Қандастар Ассамблея

Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы

29.10.2014 14327
Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы (1927-1933)

                 Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы (1927-1933)

АБАЙДЫҢ ТУЫСЫ МЕН ӨМІРІ

Абайдың ата тегін түгел санасақ, алысқа кетеді. Бұ күнге шейін ел ішіндегісі қай қазақ болса да, өзініңтегін, кемқойса, жеті атаға шейін біледі1. Абай жайына келгенде де өзге мағлұмат шала-шарпы, ала-құла болса да, дәл атасының атын санауға келгенде, тобықтының арғы атасы — Арғынға шейін де жетуге болады. Бірақ бұл тізім құр саннан басқа түк бермейді. Шұбырып тізілген аттан басқа көңілге де, көзге де ешбір жаңа дүниенің мәнін ашпайды. Сондықтан бұл күнде әлденеше губерния ел болып, етек алып, молайып кеткен арғыннан бастамай-ақ, Абайдың жайын бергі жерден бастамақшымыз.

Болашақ ақынның туыстан ала келген қалпы бар. Ата сайты мен қалыптанған өмірі бар. Ата-бабадан, әке-шешеден нәсіліне көшкен мінездері бар. Осының бәрін, бұл сөздің ішінде түгелдеп, боршалап, жік-жігіне айырып, толық таратпасақ та, аз сөздің өзі де кейінгі заман зерттеушілеріне, бірде болмаса, бірде керекке жарауға мүмкін. Сондықтан арғы жерді қойсақ та, ақынның соңғы аталарын өзіміз білген мөлшерде еске алып өтуді керек деп білдік. Бірақ бұлардың барлық өмірі, барлық істеген ісі, мінезі, сөйлеген елеулі сөзі болсын, бірде-бірі бізге түгел, толық күйде жеткен жоқ. Қай-қайсысы болса да тізбекті, сүрелі сөз сияқты емес, ел есінде қалған өлең, бөлек-бөлек қиқым суыртпақ сияқты аламыш нәрселер. Барлығы да өткен күннің соқыр соқпақ, ескі сорабы сияқты, кей жерінде көмескі сүрлеу болса, кейде жоғалып үзіледі. Бет белгілеп, бағыт болжаймын десең, сүрлеудің бар жерінде ұшығады. Қазақ ескілігін ел аузындағы сөзбенен құрастырып жамаймын деген зерттеушінің бәрінің алдында тұратын белгілі бөгет, белгілі жасырын ол кезеңдер — осылар. Біздің алдымызда тұрған да - сол қиындық. Сондықтан мұнда айтылатын мағлұматтар ерте бастан толық мағлұмат болады екен деп мақтана алмайды.

Абай Тобықтының үлкен руы — Күшік2 ішінде, Ырғызбай3 деген табынан шыққан. Ақынның үшінші атасы — осы Ырғызбай, бұ кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға қарай сырғып ауған4 жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен аталыпты. Ырғызбай — Айдос5 баласы, Айдостың өзге балаларының ішінде Көтібақ6, Торғай7 дегені, одан соң Айдостың туысқаны Жігітектің8 баласы Кеңгірбай9 — барлығы да жаңағы жолдағы өзен-сулардың атымен аталған. Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай, Кеңгір өзенінің жағасында Кеңгірбай туыпты.

Ырғызбай ер жеткен кезде Тобықты осы күнгі Семей губерниясы, Семей уезінде Шыңғыс тауының батыс шетіне келіп ілініпті. Бұл кезде Тобықты басшысы да, әкімі де Кеңгірбай би (жалған аты Қабекен) болған.

Ырғызбай не би, не батыр сияқты болып, арнаулы бір өнермен ел алдына жарқырап шығып басшылық қылған кісі емес. Ел есінде қалған сөздерге қарағанда, бұл — адал, момын, ақ көңіл кісі болғанға ұқсайды. Сондықтан Айдостың өзге үш баласының қасында мұның кісілігі барырақ болып, ағайын-туысқан осыдан дәме қылса керек. Әке-шешенің дәме қылғаны да осы баласы болу керек. Өйткені шешесі айтты деген бір сөзде:

Шынжыр балақ, шұбар төс - Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торыайғыр – Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес - Топайым10,

Сірә да оңбас — Торғайым,

— дейді. Бұл сөзге қарағанда, Ырғызбайдың шешесінде ақындықтың бір шағым буы болуға керек. Мүмкін бұдан басқа айтқан сөздері де бар шығар. Бірақ біздің құлағымызға тигені осы ғана. Тегі, Ырғызбай бойындағы азды-көпті қасиет болса, әкесінен гөрі осы шеше жағынан көбірек пе деп ойлауға болады. Өйткені, Айдосты өз ортасы "шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" деп бағалайды екен.

Ырғызбайдың тұсындағы Тобықтының басшысы Кеңгірбай дедік. Сол Кеңгірбайдың ағайын ортасындағы тәуір көрген інісі Ырғызбай болыпты. Биге ажары бұлды, сөзі сыйлы, қадірлі туысқан болған. Өз басының тәуірлігінің үстіне бидің тілін білетін інісі болғандықтан, елге де қадірлі болса керек. Сондықтан анда-санда ел ортасының құн дауы11 сияқты келелі сөздеріне де кірісіп жүргенге ұқсайды. Ел есінде қалған әңгімеде байын кісі өлтіріп, еселі құнын ала алмаған бір жесір қатынның жоқтауының ішінде:

Мойны-басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді араға,

Кеңгірбай толды параға.

Параға алған сары атан

Тігілгей еді қараңа, —

деген сөз жаңағы айтқанға дәлел сияқты. Бимен сыбырлас, сыйлас болғандықтан, Ырғызбай Кеңгірбай басына келген жақсы ат, жаман аттың барлығына да ортақ болу керек. Осы Ырғызбайдың төрт баласының бірі Өскембай12 Пол адам. Бұл ақынның үлкен әкесі. Өскембайдың нағашы – Ер Жәнібек13. Сол кісі бір рет Ырғызбайдыкіне амандаса келгенде, жас бала Өскембай қатты науқас екен. Әкесі халі нашарлап жатқан баласына не көмек қыларын білмей, дағдарып, сасып, әбден титығы құрыған соң, Мырзатай14 деген баласын алып келіп, соны Өскенбайдан айналдырып, садақа қылмақ болған. Бқған шешесі қарсы болып, «баладан баланың артықтығы жоқ» деп, Мырзатайды бергісі келмеген. Сонда Ер Жәнібек: "Мырзатай адам болса, мынаның арқасымен болар, мынаның көзі біздің тұқымға тартқан екен. Адам болса, осы болады да", — депті деседі.

Өскембай Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде тәуірі болудың үстіне, сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының да бәрінен артық болыпты. Биге болсын, ағайын-туысқа болсын ерекше жаққан мінезі: адалдық, ақ пейілдігі болса керек. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.

Өзі Ырғызбай сияқты Кеңгірбайдың жақсы көрген інісінің баласы болғандықтан, оның үстіне азды-көпті болса да жаңағы айтқандай, өз басының қасиеті барлықтан, Кеңгірбай би қартайып өлерінде қалған Тобықтыға би болуға осы Өскембайға бата бермекші болады. Бидің өз балалары мен өз туысқандарының ішінде дәме қыларлық тәуірі болмаған. Көбі тентек, сыйымсыз болып, бидің де тілін алмайтын болған. Осы туралы Кеңгірбайға Күнту ақын15 айтты деген мынандай сөз бар:

Алпыс асып, жетпіске бағындың сен,

Бұрынғы өткен құрбыңды сағындың сен.

Жұрт тіліңді алады таласындай,

Інің менен балаңа не қылдың сен?.

Би Өскембайға бата берерде ағайын ішінде тағы бір тәуір көрер кісісі Көтібаққа ақылдасқанда, о да Өскембайды лайық көріпті. Бұл кезде Өскембай ағайын ортасының түгел дәме қылған жігіті болуға керек. Өйткені сол кезде Алпыс ақын16 айтты деген бір сөзде:

Кер асқақтың кемелі Кеңгірбайым,

Салаң құйрық, салпы етек Борамбайым.

Ізі, жолы еліне құтты болсын -

Бесті айғырдай сақылдап Өскембайым, -

дейді. Әрі ел қадірлеп, әрі өзі дөме қьтлған соң, би шақырып алып, Өскембайға бата бермек болғанда, жас жігіт өз туысқанының аздығын айтып, "төрт сояу атанып едім ғой. Ерекеңе бата берсеңізші" депті. Сонда Кеңгірбай: "Ой, шіркін, мен өз басымды өзім көрмей тұрмын ба? Менің батам қонса, тұсыңнан кісі батып оята алмас", — депті дейді.

Өскембайға бата берген соң, Кеңгірбай көп кешікпей өлген. Ырғызбай одан бұрын өлген екен. Ол өлгенде би інісінің бейітінен шықпай: "Сен ақ көңіл едің, алла тілегіңді берер, енді мынау елдің ішінде мені алжытып қоймай, алладан тілеп, қасыңа ал", — депті, содан кейін кешікпей Кеңгірбай өлген екен дейді.

Өскембай елдің "адал болады" деген дәмесін ақтаған би болды деседі. Ескіден қалған көп аузындағы дақбыртқа қарағанда: "Ісің адал болса Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар",— деген сөз бар. Өскембайдың өзге мінезі туралы елдің есінде қалған сөз көп емес.

Жалғыз-жарым белгілерге қарағанда, ел ортасына қадірлі сыйлы болуы, мінез қасиетінің тәуірлігінен болса керек, мінезі кекшіл емес, көп тілеуін тілегіш кең болғанға ұқсайды. Туысқаны, жақыны емес, Сыбанғұл деген төренің17 жалғыз баласы өлді дегенде: "Жалғызды жалғыз демейтін, жартыны жарты демейтін, тәңірім-ай!", - деп жылапты дейді. Кекшіл еместігінің белгісі Тобықтының Тоғалақ деген бір атасы өзімен жөнді болмай,өкпелесіп қырбай болып жүргенде, бір күні елдің жылқысына жау тиіп, ер-азамат түгелімен аттанға шапса керек. Ол кездегі жақсы-жамамымен түгел мал бағады. Ел жұмысынан арылып үйіне келгенде Өскембай да малын өзі бағады екен. Сол кезде ер жетім қалған баласы Құнанбай үнемі мал бағып, жау түсіргіш, жау жүрек, найзагер жігіт болып жүрген кезі екен.

Құнанбай жылқыда жүріп, жаудың әкетіп бара жатқаны Тоғалақ жылқысы болған соң, айыруға шаппай, ауылына қайтқанда, алдынан аттанға шауып келе жатқан Өскембай жолығыпты. Баласынан: "Не болды",— деп сұрағанда, шынын айтпай тайсалақтағысы келіпті. Өскембай: "Құдай атып келеді десейші", - деп шауып жөнелмек болады. Сонда Құнанбай аттан түсе қалып: "Айылыңды тартып берейін" деп, қасыма келіп, әкесінің атының шылбыр тізгінінен ұстап алып "Бір жақтағы Тоғалақтың жылқысы жауға түсті деп сен өлуші ме едің?" деп, әкесі басқа-көзге төпелеп ұрса да, қатып ұстап жібермей, жауға шаптырмай қойыпты дейді.

Бірақ осындай кексіздік, мейірімділікпен қатар, кей кезде Өскембайда шектен шығып кететін ашу да бар. Соңғы мінезі қаншалық жиі болатынын біз білмейміз. Бұл туралы ел есінде қалған көп дәлел жоқ. Сөйтсе де бір-ақ жол істелген ісі болса да кейде Өскембайдың жәйін, мінезді бөліп кететінін көрсететін бірі бар. Бұл арада айтқалы келе жатқанымыз: Өсксмбай бір уақыт ауылына келіп отырған Мәмбетей18 деген кісіге ашуланып барып, мұрнын кесіп алғаны.

Мұндай мінез анда-санда болса да, көп уақыттағы, көбінесе елге мәлім мінезі жоғарыдағы айтқандай адал, әділ, кең болғандықтан, Өскембай жалғыз өз еліне ғана қадірлі болмай, маңайындағы көрші елдерге де қадірлі болғанға ұқсайды. Сондықтан Тобықтыда жұмысы болмаған бөтен рулардың ісі де Өскембайдың алдына келіп бітім тауып жүргені болыпты. Бірен-саран алыс елдердің адамдары да орталарындағы үлкен дауларына Өскембайды би қылып, соның билігіне тоқтатып жүрген деседі. Жай тұрмыстағы әдеті: қонақшыл, көпшіл мырза болса керек.

Өскембай бері келіп, ұлғайған уақытта, ауылы мен үйі, ағайын ортасының жиын үйі болып, ел бидің сыбағасы19 деп асын да, сыйын да әкеліп жататын болса керек. Әрине, ол заманның биі арнаулы қаржы алмаса да, ел үшін істедім деген қызметін тіпті текке істеген жоқ. Бірінің есесін бірімен орайластыру Өскембайда да болуға керек. Үнемі өз пұлымен мырзалық қылды деу мүмкін емес. Сол орайда жаңағы "сыбаға" деген нәрсе ол заманның салтын ойлағанда бір еске алатын іс болады. Бірақ Өскембайдың өзі алуандас кісілердің ішіндегі бір айырмасы Кеңгірбай сияқты көп билігін параға сатты деп айтпайды. Бірақ бұл сөзбен мұндай мінез мүлде болған жоқ деген байлауды жасамақшы емеспіз.

Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, сол атқа мінген. Бұл 1804 жылдарда туған. Өскембайдың айттырып алған бәйбішесі Зереден басқа тоқалдары, күң қатыңдары да көп болған. Құнанбай – Зереден туған баласы, Құнанбаймен бірге туған Құттымұқамбет деген інісі, Тайбала деген апасы болған. Құттымұқамбет жас кезінде өлген. Сонымен Құнанбай бидің жалғызы есептелген. Шешесі Зере кісі ренжітпейтін, жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей, кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталды. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі.

Зере күйеуі Өскембайдан да көп жасаған, би 1850 жылы, 72 жаста өлген, бәйбішесі 90-ға келіп өліпті. Мұның ақын болатын немересі Абайдың жас бозбала күнінде елдің бәрі Зере бәйбішені "кәрі әжем" деп қадірлейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болған соң, немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Сонда немересі Абай кәрі әжесінің құлағын өлеңді айтып келіп үшкіргенде, "е, қарағым, құлағым тәуір болып қалды", — деп, ырза болады дейді.

Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген, жасындағы барлық оқуы "оптиектің" ежігін білумен тоқтайды. Сонымен хатты да танымай қалып, бері келгенде ғана өзінен өзі қарастырып жүріп хат танырлық болған.

Мұның орайына жас күніндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша, батырлық, жаужүректік, жорықшылдық сияқты істерге көбірек ауған. Қолға найза ұстап, астына жүйрік мініп, өз малын өзі бағып, жауға шапқыш, жау түсіргіш жігіт болған. Жасынан қайратты, шыдамды, ашулы болғандықтан, бұл жолдағы талабы далаға кетпеген сияқты. Тобықтының найза ұстаған жас жігіттерінің ішінде ер, мықты, найзагері болып та саналуға айналған.

Өзі өскен ортасының сыны мен мақтауы сол сияқты болғандықтан, Құнанбай жас күнінде бұл бетке бірталай ынта беріп ауған сияқты. Сонымен Тобықтыдан алыс елге қол құрап аттанатын қартаң батырларымен бірге екі рет Құнанбай да әкесінен қашып барып қосылып, екі үлкен жорықта болыпты.

Одан кейін тағы Құнанбайдың жас кезінде Тума Тоқнақ20 деген елден Көтібақ, Дәуітбай деген барымта алып, соның арты шабынды болып, Тобықтықтан Тума Тоқпақ жылқы алып кетеді. Соны қуа барған қолдың ішінде Құнанбай да болып, үлкен ұрыста тұтқынға түсіп кетеді. Бұл сапарда Құнанбай көп бөгелсе керек. Өйткені үйде қалған жақыны көп тілеу тілегендіктен: "әкесінің мойнына салған Пұршағы21, шешесінің басына киген күндігі биттеп кеткенде зорға келіпті", — дейді.

Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай әке-шеше мінезінен гөрі басқарақ, кесек мінезді қатты адам болғанға ұқсайды. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес. Әке, шеше, жан ашыр жақынға да бірқалыпты болған сияқты.

Не қылса да Құнанбай — бидің жалғыз баласы, ағайынның да, әкенің де дәме қылса қылатыны жалғыз сол. Сондықтан жігіттің ең алғашқы қызулы кезі өткен соң, Құнанбай әкесінің жолымен ел ісіне кіріседі.

Құнанбай жас күнінде ат үстіндегі қайраттылық ерліктен басқа, ақылға да, сөзге де орамды кісінің белгісін берген болу керек. Өйткені сол кезде үлкен кәрілікке жеткен Нысан абыз22 деген ел сыншысы Өскембайға: "өзіңнің бағың Қыдырдай болса23, балаңның бағы Шыңғыстай болады" деп сын айтыпты дейді.[1]

Қайраты мен қажырының себебінен ел билеп, іс басқаруға келгенде, Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Қазақ даласы "1822-жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав"24 бойынша өкірікке25 бөлініп, "өкіріктік приказ"26 билейтін болған. Өкірік бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі орыс чиновнигі болады (елдің көбі мұны Майыр27 дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан болады.

Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы екірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша, бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай28; Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған.

Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқан қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: "Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді",— дей бастаған кездері болады.

Keң рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Tөpe дегеңдердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен терені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, терені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшыларының ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: "Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды",29 — деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады.

Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталды. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға30 жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі — пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі — төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң, өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған.

Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы екірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді.

Бұрын хан-төренің туы жығылып, өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың болуын Құсбек-Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты.

Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай "Қарадан хан болған"31 деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты бірер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай32 деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: "Төремен ел болса, екінші ел арасывда сөз болса, Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме",— депті.

Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып, ас бергенде, Балта ақын33:

Атың шыққан

Үрімнің қақпасындай,

Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.

Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,

Алтынын тастап кеткен ат басындай.

Үш жүзді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Арғынның өзің биледің,

Алшысы мен тәйкесін.

Келсең-келде кез болдың,

Кейи де беріп қайтесің! -

деген сөз бар.

Құнанбай көзге түсерлік жаңалық кіргізді ме, жоқ па? Бұл туралы іштеңе білінбейді. "Қара болды" деген ат болмаса, елге жүргізген билікте, барлық істеген істің әдісі саясатында жаңалық болды деуге болмайды. Оны күтуге де керек емес. Қайта көп жерде Құнанбайдан Құсбек билігі ел ортасына молырақ із қалдырды деуге болады. Өйткені, Құсбек ұрыны қатты тыйған. Ел ортасында жан беруді тоқтатқан. Орыс ұлығына пара алғызбаған, жалпы ұлыққа жағынуды білмей, өз бетін қатты ұстаған кісі болған сияқты.

Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып, молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге пайдалы бір жаңалығы, бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты.

Тегінде, Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған. Мысалы, насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты. Одан соң Сыбанішінде Барақ деген төреге бір жиында насыбайды тастасайшы дегенде, ол: "Менің насыбайымды көргенше, елін дегі келінімен жүрген Қодарды көрсейші", - депті. Сонымен, Құнанбай еліне қайтқанда Тобықтының басты кісілерін жиып алып, Борсақ ішіндегі Қодарды келінімен алғызып "шариғат жолымен хүкім қыламын" деп мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтіріпті.

Дін жолындағы іс осы болса, Құнанбайдың ел билеу жолындағы, әсіресе Тобықтыны билеудегі ісі, бұл кісінің жаратылыс қалпын, іс-мінезін, барлық тұлғасын бұдан гөрі де толығырақ көрсетеді. Құнанбай аға сұлтан болған уақытта өз еліне болыстыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ мінезді, сыйымсыз адам болса керек. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да, басшы болып ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген.

Сол Майбасарды болыс сайлаған соң Құнанбай биге ас беруге Көкшетауға кеткенде, елде болыс боп қалған інісі, әуелде жұрттың күткен ойын ақтағандай болып, ел ішін бүлдіре бастаған. Тілегенінше алым алу, жазықсыз кісіні жазалау, дүре соғу, көлденеңнен терісін айтқан ел кісілері болса, күшке салып көңілін қалдыру сияқты істер асып көбейіп кеткен. Бірақ ағайын ортасының басты адамдары наразылықтарын ішіне сақтап, Құнанбайдың келуін күткен. Сонымен Құнанбай қайтып келгенде, ел іші, ағайын ортасы іштей дүмбілез наразылықпен қарсы алса да, Құнанбай түзетер, теңгереп, ақ-қараны айырар деп сенеді. Бірақ Құнанбай елдің ол үмітін ақтамайды. Сонымен Құнанбайдың туысқан елі — Жігітек деген ру, бастығы Бөжей деген бас адамы болып Құнанбайға өкпелі болады. Осымен ағайын ортасы шиеленісіп, наразылыққа бет алып жүргенде, Құнанбай бір болымсыз істі сылтау қылып, өкпе ұстап жүрген Жігітекті жасытып, ықтырып жібермек болып, бас қимыл істейді. Жігітек ішіне көп кісімен аттанып келіп, Бөжейдің өзін қоса барлық ірі кісілерін ұстатып байлатып алып, тегіс дүре салғызады. Бұл оқиғаны толық жазып отырған себебіміз, осы істен бастап Құнанбай өмірінде де, кейін ел кісісі болып әкесінің орнын басатын ақын Абай өмірінде де ұзақ заманға созылған үлкен алыс-жұлыстың, ірі араздық, ірі партияның басы басталады.

Жазықты, жазықсыз болса да, "терезесі тең" ағайыннан талтүсте бір ру ел болып осындай өp зорлық, үлкен намыс соққысын көрген соң, осы оқиға басы болып ел ішінің ұзақ жаулығы кетеді. Сырт елге де, Тобықты ішінде де Жігітектен салмағы мен абыройы артық болғандықтан, Құнанбай есе бермейтін болған соң, наразы болған елдің алдындағы жалғыз жармасатын құралы — орыс ұлығына барып, арызын айту болады. Ел ішінде бір жауласа, екі жағы да арыз үстіне арыз тоғытысып, бірін бірі көрсетіп, ұлық алдында екі жауласады.

Осы кездерде Құнанбай қарсысында жалғыз Жігітек болмай, өзге ұсақ бұратана рулар да Жігітекке күш қосқан сияқты. Олардың қосылуына себеп болатын: Құнанбайдың ел ортасындағы екінші бір үлкен ісі болады. Ол Тобықты ортасында Құнанбай қолданған жер саясаты. Жалпы Құнанбай тұсындағы көп іс, көп мінез кейін Абайдың адам болған заманына көшкендіктен, Абайдың бет бағытын алдыңғы дәуір белгілеп шешіп кеткендіктен, біз бұл жерге де біраз тоқтап өтуді қажет көреміз.

Қүнанбайдың өз елімен партияласқан жаулығынан басқа, артында қалған ісінде дәл бүгінгі күнге шейін ізі қалған бір жұмысы осы жер турасында. Ертерек заманда Кеңгірбай, Ырғызбай тұсында Шыңғыс тауынан келіп, Матайды күн шығысқа қарай сырып жіберіп, қоныс алып орналасқан Тобықты рулары Құнанбай түсында үлкен аударысқа түскен. Бұл аударысты жасаушы Құнанбай. Ең әуелі жалпы Тобықтының жер шегін молайтуға күш салған. Сонымен Шыңғыстың солтүстігінде күзеуі, оңтүстік сыртында жайлауы болған Тобықты, екі шетіндегі Уақ пен Керейді өз жерлерінен ептеп жылжытып, тықсыра бастап, жылдан жыл өткен сайын жерлерінің өрісін молайта берген. Бұл саясатты басқарушы Құнанбай болады. Құнанбай көп жерді өзі көшіп жүрумен алған. Жазғытұрым ерте көшіп, Уақ жеріне келіп, құдық пен қонысты меншіктеп, жаздыгүні Керейге барып жыл сайын оның жерінен де сондай сыбаға алып отырған.

Бұл сияқты істер жалпы Тобықты шеңберіндегі сыртқы саясаты болса, Тобықтының өз ішіне келгенде өз руын, өзіне жақын руларды өзгеден гөрі құйқалырақ жерге орналастыруға тырысқан. Сонымен бұрын орналасып қалған ұсақ рулардың көбін алғашқы ірге тепкен жерлерінен шетке қағып, ірге аудартып, орындарына қалаған жақын елдерін орналастырған. Осы ретпен талай ру өз орнын екіншіге беріп, өздері Құнанбай көрсеткен жерлерден жаңа күзеу,

жайлау, қыстау алысқан.

Осы сияқты Тобықты ішінің "жерге орналастыру" жұмысы ол кездегі рулардың барлығына да жетсе керек. Құнанбайдың бұл турасында ұзақ жылға белгілентен қалыпты жоспары бар. Бірақ сол жобасын түгелімен іске асыра алмаса, ол бір адамның өмірінің шағындығынан деп ғана есептеу керек. Әйтпесе, Құнанбай, ойлағандай болғанда, бүгінгі Қызыладыр болысындағы Мамай деген ел ата санағанда, Құнанбайға Мұқырдағы Көкше руынан жақын болғандықтан, соңғы рудың жақсы орнын алып, Мамайға бермекші екен. Бұл мақсат іске аспағандықтан, кейінгі уақытқа шейін Көкше Мамай мен Олжайдың арасыңда сынадай қыстырылып қалған. Құнанбайдьң Тобықты шеңберіндегі үлкен

аударысқа түгелімен уақыты жетпей қалуына, бір жағынан көбінесе өз руы, өз ауынының алатын жерін көп қарастырып, соған көп айналып қалғандығы себеп болу керек.

Өйткені, өз руын, Ырғызбайды, әсіресе өз ауыльш, қалаған ниетінше барлық Тобықтының тап ортасынан, ең шұрайлы жерге ауданын мол пішіп орналастыру аз жыл, аз еңбекпен орындалмаған. Бірақ көп еңбекті тілесе де, Құнанбай сол ниетіне жеткен. Бар Тобықтының жайлау, қыстауында, қазіргі күнге шейін көп рулар сол замандағы орналасқан қалпымен тіршілік етеді. Сонда кей жерде бір

ру ел болып бір болымсыз өлке, бір бұлақтың, бір төбенің ауданын талшық қылып, соған үйіліп отырса, дәл сол Тобықтының ортасында Құнанбай ауылы деген жеке-жеке ауылдар: жайлау мен қыстауды ауыл басы әлденеше өзеннен үлесіп алып отырады.

Міне, ел кісісі болып атқа мініп, үлкен орынға ие болып, ағайынға айбынды бола бастаған соң-ақ осындай іске кіріскен Құнанбай жоғарыда айтылған Жігітекпен жауласа бастағаңда, ел ортасында жер туралы наразы болған бірталай руды жау тобының ішінде табуы ғажап емес.

Бірақ, қалайда болса, Жігітек Құнанбаймен алысқанда жауымен тең түсе алмаған. Орыс үкіметінің бірде старшыны, бірде болысы, бірде аға сұлтаны болып жүрген Құнанбай әрі сырт слдсрге атақты, әрі үкіметке салмақты болып, Жігітекті бойымен басып, жыға берген. Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейінде ұзақ заманға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны, Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітекгің батырсымақ болып жүрген ер көңілді Базаралы деген кісісін бас қьшып, 17 адамын Сібір айдатады. Сонымен, Жігітек бірталай заманға шейін көзге қамшы тигендей болып, бастықтарынан айрылып, есеңгіреп қалады.

Бұл кісілердің түгел тізіліп, тез айдалып кетуіне, бір жағынан, Жігітек руының ұрлықты сүйіп, соған көп салынуы да себеп болса керек. Айдалған кісілердің ішіңде барымташы, жорықшыл батыр боламын деп, көпке мәлім ұры болып кеткен кісілер де болған.

Бірақ осымен қатар Жігітек сияқты елдердің көп арыз, көп көрсетулері Құнанбайға да текке бітпесе керек. Өйткені, кейіннен үстінен жиылған көп арыз бойынша Құнанбайды жоғарғы ұлық Омбыға алғызып, тергеуге алған. Артындағы ел Құнанбай айдалады деген лақапты да есіткен. Бірақ Омбыда көп жатудың соңында Құнанбай жазаға ұшырамайтын болып еліне қайтқан. Бұл жолда не қисынмен, қандай ретпен босады, ол бізге мәлім емес.

Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі — орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки Балқаштың Қамал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйтеуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан.

Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде: Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты жиып алып, Құрқұлықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті дейді. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай сабапты дейді.

Құнанбайдың ел кісісі болып сөз басқарып, ел билеп жүрген кезінен біз білген ірі кездері осы. Жасы ұлғайып берірек келгенде ел ісін әкесінің қолынан Абай алады. Оның жайын өз тұсында айтармыз.

Қазірде Құнанбай жайынан айтылатын тағы бір сөз: бұл кісі баласы Абай елді меңгеріп алған кезде, кәрілік жетіп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізген. Бұл жылдардағы өмірі өзінің жаратылысында бойына біткен қаттылық, беріктігінің белгісімен ерекше күйде өткен. Меккеден келген соң "дүние сөзін сөйлемеймін" деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішіне жалғыз отырып құдайға құлшылық қылуда болған.

Бұл мінезі туралы сырт ел "тілі байланды" деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекер дейді. Осымен Құнанбай 1886 жылы 82 жасында қайтыс болған.

Ел аузындағы қалған аңызда: бұл кісінің діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш, ақылдылығы көп айтылады. Одан соңғы көп сөз: мінезінің суықтық, қаттылық, сонымен бірге мырзалығы жайынан көп кездеседі. Намаз оқушы кедейлерге ат беру, киім беру сияқты әдеттері көп болса керек.

Қай мінез, қай істе болса да әншейін орта қалыпты қазақтан кесек болғандығы жоғарыдағы істерден бір көрінсе, екінші, дін жолына деп өз пұлына Қарқаралыда мешіт салғызу, Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін "Тәкия" деген үй салғызу сияқты істерінде де көрінеді.

Ақыл мен сөзге, келелі кеңеске, көп елді тоқтататын билік, байлауға келгенде, өз тұсындағы орта жүздің басты билерінің алдыңғы қатарындағы кісі боп саналған болу керек. Мұның белгісі Ақмола, Семей, Жетісу сияқты губернияларда, ел аузында қалған билер жайындағы ескілікте Құнанбай атының көп аталатынынан байқалады.

Тобықты ішінде Құнанба

Ұқсас материалдар