Қандастар Ассамблея

Шабдар "ерге" май не дер!

05.12.2012 2610
Шабдар "ерге" май не дер!   Бір топ төре1 бір ру елге өктемдік етем деп келіп, жанжал шығады. Ел төрелерді тегіс қырып салады да, өліктерін Суықсай деген сайға тастайды. Кейін, бірқатар заман өткен соң осы ел ішіне тағы бір төрелер келіп отырып, әңгіме үстінде талас шығады. Төрелер біз "ақсүйекпіз"2 дейді, ел оған күмән келтіреді. Сонда жаңағы елдің бір қарты өз кісілеріне айтыпты: "Жарандар-ау, оған да күмәнің бар ма? Қайтіп қана таласасың? Төре сөзінің шындығына Суықсай-ақ куә емес пе, тіпті? Сонда жатқан сүйектерін әппақ емес деуге қайсыңның аузың барады? Құдай қані!" — депті.   "Халық атаулыны құл етіп, барды басып алып, әлемге әлек салу біздің жүлдеміз. Өйткені біз ақсүйек арийміз3. Өйткені біз бекзатпыз. Бекзаттығымыздың нысаны бар. Шашымыз қарашаның айындағы селеудей сап-сары. Көзіміз жай көк емес, тұздай көк. Басымыз да жұмыр басты бенденің басы емес. Сонағұрлым өзгеше. Ат басындай ұзын бас"4, — деп, деміне нан пісердей боп, тарих білмеген тасыр шықты.   Қыс қыспаққа алам, көктемде көк құлатам басыңа, деп көпіре келді.   Сын ұзаққа барған жоқ... Құлшынып атаған қысы келді. Қалай келді? Әулекінің әулесін әлем көрді. Өлексесін біз көрдік. Біздің Отан жері көрді. Біздің елдің ері көрді. Не көрді? Бекзадалық нысаны бар, жаңағы шалықтап келген шабдар "ердің" шалдар кебін кигенін көрді. Жиырма, отыз жастағы ганстердің5 арсыз бетін айғыз-айғыз ажым басып, лас денесін бит тесіп, індегі сасық күзендей бықсып, қоңсып бүріскенін көрді. Селеу шашын күл басыпты... Ол көр аузында отырған тірі болмысының кебі еді. Өлісі қандай? Тұздай көзі мұздай қатып, совет жерінің кәрлі аспанына жалына қарап қалған екен, оны көрді.   Бекзаданың нысандары кем жазаға кезіккен жоқ. Кәр жазаға6 килікті. Алып Москва қасынан қирай қашқан жолына қара. Теріске, батысқа, оңтүстікке — бәрі - бәріне тегіс қара. Не жатыр? Теңкиіп танкісі, жарбиып самолеті жатыр. Ұлығындай боп, аспанға қарап аңырып қалған, иесі жайраған зеңбіректер жатыр. Үңіле қараса да үміт жоқ. Оралатын шабдар "ер" жоқ. Осының бәрі де біздің олжа боп жатыр. Әр тарапта, әрбір колхоз жолдарында масқара қылықтың мыңдаған, жүздеген айғағы боп жатыр.   Арсыз бөспе енді не айтады? Бел астына қашып барып, көкала қойдай боп, соққы жеген ол өзін-өзі жұбатпақ боп, былай айтады: "Көктем келеді, жаз келеді, сонда жүрек жалғанады", — дейді. Рас, көктем келеді. Май келеді. Бірақ осы маймен тағы бір қызық жәй келеді. Бекзадалық нысанның біз қыс ішінде екеуін анық көріп ек ғой... Енді ақ сүйекті, ат басты екенін көреміз. Қатты жұттың артынан жадырап жаз келгенде қыстай қырылған қой, торпақтың қар астында қалған жемтігі ашылатын. Қансоқтасы арылып, ақыры қақ сүйектің өзі қалатын. Май енді бекзат болмыстардың ең басты болған нысанын көрсетер. Бірақ бұл үш нысанның соғысы бекзат дегеннің шыны тегі қайда екенін танытар. Танысқанда адамзат емес, хайуан зат екенін көрсетер. Жиылмай қалған жемтігінен біздің май оның мақлұқ, нәрсіз тегін танытар. Сауысқандай қарты айтқан жайды тарих әлем сонда айтар.   Тану менен айту ғана емес, біздің осы май кешілмейтін кектің де майы болар.   Біз барлық Отанымыз, халқымызбен жас тарихты жасаушы жас алыппыз. Біз бар табиғатты серік етер сенімдеміз. Бір маусымның үміткері, бір маусымның тынысы емеспіз.   Сол себепті "қыста қан құстырсақ, майда да мейлінше меңдете ұрармыз, жазда жайрата да білерміз" дейміз.   Мұхтар Әуезов  

Шабдар "ерге" май не дер!

 

Бір топ төре1 бір ру елге өктемдік етем деп келіп, жанжал шығады. Ел төрелерді тегіс қырып салады да, өліктерін Суықсай деген сайға тастайды. Кейін, бірқатар заман өткен соң осы ел ішіне тағы бір төрелер келіп отырып, әңгіме үстінде талас шығады. Төрелер біз "ақсүйекпіз"2 дейді, ел оған күмән келтіреді. Сонда жаңағы елдің бір қарты өз кісілеріне айтыпты: "Жарандар-ау, оған да күмәнің бар ма? Қайтіп қана таласасың? Төре сөзінің шындығына Суықсай-ақ куә емес пе, тіпті? Сонда жатқан сүйектерін әппақ емес деуге қайсыңның аузың барады? Құдай қані!" — депті.

 

"Халық атаулыны құл етіп, барды басып алып, әлемге әлек салу біздің жүлдеміз. Өйткені біз ақсүйек арийміз3. Өйткені біз бекзатпыз. Бекзаттығымыздың нысаны бар. Шашымыз қарашаның айындағы селеудей сап-сары. Көзіміз жай көк емес, тұздай көк. Басымыз да жұмыр басты бенденің басы емес. Сонағұрлым өзгеше. Ат басындай ұзын бас"4, — деп, деміне нан пісердей боп, тарих білмеген тасыр шықты.

 

Қыс қыспаққа алам, көктемде көк құлатам басыңа, деп көпіре келді.

 

Сын ұзаққа барған жоқ... Құлшынып атаған қысы келді. Қалай келді? Әулекінің әулесін әлем көрді. Өлексесін біз көрдік. Біздің Отан жері көрді. Біздің елдің ері көрді. Не көрді? Бекзадалық нысаны бар, жаңағы шалықтап келген шабдар "ердің" шалдар кебін кигенін көрді. Жиырма, отыз жастағы ганстердің5 арсыз бетін айғыз-айғыз ажым басып, лас денесін бит тесіп, індегі сасық күзендей бықсып, қоңсып бүріскенін көрді. Селеу шашын күл басыпты... Ол көр аузында отырған тірі болмысының кебі еді. Өлісі қандай? Тұздай көзі мұздай қатып, совет жерінің кәрлі аспанына жалына қарап қалған екен, оны көрді.

 

Бекзаданың нысандары кем жазаға кезіккен жоқ. Кәр жазаға6 килікті. Алып Москва қасынан қирай қашқан жолына қара. Теріске, батысқа, оңтүстікке — бәрі - бәріне тегіс қара. Не жатыр? Теңкиіп танкісі, жарбиып самолеті жатыр. Ұлығындай боп, аспанға қарап аңырып қалған, иесі жайраған зеңбіректер жатыр. Үңіле қараса да үміт жоқ. Оралатын шабдар "ер" жоқ. Осының бәрі де біздің олжа боп жатыр. Әр тарапта, әрбір колхоз жолдарында масқара қылықтың мыңдаған, жүздеген айғағы боп жатыр.

 

Арсыз бөспе енді не айтады? Бел астына қашып барып, көкала қойдай боп, соққы жеген ол өзін-өзі жұбатпақ боп, былай айтады: "Көктем келеді, жаз келеді, сонда жүрек жалғанады", — дейді. Рас, көктем келеді. Май келеді. Бірақ осы маймен тағы бір қызық жәй келеді. Бекзадалық нысанның біз қыс ішінде екеуін анық көріп ек ғой... Енді ақ сүйекті, ат басты екенін көреміз. Қатты жұттың артынан жадырап жаз келгенде қыстай қырылған қой, торпақтың қар астында қалған жемтігі ашылатын. Қансоқтасы арылып, ақыры қақ сүйектің өзі қалатын. Май енді бекзат болмыстардың ең басты болған нысанын көрсетер. Бірақ бұл үш нысанның соғысы бекзат дегеннің шыны тегі қайда екенін танытар. Танысқанда адамзат емес, хайуан зат екенін көрсетер. Жиылмай қалған жемтігінен біздің май оның мақлұқ, нәрсіз тегін танытар. Сауысқандай қарты айтқан жайды тарих әлем сонда айтар.

 

Тану менен айту ғана емес, біздің осы май кешілмейтін кектің де майы болар.

 

Біз барлық Отанымыз, халқымызбен жас тарихты жасаушы жас алыппыз. Біз бар табиғатты серік етер сенімдеміз. Бір маусымның үміткері, бір маусымның тынысы емеспіз.

 

Сол себепті "қыста қан құстырсақ, майда да мейлінше меңдете ұрармыз, жазда жайрата да білерміз" дейміз.

 

Мұхтар Әуезов

 

Ұқсас материалдар