Қандастар Ассамблея

Қартайдық, қайғы ойладық

07.12.2012 3960
  Қартайдық, қайғы ойладық (АБАЙ) «Тоқырау» атанған кезеңді өтіп, «Қайта құру» делінген заман тұсында мен Қазақстан Жазушылары одағының секретариатына өз жұмысымнан есеп берген екем. Соңғы он жыл ішінде атқарған істерімнің бірсыпырасы сонда айтылыпты. Сондағы әңгімені кейінгі ic-әрекетіммен толықтырсам, оқырман жетпіс пен сексен жасым аралығында менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай, заман ағымымен менің арақатынасымды да аңғара алатын секілді. Сондықтан бұндағы ашық айтылған әңгімені шығармашылық туралы шығарма деп те, кәрі автордың кәнігі достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар, өмірімде тым болмаса бір мәрте соңғы соқпағыма сол да бір көз жіберіп көрсінші дедім. Жасы ұлғайған адамның мұндай шешімге келу себебі айтпаса да түсінікті ғой... Әлгі кабинеттегі әңгіме былайша басталып, былайша өрбіген екен: Он жасында өлең сөзімен әуестеніп, жиырма жасында жазғандары баспа жүзін көрген әдебиетші едім. Содан бері де шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін өзі жинақтай бастайтын секілді. Осы жолғы Сіздердің тілек-талаптарыңыз да өз лабораториямды осылайша сезінуіме себін тигізді. Сол үшін-ақ Сіздерге рахмет жаудырамын! Есеп беруге кірісер алдында мынадай мағлұматтар бере кеткен де теріс болмас: Соңғы үш жылға дейінгі тиянақталған шаруа деп төл поэзиямның үш томдығы, прозаның қысқа жанрынан іріктелген (новелла, эссе, көркем очерк, көсемсөз) бір томдық жарық көргенін айтар едім. Бұдан басқалары, атап айтқанда, сахнаға, саз өнеріне тәуелді туындыларым, әдебиет туралы әр кездегі ой-пікірлерім өзге тілдерден қазақ тіліне аударғандарым, — бәрі де әр тұста шашылған күйінде қалып тұр. Алла абыройсыз қылмаған соң шүкіршілігімді несін жасырайын, мен һәм менің туындыларым туралы жұртшылық пікірі де бір кітап құрайтыны достар қатерінде болғаны жөн... Жә, енді іске кіріселік. Әуелгі сөз бұл күндердегі менің шығармашылық принципім хақында. Халқымыз қай заманда да енжарлықты құптамаған, қатты-қатты шенеген. Ондайларға ашу-ызаны Абай да аспаннан алмаған, елдің шымбайыма батқан шындық болатын. Бұл тұрғыда ел өзінің азаматына имандай сенсе, алдымен сол сенімге ақын иелік еткен. Ел қатарлы парызымды етегелі ажалмен — фашистермен жағаласқан жаман күндерде де осы принцип желеп-жебегендей еді. Арқа-жонды еңбекпен арытпай абырой таппасымды жетім күннің өзінде-ақ жетік біліп үлгергем. Қазір де менің көз алдымда еңбексіз құлай құшардай ештеңе жоқ. Оның үстіне неге де, кімге де енжар қарай алмаймын. Кімнің аузынан шықса да көкірегіме ұяламаған уағыз менен қолдау таппайды. Сол принцип те әркімге әр қилы әсер қалдырады. Құдай солай жаратқан соң оған қылар амал қайсы?!. Соңғы үш, үш жарым жыл ішінде ел өмірі ересен зор өзгерістерді бастан кешірді. Тарихты әділетті жолмен тәртіпке келтіріп жатырмыз. Бұның өзі Қазан төңкерісінің жетпіс жылдығымен тұспа-тұс келе қалды. Осылайша сәтімен орайласқан оқиғалар маған бір емес, үш бірдей поэма жаздырды. Үшеуі өзара сабақтас үшеуіне ортақ сыр біреуінен біреуіне ұласып жатқандай. «Суыт жүріс» деп аталатын біріншісінде қазақтың біріне бірін жауықтырып қырғынға ұшыратқан Қоқан хандығы мен орыс патшалығының залым саясатын әшкерелегендерді, атап айтқанда Шоқан Уәлиханов пен Сүйінбай Аронұлының ортақ ic-әрекетін суреттеуді мақсат еттім. Осынау екі алыптың аңсаған шындығы сипатында Қазақ төңкерісінің қазақ аулындағы алғашқы жеңісін алып, сопы «Сурет сыры» делінетін дастаныма өзек еттім. Бұнда халқымыздың басына әңгіртаяқ ойнатқан казачество тәртібі талқандалып, Қазақтың өз жеріне иелік етерін тағыда бір толғап көрейінші дедім. Ширек ғасырдан бері жалғастырып келе жатқан «Жылдар, жылдар» атты поэмалар топтамасының үшінші штабын Қазақстандағы «Қайта құру» дәуіріне жетелеп әкелдім. Дәлірек айтқанда, жылнама іспетті үлкен дүнием менің өзімді осыған жетелеп әкелді. Бұл шығармада Республиканың кешегі бір қалғып кеткен қалпынан оқыс оянған сілкінісі көрініс берсін дедім. Жуық арада жойылып бітпесін білсем де, сойқан қылықтарға қарсы соғыс жарияладым: Мансапқор, жағымпаз, жалақор, жікшіл, парақор, жүзге бөлгіштерге нәлет айту барысында өзім де бір сыдырғы шер тарқатқан секілдімін. Өзге өлең, балладаларыма келсем, жағдай төмендегідей; Әз тұрғыластарым — соғыс пен еңбек ардагерлері осынау сын сағаттарда ел алдынан көрінбегенде, оңайлықпен оңғарылмай жатқан істің, басындағыларға ағалық ақыл қоспағанда қайтпек?.. Дара-қылық бел алған шақта отбасының өшуі, шаңырақ шайқалысы молайған тәрізді. Содан мәңгі тірі аяулымыз деп жүрген махаббаттың өзі зақымдалмады ма екен?.. Махаббат тарыққанның қашып тығылатын жан саясы емес пе еді?.. Арақатынасымыз бері салғанда дүрдараз күйге ауысқан табиғатпен табысу жағымыз не халде?.. Осы сияқты тақырыптарға көптеген өлеңдер жазып, әлгі сұрақтарға өзімше жауап бердім. Сөйттім де, әлгі, ұлылы-кішілі шығармалардан «Жедел Толғау» деген атпен он баспа табақ кітап құрастырдым. Оны «Жазушы» баспасы өткен жылдың бас шенінде оқырман қолына тигізді. Өтірік айтып жүрмесе, «Социалистік Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдызда» пікір айтқандар кітабымды ризашылықпен атады. Бәлкім рас та шығар. Өйткені, сондағы жырлардың өздері де өтірік сөйлемеген секілді еді. Дұрыс десеңіз де, бұрыс десеңіз де бір шындық: Осы тұстағы жырларымда күрсіне отырып бас шайқау басымырақ. Басқаша айтсақ, енді қол жеткен шын сөз бостандығы жағдайында менің жырларым құрық әкеткен асаудай ашына сілтейтінді шығарды. Көкейдегі көп түйткілдің түтіге сыртқа тебуі қапы кеткен жерлермен қатар, кезінде ашып айта алмаған қатігездікті де дұрыстап қармасам деді. Оны әсіресе әлгі кітаптан кейінгі туындыларымнан көбірек байқауға болар еді. Менің жазу столымның тартпасында торкөз сызықтары бар екі жүз беттік қалың дәптер жатыр. Соның жиі сызылған жолдарына жаңа жырларымды түгел түсіріп келемін. Оның беттері де түгесілуге жақын. Бұндағы жырлар көбінше топтама (цикл) түрінде жазылған. Алған тақырыпты жан-жақты саумалаудан құдды көген бұршақтарындай түйіншектер түзіледі екен. Әуелі солардың маусымдық басылымдарда жарық көргендерін еске түсірейін. Бүгінгі жас ақындар жастық шақтың барынша қызулы өрлігі мен ойшылдығын, оған қоса жан дүниесінің интимдік жақтарын келістіре жырлап жүр. Олары өте заңды табиғи құбылыс. Білгірлікпен, тапқырлықпен сезімге әсерлі қондыра, әсем жазылған жоғары мәдениетті жастар поэзиясы жалпы қазақ өлеңінің мәртебесін арттыра түсті. Бұған, әрине, шексіз қуанамыз. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, осылар жастық дәуреннің табиғатына тән қатерлі сақындыратын жақтарын қазбалап жатпайды. Егер жастық шақтың тәтті селіне бірыңғай тамсанар болсақ, ол айтулы кеудемсоқ әрі инфантиль делінетін шикі кербездер мен әсіре серілер тобын көбейте түспей ме?.. Адамға бір-ақ мәрте берілетін қайран жас дәуренді түк бітірмей түгесетіндерді қайтеміз?.. Әке-шешесінің қаражатымен қатын-баласын асырайтындардың қай жері жас?.. Жұрт көзінше желкесінен сүйрелей құшақтағанға мәз болатын қыздардың қай жеріне қызығарсың?.. Бір ғажабы, осының бәрі өмірде бар да, өлеңде жоқтың қасы. Жас ақындар бұл жағына барып намыс жыртуды өздеріне айып көретіндей, тіпті содан өлеңдерінің бет моншағы үзілетіндей сезінеді. Жо-о-оқ, бұны сынаудан өлең беделі төмендемейді. Мәселен, баяғы Кердері Әубәкірдің «Заман ақыр боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» дегені әл-күшін әлсіретті дей аласыз ба? Заман ақыр болмай-ақ әлгі айтылғандар көзге ұрып жатқан жоқ па?.. Мен «Жұлдыз» журналының биылғы бірінші кітабында жарияланған он бес шақты өлеңімде осынау проблемалардың проблемасын өз әлімше біраз жерге көтеріп апарған болдым. Бұл топтаманы «Жастық шақпен біргемін» деп атадым. Тағыда саны он беске тарта бір өңкей элегияларым топтамасын осы жылғы наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияладым. Бұл қазақ жеріндегі экологиялық нәубетке күйіну ғана емес, күш жинастыру, сарынында жазылды-ау деп ойлаймын. Теледидар, радио арқылы, сондай-ақ түрлі жиындарда егіле-төгіле сөйлей беруіме де себеп осы болып жүр. Бұның жанды, жансызға тигізіп жатқан зиянды зардабы кімге де болса байыз таптырмақ емес. Тіл экологиясы туралы әңгімеге де осындай күйде қатысып жүрмін. «Өз тілім мен өлеңім» деп те тебірендім. «Мәдениет және тұрмыс» журналында публицистикалық толғаныс түрінде сөйлей отырып, қазақ тілінің қалжырау себептеріне тоқталдым. Тегінде бұл тіл мемлекеттік статус алмайынша көтерем қалпынан әлденіп кете алмайтынын құдайдың зарын қып жүргендердің біреуі біз боламыз. Сөйтіп, мен біздің өлкеміздегі экологиялық дағдарыстың осынау екі түріне де қарсы еңбектеніп келемін. Іләйім да бұл бағыттағы жалпының енбегі жақсы нәтиже бергей!.. Мен малды ауылда туып, кейін алты жылға жуық атты әскерде болдым. Ұлы Отан соғысына эскадрон командирі дәрежесінде қатыстым. Жылқы малының ерекшеліктерін бір кісідей білемін. Адам да табиғаттың перзенті. Жануарлар тіршілігінен байқалатын толып жатқан жәйттер оған да ортақ. Әсіресе мен біліңкіремейтін осы түліктің өз бетімен жасайтын әрекеттерінде де, иесімен арақатынасында да адамдағы неше түрлі типтерді айнытпай көз алдыңа әкелетін қылықтар бар. өз мақсатыма осыны ұтымды пайдалансам, соның өзі ақыл айтудан әлде қайда әсерлі болатындай көрінді де, бұдан толып жатқан коллекция жинастырдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бір бетіне орналасқан «Арқамнан ер-тұрманым арылмаған» атты топтаманы оқығандарыңыз бар шығар. «Арғымақ», «Жабы», «Хас жүйрік», «Бедеу», «Сыңар езу», «Сүріншек», «Шу асау», «Қашаған», «Арбадан шыққан», «Жауыр», «Қазақ жорғасы» болып келетін еді ғой. Кейініректе бұл топтамаға «Қой торы», «Қарашыл», «Айғыр», «Азбан», «Сәурік» дейтін жана өлеңдер қосылды. Аттарынан-ақ байқап отырған шығарсыздар. Соңғы қосылған өлеңдерде әлін білмеген әулекінің де, намыстан жұрдай жетесіздің де, сондай-ақ намысты қолдан бермейтіндер мен отбасы, ұжым бүтіндігін жанын сала қорғайтындардың да прототиптері осы арада екшеліп жатыр. Бұған тереңдей түскен сайын топтаманың танымдық (познавательный) маңызы екінші кезекке ығысып, мен күрделі мақсатқа көшкендеймін. Өйткені, қасымда Джек Лондон отырғандай сезіндім. Аты шулы репрессияға байланысты, азаматтардың ақталып, тарихтың тәртіпке келтіртуіне байланысты әңгіме мені де сан қилы соны ойларға тоғытты. Жалпы жағдай өз алдына ғой, темір торға қамалмасам да, мен тартқан тақсіреттер және де жеткілкті болатын. Ашына жазылған өлеңдерден басқа тұтас бір поэма әлгі дәптерге түсті. Оны араға уақыттар салып әлі де қайта қараймын. Көңіл күйін шертетін жеке-жеке лирикалық жырлар мен толықтыру күтіп жатқан басқа да топтамаларым жоқ емес. Оларды әзірше өзім ғана білуге тиіспін. «Ғұмырнама» делінетін кеңейтілген ақындық өмірбаяным онбес баспатабақтай проза болды. Мемуарға ұқсас бұл еңбегімді қай уақытта кондициясына жеткізерімді өзім де білеймін. Әйтеуір, асықпаймын. Қазір кісінің өмірге өзі арқылы шығатын уақыты емес. Әзер болса шала піскен қалпында қалар. Маған соның қағазға тусу факттысының өзі де жетіп жатыр. Жаңадан жазылған эссе, публицистикалық толғаныстарым, шығарма мен шығармашылар туралы мақалаларым да маусымдық басылымдарда көрініп жүр. Бүгінгі қазақ поэмалары туралы үлкен баяндама жасап, газеттерде оны да үздік-үздік жарияладым. Сол еңбегімде бүгінгі эпиктер практикасынан бір тоға теориялық түйіндер түзген болдым. Кешегі Олжас туралы аз ғана пікірімнің ішінде де жаңаны көрудің нышандары бар. Басын құрастырса, осылар да өз алдына бір кітап болғандай. Вильям Шекспирдің шығармаларынан жүйелі түрде аударып келе жатқан жұмыстарымды жалғастырып, соңғы жылдары оның «Сон в летнюю ночь» атты комедиясын «Дуалы түнгі думан» деген атпен қазақшаладым. Оны ТЮЗ бен Жамбыл театры өз сахналарында көрсетіп. Софоклдың «Эдип патшасын» аудартып алған Әуезов атындағы Академтеатр бұл жұмысқа күні бүгінге дейін кіріскен жоқ. «Құрманғазы» операсының либреттосы не күйде орындалып жүргенін көруге бармадым. Неге деп сұрамай-ақ қойыңыздар. Соңғы үш-төрт жыл ішінде жазылған жаңа өлеңдерім мен поэмаларымның он баспа табақ көлеміндегі жинағы орыс тіліне аударылып жатыр. Оны «Жазушы» баспасы тоқсан бірге жоспарлап отыр. Осыны даярлау үшін де қыруар уақытым кетті. Қазақша оқи алмайтындар да тірлігімнен хабардар болсын дегенім ғой. Әйтпесе, әдеттегіше жартыкеш күйде көрінерімді қазірдің өзінде де сезініп отырмын: Аудармада Абай мен Махамбеттің жолы болыпты да, біз қалыппыз ба?! Өз мүмкіндігімше қоғам жұмысына да қатысып жүрмін. Басқарма мүшесімін. Соғыс, еңбек ардагерлерінің, советтерінде бюро мүшесімін. «Қазақ әдебиеті газетінің редколлегия мүшесімін. Екі көздің операцияларына дейін теледидарда «Жас ақындардың мүшәйрасы» дейтін бағдарламаны біраз уақыт жүргізіп келіп едім. Қазір оны тоқтаттым. Шүкір, «жөндеуден өткен» көне кездерім әзір ептеп оқуыма, жазуыма жарайды. Бірақ, үш отбасының бір пәтерде тіршілік қылуы біз сияқты қарт адамды қажытады екен. Соғыс мүгедегіне, еңбек ардагеріне жеңілдік маған тек осы жағынан ғана көрсетілуге тиісті-ақ. Бұлай дейтін себебім, үй жағдайы, жалпы тұрмыс жөнінде мен жазушылар одағы тарапынан жәрдем алып көрмеген адаммын. Хабар аяқталып қалды. Жарты ғасырдан артық уақыт бойында қазақ поэзиясымен бірге жасасып келесіз, оның бүгінгі жағдайы туралы өз пікіріңізді айтпайсыз ба деген сұрақ алдымнан шықпай тұрғанда қысқаша болса да сөз соңын соған арнайын. Әділетсіз қатыгездіктің құрбаны болған ардагер ақындардың ақталуына байланысты ұлттық поэзиямыздың өмірбаяны біргелкі түгенделді, тұрқы тұлғаланып, беделі биіктеді. Әрине, әр заманның өз сөзі бар, ол да оқырманның талғамына, өсу дәрежесіне қарай бой көрсетеді. Әсіресе өлең техникасы оныншы, жиырмасыншы жылдардағыдан айтарлықтай өзгерді. Абайдан үйрене отырып, Абайша жаза бермейтініміз секілді, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдер техникасы да ендігіге эталон бола бермейді. Өйткені, біз жазба поэзиямыздың есейген шағына ие болып отырмыз. Сөйте тұра аталған ақындардың бүгінгі күн талабымен құшақтаса көрісіп жатқан басқа бір жағы бар: Оларда тежелу деген болған емес. Олардың «ағат басты» делінген жерлерінде де іркілмей ағынан жарылу ғана бар. Ел өміріндегі көкіректі қарыс айыратын қасіретті де олар егіле-төгіле айта білді, сол үшін де күйді. Оларды алдынан тосып алған темір қақпан ендігінің жолынан алынып тасталған заманда, әрине, сол батылдық ендігі жастарға бірден бір мектеп. Бұл — бір. Жас жағынан менің алды-артыма маңайлас ақындардан соңғы отыз жыл ішінде өлгендері мен бүгінгі көзі тірілерінің поэзиясы жұттан арып шыққан түліктің көкке аузы тигендегі қоң жинауын еске түсіреді, лауазым иелерін дәріптеу дәуіріне майдан отынан жаратылған ақындар таусыла табынған жоқ. Олар ерлікті өлім мен өмір арпалысын жеріне жеткізе жырлаудан ауытқымады. Бұлар жалған айғай-шуды, жалаңаш ұранды жасампаз лиризмге, өмір романтикасына қарай ойыстырды. Бұл — екі. Алпысыншы жылдардан кейінгі толқын болса, ол құдды ертеңге шыққан қорықтай қою қошқылданды. Бұлар заман кеңшілігіне қоса поэзиямызға үлкен біліммен келіп қосылды. Бұл — үш. Өлең өмірін оңға бастырған осынау үш бірдей үлкен фактормен есептесе келгенде өз басым бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясын әлсіз деп айта алмаймын. Осы күндерде айтылып жүрген өкпенің бәрі де өскен поэзияның міндетін ғана белгілейді. Ал, осылайша өсіп жетілген поэзияға бүгінгі көзқарас қандай дәрежеде? Міне, бұл сұраққа менің берер жауабым мүлде басқаша, керісінше кетеді. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде. Сәкен Иманасов поэзия қамын кім ойлайды деген бағытта мақала жариялады. Бұған біреулер «аузын қу шөппен сүрткен екен» деп те қарайтын секілді. Жо-оқ, тіпті де олай емес. Жақсы поэзияға жағымды көңіл таныту мүлдем ұмытылғаны өтірік пе? Күні бүгінге дейін поэзияның маманданған өз сыншысы да жоқ. Соның кесірінен насихат жұмысы кері бағыт алды, өлең өтпейді деген өсек қалыптасты. Түптеп келгенде, осының өзі поэзияға ғана емес, сауатты халқымызға жабылған жаладай: Алты миллион халықтың поэзияны жарты проценті де оқымайды дегенге кім нанады?.. Жазба түрдегі мәдениетті өлең өнерін қорлау шегіне жетті. Біз қазір тығырыққа тіреліп тұрмыз. Поэзия кітаптарын кітапханаларға бөлушілер мен дүкендерде сатушылардың дені иіс алмас ноқайлар. Соның ақыры неге әкеліп соқтырды?.. Қазір тоқырау кезіндегі он мың тиражға зармыз. Маңдайға ұстап отырған ақындарымыздың жаңа кітаптары да екі жарым мыңға құлдырады. Қайта құру заманында сөз патшасынан бұлайша безетін болсақ, қазақ тілін тірілткеніміз қайсы?.. Міне, менің көңіліме түйіп отырған бүгінгі қазақ поэзиясының ақуалдары осындай. Қателескен жерім болса түзету міндетін өздеріңе қалдырамын. Жә, енді, достар, не десеңіздер де құлағым соған тосулы. * * * Міне, осыдан алты жыл бұрын жазушылар одағының секретариатына үш жылдық еңбегімді осылайша таратып, ұлттық поэзиямыз хақындағы кейбір ойларымды осылайша жинақтап айтып берген екем. Сондағы аттары аталған шығармалар мен одан кейінгі жылдарда жазылған туындыларымнан бүгіндері бес кітаптың басы құралыпты. Осы оқып отырған кітабыңыз — солардың соңғысы. Бес кітаптың үшеуі ақындық өнердің, екеуі прозалық еңбектердің жемісі болып шықты. Торкөзді қалың дәптер жаңа өлең-жырларға толып қалды, олардың көпшілігі әлі де болса толықтыруды тілейді деп едім ғой. Солар қапысыз қайта қаралғаннан кейін «Шер Толғау» атты өлең-жырлар жинағы боп жарық көрді. Қазақстан туралы топтамаға оннан астам өлең қосылғанда жылнама жырлар осы ғасырдағы елеулі оқиғаларды қақас қалдырмаған секілді. «Алаш Ордаға» шабуыл, тәркілеу, ашаршылық апаты, репрессия, әдебиет пен өнер тарихына таяқ жұмсау, экологиялық апаттың, тың игеру науқанының көлеңкелі, көңілсіз жақтары, желтоқсан оқиғасы секілді оқтын-оқтын қайталап соққан нәубет өміріміздегі жарқын эпизодтардың ара-арасына бұзып-жарып кіріп алғанда бар шындық өз бояуына иелік етіп, Бүкіл Республика бейнесі бүкпесіз жыр кестесіне түгел түсті деп ойлаймын. Шығармашылық жолымда қапы кеткен, айыз қандыра айта алмаған тұстарымның есесін толтырған осы «Шер Толғау» кітабы болды деуімнің себебі де осы арада жатыр. Бұл осы он жыл ішінде «Жедел Толғаудан» кейін жарық көрген екінші кітап қой. Проза тілінде жазылған он бес баспатабақ, шығармашылық ғұмырнамамды да енді жатқыза бермей, денсаулығым ауыр сырқаттарға бой бермей тұрғанда ел қолына тигізетін деген ниетпен. «Жалын» журналына табыс еттім. Жартысы жарияланып, жартысы кезек күтіп жатқан бұл еңбегім сексен жылдығыма осы кітаппен жарыса кітап болып та көрініп қалар деп отырмын. Төртінші жарық көрген дүнием деп «Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірінің маңдай алдына апарып қояр едім. Олай дейтін себебім қазақ поэзиясында бұрын-сонды «Сонеттер кітабы» болмағандығынан ғана емес (әрине, оны да ескеру ерсілік етпес), әңгіме басқада: Вильям Шекспир сонеттерінің кітабын жұртшылыққа қазақ тілінде оқыту үшін аттай алты жылымның ең қымбат уақыттарын сарп еткенімді жыр сүйер қауым біледі. Алайда сол кітапты шығарып алып, одан кейінгі он төрт жыл бойында қандай ой азаптарына оратылып қалғанымды ешкім білген емес. Бұл кісінің «Ричард-III», «Гамлет» сияқты ұлы трагедияларын да, «Дуалы түнгі думан» атты комедиясын да қазақ тіліне аударған едім ғой. Бәлкім Шекспир лабораториясына солай қайта-қайта кеуделеп кіре бергенім себеп болды ма, — қалай десеңіз де сол кісі жиі-жиі түсіме кіріп, қазақша айтқанда, аян бергенінен танбай қойды. Жан-тәнімен атеист адамның бұл сөзіне күлсеңіз күле беріңіз, шыны сол: Түсімде неше мәрте көрсем де мен қазақшалаған сонеттер үстінен үлкен көздерін бір аудармай, соған төнді де отырды. Ол маған: «Басқадан бұрын Баян, Жібек, Еңлік неге еңсеңді көтермейді?.. Мені қозғаған шығыс шындығынан туғаның қайсы?.. Әлде талай ұлағатты ұрпаққа ұмыттырған нигилизм, ездік пе сенің еңсеңді езіп-жаншып жатып алған?.. Онда сол сұлу қасірет пен сұрқиялық екеуі екі жақтап-ақ түн ұйқыңды түгел бұзса керек еді ғой?.. Тым болмаса осы жағын ойлатуға да жарамадым ба?!» — деп отырғандай көрінді де тұрды. Шынында да ана мен ашнадан басталатын махаббаттың барша құдіреттіні құлай сүйетін қағидасы қайда қалды?.. Абайды жылатқан жеккөргішпен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай іш құса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?.. Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?.. Міне, осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?.. Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дардай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді. Несін жасырайын, қартайғанда тап мұншалық тағы бір қырымнан таныламын деп ойлаған емес едім. Жолдастарыма берген жоғарыдағы есебімде «Эссе, естелік, әдебиет хақындағы пікірлерім соңғы он жыл бойы жиналмай шашырап қалып жатыр» деген едім ғой. Оқығалы отырған осы кітабыңыз солардан іріктелген. Мұндағы әңгіменің дені өзім жақсы білетін арғы-бергі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің ғибратты ғұмырларынан, төл әдебиетіміз бен ұлттық өнеріміздің татымды тарихынан сырлар шертеді. Қазір өзіңіз оқи бастайтын бұны бұтарлап жатпай-ақ қояйын. Әрине, әңгіменің түп қазығы автор түсінігіне негізделгендіктен одан оқырман алажақ әсері де әрқилы болуы заңды. Соның қайсы бірін де құрметпен құптарлық кемел жасқа келдік. Қартайып қайғы ойлауға, арман ұлғайтуға шынымен-ақ жарап үлгерген болсақ, соңғы он жыл ішінде берілген бес кітап соның куәлігі бола алса, бізге соның өзі де артығымен жетіп жатыр.    

 

Қартайдық, қайғы ойладық

(АБАЙ)

«Тоқырау» атанған кезеңді өтіп, «Қайта құру» делінген заман тұсында мен Қазақстан Жазушылары одағының секретариатына өз жұмысымнан есеп берген екем. Соңғы он жыл ішінде атқарған істерімнің бірсыпырасы сонда айтылыпты. Сондағы әңгімені кейінгі ic-әрекетіммен толықтырсам, оқырман жетпіс пен сексен жасым аралығында менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай, заман ағымымен менің арақатынасымды да аңғара алатын секілді. Сондықтан бұндағы ашық айтылған әңгімені шығармашылық туралы шығарма деп те, кәрі автордың кәнігі достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар, өмірімде тым болмаса бір мәрте соңғы соқпағыма сол да бір көз жіберіп көрсінші дедім. Жасы ұлғайған адамның мұндай шешімге келу себебі айтпаса да түсінікті ғой...

Әлгі кабинеттегі әңгіме былайша басталып, былайша өрбіген екен:

Он жасында өлең сөзімен әуестеніп, жиырма жасында жазғандары баспа жүзін көрген әдебиетші едім. Содан бері де шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін өзі жинақтай бастайтын секілді. Осы жолғы Сіздердің тілек-талаптарыңыз да өз лабораториямды осылайша сезінуіме себін тигізді. Сол үшін-ақ Сіздерге рахмет жаудырамын!

Есеп беруге кірісер алдында мынадай мағлұматтар бере кеткен де теріс болмас: Соңғы үш жылға дейінгі тиянақталған шаруа деп төл поэзиямның үш томдығы, прозаның қысқа жанрынан іріктелген (новелла, эссе, көркем очерк, көсемсөз) бір томдық жарық көргенін айтар едім. Бұдан басқалары, атап айтқанда, сахнаға, саз өнеріне тәуелді туындыларым, әдебиет туралы әр кездегі ой-пікірлерім өзге тілдерден қазақ тіліне аударғандарым, — бәрі де әр тұста шашылған күйінде қалып тұр. Алла абыройсыз қылмаған соң шүкіршілігімді несін жасырайын, мен һәм менің туындыларым туралы жұртшылық пікірі де бір кітап құрайтыны достар қатерінде болғаны жөн...

Жә, енді іске кіріселік. Әуелгі сөз бұл күндердегі менің шығармашылық принципім хақында. Халқымыз қай заманда да енжарлықты құптамаған, қатты-қатты шенеген. Ондайларға ашу-ызаны Абай да аспаннан алмаған, елдің шымбайыма батқан шындық болатын. Бұл тұрғыда ел өзінің азаматына имандай сенсе, алдымен сол сенімге ақын иелік еткен. Ел қатарлы парызымды етегелі ажалмен — фашистермен жағаласқан жаман күндерде де осы принцип желеп-жебегендей еді. Арқа-жонды еңбекпен арытпай абырой таппасымды жетім күннің өзінде-ақ жетік біліп үлгергем. Қазір де менің көз алдымда еңбексіз құлай құшардай ештеңе жоқ. Оның үстіне неге де, кімге де енжар қарай алмаймын. Кімнің аузынан шықса да көкірегіме ұяламаған уағыз менен қолдау таппайды. Сол принцип те әркімге әр қилы әсер қалдырады. Құдай солай жаратқан соң оған қылар амал қайсы?!.

Соңғы үш, үш жарым жыл ішінде ел өмірі ересен зор өзгерістерді бастан кешірді. Тарихты әділетті жолмен тәртіпке келтіріп жатырмыз. Бұның өзі Қазан төңкерісінің жетпіс жылдығымен тұспа-тұс келе қалды. Осылайша сәтімен орайласқан оқиғалар маған бір емес, үш бірдей поэма жаздырды. Үшеуі өзара сабақтас үшеуіне ортақ сыр біреуінен біреуіне ұласып жатқандай. «Суыт жүріс» деп аталатын біріншісінде қазақтың біріне бірін жауықтырып қырғынға ұшыратқан Қоқан хандығы мен орыс патшалығының залым саясатын әшкерелегендерді, атап айтқанда Шоқан Уәлиханов пен Сүйінбай Аронұлының ортақ ic-әрекетін суреттеуді мақсат еттім. Осынау екі алыптың аңсаған шындығы сипатында Қазақ төңкерісінің қазақ аулындағы алғашқы жеңісін алып, сопы «Сурет сыры» делінетін дастаныма өзек еттім. Бұнда халқымыздың басына әңгіртаяқ ойнатқан казачество тәртібі талқандалып, Қазақтың өз жеріне иелік етерін тағыда бір толғап көрейінші дедім. Ширек ғасырдан бері жалғастырып келе жатқан «Жылдар, жылдар» атты поэмалар топтамасының үшінші штабын Қазақстандағы «Қайта құру» дәуіріне жетелеп әкелдім. Дәлірек айтқанда, жылнама іспетті үлкен дүнием менің өзімді осыған жетелеп әкелді. Бұл шығармада Республиканың кешегі бір қалғып кеткен қалпынан оқыс оянған сілкінісі көрініс берсін дедім.

Жуық арада жойылып бітпесін білсем де, сойқан қылықтарға қарсы соғыс жарияладым: Мансапқор, жағымпаз, жалақор, жікшіл, парақор, жүзге бөлгіштерге нәлет айту барысында өзім де бір сыдырғы шер тарқатқан секілдімін.

Өзге өлең, балладаларыма келсем, жағдай төмендегідей; Әз тұрғыластарым — соғыс пен еңбек ардагерлері осынау сын сағаттарда ел алдынан көрінбегенде, оңайлықпен оңғарылмай жатқан істің, басындағыларға ағалық ақыл қоспағанда қайтпек?.. Дара-қылық бел алған шақта отбасының өшуі, шаңырақ шайқалысы молайған тәрізді. Содан мәңгі тірі аяулымыз деп жүрген махаббаттың өзі зақымдалмады ма екен?.. Махаббат тарыққанның қашып тығылатын жан саясы емес пе еді?.. Арақатынасымыз бері салғанда дүрдараз күйге ауысқан табиғатпен табысу жағымыз не халде?.. Осы сияқты тақырыптарға көптеген өлеңдер жазып, әлгі сұрақтарға өзімше жауап бердім. Сөйттім де, әлгі, ұлылы-кішілі шығармалардан «Жедел Толғау» деген атпен он баспа табақ кітап құрастырдым. Оны «Жазушы» баспасы өткен жылдың бас шенінде оқырман қолына тигізді. Өтірік айтып жүрмесе, «Социалистік Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдызда» пікір айтқандар кітабымды ризашылықпен атады. Бәлкім рас та шығар. Өйткені, сондағы жырлардың өздері де өтірік сөйлемеген секілді еді.

Дұрыс десеңіз де, бұрыс десеңіз де бір шындық: Осы тұстағы жырларымда күрсіне отырып бас шайқау басымырақ. Басқаша айтсақ, енді қол жеткен шын сөз бостандығы жағдайында менің жырларым құрық әкеткен асаудай ашына сілтейтінді шығарды. Көкейдегі көп түйткілдің түтіге сыртқа тебуі қапы кеткен жерлермен қатар, кезінде ашып айта алмаған қатігездікті де дұрыстап қармасам деді. Оны әсіресе әлгі кітаптан кейінгі туындыларымнан көбірек байқауға болар еді.

Менің жазу столымның тартпасында торкөз сызықтары бар екі жүз беттік қалың дәптер жатыр. Соның жиі сызылған жолдарына жаңа жырларымды түгел түсіріп келемін. Оның беттері де түгесілуге жақын. Бұндағы жырлар көбінше топтама (цикл) түрінде жазылған. Алған тақырыпты жан-жақты саумалаудан құдды көген бұршақтарындай түйіншектер түзіледі екен. Әуелі солардың маусымдық басылымдарда жарық көргендерін еске түсірейін.

Бүгінгі жас ақындар жастық шақтың барынша қызулы өрлігі мен ойшылдығын, оған қоса жан дүниесінің интимдік жақтарын келістіре жырлап жүр. Олары өте заңды табиғи құбылыс. Білгірлікпен, тапқырлықпен сезімге әсерлі қондыра, әсем жазылған жоғары мәдениетті жастар поэзиясы жалпы қазақ өлеңінің мәртебесін арттыра түсті. Бұған, әрине, шексіз қуанамыз. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, осылар жастық дәуреннің табиғатына тән қатерлі сақындыратын жақтарын қазбалап жатпайды. Егер жастық шақтың тәтті селіне бірыңғай тамсанар болсақ, ол айтулы кеудемсоқ әрі инфантиль делінетін шикі кербездер мен әсіре серілер тобын көбейте түспей ме?.. Адамға бір-ақ мәрте берілетін қайран жас дәуренді түк бітірмей түгесетіндерді қайтеміз?.. Әке-шешесінің қаражатымен қатын-баласын асырайтындардың қай жері жас?.. Жұрт көзінше желкесінен сүйрелей құшақтағанға мәз болатын қыздардың қай жеріне қызығарсың?.. Бір ғажабы, осының бәрі өмірде бар да, өлеңде жоқтың қасы. Жас ақындар бұл жағына барып намыс жыртуды өздеріне айып көретіндей, тіпті содан өлеңдерінің бет моншағы үзілетіндей сезінеді. Жо-о-оқ, бұны сынаудан өлең беделі төмендемейді. Мәселен, баяғы Кердері Әубәкірдің «Заман ақыр боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» дегені әл-күшін әлсіретті дей аласыз ба? Заман ақыр болмай-ақ әлгі айтылғандар көзге ұрып жатқан жоқ па?.. Мен «Жұлдыз» журналының биылғы бірінші кітабында жарияланған он бес шақты өлеңімде осынау проблемалардың проблемасын өз әлімше біраз жерге көтеріп апарған болдым. Бұл топтаманы «Жастық шақпен біргемін» деп атадым.

Тағыда саны он беске тарта бір өңкей элегияларым топтамасын осы жылғы наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияладым. Бұл қазақ жеріндегі экологиялық нәубетке күйіну ғана емес, күш жинастыру, сарынында жазылды-ау деп ойлаймын. Теледидар, радио арқылы, сондай-ақ түрлі жиындарда егіле-төгіле сөйлей беруіме де себеп осы болып жүр. Бұның жанды, жансызға тигізіп жатқан зиянды зардабы кімге де болса байыз таптырмақ емес. Тіл экологиясы туралы әңгімеге де осындай күйде қатысып жүрмін. «Өз тілім мен өлеңім» деп те тебірендім. «Мәдениет және тұрмыс» журналында публицистикалық толғаныс түрінде сөйлей отырып, қазақ тілінің қалжырау себептеріне тоқталдым. Тегінде бұл тіл мемлекеттік статус алмайынша көтерем қалпынан әлденіп кете алмайтынын құдайдың зарын қып жүргендердің біреуі біз боламыз. Сөйтіп, мен біздің өлкеміздегі экологиялық дағдарыстың осынау екі түріне де қарсы еңбектеніп келемін. Іләйім да бұл бағыттағы жалпының енбегі жақсы нәтиже бергей!..

Мен малды ауылда туып, кейін алты жылға жуық атты әскерде болдым. Ұлы Отан соғысына эскадрон командирі дәрежесінде қатыстым. Жылқы малының ерекшеліктерін бір кісідей білемін. Адам да табиғаттың перзенті. Жануарлар тіршілігінен байқалатын толып жатқан жәйттер оған да ортақ. Әсіресе мен біліңкіремейтін осы түліктің өз бетімен жасайтын әрекеттерінде де, иесімен арақатынасында да адамдағы неше түрлі типтерді айнытпай көз алдыңа әкелетін қылықтар бар. өз мақсатыма осыны ұтымды пайдалансам, соның өзі ақыл айтудан әлде қайда әсерлі болатындай көрінді де, бұдан толып жатқан коллекция жинастырдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бір бетіне орналасқан «Арқамнан ер-тұрманым арылмаған» атты топтаманы оқығандарыңыз бар шығар. «Арғымақ», «Жабы», «Хас жүйрік», «Бедеу», «Сыңар езу», «Сүріншек», «Шу асау», «Қашаған», «Арбадан шыққан», «Жауыр», «Қазақ жорғасы» болып келетін еді ғой. Кейініректе бұл топтамаға «Қой торы», «Қарашыл», «Айғыр», «Азбан», «Сәурік» дейтін жана өлеңдер қосылды. Аттарынан-ақ байқап отырған шығарсыздар. Соңғы қосылған өлеңдерде әлін білмеген әулекінің де, намыстан жұрдай жетесіздің де, сондай-ақ намысты қолдан бермейтіндер мен отбасы, ұжым бүтіндігін жанын сала қорғайтындардың да прототиптері осы арада екшеліп жатыр. Бұған тереңдей түскен сайын топтаманың танымдық (познавательный) маңызы екінші кезекке ығысып, мен күрделі мақсатқа көшкендеймін. Өйткені, қасымда Джек Лондон отырғандай сезіндім.

Аты шулы репрессияға байланысты, азаматтардың ақталып, тарихтың тәртіпке келтіртуіне байланысты әңгіме мені де сан қилы соны ойларға тоғытты. Жалпы жағдай өз алдына ғой, темір торға қамалмасам да, мен тартқан тақсіреттер және де жеткілкті болатын. Ашына жазылған өлеңдерден басқа тұтас бір поэма әлгі дәптерге түсті. Оны араға уақыттар салып әлі де қайта қараймын.

Көңіл күйін шертетін жеке-жеке лирикалық жырлар мен толықтыру күтіп жатқан басқа да топтамаларым жоқ емес. Оларды әзірше өзім ғана білуге тиіспін. «Ғұмырнама» делінетін кеңейтілген ақындық өмірбаяным онбес баспатабақтай проза болды. Мемуарға ұқсас бұл еңбегімді қай уақытта кондициясына жеткізерімді өзім де білеймін. Әйтеуір, асықпаймын. Қазір кісінің өмірге өзі арқылы шығатын уақыты емес. Әзер болса шала піскен қалпында қалар. Маған соның қағазға тусу факттысының өзі де жетіп жатыр.

Жаңадан жазылған эссе, публицистикалық толғаныстарым, шығарма мен шығармашылар туралы мақалаларым да маусымдық басылымдарда көрініп жүр. Бүгінгі қазақ поэмалары туралы үлкен баяндама жасап, газеттерде оны да үздік-үздік жарияладым. Сол еңбегімде бүгінгі эпиктер практикасынан бір тоға теориялық түйіндер түзген болдым. Кешегі Олжас туралы аз ғана пікірімнің ішінде де жаңаны көрудің нышандары бар. Басын құрастырса, осылар да өз алдына бір кітап болғандай. Вильям Шекспирдің шығармаларынан жүйелі түрде аударып келе жатқан жұмыстарымды жалғастырып, соңғы жылдары оның «Сон в летнюю ночь» атты комедиясын «Дуалы түнгі думан» деген атпен қазақшаладым. Оны ТЮЗ бен Жамбыл театры өз сахналарында көрсетіп. Софоклдың «Эдип патшасын» аудартып алған Әуезов атындағы Академтеатр бұл жұмысқа күні бүгінге дейін кіріскен жоқ. «Құрманғазы» операсының либреттосы не күйде орындалып жүргенін көруге бармадым. Неге деп сұрамай-ақ қойыңыздар.

Соңғы үш-төрт жыл ішінде жазылған жаңа өлеңдерім мен поэмаларымның он баспа табақ көлеміндегі жинағы орыс тіліне аударылып жатыр. Оны «Жазушы» баспасы тоқсан бірге жоспарлап отыр. Осыны даярлау үшін де қыруар уақытым кетті. Қазақша оқи алмайтындар да тірлігімнен хабардар болсын дегенім ғой. Әйтпесе, әдеттегіше жартыкеш күйде көрінерімді қазірдің өзінде де сезініп отырмын: Аудармада Абай мен Махамбеттің жолы болыпты да, біз қалыппыз ба?!

Өз мүмкіндігімше қоғам жұмысына да қатысып жүрмін. Басқарма мүшесімін. Соғыс, еңбек ардагерлерінің, советтерінде бюро мүшесімін. «Қазақ әдебиеті газетінің редколлегия мүшесімін. Екі көздің операцияларына дейін теледидарда «Жас ақындардың мүшәйрасы» дейтін бағдарламаны біраз уақыт жүргізіп келіп едім. Қазір оны тоқтаттым. Шүкір, «жөндеуден өткен» көне кездерім әзір ептеп оқуыма, жазуыма жарайды. Бірақ, үш отбасының бір пәтерде тіршілік қылуы біз сияқты қарт адамды қажытады екен. Соғыс мүгедегіне, еңбек ардагеріне жеңілдік маған тек осы жағынан ғана көрсетілуге тиісті-ақ. Бұлай дейтін себебім, үй жағдайы, жалпы тұрмыс жөнінде мен жазушылар одағы тарапынан жәрдем алып көрмеген адаммын.

Хабар аяқталып қалды. Жарты ғасырдан артық уақыт бойында қазақ поэзиясымен бірге жасасып келесіз, оның бүгінгі жағдайы туралы өз пікіріңізді айтпайсыз ба деген сұрақ алдымнан шықпай тұрғанда қысқаша болса да сөз соңын соған арнайын.

Әділетсіз қатыгездіктің құрбаны болған ардагер ақындардың ақталуына байланысты ұлттық поэзиямыздың өмірбаяны біргелкі түгенделді, тұрқы тұлғаланып, беделі биіктеді. Әрине, әр заманның өз сөзі бар, ол да оқырманның талғамына, өсу дәрежесіне қарай бой көрсетеді. Әсіресе өлең техникасы оныншы, жиырмасыншы жылдардағыдан айтарлықтай өзгерді. Абайдан үйрене отырып, Абайша жаза бермейтініміз секілді, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдер техникасы да ендігіге эталон бола бермейді. Өйткені, біз жазба поэзиямыздың есейген шағына ие болып отырмыз. Сөйте тұра аталған ақындардың бүгінгі күн талабымен құшақтаса көрісіп жатқан басқа бір жағы бар: Оларда тежелу деген болған емес. Олардың «ағат басты» делінген жерлерінде де іркілмей ағынан жарылу ғана бар. Ел өміріндегі көкіректі қарыс айыратын қасіретті де олар егіле-төгіле айта білді, сол үшін де күйді. Оларды алдынан тосып алған темір қақпан ендігінің жолынан алынып тасталған заманда, әрине, сол батылдық ендігі жастарға бірден бір мектеп. Бұл — бір.

Жас жағынан менің алды-артыма маңайлас ақындардан соңғы отыз жыл ішінде өлгендері мен бүгінгі көзі тірілерінің поэзиясы жұттан арып шыққан түліктің көкке аузы тигендегі қоң жинауын еске түсіреді, лауазым иелерін дәріптеу дәуіріне майдан отынан жаратылған ақындар таусыла табынған жоқ. Олар ерлікті өлім мен өмір арпалысын жеріне жеткізе жырлаудан ауытқымады. Бұлар жалған айғай-шуды, жалаңаш ұранды жасампаз лиризмге, өмір романтикасына қарай ойыстырды. Бұл — екі. Алпысыншы жылдардан кейінгі толқын болса, ол құдды ертеңге шыққан қорықтай қою қошқылданды. Бұлар заман кеңшілігіне қоса поэзиямызға үлкен біліммен келіп қосылды. Бұл — үш.

Өлең өмірін оңға бастырған осынау үш бірдей үлкен фактормен есептесе келгенде өз басым бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясын әлсіз деп айта алмаймын. Осы күндерде айтылып жүрген өкпенің бәрі де өскен поэзияның міндетін ғана белгілейді.

Ал, осылайша өсіп жетілген поэзияға бүгінгі көзқарас қандай дәрежеде? Міне, бұл сұраққа менің берер жауабым мүлде басқаша, керісінше кетеді. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде. Сәкен Иманасов поэзия қамын кім ойлайды деген бағытта мақала жариялады. Бұған біреулер «аузын қу шөппен сүрткен екен» деп те қарайтын секілді. Жо-оқ, тіпті де олай емес. Жақсы поэзияға жағымды көңіл таныту мүлдем ұмытылғаны өтірік пе? Күні бүгінге дейін поэзияның маманданған өз сыншысы да жоқ. Соның кесірінен насихат жұмысы кері бағыт алды, өлең өтпейді деген өсек қалыптасты. Түптеп келгенде, осының өзі поэзияға ғана емес, сауатты халқымызға жабылған жаладай: Алты миллион халықтың поэзияны жарты проценті де оқымайды дегенге кім нанады?.. Жазба түрдегі мәдениетті өлең өнерін қорлау шегіне жетті. Біз қазір тығырыққа тіреліп тұрмыз. Поэзия кітаптарын кітапханаларға бөлушілер мен дүкендерде сатушылардың дені иіс алмас ноқайлар. Соның ақыры неге әкеліп соқтырды?.. Қазір тоқырау кезіндегі он мың тиражға зармыз. Маңдайға ұстап отырған ақындарымыздың жаңа кітаптары да екі жарым мыңға құлдырады. Қайта құру заманында сөз патшасынан бұлайша безетін болсақ, қазақ тілін тірілткеніміз қайсы?.. Міне, менің көңіліме түйіп отырған бүгінгі қазақ поэзиясының ақуалдары осындай. Қателескен жерім болса түзету міндетін өздеріңе қалдырамын. Жә, енді, достар, не десеңіздер де құлағым соған тосулы.

* * *

Міне, осыдан алты жыл бұрын жазушылар одағының секретариатына үш жылдық еңбегімді осылайша таратып, ұлттық поэзиямыз хақындағы кейбір ойларымды осылайша жинақтап айтып берген екем. Сондағы аттары аталған шығармалар мен одан кейінгі жылдарда жазылған туындыларымнан бүгіндері бес кітаптың басы құралыпты. Осы оқып отырған кітабыңыз — солардың соңғысы. Бес кітаптың үшеуі ақындық өнердің, екеуі прозалық еңбектердің жемісі болып шықты.

Торкөзді қалың дәптер жаңа өлең-жырларға толып қалды, олардың көпшілігі әлі де болса толықтыруды тілейді деп едім ғой. Солар қапысыз қайта қаралғаннан кейін «Шер Толғау» атты өлең-жырлар жинағы боп жарық көрді. Қазақстан туралы топтамаға оннан астам өлең қосылғанда жылнама жырлар осы ғасырдағы елеулі оқиғаларды қақас қалдырмаған секілді. «Алаш Ордаға» шабуыл, тәркілеу, ашаршылық апаты, репрессия, әдебиет пен өнер тарихына таяқ жұмсау, экологиялық апаттың, тың игеру науқанының көлеңкелі, көңілсіз жақтары, желтоқсан оқиғасы секілді оқтын-оқтын қайталап соққан нәубет өміріміздегі жарқын эпизодтардың ара-арасына бұзып-жарып кіріп алғанда бар шындық өз бояуына иелік етіп, Бүкіл Республика бейнесі бүкпесіз жыр кестесіне түгел түсті деп ойлаймын. Шығармашылық жолымда қапы кеткен, айыз қандыра айта алмаған тұстарымның есесін толтырған осы «Шер Толғау» кітабы болды деуімнің себебі де осы арада жатыр. Бұл осы он жыл ішінде «Жедел Толғаудан» кейін жарық көрген екінші кітап қой.

Проза тілінде жазылған он бес баспатабақ, шығармашылық ғұмырнамамды да енді жатқыза бермей, денсаулығым ауыр сырқаттарға бой бермей тұрғанда ел қолына тигізетін деген ниетпен. «Жалын» журналына табыс еттім. Жартысы жарияланып, жартысы кезек күтіп жатқан бұл еңбегім сексен жылдығыма осы кітаппен жарыса кітап болып та көрініп қалар деп отырмын.

Төртінші жарық көрген дүнием деп «Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірінің маңдай алдына апарып қояр едім. Олай дейтін себебім қазақ поэзиясында бұрын-сонды «Сонеттер кітабы» болмағандығынан ғана емес (әрине, оны да ескеру ерсілік етпес), әңгіме басқада:

Вильям Шекспир сонеттерінің кітабын жұртшылыққа қазақ тілінде оқыту үшін аттай алты жылымның ең қымбат уақыттарын сарп еткенімді жыр сүйер қауым біледі. Алайда сол кітапты шығарып алып, одан кейінгі он төрт жыл бойында қандай ой азаптарына оратылып қалғанымды ешкім білген емес. Бұл кісінің «Ричард-III», «Гамлет» сияқты ұлы трагедияларын да, «Дуалы түнгі думан» атты комедиясын да қазақ тіліне аударған едім ғой. Бәлкім Шекспир лабораториясына солай қайта-қайта кеуделеп кіре бергенім себеп болды ма, — қалай десеңіз де сол кісі жиі-жиі түсіме кіріп, қазақша айтқанда, аян бергенінен танбай қойды. Жан-тәнімен атеист адамның бұл сөзіне күлсеңіз күле беріңіз, шыны сол: Түсімде неше мәрте көрсем де мен қазақшалаған сонеттер үстінен үлкен көздерін бір аудармай, соған төнді де отырды. Ол маған: «Басқадан бұрын Баян, Жібек, Еңлік неге еңсеңді көтермейді?.. Мені қозғаған шығыс шындығынан туғаның қайсы?.. Әлде талай ұлағатты ұрпаққа ұмыттырған нигилизм, ездік пе сенің еңсеңді езіп-жаншып жатып алған?.. Онда сол сұлу қасірет пен сұрқиялық екеуі екі жақтап-ақ түн ұйқыңды түгел бұзса керек еді ғой?.. Тым болмаса осы жағын ойлатуға да жарамадым ба?!» — деп отырғандай көрінді де тұрды. Шынында да ана мен ашнадан басталатын махаббаттың барша құдіреттіні құлай сүйетін қағидасы қайда қалды?.. Абайды жылатқан жеккөргішпен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай іш құса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?.. Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?.. Міне, осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?.. Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дардай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді. Несін жасырайын, қартайғанда тап мұншалық тағы бір қырымнан таныламын деп ойлаған емес едім.

Жолдастарыма берген жоғарыдағы есебімде «Эссе, естелік, әдебиет хақындағы пікірлерім соңғы он жыл бойы жиналмай шашырап қалып жатыр» деген едім ғой. Оқығалы отырған осы кітабыңыз солардан іріктелген. Мұндағы әңгіменің дені өзім жақсы білетін арғы-бергі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің ғибратты ғұмырларынан, төл әдебиетіміз бен ұлттық өнеріміздің татымды тарихынан сырлар шертеді. Қазір өзіңіз оқи бастайтын бұны бұтарлап жатпай-ақ қояйын. Әрине, әңгіменің түп қазығы автор түсінігіне негізделгендіктен одан оқырман алажақ әсері де әрқилы болуы заңды. Соның қайсы бірін де құрметпен құптарлық кемел жасқа келдік. Қартайып қайғы ойлауға, арман ұлғайтуға шынымен-ақ жарап үлгерген болсақ, соңғы он жыл ішінде берілген бес кітап соның куәлігі бола алса, бізге соның өзі де артығымен жетіп жатыр.