Қандастар Ассамблея

Не себептен?

05.12.2012 2723
Не себептен? Семей қаласында 1919 жылдың аяғында Колчак өкіметін қуып, қызыл әскердің ниеттестері төңкеріс жасаған уақытта Семейдің қызметкерлері көзін кіндікке қарай тігіп, күнде хабар күтіп отырушы еді. Сол уақытта алғашқы келген коммунист жолдастардың аузынан: «Қазаққа да автономия беріліп жатыр. Орынборда қазақтың да кызметкерлері отыр» — деген хабарды есітіп, біздің де күннен күнге асығып хабар күтетініміз, көз-құлағымызды тігетініміз Орынбор болушы еді. Ол күндегі біздің тосатынымыз саясат жүзіндегі жаңалық хабарлар болушы еді «Қазақ автономиясы деген шын ба екен, не қызмет істеп жатыр екен, келешектегі қызметке істеген қандайлық қамдары бар екен», — деуші еді. Күннен күнге хабар келмей, автономия турасындағы хабар кешіккен сайын, асығып, тықыршып: «Не себептен хабар келмейді, не себепті ешбір істеген істері білінбейді», — деп таң қалушы едік. Сол секілді бір үміт, бір қауіппен декабрь басынан күткеннен жиырмасыншы жылдың жазының ортасына шейін келіп едік. Бірақ, ол күндегі Орынбор үмітті жұбатқаны болмаса, тілекті жұбатқан жоқ. Түрілген құлағымыз еш нәрсеге жарымай, жазға шейін түрулі күйінде болатын. Орынбордың ол күндегі кызметі не еді? Саясат заманының құбылып тұрған уақытында шыққан 254-нші номер декретке сүйеніп, Семей, Ақмоланы сыртынан меншіктеніп, бұндағы бөлімдерге Сибрезкомнан артылып келіп, анда-санда бір бұйрық жазу болатын. Ол бұйрықтар Орынборда қазақ үкіметінің барлығын білдіргеннен басқа ешнәрсені тындырған жоқ. Сибревкомнан, кіндіктен көшпелі ревкомдар келіп үкіметті сайлап жатқанда қазақтан да бірдеме келер деуші едік. Аяғында ол сенімнің барлығы да далаға кетті. Осымен жазды күнгі Авдеев бастап келетін Комиссияға шейін Семейдің қазағы да, оқыған азаматтары да Орынбор хабарына шөлдеуін қойған жоқ. Бірақ, бұған қарсы Орынбор да өз қалпынан ауған жоқ. Қатынаспай, хабар бермей жатуынан айныған жоқ. Аяғында комиссия келіп қайтты. Жалпы қазақ съезі болады дестік, дайындалдық, уәкілдеріміз барды. Съез болды. Түбегейлі үкімет сайланды. Іске жарарлық екпін-қайраты бар деген жаңа адамдар іс басына отырды. Төңкерістің толқынды уақыты өтті, жұмыс сабасына келді. Жә! Енді осы уақытта Семей жайы қандайлық? Көлденеңнен қараған кісі: «Осы күндер жұмыс өзгерген шығар, іс бастаған шығар, қатынас түзелген шығар»,— дер. Бірақ, бір ғажабы, әлі күнге өзгерген ешнәрсе жоқ. Семей губерниясының қазақ автономиясына қарауынан бұрын (бізде ол турасынан тырс еткен хабар жоқ) бір Орынбордың өзінде  не болып жатқанын да білмейміз. Қазақ үкіметі не істеп жатыр, ол турасынан бізге келген не Орынбор мекемелерінің бірде-бір жарлығы жоқ, не Орынбордан шыққан газет жоқ. Үкімет тілі — «Еңбек туының» бұл күнге шенін біздің алғанымыз бірінші ғана нөмірі. Өткен нөмірде «Еңбек туының» хабары деп жазған оқу құралдары турасындағы хабарды біз Ташкенттің «Ақ жолынан» алып отырмыз. Сонымен казіргі күнде Орынбор мен Семейдің арасындағы хабаршы Ташкент болып отыр. Біз  осыдан бір жыл бұрын Орынбордан шыққан бір ауыз хабарға қаншалық мағына беріп, қаншалық іс күтсек, әлі күнге сол халдеміз, бірақ қазіргі күндегі айырмыш мынау: былтырғы уақыт төңкеріс уақыты болып, тынышсыздық болып, қызмет істеуге жол болмап еді. Қазіргі күнде жұрттың бәрі де қызметте отыр. Бұндағы жергілікті мекемелердің бәрі де ойындағы істерін істеп жатыр. Біздің ендігі қысылып Орынборға жалтақтап отырғанымыз — іс жүзінде, барлық шаруа жүзінде кейін қалып бара жатқанымыз. Осы күнде Семей губерниясындағы азық-түлік, шаруа, жұмыскер алу, оқу жұмыстарының қайсысын алсақ та түгелімен уақытша істеліп отырған жұмыс секілді. Ешбірінде ұзақ күнге арнап, мықты негізге тіреп істеліп отырған жұмыс жоқ. Сондықтан ісіміздің ешбірінде ел қамына, ел пайдасына жанастырып істеп отырған іс, беттеген бет, бағыт жоқ. Істелген істің бәрі «көшершіліктік» іс секілді. Жалпы мемлекет пайдасын да түзу ойлап, дұрыс атқарып отырған жеріміз жоқ. Себебі көпшілік мемлекет қазынасын молықтыру үшін ел шаруасын түрлеп, ретке салудың керектігін ұқпайды. Көбінің ұғуынша мемлекетке пайда келтіру — елдің қолындағысын ала берумен табылатын секілденеді. Мінеки, бүгінгі Орынбордан іс күткендегі Семейдің алдымен қоятын мұңы осы. Орынбор ойлайтын шығар: біз Сибревкомға уәкілімізді жібердік, Семей хабарды содан алады, шаншулы мәселесі болса сонан шешіледі — деп. Бірақ, біз сол уәкілден де толық хабар ала алмаймыз. Себебі — тағы да Орынбордан. Уәкілдің өзіне де хабар шым-шымдап сараң, келеді. Негізгі көп мәселелерді өз бетімен шешуі қиын. Осы айтылған сөздер қазіргі күндегі Орынбор жайын да, Ақмола, Семей жайын да білдірер. Жалғыз-ақ, осынша хабар бермеудің, қатынаспаудың, әлі күнге көзге көрінерлік бір істің істелмеуінің себебі не? Біз әлі күнге білмейміз.   Мұхтар Әуезов  

Не себептен?

Семей қаласында 1919 жылдың аяғында Колчак өкіметін қуып, қызыл әскердің ниеттестері төңкеріс жасаған уақытта Семейдің қызметкерлері көзін кіндікке қарай тігіп, күнде хабар күтіп отырушы еді. Сол уақытта алғашқы келген коммунист жолдастардың аузынан: «Қазаққа да автономия беріліп жатыр. Орынборда қазақтың да кызметкерлері отыр» — деген хабарды есітіп, біздің де күннен күнге асығып хабар күтетініміз, көз-құлағымызды тігетініміз Орынбор болушы еді. Ол күндегі біздің тосатынымыз саясат жүзіндегі жаңалық хабарлар болушы еді «Қазақ автономиясы деген шын ба екен, не қызмет істеп жатыр екен, келешектегі қызметке істеген қандайлық қамдары бар екен», — деуші еді.

Күннен күнге хабар келмей, автономия турасындағы хабар кешіккен сайын, асығып, тықыршып: «Не себептен хабар келмейді, не себепті ешбір істеген істері білінбейді», — деп таң қалушы едік. Сол секілді бір үміт, бір қауіппен декабрь басынан күткеннен жиырмасыншы жылдың жазының ортасына шейін келіп едік. Бірақ, ол күндегі Орынбор үмітті жұбатқаны болмаса, тілекті жұбатқан жоқ. Түрілген құлағымыз еш нәрсеге жарымай, жазға шейін түрулі күйінде болатын. Орынбордың ол күндегі кызметі не еді? Саясат заманының құбылып тұрған уақытында шыққан 254-нші номер декретке сүйеніп, Семей, Ақмоланы сыртынан меншіктеніп, бұндағы бөлімдерге Сибрезкомнан артылып келіп, анда-санда бір бұйрық жазу болатын. Ол бұйрықтар Орынборда қазақ үкіметінің барлығын білдіргеннен басқа ешнәрсені тындырған жоқ. Сибревкомнан, кіндіктен көшпелі ревкомдар келіп үкіметті сайлап жатқанда қазақтан да бірдеме келер деуші едік. Аяғында ол сенімнің барлығы да далаға кетті. Осымен жазды күнгі Авдеев бастап келетін

Комиссияға шейін Семейдің қазағы да, оқыған азаматтары да Орынбор хабарына шөлдеуін қойған жоқ. Бірақ, бұған қарсы Орынбор да өз қалпынан ауған жоқ. Қатынаспай, хабар бермей жатуынан айныған жоқ.

Аяғында комиссия келіп қайтты. Жалпы қазақ съезі болады дестік, дайындалдық, уәкілдеріміз барды. Съез болды. Түбегейлі үкімет сайланды. Іске жарарлық екпін-қайраты бар деген жаңа адамдар іс басына отырды. Төңкерістің толқынды уақыты өтті, жұмыс сабасына келді.

Жә! Енді осы уақытта Семей жайы қандайлық? Көлденеңнен қараған кісі: «Осы күндер жұмыс өзгерген шығар, іс бастаған шығар, қатынас түзелген шығар»,— дер. Бірақ, бір ғажабы, әлі күнге өзгерген ешнәрсе жоқ. Семей губерниясының қазақ автономиясына қарауынан бұрын (бізде ол турасынан тырс еткен хабар жоқ) бір Орынбордың өзінде  не болып жатқанын да білмейміз. Қазақ үкіметі не істеп жатыр, ол турасынан бізге келген не Орынбор мекемелерінің бірде-бір жарлығы жоқ, не Орынбордан шыққан газет жоқ. Үкімет тілі — «Еңбек туының» бұл күнге шенін біздің алғанымыз бірінші ғана нөмірі. Өткен нөмірде «Еңбек туының» хабары деп жазған оқу құралдары турасындағы хабарды біз Ташкенттің «Ақ жолынан» алып отырмыз. Сонымен казіргі күнде Орынбор мен Семейдің арасындағы хабаршы Ташкент болып отыр.

Біз  осыдан бір жыл бұрын Орынбордан шыққан бір ауыз хабарға қаншалық мағына беріп, қаншалық іс күтсек, әлі күнге сол халдеміз, бірақ қазіргі күндегі айырмыш мынау: былтырғы уақыт төңкеріс уақыты болып, тынышсыздық болып, қызмет істеуге жол болмап еді. Қазіргі күнде жұрттың бәрі де қызметте отыр. Бұндағы жергілікті мекемелердің бәрі де ойындағы істерін істеп жатыр. Біздің ендігі қысылып Орынборға жалтақтап отырғанымыз — іс жүзінде, барлық шаруа жүзінде кейін қалып бара жатқанымыз. Осы күнде Семей губерниясындағы азық-түлік, шаруа, жұмыскер алу, оқу жұмыстарының қайсысын алсақ та түгелімен уақытша істеліп отырған жұмыс секілді. Ешбірінде ұзақ күнге арнап, мықты негізге тіреп істеліп отырған жұмыс жоқ. Сондықтан ісіміздің ешбірінде ел қамына, ел пайдасына жанастырып істеп отырған іс, беттеген бет, бағыт жоқ. Істелген істің бәрі «көшершіліктік» іс секілді. Жалпы мемлекет пайдасын да түзу ойлап, дұрыс атқарып отырған жеріміз жоқ. Себебі көпшілік мемлекет қазынасын молықтыру үшін ел шаруасын түрлеп, ретке салудың керектігін ұқпайды. Көбінің ұғуынша мемлекетке пайда келтіру — елдің қолындағысын ала берумен табылатын секілденеді.

Мінеки, бүгінгі Орынбордан іс күткендегі Семейдің алдымен қоятын мұңы осы.

Орынбор ойлайтын шығар: біз Сибревкомға уәкілімізді жібердік, Семей хабарды содан алады, шаншулы мәселесі болса сонан шешіледі — деп. Бірақ, біз сол уәкілден де толық хабар ала алмаймыз. Себебі — тағы да Орынбордан. Уәкілдің өзіне де хабар шым-шымдап сараң, келеді. Негізгі көп мәселелерді өз бетімен шешуі қиын.

Осы айтылған сөздер қазіргі күндегі Орынбор жайын да, Ақмола, Семей жайын да білдірер. Жалғыз-ақ, осынша хабар бермеудің, қатынаспаудың, әлі күнге көзге көрінерлік бір істің істелмеуінің себебі не? Біз әлі күнге білмейміз.

 

Мұхтар Әуезов

 

Ұқсас материалдар