Қандастар Ассамблея

Қола дәуірі

05.12.2012 30009
  ҚОЛА ДӘУІРІ – адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады. Бұл кезде неолит дәуірінің мәдениеті дамып, металл игеріле бастады. Негізінен, Қ. д. мәдениеттері осы металл кендері көп жерлерде дамыды. Мұндай өңірлерде дайындалған қола бұйымдар бірте-бірте іргелес жатқан жерлерге де тарады. Адам баласы мысты энеолит дәуірінде игерген болатын. Оған қарағанда, қоланың қатты әрі берік болуы құрал-саймандардың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылата түсті. Қ. д-нің хронол. шегі б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғы мен б.з.б. 1-мыңжылдықтың басын қамтиды. Ежелгі қола құралдары Оңт. Иран, Түркия мен Месопотамиядан табылды. Кейінірек олар Мысырға (б.з.б. 4-мыңжылдық аяғы), Үндістанға (б.з.б. 3-мыңжылдық соңы), Қытайға (б.з.б. 2-мыңжылдық ортасы) және Еуропаға, Қазақстанға (б.з.б. 2-мыңжылдық) тарады. Қ. д-нің Америкада өз тарихы бар. Мұнда металлургия орталығы Перу мен Боливия жерінде болды. Африкадағы Қ. д. туралы мәселе археол. зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты әлі толық шешілмей келеді. Қ. д-нде Азияда бұрын қалыптасқан қала мәдениеті (Месопотамия, Элам, Мысыр, Сирия) одан әрі дами түсті және жаңа мәдениеттер (Үндістанда – Хараппа, Қытайда – Инь) қалыптасты. Мұндай жағдай Еуропада да байқалды. Қала жұрттары, сарайлар, жергілікті жазу, т.б. деректер Еуропадағы өзіндік мәдени орталық еді. Бұл дәуірде кен қорына бай Кавказдың маңызы зор болды. Ол Шығ. Еуропаның далалық аудандарын мыс бұйымдарымен жабдықтайтын Еуразиядағы ең ірі металлургия орт-тарының біріне айналды.  Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері Қ. д. ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан Қ. д. бойынша Орт. Қазақстанды Ә.Марғұлан мен К.Ақышев, Солт. Қазақстанды А.Оразбаев, Шығ. Қазақстанды С.С. Черников пен А.Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қ. д-н кезеңге бөлуде зерттеушілер арасында әр алуан пікірлер бар. Қазақ жеріндегі Қ. д. мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә.Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қ. д-ндегі экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал ш. мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, белгілі бір еңбек саласына маманданудың күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді. Көптеген көне кен орындарынан мыс (Жезқазған, Зырянов, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікбай), қалайы (Атасу тауы, Қалба мен Нарым жоталары), алтын (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кентастары алынды (қ. Ежелгі кен қазбалары). Тас және балшық құйма қалыптарда шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдар (орақ, балта, қанжар, пышақ, найза мен жебе ұштары, т.б.) құйылды. Сәндік заттар (ілгек, тізбек, білезік, моншақ, өңіржиек, сырға, т.б) жасалды. Қазақстан аумағын Қ. д-нде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қоныстарын өзендердің жайпақ жағасына, кең жайылмаға, мүйіске, кейде көл маңына салды. Қоныстар 6 – 10 үйден, үлкендері 20 үйден құралды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Жартылай жертөлелер дәліз сияқты шығар аузы бар тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді салынды. Қабырғаларды бойлай тік бағандар орнатылды, арасына ағаштар немесе шарбақтар қойылып, балшықпен сыланған. Тұрғын үйлер аумағы 100 шаршы м-ден 300 – 400 шаршы м-ге дейін жетті. Орт. және Бат. Қазақстанда ағаш аз болғандықтан, тұрғын үй қабырғаларына тас көп қолданылды. Жер үстіндегі үйлердің қабырғалары бөренелерден жасалды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар болды. Қабірлердің үсті айнала жалпағынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді. Кейбір ескерткіштер көрнекілігімен, құрылыстарының күрделілігімен ерекшелінеді. Мыс., Беғазы ескерткішін тұрғызу үшін салм. 3 т-ға жететін алып мәрмәр тастар қолданылған. Бат. Қазақстандағы Тастыбұлақ-1 (Федоров кезеңі) қорымында мәйіттер қабірге немесе жалпақ тастан жасалған жәшіктерге салынып жерленген. Кей жағдайларда мәйітті өртеу рәсімі де кездеседі. Орт. Қазақстанның Нұра кезеңіне жататын жерлеу рәсімі, негізінен, мүрдені өртеп тас жәшіктерге немесе табытқа салу болды. Атасу кезеңінде мәйіттер бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солт-ке не оңт-ке бейімделіп жатқызылды. Нұра кезеңінен келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш тас жәшіктер тарады. Жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақта тастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Керамика ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қ. д-нің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ортаңғы Қ. д-не тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелектеніп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Соңғы Қ. д-н иіні дөңгелек, бүйірі аздап шығыңқы құмыралар сипаттайды. Ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Оларға әрбір кезеңнің өзіне тән геом. өрнектер (жарты, үш бұрыш, меандр, ирек сызық, қисық ойық, т.б.) түсірілді. Қ. д-нде әлеум. және әскери-саяси құрылымдарда рулық-тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қ. д-нің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Қ. д. тайпалары тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қ. д-ндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты. Әдеб.: Монгайт А.Л., Археология Западной Еуропы, Бронзовый и железный века, М., 1974; Қазақстан тарихы, 1-т., А., 1996; Маргулан А.Х., Соч., В 14 томах, т.1, Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана / сост. Д.А. Маргулан, Д.Маргулан, А., 1998; Гальперина Г.А., Доброва Е.В., Популярная история археологии, М., 2002.  

 

ҚОЛА ДӘУІРІ – адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады. Бұл кезде неолит дәуірінің мәдениеті дамып, металл игеріле бастады. Негізінен, Қ. д. мәдениеттері осы металл кендері көп жерлерде дамыды. Мұндай өңірлерде дайындалған қола бұйымдар бірте-бірте іргелес жатқан жерлерге де тарады. Адам баласы мысты энеолит дәуірінде игерген болатын. Оған қарағанда, қоланың қатты әрі берік болуы құрал-саймандардың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылата түсті. Қ. д-нің хронол. шегі б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғы мен б.з.б. 1-мыңжылдықтың басын қамтиды. Ежелгі қола құралдары Оңт. Иран, Түркия мен Месопотамиядан табылды. Кейінірек олар Мысырға (б.з.б. 4-мыңжылдық аяғы), Үндістанға (б.з.б. 3-мыңжылдық соңы), Қытайға (б.з.б. 2-мыңжылдық ортасы) және Еуропаға, Қазақстанға (б.з.б. 2-мыңжылдық) тарады. Қ. д-нің Америкада өз тарихы бар. Мұнда металлургия орталығы Перу мен Боливия жерінде болды. Африкадағы Қ. д. туралы мәселе археол. зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты әлі толық шешілмей келеді.
Қ. д-нде Азияда бұрын қалыптасқан қала мәдениеті (Месопотамия, Элам, Мысыр, Сирия) одан әрі дами түсті және жаңа мәдениеттер (Үндістанда – Хараппа, Қытайда – Инь) қалыптасты. Мұндай жағдай Еуропада да байқалды. Қала жұрттары, сарайлар, жергілікті жазу, т.б. деректер Еуропадағы өзіндік мәдени орталық еді. Бұл дәуірде кен қорына бай Кавказдың маңызы зор болды. Ол Шығ. Еуропаның далалық аудандарын мыс бұйымдарымен жабдықтайтын Еуразиядағы ең ірі металлургия орт-тарының біріне айналды. 
Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері Қ. д. ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан Қ. д. бойынша Орт. Қазақстанды Ә.Марғұлан мен К.Ақышев, Солт. Қазақстанды А.Оразбаев, Шығ. Қазақстанды С.С. Черников пен А.Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қ. д-н кезеңге бөлуде зерттеушілер арасында әр алуан пікірлер бар. Қазақ жеріндегі Қ. д. мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә.Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қ. д-ндегі экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал ш. мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, белгілі бір еңбек саласына маманданудың күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді. Көптеген көне кен орындарынан мыс (Жезқазған, Зырянов, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікбай), қалайы (Атасу тауы, Қалба мен Нарым жоталары), алтын (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кентастары алынды (қ. Ежелгі кен қазбалары). Тас және балшық құйма қалыптарда шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдар (орақ, балта, қанжар, пышақ, найза мен жебе ұштары, т.б.) құйылды. Сәндік заттар (ілгек, тізбек, білезік, моншақ, өңіржиек, сырға, т.б) жасалды. Қазақстан аумағын Қ. д-нде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қоныстарын өзендердің жайпақ жағасына, кең жайылмаға, мүйіске, кейде көл маңына салды. Қоныстар 6 – 10 үйден, үлкендері 20 үйден құралды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Жартылай жертөлелер дәліз сияқты шығар аузы бар тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді салынды. Қабырғаларды бойлай тік бағандар орнатылды, арасына ағаштар немесе шарбақтар қойылып, балшықпен сыланған. Тұрғын үйлер аумағы 100 шаршы м-ден 300 – 400 шаршы м-ге дейін жетті. Орт. және Бат. Қазақстанда ағаш аз болғандықтан, тұрғын үй қабырғаларына тас көп қолданылды. Жер үстіндегі үйлердің қабырғалары бөренелерден жасалды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар болды. Қабірлердің үсті айнала жалпағынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді. Кейбір ескерткіштер көрнекілігімен, құрылыстарының күрделілігімен ерекшелінеді. Мыс., Беғазы ескерткішін тұрғызу үшін салм. 3 т-ға жететін алып мәрмәр тастар қолданылған. Бат. Қазақстандағы Тастыбұлақ-1 (Федоров кезеңі) қорымында мәйіттер қабірге немесе жалпақ тастан жасалған жәшіктерге салынып жерленген. Кей жағдайларда мәйітті өртеу рәсімі де кездеседі. Орт. Қазақстанның Нұра кезеңіне жататын жерлеу рәсімі, негізінен, мүрдені өртеп тас жәшіктерге немесе табытқа салу болды. Атасу кезеңінде мәйіттер бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солт-ке не оңт-ке бейімделіп жатқызылды. Нұра кезеңінен келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш тас жәшіктер тарады. Жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақта тастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Керамика ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қ. д-нің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ортаңғы Қ. д-не тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелектеніп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Соңғы Қ. д-н иіні дөңгелек, бүйірі аздап шығыңқы құмыралар сипаттайды. Ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Оларға әрбір кезеңнің өзіне тән геом. өрнектер (жарты, үш бұрыш, меандр, ирек сызық, қисық ойық, т.б.) түсірілді. Қ. д-нде әлеум. және әскери-саяси құрылымдарда рулық-тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қ. д-нің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Қ. д. тайпалары тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қ. д-ндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты.
Әдеб.: Монгайт А.Л., Археология Западной Еуропы, Бронзовый и железный века, М., 1974; Қазақстан тарихы, 1-т., А., 1996; Маргулан А.Х., Соч., В 14 томах, т.1, Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана / сост. Д.А. Маргулан, Д.Маргулан, А., 1998; Гальперина Г.А., Доброва Е.В., Популярная история археологии, М., 2002.
 

Ұқсас материалдар