Қандастар Ассамблея

Қырдағы елге

05.12.2012 2700
Қырдағы елге Семей қаласында соңғы өзгеріс болғаннан бері шет облыстардан хабар ала алмай, көп елдің не күйде екенін білмей тұрмын. Қазіргі күнде Семейге келген хабардың көбі Семей маңындағы елдерден келіп отыр. Бұл хабарларға қарағанда, осы  күнде қазақ іші дел-сал болған күйде секілді. Кім дос, кім жау екенін айыра алмай отыр. Қолынан әкімшілік кетуге айналып, табанының астынан тайғанаған уақытта ақтың әскерлері, төрелері өзінің перделеп жүрген қара жүзін ашты. Олар жүрген жерде таланбаған ауыл, мүлік, мінбеген лау, сойылмаған мал, бүлінбеген шаруа жоқ. Оның үстіне кез келген еркек болса, не жазықсыз дүре салып, не атып, ажары тәуір әйел болса, не күпе-күндіз алып кетіп, не отырған жерде әке-шеше, туған-туыстың көзінше масқаралаған, мазақтаған. Әсіресе, Ақмоладан келе жатқан Дутов әскері әм басқа ақтың отрядтары. Қарқаралыны басып, Тобықты ішімен жүргендер де жолшыбай істеген істері қай қазаққа болса да ақтың кім екендігін анық ұқтырды. Қатын-бала ақтар келе жатыр десе, тау-тасқа безіп кететін болып, жаста зәре, үлкенде ақыл қалған .жоқ. Қалың ел, жалпақ дала, тау-тас күңіренгендей қаталдық, жазықсыз жұртқа істеген жауыздық кімнің болса да жүрегін мұздатып, ыза мен кекке толтырды. Жас, кәрінің жалғыз тілегі: «Осы жауыздардан қашан құтылар екенбіз, қашан тыныштық орнар екен?» — деген ғана болды. Аяғында қашан ақтар Семей маңынан ұзап кетпесе, жаны қалмайтынын біліп, серпіліп қашып, олардан көп елдің іші айықты. Көп ел енді тыныштық алар ма екенбіз деп тынысы кеңуге айналғанда, қызыл әскердің алдыңғы реті барып, осы күнде көп елдің ішін аралап жүр. Ел ішінен келген хабарларға қарағанда, олардың көбі елге жайлы болып, ризалап жүр депті. Бірақ елдің [....] ығына қарағанда, бұлардың арасынан да неше түрлі бұзық заттар табылып жатса керек. Алдыңғы құтылдық па деп отырған ақтардың ісіне тақау істерді бұлардың да кейбіреулері ақтап жүр. Әсіресе, Семейге жақын отырған елдер аса мазасыз болса керек. «Күп бір жауса, терек екі жауады», — дегендей елдің осыншама күйзеліп, басынан сырық, малынан құрық арылмай отырған ауыр уақытында лай судан балық аулап жүрген қара жүзділер қазақтың, өз ішінен де табылып отыр. Семей маңындағы облыстарға ел талау үшін отряд алып шығып, ойына келген антұрғандығын істеп жүрген адамдардың аты-жөні мәлімденді. Бұларға еріп жүрген солдаттар да Совет әскерінің атын былғап, өкімет пен елдің арасына іріткі салып жүрген бұзық заттар. Қараңғы ел істің негізін айыра алмайды. Әрқашан кез алдына кез келген шет пұшпақ уақиғалардан ғана сын шығарады, соған қарағанда қазақ ішінің дел-сал болып, кім дос, кім қас екенін айыра алмайтын да қисыны бар. Бірақ біздің елге айтатын сөзіміз мынау: Совет өкіметінің тәртіпті әскерінің ішінде жоғарыдағы айтқандай істерді істейтін бұзық адам еш уақытта табылмайды. Оны істеушілер — Совет өкіметінің шын жауы. Талай заманнан бері арпалысып, түбін құртам деп келе жатқан зиянды заттары бұл күнге шейін Семей маңында әм Семей қаласының өз ішінде осындай антұрғандықтарды істеп жүрген адамдарға тыю салынбаса, оның себебі өкіметтің сол залымдарды сүйегендігінен емес, жалғыз себебі, сондай істерді істеп кетіп жүрген адамдардың кім екенін білмегендік. Қазіргі күнде әлгідей адамдардың жауыздығынан жаза тартқан қазақтардың арыздары Семейдегі өкімет орындарының бәрінде де толып жатыр. Өкімет басындағы адамдардың бәрінің де ел ішінде болып жатқан тәртіпсіздікке көзі жетіп отыр. Бірақ арыз беруші қазақтардың ең үлкен қатесі — сол өзі шауып, шаншып кетіп отырған солдаттардың еш бірінің аты-жөнін білмейді. Осымен мұндағы өкімет орындарын да дел-сал қылып отыр. Міне, осы секілді түзу, ақ істің қисынын кетіріп отырған себепті, елге айтатын ақылымыз мынау: кімде-кім ауылына келіп, тәртіпсіздік істеген солдат болса солардың ізіне түсіп, қай полк, қай ротаныкі, аты-жөні кім, соны анықтап білуі керек. Бұдан соң осындай талаулар бір елдің ауылнай комитеті, не волостной комитетінің атынан алынған нәрселердің бәрінің атын жазып, Семейдің облостной революционный комитетіне арыз түсіру керек. Сол алынған нәрсені әдейі іздеуге бір адамды сайлап жіберу керек. Сонан соң әрбір қазақ халқын жем қылмақшы болып жүрген қара жүректердің ініне су құйылады. Ұрлығы көзге көрініп, қоймасы ашылған соң, тиісті жазасын тартады. Бұл күнге шейін елдің істеп келген істерінің көрсетіп отырған мінездерінің ішінде аса бір кешпейтін жаза жұмыс мұнау жұрттың бәрінің үрейі кеткен, қашан құлап кетер екенбіз деп, көрінің аузында қалтылдап отырған, өлім жазасына бұйырылған адам секілді. Сонша қатты қорыққандықтың  әсерінен өзін шауып, шаншып кеткен орыс-қазақтардың аты-жөнін айтуға да қорқады. Онан соң осы күнде қазақ ішінің бірталайында әлі күнге бұрынғы болыс комитеті секілді өкімет орындарының ешбірі жоқ. Сондықтан ел тезінен комитеттерін өздері жиылып, сайлап алуы керек. Ол комитеттерін бекітіп, қолайлы адамдарын отырғызып, қолайсызын шығаруға жақын уақытта Семей уезінің болыстарының бәріне қазақтың оқығандары шығып, сайлау жасайды. Оған шекті жоғарыдағы айтқандай талан-тараж болса, Семей ұлықтарына білдіріп тұру үшін тезінен комитет құрып ала тұру керек. Ақыры, бұл күнде елге қатты ұқтыратын сөзіміз: қай ел болса да солдаттардан қысымшылық көріп жатыр, бірақ, сол солдаттардың аты-жөнін білмегендіктен бәрі де жазадан аман кетіп жүр. Егер ел бірінің аты-жөнін (білмесе, білсе де айтуға қорқып отыра беретін болса, басынан сырық, малынан құрық арылмай, осы қорлықты көреді де отырады. Қазіргі күнде Семейдегі әскер басшылары да, басқа өкімет орындары да түгелімен сол солдаттардың ізіне түсіп отыр. Арамдығы мойнына ауса, ешбір жазадан құтылмайды. Өкімет сол бұзықтарды сүйейді деп ел күнәға батпасын және еш нәрседен жасқанып қорықпасын.   Мұхтар Әуезов  

Қырдағы елге

Семей қаласында соңғы өзгеріс болғаннан бері шет облыстардан хабар ала алмай, көп елдің не күйде екенін білмей тұрмын. Қазіргі күнде Семейге келген хабардың көбі Семей маңындағы елдерден келіп отыр. Бұл хабарларға қарағанда, осы  күнде қазақ іші дел-сал болған күйде секілді. Кім дос, кім жау екенін айыра алмай отыр.

Қолынан әкімшілік кетуге айналып, табанының астынан тайғанаған уақытта ақтың әскерлері, төрелері өзінің перделеп жүрген қара жүзін ашты. Олар жүрген жерде таланбаған ауыл, мүлік, мінбеген лау, сойылмаған мал, бүлінбеген шаруа жоқ. Оның үстіне кез келген еркек болса, не жазықсыз дүре салып, не атып, ажары тәуір әйел болса, не күпе-күндіз алып кетіп, не отырған жерде әке-шеше, туған-туыстың көзінше масқаралаған, мазақтаған. Әсіресе, Ақмоладан келе жатқан Дутов әскері әм басқа ақтың отрядтары. Қарқаралыны басып, Тобықты ішімен жүргендер де жолшыбай істеген істері қай қазаққа болса да ақтың кім екендігін анық ұқтырды. Қатын-бала ақтар келе жатыр десе, тау-тасқа безіп кететін болып, жаста зәре, үлкенде ақыл қалған .жоқ. Қалың ел, жалпақ дала, тау-тас күңіренгендей қаталдық, жазықсыз жұртқа істеген жауыздық кімнің болса да жүрегін мұздатып, ыза мен кекке толтырды. Жас, кәрінің жалғыз тілегі: «Осы жауыздардан қашан құтылар екенбіз, қашан тыныштық орнар екен?» — деген ғана болды. Аяғында қашан ақтар Семей маңынан ұзап кетпесе, жаны қалмайтынын біліп, серпіліп қашып, олардан көп елдің іші айықты.

Көп ел енді тыныштық алар ма екенбіз деп тынысы кеңуге айналғанда, қызыл әскердің алдыңғы реті барып, осы күнде көп елдің ішін аралап жүр. Ел ішінен келген хабарларға қарағанда, олардың көбі елге жайлы болып, ризалап жүр депті. Бірақ елдің [....] ығына қарағанда, бұлардың арасынан да неше түрлі бұзық заттар табылып жатса керек. Алдыңғы құтылдық па деп отырған ақтардың ісіне тақау істерді бұлардың да кейбіреулері ақтап жүр. Әсіресе, Семейге жақын отырған елдер аса мазасыз болса керек.

«Күп бір жауса, терек екі жауады», — дегендей елдің осыншама күйзеліп, басынан сырық, малынан құрық арылмай отырған ауыр уақытында лай судан балық аулап жүрген қара жүзділер қазақтың, өз ішінен де табылып отыр. Семей маңындағы облыстарға ел талау үшін отряд алып шығып, ойына келген антұрғандығын істеп жүрген адамдардың аты-жөні мәлімденді.

Бұларға еріп жүрген солдаттар да Совет әскерінің атын былғап, өкімет пен елдің арасына іріткі салып жүрген бұзық заттар. Қараңғы ел істің негізін айыра алмайды. Әрқашан кез алдына кез келген шет пұшпақ уақиғалардан ғана сын шығарады, соған қарағанда қазақ ішінің дел-сал болып, кім дос, кім қас екенін айыра алмайтын да қисыны бар.

Бірақ біздің елге айтатын сөзіміз мынау: Совет өкіметінің тәртіпті әскерінің ішінде жоғарыдағы айтқандай істерді істейтін бұзық адам еш уақытта табылмайды. Оны істеушілер — Совет өкіметінің шын жауы. Талай заманнан бері арпалысып, түбін құртам деп келе жатқан зиянды заттары бұл күнге шейін Семей маңында әм Семей қаласының өз ішінде осындай антұрғандықтарды істеп жүрген адамдарға тыю салынбаса, оның себебі өкіметтің сол залымдарды сүйегендігінен емес, жалғыз себебі, сондай істерді істеп кетіп жүрген адамдардың кім екенін білмегендік. Қазіргі күнде әлгідей адамдардың жауыздығынан жаза тартқан қазақтардың арыздары Семейдегі өкімет орындарының бәрінде де толып жатыр. Өкімет басындағы адамдардың бәрінің де ел ішінде болып жатқан тәртіпсіздікке көзі жетіп отыр. Бірақ арыз беруші қазақтардың ең үлкен қатесі — сол өзі шауып, шаншып кетіп отырған солдаттардың еш бірінің аты-жөнін білмейді. Осымен мұндағы өкімет орындарын да дел-сал қылып отыр. Міне, осы секілді түзу, ақ істің қисынын кетіріп отырған себепті, елге айтатын ақылымыз мынау: кімде-кім ауылына келіп, тәртіпсіздік істеген солдат болса солардың ізіне түсіп, қай полк, қай ротаныкі, аты-жөні кім, соны анықтап білуі керек. Бұдан соң осындай талаулар бір елдің ауылнай комитеті, не волостной комитетінің атынан алынған нәрселердің бәрінің атын жазып, Семейдің облостной революционный комитетіне арыз түсіру керек. Сол алынған нәрсені әдейі іздеуге бір адамды сайлап жіберу керек. Сонан соң әрбір қазақ халқын жем қылмақшы болып жүрген қара жүректердің ініне су құйылады. Ұрлығы көзге көрініп, қоймасы ашылған соң, тиісті жазасын тартады.

Бұл күнге шейін елдің істеп келген істерінің көрсетіп отырған мінездерінің ішінде аса бір кешпейтін жаза жұмыс мұнау жұрттың бәрінің үрейі кеткен, қашан құлап кетер екенбіз деп, көрінің аузында қалтылдап отырған, өлім жазасына бұйырылған адам секілді. Сонша қатты қорыққандықтың  әсерінен өзін шауып, шаншып кеткен орыс-қазақтардың аты-жөнін айтуға да қорқады.

Онан соң осы күнде қазақ ішінің бірталайында әлі күнге бұрынғы болыс комитеті секілді өкімет орындарының ешбірі жоқ. Сондықтан ел тезінен комитеттерін өздері жиылып, сайлап алуы керек. Ол комитеттерін бекітіп, қолайлы адамдарын отырғызып, қолайсызын шығаруға жақын уақытта Семей уезінің болыстарының бәріне қазақтың оқығандары шығып, сайлау жасайды. Оған шекті жоғарыдағы айтқандай талан-тараж болса, Семей ұлықтарына білдіріп тұру үшін тезінен комитет құрып ала тұру керек.

Ақыры, бұл күнде елге қатты ұқтыратын сөзіміз: қай ел болса да солдаттардан қысымшылық көріп жатыр, бірақ, сол солдаттардың аты-жөнін білмегендіктен бәрі де жазадан аман кетіп жүр. Егер ел бірінің аты-жөнін (білмесе, білсе де айтуға қорқып отыра беретін болса, басынан сырық, малынан құрық арылмай, осы қорлықты көреді де отырады.

Қазіргі күнде Семейдегі әскер басшылары да, басқа өкімет орындары да түгелімен сол солдаттардың ізіне түсіп отыр. Арамдығы мойнына ауса, ешбір жазадан құтылмайды. Өкімет сол бұзықтарды сүйейді деп ел күнәға батпасын және еш нәрседен жасқанып қорықпасын.

 

Мұхтар Әуезов

 

Ұқсас материалдар