Қандастар Ассамблея

1969-жылғы қазақ поэзиясы

08.12.2012 5341
  1969-жылғы қазақ поэзиясы   Қазақ поэзиясы өзінің даму сатысында екендігін ғалымдарымыз, әдебиетшілеріміз, сыншыларымыз күн тәртібінен түсірмей айтып жүр. Иә, қазақ поэзиясы тынымсыз өсу, өркендеу кезеңін басынан өткеруде. Алаңда тіптен де шығар шыңына әлі көтерілген жоқ. Жалпы, поэзияның шығар шыңы, белгілі межесі болады дегенге сене қоюға болар ма екен?! Поэзия деген мынау құдіретті табиғат мінездес, уақытпен бірге өсіп, бірге өшіп, мәңгілік жаңарып, түлеп отыратын құбылыс емес пе? Демек, поэзияның шегі де, шыңы да жоқ өсуі, өрбуі, жаңару, жасаруы ғана бар. Біз осы қасиеттері арқылы поэзияны тануға тиістіміз. Шын талантты ақынды әншейін әуестенушіден, ақынды қарапайым адамнан ажырата білуге тиістіміз.   Иә, қазіргі қазақ поэзиясы даму сатысында. Өсіп-өркендеп отырған қазақ өнері нелер творчестволық кереметтер тудыруда. Бір кездегі босаң үнді бұйығы ақындарымыз бұл кездерде "мен – қазақпын" деп, өзінің іргелі ел екенін бар даусымен әлемге паш етуде. Жалпы қазақ өнеріне, қазақ поэзиясына кешегі Горький ірге тасын қалаған социалистік реализмнің ықпалы зор эсер етіп, нәтижелі жемістерін беруде.   Қазақ совет ақындары социалистік реализмнің рухын түсініп, оны творчестволық ізденістер мен толғаныстардың қасиетті ошағы екенін танып, оған қарап өздерінің бағытын түзеп келе жатқандығы баршамызға аян. Социалистік реализмді өз өнерлерінің Темірқазық жұлдызы деп танитын қазақ совет ақындары өз творчестволарында ұлттық тар шеңберде қалып қоймай, халықтар достығына, коммунистік интернационализмге барынша зейін қоюда. Қазақ ақындары социалистік реализмді сан салалы, жан-жақты творчестволық өсудің, ізденудің айқын бағыты деп түсінеді.   Өткен жылдың поэзиясын әңгімелегенде, өткен жылы жинақ ұсынып үлгермеген, бірақ қазіргі қазақ жырының жарауда жүрген бәйге боздарын атамай кету – маған қорқынышты.   Олар – қазақ фольклорын өзінің анасынан бетер құрметтеп, оның жаңару, түлеуіне батпандай еңбек сіңіріп жүрген, өзінің азаматтық үнге толы эпикалық жыр- дастандарымен жұртты таңдандырып жүрген тарлан да тарпаң ақын – Қалижан; ұлы дәуірдің ұлы дүбірінен екі елі қалмай, өзінің ойлы да ойнақы "Жылдар, Жылдарымен" қазақ интеллигенциясының басынан өткерген кезеңдерін керемет жырмен жария етіп жүрген қазақ поэзиясының көқдолысы – Хамит; қазақ жырының маржаны, қазақ тілінің сенімді құлы –Қуандық ақын өз өмірінің өгей баласы, бірақ қазақ жырының еркетотайы – Тоқаш.   Олар – поэзия әлеміне кеше келгендерімен, өздерінің ұстаған принципі бар, бағыт-бағдары бар, бірін-бірі бір де рет қайталамайтын, әрқайсысының артынан ерген поэзия мұрагерлері бар, поэзияның азапты сапарынан бұғалық сап тартсаң да бұрылмайтын – Ізтай мен Еркеш, Тұманбай мен Сағи, Қадыр мен Жұмекең. Поэзияның нақсүйерлері бұлар.   Көріп отырсыздар, жолдастар, "Қазақ әдебиеті" газетіндегі Бүйенбайдың тізімі мен осы тізімнің арасында жер мен көктей айырмашылық бар ғой деп ойлаймын. Әдеби тізім әркімнің еңбегіне қарай жасалғаны жөн, әдеби тізім алфавиттің ережесін сақтай бермейді.   Біздің осынау жиында әңгіме еткелі отырғанымыз, жолдастар, бір ғана, өткен 1969-жылдың жемісі. Әрқайсысының белгілі редакторы бар, талқыланған, өңделген, жөнделген, бұл күні поэзияға қомағай-құмар жандардың игілігіне айналған, көбісіне қауым өзінің бағасын да берген біздің жалғыз жанашырымыз "Жазушы" баспасынан шыққан белгілі де, әзірге белгісіз де ақындардың дүниелері. Ол – қазіргі қазақ жырының атасындай болып қалған Әбділда, ағасы болуға даяр тұрған Жұбан, Сырбай, бұларға үзеңгілес – Құрманғали, Жаппар, Мұзафар, Қайнекей, Ғафу, Қабдыкәрім, Әбдікәрім, Аманжол, Ғаббас, Қабыкендер болса, Сағимен басталып, "Жас керуенмен" аяқталған аралықтағы алуан түрлі жастардың жыр-дастандары.   1969-жылы өмірден ертерек кетіп қойған Әбдікәрім Оңалбаев, Әли Есмәмбетов, Бернияз Күлеев, Асқар Лекеров, тағы басқа замандастарымыздың аруағын ырза етіп, олардың қалдырып кеткен өз дүниелерінен өздеріне ескерткіш орнатыппыз.   Көріп отырсыздар, бір жылдың үлесіне беріп отырған қазақ поэзиясының сыбағасы оншама осал емес екен. Ірілі-ұсақты елуге тарта кітап, елуге тарта автор. Бұл осал дүние емес, жолдастар. Мұны бәріміз де қалам иелеріне деген, халықтың рухани өсуіне деген партиялық қамқорлық деп түсінеміз.   Елуге тарта автордың жинағына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысына үш минуттан тоқталғанның өзінде қаншама уақыт кететіндігін өздеріңіз есептей беріңіздер.   Менің үлесіме 1969-жылы жарық көрген поэзия кітаптары жөнінде пікір айту тиген. Солардың төңірегінде ғана өз қөзқарасымды Сіздердің талқылауларыңызға тастамақпын.   Өткен жылдың поэзиясының жалауын көтеріп шыққан әйгілі ақынымыз, драматург-ғалымымыз Әбділда Тәжібаев екендігін айттық. Әбекең творчествосы туралы нелер ғылыми пайымдаулар жасалып, нелер зерттеулер жүргізілген болар, сондықтан бұл жерде менің жүгім жеңілдеген сияқты. Тек бұрынғыларға қосымша айтарым: иә, Әбділда тұғыры мықты, алған бағыты айқын, үлкен парасат, үлкен ойдың ақыны! Оның "Аралдарынан" кейін қазақ поэзиясының ажары қалай өңделіп сала бергенін айтсақ та жеткілікті.   Алайда бүкіл дүниенің бүлк еткен тамырын басып, шиыршық атып отырған парасатты-гуманист ақынға дос пен достың, көрші мен көршінің арасындағы пенделік осал қылықтарға да көңіл аударып, оған да қасиетті поэзиядан орын беріп, тіпті кейде қайталап кетуіне өз басым онша ырза емен. Күзгі бұлттай ауыр жөңкілетін Әбекеңнің ауыр поэзиясының кейбір жеңіл, тіпті сайқымазаққа айналып кеткен өлеңдерін оқыс оқи қалсам, бетім тыз ете түседі.   "О, аспанның аласапыран бұлттары,  Түнермеңдер, төндірмеңдер уайымды.  Жетпей жатса сайтанға атар оттарың  Алсаңдаршы менің нажағайымды!"   Әбділда Тәжібаев осындай ақын. Өз басым оны осы деңгейде ғана танимын.   Өткен жылдың поэзиясын сөз еткенде, Жұбанның "Кісен ашқан", Сырбайдың "Қызыл аршасына" біршама тоқтап өткім келеді. Екеуі де салауатты сөз етпей болмайтын бүгін де, кесек дүниелер.   "Кісен ашқан" тек лирикалар жинағы болып тұрған жоқ. Бұнда байырғы Жұбанға тән, ымыраға келмейтін, асау, азаматтық әуез бен эпикалық құлаш ұрыс бірден байқалады. Туған жеріне, құрбы-құрдасына арналған өлеңдердің өзінде де қарымды ақын белгілі кезеңнің кеспелтектей бір уақиғасын алдына лақтырып тастайды. Мәселен, Жанболатқа арнаған "Сырласу" жырында Қуаныш азаматтың өмірін түйдік.   Жалпы, Жұбанның поэзиясындағы ерекшелік – ақын өзі дүниені қалай түсінсе, дәл солай, бүкпесіз, тіпті бояусыз-ақ батыл, көреген қарапайымдылықпен лақ еткізу.   "Қаншама бұл дүниеде кетік жатыр?  Біздерді жауапты қып кетіп жатыр.  Ұяты бар бір шашты ағартуға,  Сөгіс не, бір ескерту жетіп жатыр".   немесе:   "Бір шумақтың ұйқасын мың құраймын,  Тұрғызам деп бір жырды, мың қулаймын.  Ақын сорлы болса егер, мен сорлымын,  Ақын құдай болса тек, мен құдаймын".   Жұбан – эпик ақын. Лирика дейтін сұлуымызды эпикаға мықтап қызмет еттіріп жүрген ақын осы. "Кісен ашқандағы", "Ат дүбірі" дейтін өлең лирикалық шығармаға тіптен де ұқсамайды. Бұл – шағын эпикалық поэма. Қазақтай халықтың эмблемасы жылқы арқылы, оның дүбірі арқылы халықтың дәуірлер психологиясын суреттеу дегеніңіз әркімнің қолынан келе бермейді. "Ат дүбірі" – "Кісен ашқанның" апогейі.   Жырдың туу процесі де, жазылу процесі де қызық қой. Ақын жүрегінде заңды түрде пайда болып, белгілі ойлану-толғану эволюциясынан өтпей, ақын қиялын бірден желіктіріп ала жөнеліп, бір отырыс, бір-ақ демалыстан келген жыр ақын үшін бақыт, кейде сор. Мұндай дүние ақындықты көбіне сәтсіздікке ұрындырады. "Кісен ашқандағы" Жұбанның "Анкетама қосымшасы" – дәл осылай туған сәтсіз дүние. Көрнекті ақын, қоғам қайраткері, қанды жорыққа қатысқан жауынгер, өзінің творчестволық автопортретін осылай жасай ма екен?! Үлкен адамның өмірі үлкен оқиғалармен әдіптелу керек. Бұл көркем шығармадан гөрі, адамның өзіне өзі жазып алған мінездемесіне ұқсайды. Жинаққа бұл "анкета" бекер- ақ тігілген... "Кісен ашқандай" зор философиясы бар, салмақты дүниеге мұндай жеңіл нәрсенің енуі өкінішті.   Жолдастар!   Поэзияда ақынмен ылғи бірге жүретін "Мен" дейтін біреу барып бәріңіз де білесіз. "Менсіз" ақын болмайды. "Мен" – ақындардың космодромы сияқты, онсыз старт алуы қиып, "Менді" пайдалана білу – ақынның нағыз шеберлігі. Көбімізде сол "мен" көзге ұрып, айқай шақырып тұрады.   "Мен" қандай жағдайда мағыналы, қандай жағдайда керісінше, қазақ лирикасының зергері Сырбайдың "Қызыл аршасынан" іздеп көрелік:   "Қалдым туған қоныстан кетіп,  Салды тағдыр неше түрлі күйге әкемді,  Мені қараңғы эшелон соғысқа әкетіп,  Мені жарық эшелон үйге әкелді.   Кетерімде жыламадым,  Өз қатарым көп болғансын.  Келгенімде егіліп шыдамадым,  Соның көбі жоқ болғансын".   Міне, мұндағы "мен" – біздің емес, мыңның басында кездесетін әлеуметтік, қоғамдық "мен". Бұл жерде ақынның қадір-қасиетін өлеңнің өзі әйгілеп тұр. Өлең ақынды танытып тұр.   "Ашуым менің түн секілді  Айы менен жұлдызы жоқ,  Сәулелердің бір ізі жоқ,  Ашуым менің түн секілді.   Күлуім менің күн секілді,  Шұғылалары шашыраған.  Атылып жатқан ақ көбіктер,  Жаймашуақ жасыл алаң.  Күлуім менің күн секілді.   Кейде шат боп сүйінемін,  Тыныштықтың тынысындай,  Кейде ыза боп күйінемін,  Қара үңгірдің көз жетпейтін қуысындай.   Жұрттың бәрін жолдассынып,  Неде болса көзге айтамын,  Ақылымды қолбасшы ғып,  Ашуымнан тез қайтамын".   Бұл өлеңде "Мен" керісінше, ақын өзін өзі танытып тұр. Ешқандай да әлеуметтік ешнәрсе жоқ Тіпті, әлгі бір лирикалық герой арқылы берілетін көңіл күйі деуге де болмайды. Бұл – ақынның өзін өзі қорғауы, өзін өзі таныстыруы жұртқа. Сұрақ туады: алғашқы өлең неге жақсы, соңғы неге нашар? Алғашқы өлеңнің ауылы – ақиқат, бұл – бір, екінші, соғысты барынша жек көру, ол туралы барынша ақиқатты айту–кешегі жаралы, жауынгер Сырбай ақынның етене (родная) стихиясы. Оның "Соғыстан қайтқан солдаттары" естеріңізде ғой. "Қызыл аршаны" аралар алдындағы бұл біздің кішкентай шегінісіміз.   "Өткіздім мен өмірдің қанды қысын,  Талай бүрді бүркіттей жауды мысым,  Жауаптымын өмірде барлығы үшін,  Мен көтерсем шарапты көтердім тек  Жер шарының бүтіндік, саулығы үшін!" –   деп басталып,   "Біздердің жаңылыс қадамымыз,  Дұрыс көңіліміз, Сонау жастық шаққа жолыққандай,  Ақтарамыз ескі газеттердің өмірін біз", –   деген өлең жолдарымен жабылатын кішкентай "Қызыл аршаның" көтеріп тұрған жүгі үлкен.   Кішкентай ғана жинақта жырланбаған жәйттер жоқ бәрі де бар. Географиялық картасы қандай ауқымды десеңізші! Мұнда ұланғайыр Қазақстан, туысқан республикалар. Кішкентай "Қызыл арша" қалай сынып кетпей тұр деп, тіптен адамның жаны ашиды. Алайда абайлап, ойлап оқып қарасаң, ол заңды да екен. Сырбай сөздің емес, сезімнің ақыны екеніне оқушы көзі талы да құныға түскендей.   "Көрдім түнде найзағайдың өлгенін,  От боп лаулап, бір мезетте сөнгенін.  Шұғыласы шоқ-шоқ болып шашырап,  Құлап түскен секілденді жерге күн.   Құдірет көріп айтсақ тағы атын мың,  Көрдік көкте өлген көзін атомның,  Мен өлгенін көрген жоқпын аққудың,  Мен өлгенін көрген жоқпын ақынның", –   деген жыр шумақтары түсінер жүрекке қандай әсер ететіні айтпастан-ақ белгілі. Сонымен бірге бұл жинақта Ленинге, революцияға арналған көптеген сәтті өлеңдері бар.   "Балаларға айтатын,  Аңыздар көп,  Соны айтпай келеміз  Қарыздар боп", –   деген ақынның өз сөзі ең алдымен өзіне міндеттелген жүк екенін өзі де, өзіміз де есте тұтуға тұрарлық.   Сырбай мен Жұбан екеуі бір заманның, бір қоғамның, тіпті бір ұрпақтың ақындары болғанымен, екеуі екі түрлі. Біріне бірі мүлде ұқсамайтын, аралары жер мен көктей. Алайда осы екі ақынның арасында бір творчестволық жақындық творчестволық туыстық байқалады. Сірә да ол ұрпақтас, ұрандас, тағдырлас, замандастықтарынан болар, әйтеуір, бір творчестволық бауырластықтары айқын сезіледі. Оны мен екі ақынның да алған поэзиясынан, ұстаған принципінен, әсіресе екеуінің де асқақ та ұстамды, терең философияға толы азаматтық үндерінен аңғардым. Соғыс майданындағы, әдебиет майданындағы бір полктің солдаттарының мұншама творчестволық туыстықтары заңды да ғой.   "Мен аманат етем саған Жарқын өмірбаянымды, бал тәттім. Соның өзі-ақ жетер саған – Ол – тағдыры коммунистің, солдаттың".   деп Жұбан айтса,   "Туған елге арнадым жыр-дұғамды,  Берді ол қолға қырмызы туды мәңгі. Скульптор егерде соқса мені,  Соқса болды жаралы сол қолымды,  Соқса болды оқ тескен дулығамды", –   дейді Сырбай. Тюрчестволық туыстас ақындар дейтінім осы оларды.   1969-жылдың поэзиясы "Кісен ашқан", "Қызыларшамен" шектелмек емес, әрине. Сол жылы жарық көрген жақсы лирикалардың мысын басып тұрған осы екеуі деуден мүлде аулақпын.   Өткен жылғы жақсы поэзияның қатарына ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын, бейнетқор да еңбекқор ақын Мұзафар Әлімбаевтың "Өшпес от" деп аталған жақсы кітабын қоймасқа қақым жоқ. Мұндағы "Естай – Қорлан" дастаны, сөз жоқ, Мұзафардың творчестволық та, поэтикалық та жеңісі, мақтанышы. Бірақ бұл дастан жөнінде мен әзірге ештеңе дей алмаймын. Поэма туралы талдауға маған право берілген жоқ   Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағайындардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің творчествосын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды әлі кездестірген емен.   Өнер адамдарының тағдыры қызып, жолдастар, алайда әрбір қалам иесіне абай боп, байыппен қарап, барып бар, жоғын жоқ деп айтудан сауап ешнәрсе болмасқа керек. Бұл жерде мен әдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің құлағына алтыннан сырға іліп тұрмын...   Мұзафар коп ізденгіш ақын дедік. Өздеріңізге белгілі, іздену дегеніміз шыңға да шығарады, шыңырауға да түсіреді. Мұзафар іздеп тапқан да болар, таба алмай қарманып қалған жайлары да болған шығар, әйтеуір, бұдан ақын мына "Өшпес отында" қорлық көрмепті. Ақынның "Бозторғай" өлеңін оқып көрелік:   "Таң ата алакеуімде,  Бозторғай – дала бұлбұлы  Ләззатын сыйлап көңілге,  Тынбайды нәзік шырылы.   Басындай ғана бармақтың  Әуеге өзін ілуі-ай!  Ұшында екі қанаттың  Балапан толқын дірілі-ай!"   Өңештің кеңі не керек,  Өкірген сайын кеңейген?!  Сыбызғы күй де керемет  Төгілген қылдай көмейден!   "Сыбызға-сыйың алда көп,  Самалын есіп, таң атты.  Ерте оян, қапы қалма!" – деп,  Шырылдап тұрған сияқты".   Кірпік қаққандай өмірдің осы бір кірпік қаққандай сәтін кірпік қаққандай жырмен айта білу деген осындай-ақ болар. Торғай дірілін тоқи білген ақынның әлдеқандай әумесер жандарға айтатын өктем үні де бар екен.   "Нанбаңдар бейпіл тантыққа  Адамнан адам артық па?!  Нанбаңдар жауыз жантыққа  Халықтан халық артық па?!   Балаңнан балаң кем де емес,  Ақыл мен ойға кенде емес.  Адамнан адам кем емес,  Халықтан халық кенже емес".   "Өшпес оттың" өкіндірер жерлері де баршылық. Әлгіндей әдемі поэзиядан кейін жинаққа әзіл-сықақ мақал-мәтел, рубаилар араласып кетеді де, бөрі бірігіп, бір қоймалжың философия жасайды. Кейде бір ғана жақсы өлең ақынның тағдырын шыңға шығарып, кейде бір ғана жаман өлең ақын тағдырын шыңырауға құлататындығын Мұзафар ақын біледі деп ойлаймын.   Өткен жылы жарық көрген өлең кітаптардың ішінен Жаппар Өмірбековтің "Көңілімнің құстары", Қайнекей Жармағамбетовтың "Дәурен", Аманжол Шамкеновтың "Жайлау күні", Қабдыкәрім Ыдырысовтың "Шуақты күндер", Ғаббас Жұмабаевтың "Көктөбесін" ерекше атап өткім келеді.   Бұл ақындардың қайсысы болмасын біздің заманымыздың рухын, адамдарымыздың адамгершілік қарым-қатынасын, коммунистік болмысты барынша өз үндерімен, өз пафостарымен жырлаған.   Бір білімдар: "Егер ақыңды танығың келсе, оның туып-өскен Отанын көр, сонымен таныс", – депті. Осы бір қағиданы сәл түзетіп, сәл бұрмалап айтқым бар. "Егер ақынды танығың келсе, оның өміріне, өткізген творчестволық жолына, оның тағдырына үңіліп көр", – дер едім. Халық басына қара күн туған сонау отты, ойранды жылдарда біздер "Көкті баламен" танысып едік. Сол бір "Көкті бала" ауыл сахнасынан, мектеп сахнасынан түспейтін. Біз одан кейін де Қайнекей ақынның әдемі өлең-балладаларын оқыдық. Қазақ поэзиясының қарапайым той торысы осы бір адамның 50 жылдық творчестволық өмірінің қортыңдысындай болған "Дәурені" менің қара басымды қатты қуантты. "Дәуреннен" бүкіл бір адам ғұмырының жарты ғасырлық қортындысын ұғындым. Мынадай өлең жолдары үңіле қарамауыма, бұрылып сәлем бере кетпеуіме еркімді қоймады:   "Өскенді де көргенбіз,  Бөскенді де көргенбіз.  Өсіп, бөсіп ақыры  Өшкенді де көргенбіз.   Асқанды да көргенбіз,  Тасқанды да көргенбіз.  Асып, тасып ақыры  Сасқанды да көргенбіз"   дейді ақын.   Аумалы-төкпелі адам ғұмырының бұл тек көлеңкелі жағы деп ешкім де айтпасқа, ойламасқа керек. Аумалы-төкпелі адам ғұмырының ақиқаты мен шындығы іспеттес осы өлең. Тіптен де ақыл айту, тәубасына келген жалған мещандық емес бұл өлең. Бұл өлең – ақын жүрегінің ұяты мен уайымы.   1969-жылдың жалпы қазіргі қазақ поэзиясын сөз еткенде, Ғафудай саңлақ сергек ақынның жырына соқпай өте шығу исі қазақ әдебиетіне жасалған қиянат деп ойлаймын. Туған өлкені, туған республиканы Ғафудай сүйіп, Ғафудай тебірене қазақы жырлайтын ақын бізде, жасыратыны жоқ көп емес. Халқымыздың поэтикалық бай фольклорын өзінің ақындық өнеріне арқау ете біліп, оны әудем жерге бір қозғап тастауға да осы ақынның істеген бейнеті аз емес.   Ақынның "Алтын бесігінде" біздің дарқан республикамыздың біршама аймақтары барынша тебірене, толғана жыр өзегі болған. Ақынның сезімтал да мазасыз жүрегі сол аймақтың суымен бірге толқындап, самалымен бірге есіп, адамымен бірге шаттанып, бірге тірлік етеді. Салған жерден саңқылдап шыға келетін тарлан ақынның тамаша үнін естиміз. Адамын құрметтейтін, ақынын құрметтейтін дарқан өлкеге ерке ақынның назын, риясыз адамгершілігін аңғарамыз.   "Кеудеге туған жердің нәрін жинап,  Жыр құйған ақындардың бәрі қымбат.  Солардың бірі өмірден кеткен сайын,  Қалады қаным құрғап, тауым қирап.   Кең өлкем, сенің көркің жақсы-ақ шығар,  Солар ғой одан сайын мақтап шығар.  Солармен сен асылсың, сен қымбатсың,  Өсірген өңшең өрім, аппақ шынар.   Бір солар сені мұнша әулие еткен.  Шыға алмай қалғаныңда қалың өрттен,  Солардың құлын даусы шұрқыраған,  Ажалдың апатынан алып өткен.   Тиме сен, сүй оларды, қорға оларды,  Баққанша басқа масыл қарғаларды,  Қолдағы бар тұйғынның қадірін біл,  Қорлама, қолтықта да қолда мәңгі!   Көпсінбе, солар қаптап кетсін мейлі,  Бәрі де сенің қолың жетсін – дейді.  Олардың ең байғұсы сен деп өлер,  Көпсінбе, аспан құсын көпсінбейді", –   дейді. Ақындыққа, азаматтыққа араша болу осындай-ақ болар. Рас айтылған сөз, халық– өзінің азаматымен, даңқын жырға бөлер ақынымен халық 1969-жылдың поэзиясында шоқтығы шығып тұрған жинақ – Ғафудың осы "Алтын бесігі".   Біз үлкеніміз үлкендей, кішіміз кішідей аға сыйлап, іні тәрбиелеп өскен халықпыз. "Әкесі тұрып, ұлы, шешесі тұрып, қызы сөйлегеннен без" деген бабамыздың қағидасын пір тұтқан халықпыз. Өнерде де, өмірде де алдымен жолды ағаларымызға беруді үйренгеміз. Ол тәлімнен аттап кетуге арымыз жібермейді біздің. Сол дәстүрді еске алып, алдымен аға ұрпақтар туралы біршама пікір айттық. Мен енді өзімнің қаламдас құрбыларым, іні-қарындастарым жөнінде де тоқтала кетуді борышым деп санаймын. Және де менің құрбыларымның творчестволары ауыз тұщытып айтуға толық татиды ғой деп ойлаймын. Амал не, өткен жылы менің құрбыларымның тіпті барлығы дерлік өлең кітаптарын ұсынбапты. Сағи, Бекен, Құдаш үшеуінен бөлектері тізімде жоқ! Бұларға да шүкір.   Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойныңда әдемі, құйттай жез қоңырауы бар еді. Оның сыңғыры сұмдық тұнық тұғын. Жылқылар жайылғанда да, жусағанда да, күндіз де, түнде де сол жез қоңыраудың үні бірде о жерден, бірде бұ жерден дыбыс беріп қояр еді, бір түрлі рахат, бір түрлі сүйкімді естілетін. Жылқы жусап жатса, анда-санда бір ғана сыңғыр етіп, "тыныштық қорқпа!" дегендей, ал қайсыбір мазасыз түнде жылқы үрке қалса, жез қоңырау толассыз шырылдап беретін. Көзге түртсе белгісіз түнекте табыннан адасып қалсақ әлдеқайда алыстан үздігіп естілген жез қоңыраудың үнін бағытқа алып, үйір-үйір жылқымызды жинап алатын едік. Жез қоңыраудың қасиеті солай еді.   Сағидың поэзиясы – мен үшін сол жез қоңырау. Бірде-бір артық сөзі жоқ бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ артық өлшем, жетпей жығылу дегендерді іздесе таптырмайтын Сағи поэзиясы сол жез қоңырауды елестетеді. Қандай да затты, қандай да қимыл-құбылысты алмасын, Сағи оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды. Міне, мен оз басым, оның өлеңдеріндегі кейде бір ой, тақырып, образ қайталауы сияқты кінәларын кешіремін. Оқи отырып, тіпті ол кемшіліктерін байқағым да келмейді. Себебі, сиқыр, оллаһи, сиқыр! Нағыз лириктің құдіреті осынысында болса керек! "Оркиігіндегі" "Оркиігін" оқып берейін.   "Бір уыс бұлттай бал дене,  Суырылып шығып ақ нұрдан,  Көзімнен ұшқан сәуледей,  Зу ете түсті-ау алдымнан...   Жөнелді-ау желмен өбісіп,  Тұңғиық түпсіз аймаққа...  Жалғанның жалғыз серісі,  Барасың жалғыз қай жаққа?!   Басыңа қандай туды күн,  Қалды ма көңілің жай елден,  Құйын боп жүрген мұңлығым,  Құтылармысың қатерден?!   Еркеле қырдың таңына,  Жанарың шықтай мөлдіреп, Кездесермісің тағы да,  Көрісермісің соңғы рет.   Сен бе едің алау шаттығым,  Зуылдап өтер бір келіп.  Дүниенің мөлдір пәктігі  Өзіңмен ғана жүр ме еріп.   Кеттің-ау бетке күнді ұстап,  Шыққандай жаңа пейіштен...  Сен ұшқан жаққа бірге ұшты-ау,  Менің бір аппақ періштем".   Мен бұл лириканың (өлеңнің емес) құдіретін дәлелдеп жатпаймын. Тек мынаған назар аударыңыздар. Бірінші шумақтың төртінші жолындағы "зу ете түсті-ау алдымнан" дегендегі "түсті-ау" дың "ау" дейтін шылауын, екінші шумақтағы "жөнелді-ау" дың "ау" шылауын алып тастап, ең соңғы шумақтағы "кеттің-ау бетке күнді ұстап" тағы "кеттің-ау" дың "ау" шылауын алып тастап оқып көріңізші, лирика нендей халге түсер екен? "Зу ете түсті, жөнелді, кетті" дегендей ешқандай динамикасыз, харакетсіз, баяндау қалпында өлең болып қала берген болар еді. Бұл жердегі "ау" шылауы дәл осы сәтте ақынның аузынан лап еткен ақ жалынын, өкінішін аңғартып отыр. Осы "ау" шылауы дәл осы сәтте осы өлеңнің стержені болып тұр. Тіпті шылаудың өзінің лирикада қандай нәзіктік атқарып тұрғанына көзіміз жетті ғой. Ендеше, нәзіктікпен байқап-байқап қатынас жасайық. Нәзіктікке сотқарлау сыншының сойқан балғасы емес, арудың бір тал шашы да ауыр тиюі мүмкін... Мына бір өлеңге назар аударып көрейік:   "Ошақта қалды от өліп,  Сипаймын жылы денесін.  Көзімді жаймен көтеріп,  Көремін жалын елесін.   Отырмын күлді уыстап,  Сең-тоғыс ойлар жанымда.  Мынау күл қалай туыспақ.  Алмас жүз, асау жалынға?! Бір сәтте күлге жан бітіп,  Қолымды қыршып алғаны.   Бұрқ ете түсті шаңғытып,  Қасқыр көз шоқ боп ар жағы.   Шоқ жатыр көзі қанталап,  Жасырған жүзін күлменен.  Жел соқса ұшар анталап,  Қып-қызыл өрт қой бұл деген!"   Бұл да осы жылдың тәуір өлеңі. Былайша қарағанда, ештеңе де емес сияқты. Өшкен оттың күлімен ойнап отырған лирикалық герой күл астындағы оттан қалған қозға қалың қыршытып алады. Мұнда тұрған не бар? Тіпті, ақынның өшкен оттың қозындағы күлде не шаруасы бар дегендей ат үсті сұрақтар да қоюға болар еді. Алайда ақынның дүние танымы, оның күлге деген көзқарасы мүлде бөлек екен. "Мынау күл қалай туыспақ Алмас жүз асау жалынға?!" – деп аңырады. Ақын жүрегінде өмірдің өткен де кеткен бір сәтіне деген аянышты бір діріл бар... Мүмкін, ақын осы сөнген от арқылы өз өмірін де, өзгенің өмірін де ойлайтын шығар, лап етіп жастық шақты да есіне алған болар?! Дәл осылай ма, жоқ па, әйтеуір, оты өшкен ошақ ақынды мазалай береді. Ол оның "жылы денесін сипайды". Бірақ осы бір азадай ауыр басталған жыр кейінгі екі шумақта шұғыл бұрылыс жасайды да, "Қасқыр көз шоқ" көрінеді. Өшкен отқа өкініп отырған лирикалық герой мынадай оқыс оқиғадан секем алып, "қып-қызыл өрт қай бұл деген!" – деп, әлгіндегі көңіл мұңы үрейге айналады. Бар-жоғы 16 жол өлең осыншама толқуға салады. Жәйбарақат жатқан адам психологиясын оятып, оның сезімін қытықтайды. Лириканың сиқырлығы да осында жатыр. * * *   1969-жылы жарық көрген сәтті туындыларға Құдаш Мұқашевтің "Дүбірін", Оразақын Асқардың "Мейірімін", Жүсіп Қыдыровтың "Жұлдыздағы жолын", Қайрат Жұмағалиевтің "Айнамкөзін", біздің ақын қарындастарымыз Рзаның "Жаннат жерін", Ақұштаптың "Назын" жатқызуға болады.   Жуырда дүниеге келген "Жас керуен" жөнінде әзірге пәлендей пікір айтуым қиын. Оның үстіне "Жас керуенге" 58 автор қатынасыпты. Жасыратыны жоқ, көбінің шығармасын былай қойғанда, аты-жөні де таныс емес. 58 автор, әрине, көптеу. Әдебиеттегі жұмысшы күшін қаптата берудің орнына, талантты, тартымды шығармаларды тани біліп, соларға кең жол ашқан абзал ғой...   Шағын жинаққа енген 58 автордың шағын өлеңдеріне қарап, сен ақынсың, бері кел, сен ақын емессің, ары кет деуге аузым бармайды. Оған қосымша, жасыратыны жоқ осы жинақтың редакторы Сағидың ықпалы, оның жонып, ұштап жіберген авторлары да аз емес екендігін түйіндім. бұл да бір пікір айтуды қиындататын жәйт.   "Жас керуен" бір қараған көзге, бір сыдыртып оқып шығуға тұрарлық ақындық сапарға аяқ басқан жастардың жақсы өлеңдерінің жиынтығы сияқты. Бұл жинақтан орашолақ ұйқас, орыпсыз ырғақтарды табуыңыз қиын. Барлығы да етек-жеңі түрулі, тап-тұйнақтай өлеңдер. Қазіргі қазақ поэзиясының өлең құрылымы үлгілерін жастар мықтап меңгеріп алғандықтары көрініп-ақ тұр. Алайда "Жас керуенді" оқи отырып, өлең жазудың ғана емес, тіптен ой түйіндеудің соншалықты оңай, жеңілдеп кеткендігінен сақтанбасқа болмайды. Өмір туралы, бақыт, адамгершілік туралы, туған жер, халқымыздың жақсы дәстүрі туралы жыр етуге бәріміз де құмармыз. Бірақ осындай жалпы тақырыптың жалаң абстракцияға соқтыратындығын ескере бермейтін сияқтымыз. Менімше, жалпы халық туралы өлең жазудан гөрі, сол халықтың жекелеген мырқымбайлары жөнінде жырлау әлдеқайда күрделі де қиып. Ақ қайың туралы жырлау оңай ма немесе сол қайыңнан мезгілсіз ұшып түскен жалғыз тал жапырақты өлең ету оңай ма, оны ақындардың іші біледі.   "Жас керуендегі" ортақ тақырыптылық бірінің ойып бірі қайталаушылық осыдан барып туған.   Жас керуеннің аты – жас керуен ғой, жастар жыр сапарына керуен тартқан екен, мақұл, жолдары болсын, алайда поэзиясының азабы мен арпалысына олар төзе ала ма, жоқ па оны болашақ көрсетер.   Айтар ауызға жеңіл болғанымен, бір халықтың бір жылғы поэзиясын айналасы 40-50 минутта қорытындылап шығару деген көңілге қонбайды-ақ. Әрбір кітапта бір-бір ақынның өмірі, ойы мен биігі, түйсік сезімі жатады. Әйтсе де, тыңдаушыларға өткен жылдың поэзиясынан біршама хабар беруге алған міндетімді аяқтай келе сәл қортынды жасағым бар.    Қазақ поэзиясы, сөз жоқ өзінің даму сатысында. Біріне бірі үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әралуан ақындарымыз осу, өрбу үстінде. Түр, мазмұн төңірегінде, көркем образ жасауда ақындар толассыз ізденуде. Көбі оны тауып та, көбі қалып та жатыр. Қуантарлық жай сол, сөз жоқ ізденіс, ізденіс, ізденіс. Сол ізденістерден мынадай жәйттарды аңғардық   Ақындарымыз абстракциялық ойланудан бірте-бірте айығып, өмірдегі нақтылы межені, нақтылы қимыл-харекетті дөп басып айтуға, қаламға ілінген қандай да затты болмасын оған барар кілтті дәл тауып, батыл айтып машықтана бастаған. Оқушының жүйесін тербеп, сезімін оята жырлауды мақсат ете бастаған. Кәрі, жасымыз бірдей баяғы мыңдаған жол ұзақ дастандарды әзірге қалдыра тұрып, лирика деп аталатын ауылға аттандық Керемет керемет болмай қалған, таңғажайып тамашалардың өзі де сезімімізді оншама селт еткізе қоймайтын осынау керемет дүниенің бәрі стартта тұрған асығыс, аласапыран ғасырда, адамдардың әуелгі, сәбилік сезімін сақтап қалу үшін ақындар жансала аласұруда. Сондықтан да олар аз сөзбен көп түйінді шешуге, аз күліп, көп уайымдауға, аз ұйқтап, көп ойлануға тура келеді. Біздің қазақ ақындары дамудың осы бір толғанып бастарынан кешуде. Әбділдамыздан бастап Қайратымызға дейін адам санасының тұнықтығына, адам сезімін оң пәктігіне араша түсуде. Бұл, сөз жоқ жақсы да жанды құбылыс, өсетін, өрбитін құбылыс. Адамның тек қана адамның адал сезімін мына алапат ғасырдың шаң-тозаңдарынан, сәуле-шашырандыларынан қалай да қорғап қалу–жалпы дүниежүзі ақындарының қазіргі замандағы миссиясы осы.   Демек, осындай миссияны орындап шығу үшін ақын болу, тіпті лирик болу аз, әрине. Күрескер болу керек. Ал күрескер болу – азамат болу деген сөз. Өз дәуірінің, өзі өмір сүріп отырған қоғамының азаматы болу дегеніміз асқан жауапкершілікті керек етеді. Ал ақын дегеніміз – өз дәуірінің бірінші нөмірлі азаматы.   Ақындарымыздың жинақтарын оқу үстінде, күн тәртібінен туспей келе жатқан мәселе – азаматтық әуеннің тапшылығына көзім жетті. Азаматтық әуен тек қана ұрамен, жасасынмен ғана жасалады, оның жұртқа қажеті шамалы деген тоғышарлық теріс ұғымға бойұрған ақынның өз обалы өзіне, ондай ақынды қарғыс атсын. Рас, азаматтықты жырлау – әлдеқайда күрделі де қиын. Азаматтықты жырлау үшін, талас жоқ бір ғана талант жеткіліксіз. Ол ақынның дүниетанымын, талғам, қала берді, ағыл-тегіл эрудициясын керек етеді. Азаматтық үн айқайға ұласпайтындай, азаматтық бірінші, бас скрипка барабанға ұқсамайтындай терең мағыналы азаматтық поэзияға аттанатын уақыт жетті, жолдастар!    

 

1969-жылғы қазақ поэзиясы
 
Қазақ поэзиясы өзінің даму сатысында екендігін ғалымдарымыз, әдебиетшілеріміз, сыншыларым

Ұқсас материалдар