Қандастар Ассамблея

Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы

05.12.2012 4774
Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы 1937 жылы Пушкиннің өліміне 100 жыл толады. Адам баласының мәдениет тарихында, өз атының өлмес, өшпесіне көзі әбден жеткен кемел ақын келешекті болжай кеп: "Дабысым Ресейге кетер жалпақ, Тіл біткен жүрер менің атымды атап. Славян, фин жұртының паң ұрпағы, Талайғы тағы тұңғыс, қырда қалмақ"1 — деген еді. Бұл өлеңнің басында "Менің ескерткішіме жаңағы халықтардың келіп-кетер соқпағы ермен баспас"2 дегені тағы бар. Өзі тудырған саналы, сәнді мұңды сөздің шын қасиеттерін анық сезген Пушкин келешек замандардың халқына өзінің ататағы даңқты болатынын білсе де, мұның шын қадірлі болатын заманы қай тарихта, кімнің дәуірінде екенін білген жоқ еді. Бұл күнде Пушкиннің ескерткішіне баяғы "тағы тұңғыс та, сахара досы қалмақ та", ол кездегі жарым жабайы қазақ та соқпақ салды. Ақынды танып ағыла бастады. Бұл жағынан қарағанда ақын үміті ақталды. Бірақ, ол кім арқылы болып отыр? Оған даусыз, қалтқысыз бір-ақ жауап бар — жалғыз ғана Октябрь арқылы болды. Әйтпесе, Пушкин өлгеннен кейін де 80—90 жыл өткенше қазақ, қалмақ былай тұрсын, тіпті орыстың қалың еңбекші бұқарасы да Пушкинді анықтап білген жоқ еді. Октябрьден бері Пушкин дүниеге қайта туды. Шынымен жалпақ еңбекші елдің, саналы, сапалы қауымының, көп тілді, бірақ бір тілекті боп бауырласқан қауымның керек етіп, қадірлейтін адамы боп қайта туды. Сондықтан, мына келе жатқан жүз жылдығына қарсы Совет Одағының барлық республикаларында барлық алыс-жақын түкпірлерінде үлкен-үлкен әзірліктер істеліп жатыр. Пушкиннің жүз жылдығын ойдағыдай етіп өткізу үшін партия мен үкімет осы күннен шаралар қамдап жатыр. Жүз жылдықты басқарып, ұйымдастыратын зор авторитет! бар комиссия сайланды. Одақтың өзге республикаларымен қатар, бұл іске біз де жұмыла әзірленуге міндеттіміз. Пушкиннің жүз жылдығымен қатар біздегі өнерлі жұртшылықтың істейтін ең бірінші ісі, ең зор міндеті: сол ақынның үлкенді-кішілі шығармаларын қазақ тіліне жақсылап аударып беріп, қазақ оқушысы Пушкинді өзінің ана тілінде оқып, түсіне алатындай ету керек. "Социалды Қазақстан" осындай істің ең алғашқы ұйымдастырушысы болып, қазақ ақынының көпшілігіне Пушкиннің әр түрлі өлеңдерін аударуды тапсырып отыр және сол аудармалардың татымдыларын газет бетінде жариялап отырумен қатар, кейін жақсы боп шыққан аудармаларды құрастырып, жеке кітап шығармақшы3. Пушкиннің жүз жылдығына арналған әзірліктің бір үлкен түрі осылайша басталуы өте дұрыс, шын бағалы іс. Бұған қазақ ақындарының қай-қайсысы болса да ат салысады. Жалғыз-ақ, бұл іске енді кірісуді үстірт қарамай, мәдениеттілік, көркемдік, салт-саналылық жағынан кеп, зор жауаптылығы бар маңызды іс деп кірісеміз. Сондықтан бұл күнге шейін ертелі-соңғы уақыттарда Пушкинді қазақшаға аударуда қандай тәжірибелер болғанын еске алып, талдап қарай, сынай отыра кірісуіміз шарт. Осы ретте, ең әуелі менің өзіме мәлім шамада Пушкиннен не нәрселер аударылғанын айтайын. Қазақта Пушкинді ең алғаш рет аударғысы келген ақын — Абай. Оның қолға алғаны "Татьяна — Онегин". Бірақ, Абай қыз бен жігіт арасын қатарымен баян етуді түр ғып алып, Пушкиннен түр жағынан да, мазмұн ретінен де алыстап кеткен. Мұның жайынан толығырақ түрде кейінірек тоқтаймыз. Әзірше айтатынымыз: Абайдың ол шығармадан анық аударғаны "Татьянаның хаты"4, "Амал жоқ, қайттым білдірмей" ғана. Қазақтың ескірек ақындарының ішінде Пушкинді аударайын деген тағы бір кісі Шәкерім еді. Ол "Дубровскийді" және Белкин әңгімелерінің ішінен "Боранды" алған5. Соңғы жылдар ішінде қазақтың совет жазушыларының біразы да Пушкинді аударуға кірісе бастады. Бұлар бір жағынан Пушкиннің үлкен көлемді шығармаларын алса, екінші жағынан шағын өлеңдерінің ішіндегі революцияға жанаспайтын, не көркемдік жағынан айрықша келісті деген өлендерін тандап, аударып келеді. Біздің ақындарымызда Пушкинге көбірек көңіл бөліп келе жатқан Ілияс6 пен Тайыр7 және соңғы уақытта — Ғали8. Ілияс аударғандар: "Жебрайылнама", "Чаадаев", "Сібірге хат", "Қара бұлт". Тайырдың аударғаны: "Кавказ тұтқыны", "Цығандар" және уәдесіне жетсе — "Мыс салт аттыны" аудармақ. Бұл соңғы аталған үш нәрсе мен "Жебрайылнама" — Пушкиннің көлемі үлкен, көркем поэмалары деп саналады. Дәл соңғы кездерде осыларға қосымша боп Ғали жазған: "Ескерткіш", "Қабырымның қақпағында" деген аудармалар бітіп отыр. Бұл саналған аудармалардың қалпы қандай екенін тексеруді Абай аудармасынан бастайын. Абай Лермонтов, Крыловтың жақсы аударушысы болса да және орыс классиктерінің Лермонтов үлгісіндегілеріне шын шебер аударушы бола алатындығын көрсетсе де, дәл Пушкин тұсында сондай еңбек етпеген сияқты. Пушкиннен оның жалғыз байқап көргені "Евгений Онегин" болса, Абай бұл шығарманы "Татьяна — Онегин" ғып әкетеді. Пушкинде Татьяна мен Онегиннің бір-бір хаты бар да, тағы екі рет ауызекі жауаптасуы бар болса, Абай осы төрт кездің барлығын да хат қып алады. Ол торт хаттың ішінде Пушкиннен шын аударылған жері — Татьянаның алғашқы хаты. Содан басқа үш кездің үшеуін де Абай Пушкиннен аудармайды, соның сағасымен өзінше, Пушкиннен өзгеше өлеңдер жазып кетеді. Қыз бен жігіттің арасын, мінез-құлықтарында Абай Пушкиндікінен бөлек етіп, опасыз жігіт етпей үлгілі жігіт, биязы қыз шығарды. Сүйіссең осылай сүйіс деген нәтиже шығармақ боп Пушкин шығармасының қонысын да, құбыласын да өзгертіп жібереді. Сондықтан тілдегі теңеулерінде де: "Қаймақ еді көңілімде" "Бізге қаспақ болды жем", — деген сияқты Татьянадай француз романын бойтұмар қып жүрген помещик қызына қазан қырғызып, қаспақ жегізіп қояды. Абай Татьянаның алғашқы хатының тұсында өзінің Пушкинге жақсы аударушы бола алатындығын көрсетсе де, анығында "Евгений Онегиннің" аударушысы болмай, өзгертушісі болып шығады. Сондықтан, әрине Пушкиннің бұл шығармасы аударылды деп санамай, бастан-аяқ қайта аудару керек9. Және Абайдың бұл тұста қолданған әдісін теріс деп білу керек. Пушкинге екінші жанасқан ақын Шәкәрім болса, ол "Дубровский" мен "Боран" деген екі әңгімені алған да, қарасөзбен жазылған прозалық шығармаларды, жаппай өлеңмен баян етіп кеткен. Мұнда, әрине, Пушкиннің құрғақ әңгіме желісі ғана болмаса, басқа оның қарасөздері тіл кестесі, үлгі-өрнегі түгелімен ескерусіз боп, сыртта қалған. Қара сөзді әңгіме басқа тілге өлең боп құбылып түскен соң онда, әрине, Пушкиннің тамтығы да қалмайды. Сондықтан бұл сияқты "аударманы" да лайықты әдіс, орынды үлгі деп айтуға келмейді. Бұл екі шығарма да қарасөзбен қайтадан аударылуға тиіс10. Алашорда жазушылары өздерінің салт-саналық, ұлтшылдық сарыны бойынша, Европа жазушыларын қазақшалаудың орнына, қазақыландырмаса көңілдері көншімейтін. Мұның мысалы, Бөкейхановта өте көп. Бөкейхановтың Ленин еңбектерін аударғанда салт-саналық қаскөйлігінен басқа, оның сол кездерде Толстойды аударған11 істерінде де Толстой ат-тонын ала қашарлық "өрнектері" болушы еді. Мұндай аударма жазушының айтамын дегеніне тілмаш болып, қазаққа өзімше түсіндірем деп, ойға келген зорлығын істеген, әзірге қазақыландыру болатын. Жазушының тың теңеу есебінде айтқан сөздерін, өрнегін, қазақтың көпке мәлім болған, сонылығынан айырылған мақал-мәтелімен аудару. Ол әр әдебиеттің, әр жазушының өзінше теңеуі, өзінше лұғаты, өзінше сөз мәдениеті, үлгі-стилі бар дегенмен есептеспей, оның бәріне жауап ұратын, қазақ тілінің көлемінде менің топас іске күшім бар деген сөз еді. Былайша аударғанда орыс, Европа жазушысының бәрі өздерінің стилі, ерекшеліктерінен жұрдай боп, бәрі де бір-ақ қалыпқа соғылып, бір-ақ меркамен шығар да отырар еді. Енді Пушкиннен аударма жасап жүрген Қазақстанның совет ақындарына келсек, Ілияс, Тайыр, Ғали үшеуіне де бір ерекше айқын тұрған жақсы өзгешелік — жаңағы, жоғарыда айтылған қазақыландыру машығы жоқ. Бұлар өз шығармаларын орыс тіліне аударатын адамдарға "біздің теңеуімізді, біздің стилімізді өзімізше келтір" дейтін шарттарын Пушкиннен өздері жасаған аудармада да естен шығармайды. Олар поэзия тіліндегі (образ) теңеуді — жалғыз қазақ тілінде ғана мәлім болған теңеулермен "болды, бітті" деп есептемейді. Қайта Пушкин болсын, Демьян Бедный болсын, не басқа ілгері-соңғы өзге тілдерде жазған ірі ақындар болсын — бәрінің де теңеулерін өз түрінде келтіріп, сонымен жаңа қазақ тілінің орамдылық, көріктілік жағын байыта түсуге тырысады. Бұл шынымен негізгі, үлкен мәселе. Осыны маңызды, іргелі мәселе ғып түсінгендіктен, шынында бір дәлме-дәл келген жер болмаса, өзге кездің бәрінде де Пушкиннің ия өзінде, ия орыстың жалпы тілінде жоқ "қазақы тон-тымақтан" бойларын қашық ұстайды. Жалғыз-ақ, бұл ақындар осы жайды енді құр теңеу жөнінде ғана еске алмай, кеңейте, тереңдей түсініп Пушкиннің өлең ұйқасы, лұғаты, терең ойшылдығы — қысқасы, барлық стиль ерекшелігін дәл түсіруді негізгі әдіс етіп қолдану керек. Бұл жолдастардың әзіргі тәжірибесінде Ілиястың "Чаадаевқа" дегені мен "Қара бұлты" болмаса, Пушкин ұйқасын қолданбау бар. Рас, ол ұйқасты үнемі, құр ұйқас үшін беру, дәл өз түрінен формалистікпен аумаймын деп, қатып қалу дұрыс болмас. Бірақ, сонда да Пушкиннің өлеңдерін әрдайым қазақтың орыс поэзиясында жоқ торт жолды "ақсақ" ұйқасымен аудара беру де дұрыс болмайды. Ілияс "Чаадаевта" шалыс ұйқасты қолданыпты. Абай да "Амал жоқ, қайттымда" сол шалыс ұйқасты қолданған. Бұл Пушкиннің, көбінесе, өзі қолданған ұйқас. Аудармада соның сақталуы мін емес, қасиет болып көрінеді. Онан соңғы бір қатты ескертетін жер — Пушкиннің лұғаты — сөздігі. Бұл ақын бір жағынан Муза, Апполон, Лира сияқты ескі античный әдебиеттің белгілерін көп пайдаланса, екіншіден, орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін сөздерін де өте көп қолданады. Мұндай жерлерін біздің бүгінгі әдебиет көлемінде көп қолданылатын жалпы ұғым тілімен ғана айтсақ, ол жеткілікті болмайды. Жүз жылдық тарихты ұмытуға жарамайды. Пушкиннің тілі мен революцияның тілі бір емес. Пушкиннің жаңағыдай сөзі орыс тілінің көлемінде қаншалық ескілік сияқты сезілсе, сол сөзді қазақшылағанда да, мүмкін болғанынша, сондайлық көне боп сезілетін, өзіне мазмұны, күйі сай сөздерден төлеу салуға тырысу керек. Осы ретте Пушкиннің көп айтатын "свобода" деген сөзін Ілияс "еркіндік" десе, Ғали "тендік" деп шалғай түседі. Біздің кейбір ақындарымызға Пушкин текстісінің аса қиын соғатын бір жағы — кейде ескіше, өзгеше боп айтылған ия бір сөздің, ия сөйлемнің мағынасын жете түсінбей қалатын көрінеді. Содан теріс мағыналы аударма туып кетеді. Немесе, Пушкин айтқан тереңдікке, толқындылық сезімділікке жете соқпай, дөп келмей, бәсең түсіп қап отырады. Осы кемшілікпен жалғас болып, өлең ішіндегі көңіл күйі де, суретті ырғақ тынысы да тарандап кетеді. Орысшасында жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімі, мынада жүдендеп кетеді. Соны сезген аудармасының тең түсе алмағанын байқаған кейбір ақын, осыдан соң барып, қазақша қат-қабаттаған құр шешен сөзге өктейтүні де бар екен. Бірақ, бұл сөздердің ия үнділік жағынан, ия жеке мағына жағынан сырты сұлу болғанмен, Пушкин жолының сезім сырын шеше алмағандықтан бос шығын сияқты тұратыны да болады. Сондықтан аудармада бірен-саран кемшілікті шешен сөзбен бастырып жіберген деген әдістен де қашқан лайық. Мұның бәрінің түп себебі Пушкин жолдарын шала ұғынудан туатын болса, ең алдымен асықпай, үстірттік қылмай, орысшаның мағынасын ұғынумен қоса, сезім ырғағын жете ұғынып, көкейге қондырып алу керек. Мұхтар Әуезов

Пушкинді қазақшаға аудару

тәжірибелері туралы

1937 жылы Пушкиннің өліміне 100 жыл толады. Адам баласының мәдениет тарихында, өз атының өлмес, өшпесіне көзі әбден жеткен кемел ақын келешекті болжай кеп:

"Дабысым Ресейге кетер жалпақ,

Тіл біткен жүрер менің атымды атап.

Славян, фин жұртының паң ұрпағы,

Талайғы тағы тұңғыс, қырда қалмақ"1

деген еді. Бұл өлеңнің басында "Менің ескерткішіме жаңағы халықтардың келіп-кетер соқпағы ермен баспас"2 дегені тағы бар. Өзі тудырған саналы, сәнді мұңды сөздің шын қасиеттерін анық сезген Пушкин келешек замандардың халқына өзінің ататағы даңқты болатынын білсе де, мұның шын қадірлі болатын заманы қай тарихта, кімнің дәуірінде екенін білген жоқ еді.

Бұл күнде Пушкиннің ескерткішіне баяғы "тағы тұңғыс та, сахара досы қалмақ та", ол кездегі жарым жабайы қазақ та соқпақ салды. Ақынды танып ағыла бастады. Бұл жағынан қарағанда ақын үміті ақталды.

Бірақ, ол кім арқылы болып отыр? Оған даусыз, қалтқысыз бір-ақ жауап бар — жалғыз ғана Октябрь арқылы болды. Әйтпесе, Пушкин өлгеннен кейін де 80—90 жыл өткенше қазақ, қалмақ былай тұрсын, тіпті орыстың қалың еңбекші бұқарасы да Пушкинді анықтап білген жоқ еді.

Октябрьден бері Пушкин дүниеге қайта туды. Шынымен жалпақ еңбекші елдің, саналы, сапалы қауымының, көп тілді, бірақ бір тілекті боп бауырласқан қауымның керек етіп, қадірлейтін адамы боп қайта туды.

Сондықтан, мына келе жатқан жүз жылдығына қарсы Совет Одағының барлық республикаларында барлық алыс-жақын түкпірлерінде үлкен-үлкен әзірліктер істеліп жатыр.

Пушкиннің жүз жылдығын ойдағыдай етіп өткізу үшін партия мен үкімет осы күннен шаралар қамдап жатыр. Жүз жылдықты басқарып, ұйымдастыратын зор авторитет! бар комиссия сайланды.

Одақтың өзге республикаларымен қатар, бұл іске біз де жұмыла әзірленуге міндеттіміз.

Пушкиннің жүз жылдығымен қатар біздегі өнерлі жұртшылықтың істейтін ең бірінші ісі, ең зор міндеті: сол ақынның үлкенді-кішілі шығармаларын қазақ тіліне жақсылап аударып беріп, қазақ оқушысы Пушкинді өзінің ана тілінде оқып, түсіне алатындай ету керек. "Социалды Қазақстан" осындай істің ең алғашқы ұйымдастырушысы болып, қазақ ақынының көпшілігіне Пушкиннің әр түрлі өлеңдерін аударуды тапсырып отыр және сол аудармалардың татымдыларын газет бетінде жариялап отырумен қатар, кейін жақсы боп шыққан аудармаларды құрастырып, жеке кітап шығармақшы3.

Пушкиннің жүз жылдығына арналған әзірліктің бір үлкен түрі осылайша басталуы өте дұрыс, шын бағалы іс. Бұған қазақ ақындарының қай-қайсысы болса да ат салысады.

Жалғыз-ақ, бұл іске енді кірісуді үстірт қарамай, мәдениеттілік, көркемдік, салт-саналылық жағынан кеп, зор жауаптылығы бар маңызды іс деп кірісеміз. Сондықтан бұл күнге шейін ертелі-соңғы уақыттарда Пушкинді қазақшаға аударуда қандай тәжірибелер болғанын еске алып, талдап қарай, сынай отыра кірісуіміз шарт.

Осы ретте, ең әуелі менің өзіме мәлім шамада Пушкиннен не нәрселер аударылғанын айтайын.

Қазақта Пушкинді ең алғаш рет аударғысы келген ақын — Абай. Оның қолға алғаны "Татьяна — Онегин". Бірақ, Абай қыз бен жігіт арасын қатарымен баян етуді түр ғып алып, Пушкиннен түр жағынан да, мазмұн ретінен де алыстап кеткен. Мұның жайынан толығырақ түрде кейінірек тоқтаймыз. Әзірше айтатынымыз: Абайдың ол шығармадан анық аударғаны "Татьянаның хаты"4, "Амал жоқ, қайттым білдірмей" ғана.

Қазақтың ескірек ақындарының ішінде Пушкинді аударайын деген тағы бір кісі Шәкерім еді. Ол "Дубровскийді" және Белкин әңгімелерінің ішінен "Боранды" алған5.

Соңғы жылдар ішінде қазақтың совет жазушыларының біразы да Пушкинді аударуға кірісе бастады. Бұлар бір жағынан Пушкиннің үлкен көлемді шығармаларын алса, екінші жағынан шағын өлеңдерінің ішіндегі революцияға жанаспайтын, не көркемдік жағынан айрықша келісті деген өлендерін тандап, аударып келеді. Біздің ақындарымызда Пушкинге көбірек көңіл бөліп келе жатқан Ілияс6 пен Тайыр7 және соңғы уақытта — Ғали8. Ілияс аударғандар: "Жебрайылнама", "Чаадаев", "Сібірге хат", "Қара бұлт". Тайырдың аударғаны: "Кавказ тұтқыны", "Цығандар" және уәдесіне жетсе — "Мыс салт аттыны" аудармақ. Бұл соңғы аталған үш нәрсе мен "Жебрайылнама" — Пушкиннің көлемі үлкен, көркем поэмалары деп саналады. Дәл соңғы кездерде осыларға қосымша боп Ғали жазған: "Ескерткіш", "Қабырымның қақпағында" деген аудармалар бітіп отыр.

Бұл саналған аудармалардың қалпы қандай екенін тексеруді Абай аудармасынан бастайын.

Абай Лермонтов, Крыловтың жақсы аударушысы болса да және орыс классиктерінің Лермонтов үлгісіндегілеріне шын шебер аударушы бола алатындығын көрсетсе де, дәл Пушкин тұсында сондай еңбек етпеген сияқты. Пушкиннен оның жалғыз байқап көргені "Евгений Онегин" болса, Абай бұл шығарманы "Татьяна — Онегин" ғып әкетеді. Пушкинде Татьяна мен Онегиннің бір-бір хаты бар да, тағы екі рет ауызекі жауаптасуы бар болса, Абай осы төрт кездің барлығын да хат қып алады. Ол торт хаттың ішінде Пушкиннен шын аударылған жері — Татьянаның алғашқы хаты. Содан басқа үш кездің үшеуін де Абай Пушкиннен аудармайды, соның сағасымен өзінше, Пушкиннен өзгеше өлеңдер жазып кетеді. Қыз бен жігіттің арасын, мінез-құлықтарында Абай Пушкиндікінен бөлек етіп, опасыз жігіт етпей үлгілі жігіт, биязы қыз шығарды. Сүйіссең осылай сүйіс деген нәтиже шығармақ боп Пушкин шығармасының қонысын да, құбыласын да өзгертіп жібереді. Сондықтан тілдегі теңеулерінде де:

"Қаймақ еді көңілімде"

"Бізге қаспақ болды жем", —

деген сияқты Татьянадай француз романын бойтұмар қып жүрген помещик қызына қазан қырғызып, қаспақ жегізіп қояды. Абай Татьянаның алғашқы хатының тұсында өзінің Пушкинге жақсы аударушы бола алатындығын көрсетсе де, анығында "Евгений Онегиннің" аударушысы болмай, өзгертушісі болып шығады. Сондықтан, әрине Пушкиннің бұл шығармасы аударылды деп санамай, бастан-аяқ қайта аудару керек9. Және Абайдың бұл тұста қолданған әдісін теріс деп білу керек.

Пушкинге екінші жанасқан ақын Шәкәрім болса, ол "Дубровский" мен "Боран" деген екі әңгімені алған да, қарасөзбен жазылған прозалық шығармаларды, жаппай өлеңмен баян етіп кеткен. Мұнда, әрине, Пушкиннің құрғақ әңгіме желісі ғана болмаса, басқа оның қарасөздері тіл кестесі, үлгі-өрнегі түгелімен ескерусіз боп, сыртта қалған. Қара сөзді әңгіме басқа тілге өлең боп құбылып түскен соң онда, әрине, Пушкиннің тамтығы да қалмайды. Сондықтан бұл сияқты "аударманы" да лайықты әдіс, орынды үлгі деп айтуға келмейді. Бұл екі шығарма да қарасөзбен қайтадан аударылуға тиіс10.

Алашорда жазушылары өздерінің салт-саналық, ұлтшылдық сарыны бойынша, Европа жазушыларын қазақшалаудың орнына, қазақыландырмаса көңілдері көншімейтін. Мұның мысалы, Бөкейхановта өте көп. Бөкейхановтың Ленин еңбектерін аударғанда салт-саналық қаскөйлігінен басқа, оның сол кездерде Толстойды аударған11 істерінде де Толстой ат-тонын ала қашарлық "өрнектері" болушы еді.

Мұндай аударма жазушының айтамын дегеніне тілмаш болып, қазаққа өзімше түсіндірем деп, ойға келген зорлығын істеген, әзірге қазақыландыру болатын. Жазушының тың теңеу есебінде айтқан сөздерін, өрнегін, қазақтың көпке мәлім болған, сонылығынан айырылған мақал-мәтелімен аудару.

Ол әр әдебиеттің, әр жазушының өзінше теңеуі, өзінше лұғаты, өзінше сөз мәдениеті, үлгі-стилі бар дегенмен есептеспей, оның бәріне жауап ұратын, қазақ тілінің көлемінде менің топас іске күшім бар деген сөз еді. Былайша аударғанда орыс, Европа жазушысының бәрі өздерінің стилі, ерекшеліктерінен жұрдай боп, бәрі де бір-ақ қалыпқа соғылып, бір-ақ меркамен шығар да отырар еді.

Енді Пушкиннен аударма жасап жүрген Қазақстанның совет ақындарына келсек, Ілияс, Тайыр, Ғали үшеуіне де бір ерекше айқын тұрған жақсы өзгешелік — жаңағы, жоғарыда айтылған қазақыландыру машығы жоқ. Бұлар өз шығармаларын орыс тіліне аударатын адамдарға "біздің теңеуімізді, біздің стилімізді өзімізше келтір" дейтін шарттарын Пушкиннен өздері жасаған аудармада да естен шығармайды.

Олар поэзия тіліндегі (образ) теңеуді — жалғыз қазақ тілінде ғана мәлім болған теңеулермен "болды, бітті" деп есептемейді. Қайта Пушкин болсын, Демьян Бедный болсын, не басқа ілгері-соңғы өзге тілдерде жазған ірі ақындар болсын — бәрінің де теңеулерін өз түрінде келтіріп, сонымен жаңа қазақ тілінің орамдылық, көріктілік жағын байыта түсуге тырысады.

Бұл шынымен негізгі, үлкен мәселе. Осыны маңызды, іргелі мәселе ғып түсінгендіктен, шынында бір дәлме-дәл келген жер болмаса, өзге кездің бәрінде де Пушкиннің ия өзінде, ия орыстың жалпы тілінде жоқ "қазақы тон-тымақтан" бойларын қашық ұстайды.

Жалғыз-ақ, бұл ақындар осы жайды енді құр теңеу жөнінде ғана еске алмай, кеңейте, тереңдей түсініп Пушкиннің өлең ұйқасы, лұғаты, терең ойшылдығы — қысқасы, барлық стиль ерекшелігін дәл түсіруді негізгі әдіс етіп қолдану керек.

Бұл жолдастардың әзіргі тәжірибесінде Ілиястың "Чаадаевқа" дегені мен "Қара бұлты" болмаса, Пушкин ұйқасын қолданбау бар. Рас, ол ұйқасты үнемі, құр ұйқас үшін беру, дәл өз түрінен формалистікпен аумаймын деп, қатып қалу дұрыс болмас.

Бірақ, сонда да Пушкиннің өлеңдерін әрдайым қазақтың орыс поэзиясында жоқ торт жолды "ақсақ" ұйқасымен аудара беру де дұрыс болмайды.

Ілияс "Чаадаевта" шалыс ұйқасты қолданыпты. Абай да "Амал жоқ, қайттымда" сол шалыс ұйқасты қолданған. Бұл Пушкиннің, көбінесе, өзі қолданған ұйқас. Аудармада соның сақталуы мін емес, қасиет болып көрінеді.

Онан соңғы бір қатты ескертетін жер — Пушкиннің лұғаты — сөздігі. Бұл ақын бір жағынан Муза, Апполон, Лира сияқты ескі античный әдебиеттің белгілерін көп пайдаланса, екіншіден, орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін сөздерін де өте көп қолданады. Мұндай жерлерін біздің бүгінгі әдебиет көлемінде көп қолданылатын жалпы ұғым тілімен ғана айтсақ, ол жеткілікті болмайды. Жүз жылдық тарихты ұмытуға жарамайды. Пушкиннің тілі мен революцияның тілі бір емес. Пушкиннің жаңағыдай сөзі орыс тілінің көлемінде қаншалық ескілік сияқты сезілсе, сол сөзді қазақшылағанда да, мүмкін болғанынша, сондайлық көне боп сезілетін, өзіне мазмұны, күйі сай сөздерден төлеу салуға тырысу керек. Осы ретте Пушкиннің көп айтатын "свобода" деген сөзін Ілияс "еркіндік" десе, Ғали "тендік" деп шалғай түседі.

Біздің кейбір ақындарымызға Пушкин текстісінің аса қиын соғатын бір жағы — кейде ескіше, өзгеше боп айтылған ия бір сөздің, ия сөйлемнің мағынасын жете түсінбей қалатын көрінеді.

Содан теріс мағыналы аударма туып кетеді. Немесе, Пушкин айтқан тереңдікке, толқындылық сезімділікке жете соқпай, дөп келмей, бәсең түсіп қап отырады.

Осы кемшілікпен жалғас болып, өлең ішіндегі көңіл күйі де, суретті ырғақ тынысы да тарандап кетеді. Орысшасында жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімі, мынада жүдендеп кетеді. Соны сезген аудармасының тең түсе алмағанын байқаған кейбір ақын, осыдан соң барып, қазақша қат-қабаттаған құр шешен сөзге өктейтүні де бар екен. Бірақ, бұл сөздердің ия үнділік жағынан, ия жеке мағына жағынан сырты сұлу болғанмен, Пушкин жолының сезім сырын шеше алмағандықтан бос шығын сияқты тұратыны да болады.

Сондықтан аудармада бірен-саран кемшілікті шешен сөзбен бастырып жіберген деген әдістен де қашқан лайық. Мұның бәрінің түп себебі Пушкин жолдарын шала ұғынудан туатын болса, ең алдымен асықпай, үстірттік қылмай, орысшаның мағынасын ұғынумен қоса, сезім ырғағын жете ұғынып, көкейге қондырып алу керек.

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар