Қандастар Ассамблея

Біліскен жайлардан бір тоға сыр

10.09.2016 4437
Көркем таным, талғамдарымды білгісі келгендерге «Күй-Дастанымды» ұсынамын. Енді соны оқып көріңіз.  

 

Біліскен жайлардан бір тоға сыр

Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өмірі мен өнері хақында естелік айтушылар санатынан көрінейін деген ой менде әсте болған да жоқ, болмақ та емес. Оған осынау өз алдына дүбірлі бір дүние туралы білген-түйгенімді басқа мақсатқа бағындырғаным себеп: Құрманғазы қазақтың ұлттық өнеріндегі ол ғасырлық тағдырынан озық танылса, бұл кісінің тұлғасы соның басқа бір дәуірдегі баһадүр жалғасы сипатында оқылсын дедім. Сонда бұл екі адам туралы жазғандарым арғыны бергіге ұластырып жатқан ақындық дилогия болып шықты. Қандай қуатпен жазылғанда да сол туындылар поэзиямызға өлең дүниесінің өзінше бір зары мен ары болып орныққан секілді. Қиындығымен қызық, ең бір қымбат естеліктер қиял қыздырғанда өздері де тағылымын тарауихқа көшірді. Содан соңғы қалпым сарқылған сабадай болса, оның несі айып?!. Мен бұл жолы өзімнің Ахаңмен арақатынасымнан ғана азын-аулақ ишарат танытамын. Бәлкім оны да білгісі келетіндер бар немесе түбінде бар болып шығуы мүмкін ғой.

Бұл кісіні Отан соғысынан елге оралған кезімде, яғни сәл кешеулеп кездестірдім. Сөйте тұра қайсы бір адами қасиеттерінен алдын-ала хабардар болған да жайым бар. Табиғаты жұмсақ адамның да талабы қатал болады дегенге о боста сенбей жүрдім. Кейін соған да сендім. Қалайша дейсіз ғой?..

1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына қатысқалы Атыраудан Алматыға келдім. Сол жиынға келген оралдық досым Қайырғали Байғалиев екеуміз астанадағы бір кешті филармония қорасындағы тоқал тамда тұратын атақты күйші Уахап Қабиғожиннiң үйінде өткіздік. Уахаң отбасы желінқаптап сауып отырған ешкінің лағын біз екеуміз сатып алып, күйшіні өзінің үйінде қонақтадық, Виртуоз домбырашының ғаламат өнерін құныға құптай отырып, ара-арасында әңгіме де айтқыздық. Ас та келіп, оған бас та тартылды.

—        Осыдан аз күн бұрын, — деп бастады ол осы орайдағы бір әңгімесін,—Ахметпен райласарда бұл лақтың басы кесіліп қала жаздаған. Оның сойғызбай кеткен малы, балалар, сендерге бұйырды.

—        Ағатай-ау, ол кісімен нағып жүз шайысып қалып жүрсіз? — деді Қайырғали үзіп алғандай.

—        Қой, құдай сақтасын, өйткен жерім жоқ. Дегенмен бір ұят іс қылғаным рас еді.

Уахаң одан арғысын ішке ірке тұрып, әңгімені ежелден ел аузында жүрген бір баланың ағат ісінен бастады:

—        Бір топ бала төбе басында асық ойнап жүрсе ауылға қарай бір салт атты келе жатыпты. Өзгелерінен тентектігі басымырақ, барлығына үкімі де жүретін Серікбай деген біреуі айтыпты: «Ана келе жатқан менің нағашымның жігіт болған баласы. Бәріміз алдынан ауыл иттерінше жарыса шауып шығайық та, жан-жағынан арсылдап, атын жүргізбей қоялық.

Барлық бала басқа міндетті атқарудай-ақ атқарса да, аттың құйрығынан тістейтін ерекше долы төбеттің рөлін ойнаушы табыла қоймаған. Сонда Серікбайдың тізесі батыңқырап жүрген бір-екі қу:

—        Бәрімізден батыр сол, бір қапса Серікбай қабады, ал, ал, Серікбай қабады!.. —деп, арсылдай беріпті. Шынымен-ақ соған қаны қызып кеткен тентек құйрыққа ауыз сала бергенде ат теуіп жіберіп, содан байғұс баланың жағы қисайып қалыпты, — деп, үй ішін бір күлдіріп алды да, Уахаң әңгімесін әрі қарай жалғастырды, — шынында біздің жағымызды қарыстыратын да қылығымыз жоқ емес, тәтті айтса сақалымызбен тайраңдап, қатты айтса қарысудың не жөні бар: Осындағы күйші, сыбызғы, сырнай, қобызшы деп жүргендердің бәрі дерлік күні кеше өз бетінше өрістеген әр елдің әпендесі емес пе, қит етсе «ойбай мынаның алды қатты, аяздай ызғарлы» деп жан-жақтан құлағымды сарсытқасын ба, әлде өзім де қатал емтиханды солай сезіндім бе, — әйтеуір, әлде қалай бір ренішке бой алдырып, Ахмет үстінен арыз беріп қалып едім. Тіпті менің сөйткенімді артынан соны қайтып алып келіп отырғанымды, Ахмет осы үйде кеше ғана өз аузынан естіп-білді, ішек-сілесі қатқанша күлді. Оркестрде де әншейіндегідей бет-бетімізбен жамырап жатсақ, сол үшін де бетімізден сүймек керек пе?.. «Өнер мен өсек, жанығу мен жалқаулық, — қайсы бірін алсаңыз да өзара бітіспес жау» деп, біз нотаға үңілген күні-ақ басын ашып айтқан ол.

—        Уаха, сонымен Ахаңды сіз бізге қандай адам деп түсіндірер едіңіз? — дедім мен ұзын сөздің аяғында.

—        Мен білетін Ахмет — екеу: Сахнадағы сұлтаннан сұсты, сардар Ахмет, жайшылықтағы жайсаң, жібектей есілген, жігіт Ахмет.

Міне, менің Ахан туралы ең алғаш алған мағлұматым осындай. Осы мінездемені қуаттайтын бір эпизодты кейініректе Латиф аға Хамиди аузынан да естігенім бар. Ол кісі былай деген еді:

—        Ахаң бір кездерде дирижерлік қызметке мені де жекті. Оркестр ырқыма көнбей бара жатса дереу қол шапалақтап тиып тастаушы едім де: «Ал, қайтеміз, дұрыстап жұмыс жасаймыз ба, жоқ, әлде Ахаңа барып айтамыз ба?.. — деуші едім. Содан соң-ақ саз жүйесін тауып, сайрап жүріп беретін.

Қырқыншы жылдардың аяқ шенінде марқұм Қабидолла Тастанов Ахаң шақырып жатыр деп, бір жолы мені Ағаның үйіне ертіп барды. Бұған дейін мен істейтін «Соц. Қазақстан» газетінің редакциясына бір келгенде Құрманғазы туралы балладамның бір жерінен әңгіме арасында үзінді айтып, бөгде бір дастарқан басында өз өтініші бойынша әлгі нәрсемді домбыраға қосып молырақ толғағаным да бар еді. Тегінде солардың бір септігі болды-ау деген едім, расында да солай екен. Түстік тағамнан соң, мені жұмыс бөлмесіне бөлек қабылдап, Құрманғазыны қаншалық білетінімді, қалай түсінетінімді сұрастырды. Болашақ операға либретто керектігін де шет-шепірлеп аңғартты. Либреттодан гөрі өзіме жақынырақ жанр арқылы көрінсем деген ойымды мен де сездірдім. Кімге де «Сіз» деп сөйлейтін әдетіне бағып, өзінен аттай он жасы кіші маған да:

—        Сонда сіздің оң жанбасыңызға орайласып тұрған жанрдың аты-жөнін білуге болмас па екен, Хама? —дегені. Мен қысылсам да қысылмағансып:

—        Шамам келгенінше көлемді дастан жазбақ ойым бар дедім.

—        Дастан іші драмасыз болмайды, оныңыз да жөн шығар. Ойлағаныңыз іске асар болса Құрманғазы тақырыбын сіз де бір қанаттан қаусырып, ек!і жақтан тапқан-таянғанымыз ортақ арнаға ойысар еді — дегенді ол, жаңағыша жеңілдетпей, әр сөзіне айрықша бір салмақ арта сөйледі. Сөйтті де ол маған оң қолын созды. Мен оны екі қолыммен ұзақ ұстап тұрдым. Өйткені, нақ сол сәтте «Ұлы Құрманғазы рухы бұл кісімен де тумай туыстырар болды ма?!» деген сезімге бой алдырып та үлгерген едім. Айтса айтқандай-ақ, аз уақыт ішінде іргесі бір іні болдым мен оған. Бас-аяғы сегіз жылға созылған «Құрманғазы» атты өлеңді роман (екі кітап) жазылып біткенше, бастапқысы қайта толысып, екеуі бір мұқабада қайта басылып шыққанға дейін Ахаң жалықпай сұрап, жайды біліп отырды.

Бірінші кітап жарыққа шығысымен, екіншісін күтпей-ақ, «өлтіре сынайтын», «сойып тастайтын» заман таяғын мен де жеудей-ақ жедім. Оған Әуезов сияқты Жұбанов та қатты ренжіді. Ахаңның сондағы көңіл жұбатқан сөзі әлі есімде: Ондайдың талайын көрген Ахаң: «Керуен көшкенде үруге тиістінің правосына тиіспек обал болады» деп те күлдірген еді. Біздің жан жарастығымыз ерекше ширыққан бір тұс Ахаң басына ауыр күн туған шақ еді. Барлық атақ-лауазым дегеннен жұрдай қып, жұмыссыз қалдырған соң, қолы бос Ахаң «Победасын» біздің терезе алдына көлденең қойып, жиі-жиі қонағымыз болатұғын. Ұсақ балалар арасында екеуден екеу отырып әңгіме шертетінбіз. Бірде мен әлгі кішкентай достардың бірі жылап, бірі күлген ызы-шуына ызаланып: «Қап, мына мелочь немелердің қылғаны-ай!..» дегенімде, сөзді табанда тапқырлығына батып Аха: «Осы шылдырлаған мелочеңыз ертең шытырлаған қағаз ақша болғанын аңғармай да қаласыз» деп, келіні мен кемпір-сампырды күлкіге бір тоғытқан еді. Сол сәтте бұған дейін өзін жазықсыз күйдірген бір жиналыстағы сөзі есіме түсті. «Жаптым жала, жақтым күйенің» шегіне шыға сөйлеген бір кекеш кісіден кейін сөз алып:

— После глубокоуважаемого такого-то мне что-либо сказать трудно, тем не менее в порядке соуса что ли... — деп бастағанда залдағы жұрт қыран-топан күлкінің астында қалған еді.. Иә, ойламаған жерден ойып түсетіні оның осындай да бір шешендік қыры аңыз сипатында айтылатын.

Сөйтіп жүрген Ахаңмен қатынас пышақ кескендей тиылып, арада екі апта өтті. Мен оны екінің бірі деп ойладым да, телефон шалмай, әлгінің артын бақтым: Менің ойымша, не Бекманов, Сүлейменов, Ысмайылов, Жұмәлиевтер кеткен жолмен темір торға барып бас сұқты, не Әуезов Мұхтар, Сәтпаев Қаныш салған қасқа жолмен Мәскеу асып, бас сауғалау қамына кейін. Абырой болғанда, алдыңғыдан амандығын жасыл ленталы машинкаға басылған сәлем хаты жеткізді. Оның алғашқы хабары былайша жазылған: «Баяғыда біздің елдің бір еті тірі кедейі дәулетті ағайынына қоңсы қонып, малына қарасып жүреді екен. Бір күні қонақ көбірек түскен бай үйінің сабадағы қымызы сарқыла бастағанда үй иесі даяшыға әлгі жігітті нұсқап: «Оған айран берсең де жарар» десе керек. Ызаға булыққан азамат өз табалдырығын аттай беріп:

Кел, қатын, үйіңді жық, біз көшелік,

Екеуміз ақсақ, көкке мінгеселік,

Басына Қызылжардың қонып алып,

Биылша қымыз ішпей күн кешелік, —

 

деген екен. Сол айтқандай, бұл күнде біз дегеніңіз Мәскеу шаһарының тұрғыны болып жүріп жатырмыз».

Халықтардың әкесі көз жұмғалы аз-кем болса да заман оңғарылып, азаматтар әлгі екі тараптан да елге қайта оралған тұста менің баяғы досым Қайырғали Байғалиев Мәдениет министрі болып қызмет атқаратын. Бір жақсы кештің буымен Ахаңды түнгі сағат үште сол үйге баруға көндірдім (шұғыл шаруамыз болған). Машинасының рөлі не ағайдың өзін отырғызып жетіп келсем, сол үйде қырғыз министрі атақты әртістерімен қонып жатыр екен. Төсегінде ұйықтап жатқан Қайырды сирағынан тартып ояттым да, ас үйде отырған Ахаңның алдына алып бардым. Екі халықтың жақсы мен жайсаңына таң рауанында табақ тартқан сол бір думанды түн әлі есімнен кетпейді. Әз аға мен асыл құрбыма қылған шамадан тыс шадыман еркелігімді қалай ғана ұмытуға болар?!

Арақатынасымызда оқта-текте шәлкем-шалыс келіп қалған мінезді де көбік құрлым дарытпаған, намыстың нарқын көтерер сәттерде де өзінен өзі қорғасындай құйылып, түсіп отыратын талай қызық эпизодтарды мөлтек қалпында мөлдіретіп қағазға түсіре берсем, бәрі де оқылар еді-ay... Әттең денсаушылық бабында емес—әйтсе де солардың тағы да бір екеуін алға тартып көрейін.

Құрманғазы зиратын тауып, Ахаңа да, өзіме де қажет бірсыпыра деректер жинастырып қайтқан соң, араға екі жыл салып, 1954 жылы Астрахань облысының сол аймағына Ахаңды да өзім бастап апардым. Барсақ отызыншы жылдардағы Қазақстан өкілдерінен (шолақ белсенділер қиянатынан) запы болған ел біздің де сұрақтарымызға состия қарап, сенімсіздік сыңай танытты. Тоқтаған жердің бәрінде-ақ екі күн бойы қатқан бауырсақ пен қара шай ішіп, мініп келген қатерімізге қоналқаға ішегіміз шұрқырап аш қайтып жүрдік. Баяғы балаң шақтағы Қабиғожин үйінде іске қосқан айла-шарғыны осы тұста бір пайдаланғым кеп, ертеңгі ас үстінде Ахаңа: «Қой сатып алып сойғызалық та, Құрекеңе бағыштап құран оқыталық. Сонда бұл ел бізге имандай сенеді, бұлақтың көзі ашылады» дедім.

Бұны естіген академик баладан бетер қуанды десем сенесіз бе? Ол былай деді:

— Кешегі пысқырынып отырған қисық шалдың қорадағы қойы ішінен бір аймүйізді бозқасқа ісек көріп едім түзге шыққанда. Сұрағанын беріп соны сойғызалық. Ерегескесін құранды да сол шалдың өзіне оқытып, кешті де сол үйдің өзінде өткізелік.

Атырау облысының Теңіз ауданынан бізді бастап барған Үмбет Сужиков бұйрығымызды бұлжытпай орындап, шалдың үйіне төңіректі түгел қатыстырды. Қонақасымызды өнерпаздар өсіріп жіберді, арғы-бергіні білгіштер де табылды. Содан кейінгі күндерде әлгі думан әр үйде жалғасын тауып отырды. 1959 жылы Құрманғазы кесенесінің ашылуы салтанатына барғанымызда сол адамдар Ахаң екеуімізбен тура мағынасында жылап көрісті.

Күнделікті күйкі тірліктен бір мезгіл сейілмек үшін Алматының ішінде де, қалаға қатынас жатқан елді мекендерде де талай тамаша кештерді бірге өткіздік. Бұл күнде Қапшағай көлінің түбінде қалған Іле поселкесінде қона жатып өткізген күн тәулігінің өзіне тоқталмай-ақ, қайтар жолдағы біздің бір назды диалогқа назар құлатайын.

Көңіл делбеген түнгі отырыста Ахаң қай тағамнан да онша көп тартынған жоқ. Келесі күнгі ертеңгі ас пен түстікте де «арбакеш ащы су ұрттамайды» деп, көзелек қойғызбады. Кіші бесін әлетінде Алматыға бет түзедік. Мен алдынғы кабинада, жасыл «Волгасының» роліндегі Ахаңмен қатар отырмын. Өзіме керек жол азығым алдыма қойылған.

Мамыр айындағы Алатау маңдай алдымнан тап бұл жолғыдай байып көрінген емес. Тау бүгін құдды бір үсті-басы үлбіреген келіншектей. Басқаша айтсақ, кемпірқосақ киініп алған дерсіз: Ақ, көк, қызыл, жасыл белдеулер жанарыңа ұйып, жаныңа от тастайды. Ол аз дегендей, жолдың екі бетіндегі қыр мен жазықтың қызғалдағы бүкіл даланы бүркеп алған. Сәскеде желіп өткен жаңбырдан кейінгі даланың жұпар иісін ашық терезеден құныға құптап-ақ келемін. Бірақ, осының бәрі маған аздай. Бір жерге аз-кем аялдау керек-ақ секілді. Кім біледі, біздің қолымыздан бір шоқ гүл дәметіп отырғандар да болуы мүмкін ғой...

Бұл күндерде жұрттың біреулері дұрыс, біреулері әдейі бұрмалап айтып жүрген сондағы біздің диалог сұлулыққа соншалық елтіген ерке сезімнен туған еді ғой. Бір сөзін өзгертпей қағазға түсірсек ол диалог былай оқылады:

—        Аха!

—        Құлағым сізде.

—        Бөрене, әк, темір мен бензин исіне қазір-ақ тұмсық тойындырамыз ғой. Осынау бір жотаға аз-кем аялдап ауа жұтайық та.

—        Қайтесіз, күн кешкіріп қалды. көз байланбай үйге жетіп алайық.

Едәуір қызған адам әншейінде ойға орала қоймайтын қисық қиялға, татымы дөрекілеу тапқырлыққа бейім тұрады дегенің құлағым шалғаны болмаса, көрген жерім есімде жоқ еді. Осы жолы соның өз қиялымнан енгенше куәлік еттім: «Бұл кісіні бір жерге қайтсем де тоқтатуым керек. Қайтіп?.. Әрине не бұл кісі тоқтап тұрып реніш білгізердей өтірік жанжалдасу керек (ол ұят болар), не жолын бөгердей оқыс бір сөз тауып күлдіру керек. Соңғысы дұрыс деп шешкен қиялымның сондағы қармап қалғаны:

  • Аха!

—        Құлағым сізде.

—        Дүниеде менен құдай ақын бар ма?..

—        Дүниенің жүзі болған соң сізден де мықты біреу-міреу, бәлкім шығып қалар.

—        Жоқ қой ол.

Енді Ахаң ренжи бастады. «Осы шынымен айтып келе ме, шатасқаннан сау ма?!» дегендей, бетіме оқыс бұрылып, тіктеп қарады.

—        Жоқ қой ол! — деп, мен де езеурей түстім.

—        Ау, біреулер күні ертең осыны да өсек қылады ғой.

—        Дәлелдесем кім қалай өсек қыла алады?..

—        Немен?.. Немен дәлелдейсіз? — деген Ахаң дауысы осы тұста байырғы қалпынан басқаша, қаттырақ шықты. Диалог осылайша шырқау шегіне жеткенде мен де оған оқыс бұрылып:

—        Білсеңіз айтыңыз, — деп бар дауысыммен айғайладым, — Дүниенің жүзіндегі қай құрлықта, қай елде, қай ақынның шофері академик?..

Шалқақ отырған шағын денесін еріксіз еңкейте бір селк еткізді де, жүздің үстіндегі шапшаңдықпен ағып келе жатқан машинаны күйветке тақап барып күрт тоқтатты. Моторды өшірді.

—Мұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды,—деп, езуін жинай алмай жатқандардың бірінен бетер рахаттана күлді. Әсіресе сыртқа шығып, екі қолымен ішін басып жүріп еңкейе күлгені ұзаққа созылды. Содан кейін ол жүк қоймадан бір кездерде майлық, сулық сүлгілердің арасына тығылған коньякты суырып алып, капоттың үстіне дастарқан жайғызды. Сондағы айтқаны:

—        Шоферлерді тексерушілер де шаршап үйлеріне қайтқан шығар, мен де ішейін!

...Менің әлгі «олжамды» «Ахаң айтты» қылып жүргендер — онсыз да аса салмақты емес мені шөп басына шығарып, Ахаңа да академиктігін өзі қызықтайтын жеңіл мінез телігісі келетіндер ғой. Бұдан кейін жаңағы «біреулер осыны да өсек қылады» дегенің әулиенің сөзі емес деп кім айта алар?!.

Дирижер Ахаң күйші ғана емес, әнші де, жырау да бола алған. «Батақтың Сарысын», «Қыз Қосайды» оншалық бабына келтіріп айта алардай термеші әзір маған ұшырасқан жоқ. Ғабит Мүсірепов Жазушылар Одағына мүшелікке алайық дегенде Ахаңның көнбей қойғаны болмаса шынында да ойы өнікті, тілі жатық жазушы еді ғой. Қазақша, орысша жазылған кітаптары қос тілі көркем сөз иесіне қай күні қайсымызды тәнті қылмаған?!.

Екі адам арасындағы еркін-дастарқан қарым-қатынасты аңғару үшін, яғни олардың өзара пендеуи пернесін басып керу үшін осы штрихтар да жарап қалар. Ал менің өзінше дара жаратылған дарабоз дарын хақындағы көркем таным, талғамдарымды білгісі келгендерге «Күй-Дастанымды» ұсынамын. Енді соны оқып көріңіз.


Хамит Ерғали 

Ұқсас материалдар