Қандастар Ассамблея

Отанымыздың қуатты қорғанышы

04.12.2012 5367
    БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала)   «Қазақстан коммунисі», февраль, 1958 жыл, № 2 Отанымыздың қуатты қорғанышы (СССР Қарулы Күштерінің 40 жылдығына) Үстіміздегі жылдың 23 февральында Совет Одағының Қарулы Күштері өзінің қырық жылдық мерекесін тойлады. Бұл даңқты мерекені бүкіл совет халқы да, шетелдегі барша достарымыз да зор салтанатпен, шаттықпен өткізді. Бұлай болатыны түсінікті де. Ұлы Лениннің аталық қамқорлығы, Коммунистік партияның дана басшылығы арқасында революциялық ұрыстардың от - жалынында құрылған Совет Армиясы Октябрь социалистік революциясының тарихи жеңістерін қорғап, Отанымызды сыртқы жаулар мен ішкі жаулардың сан алуан қастық әрекеттерінен аман алып қалды. Қырық жыл ішінде ол совет мемлекетінің, социалистік Отанымыздың қырағы да сенімді тірегі, қорғанышы болды, ол совет халқына жан аямай адал қызмет етуде. Совет Армиясының барлық прогресшіл адамзат алдында да сіңірген еңбегі өлшеусіз зор. Елімізде Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңіп шығуы дүниежүзі тарихында жаңа заманның - социализм заманының басталуы, сонымен қатар, бүкіл капиталистік система күйреп, құрып бітетін заманның басталуы болды. Сондықтан да барлық елдердің империалистері мен ішкі контрреволюция дүниежүзіндегі тұңғыш совет мемлекетіне ашықтан - ашық өшігіп, оны буыны бекіп, бұғанасы қатпаған кезінде тұншықтырып тастауға әрекеттенді. Осындай қысылтаяң жағдайда совет мемлекеті өзінің Қарулы Күштерін жедел құруға тиісті болды. Жаңа армияны ауыр күрес үстінде, қажетті материалдық құрал - жабдықтардың тапшы кезінде ұйымдастыруға тура келді. Оның үстіне мұндай армияны құруға негіз боларлық теориялық деректемелер де, практикалық тәжірибе де жоқтың қасы еді. В.И. Ленин сол кезде: «Қызыл Армияның құрылысы туралы мәселе - мүлде жаңа мәселе болды, ол тіпті теория жүзінде де мүлде қойылмаған мәселе... Біз бұл мәселені дүниежүзінде әлі күнге дейін ешкім де қолға алып көрмеген көлемде қолға алдық», - (Шығармалар, 29 - том, 141 – 142 - беттер) деп жазды. Біздің Советтік Армия капиталистік елдердегі армиялардан мүлде өзгеше, жаңа сипаттағы армия, ол - совет мемлекетінің қарулы күші, еңбекшілердің өкіметін баянды ету үшін, социалистік Отанымыздың мүдделерін, СССР халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау үшін құрылған. Совет Армиясы - нағыз халықтық армия, интернационализм армиясы, халықтар достығын бейнелейтін армия. * * * Біздің армия қырық жыл ішінде талай қиын кезеңдерден, тар жол, тайғақ кешулерден өтті, оның тарихы - қажырлы күрестер мен келелі жеңістер тарихы, ол - өзінің ерлік істерімен, батырлық дәстүрлерімен өшпес даңққа бөленген армия. Совет армиясының ұйытқысы қызыл гвардия болды. Қызыл гвардияның алғашқы отрядтары пролетариаттың ержүрек өкілдерінен февраль революциясы кезінде - ақ құрылған болатын. Қарулы пролетариаттың жауынгерлік жасақтары мен отрядтары түрінде большевиктер партиясы ұйымдастырған қызыл гвардия патша өкіметін құлатуда, Октябрь революциясын жүзеге асыруда, ескі құрылыстың негіздерін қиратып, совет өкіметін орнатуда, оның іргесін бекітіп, өрісін кеңейтуде тарихи рөл атқарды. Буржуазияның қарсылығын күйрету ісінде Қызыл гвардияның маңызды еңбек сіңіргенін айта келіп, Ленин былай деп жазған болатын: «Әскери қарсылықты әскери құралдармен талқандамаса, басқаша талқандауға болмайды, сондықтан қызыл гвардияшылар ең ардақты және ең ұлы тарихи істі - еңбекшілер мен қаналушыларды қанаушылардың езгісінен құтқару ісін істеді» (Шығармалар, 27 - том, 239 - бет). 1918 жылы біздің Отанымызға қарсы Германия, Англия, Франция, Америка, Жапония империалистері басқыншылық соғыс бастады, еліміздің ішінде Колчактың, Деникиннің, Юденичтің, Врангельдің революцияға қарсы қара ниет күштері лаң салумен болды. Шетел басқыншылары мен ішкі контрреволюцияшыл дұшпандар жеріміздің төрттен үш бөлігін басын алған еді. Жас совет мемлекетіне төнген осындай қатерлі, қысылшаң кезеңде Коммунистік партия ұлы Лениннің жетекшілігімен Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін, Октябрь революциясының жеңістерін қаскүнем жаулардан қорғау жөнінде жедел шаралар қолданды. Сол шаралардың ең бастысы еліміздің аса мықты Қарулы Күштерін, тәртібі қатаң соғыс өнеріне тез машықтанатын, бір орталыққа бағынатын, нағыз тұрақты армия құру болды. Революцияның алғашқы кезеңінде аса көрнекті рөл атқарған қызыл гвардия еліміздің алдына қойылған, бұрынғыдан сан есе киын соғыс міндеттерін, елімізді сыртқы жаулар мен ішкі жаулардан қорғап қалу міндеттерін орындай алмайтын еді. В.И.Ленин 1918 жылғы 28 январь күні - ақ Жұмысшы - Шаруа Қызыл Армиясын құру жөніндегі тарихи документке қол қойған - ды. Қатарында 100 мыңға тарта адамы болған қызыл гвардия ұзамай түгел Қызыл Армияға қосылды. Сол жылы 14 февральда ескі флотты тарату және Жұмысшы - Шаруа Флотын ұйымдастыру жөнінде декрет қабылданды. Қызыл Армияның қатарына жұмысшы табы мен кедей шаруалардың таңдаулы ұлдары, революция ісіне жан - тәнімен берілген адамдар, Октябрь жемістерін қасық қаны қалғанша қорғауға әзір, Отанының бостандығы мен халқының бақыты үшін жанын қиюдан да тайынбайтын ер азаматтар алынды, ел қорғаушылардың алдыңғы сапында коммунистер болды. Коммунистік партия совет мемлекетінің қарулы күштерін құруды қолға алысымен - ақ әскери кадрларды, Қызыл Армияның командирлерін даярлауға қатты көңіл бөлді. В.И. Ленин Қызыл Армияны құрғанда «командирлерді тек халық арасынан ғана алуымыз керек. Тек қызыл офицерлер ғана солдаттардың арасында беделді болып, біздің армиямызда социализмді баянды ете алады. Мұндай армия жеңілмейтін армия болады», - (Шығармалар, 28 - том, 189 - бет) деп көрсетті. Лениннің осы нұсқауына сәйкес сол кездің өзінде - ақ көптеген әскери училищелер мен қысқа мерзімді курстар ұйымдастырыла бастады, жоғары дәрежелі тұңғыш әскери оқу орындары ашылды. Қызыл Армияны құрғанда кездескен ең бір үлкен қиыншылық - оны керекті қару - жарақпен жабдықтау мәселесі еді, өйткені Россия техника мен экономика жағынан артта қалған ел еді, оның үстіне империалистік соғыстың салдарынан оның шаруашылығы қатты күйзелген болатын. Солай бола тұрса да, большевиктер партиясы бар күшті қарыштап, Қызыл Армияны қару - жарақ жағынан да нығайта білді. Дер кезінде қолданылған осы шаралардың бәрі империалист басқыншыларға қарсы арпалысқан ұрыстарда Қызыл Армияның жеңіп шығуына мүмкіндік берді. Қызыл Армияның алғашқы жасақтары 1918 жылғы 23 февральда Псков пен Нарва түбінде неміс интервенттеріне (басқыншыларына) күйрете соққы беріп, революция бесігі Петроградқа және социалистік Отанымызға төнген бір қауіпті жойды. Қызыл Армияның бірінші жеңісінің құрметіне еліміз бұл күнді - 23 февраль күнін - Совет Одағы Қарулы Күштерінің туған күні деп жыл сайын мейрамдап отырады. Содан былай Қызыл Армия Отанымыздың сыртқы жаулары мен ішкі жауларына қарсы сансыз ұрыс - қақтығыстар кезінде өсіп жетілді, шынығып нығая берді, талай - талай ауыр сынақтардан сүрінбей өтіп, өзінің жеңімпаз туын өшпес даңққа бөледі. Қызыл Армия үш жыл ұдайы шетел интервенциясы мен ішкі контрреволюцияға қарсы қажырлы күрес жүргізді. Жерімізден неміс империалистері қуылғаннан кейін Шығыс майданында американ, ағылшын, француз империалистерінің ең мықты қолшоқпары болған, бақайшағына дейін қаруланған адмирал Колчактың 300 мыңдық армиясы талқандалды. Батыстан Петроградқа қауіп төндірген генерал Юденичтің бандалары қиратылды. Оңтүстікте генерал Деникиннің қыруар армиясы күл - талқан болды. Ақырында, 1920 жылы Қызыл Армия шет - ел империалистері біздің елімізге қарсы айдап салған Польша пандарының және халықаралық реакцияның ең соңғы тірегі, Қырымға бекінген Врангель армиясын тас - талқан етті. Осы жеңістердің нәтижесінде Қызыл Армия Отанымыздың жерін шетел басқыншылары мен ішкі контрреволюциядан толық азат етті. Совет халқы мен оның армиясы аса қиын жағдайларда Октябрь социалистік революциясының ұлы жеңістерін абыроймен аман сақтай қалды. Шетел интервенттері мен ішкі контрреволюцияшыл күштерді Қызыл Армияның жеңіп шыққан себебі не? Біріншіден, социалистік революция жауларына қарсы жүргізілген күресті басқарушы, ұйымдастырушы, оған дем беруші біздің сүйікті Коммунистік партия болды, ол В.И.Лениннің жетекшілігімен күнбе - күн жеңіс кілтін шыңдап отырды, партия мүшелерінің жартысына жуығы (300 мың адам) армия қатарында болып, қаһармандық пен батырлықтың асқан үлгісін көрсетті, олар жауынгерлерді бастап, ерен ерлік істерге құлшындырып отырды. Партияның аса көрнекті қайраткерлері И.В. Сталин, К.Е. Ворошилов, С.М.Киров, В.В. Куйбышев, Г.К.Орджоникидзе және басқа партия қызметкерлері тікелей майдандарда болып, әскери - саяси жұмыс жүргізді, бұқараны ұйымдастырды. Екіншіден, біздің армия құрылған күннен бастап халықтар достығы мен пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеленді. Қызыл Армия қатарында орыстармен бірге украиндар, белорустар, қазақтар, грузиндер, латыштар және басқа ұлттардың өкілдері шетел басқыншыларына қарсы, ақ гвардияшыл бандаларға қарсы жан аямай соғысты. Үшіншіден, бұл күресте Совет елі жалғыз болған жоқ, шетел интервенттері мен ішкі контрреволюцияны жеңіп шығу ісінде Англияның, Францияның және басқа елдердің жұмысшылары біздің елге тілектес болып, барынша көмек көрсетіп отырды. Осы жеңістің арқасында біздің халқымыз социалистік қоғам орнату ісіне кірісуге мүмкіндік алды. Азамат соғысы жылдарында интервенттер мен ақ гвардияшылар талқандалса да, біздің елімізге қас империалистердің тағы да шабуыл жасау қаупі жойыла қойған жоқ еді. Ол кезде біздің еліміз, мұхит ортасындағы аралдай, капиталистік мемлекеттердің қоршауында болатын. Совет еліне империалистердің талай рет жала жауып, қастық істеп, шекарамызда ұрыс - жанжал туғызып келгені барша жұртқа мәлім. Қытай - шығыс темір жолында, Хасан, Халкин - Гол маңында болған оқиғалар соғысқұмар империалистердің осындай лаңы еді. Данышпан Коммунистік партиямыз империалистердің қаскүнемдік әрекеттерінің қайталай беретінін, күндердің күнінде ел басына ересен жағдай, өлшеусіз ауыртпалық түсуі ықтимал екенін әрдайым ескертіп отырды, халқымызды соғыс қаупін әсте естен шығармауға, оған сақадай сайланып, әзір тұруға тынбай шақырумен болды, сонымен бірге еліміздің қорғаныс қабілетін, оның әскери қуатын жылма - жыл арттырып отырды. Азамат соғысынан кейінгі жиырма жыл ішінде (1920 - 1940) Совет Армиясы бүкіл еліміз өскен сайын өсіп, нығайған сайын нығая берді. Елімізді социалистік жолмен индустрияландыру нәтижесінде біздің армия осы заманғы жаңа қару- жарақпен, ұрыс техникасымен қайта жабдықталды, соғыс өнерінің тілін жетік білетін көптеген әскери кадрлар өсіп жетілді, сөйтіп Совет Армиясы партияның үздіксіз қамқорлық жасауы арқасында совет халқының өнерпаздық бейбіт еңбегін қырағы күзететін, совет мемлекетінің қауіпсіздігін қандай жаудан болса да қорғай алатын айбарлы күшке айналды. * * * Фашистік Германияға қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысы еліміздің, оның қарулы күштерінің басына түскен аса зор сынақ болды. Совет Одағына жауыздық ниетпен, опасыздықпен тиіскен Гитлер Германиясының соғыста көздеген басты мақсаты Совет мемлекетін жою, капиталистер мен помещиктердің өкіметін қайта орнату, еліміздің ұшан - теңіз байлығын талап алу, совет адамдарын неміс империалистерінің құлдарына айналдыру еді. Неміс фашистерінің басшылары Украина астығы мен Кавказ мұнайын жаулап алғысы келетінін, Совет Одағының жерін, қала берді басқа елдердің жерін де басып алып, ен байлықты иемденуге, «кең өрісті жайлауға» тырысатынын, сөйтіп, дүниежүзінде үстемдік орнатуды көксейтінін жалпы әлемге жар салып, ашықтан-ашық айтты. Олар ең барып тұрған айуандық, тағылық, қаныпезерлік идеологияны дәріптеп, өз солдаттарының, неміс жастарының бойында ең пасық, ең жиіркенішті сезімдерді өршітуге тырысты. Олар немістерді «жоғары нәсіл» деп атап, басқа халықтардың бәрін «төменгі нәсілге» жатқызды, «жоғары нәсіл», «төменгі нәсілді» билеп - төстеуге жаралған десті. Фашистік қарақшылар, әсіресе, совет халқына, мейлінше, қас екенін анық танытты. Олар өз солдаттарына совет адамдарын кәрі, жас демей шетінен қыра беріңдер, тірі қалғанын күл етіңдер, бұл жөнінде ешбір рақым, аяушылық болмасын, ар - ұят деген бұлдыр ұғымнан мүлде арылыңдар деп үйретті. Фашизмнің кескін - бейнесі, мінез - құлқы, идеологиясы, ниет - мақсаты, міне, осындай еді. Фашистік Германияға қарсы Совет Одағының жүргізген Ұлы Отан соғысы әділетті соғыс еді, өйткені бүл соғыста дүниежүзіндегі тұңғыш социалистік мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, құлдыққа түскен Европа халықтарын фашистердің езгісінен азат ету, Батыс Европадағы соғысқұмар империалистердің негізгі ордасын - герман фашизмін құрту мақсаттары көзделді. Гитлер Германиясының елімізге зұлымдықпен шабуыл жасауынан социалистік Отанымыздың, совет мемлекетінің, СССР халықтарының өміріне қатерлі қауіп төнген еді. Ұлы Отан соғысы басталар кезде біздің Қарулы Күштеріміз маркстік - лениндік соғыс ғылымы мен соғыс өнері - стратегиясы, ұрыс жүргізу тәсілі мен тактикасы бар, заманның талабына сай келетін, әбден есейген армия еді. Елімізде социалистік өндіргіш күштердің қаулап өсуі арқасында Совет Армиясының күш - қуатын еселеп арттыруға, соғыс жабдығын сайлап алуға жағдай жасалған болатын. Қарулы күрес майданында ұрыс жүргізу үшін біздің армияда қажетті заттардың бәрі де, осы заманғы қару - жарақ пен ұрыс техникасы, әскери әбзел - сайман мен азық - түлік жеткілікті еді. Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатының жүзеге асуы, ондаған жылдар бойы кемеңгерлікпен жүргізген ұйымдастырушылық, саяси - тәрбие жұмысы көп ұлтты совет халқын достығы мен ынтымағы берік, тату - тәтті бір семья етіп біріктірді. Партия әскер кадрларын өз Отанына жан - тәнімен адал қызмет ететін шын совет патриоттары етіп тәрбиелеп, баулып өсірді. Осының нәтижесінде армиямыздың моральдық, ардагерлік қасиеті күшейді, оның рухы мен жігері көтеріңкі болды. Совет халқы аса мықты, тәжірибелі, айлакер, сұм жауға қарсы Ұлы Отан соғысын адам айтқысыз қиын жағдайларда жүргізуге тиіс болды. Фашистік Германия Совет еліне шабуыл жасаудан көп бұрын Американың, Англияның, Францияның қаскүнем монополистерінің (шонжарларының) көмегімен капиталистік дүниедегі ең ірі соғыс өндірісін өршітіп, ең күшті армия құрған болатын. Фашистік армия бұдан бұрын Европада екі жыл бойы соғыс жүргізіп тәжірибе алған еді және өзі басып алған күллі европалық елдердің экономикасы мен соғыс құралдарын Германияның өзіндегі қыруар соғыс жабдығына қоса Совет Одағына қарсы пайдаланды. Оның үстіне Европаның бірнеше капиталистік елдері және Шығыста жапон соғысқұмарлары Герман фашизмімен одақтасып, оған тікелей де, жанамалап та көмектесіп отырды. Неміс - фашист армиясы Совет еліне тұтқиылдан шабуыл жасау үшін біздің шекараларымызға күн ілгері жинақталған еді. Міне, осының бәрін еске алатын болсақ, соғыс басталған кезде совет халқының қаншалық қысылшаң күйге түскендігі түсінікті болады. Бірақ ержүрек совет халқы, оның армиясы қысылтаяң жағдайдан жасыған жоқ. Коммунистік партия мен Совет үкіметі еліміздің бар күшін, барлық материалдық заттарын майдан мүддесіне, жауды жеңіп шығу мүддесіне дереу бағындыра білді. Еліміздің ер азаматы партияның шақыруымен майданға аттанды, тылда қалғандар кәрі - жасы түгелімен күн - түн демей аянбай жұмыс істеп, армиямызға керекті қару - жарақ, киім - кешек, азық - түлік әзірлеумен болды. Еліміздің барлық күш - қаражатын майдан қамына дереу., жинақтау үшін И.В.Сталин бастаған Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылды. Мемлекеттік және әскери өкімет билігі түгелімен осы Комитеттің қолына берілді. Отан соғысы жылдарында совет халқы мен Совет Армиясы соғыстың түпкі мақсатын - жауды толық жеңу мақсатын орындау үшін бірнеше ірі - ірі міндеттерді алға қойып, оны ойдағыдай жүзеге асырып отырды. Бұл міндеттерді қысқаша былай тұжырымдауға болады. Бірінші міндет - ел ішіне ентелеп еніп, өңмендеп ілгері ұмтылған жаудың желігін басып, тоқтату еді. 1941 жылғы 22 июньде қапелімде шабуыл жасаған неміс - фашист әскерлері тұтқиыл жағдайды, соғыс күшінің уақытша басымдығын пайдаланып, еліміздің батыс жағындағы аса маңызды аудандарын басып алды, сөйтіп Ленинградқа, Москваға тікелей қауіп төндірді. Қалай да жаудың жолын бөгеу, оны ілгері бастырмай, тоқтатып тастау - совет жауынгерлерінің абыройлы да ардақты борышы еді. Революцияның бесігі Ленинградты, сүйікті астанамыз Москваны қорғау үшін Совет Армиясының бірнеше ай бойы жүргізген ерлік күресі барша жұртқа мәлім. Совет әскерлері сұрапыл ұрыстарда жауды қатты қырғынға ұшыратып, ұрыс техникасын қиратып, оның күшін әлсіретіп тастады. Біздің жауынгерлер ұрыстарда асқан ерлік, батырлық көрсетіп, күші басым жауды тоқтата білді, сөйтіп бірінші міндетті, жаудың жолын бөгеу міндетін абыроймен орындап шықты. Москва түбіндегі шайқастың үлкен бір маңызы - «қауырт соғыс» арқылы бірнеше ай ішінде соғысты жеңіспен аяқтаймыз деп лепірген неміс - фашист басқыншыларының үміті күйреп қалды. Осы қорғаныс ұрысының тағы бір маңызы, - біздің әскерлер қантөгіс ұрыстарда күші басым жауды ұзақ әурелеп, уақытты ұтты, сөйтіп Совет командованиесінің жаңадан қосымша күш, мол резерв әзірлеуіне мүмкіндік берді. Екінші міндет - жауды келіп жеткен жерінен кейін қуып тастау еді. Бұл міндет 1941 жылғы декабрьдің бас кезінде жүзеге асырыла бастады. Совет Армиясының майдандағы әскер бөлімдері мен құрамаларына тыңнан күш келіп қосылуының нәтижесінде совет әскерлері Батыс майданында қарсы шабуылға көшіп, жаудың әскерлерін кей жерлерде 400 километрге дейін қуып тастады. Бұл ұрыстарда неміс әскерлері совет жауынгерлерінің тепсе темір үзетін тегеуірініне, жойқын шабуыл күшіне төтеп бере алмай, көп адамы мен техникасынан айрылып, кейін қашты. Сөйтіп совет әскерлері екінші міндетті де абыроймен орындап шықты. Москва түбінде басталған бұл шабуылдың үлкен бір маңызы, - неміс - фашист әскерлері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш рет қатты жеңілді, «неміс армиясы жеңілмейді» деген лақаптың күлі көкке ұшып, фашистердің «қауырт соғысқа» артқан үміті біржолата сөніп бітті. Сонымен бірге, Совет елінің астанасына төнген қауіп жойылып, совет адамдарының және барлық бостандық аңсаған халықтардың жаудың біржолата жеңілетіндігі жөніндегі сенімі арта түсті. Үшінші міндет - совет жерін неміс - фашист басқыншыларынан тазарту еді. Совет халқына, Совет Армиясына жүктелген жауапты да ардақты бұл міндетті жүзеге асыру оңай болған жоқ. Европада екінші майданның жоқтығын пайдаланып, неміс - фашист командованиесі 1942 жылғы көктемде оңтүстік - батыс майданында басым күш жинап үлгерді де, кең алқапта шабуыл жасады, жазға салым неміс әскерлері Донға, Еділге, Солтүстік Кавказға жетті, сөйтіп бұл жолы да еліміздің басына қатерлі қауіп төнді. Партия мен үкімет Еділ бойындағы қамалымыз Сталинградты қорғауға жедел шаралар қолданды. Сталинград шайқасы совет халқы мен оның армиясының табандылығын, ерлігін, батырлығын бейнелейтін асқан үлгі - өнеге ретінде Ұлы Отан соғысының тарихынан көрнекті орын алады. Табан тірескен сұрапыл ұрыстарда Совет Армиясы жаудың таңдаулы әскерлерін жапыра қиратып, ақырында шабуылға көшті. Бұл шабуылдың нәтижесінде Сталинград түбінде жаудың қыруар армиясы қоршауға алынып, толық жойылды. Сталинград түбіндегі жеңісіміз дүниежүзіндегі достарды сүйсіндірген, дұшпандардың құтын қашырған, сонымен қатар, бүкіл соғыстың тағдырын, неміс фашистердің біржолата жеңілетіндігін меңзеген, фашизмнің бұғауындағы халықтарды азаттық алу жолындағы күреске мықтап талпындырған аса зор тарихи оқиға болды. Сталинград түбіндегі жеңісіміз Ұлы Отан соғысында келелі өзгеріс туғызып, совет жерін басқыншылардан толық тазартуға мүмкіндік берді. 1943 жылғы жазда неміс - фашист әскерлері Курск маңында ақтық рет шабуылға көшіп, Сталинградтың қарымтасын қайтаруға әрекеттенген еді, бірақ бұл әрекетінен түк шыққан жоқ. Біздің әскерлер жаудың шабуылын тойтарып қана қоймай, оның әскерлерін ойсырата жеңіп, батысқа қарай қуа бастады, сөйтіп неміс армиясын апатқа ұшырайтын халге жеткізді, содан былай басқыншылар есін жинап қалпына келе алған жоқ. 1944 жылы Совет Армиясы шешуші жеңістерге жетіп, совет жерін жаудан толық тазартты, сөйтіп үшінші міндетті де абыроймен орындап шықты. Төртінші міндет - құлыққа түскен Европа халықтарының фашизмнің бұғауынан құтылуына көмектесу еді. Европа елдерінің таңдаулы ұлдары мен қыздары көп жылдар бойы аса қиын жағдайларда қандыбалақ фашизмнің езгісіне қарсы патриоттар қатарында, партизандар қатарында, азаттық армиялары қатарында ауыр күрес жүргізіп келген-ді. Фашизмнің езгісінен олардың тезірек азат болуына көмектесу совет жауынгерлерінің ардақты борышы, тарихи міндеті еді, сондықтан олар Европадағы аға-інілеріне, апа - қарындастарына шын жүректен туысқандық жәрдемін ұсынып, бұл міндетті де абыроймен орындап шықты. Бесінші міндет - жауды өз жерінде, өз ордасында біржолата талқандау еді. Ұлы Отан соғысындағы бұл ақтық міндетті де Совет Армиясы ақырына дейін орындап шықты. Герман фашизмінің ордасы болған Берлиндегі рейхстаг үйінің төбесіне Социализм Елінің жеңімпаз қызыл туы ілініп, неміс - фашист әскерлері совет жауынгерлерінің алдында тізе бүкті. Совет халқы, оның Қарулы Күштері өзінің ақылгөйі, кемеңгері, көсемі Коммунистік партияның басшылығы арқасында адамзаттың ең зұлым жауы фашизмді талқандап, бұрын-соңды болып көрмеген дүниежүзілік - тарихи жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысының негізгі қорытындыларын топшылап айтқанда, оның ең бастысы - бұл соғыста советтің қоғамдық және мемлекеттік құрылысының берік екендігі, советтік социалистік системаның капиталистік системадан әлдеқайда артық екендігі, СССР халықтарының мызғымас достығы мен моральдік - саяси бірлігі, майданда да, тылда да өшпес ерлік істер көрсеткен совет адамдарының ең ардақты патриоттық, жауынгерлік, батырлық, жанқиярлық дәстүрлер рухында тәрбиеленгендігі жалпы әлемге айқын танылды. Совет халқының ұлы жеңісін ұйымдастырушы, ерлік істерге дем беруші біздің данышпан Коммунистік партия болды. Соғыс жылдарында партия 3 миллионнан астам коммунистер мен комсомолецтерді майданға аттандырды. Бұлар қаһармандық пен шеберліктің, батырлық пен тапқырлықтың өнегесін көрсетіп, совет жауынгерлеріне шын мәнісінде жетекші болды, оларды жаппай ерлікке жігерлендірді. Партия мен совет мемлекетінің көрнекті қайраткерлері Булганин, Ворошилов, Хрущев, Жданов, Щербаков және басқа жолдастар майдандағы әскерлерге тікелей басшылық көрсетті. Совет жауынгерлерінің тарихта теңдесі жоқ ерен ерлік қимылдарын, Одессаны, Севастопольді, Ленинградты, Москваны, Сталинградты жан- тәнімен қорғаған батырлардың, майдандағы бауырларына көмекке келген халық жасақтарының, жаудың ту сыртында басқыншылардың үрейін ұшырып, құтын қашырған совет партизандарының, соғыс өнерін жетік меңгеріп, қорғаныс кезінде де, шабуыл кезінде де жаудың сағын сындырып, күйрете білген бүкіл Совет Армиясының тылдағы жанқиярлық еңбегімен жауды жеңуге ерекше зор үлес қосқан ұлдары мен қыздарының, қарттары мен жастарының Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалу жолында сіңірген еңбегін совет халқы ешқашан да ұмытпайды! Совет Одағы фашизмнің қара ниет қандыбалақ күштерін талқандап, адамзатты ең қауіпті кесапаттан құтқарды, Шығыста жапон империализмін қиратып, Азия халықтарының, ең алдымен, қытай, корей халықтарының азаттық алуына көмектесті, сөйтіп екінші дүниежүзілік соғысты жеңіспен аяқтауда, халықтар арасында баянды бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқарды. Совет Армиясының тарихи жеңісі нәтижесінде халықаралық көлемде күштердің ара салмағы өзгерді, Европа мен Азияның бірқатар елдерінде халықтық демократия құрылысы орнап, социализм лагері құрылды, бұл социализм мен демократияның позициясын барынша нығайтып, империализм мен реакцияның позициясын қатты әлсіретті. Бұл жеңіс совет халқының бейбіт еңбекке, елімізде коммунизм орнатуға қайта кірісуіне мүмкіндік берді. Ұлы Отан соғысының негізгі қорытындылары, міне, осындай. Ұлы Отан соғысы Совет Одағындағы барлық халықтар үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін зор сын болды, еліміздің тағдыры мен болашағы үшін күрескен СССР халықтарының интернационалдық ынтымағы мен қасиетті достығын шындап нығайтқан ұлы мектеп болды. Бұл күресте қазақ халқы жауды жеңу ісіне лайықты үлес қосып, туысқан халықтар семьясында құрметті орынға ие болды. Майдандағы армия қатарында, совет партизандары қатарында және тылдағы еңбек майданында қазақ халқының ұл-қыздары ерлік істерімен өз халқының оңды қасиеттерін, ардақты дәстүрлерін, советтік Отанына шын берілгендігін айқын бейнелеп көрсетті. Қазақстан жауынгерлерінің майдандағы батырлығын, республика еңбекшілерінің тылдағы жанқиярлық еңбегін Совет Одағындағы барлық халықтар, партиямыз бен үкіметіміз жоғары бағалап, сан рет атап көрсетті. Гвардияшы панфиловшылардың майдандағы жаппай ерлік істері бүкіл совет халқын сүйсіндіргені мәлім. Халқымыз жаудың топты танкісін қиратқан ержүрек ұшқыш Нұркен Әбдіровтің, автомат оғымен ондаған фашист қырған батыр панфиловшы Төлеген Тоқтаровтың, советтік шығыс әйелдерінің ішінде тұңғыш рет батыр қыздар атанған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың есімдерін ардақтап, жүрегінде сақтайды, Совет Одағының батыры деген құрметті атаққа екі реттен ие болған даңқты ұшқыштарымыз Бигельдинов пен Луганскийдің ерлігін мақтаныш етеді. Қазақстанның 369 жауынгері Совет Одағының Батыры деген құрметті атақ алды, мың - мыңдаған азаматтар майдандағы ерлігі үшін үкімет ордендерімен, медальдерімен наградталды. Қан майданды кешіп өтіп, жауды жапыра қиратып, жеңіспен еліне қайтқан барша батыр жауынгерлерін халқымыз мақтаныш етеді. Ұрыс майданында Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, бақытты болашағы үшін жанын пида еткен, ерлікпен қаза тапқан барша ұл-қыздарының жарқын бейнесін халқымыз есінде мәңгі сақтайды. * * * Ғасырымыздың алғашқы жартысында адамзат екі рет дүниежүзілік қырғын соғысты бастан кешірді. Бірінші дүниежүзілік соғыс 10 миллион адам өмірін жалмаған болса, екінші дүниежүзілік соғыста 30 миллион адам қаза тапты. Соғыстың салдарынан мүгедек, жарымжан болып азап шеккендер аяулы ұлдарынан айрылып қайғырған ата - аналар, өмірлік жан серігінен айрылып жесір қалғандар, әлпештеген ата-анасынан айрылып, жастайынан жетім қалғандар қанша десеңізші! Соғыстың салдарынан қирап, жермен - жексен болған қалалар мен селолар, фабрикалар мен заводтар, соғыста ысырап болған байлықтар қанша десеңізші! Міне, осы сұрапыл екі соғыстың екеуіне де басты себепкер герман милитаристері (соғысқұмарлары) болды. Мұны ұмытуға болмайды! Герман милитаризмі ғайыптан пайда болған жоқ, оны қоректендіріп, әлдендірген, өткен екі соғысты да тұтандыруға дем берген дүниежүзілік финанс капиталы, ең алдымен, АҚШ пен Англия монополистері болатын. Қазіргі кезде де американ империалистері Батыс Германияны барынша қайта қаруландыруда, оның соғыс өнеркәсібі мен армиясын қалпына келтіруде, Одақтастар өкілдерімен бірге АҚШ үкіметі 1945 жылы ендігі жерде герман милитаризм! толық жойылып, жаңа соғысты туғыза алмайтындай болсын деген салтанатты мәлімдемеге қол қойған болса, енді мұны көпе-көрнеу аяққа басып, Батыс Германияда фашизмді заң жүзінде де, іс жүзінде де қайта туғызуға, герман соғысқұмарларының реваншистік (өш алу) желігін қоздыруға, сөйтіп Батыс Германияны жаңа соғыстың ошағына айналдыруға барынша көмектесіп отыр. Мұны да естен шығаруға болмайды! Американ империалистері Совет Одағына, бүкіл социализм лагеріне, барлық бейбіт елдерге қарсы соғыс одақтарын құрастырып, өзіне бағынышты елдердің жерінде соғыс базаларын ұйымдастырып, атом және сутегі қаруларын мадақтап, жанталаса қаруланып, күшке сыйыну саясатын жүргізуде. Мұны да ұмытуға болмайды! Совет мемлекеті құрылған кезінен бастап бейбітшілік саясатын дәйекті жүргізіп келеді, өйткені талаушылық, империалистік соғыс социализм системасына мүлде жат нәрсе, совет мемлекетінің бұл саясаты дүниежүзі еңбекшілерінің көз алдында талай рет анық дәлелденген және дәлелденіп те отыр. Соңғы жылдары дүниежүзіндегі адал ниетті адамдар жаңа соғысты болдырмау және халықтар арасындағы бейбітшілікті баянды ету жолында күресті күшейтіп отыр. Қазір бейбітшілік күштері дүниежүзінде қарыштап өсіп, кең өріс алды. Совет Одағы бастаған қуатты социализм лагері, отаршылардың езгісінен азат болған Азия мен Африканың тәуелсіз елдері, дүниежүзіндегі прогресшіл адамзат бейбітшілікті жақтайды. Бейбітшілік сақтаудың ерекше бір киелі - еліміздің күш - қуатын, оның Қарулы Күштерін тынбай нығайтуда. Совет Одағының дәйекті бейбітшілік саясаты, өсе түскен күш-қуаты, дүниежүзінде оның беделінің барынша артуы соғысқұмар империалистердің басқыншылық әрекеттеріне зор тосқауыл болып отыр. Өткен жылы Совет Одағының батыл ескертуі бойынша империалистердің Египеттегі лаңының жойылуы, Сирияның басына төнген қатерлі қауіптен арылуы және басқа көптеген мысалдар бұған толық айғақ. Совет армиясы совет халқының бейбіт еңбегін қырағы күзетуде, соғыстан кейінгі жылдар ішінде еліміздің экономикасы, ғылымы мен техникасы шапшаң өркендеуі нәтижесінде армиямыздың күш-қуаты ерекше артты, біздің армия осы заманғы ең үздік қару-жарақпен, ұрыс техникасымен жабдықталған, оның қарамағында континентаралық баллистика ракеталары, атом және сутегі қарулары бар. Қазіргі кезде біздің армиямыздың күштілігі соншалық - ол Отанымызға тиіскен қандай жауды болса да қирата алады. Бірақ елімізде коммунизм орнатып жатқан, Отанымыздың экономикасы мен мәдениетін, ғылымы мен техникасын қарыштап өркендету жөніндегі бейбіт еңбекке бар зейінін салып отырған совет халқы соғысты тілемейді. Қарусыздану, сутегі және атом қаруларын сынауға тыйым салу және басқа мәселелер жөнінде Совет үкіметі тиянақты ұсыныстар енгізіп, 1958 жылғы январьда СССР Қарулы Күштерін тағы да едәуір (300 мың адамға) қысқарту туралы шешім қабылдап, өзінің бейбітшілдік саясатын іспен көрсетіп отыр. Совет Армиясы - совет халқының сүйікті перзенті. Отанымыздың Қарулы күштері партиямыздың дана басшылығы арқасында талай қиын асулардан, талай ауыр сынақтардан абыроймен өтіп, еліміздің талай - талай жауларын жаныштап, ұлы жеңістерге жетіп, халқының сенімін адал ақтап шықты. Коммунистік партия мен Совет үкіметі еліміздің Қарулы Күштерін нығайту жөнінде үздіксіз қамқорлық жасауда. «Совет Армиясы мен Флотта партиялық - саяси жұмысты жақсарту туралы» КПСС Орталық Комитеті октябрь Пленумының қаулысы - осы қамқорлықтың айқын белгісі. Совет Армиясының қырық жылдық мерекесі СССР Жоғарғы Советін сайлау науқанымен тұспа - тұс келіп отыр. Сайлау науқаны КПСС XX съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыру үшін күрескен еңбекшілер бұқарасының еңбектегі жігерін тасытып, белсенділігін күшейтуде. СССР - дің толық праволы азаматтары ретінде бұл саяси науқанға біздің әскери қызметшілеріміз де белсене қатысуда. Совет солдаттары мен офицерлері сайлау күнін әскери және саяси әзірлік ісінде жаңа табыстармен қарсы алатындығы күмәнсіз. Мен Совет Армиясы өкілдерінің бірі ретінде барлық жерлестерімді даңқты Қарулы Күштеріміздің қырық жылдық мерекесімен құттықтаймын. Армия қатарында халқына жан аямай қызмет еткен, қазір де еңбек майданындағы ерлік істерге белсене атсалысып жүрген жауынгер достарыма шын жүректен сәлемімді жолдап, еңбектерінің жемісті болуын тілеймін. Совет Армиясы мен Соғыс - Теңіз Флотының барша жауынгерлерінің сүйікті армиямыздың батырлық дәстүрлерін берік сақтап, халқымыздың бақыты мен сәулетті өмірін қырағы күзетулерін тілеймін. Армия қатарына баруға әзірленіп жүрген жастарымыздың ардақты азаматтық борышын атқаруда қадамы құтты болсын деп тілеймін.    

 

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

 

«Қазақстан коммунисі», февраль,

1958 жыл, № 2

Отанымыздың

қуатты қорғанышы

(СССР Қарулы Күштерінің 40 жылдығына)

Үстіміздегі жылдың 23 февральында Совет Одағының Қарулы Күштері өзінің қырық жылдық мерекесін тойлады. Бұл даңқты мерекені бүкіл совет халқы да, шетелдегі барша достарымыз да зор салтанатпен, шаттықпен өткізді. Бұлай болатыны түсінікті де. Ұлы Лениннің аталық қамқорлығы, Коммунистік партияның дана басшылығы арқасында революциялық ұрыстардың от - жалынында құрылған Совет Армиясы Октябрь социалистік революциясының тарихи жеңістерін қорғап, Отанымызды сыртқы жаулар мен ішкі жаулардың сан алуан қастық әрекеттерінен аман алып қалды. Қырық жыл ішінде ол совет мемлекетінің, социалистік Отанымыздың қырағы да сенімді тірегі, қорғанышы болды, ол совет халқына жан аямай адал қызмет етуде. Совет Армиясының барлық прогресшіл адамзат алдында да сіңірген еңбегі өлшеусіз зор.

Елімізде Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңіп шығуы дүниежүзі тарихында жаңа заманның - социализм заманының басталуы, сонымен қатар, бүкіл капиталистік система күйреп, құрып бітетін заманның басталуы болды. Сондықтан да барлық елдердің империалистері мен ішкі контрреволюция дүниежүзіндегі тұңғыш совет мемлекетіне ашықтан - ашық өшігіп, оны буыны бекіп, бұғанасы қатпаған кезінде тұншықтырып тастауға әрекеттенді.

Осындай қысылтаяң жағдайда совет мемлекеті өзінің Қарулы Күштерін жедел құруға тиісті болды. Жаңа армияны ауыр күрес үстінде, қажетті материалдық құрал - жабдықтардың тапшы кезінде ұйымдастыруға тура келді. Оның үстіне мұндай армияны құруға негіз боларлық теориялық деректемелер де, практикалық тәжірибе де жоқтың қасы еді. В.И. Ленин сол кезде: «Қызыл Армияның құрылысы туралы мәселе - мүлде жаңа мәселе болды, ол тіпті теория жүзінде де мүлде қойылмаған мәселе... Біз бұл мәселені дүниежүзінде әлі күнге дейін ешкім де қолға алып көрмеген көлемде қолға алдық», - (Шығармалар, 29 - том, 141 – 142 - беттер) деп жазды.

Біздің Советтік Армия капиталистік елдердегі армиялардан мүлде өзгеше, жаңа сипаттағы армия, ол - совет мемлекетінің қарулы күші, еңбекшілердің өкіметін баянды ету үшін, социалистік Отанымыздың мүдделерін, СССР халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау үшін құрылған. Совет Армиясы - нағыз халықтық армия, интернационализм армиясы, халықтар достығын бейнелейтін армия.

* * *

Біздің армия қырық жыл ішінде талай қиын кезеңдерден, тар жол, тайғақ кешулерден өтті, оның тарихы - қажырлы күрестер мен келелі жеңістер тарихы, ол - өзінің ерлік істерімен, батырлық дәстүрлерімен өшпес даңққа бөленген армия.

Совет армиясының ұйытқысы қызыл гвардия болды.

Қызыл гвардияның алғашқы отрядтары пролетариаттың ержүрек өкілдерінен февраль революциясы кезінде - ақ құрылған болатын. Қарулы пролетариаттың жауынгерлік жасақтары мен отрядтары түрінде большевиктер партиясы ұйымдастырған қызыл гвардия патша өкіметін құлатуда, Октябрь революциясын жүзеге асыруда, ескі құрылыстың негіздерін қиратып, совет өкіметін орнатуда, оның іргесін бекітіп, өрісін кеңейтуде тарихи рөл атқарды. Буржуазияның қарсылығын күйрету ісінде Қызыл гвардияның маңызды еңбек сіңіргенін айта келіп, Ленин былай деп жазған болатын: «Әскери қарсылықты әскери құралдармен талқандамаса, басқаша талқандауға болмайды, сондықтан қызыл гвардияшылар ең ардақты және ең ұлы тарихи істі - еңбекшілер мен қаналушыларды қанаушылардың езгісінен құтқару ісін істеді» (Шығармалар, 27 - том, 239 - бет).

1918 жылы біздің Отанымызға қарсы Германия, Англия, Франция, Америка, Жапония империалистері басқыншылық соғыс бастады, еліміздің ішінде Колчактың, Деникиннің, Юденичтің, Врангельдің революцияға қарсы қара ниет күштері лаң салумен болды. Шетел басқыншылары мен ішкі контрреволюцияшыл дұшпандар жеріміздің төрттен үш бөлігін басын алған еді. Жас совет мемлекетіне төнген осындай қатерлі, қысылшаң кезеңде Коммунистік партия ұлы Лениннің жетекшілігімен Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін, Октябрь революциясының жеңістерін қаскүнем жаулардан қорғау жөнінде жедел шаралар қолданды. Сол шаралардың ең бастысы еліміздің аса мықты Қарулы Күштерін, тәртібі қатаң соғыс өнеріне тез машықтанатын, бір орталыққа бағынатын, нағыз тұрақты армия құру болды. Революцияның алғашқы кезеңінде аса көрнекті рөл атқарған қызыл гвардия еліміздің алдына қойылған, бұрынғыдан сан есе киын соғыс міндеттерін, елімізді сыртқы жаулар мен ішкі жаулардан қорғап қалу міндеттерін орындай алмайтын еді.

В.И.Ленин 1918 жылғы 28 январь күні - ақ Жұмысшы - Шаруа Қызыл Армиясын құру жөніндегі тарихи документке қол қойған - ды. Қатарында 100 мыңға тарта адамы болған қызыл гвардия ұзамай түгел Қызыл Армияға қосылды. Сол жылы 14 февральда ескі флотты тарату және Жұмысшы - Шаруа Флотын ұйымдастыру жөнінде декрет қабылданды.

Қызыл Армияның қатарына жұмысшы табы мен кедей шаруалардың таңдаулы ұлдары, революция ісіне жан - тәнімен берілген адамдар, Октябрь жемістерін қасық қаны қалғанша қорғауға әзір, Отанының бостандығы мен халқының бақыты үшін жанын қиюдан да тайынбайтын ер азаматтар алынды, ел қорғаушылардың алдыңғы сапында коммунистер болды. Коммунистік партия совет мемлекетінің қарулы күштерін құруды қолға алысымен - ақ әскери кадрларды, Қызыл Армияның командирлерін даярлауға қатты көңіл бөлді. В.И. Ленин Қызыл Армияны құрғанда «командирлерді тек халық арасынан ғана алуымыз керек. Тек қызыл офицерлер ғана солдаттардың арасында беделді болып, біздің армиямызда социализмді баянды ете алады. Мұндай армия жеңілмейтін армия болады», - (Шығармалар, 28 - том, 189 - бет) деп көрсетті.

Лениннің осы нұсқауына сәйкес сол кездің өзінде - ақ көптеген әскери училищелер мен қысқа мерзімді курстар ұйымдастырыла бастады, жоғары дәрежелі тұңғыш әскери оқу орындары ашылды.

Қызыл Армияны құрғанда кездескен ең бір үлкен қиыншылық - оны керекті қару - жарақпен жабдықтау мәселесі еді, өйткені Россия техника мен экономика жағынан артта қалған ел еді, оның үстіне империалистік соғыстың салдарынан оның шаруашылығы қатты күйзелген болатын. Солай бола тұрса да, большевиктер партиясы бар күшті қарыштап, Қызыл Армияны қару - жарақ жағынан да нығайта білді. Дер кезінде қолданылған осы шаралардың бәрі империалист басқыншыларға қарсы арпалысқан ұрыстарда Қызыл Армияның жеңіп шығуына мүмкіндік берді.

Қызыл Армияның алғашқы жасақтары 1918 жылғы 23 февральда Псков пен Нарва түбінде неміс интервенттеріне (басқыншыларына) күйрете соққы беріп, революция бесігі Петроградқа және социалистік Отанымызға төнген бір қауіпті жойды. Қызыл Армияның бірінші жеңісінің құрметіне еліміз бұл күнді - 23 февраль күнін - Совет Одағы Қарулы Күштерінің туған күні деп жыл сайын мейрамдап отырады. Содан былай Қызыл Армия Отанымыздың сыртқы жаулары мен ішкі жауларына қарсы сансыз ұрыс - қақтығыстар кезінде өсіп жетілді, шынығып нығая берді, талай - талай ауыр сынақтардан сүрінбей өтіп, өзінің жеңімпаз туын өшпес даңққа бөледі.

Қызыл Армия үш жыл ұдайы шетел интервенциясы мен ішкі контрреволюцияға қарсы қажырлы күрес жүргізді. Жерімізден неміс империалистері қуылғаннан кейін Шығыс майданында американ, ағылшын, француз империалистерінің ең мықты қолшоқпары болған, бақайшағына дейін қаруланған адмирал Колчактың 300 мыңдық армиясы талқандалды. Батыстан Петроградқа қауіп төндірген генерал Юденичтің бандалары қиратылды. Оңтүстікте генерал Деникиннің қыруар армиясы күл - талқан болды. Ақырында, 1920 жылы Қызыл Армия шет - ел империалистері біздің елімізге қарсы айдап салған Польша пандарының және халықаралық реакцияның ең соңғы тірегі, Қырымға бекінген Врангель армиясын тас - талқан етті. Осы жеңістердің нәтижесінде Қызыл Армия Отанымыздың жерін шетел басқыншылары мен ішкі контрреволюциядан толық азат етті. Совет халқы мен оның армиясы аса қиын жағдайларда Октябрь социалистік революциясының ұлы жеңістерін абыроймен аман сақтай қалды.

Шетел интервенттері мен ішкі контрреволюцияшыл күштерді Қызыл Армияның жеңіп шыққан себебі не?

Біріншіден, социалистік революция жауларына қарсы жүргізілген күресті басқарушы, ұйымдастырушы, оған дем беруші біздің сүйікті Коммунистік партия болды, ол В.И.Лениннің жетекшілігімен күнбе - күн жеңіс кілтін шыңдап отырды, партия мүшелерінің жартысына жуығы (300 мың адам) армия қатарында болып, қаһармандық пен батырлықтың асқан үлгісін көрсетті, олар жауынгерлерді бастап, ерен ерлік істерге құлшындырып отырды. Партияның аса көрнекті қайраткерлері И.В. Сталин, К.Е. Ворошилов, С.М.Киров, В.В. Куйбышев, Г.К.Орджоникидзе және басқа партия қызметкерлері тікелей майдандарда болып, әскери - саяси жұмыс жүргізді, бұқараны ұйымдастырды.

Екіншіден, біздің армия құрылған күннен бастап халықтар достығы мен пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеленді. Қызыл Армия қатарында орыстармен бірге украиндар, белорустар, қазақтар, грузиндер, латыштар және басқа ұлттардың өкілдері шетел басқыншыларына қарсы, ақ гвардияшыл бандаларға қарсы жан аямай соғысты.

Үшіншіден, бұл күресте Совет елі жалғыз болған жоқ, шетел интервенттері мен ішкі контрреволюцияны жеңіп шығу ісінде Англияның, Францияның және басқа елдердің жұмысшылары біздің елге тілектес болып, барынша көмек көрсетіп отырды.

Осы жеңістің арқасында біздің халқымыз социалистік қоғам орнату ісіне кірісуге мүмкіндік алды.

Азамат соғысы жылдарында интервенттер мен ақ гвардияшылар талқандалса да, біздің елімізге қас империалистердің тағы да шабуыл жасау қаупі жойыла қойған жоқ еді. Ол кезде біздің еліміз, мұхит ортасындағы аралдай, капиталистік мемлекеттердің қоршауында болатын. Совет еліне империалистердің талай рет жала жауып, қастық істеп, шекарамызда ұрыс - жанжал туғызып келгені барша жұртқа мәлім. Қытай - шығыс темір жолында, Хасан, Халкин - Гол маңында болған оқиғалар соғысқұмар империалистердің осындай лаңы еді.

Данышпан Коммунистік партиямыз империалистердің қаскүнемдік әрекеттерінің қайталай беретінін, күндердің күнінде ел басына ересен жағдай, өлшеусіз ауыртпалық түсуі ықтимал екенін әрдайым ескертіп отырды, халқымызды соғыс қаупін әсте естен шығармауға, оған сақадай сайланып, әзір тұруға тынбай шақырумен болды, сонымен бірге еліміздің қорғаныс қабілетін, оның әскери қуатын жылма - жыл арттырып отырды.

Азамат соғысынан кейінгі жиырма жыл ішінде (1920 - 1940) Совет Армиясы бүкіл еліміз өскен сайын өсіп, нығайған сайын нығая берді. Елімізді социалистік жолмен индустрияландыру нәтижесінде біздің армия осы заманғы жаңа қару- жарақпен, ұрыс техникасымен қайта жабдықталды, соғыс өнерінің тілін жетік білетін көптеген әскери кадрлар өсіп жетілді, сөйтіп Совет Армиясы партияның үздіксіз қамқорлық жасауы арқасында совет халқының өнерпаздық бейбіт еңбегін қырағы күзететін, совет мемлекетінің қауіпсіздігін қандай жаудан болса да қорғай алатын айбарлы күшке айналды.

* * *

Фашистік Германияға қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысы еліміздің, оның қарулы күштерінің басына түскен аса зор сынақ болды.

Совет Одағына жауыздық ниетпен, опасыздықпен тиіскен Гитлер Германиясының соғыста көздеген басты мақсаты Совет мемлекетін жою, капиталистер мен помещиктердің өкіметін қайта орнату, еліміздің ұшан - теңіз байлығын талап алу, совет адамдарын неміс империалистерінің құлдарына айналдыру еді.

Неміс фашистерінің басшылары Украина астығы мен Кавказ мұнайын жаулап алғысы келетінін, Совет Одағының жерін, қала берді басқа елдердің жерін де басып алып, ен байлықты иемденуге, «кең өрісті жайлауға» тырысатынын, сөйтіп, дүниежүзінде үстемдік орнатуды көксейтінін жалпы әлемге жар салып, ашықтан-ашық айтты. Олар ең барып тұрған айуандық, тағылық, қаныпезерлік идеологияны дәріптеп, өз солдаттарының, неміс жастарының бойында ең пасық, ең жиіркенішті сезімдерді өршітуге тырысты. Олар немістерді «жоғары нәсіл» деп атап, басқа халықтардың бәрін «төменгі нәсілге» жатқызды, «жоғары нәсіл», «төменгі нәсілді» билеп - төстеуге жаралған десті. Фашистік қарақшылар, әсіресе, совет халқына, мейлінше, қас екенін анық танытты. Олар өз солдаттарына совет адамдарын кәрі, жас демей шетінен қыра беріңдер, тірі қалғанын күл етіңдер, бұл жөнінде ешбір рақым, аяушылық болмасын, ар - ұят деген бұлдыр ұғымнан мүлде арылыңдар деп үйретті. Фашизмнің кескін - бейнесі, мінез - құлқы, идеологиясы, ниет - мақсаты, міне, осындай еді.

Фашистік Германияға қарсы Совет Одағының жүргізген Ұлы Отан соғысы әділетті соғыс еді, өйткені бүл соғыста дүниежүзіндегі тұңғыш социалистік мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, құлдыққа түскен Европа халықтарын фашистердің езгісінен азат ету, Батыс Европадағы соғысқұмар империалистердің негізгі ордасын - герман фашизмін құрту мақсаттары көзделді.

Гитлер Германиясының елімізге зұлымдықпен шабуыл жасауынан социалистік Отанымыздың, совет мемлекетінің, СССР халықтарының өміріне қатерлі қауіп төнген еді.

Ұлы Отан соғысы басталар кезде біздің Қарулы Күштеріміз маркстік - лениндік соғыс ғылымы мен соғыс өнері - стратегиясы, ұрыс жүргізу тәсілі мен тактикасы бар, заманның талабына сай келетін, әбден есейген армия еді.

Елімізде социалистік өндіргіш күштердің қаулап өсуі арқасында Совет Армиясының күш - қуатын еселеп арттыруға, соғыс жабдығын сайлап алуға жағдай жасалған болатын. Қарулы күрес майданында ұрыс жүргізу үшін біздің армияда қажетті заттардың бәрі де, осы заманғы қару - жарақ пен ұрыс техникасы, әскери әбзел - сайман мен азық - түлік жеткілікті еді.

Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатының жүзеге асуы, ондаған жылдар бойы кемеңгерлікпен жүргізген ұйымдастырушылық, саяси - тәрбие жұмысы көп ұлтты совет халқын достығы мен ынтымағы берік, тату - тәтті бір семья етіп біріктірді. Партия әскер кадрларын өз Отанына жан - тәнімен адал қызмет ететін шын совет патриоттары етіп тәрбиелеп, баулып өсірді. Осының нәтижесінде армиямыздың моральдық, ардагерлік қасиеті күшейді, оның рухы мен жігері көтеріңкі болды.

Совет халқы аса мықты, тәжірибелі, айлакер, сұм жауға қарсы Ұлы Отан соғысын адам айтқысыз қиын жағдайларда жүргізуге тиіс болды. Фашистік Германия Совет еліне шабуыл жасаудан көп бұрын Американың, Англияның, Францияның қаскүнем монополистерінің (шонжарларының) көмегімен капиталистік дүниедегі ең ірі соғыс өндірісін өршітіп, ең күшті армия құрған болатын. Фашистік армия бұдан бұрын Европада екі жыл бойы соғыс жүргізіп тәжірибе алған еді және өзі басып алған күллі европалық елдердің экономикасы мен соғыс құралдарын Германияның өзіндегі қыруар соғыс жабдығына қоса Совет Одағына қарсы пайдаланды. Оның үстіне Европаның бірнеше капиталистік елдері және Шығыста жапон соғысқұмарлары Герман фашизмімен одақтасып, оған тікелей де, жанамалап та көмектесіп отырды. Неміс - фашист армиясы Совет еліне тұтқиылдан шабуыл жасау үшін біздің шекараларымызға күн ілгері жинақталған еді. Міне, осының бәрін еске алатын болсақ, соғыс басталған кезде совет халқының қаншалық қысылшаң күйге түскендігі түсінікті болады.

Бірақ ержүрек совет халқы, оның армиясы қысылтаяң жағдайдан жасыған жоқ. Коммунистік партия мен Совет үкіметі еліміздің бар күшін, барлық материалдық заттарын майдан мүддесіне, жауды жеңіп шығу мүддесіне дереу бағындыра білді. Еліміздің ер азаматы партияның шақыруымен майданға аттанды, тылда қалғандар кәрі - жасы түгелімен күн - түн демей аянбай жұмыс істеп, армиямызға керекті қару - жарақ, киім - кешек, азық - түлік әзірлеумен болды.

Еліміздің барлық күш - қаражатын майдан қамына дереу., жинақтау үшін И.В.Сталин бастаған Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылды. Мемлекеттік және әскери өкімет билігі түгелімен осы Комитеттің қолына берілді.

Отан соғысы жылдарында совет халқы мен Совет Армиясы соғыстың түпкі мақсатын - жауды толық жеңу мақсатын орындау үшін бірнеше ірі - ірі міндеттерді алға қойып, оны ойдағыдай жүзеге асырып отырды. Бұл міндеттерді қысқаша былай тұжырымдауға болады.

Бірінші міндет - ел ішіне ентелеп еніп, өңмендеп ілгері ұмтылған жаудың желігін басып, тоқтату еді.

1941 жылғы 22 июньде қапелімде шабуыл жасаған неміс - фашист әскерлері тұтқиыл жағдайды, соғыс күшінің уақытша басымдығын пайдаланып, еліміздің батыс жағындағы аса маңызды аудандарын басып алды, сөйтіп Ленинградқа, Москваға тікелей қауіп төндірді. Қалай да жаудың жолын бөгеу, оны ілгері бастырмай, тоқтатып тастау - совет жауынгерлерінің абыройлы да ардақты борышы еді.

Революцияның бесігі Ленинградты, сүйікті астанамыз Москваны қорғау үшін Совет Армиясының бірнеше ай бойы жүргізген ерлік күресі барша жұртқа мәлім. Совет әскерлері сұрапыл ұрыстарда жауды қатты қырғынға ұшыратып, ұрыс техникасын қиратып, оның күшін әлсіретіп тастады. Біздің жауынгерлер ұрыстарда асқан ерлік, батырлық көрсетіп, күші басым жауды тоқтата білді, сөйтіп бірінші міндетті, жаудың жолын бөгеу міндетін абыроймен орындап шықты.

Москва түбіндегі шайқастың үлкен бір маңызы - «қауырт соғыс» арқылы бірнеше ай ішінде соғысты жеңіспен аяқтаймыз деп лепірген неміс - фашист басқыншыларының үміті күйреп қалды. Осы қорғаныс ұрысының тағы бір маңызы, - біздің әскерлер қантөгіс ұрыстарда күші басым жауды ұзақ әурелеп, уақытты ұтты, сөйтіп Совет командованиесінің жаңадан қосымша күш, мол резерв әзірлеуіне мүмкіндік берді.

Екінші міндет - жауды келіп жеткен жерінен кейін қуып тастау еді. Бұл міндет 1941 жылғы декабрьдің бас кезінде жүзеге асырыла бастады. Совет Армиясының майдандағы әскер бөлімдері мен құрамаларына тыңнан күш келіп қосылуының нәтижесінде совет әскерлері Батыс майданында қарсы шабуылға көшіп, жаудың әскерлерін кей жерлерде 400 километрге дейін қуып тастады. Бұл ұрыстарда неміс әскерлері совет жауынгерлерінің тепсе темір үзетін тегеуірініне, жойқын шабуыл күшіне төтеп бере алмай, көп адамы мен техникасынан айрылып, кейін қашты. Сөйтіп совет әскерлері екінші міндетті де абыроймен орындап шықты.

Москва түбінде басталған бұл шабуылдың үлкен бір маңызы, - неміс - фашист әскерлері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш рет қатты жеңілді, «неміс армиясы жеңілмейді» деген лақаптың күлі көкке ұшып, фашистердің «қауырт соғысқа» артқан үміті біржолата сөніп бітті. Сонымен бірге, Совет елінің астанасына төнген қауіп жойылып, совет адамдарының және барлық бостандық аңсаған халықтардың жаудың біржолата жеңілетіндігі жөніндегі сенімі арта түсті.

Үшінші міндет - совет жерін неміс - фашист басқыншыларынан тазарту еді. Совет халқына, Совет Армиясына жүктелген жауапты да ардақты бұл міндетті жүзеге асыру оңай болған жоқ.

Европада екінші майданның жоқтығын пайдаланып, неміс - фашист командованиесі 1942 жылғы көктемде оңтүстік - батыс майданында басым күш жинап үлгерді де, кең алқапта шабуыл жасады, жазға салым неміс әскерлері Донға, Еділге, Солтүстік Кавказға жетті, сөйтіп бұл жолы да еліміздің басына қатерлі қауіп төнді.

Партия мен үкімет Еділ бойындағы қамалымыз Сталинградты қорғауға жедел шаралар қолданды. Сталинград шайқасы совет халқы мен оның армиясының табандылығын, ерлігін, батырлығын бейнелейтін асқан үлгі - өнеге ретінде Ұлы Отан соғысының тарихынан көрнекті орын алады.

Табан тірескен сұрапыл ұрыстарда Совет Армиясы жаудың таңдаулы әскерлерін жапыра қиратып, ақырында шабуылға көшті. Бұл шабуылдың нәтижесінде Сталинград түбінде жаудың қыруар армиясы қоршауға алынып, толық жойылды. Сталинград түбіндегі жеңісіміз дүниежүзіндегі достарды сүйсіндірген, дұшпандардың құтын қашырған, сонымен қатар, бүкіл соғыстың тағдырын, неміс фашистердің біржолата жеңілетіндігін меңзеген, фашизмнің бұғауындағы халықтарды азаттық алу жолындағы күреске мықтап талпындырған аса зор тарихи оқиға болды. Сталинград түбіндегі жеңісіміз Ұлы Отан соғысында келелі өзгеріс туғызып, совет жерін басқыншылардан толық тазартуға мүмкіндік берді.

1943 жылғы жазда неміс - фашист әскерлері Курск маңында ақтық рет шабуылға көшіп, Сталинградтың қарымтасын қайтаруға әрекеттенген еді, бірақ бұл әрекетінен түк шыққан жоқ. Біздің әскерлер жаудың шабуылын тойтарып қана қоймай, оның әскерлерін ойсырата жеңіп, батысқа қарай қуа бастады, сөйтіп неміс армиясын апатқа ұшырайтын халге жеткізді, содан былай басқыншылар есін жинап қалпына келе алған жоқ.

1944 жылы Совет Армиясы шешуші жеңістерге жетіп, совет жерін жаудан толық тазартты, сөйтіп үшінші міндетті де абыроймен орындап шықты.

Төртінші міндет - құлыққа түскен Европа халықтарының фашизмнің бұғауынан құтылуына көмектесу еді. Европа елдерінің таңдаулы ұлдары мен қыздары көп жылдар бойы аса қиын жағдайларда қандыбалақ фашизмнің езгісіне қарсы патриоттар қатарында, партизандар қатарында, азаттық армиялары қатарында ауыр күрес жүргізіп келген-ді. Фашизмнің езгісінен олардың тезірек азат болуына көмектесу совет жауынгерлерінің ардақты борышы, тарихи міндеті еді, сондықтан олар Европадағы аға-інілеріне, апа - қарындастарына шын жүректен туысқандық жәрдемін ұсынып, бұл міндетті де абыроймен орындап шықты.

Бесінші міндет - жауды өз жерінде, өз ордасында біржолата талқандау еді. Ұлы Отан соғысындағы бұл ақтық міндетті де Совет Армиясы ақырына дейін орындап шықты. Герман фашизмінің ордасы болған Берлиндегі рейхстаг үйінің төбесіне Социализм Елінің жеңімпаз қызыл туы ілініп, неміс - фашист әскерлері совет жауынгерлерінің алдында тізе бүкті.

Совет халқы, оның Қарулы Күштері өзінің ақылгөйі, кемеңгері, көсемі Коммунистік партияның басшылығы арқасында адамзаттың ең зұлым жауы фашизмді талқандап, бұрын-соңды болып көрмеген дүниежүзілік - тарихи жеңіске жетті.

Ұлы Отан соғысының негізгі қорытындыларын топшылап айтқанда, оның ең бастысы - бұл соғыста советтің қоғамдық және мемлекеттік құрылысының берік екендігі, советтік социалистік системаның капиталистік системадан әлдеқайда артық екендігі, СССР халықтарының мызғымас достығы мен моральдік - саяси бірлігі, майданда да, тылда да өшпес ерлік істер көрсеткен совет адамдарының ең ардақты патриоттық, жауынгерлік, батырлық, жанқиярлық дәстүрлер рухында тәрбиеленгендігі жалпы әлемге айқын танылды.

Совет халқының ұлы жеңісін ұйымдастырушы, ерлік істерге дем беруші біздің данышпан Коммунистік партия болды. Соғыс жылдарында партия 3 миллионнан астам коммунистер мен комсомолецтерді майданға аттандырды. Бұлар қаһармандық пен шеберліктің, батырлық пен тапқырлықтың өнегесін көрсетіп, совет жауынгерлеріне шын мәнісінде жетекші болды, оларды жаппай ерлікке жігерлендірді. Партия мен совет мемлекетінің көрнекті қайраткерлері Булганин, Ворошилов, Хрущев, Жданов, Щербаков және басқа жолдастар майдандағы әскерлерге тікелей басшылық көрсетті.

Совет жауынгерлерінің тарихта теңдесі жоқ ерен ерлік қимылдарын, Одессаны, Севастопольді, Ленинградты, Москваны, Сталинградты жан- тәнімен қорғаған батырлардың, майдандағы бауырларына көмекке келген халық жасақтарының, жаудың ту сыртында басқыншылардың үрейін ұшырып, құтын қашырған совет партизандарының, соғыс өнерін жетік меңгеріп, қорғаныс кезінде де, шабуыл кезінде де жаудың сағын сындырып, күйрете білген бүкіл Совет Армиясының тылдағы жанқиярлық еңбегімен жауды жеңуге ерекше зор үлес қосқан ұлдары мен қыздарының, қарттары мен жастарының Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалу жолында сіңірген еңбегін совет халқы ешқашан да ұмытпайды!

Совет Одағы фашизмнің қара ниет қандыбалақ күштерін талқандап, адамзатты ең қауіпті кесапаттан құтқарды, Шығыста жапон империализмін қиратып, Азия халықтарының, ең алдымен, қытай, корей халықтарының азаттық алуына көмектесті, сөйтіп екінші дүниежүзілік соғысты жеңіспен аяқтауда, халықтар арасында баянды бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқарды.

Совет Армиясының тарихи жеңісі нәтижесінде халықаралық көлемде күштердің ара салмағы өзгерді, Европа мен Азияның бірқатар елдерінде халықтық демократия құрылысы орнап, социализм лагері құрылды, бұл социализм мен демократияның позициясын барынша нығайтып, империализм мен реакцияның позициясын қатты әлсіретті.

Бұл жеңіс совет халқының бейбіт еңбекке, елімізде коммунизм орнатуға қайта кірісуіне мүмкіндік берді.

Ұлы Отан соғысының негізгі қорытындылары, міне, осындай.

Ұлы Отан соғысы Совет Одағындағы барлық халықтар үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін зор сын болды, еліміздің тағдыры мен болашағы үшін күрескен СССР халықтарының интернационалдық ынтымағы мен қасиетті достығын шындап нығайтқан ұлы мектеп болды. Бұл күресте қазақ халқы жауды жеңу ісіне лайықты үлес қосып, туысқан халықтар семьясында құрметті орынға ие болды. Майдандағы армия қатарында, совет партизандары қатарында және тылдағы еңбек майданында қазақ халқының ұл-қыздары ерлік істерімен өз халқының оңды қасиеттерін, ардақты дәстүрлерін, советтік Отанына шын берілгендігін айқын бейнелеп көрсетті.

Қазақстан жауынгерлерінің майдандағы батырлығын, республика еңбекшілерінің тылдағы жанқиярлық еңбегін Совет Одағындағы барлық халықтар, партиямыз бен үкіметіміз жоғары бағалап, сан рет атап көрсетті.

Гвардияшы панфиловшылардың майдандағы жаппай ерлік істері бүкіл совет халқын сүйсіндіргені мәлім.

Халқымыз жаудың топты танкісін қиратқан ержүрек ұшқыш Нұркен Әбдіровтің, автомат оғымен ондаған фашист қырған батыр панфиловшы Төлеген Тоқтаровтың, советтік шығыс әйелдерінің ішінде тұңғыш рет батыр қыздар атанған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың есімдерін ардақтап, жүрегінде сақтайды, Совет Одағының батыры деген құрметті атаққа екі реттен ие болған даңқты ұшқыштарымыз Бигельдинов пен Луганскийдің ерлігін мақтаныш етеді.

Қазақстанның 369 жауынгері Совет Одағының Батыры деген құрметті атақ алды, мың - мыңдаған азаматтар майдандағы ерлігі үшін үкімет ордендерімен, медальдерімен наградталды. Қан майданды кешіп өтіп, жауды жапыра қиратып, жеңіспен еліне қайтқан барша батыр жауынгерлерін халқымыз мақтаныш етеді. Ұрыс майданында Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, бақытты болашағы үшін жанын пида еткен, ерлікпен қаза тапқан барша ұл-қыздарының жарқын бейнесін халқымыз есінде мәңгі сақтайды.

* * *

Ғасырымыздың алғашқы жартысында адамзат екі рет дүниежүзілік қырғын соғысты бастан кешірді. Бірінші дүниежүзілік соғыс 10 миллион адам өмірін жалмаған болса, екінші дүниежүзілік соғыста 30 миллион адам қаза тапты.

Соғыстың салдарынан мүгедек, жарымжан болып азап шеккендер аяулы ұлдарынан айрылып қайғырған ата - аналар, өмірлік жан серігінен айрылып жесір қалғандар, әлпештеген ата-анасынан айрылып, жастайынан жетім қалғандар қанша десеңізші! Соғыстың салдарынан қирап, жермен - жексен болған қалалар мен селолар, фабрикалар мен заводтар, соғыста ысырап болған байлықтар қанша десеңізші!

Міне, осы сұрапыл екі соғыстың екеуіне де басты себепкер герман милитаристері (соғысқұмарлары) болды. Мұны ұмытуға болмайды!

Герман милитаризмі ғайыптан пайда болған жоқ, оны қоректендіріп, әлдендірген, өткен екі соғысты да тұтандыруға дем берген дүниежүзілік финанс капиталы, ең алдымен, АҚШ пен Англия монополистері болатын. Қазіргі кезде де американ империалистері Батыс Германияны барынша қайта қаруландыруда, оның соғыс өнеркәсібі мен армиясын қалпына келтіруде, Одақтастар өкілдерімен бірге АҚШ үкіметі 1945 жылы ендігі жерде герман милитаризм! толық жойылып, жаңа соғысты туғыза алмайтындай болсын деген салтанатты мәлімдемеге қол қойған болса, енді мұны көпе-көрнеу аяққа басып, Батыс Германияда фашизмді заң жүзінде де, іс жүзінде де қайта туғызуға, герман соғысқұмарларының реваншистік (өш алу) желігін қоздыруға, сөйтіп Батыс Германияны жаңа соғыстың ошағына айналдыруға барынша көмектесіп отыр. Мұны да естен шығаруға болмайды!

Американ империалистері Совет Одағына, бүкіл социализм лагеріне, барлық бейбіт елдерге қарсы соғыс одақтарын құрастырып, өзіне бағынышты елдердің жерінде соғыс базаларын ұйымдастырып, атом және сутегі қаруларын мадақтап, жанталаса қаруланып, күшке сыйыну саясатын жүргізуде. Мұны да ұмытуға болмайды!

Совет мемлекеті құрылған кезінен бастап бейбітшілік саясатын дәйекті жүргізіп келеді, өйткені талаушылық, империалистік соғыс социализм системасына мүлде жат нәрсе, совет мемлекетінің бұл саясаты дүниежүзі еңбекшілерінің көз алдында талай рет анық дәлелденген және дәлелденіп те отыр.

Соңғы жылдары дүниежүзіндегі адал ниетті адамдар жаңа соғысты болдырмау және халықтар арасындағы бейбітшілікті баянды ету жолында күресті күшейтіп отыр. Қазір бейбітшілік күштері дүниежүзінде қарыштап өсіп, кең өріс алды. Совет Одағы бастаған қуатты социализм лагері, отаршылардың езгісінен азат болған Азия мен Африканың тәуелсіз елдері, дүниежүзіндегі прогресшіл адамзат бейбітшілікті жақтайды.

Бейбітшілік сақтаудың ерекше бір киелі - еліміздің күш - қуатын, оның Қарулы Күштерін тынбай нығайтуда. Совет Одағының дәйекті бейбітшілік саясаты, өсе түскен күш-қуаты, дүниежүзінде оның беделінің барынша артуы соғысқұмар империалистердің басқыншылық әрекеттеріне зор тосқауыл болып отыр. Өткен жылы Совет Одағының батыл ескертуі бойынша империалистердің Египеттегі лаңының жойылуы, Сирияның басына төнген қатерлі қауіптен арылуы және басқа көптеген мысалдар бұған толық айғақ.

Совет армиясы совет халқының бейбіт еңбегін қырағы күзетуде, соғыстан кейінгі жылдар ішінде еліміздің экономикасы, ғылымы мен техникасы шапшаң өркендеуі нәтижесінде армиямыздың күш-қуаты ерекше артты, біздің армия осы заманғы ең үздік қару-жарақпен, ұрыс техникасымен жабдықталған, оның қарамағында континентаралық баллистика ракеталары, атом және сутегі қарулары бар. Қазіргі кезде біздің армиямыздың күштілігі соншалық - ол Отанымызға тиіскен қандай жауды болса да қирата алады.

Бірақ елімізде коммунизм орнатып жатқан, Отанымыздың экономикасы мен мәдениетін, ғылымы мен техникасын қарыштап өркендету жөніндегі бейбіт еңбекке бар зейінін салып отырған совет халқы соғысты тілемейді. Қарусыздану, сутегі және атом қаруларын сынауға тыйым салу және басқа мәселелер жөнінде Совет үкіметі тиянақты ұсыныстар енгізіп, 1958 жылғы январьда СССР Қарулы Күштерін тағы да едәуір (300 мың адамға) қысқарту туралы шешім қабылдап, өзінің бейбітшілдік саясатын іспен көрсетіп отыр.

Совет Армиясы - совет халқының сүйікті перзенті. Отанымыздың Қарулы күштері партиямыздың дана басшылығы арқасында талай қиын асулардан, талай ауыр сынақтардан абыроймен өтіп, еліміздің талай - талай жауларын жаныштап, ұлы жеңістерге жетіп, халқының сенімін адал ақтап шықты.

Коммунистік партия мен Совет үкіметі еліміздің Қарулы Күштерін нығайту жөнінде үздіксіз қамқорлық жасауда. «Совет Армиясы мен Флотта партиялық - саяси жұмысты жақсарту туралы» КПСС Орталық Комитеті октябрь Пленумының қаулысы - осы қамқорлықтың айқын белгісі.

Совет Армиясының қырық жылдық мерекесі СССР Жоғарғы Советін сайлау науқанымен тұспа - тұс келіп отыр. Сайлау науқаны КПСС XX съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыру үшін күрескен еңбекшілер бұқарасының еңбектегі жігерін тасытып, белсенділігін күшейтуде. СССР - дің толық праволы азаматтары ретінде бұл саяси науқанға біздің әскери қызметшілеріміз де белсене қатысуда. Совет солдаттары мен офицерлері сайлау күнін әскери және саяси әзірлік ісінде жаңа табыстармен қарсы алатындығы күмәнсіз.

Мен Совет Армиясы өкілдерінің бірі ретінде барлық жерлестерімді даңқты Қарулы Күштеріміздің қырық жылдық мерекесімен құттықтаймын. Армия қатарында халқына жан аямай қызмет еткен, қазір де еңбек майданындағы ерлік істерге белсене атсалысып жүрген жауынгер достарыма шын жүректен сәлемімді жолдап, еңбектерінің жемісті болуын тілеймін. Совет Армиясы мен Соғыс - Теңіз Флотының барша жауынгерлерінің сүйікті армиямыздың батырлық дәстүрлерін берік сақтап, халқымыздың бақыты мен сәулетті өмірін қырағы күзетулерін тілеймін. Армия қатарына баруға әзірленіп жүрген жастарымыздың ардақты азаматтық борышын атқаруда қадамы құтты болсын деп тілеймін.