Қандастар Ассамблея

Заман шарты

05.12.2012 2174
Заман шарты   Ғажайып шақ. Совет вымпелі айдың сиқырлы жүзін сипай жетті. Өзіміздің замандасымыз, совет адамы планеталар сапарына ұшқалы отыр. Ал сол кезде көркемөнер аталатын адамзат еңбегінің бір сахнасында әрекет ететін біз, жазушылар, тамашалаған күйдеміз. Сүйсінеміз. Ғылымның ұлы табысына қызыға таңырқаймыз. Және біз тек қана тамашалап тұрғанымыз жоқ, өзімізге өзіміз сұрақ та беріп: "Дәл бүгінгі шақта біздің еңбегіміздің мәні қандай? Біздің орнымыз қай жерде? Әдебиеттің барар жолы, аңсар арманы енді қандай болмақ керек?" — десеміз.   Жер серіктері, космос кемелері, атом қуатының серпіні кейбір әдебиетшілерді шындап шіміркентті. Жә, осы қобалжу тегін емес пе? Жоқ, менің ойымша, тегін емес. Рас, мен осы дискуссияны алғаш бастаған П. Антокольский мен К. Зелинский екеуінің бүгінгі көркемөнер тағдыры жөнінде топшылаған көзқарастарына қосыла алмаймын. Бірақ сонда да жазушылардың өз басына, өз еңбегіне заңды түрде талап қоя сөйлеуге кіріскенін барымша құптаймын. Ия, бүгін біздің сөйлесетін жайымыз мейлінше мол.   Көркемөнердің мүмкіншілігі мен оның бүгінгі біздің замандасқа ұсынып отырған нәрі мен барына қарағанда, оқушы да, жазушы да тып-тыныш қала алмайды. Сондықтан да біздің әдебиеттік клубымыздың осы дискуссиясына қатынасушылардың саны молайып келеді. Дауға әркім де өзіндік өнімді үлесін қосуға талпынады. Ал біздің бәріміз қосылып шындықты іздейміз. Сол шындықты іздеудің қиын да болса қызықтырған жолына атсалысуға менің де көңілім ауды.   Космос дәуірінде әдебиетті қайтпекпіз?   Бұл мәселені мен, мысалы, көркемөнер мен әдебиет — дүниені бейнемен танытатын күш деуден бастауыма да болар еді. 'Эстеттер солай айтады да, озғын мәдениет үздіксіз септесуден құралатынын ескертеді. Немесе тағы бір жайдан сөз қозғауға болар еді.   Неше мың жылдар бойына адамзаттың көп дәуірлердегі көп халқының творчестволық қуатымен жасалған қымбат қазыналы өнерін бүгін есептен шығара қою жол емес. Қандай ғылымның қандайлық ғажайып табыстары тұрғысынан қарасақ та, олай ету жол емес дер едік.   Бір алуан ой өрісін осылай да бастауға болар еді.   Бірақ қазір мен Гомер туралы Платон айтқан бір жайды еске салайын. Ол Гомер ақын бүкіл Элладаны тәрбиеледі деген. Ал тек Элладаны ғана тәрбиеледі ме екен сол Гомер? Маркстің айтқаны кәне? Грек өнері "осы шақта да бізге көркемдік рахатын береді де, белгілі дәрежеде әлі күнге шеніне ілестірмейтін әсем үлгі, дәл таразы боп тұра береді" деген. Көркемөнер біздің ішкі дүниемізге, жан-жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді. Ең зор шындық осы емес не? Осыны қайтіп ұмытар едік!   Біз көп кездерде, Гомер өз дәуірі адамының дүние тану, дүние сезіну ерекшеліктерін бейнеледі деп сөйлей де, жаза да жүреміз. Сонда бізді оған құмар етіп тартатын тек қана сопыға құмарлық, қызыққыштық қана ма? Тек қана таза күйдегі эстетикалық нашалану ғана ма? Әлде "ескі жырды" оқи отыра, біз соның ішінен жаңа ырғақ, сарын тауып, танып, бүгінгі күнімізге керек бір нәрсені ала отырамыз ба? Әрине, ала жүреміз. Ендеше, бүгін де Гомер біздің замандасымыздың ойын, сезімін, жанын да тәрбиелеуге қатыса жүреді емес пе!   Осы жайды заманы бізге жақын суретшілер жайынан әсіресе батыл айтуға болады. Өткен ғасырда Россиянин, озат қауымын тәрбиелеген Пушкин бізді бүгін де тәрбиелемей ме екен? Маяковский тәрбиелемей келе ме? Солар тәрізді бар ғасырдағы бар халықтардың барша классиктері де бізді сөзсіз тәрбиелейді. Өздерінен кейінгі әлденеше буындардың ой әлеміне ізі қалмаса, олар классик те болмас еді. Сөйтіп, көркемөнерде заманнан заман тозбайтын да қазына бар дейміз. Ешбір "Ай серіктері" оларды біз үшін жоқ ете алмайды. Адамзаттың ғылымдық ойы қаншалық тапқыр, өр талапты болғанмен де, дәл адамның өзінің бойындағы бар байлықты ол да жұтатпайды.   Жер баласын табиғаттың, махаббаттың, жастық пен балалық шақтың қуанту, сүйсіндіру, қызықтыра сиқырлауы еш шақта да тозбайды. Адамзат пәлендей ғылымның сонау заңғар биігіне барып шықса да, Пушкиннің "Я помню чудное мгновенье..." дейтін жырын сүйсініп оқудан танбайды. Болашақтың адамымен бірге, біздің ертеңгі күніміз деп отырған коммунизмнің өзіне де, көркемөнер бірге барып кіреді. Олай болса: "Поэзия, көркемөнер енді керек емес, себебі ғылым бүгінгі жаңа жолмен адам ойын тез жетілтеді, оңай тәрбиелейді, "ескі" асқа ол адам құштар болмайды" деп ойлау шалағайлық.   Бұл жолда біз істейтін іс көп. Сол жайдан "Ғылым мен утопия" деген өлеңінде ақын Н. Коржавин жақсы айтқан. Оның ойы бұрыннан айтылып келген гармониялық төрт тарапты өсу заңынан артығырақ шыққан.   Біздің заманымыздың көрнекті саясат адамының бірі Эйнштейн еңбегінің үш қана бетін түсіну үшін үш ай отырдым деп жазған еді. Кім білсін, кей әдебиетшіге үш күн емес, үш ай да жетпес. Бірақ мәселе сонда ма екен? Ақын өзінің өлең жолдарына, мысалы, квантмеханикасының, немесе кибернетиканың, болмаса астрофизика мен астроботаниканың жеке ұғымдарын қанша кіргізсе де, ол өлеңнен біз өзіміздің замандасымыз сырын таппас едік. Әсіресе ол замандасымыздың ой-сезім байлығын танытатын жаңағыдай өлең болмас еді. Не себепті солай дейміз? Себебі көркемөнер ғылыммен салыстырғанда ойдың төменгі сатысы емес, биік саты математикамен салыстырғандағы арифметиканың орнында әсте болмайды.   Дискуссияға қатынасушылардың кейбірі көркемөнердің өз майданы, өзінше өсу логикасы, өз диалектикасы бар деген пікірлерін мен де қостаймын. Рас, бұған қарап білімнің өзге арнаулы саласында қалыптанған мамандар әдебиетке келе алмайды деген байлау жасауға болмайды. Тек қана олар келгенде ең алдымен жазушы сипатында келетінін есте тұту керек.   Бұл ретте әдебиетке дәрігер Чеховтың келгеніндей боп, өлшеу мөлшерді, ішкі таразыны дәл ұстап тұру керек. Ия, сөйтіп адам тану ғылымы мүлде өзіне бөлек жеке үлкен сала дейміз.   Физик пен химиктің біліктері көркемөнердің жаңа дәуіріне апаратын жолдың жасырын кілтін тауып беретін көмекшілер емес. Адамның жан дүниесін жеке бейне арқылы жан-жақты терең етіп ашып көрсетіп беретін де ол емес. Осы соңғы міндетті ада қылатын тек көркемөнер, сондағы Данте, Шекспир, Сервантес, Гете, Толстойлар...   Бүгін біздің алдымызда тұрған міндет солайша ғасырлар бойлап атой бергенде, біздің заманның геройларының аттары да Дон-Кихот, Гамлет, Фауст, Болконскийлер аттарымен қатар тұруға жарауында. Көркемөнердің өзге саласының өкілдері ренжімесін. Бұл жөніндегі бірінші сөз әдебиеттікі.   Біз жаңалық табу жолындамыз   Осыған жұрттың бәрі келіседі. Өзгерген дүниені баяндау үшін көркемөнер өзі де өзгеру керек дейміз. Олай болса, ендігі мәселе: сол өзгеріс кезеңі қайда? Қайсы? Міне, осы жайда көп пікірлер айтылды. Негізінде көпшілік шығарманың қысқа түрлі болуын, сөйлемнің жаңа ырғақ табуын, жанрлар шектерінің өзгерулерін, қысқасы, қорыта айтқанда, Әдебиеттік стильдің жаңаруын тілеседі.   Әдебиет жөніндегі салмақты сөз, тіпті жауапты сөз жөнін ойлағанда, менің ойымша, жаңағы жайлар кемшін соғады. Мәселенің ең зоры, бүгінгі әдебиетте бүгінгі адам психологиясы бар көлемінде көрінбей отырғанында ғой. Олай болса, сол біздің бүгінгі геройымыз жайын ең алдымен ойлау керек те.   Бүгінде оқушының ең алдымен тосып отырған адамы - ой еңсесі биік адам, интеллект иесі адам. Сондай адам есеп машинасын шеберлеп шығару жайында шұғылданған инженерге, космосқа алғаш баратын төрт аяқты жеңіл жәндік жайын зерттеп отырған биологке де ең алдымен керек адам екені даусыз. Заман ерекшелігі осылай. Тіпті заман шарты да осылай. Енді ойлы адам, интеллектуальный адам дегеніміз кім? Әрине, бұл "оқымысты" немесе "интеллигент" деген сөзімізбен барабар емес.   Адамды тарихтың ірі қайраткері ететін анық творчестволық ойдан жырақ, тек қана өз жұмыстарын жақсы білетін: агроном, инженерлер, оқытушы, дәрігерлер аз емес. Оларды интеллигент десек те, биік интеллект иесі дей алмаймыз.   Энциклопедиялық көп жақтан хабардар болу да интеллектің тереңдігін танытпайды. Қазіргі білім жеке ғылым саласына тереңдейтін мамандықты тілейді. Аристотельдің, Абуғали Ибн-Синаның, Леонардо да Винчидің жан-жақтылығы бұл күнде мүмкін де емес. Дәуіріміз бізден өзгені тілейді. Адамзаттың көп ғасырлы мәдениеті — бізге қалдырған мұра да өз дәуірің туралы жауапты терең ойлан дейді. Ал біздің әдебиетіміз анық күткен қадірлі замандасымыздың өзі де өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемінде даналықпен қамтып тани білетін адам. Ол адам коммунизмнің құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік, олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол — тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан.   Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті — дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде.   Ал әдебиетімізге келсек, дәуірдің құлашымен құлашы тең түсетін герой біздің шығармаларымызда аз ұшырасып отыр. Адамның ішкі әлемін суреттемек болғанда, біз көбінше оның сыртқы белгілерін ескереміз, күнделік еңбектегі өмірбаянын терумен болып, үлкен жанның өмірбаянын ескермей кетеміз. Замандасымыздың ой-сезім әлемін шамалы-ақ күйде таныту — біздің көп роман, драма, ұзақ әңгіме, қысқа әңгіме атаулымыздың бәріне ортақ әлсіздігіміз. Осы жайды мен өзім жақсы көретін жазушылар ішінде Г. Николаева романынан, Мехти Гусейннің, Ғабиден Мұстафиннің жаңа шығармаларынан және Асхат Мұхтардың, Түгелбай Сыдықбековтің соңғы кітаптарынан да байқап жүрмін. Мұнда аты аталмаған, аталуға мейлінше дәл келетін талай жазушыларды айтпай-ақ қояйық.   Жүрекке жүрек ашылсын   Замандасымыздың жан түкпіріндегі, жүрек тереңіндегі сыры мен шынын ашу үшін, өзіміздің де жүрегімізді соған үйлес ашу керек. Герценнің жас шағында Воробьев тауында берген анты "Былое и думы" сияқты жан тарихын ашатын кітап тудырды. Сүю мен жиренудің қызуына барынша берілген Белинскийдің жаны Гогольге арналған хатты жазғызды.   Заманымыздың геройы үшін біздің жанымыз өзімізден туған балаларымызға ашылғандай ашылсын. Ал біз көбінше сондай шын сырға сараңбыз. Өз күшімізді өзіміз жасырып іріккендейміз. Соны ірікпей, барды сарқа берген шағымызда көркем шығарма жайнап кетеді. Шолоховтың "Адам тағдыры", Твардовскийдің соңғы поэмасы, Овечкиннің кейбір очерктері біздің бүгінгі әдебиеттің ең алдыңғы шебінде тұрған сияқты. Себебі бұл жазушылар өз геройларына тынымсыз ойдың және өз заманы үшін ұлы жауаптылық сезіміне берілген ойдың қасиетін беріп отыр. Шолохов әңгімесіндегі ең ірі қасиет, менің білуімше, жазушы мен геройдың жүректері бар шындарымен ашылысып ұшырасуында.   Сөйтіп, реалдық өмірдегі жандардың интеллект байлығымен салыстырғанда, өз геройларымыздың іші жүдеу, жұтаң екенін көріп отырмыз.   "Лириканың қағажу" көруі, тегінде, оқушының күткен жерінен шықпай, заман мен адам турасындағы ой толғауды ашып бере алмауында сияқты. Осы жайды мен әсіресе өзіме әрі жақын, әрі таныс орта азиялық республикалар поэзиясы жөнінен айтар едім. Тіпті поэзия ғана емес, қалың романдарды, қысқа әңгімелерді оқығанда да біздің туысқан әдебиеттердің өсу-дамуы көп түйіндерді қамтып отырса да, ендеп жайылу сипаты мол. Ал адамына келсек, көңілің тоя алмайды. Шын геройды алсақ, ол оқушыны өзінің соңынан ертіп әкететін ұлы адамгершіліктің үлгісі болатын бүгінгі советтік қайраткер емес пе!   Рас-ақ, көп шығармаларды оқып отырғанда сол геройлардың еңбек етіп жүргенін, жиылыстарда сөйлегенін, кейде тіпті бас тұрмысын, үй іші тірлігін де көреміз. Ал жан әлеміне келсек, дәл сол геройларымыз оқушы үшін жабық күйде қалады. Жабық қана дейміз-ау, тіпті үстірт, олақ бейнеленіп қалады. Тегі, адам құр ғана әрекет етпейді, ол белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетеді. Сол байлаудың жасалуы ішкі бір қажетті сырдан туатын байлау екені бізден жасырын қалады. Ал оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған жасырынның өзі емес пе.   Біз болсақ, оқушыға геройдың интеллектін ашып беру орнына күнделік сыртқы күйін ғана көрсетеміз. Орны толмас олқылық осы. Мұның мысалына ешкімнің де аты-жөнін атамай отырғаным — осы кемшілік бәрімізге ортақ мін! Жай ғана мін емес, жазушылық жөніндегі ауыр айып.   Біздің республикалардағы халді алсақ, осы мәселенің орны өзгеше екенін андаймыз.   Мәдениет тарихы бүгіннен басталмағаны баршамызға айқын. Орыс әдебиетін алсақ, өз заманының өрескеліне, халық тағдырының ауыртпалығына жаны да, ойы да үңілген дәстүрлі герой сонау Радищевтен бастап Горькийге дейін үздіксіз жалғаса келген. Сондықтан бүгінгі орыс совет әдебиетіне интеллект иесі геройдың жөнінен жаңа, мығым дәстүр жасаудың қажеті жоқ. Ол дәстүр ерте туған. Ал орта азиялық туысқан елдер әдебиетіндегі жайға келсек, мұндағы күй басқаша. Біздің халықтарымыз өз уақытында капиталистік даму дәуірінен аттап өтті. Белгілі дәрежеде әдебиетте бұның кейбір қиыншылығы да болды. Біздің әдебиеттеріміз ұлы орыс әдебиеті мен мәдениеті кешіп өткен шыңдала шынығу дәуірін бастан кешкен жоқ. Сол себепті біздің жазушыларымыздың мойнында тұрған жауапты міндет — оқушыны тәрбиелегенде оның мәдениетін көтеріп, интеллектін тереңдетуіміз керек. Олай болса, әдебиеттегі интеллектуал дәстүрді туғызып, өсіре беруіміз керек. Әрине, бұл жөнде өткен шақтың да кейбір табыстарына сүйеніп, Абай, Шоқан сияқты мәдениет пен көркемөнер қайраткерлерінің дәстүрін пайдалану шарт. Сонымен қатар, ең алдымен, біздің бүгінгі күніміздің өзінің рухани байлығына сүйенуіміз керек. Әсіресе біздің жас жазушыларымызға жазушылық жолы, ең алдымен, өз басының мәдениеті зор болуына байланысты болғандықтан, ізденіп өсуі молырақ болса екен деген тілек айтар едім.   Геройдың интеллекті — көбінше жазушының өз интеллектінің, тереңдігі мен кеңдігінің туындысы. Әдебиеттің болашағын сөйлегенде, жаңа стиль мен жаңа түр жайын ойласқанда, жазушының өз заманы алдындағы жауаптылығы да ең алдыңғы қатардағы, ең үлкен жай екенін ұмытуға болмайды.     Мұхтар Әуезов

Заман шарты

 

Ғажайып шақ. Совет вымпелі айдың сиқырлы жүзін сипай жетті. Өзіміздің замандасымыз, совет адамы планеталар сапарына ұшқалы отыр. Ал сол кезде көркемөнер аталатын адамзат еңбегінің бір сахнасында әрекет ететін біз, жазушылар, тамашалаған күйдеміз. Сүйсінеміз. Ғылымның ұлы табысына қызыға таңырқаймыз. Және біз тек қана тамашалап тұрғанымыз жоқ, өзімізге өзіміз сұрақ та беріп: "Дәл бүгінгі шақта біздің еңбегіміздің мәні қандай? Біздің орнымыз қай жерде? Әдебиеттің барар жолы, аңсар арманы енді қандай болмақ керек?" — десеміз.

 

Жер серіктері, космос кемелері, атом қуатының серпіні кейбір әдебиетшілерді шындап шіміркентті. Жә, осы қобалжу тегін емес пе? Жоқ, менің ойымша, тегін емес. Рас, мен осы дискуссияны алғаш бастаған П. Антокольский мен К. Зелинский екеуінің бүгінгі көркемөнер тағдыры жөнінде топшылаған көзқарастарына қосыла алмаймын. Бірақ сонда да жазушылардың өз басына, өз еңбегіне заңды түрде талап қоя сөйлеуге кіріскенін барымша құптаймын. Ия, бүгін біздің сөйлесетін жайымыз мейлінше мол.

 

Көркемөнердің мүмкіншілігі мен оның бүгінгі біздің замандасқа ұсынып отырған нәрі мен барына қарағанда, оқушы да, жазушы да тып-тыныш қала алмайды. Сондықтан да біздің әдебиеттік клубымыздың осы дискуссиясына қатынасушылардың саны молайып келеді. Дауға әркім де өзіндік өнімді үлесін қосуға талпынады. Ал біздің бәріміз қосылып шындықты іздейміз. Сол шындықты іздеудің қиын да болса қызықтырған жолына атсалысуға менің де көңілім ауды.

 

Космос дәуірінде әдебиетті қайтпекпіз?

 

Бұл мәселені мен, мысалы, көркемөнер мен әдебиет — дүниені бейнемен танытатын күш деуден бастауыма да болар еді. 'Эстеттер солай айтады да, озғын мәдениет үздіксіз септесуден құралатынын ескертеді. Немесе тағы бір жайдан сөз қозғауға болар еді.

 

Неше мың жылдар бойына адамзаттың көп дәуірлердегі көп халқының творчестволық қуатымен жасалған қымбат қазыналы өнерін бүгін есептен шығара қою жол емес. Қандай ғылымның қандайлық ғажайып табыстары тұрғысынан қарасақ та, олай ету жол емес дер едік.

 

Бір алуан ой өрісін осылай да бастауға болар еді.

 

Бірақ қазір мен Гомер туралы Платон айтқан бір жайды еске салайын. Ол Гомер ақын бүкіл Элладаны тәрбиеледі деген. Ал тек Элладаны ғана тәрбиеледі ме екен сол Гомер? Маркстің айтқаны кәне? Грек өнері "осы шақта да бізге көркемдік рахатын береді де, белгілі дәрежеде әлі күнге шеніне ілестірмейтін әсем үлгі, дәл таразы боп тұра береді" деген. Көркемөнер біздің ішкі дүниемізге, жан-жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді. Ең зор шындық осы емес не? Осыны қайтіп ұмытар едік!

 

Біз көп кездерде, Гомер өз дәуірі адамының дүние тану, дүние сезіну ерекшеліктерін бейнеледі деп сөйлей де, жаза да жүреміз. Сонда бізді оған құмар етіп тартатын тек қана сопыға құмарлық, қызыққыштық қана ма? Тек қана таза күйдегі эстетикалық нашалану ғана ма? Әлде "ескі жырды" оқи отыра, біз соның ішінен жаңа ырғақ, сарын тауып, танып, бүгінгі күнімізге керек бір нәрсені ала отырамыз ба? Әрине, ала жүреміз. Ендеше, бүгін де Гомер біздің замандасымыздың ойын, сезімін, жанын да тәрбиелеуге қатыса жүреді емес пе!

 

Осы жайды заманы бізге жақын суретшілер жайынан әсіресе батыл айтуға болады. Өткен ғасырда Россиянин, озат қауымын тәрбиелеген Пушкин бізді бүгін де тәрбиелемей ме екен? Маяковский тәрбиелемей келе ме? Солар тәрізді бар ғасырдағы бар халықтардың барша классиктері де бізді сөзсіз тәрбиелейді. Өздерінен кейінгі әлденеше буындардың ой әлеміне ізі қалмаса, олар классик те болмас еді. Сөйтіп, көркемөнерде заманнан заман тозбайтын да қазына бар дейміз. Ешбір "Ай серіктері" оларды біз үшін жоқ ете алмайды. Адамзаттың ғылымдық ойы қаншалық тапқыр, өр талапты болғанмен де, дәл адамның өзінің бойындағы бар байлықты ол да жұтатпайды.

 

Жер баласын табиғаттың, махаббаттың, жастық пен балалық шақтың қуанту, сүйсіндіру, қызықтыра сиқырлауы еш шақта да тозбайды. Адамзат пәлендей ғылымның сонау заңғар биігіне барып шықса да, Пушкиннің "Я помню чудное мгновенье..." дейтін жырын сүйсініп оқудан танбайды. Болашақтың адамымен бірге, біздің ертеңгі күніміз деп отырған коммунизмнің өзіне де, көркемөнер бірге барып кіреді. Олай болса: "Поэзия, көркемөнер енді керек емес, себебі ғылым бүгінгі жаңа жолмен адам ойын тез жетілтеді, оңай тәрбиелейді, "ескі" асқа ол адам құштар болмайды" деп ойлау шалағайлық.

 

Бұл жолда біз істейтін іс көп. Сол жайдан "Ғылым мен утопия" деген өлеңінде ақын Н. Коржавин жақсы айтқан. Оның ойы бұрыннан айтылып келген гармониялық төрт тарапты өсу заңынан артығырақ шыққан.

 

Біздің заманымыздың көрнекті саясат адамының бірі Эйнштейн еңбегінің үш қана бетін түсіну үшін үш ай отырдым деп жазған еді. Кім білсін, кей әдебиетшіге үш күн емес, үш ай да жетпес. Бірақ мәселе сонда ма екен? Ақын өзінің өлең жолдарына, мысалы, квантмеханикасының, немесе кибернетиканың, болмаса астрофизика мен астроботаниканың жеке ұғымдарын қанша кіргізсе де, ол өлеңнен біз өзіміздің замандасымыз сырын таппас едік. Әсіресе ол замандасымыздың ой-сезім байлығын танытатын жаңағыдай өлең болмас еді. Не себепті солай дейміз? Себебі көркемөнер ғылыммен салыстырғанда ойдың төменгі сатысы емес, биік саты математикамен салыстырғандағы арифметиканың орнында әсте болмайды.

 

Дискуссияға қатынасушылардың кейбірі көркемөнердің өз майданы, өзінше өсу логикасы, өз диалектикасы бар деген пікірлерін мен де қостаймын. Рас, бұған қарап білімнің өзге арнаулы саласында қалыптанған мамандар әдебиетке келе алмайды деген байлау жасауға болмайды. Тек қана олар келгенде ең алдымен жазушы сипатында келетінін есте тұту керек.

 

Бұл ретте әдебиетке дәрігер Чеховтың келгеніндей боп, өлшеу мөлшерді, ішкі таразыны дәл ұстап тұру керек. Ия, сөйтіп адам тану ғылымы мүлде өзіне бөлек жеке үлкен сала дейміз.

 

Физик пен химиктің біліктері көркемөнердің жаңа дәуіріне апаратын жолдың жасырын кілтін тауып беретін көмекшілер емес. Адамның жан дүниесін жеке бейне арқылы жан-жақты терең етіп ашып көрсетіп беретін де ол емес. Осы соңғы міндетті ада қылатын тек көркемөнер, сондағы Данте, Шекспир, Сервантес, Гете, Толстойлар...

 

Бүгін біздің алдымызда тұрған міндет солайша ғасырлар бойлап атой бергенде, біздің заманның геройларының аттары да Дон-Кихот, Гамлет, Фауст, Болконскийлер аттарымен қатар тұруға жарауында. Көркемөнердің өзге саласының өкілдері ренжімесін. Бұл жөніндегі бірінші сөз әдебиеттікі.

 

Біз жаңалық табу жолындамыз

 

Осыған жұрттың бәрі келіседі. Өзгерген дүниені баяндау үшін көркемөнер өзі де өзгеру керек дейміз. Олай болса, ендігі мәселе: сол өзгеріс кезеңі қайда? Қайсы? Міне, осы жайда көп пікірлер айтылды. Негізінде көпшілік шығарманың қысқа түрлі болуын, сөйлемнің жаңа ырғақ табуын, жанрлар шектерінің өзгерулерін, қысқасы, қорыта айтқанда, Әдебиеттік стильдің жаңаруын тілеседі.

 

Әдебиет жөніндегі салмақты сөз, тіпті жауапты сөз жөнін ойлағанда, менің ойымша, жаңағы жайлар кемшін соғады. Мәселенің ең зоры, бүгінгі әдебиетте бүгінгі адам психологиясы бар көлемінде көрінбей отырғанында ғой. Олай болса, сол біздің бүгінгі геройымыз жайын ең алдымен ойлау керек те.

 

Бүгінде оқушының ең алдымен тосып отырған адамы - ой еңсесі биік адам, интеллект иесі адам. Сондай адам есеп машинасын шеберлеп шығару жайында шұғылданған инженерге, космосқа алғаш баратын төрт аяқты жеңіл жәндік жайын зерттеп отырған биологке де ең алдымен керек адам екені даусыз. Заман ерекшелігі осылай. Тіпті заман шарты да осылай. Енді ойлы адам, интеллектуальный адам дегеніміз кім? Әрине, бұл "оқымысты" немесе "интеллигент" деген сөзімізбен барабар емес.

 

Адамды тарихтың ірі қайраткері ететін анық творчестволық ойдан жырақ, тек қана өз жұмыстарын жақсы білетін: агроном, инженерлер, оқытушы, дәрігерлер аз емес. Оларды интеллигент десек те, биік интеллект иесі дей алмаймыз.

 

Энциклопедиялық көп жақтан хабардар болу да интеллектің тереңдігін танытпайды. Қазіргі білім жеке ғылым саласына тереңдейтін мамандықты тілейді. Аристотельдің, Абуғали Ибн-Синаның, Леонардо да Винчидің жан-жақтылығы бұл күнде мүмкін де емес. Дәуіріміз бізден өзгені тілейді. Адамзаттың көп ғасырлы мәдениеті — бізге қалдырған мұра да өз дәуірің туралы жауапты терең ойлан дейді. Ал біздің әдебиетіміз анық күткен қадірлі замандасымыздың өзі де өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемінде даналықпен қамтып тани білетін адам. Ол адам коммунизмнің құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік, олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол — тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан.

 

Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті — дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде.

 

Ал әдебиетімізге келсек, дәуірдің құлашымен құлашы тең түсетін герой біздің шығармаларымызда аз ұшырасып отыр. Адамның ішкі әлемін суреттемек болғанда, біз көбінше оның сыртқы белгілерін ескереміз, күнделік еңбектегі өмірбаянын терумен болып, үлкен жанның өмірбаянын ескермей кетеміз. Замандасымыздың ой-сезім әлемін шамалы-ақ күйде таныту — біздің көп роман, драма, ұзақ әңгіме, қысқа әңгіме атаулымыздың бәріне ортақ әлсіздігіміз. Осы жайды мен өзім жақсы көретін жазушылар ішінде Г. Николаева романынан, Мехти Гусейннің, Ғабиден Мұстафиннің жаңа шығармаларынан және Асхат Мұхтардың, Түгелбай Сыдықбековтің соңғы кітаптарынан да байқап жүрмін. Мұнда аты аталмаған, аталуға мейлінше дәл келетін талай жазушыларды айтпай-ақ қояйық.

 

Жүрекке жүрек ашылсын

 

Замандасымыздың жан түкпіріндегі, жүрек тереңіндегі сыры мен шынын ашу үшін, өзіміздің де жүрегімізді соған үйлес ашу керек. Герценнің жас шағында Воробьев тауында берген анты "Былое и думы" сияқты жан тарихын ашатын кітап тудырды. Сүю мен жиренудің қызуына барынша берілген Белинскийдің жаны Гогольге арналған хатты жазғызды.

 

Заманымыздың геройы үшін біздің жанымыз өзімізден туған балаларымызға ашылғандай ашылсын. Ал біз көбінше сондай шын сырға сараңбыз. Өз күшімізді өзіміз жасырып іріккендейміз. Соны ірікпей, барды сарқа берген шағымызда көркем шығарма жайнап кетеді. Шолоховтың "Адам тағдыры", Твардовскийдің соңғы поэмасы, Овечкиннің кейбір очерктері біздің бүгінгі әдебиеттің ең алдыңғы шебінде тұрған сияқты. Себебі бұл жазушылар өз геройларына тынымсыз ойдың және өз заманы үшін ұлы жауаптылық сезіміне берілген ойдың қасиетін беріп отыр. Шолохов әңгімесіндегі ең ірі қасиет, менің білуімше, жазушы мен геройдың жүректері бар шындарымен ашылысып ұшырасуында.

 

Сөйтіп, реалдық өмірдегі жандардың интеллект байлығымен салыстырғанда, өз геройларымыздың іші жүдеу, жұтаң екенін көріп отырмыз.

 

"Лириканың қағажу" көруі, тегінде, оқушының күткен жерінен шықпай, заман мен адам турасындағы ой толғауды ашып бере алмауында сияқты. Осы жайды мен әсіресе өзіме әрі жақын, әрі таныс орта азиялық республикалар поэзиясы жөнінен айтар едім. Тіпті поэзия ғана емес, қалың романдарды, қысқа әңгімелерді оқығанда да біздің туысқан әдебиеттердің өсу-дамуы көп түйіндерді қамтып отырса да, ендеп жайылу сипаты мол. Ал адамына келсек, көңілің тоя алмайды. Шын геройды алсақ, ол оқушыны өзінің соңынан ертіп әкететін ұлы адамгершіліктің үлгісі болатын бүгінгі советтік қайраткер емес пе!

 

Рас-ақ, көп шығармаларды оқып отырғанда сол геройлардың еңбек етіп жүргенін, жиылыстарда сөйлегенін, кейде тіпті бас тұрмысын, үй іші тірлігін де көреміз. Ал жан әлеміне келсек, дәл сол геройларымыз оқушы үшін жабық күйде қалады. Жабық қана дейміз-ау, тіпті үстірт, олақ бейнеленіп қалады. Тегі, адам құр ғана әрекет етпейді, ол белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетеді. Сол байлаудың жасалуы ішкі бір қажетті сырдан туатын байлау екені бізден жасырын қалады. Ал оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған жасырынның өзі емес пе.

 

Біз болсақ, оқушыға геройдың интеллектін ашып беру орнына күнделік сыртқы күйін ғана көрсетеміз. Орны толмас олқылық осы. Мұның мысалына ешкімнің де аты-жөнін атамай отырғаным — осы кемшілік бәрімізге ортақ мін! Жай ғана мін емес, жазушылық жөніндегі ауыр айып.

 

Біздің республикалардағы халді алсақ, осы мәселенің орны өзгеше екенін андаймыз.

 

Мәдениет тарихы бүгіннен басталмағаны баршамызға айқын. Орыс әдебиетін алсақ, өз заманының өрескеліне, халық тағдырының ауыртпалығына жаны да, ойы да үңілген дәстүрлі герой сонау Радищевтен бастап Горькийге дейін үздіксіз жалғаса келген. Сондықтан бүгінгі орыс совет әдебиетіне интеллект иесі геройдың жөнінен жаңа, мығым дәстүр жасаудың қажеті жоқ. Ол дәстүр ерте туған. Ал орта азиялық туысқан елдер әдебиетіндегі жайға келсек, мұндағы күй басқаша. Біздің халықтарымыз өз уақытында капиталистік даму дәуірінен аттап өтті. Белгілі дәрежеде әдебиетте бұның кейбір қиыншылығы да болды. Біздің әдебиеттеріміз ұлы орыс әдебиеті мен мәдениеті кешіп өткен шыңдала шынығу дәуірін бастан кешкен жоқ. Сол себепті біздің жазушыларымыздың мойнында тұрған жауапты міндет — оқушыны тәрбиелегенде оның мәдениетін көтеріп, интеллектін тереңдетуіміз керек. Олай болса, әдебиеттегі интеллектуал дәстүрді туғызып, өсіре беруіміз керек. Әрине, бұл жөнде өткен шақтың да кейбір табыстарына сүйеніп, Абай, Шоқан сияқты мәдениет пен көркемөнер қайраткерлерінің дәстүрін пайдалану шарт. Сонымен қатар, ең алдымен, біздің бүгінгі күніміздің өзінің рухани байлығына сүйенуіміз керек. Әсіресе біздің жас жазушыларымызға жазушылық жолы, ең алдымен, өз басының мәдениеті зор болуына байланысты болғандықтан, ізденіп өсуі молырақ болса екен деген тілек айтар едім.

 

Геройдың интеллекті — көбінше жазушының өз интеллектінің, тереңдігі мен кеңдігінің туындысы. Әдебиеттің болашағын сөйлегенде, жаңа стиль мен жаңа түр жайын ойласқанда, жазушының өз заманы алдындағы жауаптылығы да ең алдыңғы қатардағы, ең үлкен жай екенін ұмытуға болмайды.

 

 

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар