Қандастар Ассамблея

Көсеге көгерді

04.12.2012 5398
  ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Көсеге көгерді «Көсегең көгерсін»— көне қазақтың үлкен батасы. Жерді күн көгертсе көсегені Октябрь көгертті. Көшпелі, сауатсыз ауылда, ойым қалыптаспаған, қанатым әбден қатпаған шағымда Октябрь дабылы естілді. Ленин — большевик — Совет деген үш сөз барлық сөздерден басым, сүйгеннің де, сүймегеннің де аузында жүрді. Коммунизм, социализмінен хабарым жоқ. Бай құриды, кедей жетіледі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды, дейді біреулер. Енді біреулер сенікі, менікі болмайды, малың түгілі, әйелің ортақ, ақырзаман деседі. Байсыз — кедей, кедейсіз — бай қалай күнелтпек?! Пішту!— деп мұрын шүйірушілер де бар. Ауыл осылай қым-қуыт, қызыл кеңірдек, айтыс-тартыс. Жаңа дәуірдің шабуыл мен ену, ескі дәуірдің қарсыласа ығысу кезінде шыңыраудағы сырлар ашылды. Бұған дейін бай мен кедей ішінде не жатқанын білмейтінмін. Бұдан кейін қаламды қару етіп, мен де аттандым. Ойсыратып ештеңе бітірмесем де ере бердім дүрмекке. Жазушы боламын, деген ой жоқ, жазушы жолына қалай түскеніме қайранмын. Октябрьдің елу жылын кезбен өткізіп, шолақ өмірдің шоқысына шыққан кезде сол өткен күндер, әсіресе кейінгі елу жыл тізбегі сайрап көрінеді. Қандай көркем, қандай қызықты! Қарай бергім келеді, қарай бергім келеді! Осы жарты ғасырда өнер, ғылым, ерлік жорықтар тарихта теңдесі жоқ дәрежеге жетіпті. Бәрі сүйсіндіреді, өте-мөте әдебиет өнері сүйсіндіреді. Әдебиет неге өте-мөте? Қолмен жасалған өнер дүниесінің ішінде ең ұзақ жасайтыны, өмір бейнесін толық қамтитыны, адам жанына әсерлісі әдебиет. Таулар бұзылады, сулар суалады, тас болат үйлер құлайды, бүкіл қауым алмасады, жақсы әдебиет сонда да өлмейді. жүздеген жылдар өмір сүреді, өткен қауымның, дәуірдің бейнесін кейінгілерге жеткізеді. Сондықтан өнердің ең қиыны да жақсысы әдебиет. 1967 Бақыттың қырық жылы Октябрь таңы атқалы қырық жыл. Қырық жылда жасалған жаңалықтарға қарасам көз жетпейді, айтуға сөз жетпейді. Жерім, елім, ойым — бәрі өзгерген. Өзгермеген, жаңармаған не қалды? Бұған жауапты іздеп, тінтіп табуға ғана болады. Бұрынғының жүз жасаған кәриясы біз көргеннің жүзден бірін көрген жоқ. Ал, біз сонша көріп, білгенде Совет дәуірінің өзгешеліктерін тегіс көрдік, білдік дей алмаймыз. Ол өмірді көріп, білуден әдебиетке түсіру әлдеқайда қиын. Заманымыздың осы ұлылығын түсініп, әдебиеттің қиындығына төзген жазушы ғана нағыз жазушы бола алады. Мен әлі күнге сол ұлылықты түсініп болдым ба? Болсам, төзіп болдым ба?— деп өзімді әмән қайраумен келемін. Адам темірден мықты емес. Қандай асыл темір болса да мұқайды. Олай болса жазушы өзін ылғи қайрап салып отыру керек. 1957    

 

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Көсеге көгерді

«Көсегең көгерсін»— көне қазақтың үлкен батасы. Жерді күн көгертсе көсегені Октябрь көгертті. Көшпелі, сауатсыз ауылда, ойым қалыптаспаған, қанатым әбден қатпаған шағымда Октябрь дабылы естілді. Ленин — большевик — Совет деген үш сөз барлық сөздерден басым, сүйгеннің де, сүймегеннің де аузында жүрді. Коммунизм, социализмінен хабарым жоқ. Бай құриды, кедей жетіледі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды, дейді біреулер. Енді біреулер сенікі, менікі болмайды, малың түгілі, әйелің ортақ, ақырзаман деседі. Байсыз — кедей, кедейсіз — бай қалай күнелтпек?! Пішту!— деп мұрын шүйірушілер де бар.

Ауыл осылай қым-қуыт, қызыл кеңірдек, айтыс-тартыс. Жаңа дәуірдің шабуыл мен ену, ескі дәуірдің қарсыласа ығысу кезінде шыңыраудағы сырлар ашылды. Бұған дейін бай мен кедей ішінде не жатқанын білмейтінмін. Бұдан кейін қаламды қару етіп, мен де аттандым. Ойсыратып ештеңе бітірмесем де ере бердім дүрмекке. Жазушы боламын, деген ой жоқ, жазушы жолына қалай түскеніме қайранмын. Октябрьдің елу жылын кезбен өткізіп, шолақ өмірдің шоқысына шыққан кезде сол өткен күндер, әсіресе кейінгі елу жыл тізбегі сайрап көрінеді. Қандай көркем, қандай қызықты! Қарай бергім келеді, қарай бергім келеді! Осы жарты ғасырда өнер, ғылым, ерлік жорықтар тарихта теңдесі жоқ дәрежеге жетіпті. Бәрі сүйсіндіреді, өте-мөте әдебиет өнері сүйсіндіреді. Әдебиет неге өте-мөте?

Қолмен жасалған өнер дүниесінің ішінде ең ұзақ жасайтыны, өмір бейнесін толық қамтитыны, адам жанына әсерлісі әдебиет. Таулар бұзылады, сулар суалады, тас болат үйлер құлайды, бүкіл қауым алмасады, жақсы әдебиет сонда да өлмейді. жүздеген жылдар өмір сүреді, өткен қауымның, дәуірдің бейнесін кейінгілерге жеткізеді. Сондықтан өнердің ең қиыны да жақсысы әдебиет.

1967

Бақыттың қырық жылы

Октябрь таңы атқалы қырық жыл. Қырық жылда жасалған жаңалықтарға қарасам көз жетпейді, айтуға сөз жетпейді. Жерім, елім, ойым — бәрі өзгерген. Өзгермеген, жаңармаған не қалды? Бұған жауапты іздеп, тінтіп табуға ғана болады. Бұрынғының жүз жасаған кәриясы біз көргеннің жүзден бірін көрген жоқ. Ал, біз сонша көріп, білгенде Совет дәуірінің өзгешеліктерін тегіс көрдік, білдік дей алмаймыз. Ол өмірді көріп, білуден әдебиетке түсіру әлдеқайда қиын. Заманымыздың осы ұлылығын түсініп, әдебиеттің қиындығына төзген жазушы ғана нағыз жазушы бола алады.

Мен әлі күнге сол ұлылықты түсініп болдым ба? Болсам, төзіп болдым ба?— деп өзімді әмән қайраумен келемін. Адам темірден мықты емес. Қандай асыл темір болса да мұқайды. Олай болса жазушы өзін ылғи қайрап салып отыру керек.

1957