Қандастар Ассамблея

Япония

05.12.2012 2785
Япония Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бір беткей айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгергі дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады. Бұл тарихта һәрбір жетілем деп талпынған жұртқа неше жүз жылдардан бері қарай құлағын бұрап, жаттап келе жатқан тарих болғандығы бір негізі. Бірақ тарихтың осы айтылған жолы Японияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсіп, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр. Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе — өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды. XVIII ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Европа патшалықтарының саудасы қызды, бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды. Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды. Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң, оларға өткел бермегісі келді. Бұған бастығы Америка болып, Европаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылда болды. Японияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айрылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді. Бұл жаңалықтан бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы ханда Сиогундікі болатын. Сиогундарды әуелде патша сайлайтын болса да, соңғы уақытта Сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды. Сиогундардың көбі бір жағынан патша секілді халықтың бар міндетін артқан кісісі болмаған соң, екінші жағынан қолында үлкен күш болған соң, халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеді. 68-жылдың бір жаңалығы: сол сиогундардың ең соңғысы Токугава Кэнки деген кісіні жаңалықты бастап жүрген халық қамқорлары орнынан түсіріп, Сиогун деген дәрежені жоқ қылды. Бұдан соңғы бір жаңалығы: бұрын Японияда һәрбір тайпаны бір даймиос, яки князь билейтін. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки ғәскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң, елге келтіретін зияны көп болады. Жаңалық оларды да орнынан домалатты. Бірақ Японияның бетін түзеп алып, ретке кіруге аяқ басқанын 68-ші жылдан бері қарай деуге болмайды. Бойға сіңіп қалған надандық мысқалдап шыққанша, ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығы жеңгенше, бірталай жылдар өтті. Японияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталды. Бұл — Японияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты. Ал басқа жұрттардан үйреніп, фабрика, завод ашып, солардың ғылымдарын өздеріне жұқтырғысы келгендік сиогундар заманында да бар еді. Японияның жаңалықтан кейін ұзап, ілгерілеп кетуіне себеп болған — екі уақиға дейді. Японияның Маркиз Ито деген президенті (министрлер советінің бастығы). Бұл кісі Японияның ең көрнекті халық басшысы, өзге жұртты Япония жатырқап жүргенде, бұлармен араласуына, ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуомы Итоның мұндағы көрсететін уақиғаларының бәрі — Япониядағы патшалық түрі өзгергені. Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді. Японияда 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды. Мұның себебінен халыққа әділ билік орнады. һүкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. һүкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды. Японияның ілгерілеуіне екінші себеп болған нәрсе — 1894 жылда болған Қытай-Япон соғысы. Бұл соғыстан кейін Япония ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді. Мысалы: 1880 жылы Японияның сауда пароходы 310 еді. 1899 жылда 1221 болды. 1888 жылда Японияға кіретін һәм одан шығатын бар пұлдың бағасы 98 миллион иен еді (иен 1 сом 29 тиын). Бұл 1900 жылда жарты миллиардқа барды. Оқу жолында 1901 жылдағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргенінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды. Бұл талап. Сол талаптың осындай жемісі һәр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ. Жаңалық басталғаннан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат (дипломатия) қандай, — солардың һәр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныштарына толтырып әкеліп отырды. Японияның һәрбір европа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді. Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында (......) деген профессордың айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», — деген. Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәртүрлі өнерліге, һәртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Европада мол. Сол себепті олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді. Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі Япония өзінен білгіштер шыға бастаған соң, жат адамдарды бір-бірлеп шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастады. Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне әлгілер алдымен өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері — басшылары, білгішгерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы — тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Европаның Японияға танданып айтатын мына бір сөзі бар: «Күнбатыс халқындағы бір мінез — жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Япония адамдарын жас күндеріндегі күн шығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күн батыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болды» — деп. Өткен нөмірде Японияның бұрынғы қараңғы надан күйден не себептермен тез құтылып кеткендігін және қысқаша сыртқы түрін жазып едім. Енді сол қараңғылықтан құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісін, Японияға соңғы уақыттарда қандай халифа келгендігі туралы жазбақпын. Японияның басты адамдарының әуелгі Япония жетілмей тұрған уақыттағы қатты сақ болып, естерінен шығармаған нәрсесі, — халқының буыны бекіп, піспей тұрған кезде соғыстан аман сақтау болды. Бұл туралы өз араларында айтысып жүрген пікірлері: «сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін» деген. Осы себепті сырттан келуші өнеге аларлық адамдарға Японияда қағусыз, соғусыз еркін жол беріліп отырады. Өзге жұрт еркін болғанда, Японияны илеп-билеп кете ме деп қорыққаны көршісі Қытайдың осалдығы еді. Осыны ойлап, Қытайды ұйқысынан оятам деп те Япония адамдары көп еңбек қылып әуреленді. Ақырында сыртқы ашқарақ жаудан қысылып жүріп асығумен Япония ғылымның бірталай сатысына шығып қалды. Бірақ өнер-білім жолында қандай шарықтағанымен мұндай тез қатарға кірген жұрттың ірі жұмыстармен алданып жүріп, ұсақ, пайдалы, жақсы жұмыстардың талайы ескерусіз, солақай қалуы мүмкін еді. Бар мақсаты күшею болған соң, әлгі айтқандай көп пайдалы жұмыстардың басынан аттап кетпеді деуге болмайды. Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей сыңаржақ қалғандық Японияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Япониядағы оқу жолын қарастырайық. Япония һүкіметі жаңалық кірген соң-ақ халық жалпы оқуға міндетті болсын деп жарлық шыққан. Бұл жарлық бойынша жасы алтыға толған бала сабаққа беріледі. Япониядағы төменгі дәрежелі мектептер жіті университеттер Европа үлгісіне ерте түскен. Мысалы: 1880—1890 жылдарда Европадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды. 1890 жыл мен 1900 жылдардың арасында сол университеттерді бітірген Япония студенттерінің саны 3126 болған. Япония оқушыларына осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе — Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі; бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне сондықтан Японияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат, екі басқа. Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі қажет. Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабаларының салтымен әйелге өсіп-өну көзімен ғана қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына жоғарғы дәрежелі мектептер де салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде Европа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін европа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттай тәрбие қылады. Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп һәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап — бәрі ол қыздардың мойнында болады. Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл — Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі. Өзге Европа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе — Японияның діні, Япония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де, Конфуци дінін де тұтынды. Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды. Мысалы, өлгеннің аруағын құрметтеу (культ предков). Бұл сияқты әдеттер неше түрлі қараңғы наным, зиянды туғызды. Будда діні сондай салтқа қарсы болатын, бірақ халықты түзеуге шамасы келмей, ол діннің өзі былғанып, бұрынғы тазалық, жақсылықтың бәрінен айрылып қалды. Конфуци діні ескі ата-бабаларының да салтымен алысты, оның да әсері артық сіңбеді. Европа әсері де ата-бабаның ескі жолын әбден жоя алмай отыр. Ескі салттың күші неке, талақ, мирас жолдарында аса айқын көрінеді. Мысалы: Япония халқының ұғуынша: «дүниеде артында бала қалмағаннан жаман нәрсе жоқ». Сондықтан бала таппаған қатынды шығаруға жол бос. Қатын бала таппайтын болса, тұқым үзіледі, тұқым үзілсе, ата-бабаның аруағы ұмытылып кетеді дейді. Және Японияда атаның қанын өзгертпеу керек деген бір әдет бар. Қатын алғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу керек. Басқа атанын қызын алса, қан өзгеріп кетеді-міс. Қатын жүріс қылып, осалдығы білінсе де, шығарып жібереді. Себебі, әйелдің мінезі бұзылды, еріне қиянат қылды емес, атаның қанын бұзғысы келді деп шығарады. Бұл әдеттер осы күнге шейін күшті. Японияның оқығандары ескі салттан жерініп, көбі басқа дінге шығып кеткен. Кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталай европа философтарының жолдарын тұтынды. Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні. Бұл күндегі оқып жүрген шәкірттерге ешбір дінді зерттеп оқытпайды. Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасында. Газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды. XVIII ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан. Ол уақытта Японияның Қытайдан басқа жұрттармен қатынасы хабары болмайтын. Ол уақыттағы газеттерде керекті мағлұмат берерлік ешнәрсе болмайтын, оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруі де ыңғайсыз болатын. Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңайынан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 жылда шығатын газет-журналдың саны 978 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, әдеби, діни жолдарын тұтынғандары да бар. Газет, журналдың саны болмаса, Япония әдебиеті аса гүлдене алмаған. Японияның әдебиеті басталғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқан — ескі әдебиеттің жолы. Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе — Японияның әдебиеті. Бұл турада Япония жайын жақсы білген адамдар «Япония өзге жағына сонша бой салып, әдебиетке айналысуға қолы тимеген», — дейді. Сондықтан Японияда адамның адамшылығын түзеп, дүниенің терең мағнасын ұқтыратын кітаптар аз. Бірақ бұған қарап Япония оқығандары терең ғылымнан хабары аз деуге болмайды. Япония оқымыстыларының Европа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар. Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Европада оқығандар жоқ деп саналады. Бұл ғылымға әуелгі жетік болған Секия. Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүрген адамдары бар. Мұхтар. Мұхтар Әуезов  

Япония

Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бір беткей айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгергі дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, малды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады.

Бұл тарихта һәрбір жетілем деп талпынған жұртқа неше жүз жылдардан бері қарай құлағын бұрап, жаттап келе жатқан тарих болғандығы бір негізі. Бірақ тарихтың осы айтылған жолы Японияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсіп, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр.

Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе — өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды.

XVIII ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Европа патшалықтарының саудасы қызды, бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды. Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды. Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң, оларға өткел бермегісі келді. Бұған бастығы Америка болып, Европаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылда болды. Японияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айрылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді. Бұл жаңалықтан бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы ханда Сиогундікі болатын. Сиогундарды әуелде патша сайлайтын болса да, соңғы уақытта Сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды. Сиогундардың көбі бір жағынан патша секілді халықтың бар міндетін артқан кісісі болмаған соң, екінші жағынан қолында үлкен күш болған соң, халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеді. 68-жылдың бір жаңалығы: сол сиогундардың ең соңғысы Токугава Кэнки деген кісіні жаңалықты бастап жүрген халық қамқорлары орнынан түсіріп, Сиогун деген дәрежені жоқ қылды. Бұдан соңғы бір жаңалығы: бұрын Японияда һәрбір тайпаны бір даймиос, яки князь билейтін. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки ғәскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң, елге келтіретін зияны көп болады. Жаңалық оларды да орнынан домалатты. Бірақ Японияның бетін түзеп алып, ретке кіруге аяқ басқанын 68-ші жылдан бері қарай деуге болмайды. Бойға сіңіп қалған надандық мысқалдап шыққанша, ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығы жеңгенше, бірталай жылдар өтті. Японияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталды. Бұл — Японияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты. Ал басқа жұрттардан үйреніп, фабрика, завод ашып, солардың ғылымдарын өздеріне жұқтырғысы келгендік сиогундар заманында да бар еді.

Японияның жаңалықтан кейін ұзап, ілгерілеп кетуіне себеп болған — екі уақиға дейді. Японияның Маркиз Ито деген президенті (министрлер советінің бастығы). Бұл кісі Японияның ең көрнекті халық басшысы, өзге жұртты Япония жатырқап жүргенде, бұлармен араласуына, ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуомы Итоның мұндағы көрсететін уақиғаларының бәрі — Япониядағы патшалық түрі өзгергені. Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді. Японияда 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды. Мұның себебінен халыққа әділ билік орнады. һүкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. һүкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды. Японияның ілгерілеуіне екінші себеп болған нәрсе — 1894 жылда болған Қытай-Япон соғысы. Бұл соғыстан кейін Япония ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді. Мысалы: 1880 жылы Японияның сауда пароходы 310 еді. 1899 жылда 1221 болды. 1888 жылда Японияға кіретін һәм одан шығатын бар пұлдың бағасы 98 миллион иен еді (иен 1 сом 29 тиын). Бұл 1900 жылда жарты миллиардқа барды. Оқу жолында 1901 жылдағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргенінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды. Бұл талап. Сол талаптың осындай жемісі һәр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ. Жаңалық басталғаннан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат (дипломатия) қандай, — солардың һәр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныштарына толтырып әкеліп отырды.

Японияның һәрбір европа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді.

Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында (......) деген профессордың айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», — деген.

Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәртүрлі өнерліге, һәртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Европада мол. Сол себепті олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді. Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі Япония өзінен білгіштер шыға бастаған соң, жат адамдарды бір-бірлеп шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастады. Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне әлгілер алдымен өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері — басшылары, білгішгерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы — тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Европаның Японияға танданып айтатын мына бір сөзі бар: «Күнбатыс халқындағы бір мінез — жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Япония адамдарын жас күндеріндегі күн шығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күн батыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болды» — деп.

Өткен нөмірде Японияның бұрынғы қараңғы надан күйден не себептермен тез құтылып кеткендігін және қысқаша сыртқы түрін жазып едім. Енді сол қараңғылықтан құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісін, Японияға соңғы уақыттарда қандай халифа келгендігі туралы жазбақпын.

Японияның басты адамдарының әуелгі Япония жетілмей тұрған уақыттағы қатты сақ болып, естерінен шығармаған нәрсесі, — халқының буыны бекіп, піспей тұрған кезде соғыстан аман сақтау болды. Бұл туралы өз араларында айтысып жүрген пікірлері: «сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін» деген. Осы себепті сырттан келуші өнеге аларлық адамдарға Японияда қағусыз, соғусыз еркін жол беріліп отырады. Өзге жұрт еркін болғанда, Японияны илеп-билеп кете ме деп қорыққаны көршісі Қытайдың осалдығы еді. Осыны ойлап, Қытайды ұйқысынан оятам деп те Япония адамдары көп еңбек қылып әуреленді. Ақырында сыртқы ашқарақ жаудан қысылып жүріп асығумен Япония ғылымның бірталай сатысына шығып қалды. Бірақ өнер-білім жолында қандай шарықтағанымен мұндай тез қатарға кірген жұрттың ірі жұмыстармен алданып жүріп, ұсақ, пайдалы, жақсы жұмыстардың талайы ескерусіз, солақай қалуы мүмкін еді. Бар мақсаты күшею болған соң, әлгі айтқандай көп пайдалы жұмыстардың басынан аттап кетпеді деуге болмайды. Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей сыңаржақ қалғандық Японияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Япониядағы оқу жолын қарастырайық.

Япония һүкіметі жаңалық кірген соң-ақ халық жалпы оқуға міндетті болсын деп жарлық шыққан. Бұл жарлық бойынша жасы алтыға толған бала сабаққа беріледі. Япониядағы төменгі дәрежелі мектептер жіті университеттер Европа үлгісіне ерте түскен. Мысалы: 1880—1890 жылдарда Европадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды. 1890 жыл мен 1900 жылдардың арасында сол университеттерді бітірген Япония студенттерінің саны 3126 болған.

Япония оқушыларына осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе — Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі; бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне сондықтан Японияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат, екі басқа. Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі қажет.

Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабаларының салтымен әйелге өсіп-өну көзімен ғана қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына жоғарғы дәрежелі мектептер де салына бастады. Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде Европа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін европа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттай тәрбие қылады. Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп һәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап — бәрі ол қыздардың мойнында болады. Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл — Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі.

Өзге Европа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе — Японияның діні, Япония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де, Конфуци дінін де тұтынды. Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды. Мысалы, өлгеннің аруағын құрметтеу (культ предков). Бұл сияқты әдеттер неше түрлі қараңғы наным, зиянды туғызды. Будда діні сондай салтқа қарсы болатын, бірақ халықты түзеуге шамасы келмей, ол діннің өзі былғанып, бұрынғы тазалық, жақсылықтың бәрінен айрылып қалды. Конфуци діні ескі ата-бабаларының да салтымен алысты, оның да әсері артық сіңбеді. Европа әсері де ата-бабаның ескі жолын әбден жоя алмай отыр.

Ескі салттың күші неке, талақ, мирас жолдарында аса айқын көрінеді. Мысалы: Япония халқының ұғуынша: «дүниеде артында бала қалмағаннан жаман нәрсе жоқ». Сондықтан бала таппаған қатынды шығаруға жол бос. Қатын бала таппайтын болса, тұқым үзіледі, тұқым үзілсе, ата-бабаның аруағы ұмытылып кетеді дейді. Және Японияда атаның қанын өзгертпеу керек деген бір әдет бар. Қатын алғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу керек. Басқа атанын қызын алса, қан өзгеріп кетеді-міс. Қатын жүріс қылып, осалдығы білінсе де, шығарып жібереді. Себебі, әйелдің мінезі бұзылды, еріне қиянат қылды емес, атаның қанын бұзғысы келді деп шығарады. Бұл әдеттер осы күнге шейін күшті. Японияның оқығандары ескі салттан жерініп, көбі басқа дінге шығып кеткен. Кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталай европа философтарының жолдарын тұтынды. Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні. Бұл күндегі оқып жүрген шәкірттерге ешбір дінді зерттеп оқытпайды.

Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасында. Газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды. XVIII ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан. Ол уақытта Японияның Қытайдан басқа жұрттармен қатынасы хабары болмайтын. Ол уақыттағы газеттерде керекті мағлұмат берерлік ешнәрсе болмайтын, оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруі де ыңғайсыз болатын. Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңайынан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 жылда шығатын газет-журналдың саны 978 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, әдеби, діни жолдарын тұтынғандары да бар. Газет, журналдың саны болмаса, Япония әдебиеті аса гүлдене алмаған. Японияның әдебиеті басталғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқан — ескі әдебиеттің жолы. Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе — Японияның әдебиеті. Бұл турада Япония жайын жақсы білген адамдар «Япония өзге жағына сонша бой салып, әдебиетке айналысуға қолы тимеген», — дейді. Сондықтан Японияда адамның адамшылығын түзеп, дүниенің терең мағнасын ұқтыратын кітаптар аз. Бірақ бұған қарап Япония оқығандары терең ғылымнан хабары аз деуге болмайды. Япония оқымыстыларының Европа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар. Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Европада оқығандар жоқ деп саналады. Бұл ғылымға әуелгі жетік болған Секия. Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүрген адамдары бар.

Мұхтар.

Мұхтар Әуезов