Қандастар Ассамблея

Күй атасына - тағзым

07.12.2012 4255
  Күй атасына - тағзым Жырыңнан бұрынғы сырың да сол болған соң «жарықтық сол сырдың өзі неден басталған еді?» дегенді әр орайда зердеңе орнықтырып, тірі сурет, қимыл-қарекет қалпында сақтайды екенсің. Сол құдды әлгі әзірде болған оқиғадай ойлаған сайын жаныңа жақындай түседі екен. Бұл күндерде біреулер дастан, біреулер өлеңмен жазылған роман десіп жүрген менің «Құрманғазы» атты еңбегімде: Елемей зекіргенін бір шалдың да, Естімей десе біреу: қамшы алдың ба? Таянып екі жағын осы бала Күйшінің жатқан еді қарсы алдында, — делінетін өлең шумағынан оқырман Ұзақ есімді ұстазының қарсы алдында күйші өнерінің құдіретіне есі кете елтіп жатқан қаршадай Құрманғазыны көреді ғой. Шынында ол ақынның ойлау жүйесінен енген сурет емес, менің алты жасар кезімде өз басымнан кешірген нақты бір оқиғаға негізделген. Туып-өскен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлдеқайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайғап болған соң жиналған қанаттас ауыл адамдары есіктері үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп сыртқа да тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі — мен ғана аспалы шамның астында, Құрекең шәкірті кәрі Қабыланның қарсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы — осы кісі. Қабылан Құрекеңнің қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағына созылған қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын. Соны жеңгем Балқия алқа-қотан алдында ұйықтап кеткелі жатыр деп ұққан. Үлкендердің алдын орап ол жерге бара қою жас келінге қияметтен қиын. Әйелдің өтініші бойынша ауыл жігіттерінің біреуі есік жақтағылардың ара-арасымен бұқпантайлап келіп мені сирағымнан тартып ала қоймақ болғанда қолыма іліккен кілем пұшпағын өзіммен бірге түре тартып әрі оқыс айғайлап, елдің тыныштығын бұзыппын. Осы орайда Қабылан былай депті: — Белгілі күйші Ерғали Ещанов осы баладай сәби шағында үйіне түстеніп күй тартқан Құрманғазыға жаңағыдай есі кете елтіп, ақырында өзіңмен бірге мені ала кет деп жалынса керек. Күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай ел аралағанда апта бойы ала жүріпті, «періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, баласын апарып саламын» деп хабаршы жіберіпті. Мына бала да атасының шарапатына елтіген шығар. Қорықпаңдар, бұны ұрлап әкеткендей менің қасқыр ішігім де, шанам да, шарапатым да жоқ. «Боз шолақ атты боқ дүниені» ысырып тастап, тағылық, тасырлық дегендермен табиғаттың өз тілінде салғыласа білген саз дүниесінің алыбына адам атаулының ойшыл үлкені де, ойсыз сәбиі де бәрібір болғаны ғой сонда... Зады, өз құдыреті кеулеп кіре алмастай саңлаусыз сана жоғына көз жеткерген ұлылық уытты қасиеттерін уыстап шашқанда біз соны сезбейтін де секілдіміз. Құрманғазыны отыз төртінші жылдан бастап біз насихаттадық, алыстарға атын шығардық дейміз. Оған дау жоқ, әрине. Насихатымыздың бәрі бірдей оның пайдасына шыға бермегені де даусыз. Мен бұның қай жағына да осы жолы тоқталамын. Қай тұлғаның болса да сондай жағдайларын өмірі мен қызметін сөз ететін кездерде жөнге бақтырып қалмасақ, басқа уақытта соның ұтыры келе бермейді. Кешегі күннің кесірін кесетін уақыттың енді туғанын өзіміз де мойындап жатырмыз ғой. Осындай негізгі әңгімеге ауысардың алдында әлі пікірімізді жалғастырып, осы кісіні бізге дейін білген қалың жұртшылық қай дәрежеде танығанын аңғартатын бір шындықты тағы да білгізбек керек. Шайтани аралында жерленді деп жүрген Құрманғазы зиратын мен 1952 жылғы сапарымда қалмақша Күрлік, қазақша Албасты төбе деп аталатын биік жотаның басындағы көне қорымнан тауып қайттым. Оған мені Құрекеңнің көзінің тірісінде көріп қалған Ыбыр аға Досәлиев бастап апарып, құлпытасын көрсеткен. Құлпытасқа байланысты әңгімені сәл кідірте тұрып мына жағдайды айталық. Осы төңіректе 1929 жылы сотталып қамалғандар лагері тұрған кезде Құрекеннщ бұрынғы зираты — басында айы бар, тұтастай ағаштан тұрғызылған көк шатырлы биік мазары қиратылып, отқа жағылған. Біз көріп тұрған аласа соқпа бейіт — Құрекең немересі Құбаш марқұмның ашаршылық жылы әліне қарай істеген әрекеті екен. Соны көріп бір түрлі құлазып тұрғанымда Ыбыкең: —        Сен өйтіп күйзелгеніңді қоя тұр, — деді де, әуелі биік жотаның тура түбінен жанап өтетін үлкен жолды нұсқады. — Әне, анау түйе арбадан түсіп жатқан екі қатын, бір еркекті көрдің бе? —        Көріп тұрмын. —        Көріп тұрсаң, солар осы тұстан озып, жолдын сонау бір иініне іліккенше жаяу жүріп өтеді. «Жалды атасының» (елі оны солай атаған) тұсынан өткенше көлікті жолаушының бәрі сөйтеді. Әңгімені одан әрі айтқызбай-ақ түсінуіме биіктігі саржындай ағаш діңгек, оған байланған (құраны оқылып, түйіншектеріндегі ақшалары алынған) түрлі-түсті шүберектер. —        Жә, енді, — деп Ыбекең сөзін жалғастырды. — Сен бұл кісіні Кеңес өкіметінің арқасында әулиеге айналды деп тұрған шығарсың, соқпаның ішіне секіріп түсе сал да, мына менің таяғыммен сыпаның төңірегіндегі кез келген топырақты түртіп ашып көрші. Тапқан олжаларыңды бір-бірлеп маған көрсете бер. Шынында да топырақтың асты емес-ау, ара-арасы түгелдей тұнып тұрған дерек дерсіз. Мен табысыма насаттанып, тер шыққан сайын өз жұмысымды қыздырып, уысыма іліккеннің ақсақалға бір-бірлеп ұстата бердім. Ол маған әр буйымды ажыратып айтты да, алған жеріме қайта жасыртып отырды. —        Бұл — құраннан сүре. —        Міне, мынау Керенскийдің ақшасы. —        О, мынау Мекалайдың сөлкебайы ғой. — Тоқта, тоқта! Мына қағазыңыз не болды екен?... Сірә осыныңыз «Бақырғанның» бір жері ау деймін. Айтпақшы, бұнда қиссалардан талай сөз тасталған. Тасталған емес-ау баяғы көк шатырлы пәтердей мазардың барында осында олардың тұратын орны да болған. Мынау желмен ұйытқып, соқпаның ішінен шыға алмай әбден түбітше түтілген мамықтар — сол хиссалардың қағазы. Осының көбі — көзінің тірісінде татаршадан өзі оқыған нәрселер. Өзіне ақ паспорт беріп қуғын-сүргіннен құтқарған правитель Мақаш Бекмұхамбетовпен Бапаспен де (Дәулеткерейді айтады. — Е. X.) байланыс ұстап, солардан да оқитын ол-пұл алып тұрса керек. Бір дорба ұсақ тасты не өзінің абақтыда, не шешесі Алқа мен әйел) Әуестің үйде отырып бал ашқандағы сәуегейлік құралы деп жорамалдадық. 1959 жылы біз басын басқаша қарайтқанда бұларды экскаватор түгелдей жапырып тастаса керек. Атырау мұражайына алынған құлпытас пен өзінің өсиеті бойынша киізге орап көмілген (асына сойылған) күрең биенің басынан басқаны көре алмадық. Құлпытасты ашқан Астрахань татары өлген жылын «1889» деп жазудың орнына «1879» деп жазып (бірі жоғары, бірі төмен қарап тұратын «7» мен «8»-дің ашасын алмастырып қойғанын Құбаш төбе басына әкелгенде бір-ақ білді деп, оны да Ыбыр растап берді. Тас бойынша 73 жасында опат болған адам 1810 жылы туған болады. Менің ауыл мектебінде бірге оқыған досым Өтешқали Есмағамбетовтың шешесі Әуеске немере сіңлі болып келеді. Сол кісі бір сөзінде «жалды жездем жылым барыс дейтін секілді еді» дегені үшін осы «1818» жылды мен де қуаттадым. Қамалған, қашып шыққан Астрахань, Орынбор абақтылары, жер аударылып, айдалып барып қайтқан Үркіт (Иркутск), бірде «Боз қаңғыр» атанып ақсұр атпен, бірде Асанқайғыша мая мініп аралаған қазағының жер-суы — қайдан да тағдыр татқызған дәмі — осы адамның өмірбаянын құрайды дейміз-ау. Түптеп келгенде осыларды «өмірбаянның» өзі деп білмек әділ емес. Бұлар — қазақ өмірінде ешкімді қайталамаған, ешкім қайталай алмаған, қайталауы мүмкін де емес ұлы дүниелердің жаратушысы адамға берілетін аз өмірде толық болмысымен көрініп үлгеруі үшін Алла Тағаланың үсті-үстіне асықтырып тынышсыз тықпалаған қозғалыстары ғана. Олар өлмейтін өмірбаянды азықтандырып қана отырды. Бірауық желе-жортып өтелікші: онсыз да жаралынын жанын күйзелткен «Ақсақ киік», ызаға тиген «Ақбай», ақкөкірек те адуын «Адай», «Айжан қыз», бір мезет бұлт астынан жарқ ете қалған күн көзіндей «Айда бұлбұл, Ақжан-ай», кенет тұлданып, ұлы мұратын көкке жаныған «Кішкентай», ар биігінен «Аттан!» салған «Төремұрат», басқа тіршіліктің бірі жанып, бірі сөніп жатса да мейірімі, төліне тілеуі түгесілмейтін шеше—«Қайран шеше, сен аман бол!» ...Қайсы бірін айтасың, осынау қонысынан қуылған көшпендінің «Жігерін» ояту үшін теңіз де күрсіне долданып «Көбік шашқан». Құдай-ау, бұ дүние не боп кетті?! Бұ қазақтың қашанғы қат-қабат соры аздай, орыстың зеңбірегінен миымыз зеңгіп еді, өрді қынадай қырып, жерді жаулап алып еді. Шығыстың зынданың да өз заңымен сыйыстыра ал маған жұрттың енді даладай дарқан үйін, сазын да абақты дейтін аждаһа жұтар болды ма?! Мәуелі бағынан басқа жерде сайраған бұлбұлды кім көріпті?! Жо-жоқ, жатқа жағынғандар темір торға тыққызған өнер сұлтанына тек қана «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» жөн. «Бұқтым, бұқтым, жыраға бұқтым», сайға бұқтым», сөйтіп құтылдым деп қашқын жан сырын ақтарып отырған адамы сатқын боп шыққанда одан да безген. Туған топыраққа «Бекер келдім» күйі сонда туған. Ұлан-байтақ Сарыарқаға сапар содан басталған. Қайран «Сарыарқа»!.. Бұл күй қазақ жұртының бірінші нөмірлі елұраны емес пе?! Осы қазақ тұтас бір ту түбінен табылғанда нар жайылған жерден жау қайырған еді ғой! Қан тамырға осыны қыздырып сіңірген бір саз бар десек, сол «Сарыарқадай-ақ» болар. Орыс өмірімен арақатынастан туған «Балбырауын», «Перовский», «Лаушке», «Машина» мен «Не кричи, не шумилердіц» ызаға булыққан сарындары түгіл көңілді дегендері де Құрманғазы қаһарын төкпеген бір сәтті де білгізбейді. «Серпер» мен «Бал қаймақтың» өзі де ел дәмі ерінге тиген мезетте, немесе отбасы бүтінделген бір сәтте талайғы аңсағанын ғана еске түсірген ерке дүниелер. Бірақ іштері — шамадан тыс ірі. Ұлы күйші-композитор шығармашылығы осылайша жүріп отырып, ең соңғы «Итог» деп аталатын күйіне жеткенше қанша дүниелер туып, қаншасы жер астына кеткендермен бірге жоғалғанын бір құдайдың өзі біледі. Өзін жекеге жатқызып, аз ғана малын тартып алғанымыз үшін Алматыға шақырғанда да келмеген Ерғали Ещановтың бір өзі ұстазының алпысқа жуық күйін бермей кеткенін немересі Ғ. Қайрөшевтен естігенбіз: Ол тәкаппарлықта шәкірттеріне Құрманғазының өзінен ауысқан. Қараға да, төреге де өз қадірін осылайша өткізген Құрманғазы да пенде емес пе, «Исатай менен Махамбет өкіне ме екен өлдім деп?!» дей отыpa өзінің де опық жеместей асқақ сезімін бір орайда аңғартып алады: «Өзіммен ұлы дұға бір түсетін ұл туар мендей сірә қатын қайдан?!» дейтін де сөзі бар ғой оның. Құрекеңнің елмен бірге қилы-қилы өмір кешкен шығармалары біздің тұсымызда бағы жанып, қазақ жері тұрмақ, бұрынғы Кеңес одағына, одан дүйім дүние тараптарына танылғаны әмбеге аян. Көптің көзі көргеніне әділ, оларды өзімізден де жоғары бағалаған жұрттар бары айтылып, жазылып та жүр. Жалпы бұл салада қазақ музыка зерттеушілерінің еңбегін қалай марапаттасаң да соған татиды. Сауаттылыққа, ақиқат ісіне адалдыққа аңсап жеткен зиялы жандар ең алдымен халық қазынасына айрықша құрметпен қарады. Солардың ішінде Құрманғазы мен оның тағдырластарына бола академик Ахмет Жұбанов төккен терді айыра-бөле айтпасақ, оны құдай да кешірмес. Ол кісі Орынбор, Орал, Атырау, Нарын, Астрахань, бергі Мұғалжар, Арал, Сыр бойларынан да Құрманғазы күйлерін тартушылардың талайымен тапты. Ол басқалармен қатар ұлы күйші-композитор еңбектерін де теориялық жағынан жүйелеп, халыққа түсінікті тілмен кітап күйінде де оқытты, өзі тұңғыш құрастырған ұлт аспаптары оркестрінің қуатты да әсем үнімен құлаққа құйды. Содан кейін-ақ Құрманғазыға Күй Атасы деген құрметті атақты халықтың өзі берді. Құрманғазының есімімен аталған әлгі оркестр жарты ғасыр бойы есейіп, есейген сайын өрісін ұзартты — батыс, шығыс елдерін түгел дерлік аяқтай аралады. Соның үлгісімен бас құраған басқа ұжымдар да талай құрлық жұрттарын қазақ өнеріне тәнті қылды. Соның бәрінде күй атасының баға жетпес классикалық туындыларына ақ, қара, сары нәсілдерінің қайсы бірі де айрықша назар аудармай қала алмады. Тіпті баяғы орыс журналисі Н. Савичевтей «музыкадан сауаты болса бірінші жұлдыз осы болар еді» деп шарт та қоймай, «мынау адамыңыз жиырма бірінші ғасырдың музыкасын жасаған ғой» деушілер де табылды. Осы орайда мынадай бір қызықтарды айта кетудің жөні келіп тұр: «Оркестр Сарыарқаны» бастап жібергенде орындарынан дүрліге көтерілген қытай солдаттары сол күйді аяқтарынан тік тұрып тыңдады» деп Ахмет Жұбанов айтып келген еді. «Вашингтонда, Біріккен Ұлттар Ұйымының залында «Төремұратты» тартқанымда бір американдық қасыма жүгіріп келіп, маған артыңнан іздеп барамын деді» дегені Қаршыға Ахмедияровтан да естідім. Бұлар өз алдына, мына сырт адамның сөзіне қараңыз: «Ертеректе мен өз «Құрманғазымды» орыс тілінде Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан екінші мәрте шығартқалы барғанымда сол баспаның, директоры Валерий Осипов маған өзінің, бір әрекетін былайша жеткізді: — Америкаға сапарым алдында астана дүкендерін аралап, керек жерінде сыйға тартуға татитын, ол жақта кездесе бермейтін бұйым іздедім. Бір дүкенде Құрманғазы күйлерінің күй табағы кездесе қалды. Үйінде болғанымда соны менің қолымнан алған үлкен бір музыка қайраткері (атын айтып еді, ұмыттым — Е. X.) дереу ойнатып жіберді де, Құрманғазының мекенжайын сұрады, хат жазып, қонағым болуын өтінейін деп едім деді. Міне сізге дүйім дүние жұрттарының Құрекеңді құптау дәрежесін білгіңіз келсе. Бұрынырақта А. Жұбанов Құрманғазы күйлерінің елу шақты нотасын кітап етіп шығарған еді. Қаршыға Ахмедияров қазір соған жаңадан жиналған 21 күйді қосып баспаға табыс етті. Бұған қарағанда «ел іші-кенішінің» ата мұрасынан әлі де берері бар деп үміттенуге болады. Ұлы мұраны әлі талай баһадүрлер алдына молайтып, байытып апару болашақтың ісі. Құрманғазының композиторлық өнерімен танысқандар оның ғаламат виртуоз күйшілігіне де табынумен келеді. Қарапайым күнделікті өмірде де біреумен сені кім, қалай таныстырады, соған қарай да жұрт қабағы жұмылып, ашылады деген емес пе, бұл арада бір тоға бөліп алып, арнайы алғыс айтатын топ — дирижерлер шоғыры. Аханның ізін ала Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков есімдері тұлға сипатында тұруға тиісті. Әлгі аталған Қаршыға да біраз уақыт қажырлы қайрат танытты. Атаның атындағы академиялық оркестрді Айтқали Жәйімовтың бүгінгі басқаруындағы өзіндік өрнегі ел құлағын тағы да елең еткізді. Құрманғазы күйлері Қазақстан композиторларының операларында, симфониялық шығармаларында, хор капелласының орындауында, «Аманкелді» киносынан бастап сан салалы фильмдерде талантты пайдаланылғанда бұрынғыдан бетер құлпырып, күй атасы арманының ақиқатқа айналғанын көрсетті. Е. Брусиловский, М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, F. Жұбанова, Б. Байқадамов, М. Қойшыбаев, Е. Рахмадиев, Б. Жұманиязов, С. Мұхамеджанов, К. Күмісбеков секілді классиктеріміз бен соған жетеғабыл таланттарымыздың қайсы бірі де Құрманғазыдай сөз дүниесінің сардарына қарыздар емес, бәрі де әулеттік парызын өтей білді. Бұл күндерде Құрманғазы шығармаларын жинастырып зерттеушілер баяғы А.Затаевичпен, тіпті Б.Ерзаковичтермен де шектелмейді. Ахаң үлгімен бұл бағытта Қ. Тастанов марқұм қанша көз майын тауысты. Профессор Қ. Мұхитов та бұл жұмыспен жылдар бойы шұғылданып келеді. Соңғы әзірде Тұмат Мерғалиев өзінің ізденгіш тапқыштығымен көзге түсіп жүр. Осы жігітке жалғыз-ақ айтарым: күйдің Құрманғазы қолынан шыққандығы қуатынан, ауқымды тарихынан сезіліп тұрмаса кез келген домбырашының «білгіштігіне» иланба. «Көбік шашқан» деп бір нұсқаны тартқан адамның осы жігітке берген түсінігін оқығанда жағамды ұстағаным естен кетпейді... Әрине, музыка мамандарының теориялық жағынан бара алмай жүрген иірімдері, алып тұлғаның ашылмай жатқан құпия құбылыстары бәлкім бар да шығар. Ол жағын өздері бізден де жақсы біледі. Қалай болғанда да олар атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Айт та айт, Құрманғазының өзін қоршаған саяси-әлеуметтік ортаға көзқарасын бағалауға келгенде қайыстай қасаң қалыптасқан бір жақты, керек десеңіз, тіпті теріс пәтуаға амалсыз бас шұлғымағандар кемде-кем десек, оның жөні бір басқа. Оған да ораламыз. Ана құрсағында нәр бөліскен, табиғат таластырмай, ана сүтін де екеуіне екі емшектен бұйыртқан егіз перзенттей тіршілік деп саз бен сөз бірлігін айта алсақ керек. Қазақта тіпті «кіндігің бір ме?!» дейтін де сөз бар-ау. Саз бен сөз бірінсіз бірі қозғала алмай қалған жағдайда менің ойыма осы бір тіркес жиі оралады. Ол өзінше ғой... Егіз туған адам да есейе келе екі түрлі тағдырға иелік етеді. Ақындық өнер мен композитор туындыларының ондай түрлері бары да белгілі. «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді демекші, Құрманғазы күйлерінің құдіретті тартылыс күші замандардан бері қалыптасқан сол заңдылықты да бұзды: Көкірегін жарып шыққан жырлары көбінше күңіренген күйге ұқсас Тәжібаев Әбділда ақын «Көбік шашқан» күйіне сөз жазды. Сөз болғанда қандай!... Оны қазақ хор капелласының орындауында тыңдасаңыз көзге жас үйірмей отыра алмайсыз. Күйдің жырға айналған тұстары менің «Құрманғазымда» да ұшырасып отырады. Құрманғазыға өлең-жырларын арнаған ақындар арасынан Жұбан Молдағалиев пен Жұмекен Нәжімеденовтің терең ойлы тебіреністерін бөліп айтуға болады. Амантай Сатаев екеуміз күй атасын бейнелейтін бір сценарийді киношы назарына ұсынып көріп едік, одан берекелі бітік өнім алдық деп айта алмаймын. Марат Ысқақов екеуміз театр сахналарына шығарған пьесаны да әдеби-режиссуралық жақтарынан қайта қарау керек секілді. Ғ. Жұбановамен келісім бойынша либреттосын мен жазған операның өзіне де өмір талабы тұрғысынан қайта бір оралсақ деген ойдамыз. Құрманғазының мерейтойын бұған дейін де атап өткен кездеріміз елдің есінде. Оның рухы риза болғандай істерімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Жоғарыдағыдай тындырған жұмыстарымызды қорытып, қала, қыстақ, ауылдарда жиындар өткіздік, талай шаруашылықтар мен кешелер, консерватория мен ұлт аспаптар оркестрі де оның есімімен аталды. Тоталитаризм заманында істеген істеріміздің бәрі  бірдей көз қуанта алмаған да шығар. Қазақтың өңкей бір кемпір-шалдарын опера театрына толтыра жинап, соларға Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы министріміз орысша баяндама жасаған күнді де көрдік. «Домбыраның заманы өтті, оны мұражайға тапсыру керек» деген бір пысықай бастық тұсында да «Көбік шашқан» мен «Кісен ашқандар» күңірене күрсініп, «Жігер» мен «Теріс қақпайлар» тепсіне күш көрсетіп жатқандай сезілді. Соншалық талайғы қоқыс таптаурын боп нығыздалып қалған жердегі иіс-қоңыс қапелімде қайда кетсін-ау... Күй атасының мынау 175 жылдығы әңгімені ақиқат арнасына бұрынғыдан әлдеқайда әділ әрі батыл бағыттамаса, басқаны білмеймін, біздің буын өмірден өкініп аттанатындай қылықтар да бар. Әлдеқашан дүниеден озған адамның тірліктері қам-қарекетін көпе-көрінеу өз мүддесіне қарай бұрмалап, өз қажетіне жарата алса ғана жақсы деп, оған жарата алмағанның күллісіне күл шашқан саясаттың Құрманғазыға қылған қиянаты да аз емес. Белгілі бір тарихи тұлға туралы барша мағлұматтардың екшелген ең бір сығынды селі энциклопедияға енгізіледі ғой. Содан үзінді оқытар алдында басын ашып айтарым: бұл мақаланы сол кезде кім жазса да тек қана осы қалпында өткізе алар еді. Сондықтан Ж. Рсалдии қысылатын дәнеңе де жоқ. Бұнда былай делінген: «Қ-ның бүкіл өмірі мен творчествосы әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, озбырлыққа қарсы күрес жолында өтті». Егер сол әділетсіз, қанаушы, озбыр бұдан соңғы сөйлемде өз атымен аталып тұрса, оған кім қарсы?.. Бұл арада мақала кімдерді жазғырып тұрғанын ішіңіз сезіп те отырған шығар. Олар, әрине, баяғы сол «Би-болыстар мен байлар». Бұның енді бұқпантайға салатын түгі де жоқ. «Би-болыстар мен байлардың» ар жағында тұрғандар — солардың өздері емес, отар иелерінің итаршылары. Қазақты қонысынан қуған орыс басқыншыларының өздері түгіл солардың қол шоқпарын ел басқарған (Исатай, Махамбет ceкiлдiлep де көп болды ғой) адал ерлерден, ел сыйлап, береке-бедел тұтқан дәулетті адамдардан бөліп алып айтуға да аузымыз бармай тұр ғой. Өз өтірігімізге шынымен сенсек правительдің өзі қаматқан адамын өзі ақтағаны қалай деп те дауласар едік. Жоқ, ол дерекке біз үндемей отырып, ішімізден соған имандай иландық. Бұл — бір делік. Екіншіден, әкімі бар, басқасы бар — елдің игі-жақсыларына түгелдей қарсы бұзақы кімге қажет?! Құрманғазыны соншалық азғын рөлде «мадақтауға» қия алдық па?.. Құдайдан күштімісің, амал құрығанда соған да қидық, қиянат емей немене бұл! Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік, Теңдікті қолдан бермедік! — деген адамды арманға балап, солар да «өкіне ме екен өлдім деп» деген, әттең сол кезде «Кішкентай» боп қанды айқасқа қатыса алмай қалдым-ау деп, соған симфонияға бергісіз шығармасын арнаған Құрманғазыға ойлап тапқан орнымыздың сиқы әлгі. Елім деген ер екендігіне генерал-губернатордың өзі сендірген, орыстың шынжырлы төбеттеріне (урядникке) «Не кричи, не шуми!» деп, құдіреті күй қуатымен зекіген қайсар қаһарманның шын болмысын ашып айтсақ, Шортанбай, Мұраттарша сорлап қаларын да ойладық, әрине. Қалай болғанда да оның өмірлік позициясын А.Затаевичке «конокрад» деп жамандағанымыздай көпе-көрінеу ұсақтаттық. «Ұлы» деп отырып та «ұры» дедік. Өз басым Дөңбай қажы мен Байғазының егес, ерегесіндей ауыл арасындағы ұсақ жанжалға Құрманғазыны араластырған жоқпын. Старшина Ақбаевты Перовскийдің алдында құрдай жорғалатқанда старшина болғаны үшін емес, Құрманғазыны орыстың жазалаушы отрядына өз қолымен ұстап беріп, абақтыға айдатқаны үшін сөйттім. Оны да мен аспаннан емес, өмірде дәл солай болған оқиғадан және «Ақбай» күйінің өз ішіндегі зығырданы қайнаған, ауық-ауық шарасынан асып-төгілген ашу-ызадан алдым. Қысқасы, Құрманғазы Сағырбаев адам, азамат ретінде кім болған деген сұраққа ендігі зерттеушілердің жауабында осы бір ойсыраған олқылықтың орнын толтыру шарт. Шарасыздан берілген жартыкеш, жалған бағадан бас тартатын күн туды. Саз сардары Сағырбаев отаршыл саясаттың озбырлығына еш төзбеген, тұтастап соған қарсы, өр, өжет тұлға. Ол Әз Тәуке мен Абылайды, Сырым, Кенесары, Исатайды білсе де тап тартысы дегеннің не екенін білген жоқ. Ол — бар болғаны музыкадағы Махамбет. Мынау бөлек-бөлек БАБА баптасып, ATА беделін салғастырып жатқан «ерке» де, ерсі тұста «Құрманғазы шынында да дара тұрған жарық жұлдыз» десек біреулер соған да бәлкім бұрынғыдан бетер тарынар. Тарынсын... Құрманғазының саздарынсыз бір концерт, эфир экрандарда бір күн өтпесе де, әр шаңырақта тойларда соның күйлерін шалқытып, халықтың аса аяулы адамдары дүние сала қалғанда соның күйлерін еңіретіп отырып та тарынып келдік қой. Сол тарынудың салдарынан күні бүгінге дейін бейшараның еш жерде ескерткіші де жоқ. Бұрынырақта соның ескерткішіне бәйге де жарияланған. Қатысушыларға арналған орындарына қарай жүлдесі де төленген. Сонда бірінші жүлдеге ие болған өз жұмысына байтақ қазақ жерінен орын таба алмаған күйінде Кенбаев Молдахмет марқұм да зарлай-зарлай дүниеден өтті. Бәлкім Кеңестің 1988 жылы шыққан энциклопедиялық сөздігінде аты аталған шығар десем, онда да кезіндегі облыс хатшыларының аты бар да, үш мәрте Еңбек Ері Қонаевтың жоғы секілді, бүгінгі сазгерлердің талайы бар да Сағырбаев жоқ. Ғылым пайдасына деп қабірден қазып алған Құрекең сүйегін елден сыртқары жерге итеріп тастай бермей, жұртшылықтың, шеттен келген қонақтардың да оның басына барып тәуеп етуіне ыңғайлы Атырау қаласының бір жеріне жерлейік деген өтініш орталық партия комиетіне де жазылды. Оған академиктер Ғ. Mүciрепов, Э. Марғұлан, A. Нүсіпбеков, жазушы Д. Снегин, мүсінші X. Наурызбаев, ішінде біз де бармыз — барлығы оншақты адам қол қойғанбыз. Идеолог хатшымыз, жаңағыша, «қазақ байлары сиғызбаған соң орыс жеріне өзі барып жатқан» дегенді ойлап шығарып, біздің өтінішімізді бюроға да салғызбай қойған. Өтірікке не шара, шынында ол кезде Астрахань губерниясына қараған ол аймақ та қазақ жері болатын. Ескерткіш демекші Құрекңнің портретін X. Наурызбаев та, М. Кенбаев та, Э. Смайылов та жасады. Н. Шаяхметов бас сүйек бойынша деп өзінше мүсіндеген болды. С. Романның бір жұмысын қазақ энциклопедиясының бетінен көрдім. Қай еңбек те өзінше ойлы, өзінше нәрлі ақ шығар. Бірақ, осынша көп Құрманғазының бір адамды танытқандай ортақ бет әлпеті байқалмауы мәдениетіміздің жетілгендігін аңғарта қояр ма екен?... Абай айтқандай, алдыңғы аға толқынның ізін кейінгі іні толқын басып, бәрі де бұрынғыдай көрінуін көрінер-ау. Сөйтсе де әр толқынның алдыңғыдан алған-ақ, адал аманаты кейінгіге саф күйінде сақтап бере білуі мезгіл мінезіне де байланысты көрінеді ғой. Әйтпесе өз өрнегімен өзіне дейінгі байытып қалдырудың орнына көне жүзіктің көзін сындырғандай, дүниеден артын жұтатып аттануға кімнің ары барсын. Әл-қадерінше, аштық пен қырғын соғыстан өмірге әрең қайтқан біздің жарадар буын да намысты қолдан бермеудің амалдарын аз істеген жоқ. Олжасызда емеспіз. Сонда да дегеніміз бола берді ме?.. Кешегі күндері әдеп, ибадат, әруақтан имену дегендерден тұл көргенсізге сенбесе де «сен білесің» демеске шарасыз болған буынның енді не істемекті ойға алса да соны тындырғанша алас ұрып асығуы заңды. Жасыратын несі бар, осы жүрген біздер бізден кейінгілер қарғамаса да, қабақ шытар межеден алыстап жарыған жоқпыз. Белгілі бір тұлғаның тойын тойлап, соның төңірегінде пікір қозғасқанда тағдыры соған ұқсас тағы басқаларға мерейтойын күтпей-ақ қызмет көрсетпекті ойластырған жөн. Өйтпесек қолдан жасалған тарихтарды қалпына қайтарып үлгере алмаймыз. Уақыт озған сайын алдымыз сиреп, артымыз қоюланып жатқан өзімізді де ұмытпалық, «Өгізге туған күннің» салқыны «бұзауға» да оңай тимеген. Азын-аулақ қалған өмірімізде адам бойындағы кісіліктің, ар-ұяттың үстемдік таныта бастағанын қасымыздағы ортақ мүдделі үлкен-кішіден дем-тыныс денемізбен де сезіне жүрсек дейміз. Бас пайдамыздан бұрын арақатынастағы жан семіртер жақсы дәстүрдің орнығаа бастағанына көз жеткеріп, көңіл тоғайтып өтсек деп біз соны көксейміз ғой. Солайша шын бармын, бауырмын деген баршамызды Құрманғазының аруағы қолдасын! 1993 жыл.  

 

Күй атасына - тағзым

Жырыңнан бұрынғы сырың да сол болған соң «жарықтық сол сырдың өзі неден басталған еді?» дегенді әр орайда зердеңе орнықтырып, тірі сурет, қимыл-қарекет қалпында сақтайды екенсің. Сол құдды әлгі әзірде болған оқиғадай ойлаған сайын жаныңа жақындай түседі екен. Бұл күндерде біреулер дастан, біреулер өлеңмен жазылған роман десіп жүрген менің «Құрманғазы» атты еңбегімде:

Елемей зекіргенін бір шалдың да,

Естімей десе біреу: қамшы алдың ба?

Таянып екі жағын осы бала

Күйшінің жатқан еді қарсы алдында, —

делінетін өлең шумағынан оқырман Ұзақ есімді ұстазының қарсы алдында күйші өнерінің құдіретіне есі кете елтіп жатқан қаршадай Құрманғазыны көреді ғой. Шынында ол ақынның ойлау жүйесінен енген сурет емес, менің алты жасар кезімде өз басымнан кешірген нақты бір оқиғаға негізделген.

Туып-өскен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлдеқайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайғап болған соң жиналған қанаттас ауыл адамдары есіктері үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп сыртқа да тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі — мен ғана аспалы шамның астында, Құрекең шәкірті кәрі Қабыланның қарсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы — осы кісі. Қабылан Құрекеңнің қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағына созылған қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын. Соны жеңгем Балқия алқа-қотан алдында ұйықтап кеткелі жатыр деп ұққан. Үлкендердің алдын орап ол жерге бара қою жас келінге қияметтен қиын. Әйелдің өтініші бойынша ауыл жігіттерінің біреуі есік жақтағылардың ара-арасымен бұқпантайлап келіп мені сирағымнан тартып ала қоймақ болғанда қолыма іліккен кілем пұшпағын өзіммен бірге түре тартып әрі оқыс айғайлап, елдің тыныштығын бұзыппын. Осы орайда Қабылан былай депті:

— Белгілі күйші Ерғали Ещанов осы баладай сәби шағында үйіне түстеніп күй тартқан Құрманғазыға жаңағыдай есі кете елтіп, ақырында өзіңмен бірге мені ала кет деп жалынса керек. Күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай ел аралағанда апта бойы ала жүріпті, «періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, баласын апарып саламын» деп хабаршы жіберіпті. Мына бала да атасының шарапатына елтіген шығар. Қорықпаңдар, бұны ұрлап әкеткендей менің қасқыр ішігім де, шанам да, шарапатым да жоқ.

«Боз шолақ атты боқ дүниені» ысырып тастап, тағылық, тасырлық дегендермен табиғаттың өз тілінде салғыласа білген саз дүниесінің алыбына адам атаулының ойшыл үлкені де, ойсыз сәбиі де бәрібір болғаны ғой сонда... Зады, өз құдыреті кеулеп кіре алмастай саңлаусыз сана жоғына көз жеткерген ұлылық уытты қасиеттерін уыстап шашқанда біз соны сезбейтін де секілдіміз.

Құрманғазыны отыз төртінші жылдан бастап біз насихаттадық, алыстарға атын шығардық дейміз. Оған дау жоқ, әрине. Насихатымыздың бәрі бірдей оның пайдасына шыға бермегені де даусыз. Мен бұның қай жағына да осы жолы тоқталамын. Қай тұлғаның болса да сондай жағдайларын өмірі мен қызметін сөз ететін кездерде жөнге бақтырып қалмасақ, басқа уақытта соның ұтыры келе бермейді. Кешегі күннің кесірін кесетін уақыттың енді туғанын өзіміз де мойындап жатырмыз ғой. Осындай негізгі әңгімеге ауысардың алдында әлі пікірімізді жалғастырып, осы кісіні бізге дейін білген қалың жұртшылық қай дәрежеде танығанын аңғартатын бір шындықты тағы да білгізбек керек.

Шайтани аралында жерленді деп жүрген Құрманғазы зиратын мен 1952 жылғы сапарымда қалмақша Күрлік, қазақша Албасты төбе деп аталатын биік жотаның басындағы көне қорымнан тауып қайттым. Оған мені Құрекеңнің көзінің тірісінде көріп қалған Ыбыр аға Досәлиев бастап апарып, құлпытасын көрсеткен. Құлпытасқа байланысты әңгімені сәл кідірте тұрып мына жағдайды айталық.

Осы төңіректе 1929 жылы сотталып қамалғандар лагері тұрған кезде Құрекеннщ бұрынғы зираты — басында айы бар, тұтастай ағаштан тұрғызылған көк шатырлы биік мазары қиратылып, отқа жағылған. Біз көріп тұрған аласа соқпа бейіт — Құрекең немересі Құбаш марқұмның ашаршылық жылы әліне қарай істеген әрекеті екен. Соны көріп бір түрлі құлазып тұрғанымда Ыбыкең:

—        Сен өйтіп күйзелгеніңді қоя тұр, — деді де, әуелі биік жотаның тура түбінен жанап өтетін үлкен жолды нұсқады. — Әне, анау түйе арбадан түсіп жатқан екі қатын, бір еркекті көрдің бе?

—        Көріп тұрмын.

—        Көріп тұрсаң, солар осы тұстан озып, жолдын сонау бір иініне іліккенше жаяу жүріп өтеді. «Жалды атасының» (елі оны солай атаған) тұсынан өткенше көлікті жолаушының бәрі сөйтеді.

Әңгімені одан әрі айтқызбай-ақ түсінуіме биіктігі саржындай ағаш діңгек, оған байланған (құраны оқылып, түйіншектеріндегі ақшалары алынған) түрлі-түсті шүберектер.

—        Жә, енді, — деп Ыбекең сөзін жалғастырды. — Сен бұл кісіні Кеңес өкіметінің арқасында әулиеге айналды деп тұрған шығарсың, соқпаның ішіне секіріп түсе сал да, мына менің таяғыммен сыпаның төңірегіндегі кез келген топырақты түртіп ашып көрші. Тапқан олжаларыңды бір-бірлеп маған көрсете бер.

Шынында да топырақтың асты емес-ау, ара-арасы түгелдей тұнып тұрған дерек дерсіз. Мен табысыма насаттанып, тер шыққан сайын өз жұмысымды қыздырып, уысыма іліккеннің ақсақалға бір-бірлеп ұстата бердім. Ол маған әр буйымды ажыратып айтты да, алған жеріме қайта жасыртып отырды.

—        Бұл — құраннан сүре.

—        Міне, мынау Керенскийдің ақшасы.

—        О, мынау Мекалайдың сөлкебайы ғой.

— Тоқта, тоқта! Мына қағазыңыз не болды екен?... Сірә осыныңыз «Бақырғанның» бір жері ау деймін. Айтпақшы, бұнда қиссалардан талай сөз тасталған. Тасталған емес-ау баяғы көк шатырлы пәтердей мазардың барында осында олардың тұратын орны да болған. Мынау желмен ұйытқып, соқпаның ішінен шыға алмай әбден түбітше түтілген мамықтар — сол хиссалардың қағазы. Осының көбі — көзінің тірісінде татаршадан өзі оқыған нәрселер. Өзіне ақ паспорт беріп қуғын-сүргіннен құтқарған правитель Мақаш Бекмұхамбетовпен Бапаспен де (Дәулеткерейді айтады. — Е. X.) байланыс ұстап, солардан да оқитын ол-пұл алып тұрса керек.

Бір дорба ұсақ тасты не өзінің абақтыда, не шешесі Алқа мен әйел) Әуестің үйде отырып бал ашқандағы сәуегейлік құралы деп жорамалдадық. 1959 жылы біз басын басқаша қарайтқанда бұларды экскаватор түгелдей жапырып тастаса керек. Атырау мұражайына алынған құлпытас пен өзінің өсиеті бойынша киізге орап көмілген (асына сойылған) күрең биенің басынан басқаны көре алмадық.

Құлпытасты ашқан Астрахань татары өлген жылын «1889» деп жазудың орнына «1879» деп жазып (бірі жоғары, бірі төмен қарап тұратын «7» мен «8»-дің ашасын алмастырып қойғанын Құбаш төбе басына әкелгенде бір-ақ білді деп, оны да Ыбыр растап берді. Тас бойынша 73 жасында опат болған адам 1810 жылы туған болады. Менің ауыл мектебінде бірге оқыған досым Өтешқали Есмағамбетовтың шешесі Әуеске немере сіңлі болып келеді. Сол кісі бір сөзінде «жалды жездем жылым барыс дейтін секілді еді» дегені үшін осы «1818» жылды мен де қуаттадым.

Қамалған, қашып шыққан Астрахань, Орынбор абақтылары, жер аударылып, айдалып барып қайтқан Үркіт (Иркутск), бірде «Боз қаңғыр» атанып ақсұр атпен, бірде Асанқайғыша мая мініп аралаған қазағының жер-суы — қайдан да тағдыр татқызған дәмі — осы адамның өмірбаянын құрайды дейміз-ау. Түптеп келгенде осыларды «өмірбаянның» өзі деп білмек әділ емес. Бұлар — қазақ өмірінде ешкімді қайталамаған, ешкім қайталай алмаған, қайталауы мүмкін де емес ұлы дүниелердің жаратушысы адамға берілетін аз өмірде толық болмысымен көрініп үлгеруі үшін Алла Тағаланың үсті-үстіне асықтырып тынышсыз тықпалаған қозғалыстары ғана. Олар өлмейтін өмірбаянды азықтандырып қана отырды. Бірауық желе-жортып өтелікші: онсыз да жаралынын жанын күйзелткен «Ақсақ киік», ызаға тиген «Ақбай», ақкөкірек те адуын «Адай», «Айжан қыз», бір мезет бұлт астынан жарқ ете қалған күн көзіндей «Айда бұлбұл, Ақжан-ай», кенет тұлданып, ұлы мұратын көкке жаныған «Кішкентай», ар биігінен «Аттан!» салған «Төремұрат», басқа тіршіліктің бірі жанып, бірі сөніп жатса да мейірімі, төліне тілеуі түгесілмейтін шеше—«Қайран шеше, сен аман бол!» ...Қайсы бірін айтасың, осынау қонысынан қуылған көшпендінің «Жігерін» ояту үшін теңіз де күрсіне долданып «Көбік шашқан». Құдай-ау, бұ дүние не боп кетті?! Бұ қазақтың қашанғы қат-қабат соры аздай, орыстың зеңбірегінен миымыз зеңгіп еді, өрді қынадай қырып, жерді жаулап алып еді. Шығыстың зынданың да өз заңымен сыйыстыра ал маған жұрттың енді даладай дарқан үйін, сазын да абақты дейтін аждаһа жұтар болды ма?! Мәуелі бағынан басқа жерде сайраған бұлбұлды кім көріпті?! Жо-жоқ, жатқа жағынғандар темір торға тыққызған өнер сұлтанына тек қана «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» жөн. «Бұқтым, бұқтым, жыраға бұқтым», сайға бұқтым», сөйтіп құтылдым деп қашқын жан сырын ақтарып отырған адамы сатқын боп шыққанда одан да безген. Туған топыраққа «Бекер келдім» күйі сонда туған. Ұлан-байтақ Сарыарқаға сапар содан басталған. Қайран «Сарыарқа»!.. Бұл күй қазақ жұртының бірінші нөмірлі елұраны емес пе?! Осы қазақ тұтас бір ту түбінен табылғанда нар жайылған жерден жау қайырған еді ғой! Қан тамырға осыны қыздырып сіңірген бір саз бар десек, сол «Сарыарқадай-ақ» болар.

Орыс өмірімен арақатынастан туған «Балбырауын», «Перовский», «Лаушке», «Машина» мен «Не кричи, не шумилердіц» ызаға булыққан сарындары түгіл көңілді дегендері де Құрманғазы қаһарын төкпеген бір сәтті де білгізбейді. «Серпер» мен «Бал қаймақтың» өзі де ел дәмі ерінге тиген мезетте, немесе отбасы бүтінделген бір сәтте талайғы аңсағанын ғана еске түсірген ерке дүниелер. Бірақ іштері — шамадан тыс ірі.

Ұлы күйші-композитор шығармашылығы осылайша жүріп отырып, ең соңғы «Итог» деп аталатын күйіне жеткенше қанша дүниелер туып, қаншасы жер астына кеткендермен бірге жоғалғанын бір құдайдың өзі біледі. Өзін жекеге жатқызып, аз ғана малын тартып алғанымыз үшін Алматыға шақырғанда да келмеген Ерғали Ещановтың бір өзі ұстазының алпысқа жуық күйін бермей кеткенін немересі Ғ. Қайрөшевтен естігенбіз: Ол тәкаппарлықта шәкірттеріне Құрманғазының өзінен ауысқан. Қараға да, төреге де өз қадірін осылайша өткізген Құрманғазы да пенде емес пе, «Исатай менен Махамбет өкіне ме екен өлдім деп?!» дей отыpa өзінің де опық жеместей асқақ сезімін бір орайда аңғартып алады: «Өзіммен ұлы дұға бір түсетін ұл туар мендей сірә қатын қайдан?!» дейтін де сөзі бар ғой оның.

Құрекеңнің елмен бірге қилы-қилы өмір кешкен шығармалары біздің тұсымызда бағы жанып, қазақ жері тұрмақ, бұрынғы Кеңес одағына, одан дүйім дүние тараптарына танылғаны әмбеге аян. Көптің көзі көргеніне әділ, оларды өзімізден де жоғары бағалаған жұрттар бары айтылып, жазылып та жүр. Жалпы бұл салада қазақ музыка зерттеушілерінің еңбегін қалай марапаттасаң да соған татиды. Сауаттылыққа, ақиқат ісіне адалдыққа аңсап жеткен зиялы жандар ең алдымен халық қазынасына айрықша құрметпен қарады. Солардың ішінде Құрманғазы мен оның тағдырластарына бола академик Ахмет Жұбанов төккен терді айыра-бөле айтпасақ, оны құдай да кешірмес. Ол кісі Орынбор, Орал, Атырау, Нарын, Астрахань, бергі Мұғалжар, Арал, Сыр бойларынан да Құрманғазы күйлерін тартушылардың талайымен тапты. Ол басқалармен қатар ұлы күйші-композитор еңбектерін де теориялық жағынан жүйелеп, халыққа түсінікті тілмен кітап күйінде де оқытты, өзі тұңғыш құрастырған ұлт аспаптары оркестрінің қуатты да әсем үнімен құлаққа құйды. Содан кейін-ақ Құрманғазыға Күй Атасы деген құрметті атақты халықтың өзі берді. Құрманғазының есімімен аталған әлгі оркестр жарты ғасыр бойы есейіп, есейген сайын өрісін ұзартты — батыс, шығыс елдерін түгел дерлік аяқтай аралады. Соның үлгісімен бас құраған басқа ұжымдар да талай құрлық жұрттарын қазақ өнеріне тәнті қылды. Соның бәрінде күй атасының баға жетпес классикалық туындыларына ақ, қара, сары нәсілдерінің қайсы бірі де айрықша назар аудармай қала алмады. Тіпті баяғы орыс журналисі Н. Савичевтей «музыкадан сауаты болса бірінші жұлдыз осы болар еді» деп шарт та қоймай, «мынау адамыңыз жиырма бірінші ғасырдың музыкасын жасаған ғой» деушілер де табылды. Осы орайда мынадай бір қызықтарды айта кетудің жөні келіп тұр: «Оркестр Сарыарқаны» бастап жібергенде орындарынан дүрліге көтерілген қытай солдаттары сол күйді аяқтарынан тік тұрып тыңдады» деп Ахмет Жұбанов айтып келген еді. «Вашингтонда, Біріккен Ұлттар Ұйымының залында «Төремұратты» тартқанымда бір американдық қасыма жүгіріп келіп, маған артыңнан іздеп барамын деді» дегені Қаршыға Ахмедияровтан да естідім. Бұлар өз алдына, мына сырт адамның сөзіне қараңыз: «Ертеректе мен өз «Құрманғазымды» орыс тілінде Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан екінші мәрте шығартқалы барғанымда сол баспаның, директоры Валерий Осипов маған өзінің, бір әрекетін былайша жеткізді:

— Америкаға сапарым алдында астана дүкендерін аралап, керек жерінде сыйға тартуға татитын, ол жақта кездесе бермейтін бұйым іздедім. Бір дүкенде Құрманғазы күйлерінің күй табағы кездесе қалды. Үйінде болғанымда соны менің қолымнан алған үлкен бір музыка қайраткері (атын айтып еді, ұмыттым — Е. X.) дереу ойнатып жіберді де, Құрманғазының мекенжайын сұрады, хат жазып, қонағым болуын өтінейін деп едім деді.

Міне сізге дүйім дүние жұрттарының Құрекеңді құптау дәрежесін білгіңіз келсе. Бұрынырақта А. Жұбанов Құрманғазы күйлерінің елу шақты нотасын кітап етіп шығарған еді. Қаршыға Ахмедияров қазір соған жаңадан жиналған 21 күйді қосып баспаға табыс етті. Бұған қарағанда «ел іші-кенішінің» ата мұрасынан әлі де берері бар деп үміттенуге болады. Ұлы мұраны әлі талай баһадүрлер алдына молайтып, байытып апару болашақтың ісі. Құрманғазының композиторлық өнерімен танысқандар оның ғаламат виртуоз күйшілігіне де табынумен келеді.

Қарапайым күнделікті өмірде де біреумен сені кім, қалай таныстырады, соған қарай да жұрт қабағы жұмылып, ашылады деген емес пе, бұл арада бір тоға бөліп алып, арнайы алғыс айтатын топ — дирижерлер шоғыры. Аханның ізін ала Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков есімдері тұлға сипатында тұруға тиісті. Әлгі аталған Қаршыға да біраз уақыт қажырлы қайрат танытты. Атаның атындағы академиялық оркестрді Айтқали Жәйімовтың бүгінгі басқаруындағы өзіндік өрнегі ел құлағын тағы да елең еткізді.

Құрманғазы күйлері Қазақстан композиторларының операларында, симфониялық шығармаларында, хор капелласының орындауында, «Аманкелді» киносынан бастап сан салалы фильмдерде талантты пайдаланылғанда бұрынғыдан бетер құлпырып, күй атасы арманының ақиқатқа айналғанын көрсетті. Е. Брусиловский, М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, F. Жұбанова, Б. Байқадамов, М. Қойшыбаев, Е. Рахмадиев, Б. Жұманиязов, С. Мұхамеджанов, К. Күмісбеков секілді классиктеріміз бен соған жетеғабыл таланттарымыздың қайсы бірі де Құрманғазыдай сөз дүниесінің сардарына қарыздар емес, бәрі де әулеттік парызын өтей білді.

Бұл күндерде Құрманғазы шығармаларын жинастырып зерттеушілер баяғы А.Затаевичпен, тіпті Б.Ерзаковичтермен де шектелмейді. Ахаң үлгімен бұл бағытта Қ. Тастанов марқұм қанша көз майын тауысты. Профессор Қ. Мұхитов та бұл жұмыспен жылдар бойы шұғылданып келеді. Соңғы әзірде Тұмат Мерғалиев өзінің ізденгіш тапқыштығымен көзге түсіп жүр. Осы жігітке жалғыз-ақ айтарым: күйдің Құрманғазы қолынан шыққандығы қуатынан, ауқымды тарихынан сезіліп тұрмаса кез келген домбырашының «білгіштігіне» иланба. «Көбік шашқан» деп бір нұсқаны тартқан адамның осы жігітке берген түсінігін оқығанда жағамды ұстағаным естен кетпейді...

Әрине, музыка мамандарының теориялық жағынан бара алмай жүрген иірімдері, алып тұлғаның ашылмай жатқан құпия құбылыстары бәлкім бар да шығар. Ол жағын өздері бізден де жақсы біледі. Қалай болғанда да олар атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Айт та айт, Құрманғазының өзін қоршаған саяси-әлеуметтік ортаға көзқарасын бағалауға келгенде қайыстай қасаң қалыптасқан бір жақты, керек десеңіз, тіпті теріс пәтуаға амалсыз бас шұлғымағандар кемде-кем десек, оның жөні бір басқа. Оған да ораламыз.

Ана құрсағында нәр бөліскен, табиғат таластырмай, ана сүтін де екеуіне екі емшектен бұйыртқан егіз перзенттей тіршілік деп саз бен сөз бірлігін айта алсақ керек. Қазақта тіпті «кіндігің бір ме?!» дейтін де сөз бар-ау. Саз бен сөз бірінсіз бірі қозғала алмай қалған жағдайда менің ойыма осы бір тіркес жиі оралады. Ол өзінше ғой...

Егіз туған адам да есейе келе екі түрлі тағдырға иелік етеді. Ақындық өнер мен композитор туындыларының ондай түрлері бары да белгілі. «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді демекші, Құрманғазы күйлерінің құдіретті тартылыс күші замандардан бері қалыптасқан сол заңдылықты да бұзды: Көкірегін жарып шыққан жырлары көбінше күңіренген күйге ұқсас Тәжібаев Әбділда ақын «Көбік шашқан» күйіне сөз жазды. Сөз болғанда қандай!... Оны қазақ хор капелласының орындауында тыңдасаңыз көзге жас үйірмей отыра алмайсыз. Күйдің жырға айналған тұстары менің «Құрманғазымда» да ұшырасып отырады. Құрманғазыға өлең-жырларын арнаған ақындар арасынан Жұбан Молдағалиев пен Жұмекен Нәжімеденовтің терең ойлы тебіреністерін бөліп айтуға болады. Амантай Сатаев екеуміз күй атасын бейнелейтін бір сценарийді киношы назарына ұсынып көріп едік, одан берекелі бітік өнім алдық деп айта алмаймын. Марат Ысқақов екеуміз театр сахналарына шығарған пьесаны да әдеби-режиссуралық жақтарынан қайта қарау керек секілді. Ғ. Жұбановамен келісім бойынша либреттосын мен жазған операның өзіне де өмір талабы тұрғысынан қайта бір оралсақ деген ойдамыз.

Құрманғазының мерейтойын бұған дейін де атап өткен кездеріміз елдің есінде. Оның рухы риза болғандай істерімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Жоғарыдағыдай тындырған жұмыстарымызды қорытып, қала, қыстақ, ауылдарда жиындар өткіздік, талай шаруашылықтар мен кешелер, консерватория мен ұлт аспаптар оркестрі де оның есімімен аталды. Тоталитаризм заманында істеген істеріміздің бәрі  бірдей көз қуанта алмаған да шығар. Қазақтың өңкей бір кемпір-шалдарын опера театрына толтыра жинап, соларға Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы министріміз орысша баяндама жасаған күнді де көрдік. «Домбыраның заманы өтті, оны мұражайға тапсыру керек» деген бір пысықай бастық тұсында да «Көбік шашқан» мен «Кісен ашқандар» күңірене күрсініп, «Жігер» мен «Теріс қақпайлар» тепсіне күш көрсетіп жатқандай сезілді.

Соншалық талайғы қоқыс таптаурын боп нығыздалып қалған жердегі иіс-қоңыс қапелімде қайда кетсін-ау... Күй атасының мынау 175 жылдығы әңгімені ақиқат арнасына бұрынғыдан әлдеқайда әділ әрі батыл бағыттамаса, басқаны білмеймін, біздің буын өмірден өкініп аттанатындай қылықтар да бар. Әлдеқашан дүниеден озған адамның тірліктері қам-қарекетін көпе-көрінеу өз мүддесіне қарай бұрмалап, өз қажетіне жарата алса ғана жақсы деп, оған жарата алмағанның күллісіне күл шашқан саясаттың Құрманғазыға қылған қиянаты да аз емес. Белгілі бір тарихи тұлға туралы барша мағлұматтардың екшелген ең бір сығынды селі энциклопедияға енгізіледі ғой. Содан үзінді оқытар алдында басын ашып айтарым: бұл мақаланы сол кезде кім жазса да тек қана осы қалпында өткізе алар еді. Сондықтан Ж. Рсалдии қысылатын дәнеңе де жоқ. Бұнда былай делінген: «Қ-ның бүкіл өмірі мен творчествосы әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, озбырлыққа қарсы күрес жолында өтті». Егер сол әділетсіз, қанаушы, озбыр бұдан соңғы сөйлемде өз атымен аталып тұрса, оған кім қарсы?.. Бұл арада мақала кімдерді жазғырып тұрғанын ішіңіз сезіп те отырған шығар. Олар, әрине, баяғы сол «Би-болыстар мен байлар». Бұның енді бұқпантайға салатын түгі де жоқ. «Би-болыстар мен байлардың» ар жағында тұрғандар — солардың өздері емес, отар иелерінің итаршылары. Қазақты қонысынан қуған орыс басқыншыларының өздері түгіл солардың қол шоқпарын ел басқарған (Исатай, Махамбет ceкiлдiлep де көп болды ғой) адал ерлерден, ел сыйлап, береке-бедел тұтқан дәулетті адамдардан бөліп алып айтуға да аузымыз бармай тұр ғой. Өз өтірігімізге шынымен сенсек правительдің өзі қаматқан адамын өзі ақтағаны қалай деп те дауласар едік. Жоқ, ол дерекке біз үндемей отырып, ішімізден соған имандай иландық. Бұл — бір делік. Екіншіден, әкімі бар, басқасы бар — елдің игі-жақсыларына түгелдей қарсы бұзақы кімге қажет?! Құрманғазыны соншалық азғын рөлде «мадақтауға» қия алдық па?.. Құдайдан күштімісің, амал құрығанда соған да қидық, қиянат емей немене бұл!

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті қолдан бермедік! —

деген адамды арманға балап, солар да «өкіне ме екен өлдім деп» деген, әттең сол кезде «Кішкентай» боп қанды айқасқа қатыса алмай қалдым-ау деп, соған симфонияға бергісіз шығармасын арнаған Құрманғазыға ойлап тапқан орнымыздың сиқы әлгі. Елім деген ер екендігіне генерал-губернатордың өзі сендірген, орыстың шынжырлы төбеттеріне (урядникке) «Не кричи, не шуми!» деп, құдіреті күй қуатымен зекіген қайсар қаһарманның шын болмысын ашып айтсақ, Шортанбай, Мұраттарша сорлап қаларын да ойладық, әрине. Қалай болғанда да оның өмірлік позициясын А.Затаевичке «конокрад» деп жамандағанымыздай көпе-көрінеу ұсақтаттық. «Ұлы» деп отырып та «ұры» дедік. Өз басым Дөңбай қажы мен Байғазының егес, ерегесіндей ауыл арасындағы ұсақ жанжалға Құрманғазыны араластырған жоқпын. Старшина Ақбаевты Перовскийдің алдында құрдай жорғалатқанда старшина болғаны үшін емес, Құрманғазыны орыстың жазалаушы отрядына өз қолымен ұстап беріп, абақтыға айдатқаны үшін сөйттім. Оны да мен аспаннан емес, өмірде дәл солай болған оқиғадан және «Ақбай» күйінің өз ішіндегі зығырданы қайнаған, ауық-ауық шарасынан асып-төгілген ашу-ызадан алдым.

Қысқасы, Құрманғазы Сағырбаев адам, азамат ретінде кім болған деген сұраққа ендігі зерттеушілердің жауабында осы бір ойсыраған олқылықтың орнын толтыру шарт. Шарасыздан берілген жартыкеш, жалған бағадан бас тартатын күн туды. Саз сардары Сағырбаев отаршыл саясаттың озбырлығына еш төзбеген, тұтастап соған қарсы, өр, өжет тұлға. Ол Әз Тәуке мен Абылайды, Сырым, Кенесары, Исатайды білсе де тап тартысы дегеннің не екенін білген жоқ. Ол — бар болғаны музыкадағы Махамбет.

Мынау бөлек-бөлек БАБА баптасып, ATА беделін салғастырып жатқан «ерке» де, ерсі тұста «Құрманғазы шынында да дара тұрған жарық жұлдыз» десек біреулер соған да бәлкім бұрынғыдан бетер тарынар. Тарынсын... Құрманғазының саздарынсыз бір концерт, эфир экрандарда бір күн өтпесе де, әр шаңырақта тойларда соның күйлерін шалқытып, халықтың аса аяулы адамдары дүние сала қалғанда соның күйлерін еңіретіп отырып та тарынып келдік қой. Сол тарынудың салдарынан күні бүгінге дейін бейшараның еш жерде ескерткіші де жоқ. Бұрынырақта соның ескерткішіне бәйге де жарияланған. Қатысушыларға арналған орындарына қарай жүлдесі де төленген. Сонда бірінші жүлдеге ие болған өз жұмысына байтақ қазақ жерінен орын таба алмаған күйінде Кенбаев Молдахмет марқұм да зарлай-зарлай дүниеден өтті. Бәлкім Кеңестің 1988 жылы шыққан энциклопедиялық сөздігінде аты аталған шығар десем, онда да кезіндегі облыс хатшыларының аты бар да, үш мәрте Еңбек Ері Қонаевтың жоғы секілді, бүгінгі сазгерлердің талайы бар да Сағырбаев жоқ.

Ғылым пайдасына деп қабірден қазып алған Құрекең сүйегін елден сыртқары жерге итеріп тастай бермей, жұртшылықтың, шеттен келген қонақтардың да оның басына барып тәуеп етуіне ыңғайлы Атырау қаласының бір жеріне жерлейік деген өтініш орталық партия комиетіне де жазылды. Оған академиктер Ғ. Mүciрепов, Э. Марғұлан, A. Нүсіпбеков, жазушы Д. Снегин, мүсінші X. Наурызбаев, ішінде біз де бармыз — барлығы оншақты адам қол қойғанбыз. Идеолог хатшымыз, жаңағыша, «қазақ байлары сиғызбаған соң орыс жеріне өзі барып жатқан» дегенді ойлап шығарып, біздің өтінішімізді бюроға да салғызбай қойған. Өтірікке не шара, шынында ол кезде Астрахань губерниясына қараған ол аймақ та қазақ жері болатын.

Ескерткіш демекші Құрекңнің портретін X. Наурызбаев та, М. Кенбаев та, Э. Смайылов та жасады. Н. Шаяхметов бас сүйек бойынша деп өзінше мүсіндеген болды. С. Романның бір жұмысын қазақ энциклопедиясының бетінен көрдім. Қай еңбек те өзінше ойлы, өзінше нәрлі ақ шығар. Бірақ, осынша көп Құрманғазының бір адамды танытқандай ортақ бет әлпеті байқалмауы мәдениетіміздің жетілгендігін аңғарта қояр ма екен?...

Абай айтқандай, алдыңғы аға толқынның ізін кейінгі іні толқын басып, бәрі де бұрынғыдай көрінуін көрінер-ау. Сөйтсе де әр толқынның алдыңғыдан алған-ақ, адал аманаты кейінгіге саф күйінде сақтап бере білуі мезгіл мінезіне де байланысты көрінеді ғой. Әйтпесе өз өрнегімен өзіне дейінгі байытып қалдырудың орнына көне жүзіктің көзін сындырғандай, дүниеден артын жұтатып аттануға кімнің ары барсын. Әл-қадерінше, аштық пен қырғын соғыстан өмірге әрең қайтқан біздің жарадар буын да намысты қолдан бермеудің амалдарын аз істеген жоқ. Олжасызда емеспіз. Сонда да дегеніміз бола берді ме?.. Кешегі күндері әдеп, ибадат, әруақтан имену дегендерден тұл көргенсізге сенбесе де «сен білесің» демеске шарасыз болған буынның енді не істемекті ойға алса да соны тындырғанша алас ұрып асығуы заңды. Жасыратын несі бар, осы жүрген біздер бізден кейінгілер қарғамаса да, қабақ шытар межеден алыстап жарыған жоқпыз.

Белгілі бір тұлғаның тойын тойлап, соның төңірегінде пікір қозғасқанда тағдыры соған ұқсас тағы басқаларға мерейтойын күтпей-ақ қызмет көрсетпекті ойластырған жөн. Өйтпесек қолдан жасалған тарихтарды қалпына қайтарып үлгере алмаймыз. Уақыт озған сайын алдымыз сиреп, артымыз қоюланып жатқан өзімізді де ұмытпалық, «Өгізге туған күннің» салқыны «бұзауға» да оңай тимеген. Азын-аулақ қалған өмірімізде адам бойындағы кісіліктің, ар-ұяттың үстемдік таныта бастағанын қасымыздағы ортақ мүдделі үлкен-кішіден дем-тыныс денемізбен де сезіне жүрсек дейміз. Бас пайдамыздан бұрын арақатынастағы жан семіртер жақсы дәстүрдің орнығаа бастағанына көз жеткеріп, көңіл тоғайтып өтсек деп біз соны көксейміз ғой. Солайша шын бармын, бауырмын деген баршамызды Құрманғазының аруағы қолдасын!

1993 жыл.

 

Ұқсас материалдар