Қандастар Ассамблея

Ұмытылмайтын адам

04.12.2012 2348
  ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Ұмытылмайтын адам Қазақ астанасынан сегіз жылдай қол үзіп кетіп, қайта оралған шағым еді. Танымайтын бір адам кездесті, денесі күйкі, үні солғын, сөзі шымыр, жасы менімен қаралас. Сонда да ол маған «сіз» деп сөйледі. —Бұл орынға жаңада келдіңіз ғой? —Жаңада келдім. —Қай жерден ? —Новосибирь қаласынан. —«Қызыл тудан» шығар? —Иә. Әңгіме осылай басталып, дами берді. «Қызыл ту» Новосибирь қаласында бес-алты жыл бойы шығып тұрған қазақ газеті. Қазақстанмен іргелес, астығы мол, өндірісі өршіген Батыс Сибирь өлкесін отыз екінші жылдары қазақ кернеп кеткен. Сол қазақтардың, «Қызыл тудың» жай-күйін мына кісі ежіктей сұрайды. Көзге олқы көрінсе де мағыналы сөзі, байсалды мінезі әңгіме үстінде үлкейтіп барады оны. —Барған қазақтар тән азығына кенелген шығар. Жан азығын қайтті екен? Қарын тойса ойын-сауық, ән-күйсіз тұра ала ма жұрт. —Тұра алмайды. Анда-санда Қазақстаннан келген концерт бригадаларын аттан көтеріп алады. —Шіркін-ай, сол сусаған кептің сусынын қандырар ма еді! Осыдан кейін күрсіне бір дем алды да, үнсіз отырды ол. Қоңырқай өңі сынық, ішінде бір сыр жатқан сияқты. Мен оның кім екенін білуге асықтым, «Фамилиям Жұбанов» дегенде қадала қарап қалыппын. «Ғалым Жұбанов — белгілі Құдайберген Жұбанов па, басқа ма?» деген ойымды біле қойды ол. —Құдайберген Жұбанов емес, Ахмет Жұбановпын. Менен енді сескенерсіз, сонда да айта берейін. Кузбастың алып заводы жайында жазған «Алыптың кереметтері» атты үлкен очерктеріңізді сүйсіне оқыдым, очерк емес, қызықты хикая тәрізді. Сізді сырттан білем. Енді көріп отырмын. Менің де бір жазғаным бар еді, жараса қалдырып кетуге келдім. Халық композиторлары жайында жазылған мақаласын оқып шықты. Азырақ редакцияласа жарап тұр. Бірақ, жарайды не жарамайды, дей алмадым. Мақаласын ақыры әдебиет журналына басып шығардық. 1938 жылдың бас шенінде, әдебиет журналының редакциясында Ахмет екеуміздің танысуымыз осылай басталған еді. Таныс жолдас, дос дегендердің күндігі, айлық, жылдық, өмірлігі бар. Біздікі өмірлік болып қалды. Ахмет өмірінің ақырғы кезінде бір ай менімен көрші тұрды. Дачамыздың арасы тиіп тұр. Жиі әңгімелесеміз, сырласамыз. Бәрін айтқанда бір сырды ол айтпайды. Айтпаса да, сезем, сұрауға мен батпадым. Жазылмайтын жаман дерт келіп қалғанда айтуға ауыз бармаса керек. Бара алмадық. Ішке бір пәлені тығып қойып, әңгімелесе береміз, өткен күндерден есте қалғанды екшелей береміз — Ғабе, ауыр күндерімде екі рет жылы шырай көрсеттіңіз. Көңілім көтеріңкі күндерде көрінбейсіз. Бұл қалай? —Ауыр күндерде ілуде біреу, қуанышты күндерде екінің бірі көрінеді. Сусағанда бір жұтым су жайшылықтағы бір шара толы сары қымыздан құндырақ көрінеді. —Рас! Абай айтқандай талай жолдас көлеңке тәрізді: күн ашықта қашып құтыла алмайсың, күн бұлтта іздеп таба алмайсың. Сол екеуі менің есімде, сірә өмір бойы есте қалар. Ахмет «есте қалар» деп отырған екі кездесудің бірі — жоғарыда айтылған редакциядағы кездесу. Ол бір ауыр күндер еді ғой. Ахмет сол жүдеу кезінде менен көрген заредей мейірімді ұмытпапты. Болған, толған шақта артта қалған жүдеу күндерді естен шығармаудың өзі адамшылық үлкен қасиеттердің бірі емес пе. Кейде асфальтті тесіп, көк шөптер шығып тұрады. Нағыз талант сол сияқты, жолындағы бөгеттерді жеңе келіп, ақыры өзі көрінеді. Ахмет бөгеттерді жеңе келіп, көркем - өнер қазынасына үлкен үлес қосып кетті. Халық аузында жүрген ән-күйлерін, Хамидимен бірге жазған «Абай» операсын былай қойғанда, үні босағадан аспаған қазақтың екі шекті домбырасынан қазір жұртқа мәлім кең тынысты оркестр жасауда оның сіңірген еңбегі ерекше. Қазақ ән-күйлерін жасаушылар жайында қалдырған әдеби еңбектері әдебиеттің алтын қазынасына қосылды. Жамбыл атындағы қазақ филармониясын, Қазақ консерваториясын басқарды. Қазақстан халық артисі атанды, көркемөнер саласында қазақтың бірінші академигі болды. Осының бәрі өзі келген жоқ, еңбегімен жеңіп алды. Бұ жеңістерінің бір де бірінде үйіне не кеңсесіне бармай, телефон арқылы құттықтаған екенмін. «Көңілімнің көтеріңкі күндерінде көре алмадым» дегенде Ахмет соны айтты. Жеңіс үнемі бола бермейді. Ахмет қысылған шағында маған тағы бір келді. Мен онда жазушылар ұйымының бастығымын. — Ғабе?— деді ол күлімсіреп,— естіп жатқан шығарсыз біздің жайды. Қабағыңызды байқағалы келдім. — Менің қабағымда не тұр? Сіздің тағдырыңызды шешетін басқа қабақтар. Коллектив сынапты, газет жазыпты. Егер маған жүгінсеңіздер сізді ақтамаспын. Бірақ, күнәңіз таудай болса, төбешіктей етер едім, төбешіктей болса кешірер едім. Не үшін?—деушілерге, бір ғана Кұрманғазы оркестрі үшін дер едім. — Рахмет, Ғабе!— деді де Ахмет кетті. Композитор қызы Ғазизаның Москвада оқып жүрген кезі. Москваға барғанымда Ғазизадан біліп, шақырдым. Ести сала келді. Менің номерімде түн ортасы ауғанша отырдық... Ахметті бірсыпыра білсем де қызып, дауыс көтергенін не былапыт сөйлеп, біреуді тілдегенін білмедім. Өте сыпайы, үні жұмсақ, нәзік сезімді, өткір мысқылды кісі еді. Бір мақалада айтылған сынды бір ауыз мысқылмен айта салатын. Мұхтар Әуезов «Айман — Шолпан» пьесасын жаңартып, қайта жазыпты. Көтібардың атын өзгертіп Басыбар қойыпты. Пьесаны көруге келіп отырмыз. —Неге өзгертті екен, біреу басы жоқ деген бе?— деп Ахмет күбірлейді маған. Мен күліп жібердім. Мұхтардың құлағы шалып қалса керек, жалт қарады бізге. —Әй, неге күлдіңдер? —Мен мына Ғабең күлген соң күлдім. —Мен Ахаң күлген соң күлдім. —Күлкі сияғы жоқ. Қыз-қырқындардың жырқылы сияқты,— деді де, Мұхтар қырындай отырды. Ахмет оған естіртпей тағы да бір мысқылдап қойды. — Жұртқа мәлім Көтібар Басыбар болса, Итбай, Күшікбай, Қоңызбай, Доңызбайлар кім болады? Мұқаң бұлардың да атын өзгертіп берер. Ахметтің Көтібарға байланысты мысқылында үлкен мән бар. Белгілі тарихи нәрселерді бұрмалауға қарсы еді. Бүгін қанша шарықтасақ та түп тамырымыз бұрынғылардан қалған ғылым-білімдерде, көркемөнерде, заттай мұраларда, халықтың жақсы дәстүрлерінде жатыр. Айта берсек Ахметтің есте қалдырғаны көп, қазақ көркемөнерінің даму тарихында белгілі орны бар, ұмытылмайтын адам.

 

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Ұмытылмайтын адам

Қазақ астанасынан сегіз жылдай қол үзіп кетіп, қайта оралған шағым еді. Танымайтын бір адам кездесті, денесі күйкі, үні солғын, сөзі шымыр, жасы менімен қаралас. Сонда да ол маған «сіз» деп сөйледі.

—Бұл орынға жаңада келдіңіз ғой?

—Жаңада келдім.

—Қай жерден ?

—Новосибирь қаласынан.

—«Қызыл тудан» шығар?

—Иә.

Әңгіме осылай басталып, дами берді. «Қызыл ту» Новосибирь қаласында бес-алты жыл бойы шығып тұрған қазақ газеті. Қазақстанмен іргелес, астығы мол, өндірісі өршіген Батыс Сибирь өлкесін отыз екінші жылдары қазақ кернеп кеткен. Сол қазақтардың, «Қызыл тудың» жай-күйін мына кісі ежіктей сұрайды. Көзге олқы көрінсе де мағыналы сөзі, байсалды мінезі әңгіме үстінде үлкейтіп барады оны.

—Барған қазақтар тән азығына кенелген шығар. Жан азығын қайтті екен? Қарын тойса ойын-сауық, ән-күйсіз тұра ала ма жұрт.

—Тұра алмайды. Анда-санда Қазақстаннан келген концерт бригадаларын аттан көтеріп алады.

—Шіркін-ай, сол сусаған кептің сусынын қандырар ма еді!

Осыдан кейін күрсіне бір дем алды да, үнсіз отырды ол. Қоңырқай өңі сынық, ішінде бір сыр жатқан сияқты. Мен оның кім екенін білуге асықтым, «Фамилиям Жұбанов» дегенде қадала қарап қалыппын. «Ғалым Жұбанов — белгілі Құдайберген Жұбанов па, басқа ма?» деген ойымды біле қойды ол.

—Құдайберген Жұбанов емес, Ахмет Жұбановпын. Менен енді сескенерсіз, сонда да айта берейін. Кузбастың алып заводы жайында жазған «Алыптың кереметтері» атты үлкен очерктеріңізді сүйсіне оқыдым, очерк емес, қызықты хикая тәрізді. Сізді сырттан білем. Енді көріп отырмын. Менің де бір жазғаным бар еді, жараса қалдырып кетуге келдім.

Халық композиторлары жайында жазылған мақаласын оқып шықты. Азырақ редакцияласа жарап тұр. Бірақ, жарайды не жарамайды, дей алмадым. Мақаласын ақыры әдебиет журналына басып шығардық. 1938 жылдың бас шенінде, әдебиет журналының редакциясында Ахмет екеуміздің танысуымыз осылай басталған еді. Таныс жолдас, дос дегендердің күндігі, айлық, жылдық, өмірлігі бар. Біздікі өмірлік болып қалды. Ахмет өмірінің ақырғы кезінде бір ай менімен көрші тұрды. Дачамыздың арасы тиіп тұр. Жиі әңгімелесеміз, сырласамыз. Бәрін айтқанда бір сырды ол айтпайды. Айтпаса да, сезем, сұрауға мен батпадым. Жазылмайтын жаман дерт келіп қалғанда айтуға ауыз бармаса керек. Бара алмадық. Ішке бір пәлені тығып қойып, әңгімелесе береміз, өткен күндерден есте қалғанды екшелей береміз — Ғабе, ауыр күндерімде екі рет жылы шырай көрсеттіңіз. Көңілім көтеріңкі күндерде көрінбейсіз. Бұл қалай?

—Ауыр күндерде ілуде біреу, қуанышты күндерде екінің бірі көрінеді. Сусағанда бір жұтым су жайшылықтағы бір шара толы сары қымыздан құндырақ көрінеді.

—Рас! Абай айтқандай талай жолдас көлеңке тәрізді: күн ашықта қашып құтыла алмайсың, күн бұлтта іздеп таба алмайсың. Сол екеуі менің есімде, сірә өмір бойы есте қалар.

Ахмет «есте қалар» деп отырған екі кездесудің бірі — жоғарыда айтылған редакциядағы кездесу. Ол бір ауыр күндер еді ғой. Ахмет сол жүдеу кезінде менен көрген заредей мейірімді ұмытпапты. Болған, толған шақта артта қалған жүдеу күндерді естен шығармаудың өзі адамшылық үлкен қасиеттердің бірі емес пе.

Кейде асфальтті тесіп, көк шөптер шығып тұрады. Нағыз талант сол сияқты, жолындағы бөгеттерді жеңе келіп, ақыры өзі көрінеді. Ахмет бөгеттерді жеңе келіп, көркем - өнер қазынасына үлкен үлес қосып кетті. Халық аузында жүрген ән-күйлерін, Хамидимен бірге жазған «Абай» операсын былай қойғанда, үні босағадан аспаған қазақтың екі шекті домбырасынан қазір жұртқа мәлім кең тынысты оркестр жасауда оның сіңірген еңбегі ерекше. Қазақ ән-күйлерін жасаушылар жайында қалдырған әдеби еңбектері әдебиеттің алтын қазынасына қосылды. Жамбыл атындағы қазақ филармониясын, Қазақ консерваториясын басқарды. Қазақстан халық артисі атанды, көркемөнер саласында қазақтың бірінші академигі болды. Осының бәрі өзі келген жоқ, еңбегімен жеңіп алды. Бұ жеңістерінің бір де бірінде үйіне не кеңсесіне бармай, телефон арқылы құттықтаған екенмін. «Көңілімнің көтеріңкі күндерінде көре алмадым» дегенде Ахмет соны айтты.

Жеңіс үнемі бола бермейді. Ахмет қысылған шағында маған тағы бір келді. Мен онда жазушылар ұйымының бастығымын.

— Ғабе?— деді ол күлімсіреп,— естіп жатқан шығарсыз біздің жайды. Қабағыңызды байқағалы келдім.

— Менің қабағымда не тұр? Сіздің тағдырыңызды шешетін басқа қабақтар. Коллектив сынапты, газет жазыпты. Егер маған жүгінсеңіздер сізді ақтамаспын. Бірақ, күнәңіз таудай болса, төбешіктей етер едім, төбешіктей болса кешірер едім. Не үшін?—деушілерге, бір ғана Кұрманғазы оркестрі үшін дер едім.

— Рахмет, Ғабе!— деді де Ахмет кетті.

Композитор қызы Ғазизаның Москвада оқып жүрген кезі. Москваға барғанымда Ғазизадан біліп, шақырдым. Ести сала келді. Менің номерімде түн ортасы ауғанша отырдық...

Ахметті бірсыпыра білсем де қызып, дауыс көтергенін не былапыт сөйлеп, біреуді тілдегенін білмедім. Өте сыпайы, үні жұмсақ, нәзік сезімді, өткір мысқылды кісі еді. Бір мақалада айтылған сынды бір ауыз мысқылмен айта салатын. Мұхтар Әуезов «Айман — Шолпан» пьесасын жаңартып, қайта жазыпты. Көтібардың атын өзгертіп Басыбар қойыпты. Пьесаны көруге келіп отырмыз.

—Неге өзгертті екен, біреу басы жоқ деген бе?— деп Ахмет күбірлейді маған. Мен күліп жібердім. Мұхтардың құлағы шалып қалса керек, жалт қарады бізге.

—Әй, неге күлдіңдер?

—Мен мына Ғабең күлген соң күлдім.

—Мен Ахаң күлген соң күлдім.

—Күлкі сияғы жоқ. Қыз-қырқындардың жырқылы сияқты,— деді де, Мұхтар қырындай отырды. Ахмет оған естіртпей тағы да бір мысқылдап қойды.

— Жұртқа мәлім Көтібар Басыбар болса, Итбай, Күшікбай, Қоңызбай, Доңызбайлар кім болады? Мұқаң бұлардың да атын өзгертіп берер.

Ахметтің Көтібарға байланысты мысқылында үлкен мән бар. Белгілі тарихи нәрселерді бұрмалауға қарсы еді. Бүгін қанша шарықтасақ та түп тамырымыз бұрынғылардан қалған ғылым-білімдерде, көркемөнерде, заттай мұраларда, халықтың жақсы дәстүрлерінде жатыр. Айта берсек Ахметтің есте қалдырғаны көп, қазақ көркемөнерінің даму тарихында белгілі орны бар, ұмытылмайтын адам.

Ұқсас материалдар