Қандастар Ассамблея

Түгіскен ескерткіштері

05.12.2012 12336
Түгіскен ескерткіштері – соңғы қола және ерте темір дәуірлерінен сақталған жерлеу ескерткіштері. Қармақшы ауданы Іңкәрдарияның құрғақ арнасының сол жағалауында, Қызылордадан 300 км жерде орналасқан. 1959 жылы Хорезм археологиялық экспедициясының(жетекшілері С.П. Толстов, М.А. Итина) ұшақпен барлау жұмыстары нәтижесінде ашылып, негізгі зерттеулер 1959 – 1963 жылдары жүргізілген. Аласалау төбе үстінде орналасқан жалпы саны 70 астам нысан планигриялық тұрғыдан екі топқа, яғни біршама шағындау солтүстік топқа және ескерткіштердің денін қамтитын оңтүстік топқа ажыратылады. Орналасу тәртібі бойынша ғана емес, хронологиялық тұрғыдан да екі бөлек уақытқа қарасты болғандықтан, ғылымда бұл екі топты Солтүстік Түгіскен және Оңтүстік Түгіскен деп атау қалыптасқан. Солтүстік Түгіскен тобындағы жәдігерлердің арасында соңғы қола дәуіріне жататын 7 күрделі құрылымдағы кесене ғылыми зерттеулерде айрықша орын алады. Біздің заманымыздан бұрын 9 – 8 ғасырлар мерзімделген бұл кесенелер ақсүйек-шонжарлардың, ірі тайпа көсемдерінің жерлеу орны ретінде салынған. Төңірегіндегі тіркестіре салынған шағын құрылыстар ақсүйектердің туыстарын жерлеген орындар болуы мүмкін. Архитектуралық-құрылымдық жағынан алғанда кесенелердің басты ерекшелігі – шеңбер мен шаршы геометриялық ұғымдарын ұштастыра отырып салынуы. Қабырғалар шикі балшықтан жасалған, тікбұрышты, өлшемдері 54х28х10 см, 48х32х10 см, түсі ашық қызғылт кірпіштерден қаланған да, құрылыстардың үстін жабуда ағаш қолданылған. Есіктер күн¬шығыстан шығарылған. Арасында 4, 5 және 7-кесенелер ең ірілері болып саналады. Мұнда диаметрі 14 м шеңбер қабырғаларының ұзындығы 17,5 – 18 м болатын сыртқы шаршының ішіне келтірілген. Одан ортаға таман биіктігі 2 м 8 немесе 12 балшық колонна дөңгеленте тұрғызылған, ал одан ішке қарай тағы да осындай колонналардың 4-і немесе 8-і шаршы пішінде орналасқан. Дәл ортада сақталған диам. 15 – 20 см бағана шұңқырлары адам жерленген шағын алаңқайды айнала өтеді. Мүрделер тегістелген жерге жатқызылып, салт-жоралар өткізілген соң өртеліп отырған. Зерттеулер, сондай-ақ, оттың біраз уақыт жанып тұратын болғанын, мұның нәтижесінде бүкіл құрылыс отқа оранып, ағаш жабындылар жанып кететінін көрсетті. Бұл кездейсоқ жайт емес. Көне дәуірлерде адам өмірінде айрықша орын алған оттың бір тылсым сыры – оның қаттыны ерітетін, шикіні пісіретін, қараңғыны жарық қылатын деген сияқты арнаулы «өткізгіштік» қасиеті. Бұл жерде оттың өлген адамды басқа дүниеге апаратын, яғни оны басқа жағдайға «өткізетін» осындай астарлы күші ескерілген. Бастапқыда кесенелер цилиндр-конус пішіндес биік, салтанатты ғимараттар түрінде болған, олардың үстіне топырақ оба тұрғызылмаған. Кесенелерден табылған заттай деректердің арасында бүтін сақталған 200-ге жуық қыш ыдыстар ерекше орын алады. Дені бай өрнекті, өте сәнді бұл ыдыстар екі топқа бөлінеді. Мұның көбі Орталық Қазақстан көне мәдениеттерінен бастау алатын, Андронов және Беғазы-Дәндібай дәстүріндегі қолмен жасалған ыдыстар. Екінші шағындау топты оңтүстік, яғни ортаазиялық мәдениеттерге тән, құмырашы дөңгелегінде жасалған ыдыстар құрайды. Сондай-ақ, алтынсырғалар, қола жебе ұштары, тас моншақтар сияқты бұйымдар да бар. Қыш ыдыстағы ұқсастықты айтпағанда, кесенелер салыну жобасы бойынша да Орталық Қазақстан атақты беғазы-дәндібай мәдениетінің, әсіресе Беғазы зиратының жерлеу құрылыстарына жақын. Ғылыми пайымдаулар бойынша, кесенелерді соңғы қола кезеңінде Іңкәрдария атырабын тұрақты мекендеген, ататектері Арқа өңірімен тығыз байланысты болған этникалық топтар қалдырған. Оңтүстік Түгіскен – сақ дәуірінің ескерткіші. Мұнда қазылған 34 оба және сондай-ақ, солтүстік топтағы кесенелер маңынан қазылған 4 оба да, барлығы біздің заманымыздан бұрын 7 – 5 ғасырлырға жататыны анықталған. Оның ішінде ескерткіштердің негізгі тобын құрайтын біздің заманымыздан бұрын 7 – 6 ғасыр обаларының топырақ үйіндісінің диаметрі 15 – 20 м, биіктігі 1 – 1,5 м. Тікбұрышты, тереңдігі 2 м-ге баратын шұңқыр қабірлер батыстан шығысқа созылған. Қабірдің беті ағаш бөренелермен жабылып, оның үстіне және айнала 2 – 5 м радиуспен қамыс қабаты төселген. Ағаш жабындыда көбіне оттың іздері анық байқалады, бірақ солт. топтағы кесенелердегі сияқты мәйіт пен құрылыс түгелдей өртелмеген. Анығында, бұл жерде қабірдің үстіне от қойып, дәстүрдің шартты түрдегі рәсімін көрсеткеннен соң, оттың жанып бітуін тоспай, дереу топырақ үйіндімен жауып тастап отырған. Қабір еденінде бұрыштарды айнала өтетін бағана шұңқырлары бар, ал кейде төрт іргенің бойымен жіңішке ор қазу арқылы мәйіт жатқызылған ортаны үстелше сияқты көтерген. Бұлардан бөлек 3 обада шұңқыр қабір қазылмай, мәйітті тегістелген жер бетіне қойып, оның үстіне бір немесе екі қатар шағын бағаналар арқылы күркеше тәрізді ағаш құрылыс тұрғызған және оны топырақ үйіндімен жапқан. Біздің заманымыздан бұрын 5 ғасырға жататын саны аздау обалардан байқалған негізгі айырмашылықтарға қабірлердің біршама тереңдігі, қабірден оңт.-шығысқа қарай тартылған, ұзынд. 5 – 12 м дәліз-дромостардың болуы, темір бұйымдардың көбеюі, мүрделердің басы бұрынғыдай батысқа емес, солтүстік-шығысқа қаратылуы жатады. Зерттелген сақ дәуірі обаларынан алмұрт пішіндес құмыралар, тікбүйірлі көзелер, аяқтар сынды көптеген қыш ыдыстар, қоладан құйылған ат әбзелдері, айналар, садақ жебелері, тас құрбандық ыдыстары табылған. Ғалымдардың пікірінше, Оңтүстік Түгіскенді және бұдан небәрі 30 км жерде орналасқан, мәдени ерекшеліктері бойынша өте жақын Ұйғарақ қорымын Солтүстігінде Түгіскенде жерленген этникалық топтың тікелей ұрпағы болып саналатын сақ дәуірінің тұрғындары қалдырған.

Ұқсас материалдар