Қандастар Ассамблея

Сәт сапарға дос ниет

05.12.2012 3213
Сәт сапарға дос ниет Бүгіннен бастап Қазақстан совет жазушыларының арнаулы өз газеті шыға бастады. Коммунистік партия мен Совет үкіметінің жалпы совет әдебиетіне арналған достық, қамқорлық пейілі мен күнделік басшылығы бұл газеттің жарыққа шығуына ең зор себепші де жәрдемші. Көп ұлтты социалистік мәдениеттің зор саласының бірі — көркем әдебиетке совет халқының талабы да зор, достығы да мол. Бұл аталған жайлар — газетіміздің халықтық, социалистік, партиялық бағытта өрістеу негізі. Туысқан халықтар достығы да біздің газет көтеретін үлкен ұранның бірі. Барлық советтік, партиялық кезекті баспасөз орындарының идеялық, саясаттық міндеті мен мақсаты — "Қазақ әдебиеті" газетінің де өрісі мен арнасы. Қазақ әдебиеті — көп ұлтты туысқан совет әдебиеттерінің қатарындағы өскелең әдебиеттің бірі. Республика көлемінде ұйымдасқан жазушылар саны да аз емес. Біздің ендігі іздену, осу жолымызда арнаулы әдебиет газетінің болуы үлкен ырыс. Осындай газет бізге аса қажет еді. Бұған талай дәлелдер мен себептер атауға болады. Тәжірибеге қарағанда, әдебиет жұртшылығының арнаулы газеті оқушы жұртшылыққа әдебиеттік қоғамды жақыннан танытады. Ұдайы үзілмес дем-тынысымен, талап-табысымен тірі тұтас бейнедей, жанды күйде жақсы аңғартады. Өмір мен әдебиеттің, халық пен жазушының күнделік аралас-қатынасы үздіксіз өсіп отыратын болады. Газетсіз әдебиет қауымы роман, драма, поэмаларды немесе әңгіме, очерктер, жеке өлеңдер түріндегі шығармаларды тудырып жатқанмен, творчестволық тіршілік баяу, солғын тәрізденеді. Әдебиет өмірі қыбыр-қимылсыз көрінетін кездер де болады. Енді газетіміз болған кезде, әрине, құр қыбыр емес, әрбір нәрлі тірлік белгісі тәрізденіп жанды, жалынды, қанатты шабыт қимылы танылатын болсын. Осы тұрғыдан қарағанда жұртшылық тілегіне дөп келетін бірнеше жайларды өз газетіміздің алғашқы адымынан бастап, арнап атап, есте тұтуымыз шарт. Кезегімен сол жайларды шолып өтейік. Ең әуелі, биыл 1954—1955 жылдардың жапсарында бүкілодақтық әдебиет тіршілігімізде зор тарихтық оқиға болып өтті. Ол — совет жазушыларының жаңада аяқтаған Екінші съезі. Көпшілікке мәлім, осы үлкен съезд ой тудырды, тың тұрғылар атады, кенеулі зор міндеттер, биік бағыттар меңзеді. Екінші съездің әр жазушы мен әрбір Жазушылар одағының алдына қойған творчестволық міндеттері — біздің республикалық Жазушылар одағымыздың да қадірлі міндеті. Жаңа газетіміздің жақынынан нәр алып, бағыт белгілейтін міндетті істерінің де сан саласы, талай түрі сол үлкен съезд негізінде туады. Сондай жайлардың бір алуаны газет бетінде өрістейтін маркстік-лениндік сын. Қазақ әдебиеті көлемінде маркстік-лениндік эстетикаға сүйене отырып, кейбір жүйелік жайларды да өрістетіп ойлай білу керек. Сын әділ, негізді, талабы зор, қамқор сын болудың үстіне, ғылымдық өнері артқан шебер, үлгілі сын болуы шарт. Осы газет әдебиетіміздің өсу жолындағы тағы бірталай кем-кетігін толықтыруға, жетілдіруге міндетті. Сапалы өлең, қысқа әңгіме үлгілері өз бетіне. Біздің әдебиетте көп айтылса да, көңілдегі үлгісі мен өрісін таппай жүрген очерк жайы бар. Өмір шындығы мен көркем шындық арасын септейтін аса бағалы осы жанр "Қазақ әдебиеті" бетінен көп орын алса, өте келісті болар еді. Очеркке жалғас көркем қара сөз үлгісінің шақ болса да дәмі кетпес қызықты жанры — фельетон үлгісі дами түссе дер едік. Жалпы сықақ, көңіл ашар күлкі түрі де газет үшін және біздің әдебиеттің ескілік қалдығы сияқты әр алуан міндермен алысу әрекеті үшін аса қымбат. Фельетонсыз, орынды сықақ, сатирасыз біздің әдебиет осы күнде көбінше күлмейтін әдебиет тәрізденеді. Кейде әзілі, кейде зілі кезектесе отырмаса, әдебиет өзінің тәтті, дәмді қызығынан, ыстық лепті, жанды жалынынан айрылады. Сөз тұзсыз болмай, солғын болмай, демі, лебі оқушыны жақын тынысымен шарпып, еліктіре ертіп отыратын болу шарт. Сол мінен атағанда, мінді мінтер зілі бар, көңіл ашар әзілі бар фельетон, әңгіме, очерктер газеттің өзі үшін де құнды болып еді. Біздің әдебиетіміздің жалпы олпы-солпы келе жатқаны кей жайларын жетілте, жадырата түсер еді. "Қазақ әдебиеті" газетінің осы алуандас үлкен міндет, мүдделерін атағанда, әдебиетіміздің егізінің сыңарындай шалатын көркемөнер жайына тоқтау шарт. Көркемөнердің жанр, кино, музыка, суретшілік тәрізді үлгілерінің көбі әдебиетпен тығыз байланысты. Жазушы еңбегімен үнемі иық сүйесіп отыратын салалар бар. Бұның талайының өсуіне, көркеюіне, зор мәдениет үлгісін табуына жазушы жұртшылығы жауапты да міндетті. Жазушылардың Екінші ісі драматургия, кино мәселелерін айрықша талдағанда, Жазушылар одағының да талай да талай борыш, міндеттерін мықтап атап өтті. "Қазақ әдебиеті" Қазақстандағы көркемөнер мәселелеріне ұдайы, үздіксіз үлкен пейіл көрсетіп отыруға міндетті. Осы алуандас тарихтың зор борыштың бірі — қазақ әдебиеті көлемінде балалар әдебиетін дамыту. Біз балалар әдебиетін ойдағыдай өсіре алмай келеміз. Әр буын жазушы атаулы бәріміздің де арыла алмай келе жатқан қарыз міндетіміз әсіресе осы балалар әдебиеті жөнінде. "Қазақ әдебиеті" газеті бұл туралы да үнем созар міндеттерді ада қылу қажет. Сын жайын жоғарыда біз атағанмен, қазақ әдебиеті әлемінде айрықша ескерте кететін тағы бір талап, әдебиет тарихы мәселелері жайында. Қазақ әдебиетінің өткен дәуірлері мен әсіресе совет әдебиетінің өзінің өсу, даму дәуірлері ғылымдық жөнде әлі көп-көп көңіл бөлуді талап етеді. Бүгінгі әдебиет жаңалықтарына күнделік сын үлгісімен қатынасудың үстіне, "Қазақ әдебиеті" жалпы қазақ әдебиет тарихы мен әдебиет теориясы мәселелеріне де ойдағыдай орын беріп отыруы шарт. Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы мен басқа орындарының бәріне ортақ және бір үздіксіз ескеріп отыратын ерекше жай: республика көлеміндегі жас буын әдебиетшілерді тәрбиелеу мәселесі. Облыстар мен өндіріс ошақтарынан және жоғары дәрежелі мектептерден шығып, әдебиетке атсалысып жүрген жас талапкерлерге "Қазақ әдебиеті" газеті айрықша қамқорлықпен, талапкер сынмен ойдағыдай жәрдемші, жетекші болуы шарт. Біз "Қазақ әдебиетінің" өзінің бетінде туып-өсе бастаған жаңа жазушыларды да тосамыз. Оларды жақын жылдар шамасында белгілі жазушылар қатарына қосамыз деп те үміт етеміз. Осы аталған көп салалы тарихтық, идеялық, көркемдік міндеттердің барлығын біздің газетіміз көркем әдебиетке міндет, шарт болған көркем тілмен, сапалы шебер, бай тілмен жар ете білсін дер едік. Анық өскелең сапаға ие болған өнерлі әдебиет — өз жұртының тіл өнері жөніндегі тәрбиешісі, көмекшісі. Әрбір жеке ірі шығарма тәрізді, жеке баспа орны да өз оқушы жұртшылығын тіл өнеріне тәрбиелейді. Біздің газетіміз ойдағыдай сапалы тілмен шығып отырса, оқушы мен жас жазушыларды шешендікке, орамды тіл шеберлікке баулиды. Қазақ совет әдебиеті идея, мазмұн, көркемдік жағынан күнделік советтік тірлікке байланысты өнерленіп өсу үстінде. Сол өсудің үлкен айғағының бірі — әдебиет тілінің көркеюінен, шеберленіп өнерленуінен көрінеді. Кей уақытта күнделікті қолданып жүрген тілдегі жетіспеген олқылық, олақтық, дәмсіз, нәрсіз, сұрғылт жүдеулік пен штамп тәрізді арзан қолды схемалық көп болса, сондай міндерді де түзей отыруы керек. Жазушының еңбегі арқылы әр елдің әдебиет тілі көркейеді. "Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ", — деп Абай атаған жазушылық міндеті кеміген жоқ, қайта күшейе түсті. Социалистік тарихымыз гүлденген заманда әдебиет тілі қазақ тарихының бай мазмұнды тіршілік болмысына, шындығына сай, өзгеше бай болуы шарт. Сол себепті олақ, шорқақ, отсыз, ажарсыз тілмен жазылған мақала, очерк, сын атаулы ең алдымен редколлегия тарапынан қатты, қатал сыналып, ойдағыдай оңдалып өтуі керек. Жоғарыда аталған көп салалы, үлкен арналы міндетті тақырыптардың бәрінің тұсында да осы тіл шеберлігінің жайын бар газет бойындағы айнымас шарт дер едік. Кенеулі ой көрікті тілмен айтылғанда ғана нәрлі, нұрлы болады, жақсы сөз бедері жасалынады. Әр мақала, очерк, фельетонан, жақсы өлеңнен оқушы іліп алар, керекше жарар сөз келісімі болмаса, оған өкіну керек. Үлкен де болса қадірлі, қасиетті және әсіресе қызықты жүктерін мойнына алған жазушылар газеті ұлы досымыз, ұстазымыз Коммунистік партияның, совет халқының тілегі мен талабына сай газет болып еңбек етсін дейміз. Жемісті еңбегіне сәт сапар болсын деп жолдастық сәлем жолдаймыз! Іске сәт! Мұхтар Әуезов

Сәт сапарға дос ниет

Бүгіннен бастап Қазақстан совет жазушыларының арнаулы өз газеті шыға бастады. Коммунистік партия мен Совет үкіметінің жалпы совет әдебиетіне арналған достық, қамқорлық пейілі мен күнделік басшылығы бұл газеттің жарыққа шығуына ең зор себепші де жәрдемші.

Көп ұлтты социалистік мәдениеттің зор саласының бірі — көркем әдебиетке совет халқының талабы да зор, достығы да мол. Бұл аталған жайлар — газетіміздің халықтық, социалистік, партиялық бағытта өрістеу негізі.

Туысқан халықтар достығы да біздің газет көтеретін үлкен ұранның бірі. Барлық советтік, партиялық кезекті баспасөз орындарының идеялық, саясаттық міндеті мен мақсаты — "Қазақ әдебиеті" газетінің де өрісі мен арнасы.

Қазақ әдебиеті — көп ұлтты туысқан совет әдебиеттерінің қатарындағы өскелең әдебиеттің бірі. Республика көлемінде ұйымдасқан жазушылар саны да аз емес. Біздің ендігі іздену, осу жолымызда арнаулы әдебиет газетінің болуы үлкен ырыс. Осындай газет бізге аса қажет еді. Бұған талай дәлелдер мен себептер атауға болады. Тәжірибеге қарағанда, әдебиет жұртшылығының арнаулы газеті оқушы жұртшылыққа әдебиеттік қоғамды жақыннан танытады. Ұдайы үзілмес дем-тынысымен, талап-табысымен тірі тұтас бейнедей, жанды күйде жақсы аңғартады. Өмір мен әдебиеттің, халық пен жазушының күнделік аралас-қатынасы үздіксіз өсіп отыратын болады.

Газетсіз әдебиет қауымы роман, драма, поэмаларды немесе әңгіме, очерктер, жеке өлеңдер түріндегі шығармаларды тудырып жатқанмен, творчестволық тіршілік баяу, солғын тәрізденеді. Әдебиет өмірі қыбыр-қимылсыз көрінетін кездер де болады. Енді газетіміз болған кезде, әрине, құр қыбыр емес, әрбір нәрлі тірлік белгісі тәрізденіп жанды, жалынды, қанатты шабыт қимылы танылатын болсын.

Осы тұрғыдан қарағанда жұртшылық тілегіне дөп келетін бірнеше жайларды өз газетіміздің алғашқы адымынан бастап, арнап атап, есте тұтуымыз шарт.

Кезегімен сол жайларды шолып өтейік. Ең әуелі, биыл 1954—1955 жылдардың жапсарында бүкілодақтық әдебиет тіршілігімізде зор тарихтық оқиға болып өтті. Ол — совет жазушыларының жаңада аяқтаған Екінші съезі. Көпшілікке мәлім, осы үлкен съезд ой тудырды, тың тұрғылар атады, кенеулі зор міндеттер, биік бағыттар меңзеді. Екінші съездің әр жазушы мен әрбір Жазушылар одағының алдына қойған творчестволық міндеттері — біздің республикалық Жазушылар одағымыздың да қадірлі міндеті. Жаңа газетіміздің жақынынан нәр алып, бағыт белгілейтін міндетті істерінің де сан саласы, талай түрі сол үлкен съезд негізінде туады. Сондай жайлардың бір алуаны газет бетінде өрістейтін маркстік-лениндік сын. Қазақ әдебиеті көлемінде маркстік-лениндік эстетикаға сүйене отырып, кейбір жүйелік жайларды да өрістетіп ойлай білу керек. Сын әділ, негізді, талабы зор, қамқор сын болудың үстіне, ғылымдық өнері артқан шебер, үлгілі сын болуы шарт.

Осы газет әдебиетіміздің өсу жолындағы тағы бірталай кем-кетігін толықтыруға, жетілдіруге міндетті. Сапалы өлең, қысқа әңгіме үлгілері өз бетіне. Біздің әдебиетте көп айтылса да, көңілдегі үлгісі мен өрісін таппай жүрген очерк жайы бар. Өмір шындығы мен көркем шындық арасын септейтін аса бағалы осы жанр "Қазақ әдебиеті" бетінен көп орын алса, өте келісті болар еді.

Очеркке жалғас көркем қара сөз үлгісінің шақ болса да дәмі кетпес қызықты жанры — фельетон үлгісі дами түссе дер едік. Жалпы сықақ, көңіл ашар күлкі түрі де газет үшін және біздің әдебиеттің ескілік қалдығы сияқты әр алуан міндермен алысу әрекеті үшін аса қымбат. Фельетонсыз, орынды сықақ, сатирасыз біздің әдебиет осы күнде көбінше күлмейтін әдебиет тәрізденеді. Кейде әзілі, кейде зілі кезектесе отырмаса, әдебиет өзінің тәтті, дәмді қызығынан, ыстық лепті, жанды жалынынан айрылады. Сөз тұзсыз болмай, солғын болмай, демі, лебі оқушыны жақын тынысымен шарпып, еліктіре ертіп отыратын болу шарт. Сол мінен атағанда, мінді мінтер зілі бар, көңіл ашар әзілі бар фельетон, әңгіме, очерктер газеттің өзі үшін де құнды болып еді. Біздің әдебиетіміздің жалпы олпы-солпы келе жатқаны кей жайларын жетілте, жадырата түсер еді.

"Қазақ әдебиеті" газетінің осы алуандас үлкен міндет, мүдделерін атағанда, әдебиетіміздің егізінің сыңарындай шалатын көркемөнер жайына тоқтау шарт. Көркемөнердің жанр, кино, музыка, суретшілік тәрізді үлгілерінің көбі әдебиетпен тығыз байланысты. Жазушы еңбегімен үнемі иық сүйесіп отыратын салалар бар. Бұның талайының өсуіне, көркеюіне, зор мәдениет үлгісін табуына жазушы жұртшылығы жауапты да міндетті. Жазушылардың Екінші ісі драматургия, кино мәселелерін айрықша талдағанда, Жазушылар одағының да талай да талай борыш, міндеттерін мықтап атап өтті.

"Қазақ әдебиеті" Қазақстандағы көркемөнер мәселелеріне ұдайы, үздіксіз үлкен пейіл көрсетіп отыруға міндетті.

Осы алуандас тарихтың зор борыштың бірі — қазақ әдебиеті көлемінде балалар әдебиетін дамыту. Біз балалар әдебиетін ойдағыдай өсіре алмай келеміз. Әр буын жазушы атаулы бәріміздің де арыла алмай келе жатқан қарыз міндетіміз әсіресе осы балалар әдебиеті жөнінде. "Қазақ әдебиеті" газеті бұл туралы да үнем созар міндеттерді ада қылу қажет.

Сын жайын жоғарыда біз атағанмен, қазақ әдебиеті әлемінде айрықша ескерте кететін тағы бір талап, әдебиет тарихы мәселелері жайында. Қазақ әдебиетінің өткен дәуірлері мен әсіресе совет әдебиетінің өзінің өсу, даму дәуірлері ғылымдық жөнде әлі көп-көп көңіл бөлуді талап етеді.

Бүгінгі әдебиет жаңалықтарына күнделік сын үлгісімен қатынасудың үстіне, "Қазақ әдебиеті" жалпы қазақ әдебиет тарихы мен әдебиет теориясы мәселелеріне де ойдағыдай орын беріп отыруы шарт.

Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы мен басқа орындарының бәріне ортақ және бір үздіксіз ескеріп отыратын ерекше жай: республика көлеміндегі жас буын әдебиетшілерді тәрбиелеу мәселесі.

Облыстар мен өндіріс ошақтарынан және жоғары дәрежелі мектептерден шығып, әдебиетке атсалысып жүрген жас талапкерлерге "Қазақ әдебиеті" газеті айрықша қамқорлықпен, талапкер сынмен ойдағыдай жәрдемші, жетекші болуы шарт.

Біз "Қазақ әдебиетінің" өзінің бетінде туып-өсе бастаған жаңа жазушыларды да тосамыз. Оларды жақын жылдар шамасында белгілі жазушылар қатарына қосамыз деп те үміт етеміз. Осы аталған көп салалы тарихтық, идеялық, көркемдік міндеттердің барлығын біздің газетіміз көркем әдебиетке міндет, шарт болған көркем тілмен, сапалы шебер, бай тілмен жар ете білсін дер едік.

Анық өскелең сапаға ие болған өнерлі әдебиет — өз жұртының тіл өнері жөніндегі тәрбиешісі, көмекшісі. Әрбір жеке ірі шығарма тәрізді, жеке баспа орны да өз оқушы жұртшылығын тіл өнеріне тәрбиелейді. Біздің газетіміз ойдағыдай сапалы тілмен шығып отырса, оқушы мен жас жазушыларды шешендікке, орамды тіл шеберлікке баулиды.

Қазақ совет әдебиеті идея, мазмұн, көркемдік жағынан күнделік советтік тірлікке байланысты өнерленіп өсу үстінде. Сол өсудің үлкен айғағының бірі — әдебиет тілінің көркеюінен, шеберленіп өнерленуінен көрінеді. Кей уақытта күнделікті қолданып жүрген тілдегі жетіспеген олқылық, олақтық, дәмсіз, нәрсіз, сұрғылт жүдеулік пен штамп тәрізді арзан қолды схемалық көп болса, сондай міндерді де түзей отыруы керек.

Жазушының еңбегі арқылы әр елдің әдебиет тілі көркейеді. "Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ", — деп Абай атаған жазушылық міндеті кеміген жоқ, қайта күшейе түсті. Социалистік тарихымыз гүлденген заманда әдебиет тілі қазақ тарихының бай мазмұнды тіршілік болмысына, шындығына сай, өзгеше бай болуы шарт. Сол себепті олақ, шорқақ, отсыз, ажарсыз тілмен жазылған мақала, очерк, сын атаулы ең алдымен редколлегия тарапынан қатты, қатал сыналып, ойдағыдай оңдалып өтуі керек.

Жоғарыда аталған көп салалы, үлкен арналы міндетті тақырыптардың бәрінің тұсында да осы тіл шеберлігінің жайын бар газет бойындағы айнымас шарт дер едік. Кенеулі ой көрікті тілмен айтылғанда ғана нәрлі, нұрлы болады, жақсы сөз бедері жасалынады. Әр мақала, очерк, фельетонан, жақсы өлеңнен оқушы іліп алар, керекше жарар сөз келісімі болмаса, оған өкіну керек.

Үлкен де болса қадірлі, қасиетті және әсіресе қызықты жүктерін мойнына алған жазушылар газеті ұлы досымыз, ұстазымыз Коммунистік партияның, совет халқының тілегі мен талабына сай газет болып еңбек етсін дейміз. Жемісті еңбегіне сәт сапар болсын деп жолдастық сәлем жолдаймыз! Іске сәт!

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар