Қандастар Ассамблея

Әннің сөзі

05.12.2012 4770
Әннің сөзі Ол кісіні бір көрсем деген бұның өн жүрегін қақ жарған арман еді. Күткен шағы жетті де, бір сәтте алдына келді. Бірақ келуін келсе де басында бұның түсі қорғаншақтау сияқтанып, әлденеден қысылғандай боп көрінді. — "Үнім, жәйім ұнай ма, ұнамай ма?" деген күдік еді... ән болып жаралғалы дәл осы сағатқа шейін: "осы мен қандай екемін" деген сұрақтың бұның басына ең алғаш келгені де осы еді. Әйтседе алғашқы қысылғандық ана кісіге жетіп қолын алғанша ғана білінді де, қол ұстасқанның артынан өзінен өзі жадырап, айыға берді. Әннің бар перне, бар шегіне бұл күнге шейін жанға айтылмаған, бір жүрек сыры оралып толқып кеп, күйдей күңіреніп тұр екен. Сол жәйі бұған біткен барлық шыншылдықпен, өзінен өзі жаңағы сыр үні боп ширатыла, айтыла жөнелді. Ән өз пернесін тапты... Ол тіл қатты. — Халықтардың көсемі! Мен саған бетегелі далалар, асқар-асқар таулар, кесе-кесе құмдардың, жел селдің сәлемін әкелдім. Және ол жерлерде көше жүріп оқтын-оқтын қоныс еткен тарихтардың, сол тарихтар ішінде күле туып, күңіреніп өткен еңбекші адамның сәлемдерін әкелдім. Мен қазақтың ескі әнімін, — деді. Ол кісі — "Білемін!" — деп басын изеді... Тыңдайын дегендей белгі еді. Ән өзінің ғасырлық шумақтарын шырқай шолып алмақ боп: — Мен кім едім, кім боп келем!.. Саған немен келдім?.. Сонымды тыңда... — деп бастап. — Менің туысым көп тамырдан дән алған туыс еді, — деді. — Көшпелі ордалардың қанды көбік шашқан сыңсуы, асау ойнаған бір кезең еді. Соның, жау дегеннің де, өзім дегеннің де қалың елін қан жылатқан күндері маған ең алғаш халық зары деген тіл бітіріп еді. Тағы бір саты: қайта қаптаған сел болып отар тапқан, ел шапқан зеңбіректі қолдарда күйзелте күңіренткен еді. Бұның уақытында менің ер жетіп есейіп қалған шағым еді. Бойұсына алмадым, көнбедім... Өзіммен өзім боп оқшау кеттім. Мен бетегелі дала, сазарған құм бұлт құшқан тауларды мекен еттім. Таудағы елік, құмдағы киіктей үркек те, сергек те боп кеттім. Егеспен, уытпен кеткен бойымда мен өзімнің мұңдасым, үндесімді іздедім. Ол тапқаным ұшы-қиыры жоқ таусылмас елсіз қиян, сонда құтырышып құмды үйіріп ойнап, жалғыз әлек салған ысқырған жел еді. Иә өзінен басқа күшті жоқтай тау қойнының даңғаза қып соққан сел еді. Мен осылармен жарысып, солардың тілімен сөйлеп өстім. Желменен кейде бірқалыпты баяулық, ұзақтық салыстыра-тұғым. Қатпар-қатпар тауменен ойлы-қырлы толқынды сарын жарыстыра-тұғым. Құмды шөлді далада мұңды жоқшылық, жұтаған жүдеулік зарын бірге зарлай-тұғым. Бетегелі далада, бүк түскен жасыл белдерде, жотадағы қойшы, жылқышының үнсіз көкке, мылқау желге шаққан мұң-дертіне тілші боп мен өскем. Қара желді, ұзақ қара түндерде қой шетінде қараңғылық пен жым-жырттыққа бөленген, тылсым буған өмірмен әйел өтті. Ана өтті. Соның жүрек жарған өксігі, шерімен атқан жалыны боп мен шықтым. Мен өзімнен өзге әнді тыңдаған жоқ едім. Менімен жаны, күйі бір туысқан, пернесі бір көршілерімізді де білмегем. Өзім өз бетімде қайырусыз, шырқап, шалқып келдім. Ұзақ дала, алып тау, үздіксіз жел ырғалып, еміреніп кеп шер толқытса, тіл қатса мендей үнмен сөйлейді деп келгем. Ол шақта мен өзгерем, жаңа туыс табам деп те ойламап ем. Үйткені сенгенім менің үнімдей қайырусыз өсіп, заманнан заман міз бақпай, былқ етпей келген дала, тау, сел, жел еді. Ғасырлар бойында домаланған киіз үй де сол, бірқалыпты даладай, қалпынан аумады. Мың жылдар өткен тарихында көшіп қана мал баққаннан елі де аумады. Мен сол суреттер мен сол күйі, сол қалыпты мызғымас бітім (bitem) деп білгемін. Өткен күнім, өскен бесігім сол еді. Бірақ енді ойланып қарасам, ғасырларға созылған мешелдік айығыпты, тас шемендер жадырапты. Бұрынғы аумас, айнымасымның бәрі бұрынғы қоныстарынан кетіп-кетіп қапты. Дала алысы жақындап, ұзағы қысқарып жеңілдім дейді. Сел өзі сезбей ішіне бүгіп келген от қуатын төкті. Тау қабағын ашып, қатпарын жазды. Қатты деген ол да, сараң деген құм да бүгінде қазынасын ақтарып, береген болды. Бұрын сол ұйқылы үнсіздің бәріне тіл мен тыныс боп жүрген мен бүгін соның бәрінен кейін қалсам оңай ма? Тағы бір нәрседен қысылам... Мен өзімді "ең зор үнді, ең кең тыныстымын" деп келіп ем. Тау, даланың жалғыз айғайшы, атойшысы да өзім ғана деуші едім. Өйткені мен өскен отанда менен даусы зордың өзі жоқ та еді. Менің сіңілім поэзия, бір жайды жалтарта айтатын өзінің бойына біткен машығы бойынша, қатты үндіні айтам дегенде: "Я ботасы өлген түйенің боздауын атап, я қасқырдың ұлуындай" дейтін еді. Сондай үнсіздік ішінде менің даусым ең зор дауыс екені рас та еді. Мен алдыма жан түседі деп білген де емен. Бірақ енді байқадым. Тау гудокпен оянып ұйықтайды. Өзен өлкені кеме сигналы жандандырады. Далаларды айғыз-айғыз тілген, желінен жүйрік паровоздардың үндері баурап меңгереді. Үнсіз құм, қыбырсыз шөлдің меңіреулік аспанын моторлар тітіретіп шарқ ұрып, қақ жарып өтеді. Осы әндердің бәрі де менің үнімнен ащырақ та, күштірек те боп кетті. Мен сырттан сипап, желпіп қана жүрсем сол тау, дала, құммен, аспанмен шын тілдесе алатын сол үндер бопты. Мыналардың өміріне сүйсіне тыңдаймын үні де сондай күшті, өткір үн екен. Әсіресе бір кезде сол сараң дүниеге менімен ғана тіл қатқан адам, кешегі көшпелі бақташы да, сол жаңағы үндермен өз орнын, тарихи орнын табатын болды. Маған мұның назын бөлеуші еді. Аналарға қайратын, тартыс табысын, келешегін бөлеп байланыстырған болды. Ол кездегі еңсесі түскен адам қазір тауы, су, аспаны мен құмына бұрынғыдай шошына, сиына қарамайтын болды. Қайта шүу асауды құлақтан басып қос өкпеге тепкілеп, құл тұғырдай көлік етіп мініп ап, өмірінің, тарихының ең жанды шағын, жаңа дәуірін сол жаңа үндермен бастады. Адамның аш бетіне қан жүгірді. Тіршілік әні енді ғана шындап, басымдап қатты самғап соға бастады. Осының бәрі сенен келген үн. Сен өлкелердің өлі бойларына жаңа күй тараттың. Халықтардың жүрегімен тілдесетін күй таптың. Сенің жүрегіңнің соғуын мен өзімнің сала-сала тау суымнан танып келдім... Барлық менің өмір тарихымда бірінші рет кеп тіл қатқан адамым, алдына келген адамым сенсің. Ән жалған айтпайды, айта алмайды. Әсіресе халық әні бұлтарып көрген емес, жаман болсын, жақсы болсын бары бір-ақ айтылады. Шыным, мен сенің алдыңда қысыламын... Бірақ менің жүрегім жас... Мен тіршілікті даттаушы, өнген, өскенді қостаушымын. Маған да лебіңді тигіз. Кертартпақтың кебін киген мен емен... Мен де сенің үніңді күйлеп: ұйқылы болса сергітіп, тумағанды тудырып, келешектің буындарына атой бермекпін. Маған не айтасың?..— деп, ол кісіге қадала қарап тұрып қалды. Өңінде сенім де, қуаныш та бар еді. Ойдағының бірталайы айтылып шыққанына да ырза еді. Халықтардың көсемі әуелі жадырап, мейірімді жүзбен күлді де, содан әннің қасына жақындап кеп, үн қатты: — Замандар мен мұңлы буындар үндерін жеткізіп баян еткеніңе рахмет. Сен данасың. Мәңгі жас жүрегің бар, ол жүрегің — халық жүрегі. Сондығыңмен данасың. Сондықтан сен түбінде, ешкімнен олқы боп, кейін қалмайсың. Сен отаныңның жаңа тарих таңын көріп тұрсың, жаңа дүние сарынын ұғыпсың. Сол көріп, сол ұғуың табысыңа, өсуіңе кепіл. Сені мен құрметтім деп санаймын. Соны ұмытпа! — деді. Ән ұзақ қарап тұрып ақыры ырзалықпен қош айтты. Ұзақ қарағаны іштен алғыс айтқан уақыты еді. — Менің жас шағымды қайта әкеп бердің, енді қуанып, бақыт сазын шерту үшін жасарттың. Сенің өсиетіңді ақтармын, сенің бір ұшқының боп өзіңе ұқсап бағармын — деп ұзақ қарап еді. Мұхтар Әуезов

Әннің сөзі

Ол кісіні бір көрсем деген бұның өн жүрегін қақ жарған арман еді. Күткен шағы жетті де, бір сәтте алдына келді. Бірақ келуін келсе де басында бұның түсі қорғаншақтау сияқтанып, әлденеден қысылғандай боп көрінді.

— "Үнім, жәйім ұнай ма, ұнамай ма?" деген күдік еді... ән болып жаралғалы дәл осы сағатқа шейін: "осы мен қандай екемін" деген сұрақтың бұның басына ең алғаш келгені де осы еді. Әйтседе алғашқы қысылғандық ана кісіге жетіп қолын алғанша ғана білінді де, қол ұстасқанның артынан өзінен өзі жадырап, айыға берді. Әннің бар перне, бар шегіне бұл күнге шейін жанға айтылмаған, бір жүрек сыры оралып толқып кеп, күйдей күңіреніп тұр екен. Сол жәйі бұған біткен барлық шыншылдықпен, өзінен өзі жаңағы сыр үні боп ширатыла, айтыла жөнелді. Ән өз пернесін тапты... Ол тіл қатты.

— Халықтардың көсемі! Мен саған бетегелі далалар, асқар-асқар таулар, кесе-кесе құмдардың, жел селдің сәлемін әкелдім. Және ол жерлерде көше жүріп оқтын-оқтын қоныс еткен тарихтардың, сол тарихтар ішінде күле туып, күңіреніп өткен еңбекші адамның сәлемдерін әкелдім. Мен қазақтың ескі әнімін, — деді.

Ол кісі — "Білемін!" — деп басын изеді... Тыңдайын дегендей белгі еді.

Ән өзінің ғасырлық шумақтарын шырқай шолып алмақ боп:

— Мен кім едім, кім боп келем!.. Саған немен келдім?.. Сонымды тыңда... — деп бастап. — Менің туысым көп тамырдан дән алған туыс еді, — деді. — Көшпелі ордалардың қанды көбік шашқан сыңсуы, асау ойнаған бір кезең еді. Соның, жау дегеннің де, өзім дегеннің де қалың елін қан жылатқан күндері маған ең алғаш халық зары деген тіл бітіріп еді. Тағы бір саты: қайта қаптаған сел болып отар тапқан, ел шапқан зеңбіректі қолдарда күйзелте күңіренткен еді. Бұның уақытында менің ер жетіп есейіп қалған шағым еді. Бойұсына алмадым, көнбедім... Өзіммен өзім боп оқшау кеттім. Мен бетегелі дала, сазарған құм бұлт құшқан тауларды мекен еттім. Таудағы елік, құмдағы киіктей үркек те, сергек те боп кеттім.

Егеспен, уытпен кеткен бойымда мен өзімнің мұңдасым, үндесімді іздедім. Ол тапқаным ұшы-қиыры жоқ таусылмас елсіз қиян, сонда құтырышып құмды үйіріп ойнап, жалғыз әлек салған ысқырған жел еді. Иә өзінен басқа күшті жоқтай тау қойнының даңғаза қып соққан сел еді. Мен осылармен жарысып, солардың тілімен сөйлеп өстім.

Желменен кейде бірқалыпты баяулық, ұзақтық салыстыра-тұғым. Қатпар-қатпар тауменен ойлы-қырлы толқынды сарын жарыстыра-тұғым. Құмды шөлді далада мұңды жоқшылық, жұтаған жүдеулік зарын бірге зарлай-тұғым. Бетегелі далада, бүк түскен жасыл белдерде, жотадағы қойшы, жылқышының үнсіз көкке, мылқау желге шаққан мұң-дертіне тілші боп мен өскем.

Қара желді, ұзақ қара түндерде қой шетінде қараңғылық пен жым-жырттыққа бөленген, тылсым буған өмірмен әйел өтті. Ана өтті. Соның жүрек жарған өксігі, шерімен атқан жалыны боп мен шықтым. Мен өзімнен өзге әнді тыңдаған жоқ едім. Менімен жаны, күйі бір туысқан, пернесі бір көршілерімізді де білмегем.

Өзім өз бетімде қайырусыз, шырқап, шалқып келдім. Ұзақ дала, алып тау, үздіксіз жел ырғалып, еміреніп кеп шер толқытса, тіл қатса мендей үнмен сөйлейді деп келгем. Ол шақта мен өзгерем, жаңа туыс табам деп те ойламап ем. Үйткені сенгенім менің үнімдей қайырусыз өсіп, заманнан заман міз бақпай, былқ етпей келген дала, тау, сел, жел еді. Ғасырлар бойында домаланған киіз үй де сол, бірқалыпты даладай, қалпынан аумады. Мың жылдар өткен тарихында көшіп қана мал баққаннан елі де аумады. Мен сол суреттер мен сол күйі, сол қалыпты мызғымас бітім (bitem) деп білгемін. Өткен күнім, өскен бесігім сол еді.

Бірақ енді ойланып қарасам, ғасырларға созылған мешелдік айығыпты, тас шемендер жадырапты. Бұрынғы аумас, айнымасымның бәрі бұрынғы қоныстарынан кетіп-кетіп қапты.

Дала алысы жақындап, ұзағы қысқарып жеңілдім дейді. Сел өзі сезбей ішіне бүгіп келген от қуатын төкті. Тау қабағын ашып, қатпарын жазды. Қатты деген ол да, сараң деген құм да бүгінде қазынасын ақтарып, береген болды. Бұрын сол ұйқылы үнсіздің бәріне тіл мен тыныс боп жүрген мен бүгін соның бәрінен кейін қалсам оңай ма? Тағы бір нәрседен қысылам... Мен өзімді "ең зор үнді, ең кең тыныстымын" деп келіп ем. Тау, даланың жалғыз айғайшы, атойшысы да өзім ғана деуші едім. Өйткені мен өскен отанда менен даусы зордың өзі жоқ та еді. Менің сіңілім поэзия, бір жайды жалтарта айтатын өзінің бойына біткен машығы бойынша, қатты үндіні айтам дегенде: "Я ботасы өлген түйенің боздауын атап, я қасқырдың ұлуындай" дейтін еді. Сондай үнсіздік ішінде менің даусым ең зор дауыс екені рас та еді. Мен алдыма жан түседі деп білген де емен.

Бірақ енді байқадым. Тау гудокпен оянып ұйықтайды. Өзен өлкені кеме сигналы жандандырады. Далаларды айғыз-айғыз тілген, желінен жүйрік паровоздардың үндері баурап меңгереді. Үнсіз құм, қыбырсыз шөлдің меңіреулік аспанын моторлар тітіретіп шарқ ұрып, қақ жарып өтеді. Осы әндердің бәрі де менің үнімнен ащырақ та, күштірек те боп кетті. Мен сырттан сипап, желпіп қана жүрсем сол тау, дала, құммен, аспанмен шын тілдесе алатын сол үндер бопты. Мыналардың өміріне сүйсіне тыңдаймын үні де сондай күшті, өткір үн екен. Әсіресе бір кезде сол сараң дүниеге менімен ғана тіл қатқан адам, кешегі көшпелі бақташы да, сол жаңағы үндермен өз орнын, тарихи орнын табатын болды. Маған мұның назын бөлеуші еді. Аналарға қайратын, тартыс табысын, келешегін бөлеп байланыстырған болды. Ол кездегі еңсесі түскен адам қазір тауы, су, аспаны мен құмына бұрынғыдай шошына, сиына қарамайтын болды. Қайта шүу асауды құлақтан басып қос өкпеге тепкілеп, құл тұғырдай көлік етіп мініп ап, өмірінің, тарихының ең жанды шағын, жаңа дәуірін сол жаңа үндермен бастады. Адамның аш бетіне қан жүгірді. Тіршілік әні енді ғана шындап, басымдап қатты самғап соға бастады. Осының бәрі сенен келген үн. Сен өлкелердің өлі бойларына жаңа күй тараттың. Халықтардың жүрегімен тілдесетін күй таптың. Сенің жүрегіңнің соғуын мен өзімнің сала-сала тау суымнан танып келдім... Барлық менің өмір тарихымда бірінші рет кеп тіл қатқан адамым, алдына келген адамым сенсің. Ән жалған айтпайды, айта алмайды. Әсіресе халық әні бұлтарып көрген емес, жаман болсын, жақсы болсын бары бір-ақ айтылады. Шыным, мен сенің алдыңда қысыламын... Бірақ менің жүрегім жас... Мен тіршілікті даттаушы, өнген, өскенді қостаушымын. Маған да лебіңді тигіз. Кертартпақтың кебін киген мен емен... Мен де сенің үніңді күйлеп: ұйқылы болса сергітіп, тумағанды тудырып, келешектің буындарына атой бермекпін. Маған не айтасың?..— деп, ол кісіге қадала қарап тұрып қалды. Өңінде сенім де, қуаныш та бар еді. Ойдағының бірталайы айтылып шыққанына да ырза еді.

Халықтардың көсемі әуелі жадырап, мейірімді жүзбен күлді де, содан әннің қасына жақындап кеп, үн қатты:

— Замандар мен мұңлы буындар үндерін жеткізіп баян еткеніңе рахмет. Сен данасың. Мәңгі жас жүрегің бар, ол жүрегің — халық жүрегі. Сондығыңмен данасың. Сондықтан сен түбінде, ешкімнен олқы боп, кейін қалмайсың. Сен отаныңның жаңа тарих таңын көріп тұрсың, жаңа дүние сарынын ұғыпсың. Сол көріп, сол ұғуың табысыңа, өсуіңе кепіл. Сені мен құрметтім деп санаймын. Соны ұмытпа! — деді. Ән ұзақ қарап тұрып ақыры ырзалықпен қош айтты. Ұзақ қарағаны іштен алғыс айтқан уақыты еді. — Менің жас шағымды қайта әкеп бердің, енді қуанып, бақыт сазын шерту үшін жасарттың. Сенің өсиетіңді ақтармын, сенің бір ұшқының боп өзіңе ұқсап бағармын — деп ұзақ қарап еді.

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар