Қандастар Ассамблея

Құран кәрімнің жазылуы және жинақталуы

05.12.2012 5887
Құран Кәрім түрлі оқиғаларға байланысты бөлек-бөлек 23 жыл ішінде толығымен түсіп тәмамдалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) аяттарды түскенін түскеніндей сахабаларға жеткізетін. Қасында отырған сахабалардың кейбіреулері оқылған мезетте жадына сақтап алатын, ал кейбір сауаты барлары жаттаумен ғана шектелмей, оларды жазып та отыратын. Құран үкімдері сол дәуірдегі адамдарға, кейінгі ұрпаққа, дәлірек айтқанда бүкіл әлемге әрі қияметке дейін келетін барша адамзатқа жүреді. Құран Кәрімде «Ахзаб» сүресінің 40-аятында: «Мұхаммед (с.а.у.) сендердің іштеріңдегі ешқандай еркектің әкесі емес. Бірақ ол Аллаһтың елшісі әрі Пайғамбарлардың ең соңғысы» делінсе, «Әнбия» сүресінің 107-аятында «Сені бүкіл әлемге тек рахмет етіп қана жібердік» деген. Бұл келтірген аяттардың мағынасына терең үңілетін болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы пайғамбар екендігін, әрі оның миссиясының әлемдік сипаты бар екендігін анық байқауға болады. Сондықтан Құран Кәрімнің кейінгілерге күмән тудырмайтындай сенімді жолмен жетуі тиіс еді. Сол себепті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Құран Кәрімнің жазылуына үлкен мән беретін, түскен аяттардың жатталумен ғана шектелуін қаламайтын. Өйткені, адам дүниеден өтеді, ал хат бетіне жазылған дүние мәңгілік қалады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларының арасында Али ибн Абу Талиб, Муауия ибн Абу Суфян, Убай ибн Кааб, Зайд бин Сабит т.б. сынды арнайы уахи жазатын хатшылары болған. Аят түскен кезде оларды жазып отыруға бұйыратын. Ол кезеңде Құран аяттары қазіргідей қағаз беттеріне емес, тері, құрма тақтайы, мысыр папирусы, тас, кірпіштердің беттері сияқты нәрселерге жазылатын. Құран Кәрім Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) дәуірінде ардақты сахабалар тарапынан жатталып, жазылғанымен барлығы бірдей жинақталып, мусхаф (кітап) болып шықпаған еді. Мұның өзіндік түрлі себептері бар. Уахи періштесі Жәбірейіл уахи алып келгенде «Мына сүрені пәленше сүреден кейін немесе мына аятты пәлен сүренің пәленше аятынан кейін қой» дегендей орнын көрсететін. Бұл жайында бұдан бұрыңғы мақалада сөз еткен болатынбыз. Жинақталған күнде де жаңа уахи келген сайын сүрелер мен аяттардың орнын жиі-жиі ауыстырып, тәртібін өзгертіп отыру керек еді. Өйткені, уахи әлі аяқталмаған болатын. Сонымен қатар Пайғамбар (с.а.у.) тарапынан бұл турасында бір қаулы, бұйрық немесе тапсырма берілмеген-ді. Осындай себептерге байланысты Пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде Құран Кәрім сүрелері мұсхаф болып жинақталып шықпады. Деседе бұған қарамастан сахабалардың ішінде Құранды өз беттерінше жинақтап, мусхаф жасап алғандар да бар болатын. Мысалы, Али бин Аби Талиб, Абдуллаһ бин Масғуд, Убай бин Кааб, Зайд бин Сабит сияқты сахабалардың сүрелерді жинақтап, құрастыру жүйелері өздеріне тән мусхафтары болған.   Халифа Әбу Бәкірдің кезеңінде Құранның жинақталуы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дүние салды. Уахи да тәмамдалды. Алайда, түрлі заттарға жазылған сүрелер мен аяттар жүйесіз, әрқайсысы әр жерде бытыраңқы күйде еді. Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден озғаннан кейін мұсылмандардың әміршісі ретінде Хазіреті Әбу Бәкір тағайындалды. Халифа Әбу Бәкірдің дәуірінде бой көтерген Ямама көтерілісінде жетпіс қари шаһид (шейіт) болды. Тірі жетпіс құраннан айрылу көкірегі ояу, көзі ашық Хазіреті Омарды қатты толғандырса керек. Халифаға барып, Құран Кәрімді жинақтау турасында бір бұйрық шығаруын ұсынды. Әуелде «Пайғамбар (с.а.у.) істемеген нәрсені мен қалай істеймін», - деп, құп көрмеген халифа Әбу Бәкір кейінірек мұның орынды мәселе екендігіне көз жеткізіп, бұл ұсынысты қабыл алады. Сөйтіп бұл істі атқару үшін Пайғамбардың (с.а.у.) уахи жазатын хатшысы Зайд бин Сәбитті шақыртады. Осы жайттың куәсі болған Зайд былай дейді: «Ямама көтерілісінен кейін Хазіреті Әбу Бәкір мені жанына шақыртты. Барғанымда Хазіреті Омар оның қасында екен. Сонда халифа Әбу Бәкір маған былай деді: «Омар Ямама көтерілісінде бірнеше қаридан көз жаздық. Бұдан басқа соғыстарда да осылай қарилардан айырыла берсек, бұл жағдай құранның жойылуына апарып соғатынынан қорқамын» - деп, маған Құранды жинақтауды ұсынды. Мен оған «Аллаһтың елшісі (с.а.у.) жасамаған нәрсені мен қалай жасаймын» дедім. Омар ант етіп, мұның қайырлы іс екенін айтты. Және осылай жасайық деп тұрып алды. Соңында Аллаһ Тағала көкірегімді ашты, мен де Омардың пікірін мақұлдадым. Сен жассың әрі ақылдысың. Ешкім сенен күмәнданбайды да. Оның үстіне сен Пайғамбардың (с.а.у.) хатшысы болдың. Әр аяттың соңына түсіп, құранды жинақта. Сонда Зайд «Маған тауды тасуымды бұйырса, ол, Құранды жинақтаудан әлде қайда жеңіл болар еді» - деді. Екеуіне «Аллаһтың елшісі (с.а.у.) жасамаған нәрсені сендер қалай жасайсыңдар?» - дедім. Халифа Әбу Бәкір «Аллаһтың атымен ант етемін, бұл бір қайырлы іс» - деді. Кейін Аллаһ Тағала Әбу Бәкір мен Омардың көкейлеріне қондырған нәрсені менің көкейіме де салды. Сөйтіп екеуінің пікірлерін құп көріп, адамдардың жадындағы және құрма тақтайларына, терілерге, тастарға жазылған құран аяттарын іздеп, жинақтай бастадым. «Тәубе» сүресінің ақырғы аятын Әбу Хузаймадан таптым». Бұл өте қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін тапсырма еді. Зайд халифадан Хазіреті Омардың өзіне қол ұшын беруін сұрады. Әбу Дәуідтен келген бір хадисте былай делінген: «Әбу Бәкір Омар мен Зайдке былай деп әмір етті: «Мешіттің есігінің алдына отырыңдар. Кімде-кім Аллаһтың кітабынан және екі куәнің куәгерлігімен не әкелген болса соны жазыңдар!» Содан кейін Хазіреті Омар халық арасында Пайғамбардан (с.а.у.) кім не жазып алған болса, соны бізге тапсырсын деп жариялады. Зайдтің өзі Құранды бастан аяқ жатқа білген. Және өзі сияқты бірнеше қари болған. Соған қарамастан сүре-аят әкелген кісіден Пайғамбардан (с.а.у.) жазғаны турасында екі куәгері болмаса қабыл етпейтін. Өйткені халифаның қойған талабы сондай. Бірінші жазулы болу керек, екінші Пайғамбардан (с.а.у.) жазғаны турасында екі куәгер куәлік ету керек. Зайд «Тәубе сүресінің ақырғы аятын ешкімнен таппадым, тек Әбу Хузаймадан ғана таптым» - деп аталмыш аяттың жазулы нұсқасы туралы айтқан. Алайда ол аятты жатқа білетін бірнеше сахаба болған. Берілген тапсырмаға аса мұқияттылық танытып, бытыраңқы күйдегі сүрелер мен аяттарды ендігі жерде белгілі бір тәртіппен, кітап түрінде шығарған уахи хатшысы Зайд бин Сабит мусхафты Хазіреті Әбу Бәкірге тәслім етті. Хазіреті Әбу Бәкір дүниеден озған соң мусхаф Хазіреті Омардың қолына өтті. Ол да дүниеден өткеннен кейін қызы Хафсада қалды. Ерғали Алпысбаев Дінтанушы  

Құран Кәрім түрлі оқиғаларға байланысты бөлек-бөлек 23 жыл ішінде толығымен түсіп тәмамдалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) аяттарды түскенін түскеніндей сахабаларға жеткізетін. Қасында отырған сахабалардың кейбіреулері оқылған мезетте жадына сақтап алатын, ал кейбір сауаты барлары жаттаумен ғана шектелмей, оларды жазып та отыратын.

Құран үкімдері сол дәуірдегі адамдарға, кейінгі ұрпаққа, дәлірек айтқанда бүкіл әлемге әрі қияметке дейін келетін барша адамзатқа жүреді. Құран Кәрімде «Ахзаб» сүресінің 40-аятында: «Мұхаммед (с.а.у.) сендердің іштеріңдегі ешқандай еркектің әкесі емес. Бірақ ол Аллаһтың елшісі әрі Пайғамбарлардың ең соңғысы» делінсе, «Әнбия» сүресінің 107-аятында «Сені бүкіл әлемге тек рахмет етіп қана жібердік» деген. Бұл келтірген аяттардың мағынасына терең үңілетін болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы пайғамбар екендігін, әрі оның миссиясының әлемдік сипаты бар екендігін анық байқауға болады. Сондықтан Құран Кәрімнің кейінгілерге күмән тудырмайтындай сенімді жолмен жетуі тиіс еді. Сол себепті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Құран Кәрімнің жазылуына үлкен мән беретін, түскен аяттардың жатталумен ғана шектелуін қаламайтын. Өйткені, адам дүниеден өтеді, ал хат бетіне жазылған дүние мәңгілік қалады.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларының арасында Али ибн Абу Талиб, Муауия ибн Абу Суфян, Убай ибн Кааб, Зайд бин Сабит т.б. сынды арнайы уахи жазатын хатшылары болған. Аят түскен кезде оларды жазып отыруға бұйыратын. Ол кезеңде Құран аяттары қазіргідей қағаз беттеріне емес, тері, құрма тақтайы, мысыр папирусы, тас, кірпіштердің беттері сияқты нәрселерге жазылатын.

Құран Кәрім Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) дәуірінде ардақты сахабалар тарапынан жатталып, жазылғанымен барлығы бірдей жинақталып, мусхаф (кітап) болып шықпаған еді. Мұның өзіндік түрлі себептері бар. Уахи періштесі Жәбірейіл уахи алып келгенде «Мына сүрені пәленше сүреден кейін немесе мына аятты пәлен сүренің пәленше аятынан кейін қой» дегендей орнын көрсететін. Бұл жайында бұдан бұрыңғы мақалада сөз еткен болатынбыз. Жинақталған күнде де жаңа уахи келген сайын сүрелер мен аяттардың орнын жиі-жиі ауыстырып, тәртібін өзгертіп отыру керек еді. Өйткені, уахи әлі аяқталмаған болатын. Сонымен қатар Пайғамбар (с.а.у.) тарапынан бұл турасында бір қаулы, бұйрық немесе тапсырма берілмеген-ді. Осындай себептерге байланысты Пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде Құран Кәрім сүрелері мұсхаф болып жинақталып шықпады. Деседе бұған қарамастан сахабалардың ішінде Құранды өз беттерінше жинақтап, мусхаф жасап алғандар да бар болатын. Мысалы, Али бин Аби Талиб, Абдуллаһ бин Масғуд, Убай бин Кааб, Зайд бин Сабит сияқты сахабалардың сүрелерді жинақтап, құрастыру жүйелері өздеріне тән мусхафтары болған.

 

Халифа Әбу Бәкірдің кезеңінде Құранның жинақталуы

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) дүние салды. Уахи да тәмамдалды. Алайда, түрлі заттарға жазылған сүрелер мен аяттар жүйесіз, әрқайсысы әр жерде бытыраңқы күйде еді. Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден озғаннан кейін мұсылмандардың әміршісі ретінде Хазіреті Әбу Бәкір тағайындалды.

Халифа Әбу Бәкірдің дәуірінде бой көтерген Ямама көтерілісінде жетпіс қари шаһид (шейіт) болды. Тірі жетпіс құраннан айрылу көкірегі ояу, көзі ашық Хазіреті Омарды қатты толғандырса керек. Халифаға барып, Құран Кәрімді жинақтау турасында бір бұйрық шығаруын ұсынды. Әуелде «Пайғамбар (с.а.у.) істемеген нәрсені мен қалай істеймін», - деп, құп көрмеген халифа Әбу Бәкір кейінірек мұның орынды мәселе екендігіне көз жеткізіп, бұл ұсынысты қабыл алады. Сөйтіп бұл істі атқару үшін Пайғамбардың (с.а.у.) уахи жазатын хатшысы Зайд бин Сәбитті шақыртады. Осы жайттың куәсі болған Зайд былай дейді: «Ямама көтерілісінен кейін Хазіреті Әбу Бәкір мені жанына шақыртты. Барғанымда Хазіреті Омар оның қасында екен. Сонда халифа Әбу Бәкір маған былай деді: «Омар Ямама көтерілісінде бірнеше қаридан көз жаздық. Бұдан басқа соғыстарда да осылай қарилардан айырыла берсек, бұл жағдай құранның жойылуына апарып соғатынынан қорқамын» - деп, маған Құранды жинақтауды ұсынды. Мен оған «Аллаһтың елшісі (с.а.у.) жасамаған нәрсені мен қалай жасаймын» дедім. Омар ант етіп, мұның қайырлы іс екенін айтты. Және осылай жасайық деп тұрып алды. Соңында Аллаһ Тағала көкірегімді ашты, мен де Омардың пікірін мақұлдадым. Сен жассың әрі ақылдысың. Ешкім сенен күмәнданбайды да. Оның үстіне сен Пайғамбардың (с.а.у.) хатшысы болдың. Әр аяттың соңына түсіп, құранды жинақта. Сонда Зайд «Маған тауды тасуымды бұйырса, ол, Құранды жинақтаудан әлде қайда жеңіл болар еді» - деді. Екеуіне «Аллаһтың елшісі (с.а.у.) жасамаған нәрсені сендер қалай жасайсыңдар?» - дедім. Халифа Әбу Бәкір «Аллаһтың атымен ант етемін, бұл бір қайырлы іс» - деді. Кейін Аллаһ Тағала Әбу Бәкір мен Омардың көкейлеріне қондырған нәрсені менің көкейіме де салды. Сөйтіп екеуінің пікірлерін құп көріп, адамдардың жадындағы және құрма тақтайларына, терілерге, тастарға жазылған құран аяттарын іздеп, жинақтай бастадым. «Тәубе» сүресінің ақырғы аятын Әбу Хузаймадан таптым».

Бұл өте қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін тапсырма еді. Зайд халифадан Хазіреті Омардың өзіне қол ұшын беруін сұрады. Әбу Дәуідтен келген бір хадисте былай делінген: «Әбу Бәкір Омар мен Зайдке былай деп әмір етті: «Мешіттің есігінің алдына отырыңдар. Кімде-кім Аллаһтың кітабынан және екі куәнің куәгерлігімен не әкелген болса соны жазыңдар!» Содан кейін Хазіреті Омар халық арасында Пайғамбардан (с.а.у.) кім не жазып алған болса, соны бізге тапсырсын деп жариялады.

Зайдтің өзі Құранды бастан аяқ жатқа білген. Және өзі сияқты бірнеше қари болған. Соған қарамастан сүре-аят әкелген кісіден Пайғамбардан (с.а.у.) жазғаны турасында екі куәгері болмаса қабыл етпейтін. Өйткені халифаның қойған талабы сондай. Бірінші жазулы болу керек, екінші Пайғамбардан (с.а.у.) жазғаны турасында екі куәгер куәлік ету керек. Зайд «Тәубе сүресінің ақырғы аятын ешкімнен таппадым, тек Әбу Хузаймадан ғана таптым» - деп аталмыш аяттың жазулы нұсқасы туралы айтқан. Алайда ол аятты жатқа білетін бірнеше сахаба болған.

Берілген тапсырмаға аса мұқияттылық танытып, бытыраңқы күйдегі сүрелер мен аяттарды ендігі жерде белгілі бір тәртіппен, кітап түрінде шығарған уахи хатшысы Зайд бин Сабит мусхафты Хазіреті Әбу Бәкірге тәслім етті. Хазіреті Әбу Бәкір дүниеден озған соң мусхаф Хазіреті Омардың қолына өтті. Ол да дүниеден өткеннен кейін қызы Хафсада қалды.

Ерғали Алпысбаев

Дінтанушы

 

Ұқсас материалдар