббат жыршысы деп қана атап келгеніміз аян. Меніңше, бұл пікірге қосылуға да, қосылмауға да болатын сияқты. Қосылайық десек, ақынның адамгершілік хақында, дәуір мен өмір туралы, туған ел – Отан жөніндегі терең тебіреністері "махаббат ақынын" біздің ұғымымыздан мүлдем оқшауландырып ұстайды. Мәселен, "Өрт", "Әркімнің өз биігі бар шығатын", "Ұйқымды менің сен ұрлап кеткен жоқсың ба?", "Италия циклдары", "Ана тілі" секілді көптеген ойлы да уытты жырлардың авторын бір ғана махаббат лирикасына апарып телу қиянат болар еді. Қосылмайық десек, ақиқатын айту керек, Тұманбай махаббат мәселесіне барғыш-ақ.. Ол туралы көп жазатыны – шындық Осыдан келіп: "Ақынның азаматтық үні сонау жылдары, жазушы Мұқан Иманжановтың қазасына байланысты, "Асыл ұстазға" деген творчествосының алғашқы кезеңінде-ақ жазылған өлеңінен басталып еді ғой. Поэзия майданында әлі шыныға қоймаған, сол кездегі жас

 

Қазақ жырының бір жылы
 
Барлық болмыс-жаратыдысымен, тіптен адам санасына сыя бермейтін сан қилы құбылыстарымен, қысқасы, өркендеу-өсуімен қосып дәуірден-дәуірді, ғасырдан-ғасырды "кезекпенен елінтіп, баяғыдай көрінтіп" жатқан ұлы бір құбылыс бар. Ол – Өмір. Демек, өмірдің аты – өмір, несімен болса да – өмір. Қуаныш-қайғысымен де, керемет құдіретімен де, тіптен күйкі тірлігімен де – өмір.
 
Әлі де санасы қалыптаса қоймаған алғашқы пенделерге өмір әлдеқандай ғажайып құдіреттің тарта салған сыйы болған да, дәрменсіз жандар өмірден тамтұмдап қана аларып алған да қойған. Бұл жағдай – баршамызға аян. Сонымен бірге, адам баласының санасы тіріліп, өмірден молырақ алып, молырақ рахатқа батуға молырақ ұзағырақ өмір сүруге әрекеттеніп, оған қожалық еге бастағаны да бәрімізге белгілі. Қысқасы, дәуірден дәуір өткізіп, ақыры адам баласы өмірдің өзімен бел шешіп жекпе-жекке шықты. Табиғаттың тартқан сыйып талшық ете бермей, өмір деген құдіреттің айтқанына көніп, айдауына жүрмей, керісінше, оған (өмірге) түбірлі өзгерістер енгізіп, оны жасанта, жандандыра отырып толассыз, бітіспес ашық майдан құрды. Демек, күрес басталды. Алайда және де қайталауға тұра келеді, өмірдің аты – өмір! Мәңгілік зерттеліп бітпейтін қалтарыс-бұлтарысы бар, адам санасына еніп болмайтын құпиясы бар ғажайып құбылыс қалпында қалды да қойды. Осыған орай, адам баласы сол өмірдің қат-қабат, қыртыс-қыртысын, тұңғиықта жатқан құпиясын ашып, жалғанның жарығына әшкере етер ойшылдарына зарықты. Зарықты да толғатты, толғатты да туды! Санасы тірілген адам баласының сарыла еңбектенуінің нәтижесінде дүниеге ғылым келді, өнер келді. Бұл да баршамызға аян. Ғылым өмірге өзінің өктемдігін орнатуға харакеттенуде де, өнер адам санасының тұнықтығын сақтауға, Адам деп аталатын құдіреттің ара қатынасына дәнекер болып, бірін бірі түсініп, біріне бірі ұйып, біріне бірі көз алартпауына араша түсуде. Адамның ашуы мен ақылын, сезімі мен қайратын, жақсы да жаман қасиетін алдына тартып, өмір сүріп отырған белгілі дәуірдің қылаңсыз таза өтуіне қанатымен су сепкен қарлығаш сол – өнер. Сол өнердің ең мықты, ең бір мәуелі-жапырақты бұтақтарының бірі – поэзия. Қандай да ғылым иесі, қандай да өнер өкілі болмасын, өздерінің тындырған ісінің қорытындысына поэзиялық көзбен қарауы тегіннен-тегін емес.
 
Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, алдымен ләззаттанып, алдымен жеркенетін де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл-парасаты мен сезім-түйсігінен жаралған. Демек, адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия дейміз, алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Әрине, есі дұрыс, басы жұмыр пенденің бәрінде де сезім бар, сезінбеуі мүмкін емес. Себебі: қуанады, күйінеді, шаттанады, мұңаяды дегендей... Алайда сезіну бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату да бар ғой. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты–Ақын. Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше, сол сезім қамалының сахабасы да, жалаушысы да – ақын. Аумалы да төкпелі, астарлы құпиясы тереңде жатқан алуан сырлы адам сезімін сезім ғана тебірентіп, сезім ғана өктемдік ете алады. "Жүрекке әмір жүрмейді" деп айтатынымыз да сондықтан. Демек, шынайы шын поэзия – адам сезімінің анатомиясы да, шынайы шын ақын соның зерттеушісі. Шынайы шын ақын – өз халқының, шаттанса, шаттығы мен қуанышы; жыласа, көкірек шері мен көзінің жасы. Осыдан барып, оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек. Кемелдену дәуірінің сатысында тұрған қазіргі қазақ поэзиясына және оны жасаушыларға осы тұрғыдан қарамайынша, болмақ емес. Тек осы биіктен көз салғанда ғана жасанды жалтырауық әсіре қызыл поэзиядан табиғи, халықтың өзіндей қарапайым поэзияны, көпке ортақ – ғалымға да, малшыға да бірдей түсінікті поэзияны тану – оншама қиынға түспейді.
 
Ақиқатына жүгінсек, соңғы ондаған жылдар бойына қазақ ақындарының шеберлігі төңірегінде, алған тақырыптарының аумағы төңірегінде, жыр техникасының жасалуы жөнінде ғана сөз болып, ал енді қазақ поэзиясының қанына тән халықтық ұлттық ерекшеліктері туралы ауыз тұщытарлық ештеңе айтыла қоймағанын аңғарамыз. Осыдан барып, сазды жерге шыққан жасық жаужапырақтай құнарсыз-нәрсіз өлең жинақтары қаптап кетті. Бір өлеңімен де бір рет мерзімді баспасөзде көзге түсе қоймаған "дарын иелері" бірден жинағын шығарып, онысымен де қоймай, енді "таңдамалыларын" бастыруға үміткер. Амал не, қасиетіңнен айналайын қазақ әдебиеті бұған да төзді. Әдебиеттің көкжиегінен өзі әзер көріне бастаған Дон Кихот және де жалғыз келмей өзімен қоса Санчо-рецензент-хатшысын ілестіре келеді. Жасыратын несі бар, қазақ әдебиеті бұған да төзіп, мұны да басынан өткеруде. Осының салдарынан қазақ әдебиетінің саналы, сауатты оқушыларынан гөрі жолбике "төрешілері" көбейіп кетті. Түбін таяқпен түрткендей тайыз, ұшқары ой мен үшкір қаламның бір сілтеуінен дүниеге келе қойған құнсыз шығармадан да, дәл осы тәсілмен әдебиетке жасалған жаңсақ, ақкөңіл "төреліктің" зияны әлдеқайда зор болмақ. Әрбір әдебиет серісінің бір-бір Санчо-рецензентінің болуы жақсылық емес. Бұл тұрғыда, қалам иелерінің өздері мойындап, қауым қабылдаған әдебиетіміздің майталман сыншыларына реніш білдірмеске шарасы жоқ. Көреген сыншыларымыз көркем әдебиетті Санчо-рецензенттерден сақтайды деген сенімдеміз.
 
Қазіргі қазақ поэзиясы кемелдену шағында дегенімізбен, оның әзіргі бары мен жоғына, көтерілген деңгейіне биіктен қарап, биіктен көңіл аудармасқа болмайды. Жиындарда, аракідік айтылған ауызекі пікірлерде, әсіресе жас поэзиямыз, оның жас авторлары жөнінде жиі сөз болып жүр. Бақсақ жанашырлықты, жадағай көңіл-жықпастықты жәйіне қалдыра тұрып, ашып та, ашынып та айтып тастайтын мезгіл жеткен екен. Жастар поэзиясында бірсарыңдылық бел алып, бірін бірі бұлжытпай қайталап, бірінің ізін бірі тап басып, жырдың сырынан гөрі қырына көбірек қызығушылық сезіледі. Поэзияның тереңіне үңілуден гөрі үлгі қуалаушылық басым. Кезекті жерінде айта кетелік, қазақ совет поэзиясы соғыстан кейінгі жылдарда күрт өзгергені мәлім. Әбділда, Қасым, Хамит, Сырбай сияқты ақындарымыз өз творчестволарына да түбегейлі бетбұрыс жасады. Бұларды бағытқа алып Ғафу, Ізтай, Тоқаш, Зейнолла, Тұманбай, Еркеш, тағы басқа ақындар келіп, олардың легіне Қадыр, Жұмекең, Шәмілдер қосылды. Сонымен, қазақ совет поэзиясының бүкіл бір армиясы сап құрады. Қысқасы, қазақ өлеңі тұр, мазмұн жағынан көптеген өзгерістерге ұшырап, тіптен тақырып жағынан да өрісі кеңіді. Бір сөзбен айтқанда, жастар өнеге тұтарлық бағытқа алып, бетін түзерлік жыр үлгілерінің жасалғаны даусыз.
 
Алайда жастар творчествосында жастыққа тән жаңалық жастыққа тән жалын мен екпін көрінбейді. Сырты сұлу сылдыр сөз, әсіре қызыл ақжүректілік немесе орынсыз ақылдымсынып өнеге айтып, мына жалғаннан өздерін оңаша қалдыруға ұмтылушылық басым. Немесе керісінше, мен өйтем де бүйтем деп айғайлап, жар салушылық етек алған. Тіпті болмай бара жатса, бәленнің, түгеннің монологына басып, жөн-жосықсыз, жалған тебіренеді-ай кеп. Құлай құмартып, құрақ ұша жырлап жүрген сол "монологтарының" өзі көркем әдебиеттің белгілі, үлкен эпикалық туындысына тән күрделі тәсілдерінің бірі екеніне көбіміздің көзіміз жетпейтін тәрізді. Көзіміз жете тұрса да, қасақана, өзімізше Эзоп болғансып, түбірі тайызда жатқан арзан ойымызды әдеби кейіпкеріміздің аузы арқылы оп-оңай оқушыға ұсынып жатамыз. Мәселен, кешегі өткен ер Махамбеттің өзіндей етіп қазіргі қайсы ақын жыр жаза алар екен, Махаң айтарын жеріне жеткізе өзі-ақ айтып кеткен жоқ па? Жыр табалдырығынан жаңа аттаған жас ақын Махамбеттің аузына монолог салғаннан гөрі оның өзін, ерлігін жырласа болмас па еді?! Осыдан барып, "Ата даңқымен қыз өтедінің" кебін киеміз. Дана халықтың өзі сомдап соққан Тарғынның, Төлегендердің монологінен кейін, мықты болсақ оларды өзінше сөйлетіп көр; сөйлетерсің, бірақ оған кім нанып, кім тебіренеді?!.. Осыдан шығар қортынды: ақындар (әсіресе жастар), жыр жазудың оңай тәсіліне бағып, қасиетті поэзиямызға қиянат жасап жүрген жоқпыз ба?! Ақындықта азаматтық аршынымызды, дүниетанымымызды, тіл байлық сөздік қорымызды, алған бағыт, айтпақ ойымызды жан-жақты айқындай түсетін үлкен дүниеден неге қашамыз?! Бірден көңілге ұялар, бас-аяғы жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиер балладалар қайда кетті? Олардың орнына өлең-очерктер, публицистикалық поэмалар неге көбейіп барады? Көркем-өнердің тәңірі болған асқақ романтика мен үзілмес болат сымнан тартылған нәзік лирика қайда?!
 
Сырттай қарап, сыдыртып бір оқып шыққан адамға қазіргі жастар поэзиясы тізгінін де ұстатпайды. Ептеген тілі де, өзіндік үні де, теңеу-суреті, бояу-нақышы да бар сияқты. Бәрі де ұйқасып, әр сөз өзінің орын-орнында тұрғандай. Тіпті мін тағуыңның өзі қиянат секілді. Әйтсе де, ақындық жауапкершілік, поэтикалық талғаммен ой сала, сәл биіктен қарасаңыз, алдыңыздағы азаматтың кім екенін бірден танисыз. Оның ақындық идеалының немен шектелетінін де түсіне қоясыз.
 
Поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталады. Махаббатқа, бояусыз сұлулыққа соқпай, оны жырламай өткен өлі де, тірі де данышпан жоқ. Сондықтан да жастардың махаббат лирикасын жырлап қалуына шек қойылмаса керек. Мәселе өзеннің арғы жағасында тұрған қызға ғашық болған тегі бар, тәрбиесі бар қарапайым қазақ жігітінің "сырғанды қайық қылып өткіз мені" деп, ынтызарын назбен жеткізе білуінде. Айдынның алаңсыз аққуын абайсызда үркітіп алмауында. Мәселе кейінгі жастарымыздың арасындағы болашағынан көп үміт күттіретін, қазірдің өзінде творчествосы қалыптасып қалған Жарасқан Әбдірашев, Зейнолла Тілеужанов, Рафаэль Ниязбеков, Ғұсман Мұхамедғалиев сияқты ақындарымыз сол махаббат лирикасын қалай бастап, қалай аяқтауында. Жарасқанның "Найзағайлы жаз" жинағыңда "Шторм" деген өлең бар. Ақынға қиянат болмасын, өлеңді бастан аяқ оқып шығайық.
 
"Бір үйде,
Оңаша, 
Бірге іштік, 
Болсаң да біреудің Баяны. 
Шалқыдық,
Толқыдық, 
Нұр құштық, 
Сезімнің қол бұлғап маягы,
 
Өзімді өзіңе тақ қылдым, 
Отырдық...
Алдымда отырды Ай. 
Көзімді көзіңе лақтырдым, 
Теңізге тастаған якордай.
 
Мұндайды көргем жоқ бұрын деп, 
Тарқаттың...
Шашыңды жүз ердің. 
Қолымды апардым дірілдеп, 
Үстіне жұп-жұмыр тізеңнің.
Елес пе...
Ар жағы жоқ есте,
Сен жылап,
Мен бармақ тістедім. 
Көңілдер –
Кемелер емес пе, 
Құштарлық – тоғыз балл шторм... 
Шайқалдық,
Шатырлап сынды көк,
Кеш менен
болса егер сол күнә. 
Оралған шығарсың мұңды боп, 
Баянды махаббат портына..."
 
Меніңше, бұл өлең ешқандай талдауды керек етпейді. Бәрін де өзі айтып дәлелдеп тұр. Қазақша айтуға ұят, басқа тілде айтқанда бұл – нағыз сексуализм. Және де поэзиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нағыз дөрекілік. Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жастың және де ақын жастың мұншама әбестікке барғанына таңданбасқа болмайды. "Найзағайлы жаз" 1971-жылдың ішінде жақсы жинақтар қатарында тұрғанымен, "Штормның" матросының қаламынан: "Ақын кетігі барады көшеменен", "Муза туралы", "Марикке", "Назды үнін; әсем, ауылдың елік-еркесі ең...!" дегендей өнегелі жырлар қалай ғана туғанына нанарыңды да, нанбасыңды да біле алмай дал боласың...
 
Өмірдің айтпасқа болмайын ащы шындығы, істелмей қалмайтын заңды құбылысы, түсінген суреткерге, дап-даяр көркем шығарма боп көлденең тұра қалмайды. Оның барлығы да суреткер үшін шикізат қана. Ол әлі суреткердің домнасына түсіп балқуы, қорытылуы керек. Қорытыла келіп, шикізаттың шіріндісі жоғалып, таза металы ғана керекті жеріне жөнелтіледі. Уақыт, дәуір әрбір қалам иесін осыған міндеттейді. Демек, "шөп те өлең, шөңге де өлең" емес деген ұғым туса керек.
 
Өзінің қуаныш-күйінішімен де махаббат адам баласына тартқан табиғаттың сыйы емес пе еді. Поэзияны махаббат жаршысы десек, ақын сол махаббаттың жанашыр жақтаушысы болмайтын ба еді?! Олай болса, мынадай жыр жолдары сүйіскен жүректерді жылыта алар ма?!
 
"Әміртай, киін, құр бекер үйде жатпалық, 
Сынайық бақты паркке барып, бақ барып. 
Махаббат жырын меңіреу түнге тыңдатып, 
Сипайық санын қаракөз қыздың ақ балық, 
Әміртай, киін, құр бекер үйде жатпалық".
 
Ақын Зейнолла Тілеужанов мұнысына да қанағат жасамай, сүйгені мен екеуінің арасында жүрген жеңешесін қолқалайды. Сондағы бар ойы, бар ынтызар махаббаты – баяғы сол секс мәселесі, қалайда құмарын бір қандыру...
 
"Түсіріп еске көрейін, 
Күндерді өткен бір қызық. 
Әйнектен ішке төнейін, 
Аулаңда итті үргізіп.
 
Жүрегі үркіп еліктей, 
Елеңдеп жатсын сүйген қыз, 
Есікті қаты серіппей, 
Алдымнан шығып үйге енгіз.
 
Қараңғы үйде еп керек, 
Оятсам қыздың ағасын 
Шынжырын үзіп көк төбет, 
Сонан соң мені таласын!.."
 
Зейнолла осылай құмарын баса алмай бозбасшылықтың сапарында әуреленіп жүргенде, енді бір жас ақын Ғұсман Мұхаметқалиев шаруасын тындырып алғанға ұқсайды, ол былай дейді:
 
"Байқаусыз ерніңе ернім тиіп кетті, 
Дуылдап тұла бойым күйіп кетті. 
Алып жер аударылып аспанымен 
Төңірек қарауытып ұйып кетті.
 
Білдім бе оның алғашқы күнә екенін, 
Әрі алғашқы бақытты күн екенін. 
Құлаған өзім емес, есім жисам, 
Құлаған сені сүйеп тұр екенмін".
 
Жә, жетер! Жастықтың бар қызық-қызғылығы, биік парасаты мен асқақ романтикасы осыған кеп тірелсе, әрине, оңбағаны. Махаббатқа арналған маржаннан алқа өре алмай әдіра қалдырса, ақынның алысқа барқадар шекпегені. Ақын деген адам сезімі тұнықтығының сақшысы дегеніміз қайда?!
 
Біз үш ақыннан мысал келтірдік. Үшеуі де талантты ақындар, үшеуі де өз құрбыларының алдыңғы легінде. Жоғарыда келтірілген олардың бірді-екілі нашар туындыларына назар да аудармай кетуге болар еді, алайда жастар творчествосында асығыс жазылған ағат ойлар, қалайда, немен болса да, жалт етіп көзге түсіп, құлаққа ілініп қалса деген ұшқары пікір баршылық. Сондықтан да үш авторға айтылған сын поэзияға кейінірек келген жастардың да творчествосына ортақ деп білеміз. Өлең техникасын меңгеріп, сөз сырлау өз алдына да, оқушы алдындағы ақындық ар, жастық әдептілік, азаматтық борыш өз алдына. Ауызекі арамызда айтылатын әзіл-оспақ сайқымазақ тіптен, орынды жерінде ұта сөйлеп, ұпай алу да дені таза, үлкен поэзияға өзек болмасқа керек. Ақындық талантпен қоса ақындық парасаттылық әрқашанда қатар жүреді. Ақынның табиғаты – адамгершілік, гуманизм десек, гуманизмнің ең шығар шыңы – поэзия. Ал енді бүкіл болмыс-тұрмыс, тірлік-табиғатты, қозғалыс-құбылысты бір сәтке поэзиясыз елестетіп көріңізші; егер рас болса, "ақыр заман" деген – сол "Ақыр заман" болмас, егер бола қалса, ол тек поэзия өлген күні ғана орнайды. Ал поэзия өлмек емес! Тіршілік барда, адамның сана-сезімі барда – поэзия бар!
 
Біздіңше, қазіргі қазақ поэзиясы осы биіктен қарауды әбден көтеретін сияқты; биік талғам мен тілекке тұрарлық деп ойлаймыз. Жекелеген ақындардың жекелеген шумақтарына, солғын ұйқастарына, жетпей жатқан ырғақтарына, ұлттық поэзиямызда аракідік бой көрсетіп жүрген түрге еліктеушіліктен туған азын-аулақ эксперименттеріне үңіле қарап, түңіле кінә тағудан гөрі, ақынның ақындық алымына, дүниетанымына, бағыт бағдар-көзқарасына, философиялық ой түйіндеуіне көбірек көңіл бөліп, тереңірек зерттеу мезгілі жеткен тәрізді. Бұл тұста, әрине, санчо-рецензенттердің де саны азаюына әбден кепілдік беруге болады.
 
Солай, қазіргі қазақ совет поэзиясы, дау жоқ өзінің толығу-молығу, кемелдену дәуірінде. Бұл тұста кемшіліктерден біржола арылдық деген ұғым тумаса керек. Кемелдену сәті – кемшіліктерден біртіндеп арылу, түлеу, жаңарған үстіне жаңара беру кезеңі екені белгілі. Қазір поэзияның есігін қаққан қандай да жас болмасын, жаман жол ұсынуға ұялады. Осының өзі-ақ поэзияға деген жауапкершіліктің шамалап болса да артқанын көрсетеді. Ал кейде әлдеқалай жарық көріп кеткен нашар жинақтар кездессе, оның түбі шикі екені, көз қимас, көңіл жықпастықтан, кездейсоқ дүниеге келгені бірден-ақ белгілі. Амалымыз қанша, бүйтпесек қазақ боламыз ба...
 
Қарты бар, жасы бар қазіргі қазақ ақындары, әйтеуір, жаман жыр жазбауға тырысады. Әркім өзінің өресі жеткенше қаншама таланты барлығын танытып-ақ бағады.
 
Өткен (1971-ж.) жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген өлең жинақтары осынысымен қуантады. Бұл жылы жыр бәйгесіне әр толқынның өкілдері қатысыпты. "Таңдамалысы" бар, "Тұңғыш кітабы" бар, барлығы алпысқа тарта автор. Бұл осал дүние емес. Алпыс жинақта да советтік патриотизм, халықтар достығы, Отан, партия туралы саяси лирика, баллада, поэмаларымен қоса атамекен, туған жер, ел-жұрт, махаббат-жастық жөнінде де, адалдық-адамгершілік жөнінде де біршама көңіл қуантарлық туындылар бар. Тіптен, қамтылмаған тақырып қалмаған десе де болғандай. Өркен жайған қазақ жыры, тақырып жағынан алып қарағанда, тарлыққа ұшырамай, өрісін кеңіте түскен тәрізді. Алпыс жинаққа алпыс түрлі пікір айту – бір адамның қолынан келмейтін шаруа; сол сияқты, алпыс ақынды бір көлікке отырғызу да – қиянат. Әйтсе де, "Таңдамалылардың" арасынан таңдамалысын алып, таңдамалы еместердің тәуірін екшеп, тамырын баса отырып, біршама пікір айтуға болып қалар. Оның үстіне, "Таңдамалысы" шыққан ақындар жүгімізді жеңілдетер жәйі да бар. Бұрын жеке кітап боп жарияланған жинақтарға жұрт пікірін айтып, берер бағасын беріп те қойған.
 
Өткен жылдың поэзиясы сан жағынан да, сапа жатынан да бір адым ілгерілемесе, кейін кеткен жоқ. Айтар ойы да, алған тақырыбы да әр түрлі, әр тектес ақындардың өлең- дастандары дүниеге келді. Жақан Сыздықов пен Асқар Тоқпағамбетов, Сағынғали Сейітов пен Құрманғали Ұябаев, Қайнекей Жармағамбетов пен Құланбай Көпішев, Есет Әукебаев, Омарбай Малқаров пен Нұтфолла Шәкеновтың "Баспалдақтар, биіктер" жинағы; Мұзафар Әлімбаевтың "Көңіл күні" таңдамалылары; сонымен бірге Әбдікәрім Ахметов пен Қабдікәрім Ыдырысовтың; Тұманбай Молдағалиевтің "Қош, көктем" таңдамалылары бар. Тізімді әрі қарай соза беруге болады.
 
Бұл ақындардың есімі оқушы қауымға бұрыннан таныс. Қазақ поэзиясына көптен бері атсалысып келе жатқан жыр сарбаздары. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ совет поэзиясының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген қалам қайраткерлері, елінің игілігі үшін іс тындыру жолында бейнеттенген қарапайым, еңбекқор шаруалар. Біріне айтылған мақтауды бәрі бөлісіп, бәріне айтылған сынға біреуі жауап беретіндей қаймағы бұзылмаған тату семья.
 
Осы семьяның байырғы мүшесінің бірі – ақын Мұзафар Әлімбаев. Өткен жылғы жыр жинақтарының ішіндегі сүйектісі осы ақындікі болғасын ба, біраз аялдап өтуге тура келеді.
 
"Өмірбаяным – өлеңімде" деп Есенин бекерге айтпапты. Мұзафардың "Көңіл күні" таңдамалысын аудару үстінде Есениннің осы сөзі ғайыптан еске түсті. Табиғат сыйлаған талантты өз алдына қоя тұрғанда, ақынға өмірбаян да керек-ау, өмірдің ортан беліне жақындағанда тебіреніп еске алар, "терлігі майға шіріген" жорықтар, сағыныш қалдырып кеткен сапарлар, қуаныш, өкінішін де аямаған өмірдің белді-белді кезеңдері – бәр-бәрісі ақын жүрегінің қорегі екен-ау деген ойда қаласың.''Көңіл күнінің'' соңғы бетін аударғандағы алғашқы әсеріміз осы болды.
 
Мұзафар – ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөзді емес, сезгені-түйгені мол ойдың ақыны. Ол сарыла жүріп тапқан әдемі ойын оқушысына жеткізу жолында әсіресе қызыл әсем сөзді, тастай қатқан ұйқасты, ұрдым-пердім ырғақты тәрік қылуға бар да, ойын көмескілеуге жоқ. Ақынның жорыққа бірге аттанған құрбысына арнаған "Шеру" деп аталатын қысқа ғана өлеңі бар.
 
"Жорық – сын жолға шақырып, 
Бізге де жеткен кезі еді... 
Бес қару жерге батырып, 
Еңсені жаншып езеді.
 
Ұрлана, аяп тарландар, 
Қарайды мұртсыз солдатқа. 
Екі айда есейіп алғандар, 
Еншілес енді сор-баққа.
 
Арқамыз әппақ сортаңнан, 
Келеміз көлдей бусанып. 
Бөлініп бірақ ортаңнан, 
Бүлк етер кім бар мұң шағып?!
 
Қанжоса аяқ қажалған, 
Әйтеуір, етік ішінде... 
Ауыр ма бейнет ажалдан?! 
Алдымда, соны түсін де".
 
Осы жыр, үстірт қараған адамға, жазылып біткен көп өлеңнің бірі сияқты. Айтпаса да белгілі ақиқат екендігінде дау жоқ Алып баратқан көркемдігі де шамалы, тіптен ұйқастары да арзан. Әйтседе, осы торт шумақта жүрек шымырлатар бір жылылық көңілге мұң ұялатар, алыстан үздігіп, әзер естіліп тұрған бір саз бар. Ол не?! Ол – адам өмірінің қысылтаяң кезеңіңдегі көңіл күйі. Ол – айналасы екі-ақ айда есейіп қалған, қанды майданға апарар жорық жолына бойларын басқан қаруының дүмімен із сызып баратқан екі жастың күдігі мен үрейі, жүрексіне тұрып жасаған бірінің біріне деген қайраты мен жігері. Ол – сахиба тарлан солдаттардың өздерімен бірге аттап келе жатқан өрімдей жастарға ұрлана қарап, өз бастарындағы мұңын ұмытқан дел-сал, тұңғиық сәті. Бірдің де, мыңның да басынан өткерген, Бұл күндері ұмыт болып баратқан отты дәуірдің сазы мен сарыны. Ақын сол сазды асықпай-саспай, қоңырлата шертіп, құрбысының құлағына құя білген.
 
Біз Мұзафарды ойдың ақыны дегенде, оның өз талантына, поэзия алдындағы жалтарып болмас жауапкершілікке алмағайып, атүсті кетіп, кейде тұщымас шығармалар беретіндігін тіптен де жасыра алмаймыз. Қолдан келсе, көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда түсін қашырмауға не жетсін! Суреткердің қарапайым адамдардан айырмашылығы – ойлаған ойып көріктендіріп, нанымды көркем тілмен тыңдаушысына я оқушысына жеткізу. Мұндай жағдайда, әсіресе ақын адамдардың бес қаруы бойында болғаны абзал. Талант табиғаты – ойлап білумен бірге айта да білуде.
 
"Көңіл күні" авторына бұрын да айтылған, үстемелеп бүгін де қайталауға тура келеді. Мұз-аға, сіздің бір басыңызға жұртыңыз қабылдаған ақындығыңыз, бейнетқор зерттеушілігіңіз жетіп жатыр. Парасатты ой мен ғұлама сөздер (афоризм) белгілі ой иесінің белгілі бір туындысының тұңғиығында жатқанымен, сөз түсінер саналы қауым үңіле отырып тауып алады, таниды, қолданар жерінде қажетіне тұтынады.
 
Міне, осыдан барып, ұлағатты сөздің атағына бола, тек қана ұлағатты өсиет қалдырам деген мақсатпен, нақыл, мақал мен мәтел деп ат қойып, айдар тағып, оның жолында соншама тер төгу жемісін бере қояр ма екен деген қорытынды шығады. Күдік тудырады. Жақсы жырлар жазылып, оның ішінде нақылға, мақал мен мәтелге айналатындай жақсы сөздері болсын: кетер де, келер де ұрпаққа қалдырар өсиет деген – сол.
 
Ғасырлар бойы қалыптасып, сом алтыннан соғылған халық даналығымен бәсеке таластырғандай, ойлы ақын таңдамаласының соңына нақылмен нүкте қойғаны көңілге сыйымсыз. Мәселен:
 
"Табаныңа жаншылған соң, 
Тауды да аяйды екенсің. 
Аяғыңа бас ұрған соң, 
Жауды да аяйды екенсің".
 
Автор осынысын рубаилар қатарына қосыпты, солай-ақ болсын. Алайда осы ойды халық "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш", – деп қадап тұрып бір-ақ айтпап па еді?!
 
"Мұхаңдай кең тыныс кемеңгер,
Мүрдеге сыяды демеңдер. 
Соны ойлап сайыздар тарынар, 
Тереңдер тереңге тереңдер".
 
болмаса:
 
"Күнім биік шықса күнде төбемнен 
Бұл өмірге талай өмір төленген. 
Рахаты үшін мехнатына көнем мен, 
Бұл өмірді жаннан қымбат көрем мен", –
 
деген тәріз рубаилар таңдамалыдан орып алуға қақысы жоқ еді. Бұл сияқты рубаилардан поэзия іздеп кінә артудың өзі ұят. Орынсыз мақсат қуалаушылық үлкен ақынның үлкен творчествосына кері ықпалын тигізе бастағанынан сақтандырмасқа болмайды!..
 
"Ізет көрсетсең, іркілмей" дейді Мұзағаң, "Сый қылсаң, сыпыра қыл" дейді халық, екеуін де еске ала отырып, Мұзафар Әлімбаевтың "Көңіл күні" таңдамалысын қорытындылауға тура келеді.
 
"Көңіл күні" – көргені мен түйгені мол, бергені де, берері де мол ойлы ақынның сан жылдар сарыла ізденген еңбегінің жемісі. Өткен жылы шыққан жыр кітаптарының бетке ұстарының біріншісі.
 
Тандамалыға енген "Естай-Қорлан", "Мен де Ильичтің баласы" – екі дастанның екеуі де ақынның әдебиет алдындағы арын танытар, эпикалық өрісін білдірер сом дүниелер. Әсіресе "Естай-Қорланда" ақынның шалқар шабыты мен азаматтық, өктем үні, зор таланты әр қырынан айқын көрінеді. Нағыз поэзиялық тебіреністен туған үрдіс туынды. бұл дастан – Мұзафар творчествосының бүгінге дейінгі туындыларының шырқау шыңы.
 
"Өткір көз томағасыз қаршығадай, 
Қадалса, жалт берердей жан шыдамай, 
Естайды қолқалайды қайта-қайта, 
Жиынға одан басқа әнші ұнамай..."
 
Немесе:
 
"Тағдырдың тәлкегіне тығырық көп, 
Үстіне жығылғанның жұдырық боп. 
Аңдайды алды-артыңнан азап-зәбір, 
Түтіні үзілместей шұбырып кеп. 
Қазағың жантықтардан құтылған ба: 
Түкіріп алақанға жұтынғанда, 
Домалап момын жатар...
Түлкі – Жантық 
Толтырып шыға келер ұртын қанға..."
 
Әрі қарай:
 
"Сырт көзге "сыры мәлім шамалылар" 
Сілкінсе, бір сәт құдай болары бар. 
Әркімнің Қобыланды болып бір күн, 
Алатын Қазаны бар – қамалы бар..."
 
Көріп отырсыздар, мұндай тұяғымен ор қазған тарлан ақынды аясы алақандай, тақ-тұқ рубаиларға қор қылуға болмайды. Мұндай дастаны бар "Көңіл күні" кітабының өмірінің ұзақтығына еш күмән болмасқа керек.
 
Айналамызда болып жатқан алуан түрлі құбылысқа әркім өз көзімен қарап, өзінше сезініп, өзінше қиып-пішіп, өзінше байламын жасау – табиғи заңдылық. Ойлы адамдар, оның үстіне ақындық дарыны бар суреткер адамдар қарапайым пенделердің назарына ілікпей қалған табиғат, өмір, дәуір процестерін байқағыш келетіні белгілі. Әсіресе ақынның жүрегінде сүзіліп, ақынның басына соқпай өтпейтін зәредей де өмір құбылыстары болмақ емес. Сол құбылыстардың жақсылығы мен жамандығына, қуанышы мен күйінішіне тереңірек бойлап, өзінше сезініп, сезініп қана қоймай, басқалардың сезімін оятып, аңғарғанын ағынан жарылып адалдықпен жеткізе жария ету – ақынға тән ерекшелік. Тек қана айтса айтқандай, ақынның ойы айқында нанымды, тілі түсінікті болсын деңіз. Тек оның дүниетанымының өрісі шалқар, өрісі кең болсын деңіз.
 
Ақындық мұң мен ақындық шаттық басқа да адамдардың басында бар екені ақиқат. Алайда ақындық мұң мен шаттық мүлде бөлек. Бөлектігі – оның сезім дүниесінің ерекшелігі. Басқалар мән бермеген нәрсеге мән беріп, өңсіз нәрсені әрлендіріп, жансыз нәрсеге жан бітіру. Бұл қасиеттер бойында жоқ ақынның барар жері белгілі.
 
Біз бүкіл әлем әдебиеті тарихынан бұрып да, бүгін де, поэзияның өзін классификациялап, ақындарды да сан түрлі сарапқа сап, эпик деп, лирик деп бөлетіндігін білеміз. Ол дұрыс та шығар, бірақ та бәленді "махаббат жыршысы", түгенді "табиғат жыршысы", тағы біреуді "адамгершілік жыршысы", тіпті ақырында "оптимист", "пессимист" деп атаудың өзі қалай болар екен?.. Бұлай болған жағдайда, Пушкиндер мен Абайларды қайсы класқа, қандай партаға отырғызудың өзі қиынға түспес пе екен? Дұрыс түсінерсіздер деп ойлаймын, әрине, Пушкиндер мен Абайлар алатын орнын алған, халықтан алған, біздің қамқорлығымызға оншама зәру емес олар. Айтайын дегеніміз біз бас қатырып жүрген оптимизм де, кездесе қалсақ айналып, орағытып өтуімізге тура келетін әлгі пессимизмі құрғырдың сезім түрткілерлік сиқыры да екеуіне бірдей қызмет етпеді ме? Қуаныш пен шаттық қайғы мен мұңға екеуі де қайрылмай кете алмаған ғой?! Адам сезімінің зерттеушісі бола тұра жалпы жұмыр басты пенделерге ортақ күйініш-сүйіншін айтпай ақын қайтіп тұра алмақ?! Қуанар сәтте жыласа, күйінер сәтте қуанса, мұның өзі с

Ұқсас материалдар