Қандастар Ассамблея

Мәлік Ғабдуллинге жауап хат

05.12.2012 3405
Мәлік Ғабдуллинге жауап хат Қадірлі Мәлік! Біздегі поэзияның бүгінгі жайынан пікір алысуға шақырдыңыз. Екі мәселені хатыңыздың басында айыра атай нұсқапсыз. Біреуі — ұлттық характер, екіншісі — поэзияға кірген жаңалық пен оның барысы жөнінде. Мақалаңыз осылай басталғанмен, кейін тағы бір топ ілеспе қосымша жайларды да атап, арнап еске алыпсыз. Айып етпеңіз, бірге отырып кеңесуге шақырған кейбір жайларыңыз менің көңіліме бытыраңқы шыққандай көрінеді. Сұрауларыңыз бытыраңқы болғандықтан, менің жауаптарым да бытыраңқы шықса, ғажап емес. Алайда, сіз көтерген аса елеулі мәселелерді өзімше топтап отырып, нақтылы жауап беруге тырысамын. Сонымен қатар әдебиетіміздің ең кең өрісті, ең мол мұралы қадірлі жанры — поэзия жайы сөз болған соң, сіздің сұрауыңыздан басқа да, ойға орала жүретін тағы біраз жайларды қолға ала қозғай өтпекпін. Нақтылы жайларға туралай беттеуден бұрын, сіздің хатыңызда "өздігінен де түсінікті" дегендей жалпылай ауызға алып, нұсқай өткен аса бір мәнді жайды арнап ауызға алайық. Оным, ең әуелі, біздің поэзияның даусыз үлкен табыстары жайындағы сөз. Хатыңыздан айқын аңғарылады, сіз, әрине, бізде бүгін поэзия жоқта, әлсіз де демейсіз. Шығармаларды атамасаңыз да, бір топ табысы мол ақындарды еске алып, жақсы жеміс бергендерін ескеріп өттіңіз. Дамып, өрлеп келе жатқан поэзиямыз жайын еске алдыңыз. Түрге, мазмұнға түгел толысып, биікке басып келе жатқан, маңғыстап өскен тарихтық табыстарды атадыңыз деп білемін. Қысқасы, поэзияның жайынан шынға сынды жалғай отырып ойлағанда: топшыңызға толы табыстарды жастана отырып, сын пікірлер, сұрақ ойлар атадыңыз. Мен де солай ойлап, солай ұғынатын адаммын. Әдебиет туралы шынайы жауапты ойлары бар, әділ, адал өзекті ойы бар адам олай болмасқа мүмкін емес. Қысқа ғана, үстірт қана шолып өтейікші. Біздің поэзиямыз 20-шы жылдардан 30-шы жылдарға басқанда бір он жыл емес, талай он жылдар сапалы сапарын кешіп өтті. Одан әрі 40-шы жылдарға, қан сапырылған қатал жылдарға жалғаса тағы да өскелең қанат қақты. Қара үзіп, аса түсті. Қазір, міне, 50-ші жылдардың орта деңгейіне жетіп отырмыз. Бүгінгі поэзия қырқыншы жылдардікі де емес. Аса өскен мәдениетімен, ізденгіш өнерімен, әр сипат нәрімен де, барымен де үлгілі поэзия өрісін тауып отыр. Саты-саты, қат-қаты қасиеті танылады. Сондықтан да ақын емес екеуміз, сіз бен біз, өзімізге әрі қызықты, әрі өзгеше қымбат, асыл қазынамыз — поэзияны сүйгендіктен, оған сүйсіне қарағандықтан сөз еткелі отырмыз. Әдебиет жайын, әсіресе Ұлы Октябрь жемісі болған мол мәдениетіміздің мақтанышы әдебиет жайын сөз қылсақ, біз ең әуелі қазақ совет поэзиясының барлық жиын қазынасына бас иеміз. Ол поэзияның жиын табыстарын алғанда, біздің тарихтық мақтанымыз дейміз. Себебі, ол барлық творчестволық ой мәдениетіміздің ішіндегі ең күрескері, ең сергек сезімталы, ең қырағы көрегені, сапалы революцияшылы, өзі және мол жемісті өркендеген өнеріміз. Социалистік халықтық, партиялық табыстарымыздың да көптеген мозаикалық көркем тұлғасы поэзиямызда. Қазақ совет республикасының революциялық әдебиеттік шежіресі (летописі) сол. Көп жылдарға созыла келген көрікті де көбеген өнеріміз. Оның айнасына түспеген халқымыздың, Отанымыздың бірде-бір ұраны жоқ. Ол бармаған майдан, ол араласпаған құрылыс, үлкен іс, өзекті ой мен қуаныш, ұлы ыза мен жиреніш жоқ деуге болады. Отанымызда халқымыздың ой-сана ішінде қазақ совет поэзиясы араласпаған асу мен айдын жоқ! Партияның, революцияның, отаншыл халықтың әрдайым сын айқас кезеңдерінде ең бұрын суырылатын семсері сол. Ең бұрын от алатын бронь бұзар снаряды — поэзия. Жаза баспай, бұлтармай соғатын снайперлік оғы да поэзия. Тағы бір шындықты ашып айта кетейік. Дәл қазақ совет әдебиетінің майданында 40 шақты жылға қадам басып қалған жасамыс поэзиямыз болмаса, бүгінгі мақтаныш прозаның өзі де бүгінгісіндей бола алмас еді. Қаншалық көлемді, терең, ылғалы мол болса да, прозалық шығармалар мен пьесалар ешуақытта поэзияның көп тілмен, көп үнмен қамтыған бар өмір жайын түгендеп, бас - басына, сала-саласына бірден жетіп, қапысыз қамти алмайды. Әрине, жекелеп алған әрекетін дәуірлік сипатта поэзиядан басқаша кемерлей, тереңдей түсетін құдірет прозаның күш сипаты екені рас. Бірақ бар өмірдің барша саласына поэзия барғандай проза мен драматургия бара алмайды. Біздегі сондайлық барды түгел сынап өту газет мақаласының көлемінде мүмкін емес, қажет те емес болар! "Мен мұндалап" тұрғандай арғы мен бергідегі қадау-қадау ғана еңбектерді атап қана еске сала кетейік. Мысалы, Сәбиттің 1919 жылғы "Бостандық" атты өлеңінен бастап 1930 жылдар ішінде жеткен өрісі биігін атаймыз. Содан бергі көп жылдарда тарихтық, табыстық көрнекті даталардай әр шоқы биіктер бар. Олар кешкі кең сахараның алысынан берісіне қарай, әр тұстағы кешкі жайлау отындай жарқырай түсіп, көз тартып тұрған көрікті өлеңдер қатарлары. Бұнда қырғи тілді Асқардан, сыршыл үнді Әбділдадан, майда қоңыр Ғалидан, басым сөзді Тайырдан, күйлі-мұңды Қасымнан, ізденгіш те тапқыш Хамиттен, өзіне бөлек сырлы сазды Сырбайдан, салқын ойлы Саиннан, тағы талай үлкенді-кішілі ақындарымыздан көңіл медеу етерлік көп шығармаларды атай аламыз. Ең бергі шеті жақында соққан лебімен ыстық тартып тұрған ең кенже жаңалық — екі шығарманы атаумен бұл сөзді бір сағаға саяр еді. Біздің поэзияның соңғы айлардағы ең жақсы табысы деп Қалижан поэмасы "Мариям Жагор қызының" соңғы вариантын атар ем. Және, Мәлік, сіз жеке жолдарын сынағанмен, әңгіме желісін де қабылдамағаныңызбен, мен өзім тың табыс деп, жас Тоқаштың жаңа поэмасы "Мен өмір сүремінді" атар ем. Ол поэманың сіз сынаған кейбір ақындық теңеуінің жайына кейін тоқтаймыз. Жаңағы аталып өткен ақындардың бәрінің де поэзияға келісінде өте шыншыл, анық өз тағдыр талайынан туған жыр баса бар. Көбінің жанында шарпыр жас сырлары болғанды. Жетім тайлақтың табаны құмға мөрдей басылып, алдағы күніне қарай алабұртып келе жатқан Тайыр үні сондайды. Арық байталын иыққа қағып, алдағы күнге ол да бет бағып келе жатқан бала Ғали бастауы қандай еді? Жетімдіктің жыртық тонын тастап, Совет - ана бауырына келе жатқан Қасым сыры қаншалық еді. Осылар да, осылардан басқалар да поэзияға барынша шынымен, анық жан тебірентер оттай ыстық өксігімен келген-ді. Тек қана шыны мен сырын бала өнерінің қанаты етіп әдебиетімізге әкелгенді. Бұлар да, осыларға ұқсаған өзгелер де осындай шымыраған шынайы өлеңдерімен бағы заманнан бергі қазақ поэзиясы айтып, тыңдап көрмеген сыпатта келді. Олар бейне бір өз анасынан ажырап, ел енесінің бауырына келе жатқан құлыншақтай. Әлі өнер шынын, сырын андап көрмеген жас жеткіншектер өздеріне жарастықты күйлі, мұңды шындықтармен келген. Жас ақындар өзгеше шыншыл бала тілімен балдыраса да, ақын бала жанын аңғартқан. Тамылжыған тәтті күймен келісті. Ақындықтың болайын деп тұрған бал-бөпесі. Осы күнге шейін сол өлеңдерін оқысаң, көзіңе жас оралғандай бой балқытады. Шыншыл демдері жаныңды жалындай шарпиды. Мен бұл жерде Тайырдың "Алғашқы адымын", Қасымның "Советтік менің өз елім" және Ғалидың оқуға алғаш келе жатқандағы өлеңін еске алдым. Осындай өлеңдер Сәбитте, Сырбайда, Әбуде, шыншыл, батыл Жұмағалида, басқа да бар ақындарда әр кезде әр кезек табылатынын білеміз. Міне, осылай үстірттеу, аттамалау айтыса да, поэзия жөніндегі шыншыл және сыншыл достық сөздерін айтардан бұрын жаңағы жайларды атап өту шарт деп білдік. Енді осы алуандас жалпы жайдың бірі поэзия айналасындағы мінездеріміз жөнінде. Біздің кей ақындар, менің байқауымша, осы шақтарда кейде жеңіл жарақаттанғыш келеді. Сын алдында орынсыз сынғақ болғыштары байқалады. Бұл жайды, поэзия жөнін еркін, кең сөйлесу үшін, дос талапты қатаң айту үстінде әдейі еске аламыз. Кейбір ақындар поэзияны бейне бір оларға ғана қас мүліктей тар таниды. Күндегі кей мінезде, кейбір орайда бар ойынды таратпай-ақ, поэзияға деген қадір, құрметіңді танытпай-ақ, жалпылай ғана, бірер сөйлем айта қалсаң да, біраз ақындарымыз аңтарыла қалады. Содан әрі, емен-жарқы жарым сөздің өзін айтқызбай-ақ, жарғыласа қалғандай болады. Кей ақынымыз поэзия жайы сөз болса, бейне жас жарының қызғаншақ ғашығы сияқты, өзге ауыздан, көлденеңнің аузынан жаңағы жарының атын есітсе, тұтана қалғыш келеді. Сонымен қатар кейде көпке тарап түсетін топтан айтқан және әсіресе бар әдебиетке жалпылай аталған сын сөз болса да, соңғы поэзияға қарай оқтаулы мылтық кезегендей көре қалу бар. Ең алдымен осы алуандас орынсыз "қытықшылдық" керек емес. Ол ақындарға біз айтар ек: "Ең әуелі поэзия сіздің ғана мүлкіңіз емес. Ал егер ол шынымен сіздікі ғана болса, сіз үшін ғана болса ол, тегі, шынайы мүлік те емес". "Егер поэзияны ақындар ғана түсінеді, солар ғана біліп бағалайды" десеңіздер, қасыңызда жүрген, қатарыңызда келе жатқан прозаиктер және әсіресе сыншылар танымайды десеңіз, ол да теріс! Себебі: қасыңыздағы біз түсінбесек, жан түсінбес. Тағы бір ескерте кетер жай бар. Мысалы, прозаиктердің поэзияға мүлде қатынасы жоқ па екен? Сол прозаның өзінде, тегі, поэзия аз ба? Сіздер іздейтін сан сезімдер поэзиясы, бейнелі-образды сөздер, ырғақты шешен де шебер сөз құрамдары, теңеулер, өрнектер аз ба прозада? Еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде, табиғат, махаббат, тағы талай армандар прозада болмай ма екен? Онда поэзиядағы кейбір өлең қатарындай келісімдер, құйылыстар, сиқырлы сөз құбылыстары аз кездесе ме? Ендеше,, прозаиктердің ізденуі өздеріңіздің ізденулеріңіздей емес пе? Қатарында, қасында келе жатқан жоқ па? Иық сүйесіп, бірге іздесіп, қатар табысып келе жатқамыз жоқ па? Сондықтан поэзияның сөзін, оның намысы мен абыройы, атағын жақтаушы жалғыз ғана ақындар тәрізді түсіну жарамсыз шалағайлық, үстірттік! Бұл тұстағы жаңағы аталған "қытықшылдықты" біздегі көп ақынның сын көрмегендігінен деп білеміз. Мысалы, осы ретте біздің поэзияда 20-25 жылдар жазып келе жатқан ақындардың шын сынды көрмегендері бар. Әзілдей айтқанда, "қарын шашы алынбағаны да" бар деуге болады. Соңғы жылдарға шейін сондай сын көрмей келгеннің бірі — біздің Тайыр ақынымыз. Оның өлеңінің идеясы мен мағынасы дұрыстығына қарап, кейбір үстірттікке, кейбір өлең қатарында оқта-текте кездесетін ойсыраған олқылықтарға кешірім жасағыштық көп болған. Образда логикалық образдың аздығы, кей - кейде сөз тізбегінің аңқыған сыртқы ағымын қуғыштық, ойлы образ орнына сөздің тасыр-тұсыры, арсы-гүрсі өрекпуі көп болатыны бар. Мысалы, мағына тартысы, адам тағдырлары, жеке оқиға түйіндері орынды келе тұрса да, "Тасқында" осындай кейбір ой-шұқыр оқаптар болғаны рас. Әрине, бұлар бірақ Тайырдың әдебиетте алған үлкен орны "лайықсыз" дегізбейді. "Талантты ақын, қанатты поэзияның шабытты жыршысы" деген бағаны кемітпейді. "Жапанды орман жаңғыртты" деген сияқты поэмалы жырлары, "Миллион" сияқты қызықты, түр тапқыш шеберлігін жойғызбайды. Осыларының бәрін тани тұра, көптен еленбей келе жатқан, тек бірде білініп қалған кемшіліктері болса, оны айтқан дұрыс дейміз. Бұл ретте, мысалы, Тәкен Әлімқұловтың мақаласы сөз болса, мен ол мақаланың негізгі ойларын, әділ сындарын, нақтылы айқын мінді көрсеткен анық даусыз жерлерін дұрыс дер едім. Бірақ ол мақаланың жарамсыз бір жағы бар. Онысы — мазаққа жуық сықаққа бой ұрып кету. Тегінде, мақұлды мазаққа, сынды сықаққа алмастырмау керек. Бұнысы Тайырға арналатын тон емес. Міне, осындай, Тайырдың өзіндегі және оған сындағы кемшіліктерді айта отыра, жаңағы атағандай "тез секем алғыш", тез күйінгіш мінездер ақындардан арыла жүрсе жақсы болар еді дейміз. Болмаса мүлде сауырын сипатпай, құлағына қол жуытпай, мөңкіп тұра қалатын ақыннан сын ойлар, шын ойлар қашаң соғып, қақас қалуы мүмкін. Енді, жоғарыда айтқандай, табысымызды тани отыра, ойға оралатын бірталай олқылықтарды поэзиямыз жөнінен айту борыш деп білеміз. Жолдас Мәлік! Әрине, газет бетіндегі шақ көлемді сұрақ хатта біздегі мол дүние, кең поэзияның бар түйінді мәселесін сіздің көтеруіңізге мүмкіндік болмады. Дәл сондай мен де поэзия жайындағы ойдағы талай түбірлі проблеманы бұл жауап хат көлемінде қозғай алам, таратып айта алам демеймін. Әуелі, ең алдымен сіз атаған "ұлттық характер" проблемасына сәл тоқтайық. Менің ойымша, бұл жайды ұлттық характер деп алмай, ұлттық традиция (қазақша дәстүр) деп алғанымыз мақұл. Дәстүр мағынасына характер де, түр де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі — бәрі де түгел кіреді. Бұл сөз ғылымдық жағынан анығырақ және көлемдірек ұғымды аңғартады. Осылайша "ұлттық традицияны поэзиямыздың бүгінгі қалпында қалай тұр" деп ой жүргізсек, қысқаша түйгенде, ол жайынан көңіл жұбанар кенеулі бір шындықты батыл айта аламыз. Біздің поэзия өзінің өткен тарихтық тегінен үзіліп, төркінсіз әдебиет боп кеткен жоқ! Халықтың асыл мұрасының үлкен арнасын, анық саналы мұрагер есебінде, үлкен көлемімен ілгері қарай жақсы дамытып, асырып өсіріп келеді. Санада, сапада, түр-көрікте түгел солай. Екінші бір жай, ұлттық традиция мәңгібақи бір орында сілейіп қатып туратын қалып емес. Ол үнемі қозғалыста, өзгерісте. Маркстік - лениндік эстетика бойынша біздің социалистік поэзиямызда ұлттық дәстүр тек бұрынғымен ғана байланыста емес. Қазақ әдебиет мәдениетінің өзінің ғана көлемінде, өрісінде қалуда емес. Қайта, әсіресе айналасынан, дос айналасынан ұдайы үлгі алып, үйрене өсуде. Міне, осы жағынан алғанда біздің поэзия және де ұлттық дәстүрді жаңа табыстармен байыта дамытып, жаңа дәстүрлер тудыра отырып үдеп келе жатқан әдебиет саламыз. Бұны бар ақындардың барша ірі табыс мысалдарынан дәлелдеу қиын емес. Абайдың өзін алғанда да, Пушкинді аудару үстінде шалыс ұйқасты тапты. Ақындық іздену талаптарының соңында сегіз жолды шумақ, алты жолды шумақ, төрт буынды өлең жолын, алты буынды өлең жолын немесе он төрт жолды шумақты да тудырады. Соның бәрі нәтижеде шебер ақынның қонымды етіп беру себебінен халықтың дәстүріне қонды да, қиюласып, қабысып, ұлттық дәстүрдің өз тәні боп кетті. Рас, Абай бұл жөнінде аз еңбек еткен жоқ. Ол төрт буынды "Бойы бұлғаңға", алты жолды шумақпен келген "Қор болды жанымға", алты буынды "Көзімнің қарасы", "Сен мені нетесіңге", сегіз жолды шумақ "Алыстан сермепке", тағы талай сондай өзі еккен поэзия плантациясына композитор болып арнаулы әндер шығарды. Жаңағы өлеңдік, соны түрді тыңдаушысына, халқына, кәрі-жасына еріксіз жаттатты, жадына сіңірді. Сол арқылы Абай мұрасымен байланысты, жоғарыда айтқандай, ұлттық дәстүрдің сол кезеңде бізде қатты байып, өскелеңдеп қалғанын білеміз. Бұл сипаттар, Абайдың, Сәбиттің, Қасымның, Хамит пен Тайырдың жаңалықтарын айтсақ, бәрі сол ұлттық дәстүрдің сүбе мәселелері. Бірақ прозадан мысал келтіргенде, Мәлік, сіздің бір сөйлеміңізде мен құптай алмайтын жаңсақ бір ойыңыз бар. Сіз "Құнанбай мен Игілік, Абай мен Асқар, Олжабектер образынан қазақ халқының өкілдерін, олардың өздеріне ғана тән ұлттық характерін, ұлттық ерекшеліктерін көреміз" дегенсіз. Жолай айта кетейік: Абай, Асқарлар халық өкілі болғанмен, Құнанбай, Игіліктер халықтың өкілдері емес. Олар азғана топ, қанаушы шоғырдың өкілдері болғандықтан, сол өз ортасының өкілі деп аталу керек. Типтік образдар десеңіз, бір сәрі. Ұлттық дәстүрді дамыту, байыту керек дедік. Бұның сын - сипаттарының өзінен туатын үздіксіз мол көп сала-саты проблемалары бар. Поэзияға арнай сөйлесек, мысалы, ол — өлеңдік түрді байыту, көркейте байыту проблемасы. Тіл байлығын асыра түсу, поэзиялық лексиканы көркейте өсіре түсу проблемасы да бар. Орыстың классикалық әдебиеті мен совет әдебиетінен және басқа туысқан достас елдеріміз поэзиясынан елеулі үлгі, өрнек ала отырып, қазақ поэзиясын тұрғыдан тұрғыға асыра, өсіре беру шарт. Осы ретте, мысалы, біз Пушкинді, Некрасовты, Маяковскийді немесе бүгінгі Исаковскийді, Твардовскийлерді қазақшаға аударғанның өзінде де, сол екі сала үлкен мәнді мәселені қатарынан зор табыспен, келісті көрікпен баурай білуіміз керек. Не соларды аударайық, не солар дәстүрінше жазайық, әр кезде жаңағы аталған арғы-бергі шын шебер ақындардың бәріне барғанда, мерзім алған, даңғыл болған тек өз өлең түрімізбен, өлшеуімізбен бару дұрыс емес. Сол ақындардың бәрінің басқа-басқа түр өзгешеліктерін даралап алу орнынан үйреншікті төрт жолды он бір буынды шумақпен немесе жеті-сегіз буынды ырғақпен қазақ поэзиясының көлеміне ауыстыра беру мүлде дұрыс емес. Пушкинді — Пушкин ше, Маяковскийді — Маяковскийше ала білсек қана, біз жоғарыдағы аталған ұлттық дәстүрді дамыта байытамыз. Түр-өрнек үлгісін кейін өз өлеңімізге де қанықты, заңды үлгіміз, дәстүріміз есебінде мейлінше пайдалана аламыз. Осы жөннен сөйлегенде, біздің ақындарымызда іздену көп болғанмен, түрді байыту мол болмай, баяу келеді, аз болып жатыр. Сол дәстүр мен түрдің сөз мәдениетіндегі тағы бір ең үлкен құдіретті элементі — тіл. Ол тілдің де жайын, жөнін жаңағы ұлттық дәстүр турасында сөйлегендей, өткеннің мол қазынасын мейлінше баурап, ілгері қарай дамыта байыту міндетімен қатар алсақ, біздің көп ақындардың тілі де маған бай көрінбейді. Тіл жөнінде бұрынғының қорынан қарбытып алып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едік, олар — Асқар мен Ғали. Ал соңғы кезде, әсіресе "Мариям Жагор қызы" поэмасының соңғы вариантын оқығалы, тіл жөнінде мен Қалижанның қатты іздену, табуы бар екенін сүйсіне аңдадым. Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да, фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С. Адамбековтың тілі де сүйсінердей нәр танытты. Тіл жөнінде біздің көп ақынның "сөздік қоры онша мол емес-ау, шағын-ау" деген наразы ой көңілімізге көп орала береді. Біздің бір топ ақындар тіпті осы күнгі қазақ әдебиетінің өзінде жүрген барлық пен байлықтарды да сонша көп елемейді, пайдаланбайды ғой деп ойлайсың. Тіл — сөз қорына қарап, біздің біраз ақындар арасында осы күнгі қазақтың тәуір аталып жүрген роман, драмалардың өздерін де оқымайтындары бар ма деп ойлайсың. Бүл, әрине, көңіл қаларлық шабандық пен бойкүйездік. Біздің ақындарымыз алдында ұдайы тұратын поэзияның бір өзгеше жауапты жайы және бар. Ол — көп қысқа өлеңдердің тірліктен алатын, күндегі болмыстан: Отан, тарих, халық шындығынан алатын ортақ тақырыптарының көптігі. Сол тақырып ортақ болғандығы әр ақынның жұрт айтпағанды айта білетін өздігін, ақындық даралығын, өз үнін және осылардың бәріне шын көмекші өзіне тән тіл сөздігін, ақындық сөздігін шарт, міндет еткізеді. Ал осы жайға келгенде, біздің ақындарымыздың өлең түрлері мен тіл сөздігі, ойлары, шама-шарқы қаралас, тіркес болғандықтан, амалсыздан бір көңілсіз көрініс туады. Жаңағы аталған көпке ортақ және өзі аса қадірлі, қасиетті тақырыптардың талайының тұсында өлеңдер көңіл қалдырарлықтай, қарын ашырарлықтай боп, біріне-бірі аса ұқсас шығады. Бірін-бірі қайталаушы тәрізденген ақын тобы қоюлап кетеді. Өлең сандары тұтас бір бояулы, бір ағын сияқтанады. Бұл, әрине, өкінішті хал! Осыны — көптен байқалып жүрген, көп оқушы аузынан жиі естілетін, шынайы орны да бар наразылық себебі деуге керек. Ал осы ретте жоғарыда атаған ұлттық дәстүр дегеніміздің тағы бір үлкен шарты бар. Бұл — поэзияның аса ділгір асыл бір элементі. Атағалы отырғанымыз ақындық шығармадағы тіл теңеуі, ақындық образ жайы. Осы образ жөнін біраз айта түсу қажет. Біздің поэзияның 30-шы жылдардан бергі өсу қалпымен қатар, дәл образ жөнінде тағы да қатаң талап қойғызарлық олқылықтары да байқалады. Көп ақынның көп өлеңі образсыз қисын құйылысқа бой ұрғыш боп барады. Образ жөнінде жалаңдық пен ерекше бір сараңдық, немесе кешірілмес салақтық сияқты жайлар бар. Рас, кейбір ақындар турасында бұл көңілсіз жайдың себебі де ойға келеді. Мысалы, Сәбит 30-шы жылдардың аяғына шейін реалистік дәстүрді көп өлеңімен көрікті етіп баурап, дамытып келіп еді. Оның бұрынғы қазақ поэзиясы айтып көрмеген және айтуына мүмкін де болмаған аса қызықты тапқыр да, тың да теңеулері көп еді. Ал бертін келе Сәбит прозаға көбірек ден қоюмен қатар, өлеңін де керексіз прозаизмге жеңдіріп алды. Сәбиттің бергі кездегі өлеңдері тек ақылға, орамды шешендікке құрылады. Ал ақылға баратын болсақ, көпке мәлім шындықты орташа, тақ-тақ шағын ойлармен айту өлеңге қанағат та, қуаныш та емес. Рас, поэзия, тегі, ақылдылықтан әсте жүдемейді. Қайта ақындық терең философиямен ұласып жатса, ол да сан лирикадан сапасы кем түспейтін, сап таза келісім болар еді. Арабтың адырағы соқыр ақын философы Абдул Ала Мариден, Гетеден кешегі Уитменге дейін, өзінше бөлек ерек, созыла келетін философияға толы поэзияны еске алыңыз. Бара алсақ, сондай терең ойлы өлең өріне барып бағайық. Мұндай мол ылғалды философиялық қомақтау болмаса, біздің шақ қана құрғақ ақылға құрған көп өлеңіміз орташа жортақы шамада қалады. Қанатсыз, шарасыз жырлар санын ғана молайтады. Сөйтіп, тақырыбы ортақ, әрі өлең етер түрі ортақ, әрі айтар тындығы аз, күндегі көп қолданып жүретін ұғымдар образсыз ұғымдар болғандықтан, көп ақынымыздың көптеген өлеңдері біріне-бірі қатты ұқсас шығады. Біздің бүгінгі поэзиямыздағы көңілсіз жайдың бірі осында. Сол жайды сейілту үшін тым құрыса образ іздену күшейсе екен. Біз Хамиттен арқауы қатаң ақылды шабыт, алғыр шабыт жырларын мейлінше мол тосуға болады деп білеміз. Ол ізденгіш те және көбінше тапқыр да. Әсіресе реалистік дәстүрдегі нақтылық (конкретность) Хамиттің үлкенді-кішілі шығармаларынан жақсы көрінеді. Қуантарлық жаңалықтарды көп сезесің. Бірақ сол Хамиттің таңдамалы шығармаларындағы көп өлеңінен образды теңеуі мол өлеңдерді аз кездестірдік. Ал сол өлеңдер арасында "Қырғыз досыма" деген өте көркем өлеңде оригиналдық ой да бар, тамаша табыстай қуантарлық образ да мол. Сондай теңеуі мол образдық жақында шыққан Құрманғазының балалығы жөніндегі өлеңінде де айқын, әсем байқалады. Бірақ көпшілік өлеңі, жаңағы айтқандай, образ жағынан жалаң жатыр. Бұны, кейбір ұғымсыз қатарлары жөнінде, Мәлік, сіз орынды көрсеткен міндерге жалғай айтамыз. Хамиттің кемшілігіне, салқындығына, ұқыпсыздығына қоса тіркеп айтарлық мін деп санаймыз. Образдардың аздығын көп ақынның көп өлеңінен кездестіру жиілеп кетті. Осының бір себебі мынадан ба дейміз. Бір кезде, әсіресе 40-шы жылдарға кіре бере, біз өзіміздің поэзиямызға "фольклорға бағынысты байланысы, жалғасы үзілмей қойды" деп сындар айтып, кінәлар тағатынбыз. Содан жалт бұрылған біраз ақындар бұрын фольклор айтатын және өздері де қолдана беретін бірталай: ай мен күн, аспан-көк, жұлдыз бен жел, жүрек пен жан, найза мен семсер, болат пен гүл, аяз бен түн тәрізді теңеулік компоненттің көбінен қашықтап жүрді. Тек, бірақ, сол ай мен күнсіз Жер баласының, біздің планета ақындарының тіршілігі, тынысы бар ма?! Әңгіме соларды теңеуге алуда емес, қалай алуда емес пе? Айды әзіл, мысқыл ретінде Маяковский де айтады. Онан соң халық поэзиясы үлгісінде айтылған образдың бәрі бірдей тек сары жұрт қана ма екен? Бұрынғы қазақ ақындарының өздері де, тегінде, "Өзгенің айтпағанын, айта алмағанын өзімше айтамын" деп, теңеу сөзді тотыдай түрлендіріп, өзінше дамыта айтпаушы ма еді? Өзіме аты белгісіз бір ғана ақынның адам мінезі жөнінде айтқан бір-ақ ауыз өлеңін келтірейін: Жігітке мінез керек қырық құраудай, Мысалы, асыл мінез май сылаудай. Желдетпей, дауылдатпай, борандатпай, Табаннан өту керек боз қыраудай, — дейді.Осы өлеңде қаншалық көп теңеу бар: бұнда қырау да, май сылау да, желдету, борандату, дауылдату, тіпті табан да, боз қырау да - бәрі құйылып тұрған образдар. Осында аталған бір зат та дәл өз мағынасында жұмсалған емес. Бейне тілінде арнауы басқа, нысанасы оқшау жатқан сөздер. Және бір қасиеті, бұл өлең ешкімді де қайталамайды, ешбір фольклордың тапталған ізін тағы баспайды. Сондықтан образды сөз айтсақ, фольклорға кетеді екенбіз дегендей, әсіресе оның ішінде: "Ай, жұлдызды, жан - жүректі атасақ, өнерлі ақындарымызға нұқсан келер-ау" деген ойдан аулақ болу керек. Әңгіме ұлттық дәстүрді, ақындық түрді бар элементі жағынан байыта, дамыта айтуда. Образ іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнде сіздің Тоқаш Бердияров поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес. Әсіресе оның "темір ми" деген теңеуінен үркуіңіз және де жол емес. Достоевский прозаның өзінде "Карамазовтың арының маңдайы жез еді" дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда, тегі, біздің сыншылар, әсіресе әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек. Орыс әдебиет сыны көлемінде ондайды "академизм" деп атайды. Біздің поэзияға төрт жолды, он бір буынды өлшеуден, өлеңдік түрден, ұйқасты ырғақтан басқарақ та түрлер, жаңалықтар іздену керек дейміз. Сонда, мысалы, сөйлеу интонациясына құрылған "ақ өлең" (белый стих) үлгісін де еске алу шарт. Бұл ретте Пабло Неруда, Назым Хикмет тәжірибелерін атай кетер ек! Ал біздің сөйлеу интонациясына құрылған басня (мысал) үлгісінің өзін де меңгере алмағанымыз мәлім. Пушкин, Лермонтов™ жақсы аударған Абай да Крыловтың басняларын басня түрінде аудара алған жоқ. Қазақша өлең етіп аударды. Әрине, жоғарыдағы тіл мен теңеу, түр мен дәстүр жөніндегі айтқан ойларымыздың бәрі де, поэзия көлемінде, көңілге дұрыс көрінгенмен, көбінесе шартты түрде ғана айтылатын шындықтар. Өлең тек образдан ғана жақсы болады деп мүлде кесіп айту және де жөн емес. Бір ақын жөнінде, не болмаса бүгінгі бар поэзиямыз жайында ойлай шолу, сынай шолу пікірлерін айтқанымызда, бар өлең бар ақында түгелімен төрт аяғын тап басқан ылғи ғана тұлпар туысты бола қалмады деп кінә тақпаймыз. Ол болмаса, поэзиямыз өспеген, жетіспеген шалағай деп, шалғай пікір түймейміз. Ақын да, тегінде, исламның алласы емес. Сілтегені перизат, сермегені кем қойғанда адамзат болып жаратыла қала бермейді. Жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын қалам жоқ дер едік. Әр поэзияда әр елде де жақсы да бар, олқы да бар, Біздің де әр ақында табыс та бар, мін де бар. Сын ойларды "табыс атаулы алыс өрісіне қарай маңа берсін, өрлей, мегзей берсін" деген дос көңілімен айтамыз. Сондайда ұдайы теңеумен тізілмей-ақ"жақсы біткен өлеңдеріміз де аз емес дейміз. Мен өзім прозаик бола тұра, лирикаға көбірек ынтықпын. Сондықтан да біздің бүгінгі ақындар арасында Ғалидың, Қасымның, Әбділданың, Сырбайдың қысқа қайырылған сыршыл өлеңдеріне көп қызығып ден қоямын. Рас, бұл қатарда, Әбділданың лирикасындағы оригиналдық тапқырлығын танумен қатар, кейде ойша дау айтатынымыз болады. Әсіресе оның кейбір лирикалық шебер толғауларының адресі оның үй ішінің мүшелеріне арнала беруі көңілге жағымды, жатымды көрінбейді. Бұл жайда, сыршыл емес Тайырдың бір өлеңін бір жинағында "Мұнираға" деп тұрып бадырайтып, атап арнағаны соншалық нәзік сыпайы дәстүрге жата бермейтін тәрізді. Ал жаңағы аталған лирикаға оралғанда, әсіресе Ғали, Қасым, Сырбай үшеуінің әр алуан жайға арнаған, әсіресе қысқа қайырылған өлеңдері өзгеше сүйсіндіреді. Бұлар кейде, бабына жетіп, балқып толқыған күйшінің шебер қолындағы шешен домбырадай, қоңыр күйлерімен бой ерітеді. Сондай өлеңдерде қызықты қысқалық, қымбат өзгешелікке жете алған. Өздерінде жоғарыда біз талап еткен образдар да көп емес. Сонысына қарамай, өте ыстық өлеңдер андайсыз. Шын ақындық орамы мен ырғағы, тірліктің шынайы болмысынан туған сезім мен шымырауы бар. Сол сырлары әсерлі асыл өлең тудыруға себеп болған. Бұл жауап хатта, жоғарыда айтқандай, поэзияның бар мәселесін қамту түгіл, талай-талай үлкен проблемаларын ауызға да ала алмай қалғанымыз бар. Сол ретте, мысалы, поэмаларды айрықша сөз ету керек еді. Оған мақала көлемі әзір ырық бермеді. Оның үстіне, шығармаларын біле тұра әр алуан күйде бағалай да сынай жүре, есте тұтатын талай ересек және жас ақындарымыз бар. Олар жайындағы сөзді де келер бір кезекке қалдырмасқа шарамыз болмады. Ал осында аттары аталған ақындардың жазушылық өнеріне тек қысқа өлең тудырған жөнінен ғана соғып өттік. Бірақ бұл бір топ ақындарымыздың ақындықпен қатар, танытып жүрген басқа жанрдағы еңбектері тағы бар. Бар жанрда жазатын Сәбитті еске алумен қатар, фельетон, сықақ, сайқымазаққа шеберленген Асқарды атау керек. Прозадан әр алуан үлгіде жақсы өнер танытып келе жатқан Ғалиды да еске алмай болмайды. Ақындық өнеріне драматургиядағы көп іздену еңбегін қосып келе жатқан Әбділданы және бөлекше атау жөн. Соңғы жыл ішінде "Қазақ әдебиеті" газеті шығуымен қатар, әдебиеттік сын, ой-толғауларға өнімді түрде араласып, өз таланттарының тағы бір қырларын жақсы көрсетіп келе жатқан: Қалижанды, Хамитты, Жұбанды, Сырбайды, Аманжолды әдейілеп атай кетуді қажет деп білемін. Себебі, бұл ақындар поэзияның өзіне ақындық еңбек сіңіруімен қатар, енді сол поэзия туралы сыншы ойларды зерлеп, өз жанрларының жауапты жайларына үңіле қарай, толғанып ойлай бастағанды байқатады. Поэзияның жауапты адамдары неғұрлым сол өз саласындағы жауапты ойларға тереңдеп, шома бастаса, соның өзі де жаңа сапа іздеу мен табудың кепілінің бірі. Міне, осымен біздегі поэзияның әлі аталмаған, бұл жолы біз аша алмаған талай сыры мен шыны қалды дейміз. Соған мойындай отырып, әдебиетіміздің ұлы саласы — поэзияның бүгінгі керегіне жарарлық біраз жайлардың бір ғана шетін ашуға жарасақ, осы сұрақ хат пен жауап хаттың алғашқы міндеті ада болуға жарағаны дер едік.   Мұхтар Әуезов    

Мәлік Ғабдуллинге жауап хат

Қадірлі Мәлік!

Біздегі поэзияның бүгінгі жайынан пікір алысуға шақырдыңыз. Екі мәселені хатыңыздың басында айыра атай нұсқапсыз. Біреуі — ұлттық характер, екіншісі — поэзияға кірген жаңалық пен оның барысы жөнінде. Мақалаңыз осылай басталғанмен, кейін тағы бір топ ілеспе қосымша жайларды да атап, арнап еске алыпсыз.

Айып етпеңіз, бірге отырып кеңесуге шақырған кейбір жайларыңыз менің көңіліме бытыраңқы шыққандай көрінеді. Сұрауларыңыз бытыраңқы болғандықтан, менің жауаптарым да бытыраңқы шықса, ғажап емес.

Алайда, сіз көтерген аса елеулі мәселелерді өзімше топтап отырып, нақтылы жауап беруге тырысамын. Сонымен қатар әдебиетіміздің ең кең өрісті, ең мол мұралы қадірлі жанры — поэзия жайы сөз болған соң, сіздің сұрауыңыздан басқа да, ойға орала жүретін тағы біраз жайларды қолға ала қозғай өтпекпін.

Нақтылы жайларға туралай беттеуден бұрын, сіздің хатыңызда "өздігінен де түсінікті" дегендей жалпылай ауызға алып, нұсқай өткен аса бір мәнді жайды арнап ауызға алайық. Оным, ең әуелі, біздің поэзияның даусыз үлкен табыстары жайындағы сөз. Хатыңыздан айқын аңғарылады, сіз, әрине, бізде бүгін поэзия жоқта, әлсіз де демейсіз. Шығармаларды атамасаңыз да, бір топ табысы мол ақындарды еске алып, жақсы жеміс бергендерін ескеріп өттіңіз. Дамып, өрлеп келе жатқан поэзиямыз жайын еске алдыңыз. Түрге, мазмұнға түгел толысып, биікке басып келе жатқан, маңғыстап өскен тарихтық табыстарды атадыңыз деп білемін. Қысқасы, поэзияның жайынан шынға сынды жалғай отырып ойлағанда: топшыңызға толы табыстарды жастана отырып, сын пікірлер, сұрақ ойлар атадыңыз. Мен де солай ойлап, солай ұғынатын адаммын.

Әдебиет туралы шынайы жауапты ойлары бар, әділ, адал өзекті ойы бар адам олай болмасқа мүмкін емес. Қысқа ғана, үстірт қана шолып өтейікші. Біздің поэзиямыз 20-шы жылдардан 30-шы жылдарға басқанда бір он жыл емес, талай он жылдар сапалы сапарын кешіп өтті. Одан әрі 40-шы жылдарға, қан сапырылған қатал жылдарға жалғаса тағы да өскелең қанат қақты. Қара үзіп, аса түсті. Қазір, міне, 50-ші жылдардың орта деңгейіне жетіп отырмыз. Бүгінгі поэзия қырқыншы жылдардікі де емес. Аса өскен мәдениетімен, ізденгіш өнерімен, әр сипат нәрімен де, барымен де үлгілі поэзия өрісін тауып отыр. Саты-саты, қат-қаты қасиеті танылады. Сондықтан да ақын емес екеуміз, сіз бен біз, өзімізге әрі қызықты, әрі өзгеше қымбат, асыл қазынамыз — поэзияны сүйгендіктен, оған сүйсіне қарағандықтан сөз еткелі отырмыз.

Әдебиет жайын, әсіресе Ұлы Октябрь жемісі болған мол мәдениетіміздің мақтанышы әдебиет жайын сөз қылсақ, біз ең әуелі қазақ совет поэзиясының барлық жиын қазынасына бас иеміз. Ол поэзияның жиын табыстарын алғанда, біздің тарихтық мақтанымыз дейміз. Себебі, ол барлық творчестволық ой мәдениетіміздің ішіндегі ең күрескері, ең сергек сезімталы, ең қырағы көрегені, сапалы революцияшылы, өзі және мол жемісті өркендеген өнеріміз. Социалистік халықтық, партиялық табыстарымыздың да көптеген мозаикалық көркем тұлғасы поэзиямызда.

Қазақ совет республикасының революциялық әдебиеттік шежіресі (летописі) сол. Көп жылдарға созыла келген көрікті де көбеген өнеріміз. Оның айнасына түспеген халқымыздың, Отанымыздың бірде-бір ұраны жоқ. Ол бармаған майдан, ол араласпаған құрылыс, үлкен іс, өзекті ой мен қуаныш, ұлы ыза мен жиреніш жоқ деуге болады. Отанымызда халқымыздың ой-сана ішінде қазақ совет поэзиясы араласпаған асу мен айдын жоқ! Партияның, революцияның, отаншыл халықтың әрдайым сын айқас кезеңдерінде ең бұрын суырылатын семсері сол. Ең бұрын от алатын бронь бұзар снаряды — поэзия. Жаза баспай, бұлтармай соғатын снайперлік оғы да поэзия. Тағы бір шындықты ашып айта кетейік. Дәл қазақ совет әдебиетінің майданында 40 шақты жылға қадам басып қалған жасамыс поэзиямыз болмаса, бүгінгі мақтаныш прозаның өзі де бүгінгісіндей бола алмас еді.

Қаншалық көлемді, терең, ылғалы мол болса да, прозалық шығармалар мен пьесалар ешуақытта поэзияның көп тілмен, көп үнмен қамтыған бар өмір жайын түгендеп, бас - басына, сала-саласына бірден жетіп, қапысыз қамти алмайды. Әрине, жекелеп алған әрекетін дәуірлік сипатта поэзиядан басқаша кемерлей, тереңдей түсетін құдірет прозаның күш сипаты екені рас. Бірақ бар өмірдің барша саласына поэзия барғандай проза мен драматургия бара алмайды. Біздегі сондайлық барды түгел сынап өту газет мақаласының көлемінде мүмкін емес, қажет те емес болар! "Мен мұндалап" тұрғандай арғы мен бергідегі қадау-қадау ғана еңбектерді атап қана еске сала кетейік.

Мысалы, Сәбиттің 1919 жылғы "Бостандық" атты өлеңінен бастап 1930 жылдар ішінде жеткен өрісі биігін атаймыз. Содан бергі көп жылдарда тарихтық, табыстық көрнекті даталардай әр шоқы биіктер бар. Олар кешкі кең сахараның алысынан берісіне қарай, әр тұстағы кешкі жайлау отындай жарқырай түсіп, көз тартып тұрған көрікті өлеңдер қатарлары. Бұнда қырғи тілді Асқардан, сыршыл үнді Әбділдадан, майда қоңыр Ғалидан, басым сөзді Тайырдан, күйлі-мұңды Қасымнан, ізденгіш те тапқыш Хамиттен, өзіне бөлек сырлы сазды Сырбайдан, салқын ойлы Саиннан, тағы талай үлкенді-кішілі ақындарымыздан көңіл медеу етерлік көп шығармаларды атай аламыз.

Ең бергі шеті жақында соққан лебімен ыстық тартып тұрған ең кенже жаңалық — екі шығарманы атаумен бұл сөзді бір сағаға саяр еді. Біздің поэзияның соңғы айлардағы ең жақсы табысы деп Қалижан поэмасы "Мариям Жагор қызының" соңғы вариантын атар ем.

Және, Мәлік, сіз жеке жолдарын сынағанмен, әңгіме желісін де қабылдамағаныңызбен, мен өзім тың табыс деп, жас Тоқаштың жаңа поэмасы "Мен өмір сүремінді" атар ем. Ол поэманың сіз сынаған кейбір ақындық теңеуінің жайына кейін тоқтаймыз.

Жаңағы аталып өткен ақындардың бәрінің де поэзияға келісінде өте шыншыл, анық өз тағдыр талайынан туған жыр баса бар. Көбінің жанында шарпыр жас сырлары болғанды. Жетім тайлақтың табаны құмға мөрдей басылып, алдағы күніне қарай алабұртып келе жатқан Тайыр үні сондайды. Арық байталын иыққа қағып, алдағы күнге ол да бет бағып келе жатқан бала Ғали бастауы қандай еді? Жетімдіктің жыртық тонын тастап, Совет - ана бауырына келе жатқан Қасым сыры қаншалық еді. Осылар да, осылардан басқалар да поэзияға барынша шынымен, анық жан тебірентер оттай ыстық өксігімен келген-ді. Тек қана шыны мен сырын бала өнерінің қанаты етіп әдебиетімізге әкелгенді. Бұлар да, осыларға ұқсаған өзгелер де осындай шымыраған шынайы өлеңдерімен бағы заманнан бергі қазақ поэзиясы айтып, тыңдап көрмеген сыпатта келді.

Олар бейне бір өз анасынан ажырап, ел енесінің бауырына келе жатқан құлыншақтай. Әлі өнер шынын, сырын андап көрмеген жас жеткіншектер өздеріне жарастықты күйлі, мұңды шындықтармен келген.

Жас ақындар өзгеше шыншыл бала тілімен балдыраса да, ақын бала жанын аңғартқан. Тамылжыған тәтті күймен келісті. Ақындықтың болайын деп тұрған бал-бөпесі. Осы күнге шейін сол өлеңдерін оқысаң, көзіңе жас оралғандай бой балқытады. Шыншыл демдері жаныңды жалындай шарпиды.

Мен бұл жерде Тайырдың "Алғашқы адымын", Қасымның "Советтік менің өз елім" және Ғалидың оқуға алғаш келе жатқандағы өлеңін еске алдым. Осындай өлеңдер Сәбитте, Сырбайда, Әбуде, шыншыл, батыл Жұмағалида, басқа да бар ақындарда әр кезде әр кезек табылатынын білеміз. Міне, осылай үстірттеу, аттамалау айтыса да, поэзия жөніндегі шыншыл және сыншыл достық сөздерін айтардан бұрын жаңағы жайларды атап өту шарт деп білдік.

Енді осы алуандас жалпы жайдың бірі поэзия айналасындағы мінездеріміз жөнінде. Біздің кей ақындар, менің байқауымша, осы шақтарда кейде жеңіл жарақаттанғыш келеді. Сын алдында орынсыз сынғақ болғыштары байқалады. Бұл жайды, поэзия жөнін еркін, кең сөйлесу үшін, дос талапты қатаң айту үстінде әдейі еске аламыз.

Кейбір ақындар поэзияны бейне бір оларға ғана қас мүліктей тар таниды. Күндегі кей мінезде, кейбір орайда бар ойынды таратпай-ақ, поэзияға деген қадір, құрметіңді танытпай-ақ, жалпылай ғана, бірер сөйлем айта қалсаң да, біраз ақындарымыз аңтарыла қалады. Содан әрі, емен-жарқы жарым сөздің өзін айтқызбай-ақ, жарғыласа қалғандай болады. Кей ақынымыз поэзия жайы сөз болса, бейне жас жарының қызғаншақ ғашығы сияқты, өзге ауыздан, көлденеңнің аузынан жаңағы жарының атын есітсе, тұтана қалғыш келеді.

Сонымен қатар кейде көпке тарап түсетін топтан айтқан және әсіресе бар әдебиетке жалпылай аталған сын сөз болса да, соңғы поэзияға қарай оқтаулы мылтық кезегендей көре қалу бар. Ең алдымен осы алуандас орынсыз "қытықшылдық" керек емес. Ол ақындарға біз айтар ек: "Ең әуелі поэзия сіздің ғана мүлкіңіз емес. Ал егер ол шынымен сіздікі ғана болса, сіз үшін ғана болса ол, тегі, шынайы мүлік те емес".

"Егер поэзияны ақындар ғана түсінеді, солар ғана біліп бағалайды" десеңіздер, қасыңызда жүрген, қатарыңызда келе жатқан прозаиктер және әсіресе сыншылар танымайды десеңіз, ол да теріс! Себебі: қасыңыздағы біз түсінбесек, жан түсінбес.

Тағы бір ескерте кетер жай бар.

Мысалы, прозаиктердің поэзияға мүлде қатынасы жоқ па екен? Сол прозаның өзінде, тегі, поэзия аз ба? Сіздер іздейтін сан сезімдер поэзиясы, бейнелі-образды сөздер, ырғақты шешен де шебер сөз құрамдары, теңеулер, өрнектер аз ба прозада? Еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде, табиғат, махаббат, тағы талай армандар прозада болмай ма екен? Онда поэзиядағы кейбір өлең қатарындай келісімдер, құйылыстар, сиқырлы сөз құбылыстары аз кездесе ме? Ендеше,, прозаиктердің ізденуі өздеріңіздің ізденулеріңіздей емес пе? Қатарында, қасында келе жатқан жоқ па? Иық сүйесіп, бірге іздесіп, қатар табысып келе жатқамыз жоқ па?

Сондықтан поэзияның сөзін, оның намысы мен абыройы, атағын жақтаушы жалғыз ғана ақындар тәрізді түсіну жарамсыз шалағайлық, үстірттік! Бұл тұстағы жаңағы аталған "қытықшылдықты" біздегі көп ақынның сын көрмегендігінен деп білеміз. Мысалы, осы ретте біздің поэзияда 20-25 жылдар жазып келе жатқан ақындардың шын сынды көрмегендері бар. Әзілдей айтқанда, "қарын шашы алынбағаны да" бар деуге болады. Соңғы жылдарға шейін сондай сын көрмей келгеннің бірі — біздің Тайыр ақынымыз. Оның өлеңінің идеясы мен мағынасы дұрыстығына қарап, кейбір үстірттікке, кейбір өлең қатарында оқта-текте кездесетін ойсыраған олқылықтарға кешірім жасағыштық көп болған. Образда логикалық образдың аздығы, кей - кейде сөз тізбегінің аңқыған сыртқы ағымын қуғыштық, ойлы образ орнына сөздің тасыр-тұсыры, арсы-гүрсі өрекпуі көп болатыны бар. Мысалы, мағына тартысы, адам тағдырлары, жеке оқиға түйіндері орынды келе тұрса да, "Тасқында" осындай кейбір ой-шұқыр оқаптар болғаны рас. Әрине, бұлар бірақ Тайырдың әдебиетте алған үлкен орны "лайықсыз" дегізбейді. "Талантты ақын, қанатты поэзияның шабытты жыршысы" деген бағаны кемітпейді. "Жапанды орман жаңғыртты" деген сияқты поэмалы жырлары, "Миллион" сияқты қызықты, түр тапқыш шеберлігін жойғызбайды. Осыларының бәрін тани тұра, көптен еленбей келе жатқан, тек бірде білініп қалған кемшіліктері болса, оны айтқан дұрыс дейміз. Бұл ретте, мысалы, Тәкен Әлімқұловтың мақаласы сөз болса, мен ол мақаланың негізгі ойларын, әділ сындарын, нақтылы айқын мінді көрсеткен анық даусыз жерлерін дұрыс дер едім. Бірақ ол мақаланың жарамсыз бір жағы бар. Онысы — мазаққа жуық сықаққа бой ұрып кету. Тегінде, мақұлды мазаққа, сынды сықаққа алмастырмау керек. Бұнысы Тайырға арналатын тон емес. Міне, осындай, Тайырдың өзіндегі және оған сындағы кемшіліктерді айта отыра, жаңағы атағандай "тез секем алғыш", тез күйінгіш мінездер ақындардан арыла жүрсе жақсы болар еді дейміз. Болмаса мүлде сауырын сипатпай, құлағына қол жуытпай, мөңкіп тұра қалатын ақыннан сын ойлар, шын ойлар қашаң соғып, қақас қалуы мүмкін.

Енді, жоғарыда айтқандай, табысымызды тани отыра, ойға оралатын бірталай олқылықтарды поэзиямыз жөнінен айту борыш деп білеміз.

Жолдас Мәлік! Әрине, газет бетіндегі шақ көлемді сұрақ хатта біздегі мол дүние, кең поэзияның бар түйінді мәселесін сіздің көтеруіңізге мүмкіндік болмады. Дәл сондай мен де поэзия жайындағы ойдағы талай түбірлі проблеманы бұл жауап хат көлемінде қозғай алам, таратып айта алам демеймін.

Әуелі, ең алдымен сіз атаған "ұлттық характер" проблемасына сәл тоқтайық. Менің ойымша, бұл жайды ұлттық характер деп алмай, ұлттық традиция (қазақша дәстүр) деп алғанымыз мақұл. Дәстүр мағынасына характер де, түр де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі — бәрі де түгел кіреді. Бұл сөз ғылымдық жағынан анығырақ және көлемдірек ұғымды аңғартады.

Осылайша "ұлттық традицияны поэзиямыздың бүгінгі қалпында қалай тұр" деп ой жүргізсек, қысқаша түйгенде, ол жайынан көңіл жұбанар кенеулі бір шындықты батыл айта аламыз. Біздің поэзия өзінің өткен тарихтық тегінен үзіліп, төркінсіз әдебиет боп кеткен жоқ! Халықтың асыл мұрасының үлкен арнасын, анық саналы мұрагер есебінде, үлкен көлемімен ілгері қарай жақсы дамытып, асырып өсіріп келеді.

Санада, сапада, түр-көрікте түгел солай. Екінші бір жай, ұлттық традиция мәңгібақи бір орында сілейіп қатып туратын қалып емес. Ол үнемі қозғалыста, өзгерісте. Маркстік - лениндік эстетика бойынша біздің социалистік поэзиямызда ұлттық дәстүр тек бұрынғымен ғана байланыста емес. Қазақ әдебиет мәдениетінің өзінің ғана көлемінде, өрісінде қалуда емес. Қайта, әсіресе айналасынан, дос айналасынан ұдайы үлгі алып, үйрене өсуде.

Міне, осы жағынан алғанда біздің поэзия және де ұлттық дәстүрді жаңа табыстармен байыта дамытып, жаңа дәстүрлер тудыра отырып үдеп келе жатқан әдебиет саламыз. Бұны бар ақындардың барша ірі табыс мысалдарынан дәлелдеу қиын емес. Абайдың өзін алғанда да, Пушкинді аудару үстінде шалыс ұйқасты тапты. Ақындық іздену талаптарының соңында сегіз жолды шумақ, алты жолды шумақ, төрт буынды өлең жолын, алты буынды өлең жолын немесе он төрт жолды шумақты да тудырады. Соның бәрі нәтижеде шебер ақынның қонымды етіп беру себебінен халықтың дәстүріне қонды да, қиюласып, қабысып, ұлттық дәстүрдің өз тәні боп кетті.

Рас, Абай бұл жөнінде аз еңбек еткен жоқ. Ол төрт буынды "Бойы бұлғаңға", алты жолды шумақпен келген "Қор болды жанымға", алты буынды "Көзімнің қарасы", "Сен мені нетесіңге", сегіз жолды шумақ "Алыстан сермепке", тағы талай сондай өзі еккен поэзия плантациясына композитор болып арнаулы әндер шығарды. Жаңағы өлеңдік, соны түрді тыңдаушысына, халқына, кәрі-жасына еріксіз жаттатты, жадына сіңірді. Сол арқылы Абай мұрасымен байланысты, жоғарыда айтқандай, ұлттық дәстүрдің сол кезеңде бізде қатты байып, өскелеңдеп қалғанын білеміз.

Бұл сипаттар, Абайдың, Сәбиттің, Қасымның, Хамит пен Тайырдың жаңалықтарын айтсақ, бәрі сол ұлттық дәстүрдің сүбе мәселелері. Бірақ прозадан мысал келтіргенде, Мәлік, сіздің бір сөйлеміңізде мен құптай алмайтын жаңсақ бір ойыңыз бар.

Сіз "Құнанбай мен Игілік, Абай мен Асқар, Олжабектер образынан қазақ халқының өкілдерін, олардың өздеріне ғана тән ұлттық характерін, ұлттық ерекшеліктерін көреміз" дегенсіз.

Жолай айта кетейік: Абай, Асқарлар халық өкілі болғанмен, Құнанбай, Игіліктер халықтың өкілдері емес. Олар азғана топ, қанаушы шоғырдың өкілдері болғандықтан, сол өз ортасының өкілі деп аталу керек. Типтік образдар десеңіз, бір сәрі.

Ұлттық дәстүрді дамыту, байыту керек дедік. Бұның сын - сипаттарының өзінен туатын үздіксіз мол көп сала-саты проблемалары бар. Поэзияға арнай сөйлесек, мысалы, ол — өлеңдік түрді байыту, көркейте байыту проблемасы. Тіл байлығын асыра түсу, поэзиялық лексиканы көркейте өсіре түсу проблемасы да бар.

Орыстың классикалық әдебиеті мен совет әдебиетінен және басқа туысқан достас елдеріміз поэзиясынан елеулі үлгі, өрнек ала отырып, қазақ поэзиясын тұрғыдан тұрғыға асыра, өсіре беру шарт. Осы ретте, мысалы, біз Пушкинді, Некрасовты, Маяковскийді немесе бүгінгі Исаковскийді, Твардовскийлерді қазақшаға аударғанның өзінде де, сол екі сала үлкен мәнді мәселені қатарынан зор табыспен, келісті көрікпен баурай білуіміз керек. Не соларды аударайық, не солар дәстүрінше жазайық, әр кезде жаңағы аталған арғы-бергі шын шебер ақындардың бәріне барғанда, мерзім алған, даңғыл болған тек өз өлең түрімізбен, өлшеуімізбен бару дұрыс емес. Сол ақындардың бәрінің басқа-басқа түр өзгешеліктерін даралап алу орнынан үйреншікті төрт жолды он бір буынды шумақпен немесе жеті-сегіз буынды ырғақпен қазақ поэзиясының көлеміне ауыстыра беру мүлде дұрыс емес.

Пушкинді — Пушкин ше, Маяковскийді — Маяковскийше ала білсек қана, біз жоғарыдағы аталған ұлттық дәстүрді дамыта байытамыз. Түр-өрнек үлгісін кейін өз өлеңімізге де қанықты, заңды үлгіміз, дәстүріміз есебінде мейлінше пайдалана аламыз. Осы жөннен сөйлегенде, біздің ақындарымызда іздену көп болғанмен, түрді байыту мол болмай, баяу келеді, аз болып жатыр.

Сол дәстүр мен түрдің сөз мәдениетіндегі тағы бір ең үлкен құдіретті элементі — тіл. Ол тілдің де жайын, жөнін жаңағы ұлттық дәстүр турасында сөйлегендей, өткеннің мол қазынасын мейлінше баурап, ілгері қарай дамыта байыту міндетімен қатар алсақ, біздің көп ақындардың тілі де маған бай көрінбейді.

Тіл жөнінде бұрынғының қорынан қарбытып алып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едік, олар — Асқар мен Ғали. Ал соңғы кезде, әсіресе "Мариям Жагор қызы" поэмасының соңғы вариантын оқығалы, тіл жөнінде мен Қалижанның қатты іздену, табуы бар екенін сүйсіне аңдадым. Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да, фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С. Адамбековтың тілі де сүйсінердей нәр танытты. Тіл жөнінде біздің көп ақынның "сөздік қоры онша мол емес-ау, шағын-ау" деген наразы ой көңілімізге көп орала береді.

Біздің бір топ ақындар тіпті осы күнгі қазақ әдебиетінің өзінде жүрген барлық пен байлықтарды да сонша көп елемейді, пайдаланбайды ғой деп ойлайсың.

Тіл — сөз қорына қарап, біздің біраз ақындар арасында осы күнгі қазақтың тәуір аталып жүрген роман, драмалардың өздерін де оқымайтындары бар ма деп ойлайсың. Бүл, әрине, көңіл қаларлық шабандық пен бойкүйездік.

Біздің ақындарымыз алдында ұдайы тұратын поэзияның бір өзгеше жауапты жайы және бар. Ол — көп қысқа өлеңдердің тірліктен алатын, күндегі болмыстан: Отан, тарих, халық шындығынан алатын ортақ тақырыптарының көптігі. Сол тақырып ортақ болғандығы әр ақынның жұрт айтпағанды айта білетін өздігін, ақындық даралығын, өз үнін және осылардың бәріне шын көмекші өзіне тән тіл сөздігін, ақындық сөздігін шарт, міндет еткізеді. Ал осы жайға келгенде, біздің ақындарымыздың өлең түрлері мен тіл сөздігі, ойлары, шама-шарқы қаралас, тіркес болғандықтан, амалсыздан бір көңілсіз көрініс туады.

Жаңағы аталған көпке ортақ және өзі аса қадірлі, қасиетті тақырыптардың талайының тұсында өлеңдер көңіл қалдырарлықтай, қарын ашырарлықтай боп, біріне-бірі аса ұқсас шығады. Бірін-бірі қайталаушы тәрізденген ақын тобы қоюлап кетеді. Өлең сандары тұтас бір бояулы, бір ағын сияқтанады. Бұл, әрине, өкінішті хал! Осыны — көптен байқалып жүрген, көп оқушы аузынан жиі естілетін, шынайы орны да бар наразылық себебі деуге керек. Ал осы ретте жоғарыда атаған ұлттық дәстүр дегеніміздің тағы бір үлкен шарты бар. Бұл — поэзияның аса ділгір асыл бір элементі. Атағалы отырғанымыз ақындық шығармадағы тіл теңеуі, ақындық образ жайы.

Осы образ жөнін біраз айта түсу қажет. Біздің поэзияның 30-шы жылдардан бергі өсу қалпымен қатар, дәл образ жөнінде тағы да қатаң талап қойғызарлық олқылықтары да байқалады. Көп ақынның көп өлеңі образсыз қисын құйылысқа бой ұрғыш боп барады. Образ жөнінде жалаңдық пен ерекше бір сараңдық, немесе кешірілмес салақтық сияқты жайлар бар. Рас, кейбір ақындар турасында бұл көңілсіз жайдың себебі де ойға келеді. Мысалы, Сәбит 30-шы жылдардың аяғына шейін реалистік дәстүрді көп өлеңімен көрікті етіп баурап, дамытып келіп еді. Оның бұрынғы қазақ поэзиясы айтып көрмеген және айтуына мүмкін де болмаған аса қызықты тапқыр да, тың да теңеулері көп еді. Ал бертін келе Сәбит прозаға көбірек ден қоюмен қатар, өлеңін де керексіз прозаизмге жеңдіріп алды.

Сәбиттің бергі кездегі өлеңдері тек ақылға, орамды шешендікке құрылады. Ал ақылға баратын болсақ, көпке мәлім шындықты орташа, тақ-тақ шағын ойлармен айту өлеңге қанағат та, қуаныш та емес. Рас, поэзия, тегі, ақылдылықтан әсте жүдемейді. Қайта ақындық терең философиямен ұласып жатса, ол да сан лирикадан сапасы кем түспейтін, сап таза келісім болар еді.

Арабтың адырағы соқыр ақын философы Абдул Ала Мариден, Гетеден кешегі Уитменге дейін, өзінше бөлек ерек, созыла келетін философияға толы поэзияны еске алыңыз. Бара алсақ, сондай терең ойлы өлең өріне барып бағайық. Мұндай мол ылғалды философиялық қомақтау болмаса, біздің шақ қана құрғақ ақылға құрған көп өлеңіміз орташа жортақы шамада қалады. Қанатсыз, шарасыз жырлар санын ғана молайтады.

Сөйтіп, тақырыбы ортақ, әрі өлең етер түрі ортақ, әрі айтар тындығы аз, күндегі көп қолданып жүретін ұғымдар образсыз ұғымдар болғандықтан, көп ақынымыздың көптеген өлеңдері біріне-бірі қатты ұқсас шығады. Біздің бүгінгі поэзиямыздағы көңілсіз жайдың бірі осында. Сол жайды сейілту үшін тым құрыса образ іздену күшейсе екен.

Біз Хамиттен арқауы қатаң ақылды шабыт, алғыр шабыт жырларын мейлінше мол тосуға болады деп білеміз. Ол ізденгіш те және көбінше тапқыр да. Әсіресе реалистік дәстүрдегі нақтылық (конкретность) Хамиттің үлкенді-кішілі шығармаларынан жақсы көрінеді. Қуантарлық жаңалықтарды көп сезесің. Бірақ сол Хамиттің таңдамалы шығармаларындағы көп өлеңінен образды теңеуі мол өлеңдерді аз кездестірдік. Ал сол өлеңдер арасында "Қырғыз досыма" деген өте көркем өлеңде оригиналдық ой да бар, тамаша табыстай қуантарлық образ да мол. Сондай теңеуі мол образдық жақында шыққан Құрманғазының балалығы жөніндегі өлеңінде де айқын, әсем байқалады. Бірақ көпшілік өлеңі, жаңағы айтқандай, образ жағынан жалаң жатыр. Бұны, кейбір ұғымсыз қатарлары жөнінде, Мәлік, сіз орынды көрсеткен міндерге жалғай айтамыз. Хамиттің кемшілігіне, салқындығына, ұқыпсыздығына қоса тіркеп айтарлық мін деп санаймыз.

Образдардың аздығын көп ақынның көп өлеңінен кездестіру жиілеп кетті. Осының бір себебі мынадан ба дейміз. Бір кезде, әсіресе 40-шы жылдарға кіре бере, біз өзіміздің поэзиямызға "фольклорға бағынысты байланысы, жалғасы үзілмей қойды" деп сындар айтып, кінәлар тағатынбыз. Содан жалт бұрылған біраз ақындар бұрын фольклор айтатын және өздері де қолдана беретін бірталай: ай мен күн, аспан-көк, жұлдыз бен жел, жүрек пен жан, найза мен семсер, болат пен гүл, аяз бен түн тәрізді теңеулік компоненттің көбінен қашықтап жүрді.

Тек, бірақ, сол ай мен күнсіз Жер баласының, біздің планета ақындарының тіршілігі, тынысы бар ма?! Әңгіме соларды теңеуге алуда емес, қалай алуда емес пе? Айды әзіл, мысқыл ретінде Маяковский де айтады. Онан соң халық поэзиясы үлгісінде айтылған образдың бәрі бірдей тек сары жұрт қана ма екен? Бұрынғы қазақ ақындарының өздері де, тегінде, "Өзгенің айтпағанын, айта алмағанын өзімше айтамын" деп, теңеу сөзді тотыдай түрлендіріп, өзінше дамыта айтпаушы ма еді?

Өзіме аты белгісіз бір ғана ақынның адам мінезі жөнінде айтқан бір-ақ ауыз өлеңін келтірейін:

Жігітке мінез керек қырық құраудай,

Мысалы, асыл мінез май сылаудай.

Желдетпей, дауылдатпай, борандатпай,

Табаннан өту керек боз қыраудай, —

дейді.Осы өлеңде қаншалық көп теңеу бар: бұнда қырау да, май сылау да, желдету, борандату, дауылдату, тіпті табан да, боз қырау да - бәрі құйылып тұрған образдар. Осында аталған бір зат та дәл өз мағынасында жұмсалған емес. Бейне тілінде арнауы басқа, нысанасы оқшау жатқан сөздер. Және бір қасиеті, бұл өлең ешкімді де қайталамайды, ешбір фольклордың тапталған ізін тағы баспайды.

Сондықтан образды сөз айтсақ, фольклорға кетеді екенбіз дегендей, әсіресе оның ішінде: "Ай, жұлдызды, жан - жүректі атасақ, өнерлі ақындарымызға нұқсан келер-ау" деген ойдан аулақ болу керек.

Әңгіме ұлттық дәстүрді, ақындық түрді бар элементі жағынан байыта, дамыта айтуда.

Образ іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнде сіздің Тоқаш Бердияров поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес. Әсіресе оның "темір ми" деген теңеуінен үркуіңіз және де жол емес. Достоевский прозаның өзінде "Карамазовтың арының маңдайы жез еді" дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда, тегі, біздің сыншылар, әсіресе әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек. Орыс әдебиет сыны көлемінде ондайды "академизм" деп атайды.

Біздің поэзияға төрт жолды, он бір буынды өлшеуден, өлеңдік түрден, ұйқасты ырғақтан басқарақ та түрлер, жаңалықтар іздену керек дейміз. Сонда, мысалы, сөйлеу интонациясына құрылған "ақ өлең" (белый стих) үлгісін де еске алу шарт. Бұл ретте Пабло Неруда, Назым Хикмет тәжірибелерін атай кетер ек! Ал біздің сөйлеу интонациясына құрылған басня (мысал) үлгісінің өзін де меңгере алмағанымыз мәлім.

Пушкин, Лермонтов™ жақсы аударған Абай да Крыловтың басняларын басня түрінде аудара алған жоқ. Қазақша өлең етіп аударды.

Әрине, жоғарыдағы тіл мен теңеу, түр мен дәстүр жөніндегі айтқан ойларымыздың бәрі де, поэзия көлемінде, көңілге дұрыс көрінгенмен, көбінесе шартты түрде ғана айтылатын шындықтар. Өлең тек образдан ғана жақсы болады деп мүлде кесіп айту және де жөн емес. Бір ақын жөнінде, не болмаса бүгінгі бар поэзиямыз жайында ойлай шолу, сынай шолу пікірлерін айтқанымызда, бар өлең бар ақында түгелімен төрт аяғын тап басқан ылғи ғана тұлпар туысты бола қалмады деп кінә тақпаймыз. Ол болмаса, поэзиямыз өспеген, жетіспеген шалағай деп, шалғай пікір түймейміз.

Ақын да, тегінде, исламның алласы емес. Сілтегені перизат, сермегені кем қойғанда адамзат болып жаратыла қала бермейді. Жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын қалам жоқ дер едік. Әр поэзияда әр елде де жақсы да бар, олқы да бар, Біздің де әр ақында табыс та бар, мін де бар. Сын ойларды "табыс атаулы алыс өрісіне қарай маңа берсін, өрлей, мегзей берсін" деген дос көңілімен айтамыз. Сондайда ұдайы теңеумен тізілмей-ақ"жақсы біткен өлеңдеріміз де аз емес дейміз. Мен өзім прозаик бола тұра, лирикаға көбірек ынтықпын. Сондықтан да біздің бүгінгі ақындар арасында Ғалидың, Қасымның, Әбділданың, Сырбайдың қысқа қайырылған сыршыл өлеңдеріне көп қызығып ден қоямын.

Рас, бұл қатарда, Әбділданың лирикасындағы оригиналдық тапқырлығын танумен қатар, кейде ойша дау айтатынымыз болады. Әсіресе оның кейбір лирикалық шебер толғауларының адресі оның үй ішінің мүшелеріне арнала беруі көңілге жағымды, жатымды көрінбейді. Бұл жайда, сыршыл емес Тайырдың бір өлеңін бір жинағында "Мұнираға" деп тұрып бадырайтып, атап арнағаны соншалық нәзік сыпайы дәстүрге жата бермейтін тәрізді.

Ал жаңағы аталған лирикаға оралғанда, әсіресе Ғали, Қасым, Сырбай үшеуінің әр алуан жайға арнаған, әсіресе қысқа қайырылған өлеңдері өзгеше сүйсіндіреді. Бұлар кейде, бабына жетіп, балқып толқыған күйшінің шебер қолындағы шешен домбырадай, қоңыр күйлерімен бой ерітеді.

Сондай өлеңдерде қызықты қысқалық, қымбат өзгешелікке жете алған. Өздерінде жоғарыда біз талап еткен образдар да көп емес. Сонысына қарамай, өте ыстық өлеңдер андайсыз. Шын ақындық орамы мен ырғағы, тірліктің шынайы болмысынан туған сезім мен шымырауы бар. Сол сырлары әсерлі асыл өлең тудыруға себеп болған.

Бұл жауап хатта, жоғарыда айтқандай, поэзияның бар мәселесін қамту түгіл, талай-талай үлкен проблемаларын ауызға да ала алмай қалғанымыз бар. Сол ретте, мысалы, поэмаларды айрықша сөз ету керек еді. Оған мақала көлемі әзір ырық бермеді. Оның үстіне, шығармаларын біле тұра әр алуан күйде бағалай да сынай жүре, есте тұтатын талай ересек және жас ақындарымыз бар. Олар жайындағы сөзді де келер бір кезекке қалдырмасқа шарамыз болмады.

Ал осында аттары аталған ақындардың жазушылық өнеріне тек қысқа өлең тудырған жөнінен ғана соғып өттік. Бірақ бұл бір топ ақындарымыздың ақындықпен қатар, танытып жүрген басқа жанрдағы еңбектері тағы бар.

Бар жанрда жазатын Сәбитті еске алумен қатар, фельетон, сықақ, сайқымазаққа шеберленген Асқарды атау керек. Прозадан әр алуан үлгіде жақсы өнер танытып келе жатқан Ғалиды да еске алмай болмайды. Ақындық өнеріне драматургиядағы көп іздену еңбегін қосып келе жатқан Әбділданы және бөлекше атау жөн.

Соңғы жыл ішінде "Қазақ әдебиеті" газеті шығуымен қатар, әдебиеттік сын, ой-толғауларға өнімді түрде араласып, өз таланттарының тағы бір қырларын жақсы көрсетіп келе жатқан: Қалижанды, Хамитты, Жұбанды, Сырбайды, Аманжолды әдейілеп атай кетуді қажет деп білемін. Себебі, бұл ақындар поэзияның өзіне ақындық еңбек сіңіруімен қатар, енді сол поэзия туралы сыншы ойларды зерлеп, өз жанрларының жауапты жайларына үңіле қарай, толғанып ойлай бастағанды байқатады.

Поэзияның жауапты адамдары неғұрлым сол өз саласындағы жауапты ойларға тереңдеп, шома бастаса, соның өзі де жаңа сапа іздеу мен табудың кепілінің бірі.

Міне, осымен біздегі поэзияның әлі аталмаған, бұл жолы біз аша алмаған талай сыры мен шыны қалды дейміз. Соған мойындай отырып, әдебиетіміздің ұлы саласы — поэзияның бүгінгі керегіне жарарлық біраз жайлардың бір ғана шетін ашуға жарасақ, осы сұрақ хат пен жауап хаттың алғашқы міндеті ада болуға жарағаны дер едік.

 

Мұхтар Әуезов

 

 

Ұқсас материалдар