Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері

29.10.2014 17187
Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері.

Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Абай болашақ ұрпаққа осылайша үн қатқан болатын. Бұл сөздерді өткендегі құлазыған заманнан өзі үшін беймәлім, басқа бір келешекке, нұрлы келешекке дұрыс жол тартқан ақын айтқан еді. Ол даланы басқан надандық түнегінің арасында алаулай жанған шырағын жарқырата көтеріп, өз халқына таң атып, күн шығатын жақты қажымай-талмай нұсқап өтті.

Иә, Абай өзі өмір сүріп, ақындық еткен заманы үшін шынында да жұмбақ адам еді.

Ақын қайтыс болғалы елу жыл өтті. Алайда Абай біздің өткеніміз ғана емес, ол үнемі алға ұмтылған халқымен бірге болды. Ендеше, мұндай ақынға өлім жоқ. Абай еткен еңбекке дән риза, әділ совет халқы өз халқының күресі мен азабына, тағдырына ортақтас болуды қалап алған ақын есімін құрметпен атайды.

Абайдың бізге өлең, поэма, аударма, оқушы жұртшылықпен әңгімелесу (өзі "ғакдия" деп атаған қара сөздері) түрінде қалдырған әдеби мұрасы соңғы басылуында қалың екі том болып шығады. Ақынның көп жылдар бойындағы ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей бұл еңбектер енді, тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы сияқты болып көрініп отыр.

Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып, өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, азербайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классиктік поэзиясы да Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Бірақ қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі, оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл европалық мәдениетке), ең алдымен оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мұраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факт еді.

Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Осындай асыл қазынаны қабылдаудан суретші Абайдың өзіндік айқын ерекшелігі өсіп, көркейе берді.

Абай қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениеттерге бой ұрғанда, жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен ғана молыққан жоқ, рухани дүниесін жаңа идеялармен де байытты. Өзінің идеялық және творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың сексенінші жылдардағы өлендерінің көпшілігі қазақ қоғамының тағдырына арналады. Сонымен қатар, ақын халқының бүкіл рухани қазынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынады.

Бұл шығармаларында Абай халық мұрасына жақын келеді. Алайда оның поэзиясының халық творчествосынан зор айырмасы барын дәл осы тұста айқын көреміз. Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой бітімін қаз-қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін де тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толықтырады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идеялар мен жан сезімдері жүреді, алдымен, бұл шығармалардан ақынның ескілік әдет, билеуші феодалдардың азғындық мінездері, қараңғылық, дау-жанжал жайлаған, еңбекші бұқара мұқтаждық пен жоқшылықта өмір сүрген сол кездегі қазақ аулының қоғамдық қалпына бітіспес көзқарасы айқын көрінеді. Абайдың көптеген өлеңдерінде ("Қартайдық, қайғы ойладық", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Күлембайға", "Көжекбайғалардан" бастап) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бейшаралығы өлтіре сыналады. Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтылатын да, әйелдің қасіретті тағдырының сырт жағына баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалың малға, көп қатын алушылыққа, әйелді күндікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлендерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі.

Абай бұрынғы ауылдың не заманғы ескіліктерін, енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге, ақылы бар, бойында күші бар адамға қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікті жырлайды.

Ол өзіне дейінгі дидактикалық, уағыз поэзиясының заңдарын бұзды. "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін", "Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы", "Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" атты өлеңдеріндегі өзінің ақындық программасында феодалдық-хандық, кертартпа идеологияның жаршылары Бұхар жырау, Шортанбай, Дулаттарды қатал сынап, олардың поэзиясын ешбір ойлы сөзі жоқ "құрау-жамау" деп атайды. Абай оларды жас ұрпаққа рухани азық бермей, халықтың қоғамды қайта құру күресіне зиянын тигізгені үшін, өткен құлдық заманды жырлап, дәріптегені үшін айыптайды. Абай жаңа поэзияның биік мақсаты, міндеті — халыққа қызмет ету, адамды кайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру деп біледі. Дала кедейіне еңбек етіп, халықтың өз правосы үшін күресу ғана тәуелсіздік әпереді, білімге, аянбай оқуға ұмтылу ғана жас ұрпақтың қолын жақсы өмірге жеткізеді.

Оқуға шақыруды Абай жалаң уағызбен айтпайды. Абайдың бүкіл поэзиясы, оның жаңа лебізді, орамды өлеңінің, өмір толы образдарының қуаты қазақ қоғамын ескірген идеялар мен сезімдер шеңберінен шығарды, ауыл еңбекшілерінің ортасынан шыққан адамдардың басын қатырған мұсылман медреселерінің схоластикасы мен діншілдік балдыр-батпақтарын аяусыз шенеді.

Абай шығыс поэзиясында, Таяу Шығыстың бұрынғы және сол тұстағы мәдениетіне келгенде де өзіндік бетін сақтай білді. Ол тұп нұсқа арқылы (ішінара шағатай тіліндегі аудармасы арқылы) араб-иранның бүкіл батырлық-діни эпосын, шығыстың Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули сияқты классиктерін білді. Жас шағында ол қазақ өлеңіне "ғаруз" өлшемін тұңғыш рет енгізіп және сол классиктердің ақындық лексикасынан алынған көптеген араб-парсы сөздерін енгізіп, әлгі ақындарға өзі де еліктеген еді. Кейін, халық творчествосынан искусствоның анағұрлым өмірлік, берік негіздерін тауып, Абай шығыс әдебиетінен халық шығармалары — "Мың бір түнді", парсы мен түріктің халық ертегілерін, халық эпосын бәрінен артық бағалады. Ол әңгімелеген "Шаһнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" поэмалары ел арасына кең таратылды.

Таяу Шығыс мәдениетін, тарихын зерттей жүріп, Абай Табари, Рабғузи, Рашид ад-Дин, Бабыр, Абулғазы Баһадур хан және басқаларының еңбектерімен танысты, сондай-ақ шығыстың діни ғалымдарының пайымдауындағы логика мен мұсылман правосы негіздерін де білді. Абай Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті ғана емес, сонымен бірге өз заманындағы мәдениетімен де жақсы таныс болатын. Ол татардың тұңғыш ағартушыларының еңбектерін де білетін.

Жаңа туып келе жатқан ең бір кертартпа діни-саяси ағым — панисламизм мен пантүркизмге Абай сол жылдардың өзінде-ақ дұрыс баға бере білген еді, бұл ағымды қазақ молдалары, қожалары, жуан ата феодалдар жанын сала қолдайтын. Бұл бағытқа қарсы, Абай өз халқы мәдени прогреске орыс халқының ұлы мәдениетінен үйрену арқылы жететінін насихаттап, өзі де соны жүзеге асырды, бұл ретте ол өмірінің ақырына дейін дәйекті, табанды болды. Ол панисламизм мен пантүркизмді шығыс халықтарының не заманғы оқшаулығы мен мешеулігін тапжылтпай, нығайта түсетін топас фанатизм деп есептеді.

Алайда Абайдың үнемі дәйекті бола бермегенін атап өткен жөн: молдалар мен ишандардың діни фанатизмін, екі жүзділігін, пайда күнемділігін сынай отырып, Абай бірсыпыра өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде дінді жақтады. Дидактикалық өлендеріндегі насихатының бірқатарын Абай ислам заңдарымен дәлелдеді. Ол діннің негіздерінің өзін мақұлдамайтын саналы, дәйекті философиялық материализм дәрежесіне көтеріле алмады.

Оның көзқарасындағы осындай әлсіздіктің бір себебі: феодалдардың халық бұқарасын адам айтқысыз қанап отырғанын әшкерелей, жек көре тұра, Абай сол қанаудың таптық сипатын әбден түсініп жетпеді. Оның бүкіл өмірі кішкене бір өңірде өтті де, көшпелі тұрмыс жағдайы мәдени-экономикалық факторлардың тарихи маңызын жеткілікті бағалауға мүмкіндік бермеді. Бұл мәселелерге орыстың ұлы революцияшыл-демократтары сияқты ықылас қоюшылықты және экономикалық укладты өзгерту күресін түсінушілікті оның творчествосынан таба алмаймыз. Оның ағартушылық жағы басымырақ еді де, келешекке деген үмітін қазақ халқының сол замандағы оқу-білімге тезірек жуықтауына, гуманистік идеяларды кең тарату идеяларына артты, ол мұның қайнар көзі ең алдымен ұлы орыс мәдениетінде деп білді.

Абай өздігінен білім алудың ұзақ жолын өтті. Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан бастаған ол алпысыншы, жетпісінші жылдар әдебиетімен де танысты, тек ақындарды ғана құрметтемей, Лев Толстой, Салтыков-Щедрин секілді ұлы прозаиктерді де түсіңді. Орысша аудармалар арқылы Абай Гете мен Байронды, Батыс Европаның басқа да классиктерін білді. Орысша аудармалар арқылы ол көне замандардағы әдебиетпен де танысты. Ақынның достарының айтуы бойынша, Абай Батыс философиясымен де айналысқан көрінеді (мысалы, Спиноза мен Спенсерді оқығаны, Дарвин жайын сұрастырғаны мәлім). Алайда оның философиядан алған білімі белгілі бір жүйеге түспеген еді. Маркс және оның ғылымы туралы ол білмеген болса керек.

Абайдың орыс классиктеріне творчестволық жолмен келуі ақын қызметінің әрбір жаңа кезеңінде жаңаша болып отырды. Крыловты аударғанда, Абай мысал моралін қазақ ұғымы мен түсінігіне сәйкестендіре, кейде өзгертіп, өзгеше бір нақыл сөз түріне келтірді. Бірақ "Қанжар", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Теректің сыйы", "Жалау", "Демон" үзінділерін алсақ, Лермонтовтан аударылған өлеңдердің ішінде өзінің дәлдігі мен шеберлігі жағынан күні бүгінге дейін бұлардан асқан аударма жоқ.

Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. "Евгений Онегин" үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан "нәзира" үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды.

Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тамамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның ақынмен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінді: оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар.

Пушкиннің және дүние жүзінің ақындық мәдениетімен іштей терең байланысу ғана Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдер мен ақындық толғаныстарды, ақын қызметі жайындағы өлеңдерді, Александр Македонский мен Аристотель туралы поэманы жазуына мүмкіндік берді.

Ақынға арналған өлеңінде Абай ақынды қоршаған ұятсыз-арсыз, енжар ортаға оның тәуелсіздігін, шыншылдығын, өр тұлғасын, шабытты ойының шиыршық атып шарқ ұруын қарама-қарсы қояды. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады.

Абай көркем проза жазбаған, бірақ болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын. Шәкірттерге арнаған бір өлеңінде Абай Салтыков-Щедринді халыққа зорлық-зомбылық көрсетушілердің дәлме-дәл суреттерін берген жазушы ретінде атайды.

Біздің заманымызда ұлы ақын мұрасы қалай меңгерілуде, Абай өмірі мен творчествосын зерттей отырып, советтік ғылым өзінің алдына қандай проблемалар қояды деген мәселеге тоқтап өту қажет.

Қай халықтың болса да дүниежүзілік мәдениетке берген озат нәрсесінің бәріне үлкен ықыласпен қарайтын біздің советтік әдебиеттану ғылымымыздың социалистік мәні Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты зерттеу, оның творчествосын, өзін Қазақстан мен Совет Одағында ғана емес, сонымен бірге шетелдерге де кең насихаттау фактісінен айқын көрінеді.

Абай жайында жазылған еңбектердің Н. Сәбитов құрастырған библиографиялық көрсеткішінің өзінде-ақ қалың кітап боларлық жұмыстардың аттары аталады; мұнда стиль мен тілдің проблемаларын, Абай творчествосының идеялық мазмұны, оның өмірбаяны туралы проблемаларды, көптеген басқа мәселелерді қозғайтын ғылыми еңбектер де, мақалалар да бар. Алайда бұл көрсеткіш те Абай жайындағы еңбектерді, әсіресе соңғы жылдарда қазақ, орыс жазушылары мен ғалымдары, туысқан халықтардың жазушы, ғалымдары, тарихшылар, педагогтер, журналистер жазған мақалаларды толық қамти алмайды. Абай есімі оқу программаларына енгізілген, оған оқулықтан орын берілген, шығармаларының бірқатар нұсқалары хрестоматияларға кіргізілген. Ол туралы пьеса, кинофильмдер жасалды.

Осындай ортақ зор еңбектің арқасында Абай бүкіл совет халқына тіпті жақын болып алды. Ол туралы Москваның, басқа қалалардың көптеген оқушылар конференцияларында айтылады, мектеп оқушылары жазбаша шығарма жазады. Қазақстан ғана емес, Москвада, Ленинградта, Бакуде және басқа қалаларда студенттер диплом жұмыстарын жазады, оның творчествосының әр саласынан диссертациялар жазылуда.

Абай өмірбаянын "биографизмнің" тар шеңберінен шығару керек. Оның творчестволық өмір жолын реформадан кейінгі дәуір шындығының нақты жағдайлары белгіледі. Бұл жағдай жазушының жаңа типін туғызды, Алтынсарин де, Абай да осындай жазушылар болды, олар өздері туып-өскен феодалдық ортадан қол үзіп, феодализмнің кертартпа негіздеріне қарсы шаруалар наразылығын білдірушілерге айналды.

Абай творчествосының халықтығын зерттеу — айрықша маңызды міндеттің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті "бір арнамен" дамыды деген аса қате түсінік кедергі жасады. "Бір арнамен даму теориясы" рухында жазылған зерттеулерге Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан — қазақтың реформадан кейінгі дәуірдегі шаруаларынан оқшау алынды.

Мақалалардың көпшілігінде Абайдың халықтығы ақынның қайдағы бір мұрат-мақсатқа ұмтылуы ретінде көрсетілді, ол мұрат-мақсаттың өзі нақты тарихи сипаттарсыз, қайшылықтарсыз көрсетілді, асылына келгенде, марксизмнің "еңбекшілер бұқарасының тарихын, халықтар тарихын" ескеру керек деген қағидасы еленілмеді.

Абайдың тікелей халықтығы — халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл — тікелей халықтық белгілері. Ақын шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең, нәзік түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты.

Осыдан келіп Абай халықтығының екінші бір саласы басталады. Халықтың саналы түрде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін саналы түрде айтып, бұл үшін өз бойына жинаған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес-өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары — айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мұрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады.

Бүкіл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, қазақ мәдениетін жаңа, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезе жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.

Абай реформадан кейінгі дәуірдегі қазақ шаруаларының әлеуметтік тарихи тәжірибесін дұрыс бейнелеп, түйіндеп көрсетті. Бұл жәйт оның творчествосын "еңбекші бұқара тарихының", озат қоғамдық ой тарихының фактісі етті.

Зерттеушілер Абай творчествосы мен орыс әдебиетінің байланысы туралы аса маңызды бір проблема жөнінде көп жұмыс жүргізуге тиіс.

Біздегі жұмыстардың бәріне ортақ кемшілік — бұл мәселенің тар көлемде қойылуында. Зерттеушілердің назары ең алдымен Абайдың Крыловтан, Пушкин мен Лермонтовтан аудармаларына ауды; Абайдың Белинскийге, Герценге, Чернышевскийге, Некрасовқа, Салтыков-Щедринге қатынасы жайындағы мәселе күні бүгінге дейін қаралған да емес.

Бұлардың үстіне, Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе Абайдың бүкіл орыс мәдениеті мен философиясына, эстетикасы мен публицистикасына қатысы жайыңдағы мәселеден бөлек қаралып жүр. Бірсыпыра жұмыстарда Абайдың орыс мәдениетіне келген жолы туралы мәселе оның достарымен тікелей байланыс жасауы шеңберінде ғана айтылады, мұның өзінде, әлгі дос дегендері — 80—90-жылдардың халықшылдары дәріптеледі де, олардың Абайға еткен ықпалы асыра бағаланады.

Ақыр аяғында, Абай творчествосының орыс әдебиетіне қатынасы, әдетте, идеялық жағынан анықталады да, Абайдың орыс әдебиетімен байланыс жасауы арқасында туған жаңа көркемдік форма мен жанр мәселесі ауызға алынбай қалады.

Біздің алдымызда қандай міндеттер тұр?

Методологиялық маңызды міндеттің біріншісі — Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе даму үстінде зерттелуі керек. Абай жиырма жыл бойы орыс әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерін творчестволық жолмен қабылдап отырды. Бұл дәстүрді меңгеруде оның өз жолы бар. Татьяна мен Онегин туралы нәзира жасаудан, Пушкин мен Лермонтовты аударудан Абай Некрасов пен Салтыков-Щедринді зерттеп үйренуге келді. Біз осынау жолдың кезеңдерін, бірінен бірінің сапалық ерекшелігін, араларындағы байланыс-жалғастарын анықтауға міндеттіміз, біз мұның бәрін әр дәуірдің сипатын белгілеген саяси уақиғалармен, соның ішінде орыс және қазақ халықтарының қарым-қатынасымен тығыз байланыстырып зерттеуіміз керек.

Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы оның творчествосынан айқын көрінеді, әдебиетті қоғамдық сананың өзге түрлерінен бөліп алмай, демократияшыл озат орыс мәдениетінен Абай алған бүкіл байлықты сырдаң тартқызбай, бұл қатынасты барлық шын, объективті байланыстарымен зерттеу қажет.

Абай творчествосының Шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек; мұның өзі — өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран әдебиетімен байланысы деп ағат айтып жүргеніміз, шынында, тәжік, өзбек, азербайжан классиктерімен байланысы, былайша айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен — советтік шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді.

Абайдың Шығысқа қатынасы ақын творчествосының әр кезеңінде әрқилы болғанын есте ұстау керек. Егер жас кезінде (1860—1865) жай еліктеуден бастаса, есейіп, ержеткен шағында (1886—1904) Науаи мен Низамиге сырттай еліктемей, олардың дәстүрлерін творчестволық жолмен, сын көзімен қабылдады. Бұл ретте "Ескендір" поэмасында

Низамидегі Қызыр пайғамбардың орнына Аристотель образын енгізгенін, Ескендірді қандықол басқыншы етіп көрсеткенін айтсақ та жеткілікті.

Онан соң, Абайдың шығыс классиктеріне қатынасын зерттегенде, бұл байланыстың ұтымды жақтарымен қатар (форманы жетілдіру мүмкіншілігі, Абайға тән адамгершілік қасиеттің кеңірек ашылуы), классиктік шығыс әдебиетінің: ортағасырлық жағдайлардың әдеби стильді тежеуі, діни сарындар, жоқты-барға сенуден шыққан құр қиял, бірқатар көркемдік форманың енжарлығы сияқты теріс жақтарын да естен шығармау керек.

Абайдың ислам дініне қатынасын зерттегенде, бір жағынан, оның көзқарасы мен творчествосында феодалдық идеологияның қалдықтары бар екендігін ескерсек, екінші жағынан, Абай жақтаған шаруалардың идеологиясында діни ескі ұғымға сенушілік бар екенін де ұмытпау керек. Абайдың көзқарасындағы діни элементтер, сөз жоқ, оның творчествосының әлсіз жағы болды, өйткені Абайдың 90-жылдардағы, осы ғасырдың бас кезіндегі революцияшыл жұмысшы қозғалысымен байланысы болмады, ол діни элементтер ақын, ойшыл Абайдың негізгі бағытына қайшы келді.

Біздің зерттеулерімізде Абайды төңіректеген ақындар творчествосының әлеуметтік сипаты ұзақ уақыт бойы даралап ашылмай келді. Бұл сияқты қатені осы мақаланың авторы да жіберді. "Абай мектебі" болды деп қате енгізілген ұғымның нәтижесінде бұған Абайдың замандастары, бірақ ақынға идеялық жағынан жат, жеке басының таныстығы болғанымен, оның әдеби ортасы бола алмаған кертартпа, реакцияшыл ақындар да кіргізіліп келді.

Абай мұрасын зерттеушілердің алдында тұрған маңызды тақырып — қазақтың демократиялық әдебиетінің бұдан былайғы дамуындағы Абай дәстүрін тексеру. Бұл саладағы басты міндет — XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократияшыл ақындары Донентаевтың, Торайғыровтың Абай дәстүрін қалай жалғастырып әкеткенін анықтау, әсіресе бұл ақындардың орыс мәдениеті мен әдебиетіне көзқарастарындағы сабақтас жайларды анықтау болып табылады. Жаңа тарихи жағдайда, ең бір ұлы революцияны дайындау дәуірінде олардың Абай нәр алған орыстың революцияшыл демократтарының озат идеясын, орыс классиктерінің реализмін қандай дәрежеде қабылдап, онан әрі қалай дамытқанын айқындау қажет. Олар Абай ізімен жүргенде, өз дәуірінің озат идеяларымен қаншалықты рухтана білгенін, сол дәуірді толық көрсету үшін қандайлық жаңа әдеби формалар тапқанын ашу керек.

Ақырында, қазақ совет әдебиетінің Абай дәстүрі проблемасын жан-жақты көтерудің, қазақ совет әдебиетінің таңдаулы шығармалары негізделіп жазылған социалистік реализм әдісі мен Абай реализмі арасындағы ішкі байланысты анықтаудың терең мәні бар. Абайдан біздің ақындарымыз бен жазушыларымыз қабылдаған демократиялық элементтерді айқындаумен бірге, Абайдың көркемдік формаларына, оның ақындық тіліне қазақ совет әдебиетінің қандай қатынасы бар екендігіне айрықша назар аудару керек.

Абай өмірі мен творчествосын зерттеу проблемасы неғұрлым кең, принципиалды, жан-жақты талқыланса, оның мұрасын зерттеу нәтижелері соғұрлым жемісті, елеулі бола бермек.

Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында биік шынар сияқты. Ол қазақ халқының нелер заманғы мәдениетінің ең таңдаулы нәрін алып, бұл қазынаны орыс және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен байытты.

Абай өз халқының және бүкіл Таяу Шығыстың қоғамдық ой-пікірінің Октябрьге дейінгі тарихында ең прогресшіл қозғалысты бастады. Қазақ халқының алғашқы ағартушы қайраткерлерінің бірі болған ол, қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы орыс мәдениетімен байланысты болуына жасалған кедергілерді дәйекті түрде күйретіп отырды, сөйтіп орыс және қазақ халықтарының реакцияшыл құрылысқа қарсы, нұрлы болашақ үшін ортақ күресте қосылуына көмегін тигізді. Абай есімі бізге осынысымен қымбат.

Абай біздің бақытты социалистік заманымызға бұрынғыдан да қадірлі, жақын болып барады. Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін қалаушы, қазақтың классиктік поэзиясының сәулелі шыңы - Абайдың азбас-тозбас даңқының ең ірі айғағы осы деп білеміз.

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар