Қандастар Ассамблея

Біз білеміз ақынды кім атқанын

07.12.2012 4748
  Біз білеміз ақынды кім атқанын Егер аяулы дос Евней Букетовтың Абзал Қарасартовпен үнтаспаға жазылған ауыз екі әңгімесі газетте жарияланбаған болса, мен де бұл мәселені қозғамай-ақ қояр едім. өйткені, бұл трагедияның анық-танығына бұған дейін көз жеткерген секілді едік. Ал, мынау әңгімедегі Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды. 1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А. Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банда бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққаның өз құлағыммен есітіп, өз көзіммен көргенім де бар. 1963 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі секретарьі Н. Жанділдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейін тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия құрылғанын, председателдігіне менің тағайындалғанымды айтты. Комиссияның құрамына Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов секілді белгілі ақын-жазушылар, Академияның бір-екі тарихшысы және жергілікті Семейлік жолдастар енгізілген. Біз Орталық Комитетте арнайы бөлме алып, аптадан артық уақыт архив ақтардық. Оларды өзіміз жинақтаған деректермен салыстырдық. Содан кейін екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып бердік. Онда ақынның банда әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады. Бұл арада семейлік жолдастардың, (облыстық партия комитетінің секретары Ә. Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретары К. Нұрбаев, ғалым жазушы Қ. Мұхаметханов, жазушы К. Оразалин) өздері және өздері құрған комиссиялары арқылы өлшеусіз көп көмек көрсеткенін айыра бөле айту керек. Бұлар Шәкәрімдікөзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді. Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгіл біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді. Қалың малға еріксіз сатылған жерінен Кеңес органдарына ертіп барып бас бостандығын әперген ақынға алғыс айтқан қыздың (кейінгі кезде кемпірдің) хаты да бар. Ал, жанағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақынның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағаның бір ауыздан қуаттайды. Бәрінің-ақ айтары: «Шәкен заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланды» дегенге ғана саяды. Шынында да ол бала-шаға, ет жақындарына: «Мен қартайдым (жетпіс үшке қараған кезі еді ғой), сендер маған алаңдамай, білімдеріңді көтеріп, заман ағымына қарай қызмет қылыңдар. Ал, мен аз қалған өмірімде өзіміздің Шақпақ төңірегінен саят-жай салып алып, ың-шыңсыз оңаша жерде көңіл күйлерімді қағазға түсіремін, зеріккенде аң аулап бой сергітемін», деген көрінеді. Айтқанындай-ақ, «Ұмытылғанның өмірі» атты поэмасын, көптеген лирикалық өлеңдерін ол осында жатып жазған. Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек. Жә, бұның бәрі әншиін жалпы жағдайды анықтай кетейік дегеніміз ғой. Енді атышулы трагедияның өзіне келейік. Қарасартовтың Шәкәрім Қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда Керегетаста болған іс. Оның сүйегі Бақанас бойындағы Құрқұдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп. Газеттік мақаланың көлемінен аспау үшін мен солардың ішінен оқиғаны көзімен көрген, бірінің сөзін бірі растап толықтыратын екі-ақ кісінің мәліметіне сүйенсем де жетер. Өйткені, сол кезде бұл екеуі екі тараптың адамы еді, яғни осы оқиғаның ауыртпалығын екі түрлі жағдайда жүріп бастан кешірген жандар болатын. Бұлардың біреуі Қарасартов тобындағы Айтмұрза Түңлікбаев та, екіншісі Шәкәрім тобындағы Бердеш Әзімбаев. Екеуінің сөзін де есімде қалған күйінде бұлжытпай қағазға түсірсем, төмендегідей суреттерді көрер едіңіз: А. Түңлікбаев: Мен 1928 жылдан партия мүшесімін. Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым. Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банда болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған: Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен оларды банда деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреуі үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ, «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымызда біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті. Қaпeлімдe жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт ілесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірлеп алынып болған соң ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған: —        Әй, тобықты, сен неге алмадың?.. — деп зекіді. —        Мен алатын несі қалды?.. —дегенді мен ызаға булығып айттым. —        Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! — деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы ере киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешінен ілдім. Өзім түйеге жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да қалың тонды түгел аударып жарыта алмадық. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі симаған соң соған отырғыздық та жүзін жасырдық. «Мен алатын несі қалды?» дегендді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гауптвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдарының бәріне «Шәкәрім банданы ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гауптвахтадан шыққаннан кейін мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Халитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді. Айтмұрза Түңлікбаевтың бізге өз қолымен жазып бергендері осылар. Бұл жазбада «басымнан оқ тиіп осы жолы жарадар болдым» деген сөз жоқ. Б. Әзімбаев: Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып Шәкәрім ағаның хал-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын, Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергеніңізде неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде бұлар әнеугі банданы қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де есітуші едік. Шәкеңнің атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң бізді сірә да аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік. Міне сізге ақиқаттың анық-танығы керек болса. Советке қарсы бір ауыз сөзі де жоқ, қылдай қиянаты да жоқ адамды сотсыз-дәнеңесіз атқызғаннан кейін Қарасартовтың қорықпасқа, бар пәлені өлген адамның үстіне үйіп-төкпеске шарасы қайсы?.. Жылдар бойы көлеңкесіндей қасынан қалмаған осы үрей оған ақынды бір емес, екі дүркін өлтіртті. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерін істемей жайына жүре берсе де ешкім оның жағасына жармаспас еді. Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ түгелдей ел дәулетіне айналған болар еді. Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдің әлі де болса арылып болмаған кезеңін шебер пайдаланды. Букетовпен әңгімедегі оның Шәкәрімге деген «ыстық ықыласын» ең ақырғы қорғаныс қамалы деп түсінген жөн. Абзал Қарасартов өмірінің басқа жағында біздің жұмысымыз жоқ. Ал, оның ақын өліміне байланысты шындықтан жалтарған жеріне түзету енгізіп, бұдан былай өмір-бақи өзгермейтін ақиқатты бүгінгілер түгілі келесі ұрпақтың да ұғымына орнықтырып кетуге міндеттіміз. Ол ақиқат былай: — Шәкәрім Құдайбердиев ешкімді өлтірген жоқ, ол ешкімді біреуге өлтірткен де емес. Қайран Шәкең тарихтағы бейкүнә күйген ақындар санатында дүниеден өтті. 1989 жыл.  

 

Біз білеміз ақынды кім атқанын

Егер аяулы дос Евней Букетовтың Абзал Қарасартовпен үнтаспаға жазылған ауыз екі әңгімесі газетте жарияланбаған болса, мен де бұл мәселені қозғамай-ақ қояр едім. өйткені, бұл трагедияның анық-танығына бұған дейін көз жеткерген секілді едік. Ал, мынау әңгімедегі Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды.

1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А. Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банда бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққаның өз құлағыммен есітіп, өз көзіммен көргенім де бар.

1963 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі секретарьі Н. Жанділдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейін тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия құрылғанын, председателдігіне менің тағайындалғанымды айтты. Комиссияның құрамына Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов секілді белгілі ақын-жазушылар, Академияның бір-екі тарихшысы және жергілікті Семейлік жолдастар енгізілген.

Біз Орталық Комитетте арнайы бөлме алып, аптадан артық уақыт архив ақтардық. Оларды өзіміз жинақтаған деректермен салыстырдық. Содан кейін екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып бердік. Онда ақынның банда әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады.

Бұл арада семейлік жолдастардың, (облыстық партия комитетінің секретары Ә. Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретары К. Нұрбаев, ғалым жазушы Қ. Мұхаметханов, жазушы К. Оразалин) өздері және өздері құрған комиссиялары арқылы өлшеусіз көп көмек көрсеткенін айыра бөле айту керек. Бұлар Шәкәрімдікөзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді.

Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгіл біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді. Қалың малға еріксіз сатылған жерінен Кеңес органдарына ертіп барып бас бостандығын әперген ақынға алғыс айтқан қыздың (кейінгі кезде кемпірдің) хаты да бар. Ал, жанағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақынның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағаның бір ауыздан қуаттайды. Бәрінің-ақ айтары: «Шәкен заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланды» дегенге ғана саяды. Шынында да ол бала-шаға, ет жақындарына: «Мен қартайдым (жетпіс үшке қараған кезі еді ғой), сендер маған алаңдамай, білімдеріңді көтеріп, заман ағымына қарай қызмет қылыңдар. Ал, мен аз қалған өмірімде өзіміздің Шақпақ төңірегінен саят-жай салып алып, ың-шыңсыз оңаша жерде көңіл күйлерімді қағазға түсіремін, зеріккенде аң аулап бой сергітемін», деген көрінеді. Айтқанындай-ақ, «Ұмытылғанның өмірі» атты поэмасын, көптеген лирикалық өлеңдерін ол осында жатып жазған. Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек. Жә, бұның бәрі әншиін жалпы жағдайды анықтай кетейік дегеніміз ғой. Енді атышулы трагедияның өзіне келейік.

Қарасартовтың Шәкәрім Қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда Керегетаста болған іс. Оның сүйегі Бақанас бойындағы Құрқұдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп. Газеттік мақаланың көлемінен аспау үшін мен солардың ішінен оқиғаны көзімен көрген, бірінің сөзін бірі растап толықтыратын екі-ақ кісінің мәліметіне сүйенсем де жетер. Өйткені, сол кезде бұл екеуі екі тараптың адамы еді, яғни осы оқиғаның ауыртпалығын екі түрлі жағдайда жүріп бастан кешірген жандар болатын. Бұлардың біреуі Қарасартов тобындағы Айтмұрза Түңлікбаев та, екіншісі Шәкәрім тобындағы Бердеш Әзімбаев. Екеуінің сөзін де есімде қалған күйінде бұлжытпай қағазға түсірсем, төмендегідей суреттерді көрер едіңіз:

А. Түңлікбаев: Мен 1928 жылдан партия мүшесімін. Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым. Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банда болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған: Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен оларды банда деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреуі үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ, «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымызда біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті.

Қaпeлімдe жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт ілесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірлеп алынып болған соң ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған:

—        Әй, тобықты, сен неге алмадың?.. — деп зекіді.

—        Мен алатын несі қалды?.. —дегенді мен ызаға булығып айттым.

—        Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! — деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы ере киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешінен ілдім. Өзім түйеге жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да қалың тонды түгел аударып жарыта алмадық. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі симаған соң соған отырғыздық та жүзін жасырдық.

«Мен алатын несі қалды?» дегендді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гауптвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдарының бәріне «Шәкәрім банданы ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гауптвахтадан шыққаннан кейін мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Халитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді.

Айтмұрза Түңлікбаевтың бізге өз қолымен жазып бергендері осылар. Бұл жазбада «басымнан оқ тиіп осы жолы жарадар болдым» деген сөз жоқ.

Б. Әзімбаев: Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып Шәкәрім ағаның хал-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын, Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергеніңізде неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде бұлар әнеугі банданы қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де есітуші едік. Шәкеңнің атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң бізді сірә да аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік.

Міне сізге ақиқаттың анық-танығы керек болса. Советке қарсы бір ауыз сөзі де жоқ, қылдай қиянаты да жоқ адамды сотсыз-дәнеңесіз атқызғаннан кейін Қарасартовтың қорықпасқа, бар пәлені өлген адамның үстіне үйіп-төкпеске шарасы қайсы?.. Жылдар бойы көлеңкесіндей қасынан қалмаған осы үрей оған ақынды бір емес, екі дүркін өлтіртті. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерін істемей жайына жүре берсе де ешкім оның жағасына жармаспас еді. Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ түгелдей ел дәулетіне айналған болар еді. Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдің әлі де болса арылып болмаған кезеңін шебер пайдаланды. Букетовпен әңгімедегі оның Шәкәрімге деген «ыстық ықыласын» ең ақырғы қорғаныс қамалы деп түсінген жөн.

Абзал Қарасартов өмірінің басқа жағында біздің жұмысымыз жоқ. Ал, оның ақын өліміне байланысты шындықтан жалтарған жеріне түзету енгізіп, бұдан былай өмір-бақи өзгермейтін ақиқатты бүгінгілер түгілі келесі ұрпақтың да ұғымына орнықтырып кетуге міндеттіміз. Ол ақиқат былай:

— Шәкәрім Құдайбердиев ешкімді өлтірген жоқ, ол ешкімді біреуге өлтірткен де емес. Қайран Шәкең тарихтағы бейкүнә күйген ақындар санатында дүниеден өтті.

1989 жыл.

 

Ұқсас материалдар