Қандастар Ассамблея

Ауғанстан

05.12.2012 29868
  Ауғанстан, Ауғанстан ислам мемлекеті – Оңтүстік Батыс Азиядағы мемлекет. Аумағы 652,2 мың км2. Халқы – 32 млн. адам. Астанасы – Кабул. Ауғанстан жері 29 уәлаятқа және 2 округке бөлінеді. Мемлекеттік тілі – пушту және дари тілдері. Ислам дінін ұстанады (негізінен суниттер). Жерінің 3/4 бөлігінен астамы таулы. Елдің солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысына қарай өте ірі Гиндукуш тау жоталары (ең биік жері 6729 м) созылып жатыр. Оны Ауғанстанның солтүстігі мен батысында Паропамиз және Сафеднах жоталары алмастырады. Ауғанстанның оңтүстігінде Газни-Кандагар таулы үстірті, ал оңтүстік-батысында Бактрия, Регистан, Дашти-Марго шөлдері жатыр. Климаты – субтропиктік, құрғақ. Шілде айының орташа температурасы 24Ә-тан 32ӘС-қа, ал қаңтар айының орташа температурасы 0Ә-тан 8ӘС-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 350 мм-ден аспайды. Ірі өзендері: Әмудария, Герируд, Гильменд, Кабул, Мургаб. Кен байлықтары – мұнай, табиғи газ, тас көмір, графит және асыл тастар. Қазіргі Ауғанстан жерінің солтүстік бөлігін адамдар ежелгі тас дәуірінен, оңтүстік бөлігін қола дәуірінен мекендей бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықтың 1-жартысында бұл жерде құрылған мемлекеттердің бірі Бактрия болды. Ауғанстан туралы алғашқы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 6 ғасырдан сақталған. Бұл кезеңде ол Ахемен әулеті билеген Парсы империясының құрамында болды. Біздің заманымыздың 1 – 4 ғасырларында Ауғанстан жерінде Кушан патшалығы дәуірледі. 6 ғасырдың 60-жылдарында Ауғанстан жерінің бір бөлігі Түрік қағандығына, екінші бөлігі Сасан әулетіне бағынды. 7 – 8 ғасырларда Ауғанстан жерінің басым бөлігі арабтарға қарап, ислам діні кеңінен тарады. 1220 ж. елді Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. 16 ғасырда Ауғанстан жеріне Ұлы Моғолдар мен Сефеви әулеті билік жүргізді. Орта Азиядан ығысқан Бабыр 1504 ж. Кабулды, кейін Ауған жерін тұтас жаулап алып, Ұлы Моғол әулетіне бағындырды. Жеке иеліктерге бөлінген Ауғанстан жерінде 1747 ж. Ахмад шаһ Дуррани басқарған алғашқы Ауған мемлекеті орнады. Бірақ оның мұрагерлері тұсында мемлекет ыдырап, 1818 ж. Ахмад шаһ әулеті де биліктен кетті. Елді қайта біріктірген Дос Мұхаммед хан 1835 ж. әмір атанды. Бұл уақытта Ауғанстан жерін отарлауды көздеген ағылшындар елге басып кіріп (1838), Кабулды алғанымен, оларға қарсы күрес күшейіп, басқыншылар жеңіліп тынды (1842). 1878 ж. Ұлыбританияның 37 мың адамдық әскері Ауғанстанға тағы да басып кірді. Халық отаршылдардың бетін қайтарғанымен, елдің тәуелсіздігі шектеліп, сыртқы қарым-қатынасы Англияның бақылауында болды. 1919 ж. өкімет басына келген Аманулла хан Ауғанстанның тәуелсіздігін жариялады. Англия мұны мойындаудан бас тартып, соғыс ашқанымен, 1919 жылғы Равалпинди шарты бойынша Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. 1973 жылға дейін Ауғанстанда монархиялық билік орнады. 1973 ж. әскери төңкеріс болып, республика жарияланды. 1978 ж. тағы да қанды төңкерістен кейін өкімет басына Революциялық кеңес келді. Оны қолдау үшін 1979 ж. желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес Одағының әскерлері кіріп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты. 1997 – 98 ж. Қазақстан Республикасының үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелді. Ауғанстан – аграрлы ел. Экономикасының негізі – суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы. Жалалабад каналы мен Сарда су қоймасы бар. Қой шаруашылығы жақсы дамыған. Сонымен қатар миллиондаған ешкі мен ірі қара, түйе мен жылқы өсіріледі. Бау-бақша өнімдері, бидай, жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы сияқты дақылдар өндіріледі. Ауғанстан өнеркәсібін су электр стансалары мен әскери-механикалық зауыт сияқты бірді-екілі кәсіпорындар құрайды. Солтүстік шекарасында газ құбыры тартылған. Тас көмір мен цемент өндіріледі. Өңдеуші кәсіпорындар мақта мен жүннен мата тоқиды, жасанды жібек шығарып, аяқ киімдер тігеді. Экспортқа негізінен қаракөл елтірісі мен жүн шығарылады.

 

Ауғанстан, Ауғанстан ислам мемлекеті – Оңтүстік Батыс Азиядағы мемлекет. Аумағы 652,2 мың км2. Халқы – 32 млн. адам. Астанасы – Кабул. Ауғанстан жері 29 уәлаятқа және 2 округке бөлінеді. Мемлекеттік тілі – пушту және дари тілдері. Ислам дінін ұстанады (негізінен суниттер).

Жерінің 3/4 бөлігінен астамы таулы. Елдің солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысына қарай өте ірі Гиндукуш тау жоталары (ең биік жері 6729 м) созылып жатыр. Оны Ауғанстанның солтүстігі мен батысында Паропамиз және Сафеднах жоталары алмастырады. Ауғанстанның оңтүстігінде Газни-Кандагар таулы үстірті, ал оңтүстік-батысында Бактрия, Регистан, Дашти-Марго шөлдері жатыр. Климаты – субтропиктік, құрғақ. Шілде айының орташа температурасы 24Ә-тан 32ӘС-қа, ал қаңтар айының орташа температурасы 0Ә-тан 8ӘС-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 350 мм-ден аспайды. Ірі өзендері: Әмудария, Герируд, Гильменд, Кабул, Мургаб. Кен байлықтары – мұнай, табиғи газ, тас көмір, графит және асыл тастар.

Қазіргі Ауғанстан жерінің солтүстік бөлігін адамдар ежелгі тас дәуірінен, оңтүстік бөлігін қола дәуірінен мекендей бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықтың 1-жартысында бұл жерде құрылған мемлекеттердің бірі Бактрия болды. Ауғанстан туралы алғашқы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 6 ғасырдан сақталған. Бұл кезеңде ол Ахемен әулеті билеген Парсы империясының құрамында болды. Біздің заманымыздың 1 – 4 ғасырларында Ауғанстан жерінде Кушан патшалығы дәуірледі. 6 ғасырдың 60-жылдарында Ауғанстан жерінің бір бөлігі Түрік қағандығына, екінші бөлігі Сасан әулетіне бағынды. 7 – 8 ғасырларда Ауғанстан жерінің басым бөлігі арабтарға қарап, ислам діні кеңінен тарады. 1220 ж. елді Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. 16 ғасырда Ауғанстан жеріне Ұлы Моғолдар мен Сефеви әулеті билік жүргізді. Орта Азиядан ығысқан Бабыр 1504 ж. Кабулды, кейін Ауған жерін тұтас жаулап алып, Ұлы Моғол әулетіне бағындырды. Жеке иеліктерге бөлінген Ауғанстан жерінде 1747 ж. Ахмад шаһ Дуррани басқарған алғашқы Ауған мемлекеті орнады. Бірақ оның мұрагерлері тұсында мемлекет ыдырап, 1818 ж. Ахмад шаһ әулеті де биліктен кетті. Елді қайта біріктірген Дос Мұхаммед хан 1835 ж. әмір атанды. Бұл уақытта Ауғанстан жерін отарлауды көздеген ағылшындар елге басып кіріп (1838), Кабулды алғанымен, оларға қарсы күрес күшейіп, басқыншылар жеңіліп тынды (1842). 1878 ж. Ұлыбританияның 37 мың адамдық әскері Ауғанстанға тағы да басып кірді. Халық отаршылдардың бетін қайтарғанымен, елдің тәуелсіздігі шектеліп, сыртқы қарым-қатынасы Англияның бақылауында болды. 1919 ж. өкімет басына келген Аманулла хан Ауғанстанның тәуелсіздігін жариялады. Англия мұны мойындаудан бас тартып, соғыс ашқанымен, 1919 жылғы Равалпинди шарты бойынша Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды.

1973 жылға дейін Ауғанстанда монархиялық билік орнады. 1973 ж. әскери төңкеріс болып, республика жарияланды. 1978 ж. тағы да қанды төңкерістен кейін өкімет басына Революциялық кеңес келді. Оны қолдау үшін 1979 ж. желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес Одағының әскерлері кіріп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты. 1997 – 98 ж. Қазақстан Республикасының үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелді.

Ауғанстан – аграрлы ел. Экономикасының негізі – суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы. Жалалабад каналы мен Сарда су қоймасы бар. Қой шаруашылығы жақсы дамыған. Сонымен қатар миллиондаған ешкі мен ірі қара, түйе мен жылқы өсіріледі. Бау-бақша өнімдері, бидай, жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы сияқты дақылдар өндіріледі. Ауғанстан өнеркәсібін су электр стансалары мен әскери-механикалық зауыт сияқты бірді-екілі кәсіпорындар құрайды. Солтүстік шекарасында газ құбыры тартылған. Тас көмір мен цемент өндіріледі. Өңдеуші кәсіпорындар мақта мен жүннен мата тоқиды, жасанды жібек шығарып, аяқ киімдер тігеді. Экспортқа негізінен қаракөл елтірісі мен жүн шығарылады.