Қандастар Ассамблея

Мәдениет һәм ұлт

05.12.2012 3713
Мәдениет һәм ұлт Мәдениет деп адамның дүние жүзіне алғаш келгенінен осы күнге шейін тапқан һәм сол білімге сүйеніп істеп отырған өнерін айтамыз. Мәдениеттің адам қолына бір-ақ күнде қазіргі күйде келіп түсе қалмағаны һәркімге мағлұм. Мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі. Бірақ адамның ақылы мен ізденгіш сезімділігі де дүниеге алғаш келген уақыты мен қазіргі уақытта бірдей емес. Ақыл мен сезімнің өсуі екінші бір себепке тіреледі. Ол себеп: тұрмыш[1] ыңғайы, өмір жасаудың ауырлық, жеңілдігі һәм ауыр өмірдің тізесінен қысылып тапқан өмір тәжірибелері. Тұрмышы жайлы болып, өмір жасауы оңай болған ел (бүгінгі шаруасына, біліміне түр қосайын деп ойланып, тәжірибесінің үстіне тәжірибе жасай бермейді. Ол жұрт ізденіп, тінтінбей-ақ бір қалпында отыра береді. Мысалға жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауы бар қазақты алсақ, бұның жерінде қыс қоңыр жайлы болса, қыс та, жаз да мал аяқ астынан жем алып, иесінен һеш еңбек сұрамайды. Осындай күйде тұрған адам шаруама түр қосайыншы деп, тұрмысы турасынан һешбір ой ойламайды. Осымен қазіргіден 200—300 жыл бұрын мал баққан қазақты алсақ та, шаруасы бүгінгісінде бір-ақ түрде, тұрмышы бір-ақ қалыпта. Ақыл, білімі, өнері, мәдениеті ұйқысын бұзбай, әуелгі күйінде отыр. Ал бұған қарсы Күнбатыс Европадағы 7 шаршы шақырым жерге 4—5 миллион халық сығылысып отырған елді алайық. Олардың шаруасы жүз жылдарды қойып, он жылдар өткенде көрсең, адам таңқаларлық күйге түсіп өзгеріп, түрленіп отыр. Бұл мысалдарға қарағанда, мәдениеттің негізгі басшы, қожасы тұрмыш ыңғайы болып шығады. Бұлай болса, адамның тұрмышы өзінің өсіп-өнуіне қарап, мысалдап өрлеп келеді. Бұнымен қатар мәдениет те мысқалдап кірді. Бір білімге негіз салушы ерте заманның бір адамы болса, ол сол өз заманындағы ауырлықтың ғана тетігін тапты. Бұл тетікке келесі заманның адамы өз білген тәжірибесін жамады. Осы ретпен һәр заман беріп кеткен бұйымынан құралған мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр. Осы күнде мәдениет жерде — суды, һауаны биледім, аспанда — ай, жұлдыз, күнді биледім, жаһанды жаратқанда, жаратушының жалғыз мақсаты мен болмасам да, сол көп жаһанның ішіндегі шын асыл гауһары менмін дегізіп, адам баласын мақтандырып отыр. Енді сол мәдениеттің нағыз жайы қандай, соған келейік. Мәдениет — дүние жүзіндегі адам баласының пайдалануына даяр болып ағып жатқан бір кен. Мәдениет бір бетті, бір жолды емес, (оны) адам қалай пайдаланам дейді, өз еркінде, жақсылық хақиқатқа жұмсасын, жаманшылық жауыздыққа жұмсасын — екеуіне бірдей елгезек. Мәдениетті ылғи дүние жүзіндегі ақтықтың ғана ұйтқысы болмады, жауыздықты да осы туғызды деп өкпелеп, «жолы болмас» деп қарғаған да білгіштер болды. Соның бірі XVIII ғасырда Францияда болған Жан Жак Руссо деген данышпан. Бірақ ол қарғысы әділ емес. Мәдениет айтып отыр: мен жалғыз ақтықтың жолымен ғана тұрғам жоқ. Мені тудырған адам баласы. Адам баласының жүрегінде ақтық та бар, жауыздық та бар. Мен де сол екі заттан құралдым. Шыным да, мен — дүниенің айнасымын. Дүниенің өз беті қисық болған соң маған не жолмен өкпелейсің депті. Бұлай болғанда, мәдениеттің хақиқаты мен зұлымдығы егіз. Енді сол екі тарауына келейік. Әуелі мәдениеттің хақиқатқа істеп отырған қызметін аламыз. Ол қызметтері адамды үстіндегі аспан, астындағы жер, барлық дүниенің сыр-сымбатымен таныс қылып, көкірегін ашып, ақыл ауданын кеңейтіп, бір жағынан, дүниені адам ақылына құл қылу. Бүл жолға қызмет қылатын ғылымдар: бірінші — астрономия (ай, жұлдыз, күн қалпын айыратын ғылым), екінші — зоология, биология (хайуандар тіршілігін һәм дүние жаратылыстарын оқитын ғылымдар). Үшінші — микробиология (көзге көрінбейтін ұсақ құрттардың өмірін оқитын ғылым), төртінші — бу қуатын, ауа сырларын оқитын һәм телеграф, телефон жайларын тексеретін ғылымдар, тағы басқалар. Жұлдыздар қалпын айырғанда ғалымдардың қолданып отырған құралы телескоп деген сайман. Телескоп алыстағы нәрселерді жақындатып үлкейтіп көрсететін пияладан жасалған ұзын мұржа секілді нәрсе. Телескоптарды жай аласа жерге қойып қарауға болмайды. Сол себепті не үлкен мұнаралардың басына, не биік тауларға орнатады. Телескоптың үлкені алыстағы жұлдыздарды қараушының көзіне 15 мың есе жақындатып әкеледі. Бұлай жақындататынының үстіне айналар қойып қарағанда айды 7-ақ шақырым жерге әкеліп көруге де болады десіп отыр. Бірақ ондай жақындатып әкелгенде айдың үсті қараңғы болып, еш нәрсені айыруға болмайды дейді. Телескоппен қазіргі уақытта күн мен жердің арасындағы алыстықты да айырып отыр. Астрономдардың айтуынша, бұл екі ара 40 миллион шақырым. Күннен шыққан жарық жерге сегіз минутта жетеді. Ал ең жақын жұлдыздың жарығы әлгіндей тездікпен жүріп отырғанда, үш жарым жылда жетеді. Ең алыс жұлдыздың жарығы 35 мың жылда жетеді. Осы ретпен сол жұлдыздардың қайсысының қызуы көп, қайсысы жаңарақ туған, қай жұлдыз ерте бітеді, қайсысы соң бітетіндерін де айырып отыр. Телескоптар тұратын жерді «обсерватория» дейді. Телескоп секілді пияладан жасалған, жанындағы кішкенені үлкейтіп көрсететін микроскоп деген сайман бар. Мұнымен ұсақ кұрттардың өмірін оқиды. Мысалы (ол) микроскоппен үлкендігі миллиметрдің (жуан иненің жасуындай нәрсені) 10 миллион бөлігінің сегіз бөлігіндей құрттарды көріп, оқып отыр. Ол құрттардың кішілігінің қандай екенін мынау мысалдан білуге болады. Мысалы, ұзыны мен ені әлгі иненің жасуындай болған бір кішкене тамшы су болса, сол су әлгі құрттар өсіп отырғанда 2 мың жылда толады. Дәрігерлік ғылымы жалғыз осы микроскоптың себебімен өсіп-өркендеп отыр деуге болады. Осы күнде адамның қандай ауруы болса да, өзінің бас-басына құрты бар екенін, ол кұрттарды немен өлтіруге болатынын микроскоп айырып беріп отыр. Телеграф пен телефон ісіне келсек, бұнда да ғылымның адамды таңқалдыратын харекетін көріп отырмыз. Неше мың шақырым жерлерден минут аралығында, қолма-қол жазысып отырғанның үстіне, қазір сонша алыс жерлерден шыбықсыз телефондармен ауызба-ауыз күлісіп, сөйлесіп те отыр. Мысалы, 1915 жылы Америка мен Францияның екі инженері, бірі Америкада, бірі «Эйфель» мұнарасының басында отырып сөз сөйлесіпті. Бұның үстіне адам баласының ақылы бу күшіне не істетіп отыр? Англия, Америка, Германиялардың кемелерін көрсең, су үстінде қалалар көшіп жүр деуге болады. Үстіне неше жүз мың халықты мінгізіп алып, бақша, гостиница[2],  базарын орнатып, еркімен кешегі надан адамның: құдайымыз(дың) үстінен жүрсек, қаһарланады деп жүрген теңіздерінде сейіл құрып сайқалдап жүр. Бұрынғының надан адамы дүние турасында екі түрлі нанымда болушы еді. Бірі — жер барлық жиһанның ортасы, еркесі, күндізгі күнді, түндегі ай, жұлдызды мезгілімен жерге керекті жарығын беріп, әлпештеп, көрікті күн аспан жарастығын толтырып тұрсын деп жаратты деуші еді. Екіншісі — тағы дүние адам үшін жаралды, жерге шөп, су берсе — хайуан үшін, хайуан — адам үшін, еркелік, қожалық, махаббат, тіршілік — адам үшін деуші еді. Қазіргі хақиқатты тауып отырған ғылым, мәдениет бұл екі танымды да мансұқ қылып, теріске шығарып отыр. Алғашқы танымның терістігі: жер үстіндегі тіршіліктің бәрі бір-ақ күннің қолында, күн қызуы болмаса, жер үстінде өсімдік болмайды. Өсімдік болмаса, хайуан болмайды. Бұлар болмаса, адам да болмайды. Жер мұз болып қатып қалады. Және сол тіршілік беріп тұрған күн жерден үш жүз мың есе үлкен, ал әлгі жарығы пәлен жүз, пәлен мың жылдарда жететін жұлдыздардың әрқайсысы — бір-бір күн. Күннен де әлденеше үлкені бар. Сол жұлдыздардың һәрбірінің маңында әлденеше жерлер бар деседі. Бұған қарағанда, көп жаһанның ішінде бір тозаңдай белгілісі жоқ. Солардың бірде-бірінің тіршілігі, не беріп тұрған әсері жоқ. Осы жер неғып кең жаһанның діңгегі бола алады? — депті. Екінші, дүниені адам үшін жаратты деген сөзді теріс қылып отырған — жоғарыдағы айтылған биология һәм эмбриология ғылымы (дүние жүзіндегі жан иесінің анасының ішінде қалай етіп (бітіп), қалай өсетінін оқитын ғылым). Эмбриология ғылымы дүниедегі тірі нәрсенің үлкені — пілді һәм судағы жайын, китті алсақ, дүние қожасы мен деп отырған адамды алсақ, онан соң микроскоппен әзер айырып отырған кішкентай микробтарды алсақ, осылардың балалары, я ата-ананың қосылғанынан, әрі хайуандардың өсуіне денесі екіге бөлініп, бірі — бала, бірі — ата болып шыққаннан (микробтардың өсуі) жаралады дейді. Бұлардың жаратылысындағы ғажап нәрсе сол — жан иесінің бәрі де ата-ананың шағылысқан ұрықтарының ішіндегі бір болар-болмас жан сипаты бар тәннен жаратылады дейді. Осымен барлық жан иесінің негізі — бір кішкентай тән. Бұның үстіне адамның артық деп жүрген сипаттарын алсақ, соның бәрі хайуаннан да табылады. Мысалы сағыну (ит пен жылқыда), қызғану, сүйіну, күйіну (бар хайуанда), кек алу (маймылда), берекешіл, ұйымшылдық (арада, құмырсқада). Бұның үстіне бар жан иесіне бірдей өлмесем деген сезім бар. Бұлай болғанда, адам осының бәрінін аз алдында деген болмаса бәрінің тірлігі адам үшін деу де сыйымды сөз болмай шығады. Осы айтылған сөздердің бәрі де адам баласына дүние хақиқатын ұқтырамын, дүниенің сыры мен адам ақылын жалғастырамын деген мақсаттардан шыққан. Бұдан басқа данышпандардың адам баласына ұқтырып келе жатқан тағы бір жолы бар. Ол — адамшылық хақиқаты. Адамшылық турасын сөйлеп, адам баласының бауыр екенін, бірімен-бірі дос болуының керектігін талай жүз жылдардан бері қарай, білгіш кемеңгерлер сөйлеп келеді. Бірақ хақиқаттың бұл жолына түсініп кеткен ел әлі жоққа тән. Сол адамшылықтың жөні деп, бір адамды бір адамға дос қылудан асып, бір ұлтты бір ұлтқа, барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген де мақсұд шықты. Ол мақсұдтарды көздеп отырған — социализм ғылымы һәм эслеранто тілі. Бұлардың ішінде бабы келмеген жұртқа социализмнің не сын көрсететінін Россия халі көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстанам деген адам да өз ұлтынан кетпесе оны жол қылып ұстай алмайтынын көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстаушы жасынан эсперантоның атаған тәрбиесімен атаның баласы болмай, адамның баласы болып, бұл адамнан өзге жайда өсуі керек. Осындай себептермен екеуінің де күйі келмей, ұлт мақсаттары қағысқан жерлерде арашашы болам деп, өздері күл болып аспанға ұшып отыр. Түбінде адам баласы бір туысқандыққа келеді деген пікір дұрыс емес деп таласуға болмайды. Ол заман болсын-ақ деп тіледік. Бірақ бұл замандардағы барша патшалық бар ұлттық өнер, білім байлығы милитаризмді (соғыс ісіне қамсыз болып күшейіп алуды) иман қылып отырғандар, ел болуға қарамай отырған елдің жалпы адам баласының бақытын іздеуі шортанның тышқан аулауы секілді болады. Социализм мен эсперанто жайылса, жайылып ірге тебетін жері, осы соғысып жатқан Европа патшалықтарында болады. Өнер, білім, мәдениетін сол жолдарға жұмсаймын деп, Европа патшалықтарына жау болып шығып, жонын қоятын жуан ел жоқ екені мәлім еді ғой. Бірақ пәленің басын өздері бастап отырған соң не ылаж бар? Европа жұртынан кеміп отырған елу миллион адам. Соғысқан патшалықтан шығып отырған екі жүз он бес миллиард шығын өз бетіне. Оның үстіне кешегі қан жалап қалған 21 дүйімді зеңбіректер, оның үстіне үш-төрт зеңбірек, әлденеше пулемет, көп ғаскер[3] отырып алып ойын салған тсебипелиндер, су астынан жылпың қағып жүріп, қырғын салған қайықтар, тұншықтырып өлтіретін газдар менде болмады-ау деп Англия, Франция, Россияның желкесін қасытып отырған жоқ па? Бұл жұрттар бұдан былай, соғысты құдай қолға берсе, өз қылғаныңды өзіңе мен де істеп бағармын деп кіжініп отыр. Социализмнің ұясы болатын жұрт осыны айта ма? Бұл қанды соғыс социализмнің сапарын тағы әлденеше жылға созып кетіп отыр. Россияның мына омбылап жатқаны кейінгі жұрттарға жақсы сабақ. Енді талай жылға шейін социализмнің бүйтіп топыр салуы қиын жұмыс. Осы себептерден һәр бір ұлт мәдениетін ұлттық қылып салуды енді иман қылатын күйге келді. Әрине, өзге дүние жүзіндегі ұлттармен бірге асыл мәдениетке мойынсұнып, соның тұтқан жорына, тұрған қалпына қол болу қазақ ұлтының да бірінші намысы болу керек. Мұхтар.   Мұхтар Әуезов [1]Тұрмыш − тұрмыс. [2]Гостиница − қонақ үй, мейманхана. [3]Ғаскер − әскер.

Мәдениет һәм ұлт

Мәдениет деп адамның дүние жүзіне алғаш келгенінен осы күнге шейін тапқан һәм сол білімге сүйеніп істеп отырған өнерін айтамыз. Мәдениеттің адам қолына бір-ақ күнде қазіргі күйде келіп түсе қалмағаны һәркімге мағлұм. Мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі. Бірақ адамның ақылы мен ізденгіш сезімділігі де дүниеге алғаш келген уақыты мен қазіргі уақытта бірдей емес. Ақыл мен сезімнің өсуі екінші бір себепке тіреледі. Ол себеп: тұрмыш[1] ыңғайы, өмір жасаудың ауырлық, жеңілдігі һәм ауыр өмірдің тізесінен қысылып тапқан өмір тәжірибелері.

Тұрмышы жайлы болып, өмір жасауы оңай болған ел (бүгінгі шаруасына, біліміне түр қосайын деп ойланып, тәжірибесінің үстіне тәжірибе жасай бермейді. Ол жұрт ізденіп, тінтінбей-ақ бір қалпында отыра береді. Мысалға жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауы бар қазақты алсақ, бұның жерінде қыс қоңыр жайлы болса, қыс та, жаз да мал аяқ астынан жем алып, иесінен һеш еңбек сұрамайды. Осындай күйде тұрған адам шаруама түр қосайыншы деп, тұрмысы турасынан һешбір ой ойламайды. Осымен қазіргіден 200—300 жыл бұрын мал баққан қазақты алсақ та, шаруасы бүгінгісінде бір-ақ түрде, тұрмышы бір-ақ қалыпта. Ақыл, білімі, өнері, мәдениеті ұйқысын бұзбай, әуелгі күйінде отыр.

Ал бұған қарсы Күнбатыс Европадағы 7 шаршы шақырым жерге 4—5 миллион халық сығылысып отырған елді алайық. Олардың шаруасы жүз жылдарды қойып, он жылдар өткенде көрсең, адам таңқаларлық күйге түсіп өзгеріп, түрленіп отыр. Бұл мысалдарға қарағанда, мәдениеттің негізгі басшы, қожасы тұрмыш ыңғайы болып шығады. Бұлай болса, адамның тұрмышы өзінің өсіп-өнуіне қарап, мысалдап өрлеп келеді. Бұнымен қатар мәдениет те мысқалдап кірді. Бір білімге негіз салушы ерте заманның бір адамы болса, ол сол өз заманындағы ауырлықтың ғана тетігін тапты. Бұл тетікке келесі заманның адамы өз білген тәжірибесін жамады. Осы ретпен һәр заман беріп кеткен бұйымынан құралған мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр. Осы күнде мәдениет жерде — суды, һауаны биледім, аспанда — ай, жұлдыз, күнді биледім, жаһанды жаратқанда, жаратушының жалғыз мақсаты мен болмасам да, сол көп жаһанның ішіндегі шын асыл гауһары менмін дегізіп, адам баласын мақтандырып отыр.

Енді сол мәдениеттің нағыз жайы қандай, соған келейік. Мәдениет — дүние жүзіндегі адам баласының пайдалануына даяр болып ағып жатқан бір кен. Мәдениет бір бетті, бір жолды емес, (оны) адам қалай пайдаланам дейді, өз еркінде, жақсылық хақиқатқа жұмсасын, жаманшылық жауыздыққа жұмсасын — екеуіне бірдей елгезек. Мәдениетті ылғи дүние жүзіндегі ақтықтың ғана ұйтқысы болмады, жауыздықты да осы туғызды деп өкпелеп, «жолы болмас» деп қарғаған да білгіштер болды. Соның бірі XVIII ғасырда Францияда болған Жан Жак Руссо деген данышпан. Бірақ ол қарғысы әділ емес.

Мәдениет айтып отыр: мен жалғыз ақтықтың жолымен ғана тұрғам жоқ. Мені тудырған адам баласы. Адам баласының жүрегінде ақтық та бар, жауыздық та бар. Мен де сол екі заттан құралдым. Шыным да, мен — дүниенің айнасымын. Дүниенің өз беті қисық болған соң маған не жолмен өкпелейсің депті. Бұлай болғанда, мәдениеттің хақиқаты мен зұлымдығы егіз. Енді сол екі тарауына келейік. Әуелі мәдениеттің хақиқатқа істеп отырған қызметін аламыз. Ол қызметтері адамды үстіндегі аспан, астындағы жер, барлық дүниенің сыр-сымбатымен таныс қылып, көкірегін ашып, ақыл ауданын кеңейтіп, бір жағынан, дүниені адам ақылына құл қылу. Бүл жолға қызмет қылатын ғылымдар: бірінші — астрономия (ай, жұлдыз, күн қалпын айыратын ғылым), екінші — зоология, биология (хайуандар тіршілігін һәм дүние жаратылыстарын оқитын ғылымдар). Үшінші — микробиология (көзге көрінбейтін ұсақ құрттардың өмірін оқитын ғылым), төртінші — бу қуатын, ауа сырларын оқитын һәм телеграф, телефон жайларын тексеретін ғылымдар, тағы басқалар.

Жұлдыздар қалпын айырғанда ғалымдардың қолданып отырған құралы телескоп деген сайман. Телескоп алыстағы нәрселерді жақындатып үлкейтіп көрсететін пияладан жасалған ұзын мұржа секілді нәрсе. Телескоптарды жай аласа жерге қойып қарауға болмайды. Сол себепті не үлкен мұнаралардың басына, не биік тауларға орнатады. Телескоптың үлкені алыстағы жұлдыздарды қараушының көзіне 15 мың есе жақындатып әкеледі. Бұлай жақындататынының үстіне айналар қойып қарағанда айды 7-ақ шақырым жерге әкеліп көруге де болады десіп отыр. Бірақ ондай жақындатып әкелгенде айдың үсті қараңғы болып, еш нәрсені айыруға болмайды дейді. Телескоппен қазіргі уақытта күн мен жердің арасындағы алыстықты да айырып отыр. Астрономдардың айтуынша, бұл екі ара 40 миллион шақырым. Күннен шыққан жарық жерге сегіз минутта жетеді. Ал ең жақын жұлдыздың жарығы әлгіндей тездікпен жүріп отырғанда, үш жарым жылда жетеді. Ең алыс жұлдыздың жарығы 35 мың жылда жетеді. Осы ретпен сол жұлдыздардың қайсысының қызуы көп, қайсысы жаңарақ туған, қай жұлдыз ерте бітеді, қайсысы соң бітетіндерін де айырып отыр. Телескоптар тұратын жерді «обсерватория» дейді. Телескоп секілді пияладан жасалған, жанындағы кішкенені үлкейтіп көрсететін микроскоп деген сайман бар. Мұнымен ұсақ кұрттардың өмірін оқиды. Мысалы (ол) микроскоппен үлкендігі миллиметрдің (жуан иненің жасуындай нәрсені) 10 миллион бөлігінің сегіз бөлігіндей құрттарды көріп, оқып отыр. Ол құрттардың кішілігінің қандай екенін мынау мысалдан білуге болады. Мысалы, ұзыны мен ені әлгі иненің жасуындай болған бір кішкене тамшы су болса, сол су әлгі құрттар өсіп отырғанда 2 мың жылда толады.

Дәрігерлік ғылымы жалғыз осы микроскоптың себебімен өсіп-өркендеп отыр деуге болады. Осы күнде адамның қандай ауруы болса да, өзінің бас-басына құрты бар екенін, ол кұрттарды немен өлтіруге болатынын микроскоп айырып беріп отыр.

Телеграф пен телефон ісіне келсек, бұнда да ғылымның адамды таңқалдыратын харекетін көріп отырмыз. Неше мың шақырым жерлерден минут аралығында, қолма-қол жазысып отырғанның үстіне, қазір сонша алыс жерлерден шыбықсыз телефондармен ауызба-ауыз күлісіп, сөйлесіп те отыр.

Мысалы, 1915 жылы Америка мен Францияның екі инженері, бірі Америкада, бірі «Эйфель» мұнарасының басында отырып сөз сөйлесіпті. Бұның үстіне адам баласының ақылы бу күшіне не істетіп отыр? Англия, Америка, Германиялардың кемелерін көрсең, су үстінде қалалар көшіп жүр деуге болады. Үстіне неше жүз мың халықты мінгізіп алып, бақша, гостиница[2],  базарын орнатып, еркімен кешегі надан адамның: құдайымыз(дың) үстінен жүрсек, қаһарланады деп жүрген теңіздерінде сейіл құрып сайқалдап жүр.

Бұрынғының надан адамы дүние турасында екі түрлі нанымда болушы еді. Бірі — жер барлық жиһанның ортасы, еркесі, күндізгі күнді, түндегі ай, жұлдызды мезгілімен жерге керекті жарығын беріп, әлпештеп, көрікті күн аспан жарастығын толтырып тұрсын деп жаратты деуші еді. Екіншісі — тағы дүние адам үшін жаралды, жерге шөп, су берсе — хайуан үшін, хайуан — адам үшін, еркелік, қожалық, махаббат, тіршілік — адам үшін деуші еді. Қазіргі хақиқатты тауып отырған ғылым, мәдениет бұл екі танымды да мансұқ қылып, теріске шығарып отыр.

Алғашқы танымның терістігі: жер үстіндегі тіршіліктің бәрі бір-ақ күннің қолында, күн қызуы болмаса, жер үстінде өсімдік болмайды. Өсімдік болмаса, хайуан болмайды. Бұлар болмаса, адам да болмайды. Жер мұз болып қатып қалады. Және сол тіршілік беріп тұрған күн жерден үш жүз мың есе үлкен, ал әлгі жарығы пәлен жүз, пәлен мың жылдарда жететін жұлдыздардың әрқайсысы — бір-бір күн. Күннен де әлденеше үлкені бар. Сол жұлдыздардың һәрбірінің маңында әлденеше жерлер бар деседі. Бұған қарағанда, көп жаһанның ішінде бір тозаңдай белгілісі жоқ. Солардың бірде-бірінің тіршілігі, не беріп тұрған әсері жоқ. Осы жер неғып кең жаһанның діңгегі бола алады? — депті. Екінші, дүниені адам үшін жаратты деген сөзді теріс қылып отырған — жоғарыдағы айтылған биология һәм эмбриология ғылымы (дүние жүзіндегі жан иесінің анасының ішінде қалай етіп (бітіп), қалай өсетінін оқитын ғылым). Эмбриология ғылымы дүниедегі тірі нәрсенің үлкені — пілді һәм судағы жайын, китті алсақ, дүние қожасы мен деп отырған адамды алсақ, онан соң микроскоппен әзер айырып отырған кішкентай микробтарды алсақ, осылардың балалары, я ата-ананың қосылғанынан, әрі хайуандардың өсуіне денесі екіге бөлініп, бірі — бала, бірі — ата болып шыққаннан (микробтардың өсуі) жаралады дейді. Бұлардың жаратылысындағы ғажап нәрсе сол — жан иесінің бәрі де ата-ананың шағылысқан ұрықтарының ішіндегі бір болар-болмас жан сипаты бар тәннен жаратылады дейді. Осымен барлық жан иесінің негізі — бір кішкентай тән. Бұның үстіне адамның артық деп жүрген сипаттарын алсақ, соның бәрі хайуаннан да табылады. Мысалы сағыну (ит пен жылқыда), қызғану, сүйіну, күйіну (бар хайуанда), кек алу (маймылда), берекешіл, ұйымшылдық (арада, құмырсқада). Бұның үстіне бар жан иесіне бірдей өлмесем деген сезім бар. Бұлай болғанда, адам осының бәрінін аз алдында деген болмаса бәрінің тірлігі адам үшін деу де сыйымды сөз болмай шығады.

Осы айтылған сөздердің бәрі де адам баласына дүние хақиқатын ұқтырамын, дүниенің сыры мен адам ақылын жалғастырамын деген мақсаттардан шыққан. Бұдан басқа данышпандардың адам баласына ұқтырып келе жатқан тағы бір жолы бар. Ол — адамшылық хақиқаты. Адамшылық турасын сөйлеп, адам баласының бауыр екенін, бірімен-бірі дос болуының керектігін талай жүз жылдардан бері қарай, білгіш кемеңгерлер сөйлеп келеді. Бірақ хақиқаттың бұл жолына түсініп кеткен ел әлі жоққа тән. Сол адамшылықтың жөні деп, бір адамды бір адамға дос қылудан асып, бір ұлтты бір ұлтқа, барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген де мақсұд шықты. Ол мақсұдтарды көздеп отырған — социализм ғылымы һәм эслеранто тілі. Бұлардың ішінде бабы келмеген жұртқа социализмнің не сын көрсететінін Россия халі көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстанам деген адам да өз ұлтынан кетпесе оны жол қылып ұстай алмайтынын көрсетіп отыр. Эсперанто жолын ұстаушы жасынан эсперантоның атаған тәрбиесімен атаның баласы болмай, адамның баласы болып, бұл адамнан өзге жайда өсуі керек.

Осындай себептермен екеуінің де күйі келмей, ұлт мақсаттары қағысқан жерлерде арашашы болам деп, өздері күл болып аспанға ұшып отыр. Түбінде адам баласы бір туысқандыққа келеді деген пікір дұрыс емес деп таласуға болмайды. Ол заман болсын-ақ деп тіледік. Бірақ бұл замандардағы барша патшалық бар ұлттық өнер, білім байлығы милитаризмді (соғыс ісіне қамсыз болып күшейіп алуды) иман қылып отырғандар, ел болуға қарамай отырған елдің жалпы адам баласының бақытын іздеуі шортанның тышқан аулауы секілді болады. Социализм мен эсперанто жайылса, жайылып ірге тебетін жері, осы соғысып жатқан Европа патшалықтарында болады. Өнер, білім, мәдениетін сол жолдарға жұмсаймын деп, Европа патшалықтарына жау болып шығып, жонын қоятын жуан ел жоқ екені мәлім еді ғой. Бірақ пәленің басын өздері бастап отырған соң не ылаж бар? Европа жұртынан кеміп отырған елу миллион адам. Соғысқан патшалықтан шығып отырған екі жүз он бес миллиард шығын өз бетіне. Оның үстіне кешегі қан жалап қалған 21 дүйімді зеңбіректер, оның үстіне үш-төрт зеңбірек, әлденеше пулемет, көп ғаскер[3] отырып алып ойын салған тсебипелиндер, су астынан жылпың қағып жүріп, қырғын салған қайықтар, тұншықтырып өлтіретін газдар менде болмады-ау деп Англия, Франция, Россияның желкесін қасытып отырған жоқ па?

Бұл жұрттар бұдан былай, соғысты құдай қолға берсе, өз қылғаныңды өзіңе мен де істеп бағармын деп кіжініп отыр. Социализмнің ұясы болатын жұрт осыны айта ма? Бұл қанды соғыс социализмнің сапарын тағы әлденеше жылға созып кетіп отыр.

Россияның мына омбылап жатқаны кейінгі жұрттарға жақсы сабақ. Енді талай жылға шейін социализмнің бүйтіп топыр салуы қиын жұмыс. Осы себептерден һәр бір ұлт мәдениетін ұлттық қылып салуды енді иман қылатын күйге келді. Әрине, өзге дүние жүзіндегі ұлттармен бірге асыл мәдениетке мойынсұнып, соның тұтқан жорына, тұрған қалпына қол болу қазақ ұлтының да бірінші намысы болу керек.

Мұхтар.

 

Мұхтар Әуезов



[1]Тұрмыш − тұрмыс.

[2]Гостиница − қонақ үй, мейманхана.

[3]Ғаскер − әскер.

Ұқсас материалдар