Қандастар Ассамблея

Абай өмірбаянының төртінші нұсқасы

04.12.2012 12627
Абай өмірбаянының төртінші нұсқасы (1950) Абайдың өмірбаяны Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі - Құнанбай, атасы - Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай - осы Жігітектің баласы. Қайдостан - Бөкенші, Борсақ тарайды. Айдос өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық адам болғандықтан, оны "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" дейтін мәтел бар. Осы Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай. Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде, бір жағынан, тапқыр шешендік, бір жағынан, бақсы құшнаштық сияқты сәуегейлік те болған. Айпараның өзінен қалған бір ауыз сөз - төрт баласына берген аналық сын сөзі. Сонда: Шынжыр балақ, шұбар төс - Ырғызбайым, Тоқпақ жалды торы айғыр - Көтібағым. Әрі де кетпес, бері де кетпес - Топайым, Сірә да оңбас - Торғайым, - дейді. Сол шешесі дәме қылған Ырғызбай өзге туысынан анық артық болып, озып шығып, ортасы дәме қылған жігіт болады. Тобықтының сол күндегі биі Кеңгірбай өзге барлық жас-желеңнің ішінен Ырғызбайды сынайды. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Ол кез - көп бидің парашыл кезі. "Сыбаға" деп, "жол" деп, мол параны бадырайтып алып жатады. Кеңгірбайға да осы жөнде көп жаманат еретін. Соның мысалы байы өлген қаралы бір әйелдің даусынан байқалады. Ері жанжал - төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел: Мойны, басы былқылдап, Ырғызбай жүрді араға, Кеңгірбай толды параға, Параға алған қара атан, Тігілгей еді қараңа, — деген. Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, сол інісі ертерек өліп қалады. Ырғызбайдың өзге бір ерекшелігі - жас кезінде үлкен ас, ұлы дүбір жиында күреске түсетін үлкен балуан болған. Уақытында қазақтың көп руларының арасында зор лақап болып жайылған бір күресі бар. Ол - қазақ, Қоқан халықтары жиналған бір аста "Қоңыраулы балуан" деген түйе балуанды жыққаны. Ырғызбайдың бірнеше баласы болған. Олары: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай. Өскенбай Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең артығы болады. Кеңгірбай Ырғызбай өлген соң, оның орнына Өскенбайды ұстайды. Бертін келіп, өзі қартая бастаған кезінде өз орнына Өскенбайды би етпек болады. Сол күннің жолы бойынша батасын беріп, Өскенбайды би қояды. Өскенбай өзінің ел меңгеру әдісінде, ең алдымен, көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан. Ел ортасында сақталып қалған сөздің бірінде: "Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар" деген сөз бар. Бұ да билердегі сатымсақтық, жемқорлық дағдыны көрсетеді. Содан мезі болған, жиренген ел өз сынын әр тұста қатты айтып отырған. Қайырсыз болған жазыңнан – Қайырлы болған қыс артық. Көрінбеген алтыннан – Пайдасы тиген мыс артық. Пара жеген билерден – Қасқыр алған ит артық, — деген сөздер би атаулының қайсысына болса да сын, таразы тәрізді еді. Парашыл әкім кім болса да оған ел сыны беті - жүзіне қарамай қатты айтылатын. Би ғана емес, халықты меңгерген хан, төреге де соны ашып айтатын. Сол Кеңгірбай тұсында Найманды билеген мықты төре Бопыға айтылған бір сын сөзде: Бопекемнен төрелік іс кетпеген, Жегеніне Байыстай ел жетпеген. Қара сөзге құбыладан ескен желдей, Алдынан тоқтылы - қой дау бітпеген, — дейді. Парашыл, жегіштік елдің дау - шарына бітім таптырмай, көпке кесір болған соң осындай ащы мысқыл да, қатты, қатал сын да көп туып, ел аузында күнде айтылып жүре берген. Сондықтан Өскенбай бұл жағынан тиімді болады. Бірақ осындай болумен қатар, елді күшпен, зіл мен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт алдына жүгініске келіп отырған Мәмбетей деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел. Озбыр, зорлықшыл, жыртқыштық мінез иесі екенін де танытады. Өскенбай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ержетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Бұның шешесі Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. 1850 жылы 72 жасында Өскенбай өледі. Зере ерінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп, тоқсанға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі - Абайдың бала, бозбала күнінде ауылдың бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы естімейтін болады. Балаларына дұға оқытып үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі - Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа, оқу тәрбиесін көрмеген. Мұның орайында жас күндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша, батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде мықты, найзагер болып та саналған. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болған. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпта болған сияқты. Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен айлалы болған. Бұның кісілікке толық іліккен кезінде Сібір даласы "1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан жарғы" бойынша округке бөлініп, "округтік приказдар" билейтін. Округтің бастығы - аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі - үкімет чиновнигі (елдің көбі мұны "майыр" дейді). Үшінші мүшесі - сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады. Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес боп жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Бөкейханның нәсілі Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, "Құнанбайдың басының қасиетінен" деп кеткен. Сол кездегі атқамінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай "қарадан хан болған" деп аталады. Құнанбай бірде Тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), бірде жаңағыдай аға сұлтан болып жүрген кезде басынан талай үлкенді-кішілі уақиғалар атқарған. Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме аса көп. Себебі Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл, ой да, қажыр-қайратта, әмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты, кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен. Ол жайындағы әңгімелерді ақын Абай атына байланыстырмай-ақ, неше алуан ғып ел аңызы көп сақтаған, көпке жайған. Шынында, Құнанбайдың ұзақ өмірі (ол 80 жасқа жетіп өлген) қилы-қилы уақиғаға аса бай еді. Өскенбайдың өзі барда ел ішін ерте қолға алған Құнанбай ру тартысының зор қақтығысын жасырақ шағында да бірнеше көреді. Ондағы тартыс, Тобықтының өз ішіндегі тартысы емес, сырт рулармен тартысы. Мысалы, Құнанбайдың 30 жастағы шағында Өскенбай аулын Найман шабады. Найман қолының мықты басшысы Серікбай көп қол жиып кеп, бекініс алып жатып, бірнеше түн ауыл шауып, жылқыға тиеді. Қатты қимыл соғыста Құнанбай тап ортада өзі жүреді. Найман көп кісі тұтқын қалдырады. Тобықты жылқыны алғызбайды. Бірақ осы соғыста Құнанбай жағынан көп кісі найзаға шаншылып, қатты жарадар болады да, Өскенбайдың бір азамат баласы қаза табады. Ол Болсамбек деген асырап алған баласы болатын. Мұны Зере Құнанбаймен бірге бауырына салып өсірген еді. Найманнан Өскенбай аулында тұтқын боп, көп азап көрген жандардың ішінде Қожамжар деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор пәлені Қожамжар өзі уақытында көп өлең еткен. Бұл пәленің арты Қарқаралы приказының, Аягөз ұлықтарының қатты кіріскен ісі боп, ақыры Омбы ұлығының кеңселеріне шейін барады. Соңғы жылдар табылған архивте Тобықты жағының барлық жауабын, дауын айтып, бар тартысты басқарып жүрген кісі - би Өскенбай емес, әкесі берген тапсырма бойынша, бар тергеу - талқыны өз мойнына алған 30 жасар жігіт Құнанбай болады. Құнанбай басынан кешкен осы алуандас екінші бір уақиға, қазақ тарихының сол дәуірдегі үлкен бір беліне соғады. Ол Құнанбайдың Кенесары жорығы тұсындағы бір ісі. Тобықтыға старшина боп тұрған Құнанбай жоғары ұлықтан тығыз бұйрық алып, Балқаш, Алатауға беттеп бара жатқан Кенесары, Наурызбай қолын қуады. Ел есінде жыл мөлшері қалмапты. Бірақ бұл уақиға шамасы 1846-47 жылдар кезінде болу керек. Құнанбайдың кейін ақын болатын баласы Ыбырайдың жас нәресте күндері. Кенесары қолының Балқашқа қарай қиыстап өтіп бара жатқан уақытында арт жағынан да, Аягөз тұсынан да қуа шыққан отрядтар болады. Сол отрядтардың бірі жоғары әкімдер бұйрығымен жолдағы старшын Құнанбайды ертіп алады. Патшалық әскеріне қосып, Құнанбайға да қол жиғызып, топ көбейтіп, Тобықтыдан көп жігітті атқа мінгізеді. Бірақ ел аңызы бойынша: Құнанбай ұлық алдында дұспан көзі қылғанмен, Кенесарыны шындап, бой салып қумайды. Бір рет екі қол кезіккен уақытта, бұлардың қарсысына ұзын торы атқа мінген қолбасы шығып, жауынгер серіктерімен қатты қимыл етеді. Патшалық әскерін ілгері бастырмай қояды. Отряд бастығы осы орайда бір тәсіл жасап, қазақ тобын, Құнанбайларды алға салып, өздері солардың артынан тықсыра жүріп барып, жақыннан айқаспақ болады. Ойлағанындай бір сәтте Тобықты қолы Наурызбайларға қоян-қолтық келіп қалады. Сонда Тобықты ішінде Көкшеден шыққан Төбет деген батыр шындап шауып, Наурызбайдың бір батырына найза саларман болады. Осыны Құнанбай көріп, Төбетке ақырып, шақырып алып: "Мен күнім үшін жүргенім болмаса, шындап ұстасайын деп жүр мекем, көрмеймісің, бізге оқ атпай, басымыздан асырып, арттағы отрядқа атып тұрғанын. Сен иттің батырлығың осында ұстаған екен..." - деп, қамшымен бастан тартып жіберіп, тыйып тастаған деседі. Құнанбай аға сұлтан болған уақытында Тобықтыға старшиналыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да елге залалды әкім деп бағалады. Майбасардың содырлы, зорлықшыл қылығының салдарынан Жігітек деген ру, бастығы Бөжей болып, Құнанбайға қарсы болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай әрі сырт елдерге атақты, үкіметке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып жыға берген. Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібірге айдатады. Ол кез патшалық ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа бойсұнып келе жатқан кезі болады. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу дегендер ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын. Құдая, елді сақта сотталғаннан, Теңселіп екі қолын бос салғаннан, - дейтін кез. Құнанбайдың бұл айдатуы өз әмірін зорлықпен танытпақ болған қаталдығынан еді. Ол сол кезде Тобықты ішінде талай руды жерінен көшіріп немесе өзіне жақын рубасыларға шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші, Борсақты жерінен көшіру, Жуантаяқты, Қарабатырды көшіріп, жерін алу, Көкшені көшірмек болу - бәрі де сол үлкен көрінеу зорлықтың айғақтары еді. Жігітекпен үлкен араздықта осы жөннен туып, кейін ұлғайған өштікке айналған. Сонымен, Құнанбай "елді қарсыластырмай, қорқытып, жасытып жіберем" деп, көп жанды жер аударған соң, кейінгі көп заманға, көп буынға шейін ұмытылмастық кек, жаулық қалады. Бері келе өсіп, іске араласатын жас Абайдың алдында әкесі тастап кеткен осындай зор пәле - зұлымдық, зорлық тұрған-ды. Абайдың одан жиреніп, қарсы боп өспесіне шара жоқ еді. Бір Құнанбай емес, осы кезде ел ішінде жауласқан күшті жуанның бәрі де бір-бірін ұлық арқылы жер аударып, жазалатып жүреді. Құнанбайдың өзін де Жігітектер бір шақта жеңермен боп меңдетіп барып, қуғын қағазды молайтып, Омбы қаласына шейін тергеуге апарып, әреңге қалған. Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп келеді. Оның кей кездері барымта, төбелес, шабуыл және толып жатқан сияз, тартыс - жұлыс болады. Бейбіт елдің арасын атшабар, стражник сияқты беймаза шолақ әкім кернейді. "Қара қозы жеп, қара елтірі қайқая киіп" дейтін сотқарлар молаяды. Сияз деген бір ауыр салмақтағы бар. Ол орнаған жер тың бір обырдың орнағанындай. Ел жуандары бір руға ызғарын өткізем дегенде, сол рудың үстіне сияз құрады. Халық күйінің ауыр кезінде құрып, әсіресе берекесін кетіреді. Осындай сияздың бірін Құнанбай Көкше руының ішінде өткізбек болған екен. Мезгіл - қыс, ел қысаң күйде тұрған шақ. Сонда Көкшеден Бектас деген кісі Құнанбайға кеп: "Е - е, Құнанбай, жарқырап жаз шықпаушы ма еді? Қыстың айы алтау еді, сенімен енді жетеу болды ма?" — депті. Құнанбай тұсында Тобықты ішінде мұнымен тең түсетін бастас адамдар: Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп сияқты кісілер болған. Мұның көбімен Құнанбай бірде дос, бірде араз боп өтеді. Қатты жұлқысқан кісілері де осы топтың ішінде. Әрине, Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол феодалдық дәуірінің, оз тобының бел баласы. Ісі мен мінезінде заманының талай айқын таңбасы бар. Мысалы, Құнанбайға да алым, түсім аз болмаған. Ол түсімнің аты - пара. Сол жөнінде Балта ақынның бір сөзін мысал етуге болады. Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай: Ағалейкумәссалам, ақын Балта, Болып сен жаралдың ғой, шараң орта. Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап, Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, - депті. Сонда Балта: Шарам орта болды ғой шараңыздан, Есіркесең бөліп бер қараңыздан. Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын, Сіздің жеген арам ба параңыздан? - деген екен. Осының мысалына Сүйіндіктің бір сөзі де куәлік етеді. Сүйіндік аулы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің аулы Сүйіндіктің бір айғыр үйірі қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен. Соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып: Айыбында қара аттың басы жарық, Өзім семіз болғанмен, көңілім арық. Бостанның қорасына қонар едім, Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, - деп бір ауыз өлең айтқан. Сол заманнан қалған мұндай сөздер оның шындық айғағы еді. Осымен қатар көпшілік есінде сақталған аңызға қарағанда, бұрынғы уақыттардан гөрі Құнанбай тұсында ұрыдан, ылаушы, шабаршыдан ел тыныш болған деседі. Жалпы өз бағытында жақсылықты ниет қылған анық игілікті істерін алсақ, Құнанбай жайында ол жөнде де ел әңгімесі көпті айтады. Құнанбай оқуды, білімді зор бағалаған адам. Ол өзіне біткен баланың бәрін бірдей оқытумен қатар, қоғамына білім таратып, ұстаздық ететін шет ел адамдарын қатты күткен. Бұның қолына кеп, қазақпен туысып, анық қазақ боп кеткен әлденеше ұлттың адамдары бар. Татардан шыққан Ғабитхан, Кішкене молда, Ысқақ тұқымы, Түркістаннан келген Бердіғожа, Кавказдан келген Ғабдолла (Қазақбай атанып кеткен) сияқты, қырғыздан келген Бәсібектей жандар бар. Осының бәрі болмаса да, көпшілігі бала оқытып, ұстаздық құрып, Тобықты ішіне оқу-білім таратқан жандар. Бір жағынан, елге үлгі етіп, екіншіден, өз тәрбиелерін жетіктіру үшін, дәл өзінен туған бірнеше баласын шет қалаларға жіберіп оқытқан. Айғыздан туған Халиолла деген баласы Петерборда оқып, офицер шенін алып шығып, елге келгенде құрт аурудан өледі. Абайды Семей қаласының ең зор медресесінде оқытады. Қолындағы басқа бар баласы да оқымысты болған. Әрине, Құнанбай тұсында баласын орысша оқытқан, әсіресе офицерлік, төрелікке арнап оқытқан қазақ феодалдарының бәрі де текке, құр білім үшін ғана оқытқан жоқ, шен ал, ұлық бол, менің тұқымымның таптық, саясаттық үстемдігін нық сақтайтын бол деп оқытқан. Құнанбай орысша оқытуында да сол сыр анық бар еді. Көп ел ортасында Құнанбайдың өз тұсындағы өзінше үлгілі іс боп аталып, таралған бір әрекет, мұсылмандық әсерін күшейтетін, дін тарату болады. Бұл ретте шариғат жолын ел көкейіне сіңірем деп қатал, ожар мінездер жасаған. Ерсі діндар фанатикті істер еткені де аз емес. Соның бірі - шариғат үкімі деп, Қодар деген шалды келінімен жаман аты шықты деп, мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтірткені. Насыбай атқан кісінің танауын тілгені де бар. Дін жолын бекем ұстауды үлгі етемін деп, Құнанбай аға сұлтан боп тұрған күнінде Қарқаралы қаласында мешіт салдырған. Кейін 70 жастар шамасында, әмір - биліктен тоқталып, Меккеге барады. Сонда Меккеге қазақ адамдары түсіп жүрсін деп, өсиет етіп, өз пұлына "Тәбия" деген жатын үй салдырып кетеді. Бертін келе әр рудан Меккеге барушы қазақ көбейген уақытта көбі Құнанбайдың "Тәкиясіне" түсіп, сол жақтан Құнанбай атына қанық боп қайтады. Осының өзі де кейін Құнанбай өлген соң, оның атағын даңқты етуге себеп болған.   Құнанбай мінезінің бірбеткей, берік, ұстамдылығы оның өмірінің соңғы жылдары әсіресе айқын көрсетіледі. Ұзақ өмірінде талай алыс-жұлысты басынан атқарып кеп, ақыры Меккеге барып қайтады да, өз-өзіне серт беріп, "дүние сөзіне енді араласпаймын" деп, шымылдық түсіріп, елден аулақ отырып алады. Сол күйде дау-шарға шынымен бірде - бір араласпай, жеті жыл анық тыйылып отырып барып, қайтыс болады. Заманында хатқа жазып қалдырған адамдар болмағандықтан, Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары сақталып қалмаған. Бірақ анық Құнанбайдың өзі айтты деген сөздер сонда да жоқ емес. "Арымнан жаным садаға, жанымнан малым садаға", "Жарлы кісі жамандар, да қуанар", "Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады", "Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын" деген сияқты сөздері Құнанбайдың өз ортасына үлгі айтам деген ұстаздық адам екенін танытады... Абай Құнанбайдың 41 жасында туған. Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі - қыздай алған Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі - Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң Құнанбай келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі - Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтін Абайдың өлеңінің мәнісі осы. Құнанбайдың төртінші әйелі - Нұрғаным. Бұдан бала болмаған. Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта екі шешесінің ортасындағы тел баласы Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ олардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Халиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасында, жалғыз баланың халінде өткізген. Екі шешеге бірдей бала боп жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға "Телғара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ержеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеде қойылған атпен оны "Телғара" дейді екен. Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан, белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет - Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел Шаншардың қулары дегенде қатты ығысатын. Ac, жәрмеңке сияқты қалың жиындарда бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "ойбай, Шаншар келе жатыр. Қылжақ етеді" деп, өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұстап болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса, түндігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз шабуылымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді. Осы Шаншардың бұрын - соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы - Тонтай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар - қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан туған әйел бала - Ұлжан. Ол сабырлы, кең мінезді кісі болған. Абай балалық шағын сөз қылғанда, өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Ұлжан күндестікті көп сыртқа шығарып білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы Абайдың бала шағында көп қатынды тұрмыстың бар зарын татып, тағы да неше алуан ауыр қиыншылықты керіп өскендігін білдіреді. Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталады. Мысалы, Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан. Ауылдың үлкенінің біреуіне, көп ауырып жатқан Ұлжанның жәйін сұрап, "өлем деп жатырмысың, қалай көрінесің?" дегенде: "Ой, шірік, мен бұрын өліп көріппін бе, қалай екенін қайдан білейін?" депті. Ұлжан қолында Шектібай деген бауыры көп жүрген. Шаншардан келіп жиендерінің аулында қонақ боп, ойын салып жүретін сауыққой, сықақшы, күлдіргі адам болған. Сол, Ұлжан ұлғайып келген кезде бір күні, өзі бірге туған апасы Ұлжанды "әже" депті. Ұлжан ашуланып, "қағынып кеткенбісің" дегенде, Шектібай: "Е, жұрттың бәрі жер күңірентіп "әже," деп жүргенде, жалғыз мен, жаңа тілім шыққан баладай "Aпa, апа" деп отырайын ба?" депті. Сонда Ұлжан: "Қыз болса мені іздеп келер ме еді, бүйтіп сөйлер ме еді, сатып алсаң да, еркек бол" - депті. Осындай кесек қалжың, ажуаға да Ұлжан көнтерлі, созымды, тапқыр болған. Қиын жайды, қысталанды күлкі сөзге айналдыру - қазақ халқының, әсіресе Шаншардың мерзімді мінезі. Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: "Жазыла - жазыла қожа-молдадан ұят болды, енді өлмесек болмас", - деп айтты деген сөз екінің бірі білетін мәтел болып кеткен. Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде, Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын, жалынды, жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкіге ұрғандық көп пе? Біздің ұғуымызша, соңғы түрі басымырақ сияқты. Құнанбай жанның бәріне салқын болған қалпында өзінің балаларына да зілді болған. Сол зілін жас шағында Абай да көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан, орайы келгенде өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына әзіл-қалжыңды айта береді. Әзілмен жауаптасуды Абайға бала күнінен еккен. Осының бір мысалы бар. Абайды сүндетке ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап: "Құдай-ай, бүйткенше қыз ғып жаратпаған екенсің" депті. Ұлжан соған: "Балам - ау, қыз болсаң, бала таппас па ең, содан қиын боп па?" депті. Абай: "Е, сонысы тағы бар ма еді?" деп уанады екен. Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек, өзіне ғана хас ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді Абайдың өз өміріне келейік. Абай, жоғарыда айтылғандай, екі шешенің тел баласы болып жүрген. Кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентек бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері - үйге қонған қонақтардың әлдеқалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес болғандықтан, ауылдағы үлкендер Құнанбайдың бұл баласынан көп дәме қылмайды. Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да Абай біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медреселер ұстаған. Оқушы шәкіртінің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның көбін араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда, түрікше оқу жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болады. Ұстаз халфелердің бар бейіл бергені - дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша. Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай, жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен, дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады. Өз бетімен оқитыны - шығыс ақындары. Одан соң - араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары. Бұларды Абай бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған. Оқуға кірген соң-ақ тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған. Өзінің әбден сүйіп, тандап оқыған ірі ақындары болады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай ғазелдерін ұзыннан-ұзақ жаттап жүреді. Сол бала күнінде жаттаған кей өлеңдері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы, Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді "пәлен кітаптың пәлен бетінде" деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді. Осы сияқты белгілерге қарағанда, Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Бидан", "Мұхтасар" сияқты дін кітаптары болмай, әдебиет мұралары болу керек. Ерте күннен әңгімелі өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт ақындық өнерін қадірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан. Медресенің тынысы ауыр, тар ғаламында, қысаң тәрбиесінде жүрген шәкірттің шын сүйетін жандары - Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Физули сияқты қазіргі шығыстық кеңес елдеріміздің ескі классик ақындары болған. Медреседе оқып жүрген кездерінде жаздыгүні елге қайтқанда, қаладан ала келетін кітаптары тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған. Өзі оқымаса да, балаларын оқытып жүрген Құнанбай бір баласы Халиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына Сопы Алаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде "Абайдан Ысқақ артық болады" дегендерге: "Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой" дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен. Ескіше оқу тәртібі шынымен "инемен құдық қазғандай" өнімсіз білім болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті Абай араб, парсы тілдеріне төселе түседі. Оқуға қиын араб тілін жете білмесе де, парсыша жақсы түсінетін болады. Мұның белгісі сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді. Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлендерін араб, парсы сөздерін қоспалап айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын: Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз - бу һәммаси, Медет бер, я шагири фәрияд, - деп, өзі қадірлеген ескі ақындарының әруағын шақырады. Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, Шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз. Және өзінің сол күнгі сыншыл ой шамасымен осыларды ғана таңдағаны да сүйсінерлік іс. Медреселерде тек софылық мистикаға баулитын Иассауи, Бақырғани, Сопы Алаяр сияқтыларды өзіне үлгі етпей, олардан сау болғаны - мақтарлық сипат. Абай оқуды тастап, елдің жас бозбаласы, жас жігіті болып жүрген кезінде де жаңағы алғашқы ақындардан алған үлгі - әсерден түгел айықпай, көкейінде көп сақтап еді. Сол кезде ұнатқан әйеліне өлең жазса, әлгі ретпен кітапшалап жазады. Әлиф дек ай йузіңе ғибрат еттім, Би - балай дәртіңа нисбәт еттім, - деп, "әліп", "би" мен жазған өлеңі, одан соң "йузи - раушан, көзі - гауһар, лағилдек бет үші әхмәр..." деген өлеңдері жас шағында қиялына қатты әсер етіп, тіл кестесі де өздерінің үлгісіне тартып алған жоғарғы ақындар әсерінен туады. Ақынның жас күнінен бізге жеткен өлеңдері көп емес. Сан шығармалары ұмытылып, жоғалған болу керек. Абайдың нағыз өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы "Приходская школаға" түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы оқу ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Мұсылманша оқуы да доғарылады. Жасы 13 - ке толғанда ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады. Қырдан көрі тәуірірек үлгі беретін қалада болғанда, ақын болатын баланың алған жалғыз ғана нәрлі азығы: шығыс ақындарын тану, солардың сөздерін ынтасы ауып, сүйіп жаттау болады. Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы, жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта Абай аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай ел билеу жұмысына өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды. Бала болса да, сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты болған Құнанбай Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген. Баласын оқыта түспей, қайырып алған себебі, жоғарыда Құнанбай өмірі туралы айтқан сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай өзі тұстас рубасылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қып алады. Қатал мінез, қатты зорлық, үстемдік мінездерімен, істерімен жау етеді. Көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізеді. Қарсысына шыққан рубасыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке байланған мұз олардың көбінің есінен кетпеген. Құнанбайдың өз істері, өз мінездері бір болса, екінші жағынан, сыртқа да, ішке де әмірі жүріп, жуандап алған Құнанбайдың маңайында да талай зорлықшыл, озбыр, сотқар туысқандары болады. Бұлар Құнанбайдың ұлықтығына мас болып, "пәлен ауылдың жігіті, түген жуанның туысқаны" деген атпен шамасы келгенше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап, қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей берудің үстіне, тіпті Құнанбайдың дос болып жүрген рубасыларын да қажытып алған. Сол Құнанбай қарсысында жүрген адамдар оның өзі ғана емес, жаңағыдай жақыны, өрен-жараны дегеннің барлығына да жауығып, жирене қарайтын болған. Тартыс ретінде өшпенділік жөнімен Құнанбайдың жас баласын да өздерінің ертең алысатын жауы есепті біледі. Оны да дұшпан санайды. Осының бір мысалын Абай өзі де айтады екен. Бір күні жас бала өзен жағасында ойнап жүргенде, анадай жерде келе жатқан Байсал, Бөжей, Түсіпті көреді. Олар бұның әкесімен араз. Бірақ Абай жаңағы үлкендердің алдарынан көлденең шығады да, қол қусырып тұрып сәлем береді. Бөжей сәлемін алғанда, Байсал жақтырмай: "Антұрғанның баласының сәлемін алып неғыласың", - депті. Бөжей тоқтап, баладан: "Бізді көрсең, сәлем бер деген әкеңнің үйретіндісі ме, жоқ, сәлемді өздігіңнен бердің бе?" - дейді. Абай: "Үйретінді емес, әдейі сәлем берейін, батаңызды алайын дедім", - дейді. Байсал сонда тағы да: "Жетпегірдің баласына тағы не бата беруші ек!" - деп, жүре бермек болады. Бөжейдің батасында: "Әкесінің мінезін бермесін!" дегені Абайдың есінде қалыпты. Осы 13 жастағы Абай әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауы керек. Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің "барып келінде" жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, ұсақ істер туралы келісім жасауға да ерік береді. Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтса, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және араласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен. Жас кезінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше хәлдерге ұшыраған. Өзінің қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық өнерін еріксіз осы жолға салған. Сонымен, балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түскендей білім жияды. Ескі ақындар, шешендер, батырлар болсын, барлығының жайындағы әңгімелер Абайға енді таныс дүние болады. Абай халық қазынасына жанасады. Халықтың қоғамдық тірлігіндегі қайшылықтарды, ауыр шындықтарды да содан ұғатын болады. Арызшы, мұңдыларды, зорлық, қорлық көргендерді көп тыңдап, солардан үлкен сырлар ұғады. Құнанбай үстемдігіне қарсы әділдік ойды ойлауды да сол халықтан үйрене бастайды. Құнанбайға көмекші Абай болмай, өзі үшін көп нәр алып өсіп келе жатқан жас болады. Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға ендігі зор тәрбиеші, ұстаз қазақтың қалың бұқара халқы бола бастайды. Ел даналығын танып, соны ерте қамту жас талапкерге жаңа зор мектеп тәрізденеді. Бұл жөніндегі азық білімді ол әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен, ділмәр ақыннан, ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ,Жолаушылардан көп есітеді. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуан әкімдер зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сүю Абайды қатал суық билер ортасына қалдырмай, халық мұрасына жақын етіп жүреді. Билер, әміршілер ортасын ел көзімен көріп, қиянаттарын танып, қатты сынап, жиреніп өсуге бейімделе жүреді. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде соларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру - шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен боп көріне бастайды. Басында балалығының арқасында сөзге қорғана кіріскен Абай, аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып, адымын ұлғайта береді. Бірнеше рет жол көріп, көзі қанған соң "пәлен жақсы, түген жақсы" дегендерінің айламенен, қанауменен қиянат болмаса, өзге жалпы білімге, ақыл шалымға, адамгершілікке татымсыз екенін сезеді. Ол кісілерден өзін кем санамауына тағы бір себеп - Абайдың оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты оқымаған адамдар болған уақытта Абай олардың қасында өзін өзгерек көрген. Надан кісілердің ортасына келіп өлшескенде, бұның оқуы дардай саналған. Бұған халық ескілігі, тіл өнерінің мол байлығы қосылған соң, Абай өз заманының ішінде өз қайратына сенген өршілдікпен құлаштайды. Ол үлкен-кішінің ұтымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс, егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жай сөз түрінде айтпай, кейде өлеңмен де айтып жіберетін болады. Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын тексерген еңбек жоқ. Бірақ қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес. Сол байлық - Абайда бала, жігіт күнінен құралып өсіп келген байлық. Және шешендіктің өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құрылған ақындықтың бір ағайыны. Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұралар қалдырмаса, "Ол кезде Абай ақын емес еді" деу қате болады. Абай - сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық - алғырлық. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ сонда да ол шақта өзін "ақынмын" деп санамаған. Өлеңді де ойын, қалжың, мысал түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арналған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңнің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей, барлығы ұмытылып қалған. Есте қалғанының бізде жиналғаны: "Әліп-бимен жазылған тілек хат", сонан соң "Тайға міндік", "Сап, сап, көңілім" деген өлеңдер. "Сап, сап, көңілім" — Сүйіндік қызы Тоғжанға айтылған. Бозбалалық шағында Абайдың қатты ынтық болғаны - осы Тоғжан. Бір жыл көктемде барып түнеп қалғанда, өз аулымен екі арадағы өзен тасып кетіп, қайда барарын білмей қатты сасады. Қыздың аулы мен өзеннің бұл жағасында отырған елдің бәрі ол күнде Құнанбаймен қатты жауласып тұрған. Жі

Абай өмірбаянының

төртінші нұсқасы

(1950)

Абайдың өмірбаяны

Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі - Құнанбай, атасы - Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай - осы Жігітектің баласы. Қайдостан - Бөкенші, Борсақ тарайды.

Айдос өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық адам болғандықтан, оны "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" дейтін мәтел бар. Осы Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай.

Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде, бір жағынан, тапқыр шешендік, бір жағынан, бақсы құшнаштық сияқты сәуегейлік те болған. Айпараның өзінен қалған бір ауыз сөз - төрт баласына берген аналық сын сөзі. Сонда:

Шынжыр балақ, шұбар төс - Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торы айғыр - Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес - Топайым,

Сірә да оңбас - Торғайым, - дейді.

Сол шешесі дәме қылған Ырғызбай өзге туысынан анық артық болып, озып шығып, ортасы дәме қылған жігіт болады. Тобықтының сол күндегі биі Кеңгірбай өзге барлық жас-желеңнің ішінен Ырғызбайды сынайды. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Ол кез - көп бидің парашыл кезі. "Сыбаға" деп, "жол" деп, мол параны бадырайтып алып жатады.

Кеңгірбайға да осы жөнде көп жаманат еретін. Соның мысалы байы өлген қаралы бір әйелдің даусынан байқалады. Ері жанжал - төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел:

Мойны, басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді араға,

Кеңгірбай толды параға,

Параға алған қара атан,

Тігілгей еді қараңа, — деген.

Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, сол інісі ертерек өліп қалады. Ырғызбайдың өзге бір ерекшелігі - жас кезінде үлкен ас, ұлы дүбір жиында күреске түсетін үлкен балуан болған. Уақытында қазақтың көп руларының арасында зор лақап болып жайылған бір күресі бар. Ол - қазақ, Қоқан халықтары жиналған бір аста "Қоңыраулы балуан" деген түйе балуанды жыққаны.

Ырғызбайдың бірнеше баласы болған. Олары: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай. Өскенбай Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең артығы болады. Кеңгірбай Ырғызбай өлген соң, оның орнына Өскенбайды ұстайды. Бертін келіп, өзі қартая бастаған кезінде өз орнына Өскенбайды би етпек болады. Сол күннің жолы бойынша батасын беріп, Өскенбайды би қояды.

Өскенбай өзінің ел меңгеру әдісінде, ең алдымен, көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан. Ел ортасында сақталып қалған сөздің бірінде: "Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар" деген сөз бар. Бұ да билердегі сатымсақтық, жемқорлық дағдыны көрсетеді. Содан мезі болған, жиренген ел өз сынын әр тұста қатты айтып отырған.

Қайырсыз болған жазыңнан –

Қайырлы болған қыс артық.

Көрінбеген алтыннан –

Пайдасы тиген мыс артық.

Пара жеген билерден –

Қасқыр алған ит артық, —

деген сөздер би атаулының қайсысына болса да сын, таразы тәрізді еді. Парашыл әкім кім болса да оған ел сыны беті - жүзіне қарамай қатты айтылатын. Би ғана емес, халықты меңгерген хан, төреге де соны ашып айтатын. Сол Кеңгірбай тұсында Найманды билеген мықты төре Бопыға айтылған бір сын сөзде:

Бопекемнен төрелік іс кетпеген,

Жегеніне Байыстай ел жетпеген.

Қара сөзге құбыладан ескен желдей,

Алдынан тоқтылы - қой дау бітпеген, — дейді. Парашыл, жегіштік елдің дау - шарына бітім таптырмай, көпке кесір болған соң осындай ащы мысқыл да, қатты, қатал сын да көп туып, ел аузында күнде айтылып жүре берген. Сондықтан Өскенбай бұл жағынан тиімді болады. Бірақ осындай болумен қатар, елді күшпен, зіл мен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт алдына жүгініске келіп отырған Мәмбетей деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел. Озбыр, зорлықшыл, жыртқыштық мінез иесі екенін де танытады.

Өскенбай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ержетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Бұның шешесі Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. 1850 жылы 72 жасында Өскенбай өледі. Зере ерінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп, тоқсанға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі - Абайдың бала, бозбала күнінде ауылдың бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы естімейтін болады. Балаларына дұға оқытып үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі - Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа, оқу тәрбиесін көрмеген. Мұның орайында жас күндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша, батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде мықты, найзагер болып та саналған. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болған. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпта болған сияқты.

Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен айлалы болған. Бұның кісілікке толық іліккен кезінде Сібір даласы "1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан жарғы" бойынша округке бөлініп, "округтік приказдар" билейтін. Округтің бастығы - аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі - үкімет чиновнигі (елдің көбі мұны "майыр" дейді). Үшінші мүшесі - сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.

Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес боп жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Бөкейханның нәсілі Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, "Құнанбайдың басының қасиетінен" деп кеткен. Сол кездегі атқамінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай "қарадан хан болған" деп аталады.

Құнанбай бірде Тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), бірде жаңағыдай аға сұлтан болып жүрген кезде басынан талай үлкенді-кішілі уақиғалар атқарған. Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме аса көп. Себебі Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл, ой да, қажыр-қайратта, әмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты, кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен.

Ол жайындағы әңгімелерді ақын Абай атына байланыстырмай-ақ, неше алуан ғып ел аңызы көп сақтаған, көпке жайған. Шынында, Құнанбайдың ұзақ өмірі (ол 80 жасқа жетіп өлген) қилы-қилы уақиғаға аса бай еді. Өскенбайдың өзі барда ел ішін ерте қолға алған Құнанбай ру тартысының зор қақтығысын жасырақ шағында да бірнеше көреді. Ондағы тартыс, Тобықтының өз ішіндегі тартысы емес, сырт рулармен тартысы. Мысалы, Құнанбайдың 30 жастағы шағында Өскенбай аулын Найман шабады. Найман қолының мықты басшысы Серікбай көп қол жиып кеп, бекініс алып жатып, бірнеше түн ауыл шауып, жылқыға тиеді. Қатты қимыл соғыста Құнанбай тап ортада өзі жүреді. Найман көп кісі тұтқын қалдырады. Тобықты жылқыны алғызбайды. Бірақ осы соғыста Құнанбай жағынан көп кісі найзаға шаншылып, қатты жарадар болады да, Өскенбайдың бір азамат баласы қаза табады. Ол Болсамбек деген асырап алған баласы болатын. Мұны Зере Құнанбаймен бірге бауырына салып өсірген еді.

Найманнан Өскенбай аулында тұтқын боп, көп азап көрген жандардың ішінде Қожамжар деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор пәлені Қожамжар өзі уақытында көп өлең еткен. Бұл пәленің арты Қарқаралы приказының, Аягөз ұлықтарының қатты кіріскен ісі боп, ақыры Омбы ұлығының кеңселеріне шейін барады. Соңғы жылдар табылған архивте Тобықты жағының барлық жауабын, дауын айтып, бар тартысты басқарып жүрген кісі - би Өскенбай емес, әкесі берген тапсырма бойынша, бар тергеу - талқыны өз мойнына алған 30 жасар жігіт Құнанбай болады.

Құнанбай басынан кешкен осы алуандас екінші бір уақиға, қазақ тарихының сол дәуірдегі үлкен бір беліне соғады. Ол Құнанбайдың Кенесары жорығы тұсындағы бір ісі. Тобықтыға старшина боп тұрған Құнанбай жоғары ұлықтан тығыз бұйрық алып, Балқаш, Алатауға беттеп бара жатқан Кенесары, Наурызбай қолын қуады. Ел есінде жыл мөлшері қалмапты. Бірақ бұл уақиға шамасы 1846-47 жылдар кезінде болу керек. Құнанбайдың кейін ақын болатын баласы Ыбырайдың жас нәресте күндері. Кенесары қолының Балқашқа қарай қиыстап өтіп бара жатқан уақытында арт жағынан да, Аягөз тұсынан да қуа шыққан отрядтар болады. Сол отрядтардың бірі жоғары әкімдер бұйрығымен жолдағы старшын Құнанбайды ертіп алады. Патшалық әскеріне қосып, Құнанбайға да қол жиғызып, топ көбейтіп, Тобықтыдан көп жігітті атқа мінгізеді.

Бірақ ел аңызы бойынша: Құнанбай ұлық алдында дұспан көзі қылғанмен, Кенесарыны шындап, бой салып қумайды. Бір рет екі қол кезіккен уақытта, бұлардың қарсысына ұзын торы атқа мінген қолбасы шығып, жауынгер серіктерімен қатты қимыл етеді. Патшалық әскерін ілгері бастырмай қояды. Отряд бастығы осы орайда бір тәсіл жасап, қазақ тобын, Құнанбайларды алға салып, өздері солардың артынан тықсыра жүріп барып, жақыннан айқаспақ болады.

Ойлағанындай бір сәтте Тобықты қолы Наурызбайларға қоян-қолтық келіп қалады. Сонда Тобықты ішінде Көкшеден шыққан Төбет деген батыр шындап шауып, Наурызбайдың бір батырына найза саларман болады. Осыны Құнанбай көріп, Төбетке ақырып, шақырып алып: "Мен күнім үшін жүргенім болмаса, шындап ұстасайын деп жүр мекем, көрмеймісің, бізге оқ атпай, басымыздан асырып, арттағы отрядқа атып тұрғанын. Сен иттің батырлығың осында ұстаған екен..." - деп, қамшымен бастан тартып жіберіп, тыйып тастаған деседі.

Құнанбай аға сұлтан болған уақытында Тобықтыға старшиналыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да елге залалды әкім деп бағалады. Майбасардың содырлы, зорлықшыл қылығының салдарынан Жігітек деген ру, бастығы Бөжей болып, Құнанбайға қарсы болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай әрі сырт елдерге атақты, үкіметке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып жыға берген. Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібірге айдатады. Ол кез патшалық ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа бойсұнып келе жатқан кезі болады. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу дегендер ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын.

Құдая, елді сақта сотталғаннан,

Теңселіп екі қолын бос салғаннан, - дейтін кез.

Құнанбайдың бұл айдатуы өз әмірін зорлықпен танытпақ болған қаталдығынан еді. Ол сол кезде Тобықты ішінде талай руды жерінен көшіріп немесе өзіне жақын рубасыларға шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші, Борсақты жерінен көшіру, Жуантаяқты, Қарабатырды көшіріп, жерін алу, Көкшені көшірмек болу - бәрі де сол үлкен көрінеу зорлықтың айғақтары еді. Жігітекпен үлкен араздықта осы жөннен туып, кейін ұлғайған өштікке айналған. Сонымен, Құнанбай "елді қарсыластырмай, қорқытып, жасытып жіберем" деп, көп жанды жер аударған соң, кейінгі көп заманға, көп буынға шейін ұмытылмастық кек, жаулық қалады. Бері келе өсіп, іске араласатын жас Абайдың алдында әкесі тастап кеткен осындай зор пәле - зұлымдық, зорлық тұрған-ды. Абайдың одан жиреніп, қарсы боп өспесіне шара жоқ еді.

Бір Құнанбай емес, осы кезде ел ішінде жауласқан күшті жуанның бәрі де бір-бірін ұлық арқылы жер аударып, жазалатып жүреді. Құнанбайдың өзін де Жігітектер бір шақта жеңермен боп меңдетіп барып, қуғын қағазды молайтып, Омбы қаласына шейін тергеуге апарып, әреңге қалған.

Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп келеді. Оның кей кездері барымта, төбелес, шабуыл және толып жатқан сияз, тартыс - жұлыс болады. Бейбіт елдің арасын атшабар, стражник сияқты беймаза шолақ әкім кернейді. "Қара қозы жеп, қара елтірі қайқая киіп" дейтін сотқарлар молаяды. Сияз деген бір ауыр салмақтағы бар. Ол орнаған жер тың бір обырдың орнағанындай. Ел жуандары бір руға ызғарын өткізем дегенде, сол рудың үстіне сияз құрады. Халық күйінің ауыр кезінде құрып, әсіресе берекесін кетіреді. Осындай сияздың бірін Құнанбай Көкше руының ішінде өткізбек болған екен. Мезгіл - қыс, ел қысаң күйде тұрған шақ. Сонда Көкшеден Бектас деген кісі Құнанбайға кеп: "Е - е, Құнанбай, жарқырап жаз шықпаушы ма еді? Қыстың айы алтау еді, сенімен енді жетеу болды ма?" — депті.

Құнанбай тұсында Тобықты ішінде мұнымен тең түсетін бастас адамдар: Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп сияқты кісілер болған. Мұның көбімен Құнанбай бірде дос, бірде араз боп өтеді. Қатты жұлқысқан кісілері де осы топтың ішінде. Әрине, Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол феодалдық дәуірінің, оз тобының бел баласы. Ісі мен мінезінде заманының талай айқын таңбасы бар. Мысалы, Құнанбайға да алым, түсім аз болмаған. Ол түсімнің аты - пара. Сол жөнінде Балта ақынның бір сөзін мысал етуге болады. Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай:

Ағалейкумәссалам, ақын Балта,

Болып сен жаралдың ғой, шараң орта.

Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап,

Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, -

депті. Сонда Балта:

Шарам орта болды ғой шараңыздан,

Есіркесең бөліп бер қараңыздан.

Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын,

Сіздің жеген арам ба параңыздан? - деген екен.

Осының мысалына Сүйіндіктің бір сөзі де куәлік етеді. Сүйіндік аулы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің аулы Сүйіндіктің бір айғыр үйірі қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен. Соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып:

Айыбында қара аттың басы жарық,

Өзім семіз болғанмен, көңілім арық.

Бостанның қорасына қонар едім,

Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, -

деп бір ауыз өлең айтқан. Сол заманнан қалған мұндай сөздер оның шындық айғағы еді.

Осымен қатар көпшілік есінде сақталған аңызға қарағанда, бұрынғы уақыттардан гөрі Құнанбай тұсында ұрыдан, ылаушы, шабаршыдан ел тыныш болған деседі.

Жалпы өз бағытында жақсылықты ниет қылған анық игілікті істерін алсақ, Құнанбай жайында ол жөнде де ел әңгімесі көпті айтады.

Құнанбай оқуды, білімді зор бағалаған адам. Ол өзіне біткен баланың бәрін бірдей оқытумен қатар, қоғамына білім таратып, ұстаздық ететін шет ел адамдарын қатты күткен. Бұның қолына кеп, қазақпен туысып, анық қазақ боп кеткен әлденеше ұлттың адамдары бар. Татардан шыққан Ғабитхан, Кішкене молда, Ысқақ тұқымы, Түркістаннан келген Бердіғожа, Кавказдан келген Ғабдолла (Қазақбай атанып кеткен) сияқты, қырғыздан келген Бәсібектей жандар бар. Осының бәрі болмаса да, көпшілігі бала оқытып, ұстаздық құрып, Тобықты ішіне оқу-білім таратқан жандар.

Бір жағынан, елге үлгі етіп, екіншіден, өз тәрбиелерін жетіктіру үшін, дәл өзінен туған бірнеше баласын шет қалаларға жіберіп оқытқан. Айғыздан туған Халиолла деген баласы Петерборда оқып, офицер шенін алып шығып, елге келгенде құрт аурудан өледі. Абайды Семей қаласының ең зор медресесінде оқытады. Қолындағы басқа бар баласы да оқымысты болған. Әрине, Құнанбай тұсында баласын орысша оқытқан, әсіресе офицерлік, төрелікке арнап оқытқан қазақ феодалдарының бәрі де текке, құр білім үшін ғана оқытқан жоқ, шен ал, ұлық бол, менің тұқымымның таптық, саясаттық үстемдігін нық сақтайтын бол деп оқытқан. Құнанбай орысша оқытуында да

Ұқсас материалдар