Қандастар Ассамблея

Ecіл Қарқаралы

18.02.2014 3276
Қарқаралы кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күннің өзінде атақты Достоевскийдің кітабына ілінген жоқ па? Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ деп текке айтты деймісің?! Өнеріне сүйсінбегеннен айтат та... Қарқаралы үлкейгенде қайтті?! Тағы да алдымен ілінді ме? Қазақтың алғашқы қамқор ақыны Ахмет не айтты, естеріңде бар ма?

Ecіл Қарқаралы

Қарқаралы уезі — Семей облысында қызмет қылған орыс-қазақ өр қылығымен ерте таныс болып, белгілі болатын «аты шулы» уездің бірі, ардақты оқушы!

Аты шулы уез бола ма екен? Болса аты шулы кісіге не болат та  дерсіз, айтқан сөзіме күдіктенерсіз, бірақ аз ғана сабыр қылып ойлаңыз, түсінесіз.

Қарқаралының қай заманын алайын? Басынан бастасам да, аяғынан бастасам да бәрі бір. Қарқаралы қала болғалы шудан, бәледен, өтірік жала, сұмдықтан аман болған күні жоқ. Патша заманын, төңкеріс заманын алсам да алаңы-ашығы жоқ, үзілмей келе жатқан зұлымдық. Қай жағынан бастайын десем де көз алдыма ақ бас Көлке, Петрушкенің Алексейі, Захарлар, Мимдер келеді, оның артынан ұзын құйрық болып, қалпақ киген шешейлер, етегінен ұстаған тұмақтылар келеді... Қарқаралы әңгімесін басынан бастасаң да, аяғынан бастасаң да осы адамдар: «мен мұнда», — деп алдыңа келіп, тағзымменен бас иіп тұрады. Әңгіменің алқабы кім екенін ұғасың, қай жағынан бастасаң да осылар шығатынын білесің.

Бірақ біз Қарқаралы әңгімесін бүгін айтқалы отырмыз ғой. Заман өтіп кеткен соң, айтты не, айтпады не?.. Сорлы Қарқаралының өткен замандағы әңгімесін естісек...

Қарқаралы кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күннің өзінде атақты Достоевскийдің кітабына ілінген жоқ па? Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ деп текке айтты деймісің?! Өнеріне сүйсінбегеннен айтат та...

Қарқаралы үлкейгенде қайтті?! Тағы да алдымен ілінді ме? Қазақтың алғашқы қамқор ақыны Ахмет не айтты, естеріңде бар ма?

О да «өнеріне сүйсінген» жоқ па еді. «Хош, cay бол, Қарқаралы, жуылмаған, айдай бер қалса адамың қуылмаған» — ... деген сөздерді өзге уездерге қашан айтып еді? Өзгелер ондай өнерлі болса қазақ жұрты жер үстіне де сыймас.

Қай уез Қарқаралыға пар келеді?...

Пар келу үшін, өнер керек.

Қайсының, қай үкіметтің уақыты болса да бір уезді екі бөліп алып, партия істеуші едік, қайсының біріңді-бірің патша заманы болса, түрікке ақша жиды деп, ақ келсе — қызыл болды деп, қызыл келсе ақ болды деп, өтірік жала жауып, көрсетіп, айдатып байлатушы едік. Партиядан туған араздықты саясат жұмысының төріне айналдырып, дабырайтып, ел-жұртты сабылтып, әбігер қылып, біреуді аттырып, біреуді айдатып, байлату кімде бар? Біреуден кегін алу үшін қалаға келген начальникке, комиссарға, кім болса соған жағынамын деп сый беру, күндіз-түні қонақ қып, пальтосын әперіп, калошын салу кімде бар. Жаман үйреніп есірген ұлықтың төрелігі, иттігі асып, елді езіп отырғанда, жұрттың көзіне қанды жасты ағызып отырғанда сіз ақылдысыз, сіз жәйлі төресіз деп жорғалап отыру кімде бар? Губерниялық махкәмалар сол төренің иттігіне шыдамай губернаға шақыртып, орнынан түсірмек болғанда, бұл кісі бізге жәйлі еді, Қарқаралыда қалдырсаңдар екен деп, приговор жиып беріп, мойнына бұршағын салып тілейтін мінез кімде бар? Губерниядағы қазақ оқығандары қызметке алдырамын десе, оны зорлық, жаулық деп ұғып, әлгі төреге жібере көрме деп жалынып, жалпы етек болатын мінез кімде бар? Сондайлардың өз бастарына қорған болғанына мәз болып, иттігінен жылап отырған елдің халын ұмытқан, беттің арын белбеуге түйген кім? Жауыздық қылған ұлықтардың жәбірлерін губерниялық махкәмаларға білдір десе, қарсы тұр десе сол кісінің өзін көрсететін кім?

Жылап отырған елдің көріп отырған жәбірін айтуға қорқып, өз басының амандығы үшін елді, жұртты құрбан қылып, қалтырап отырған қоян жүрек қорқақ кім?..

Ардақты оқушы, бұның бәрін істеуші кім десең, баяғы «жуылмаған Қарқаралының,» жойылмаған оқығандары. Бұның, бәрін білгің келсе, көзіңменен көргің келсе, Қарқаралыға бар. «Ревизорды» оқымасаң да, «геройлардың» көзімен көріп қайтасың.

Көрудің үстіне өзің де Гоголь боласың.

Мінеки, жарықтық Қарқаралының ерекшелігі осы еді «аты шулы» деген ат осындай мінездерінен туып еді, Жалғыз-ақ есіл Қарқаралы осы күнде жүдеп тұр. Басына қайғылы күндер туып тұр. Ол не десеңіз: талайдан өзіне лайықты болып кез болған көздің ағы мен қарасындай екі төресі — Метрей, Ваганов губкомның һәм исполкомның бұйрығы бойынша 24 сағаттық ішінде орындарынан қуылып, Семейге айдалып келіп отыр. Бұлардың бірі исполкомның бастығы, бірі мүшесі еді. Оның үстіне оқығандарды губерния жауынан сақтайтын қорғаны еді, елдегі пәлеқұмар, жемқорлардың асқар белі еді. Бұлардың ақсақалды сары тісті бол, тағыңда ағар деп батасын берген ерлері еді. Олар көзден ғайып болды, өткен күн бір күнгідей болған жоқ.

Енді Қарқаралы не күйге ұшырайды?! Ақ бас Көлке болса қартайды, орнын басқан Метрей болса, орнынан тайды.

Оны жоқтатпайтын ер табылар ма?..

Мектептің орындығында отырып начальникке арызды қалай жазады, жандаралға арызды қалай жазады деп, жасынан адвокат болған оқығандардың орнын басатын ерлер табылар ма?

Ой, неңе табылсын...

Бұл құрыған заман емес пе?..

Есіл Қарқаралы...

М. Ә.

Мұхтар Әуезов