Қаһарман сөз қамал бұзады

04.12.2012 9069
  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Лениншіл жас», 27 август, 1975 ж. № 168 Қаһарман сөз қамал бұзады   Сөз - халқымыздың қымбат асыл байлығы. Мен оларды көзіме адамдар тәрізді, оның ішінде солдаттар сияқты елестетем. Олардың да жаны бар, қаны бар. Олар өмір сүреді. Жақсы жазушы - үздік қолбасшымен бірдей. Сөздердің басын қосып, жұмылдыра біледі. Ал, ынтымақпен бірігіп, жалын атқан сөздерден күшті нәрсе жоқ. Батыр да дара емес, елімен ер емес пе? «Қаһарман сөз қамал бұзады» деген мақал осыдан шыққан. Мұның шындығын мен көкірегі дана қариялардан құлақпен естіген жан ғана емеспін, көзіммен көріп, куә болған да адаммын. Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты қаһарман жыры революция бесігі болған қасиетті қалада қанқұйлы жауға қарсы тұрып, қамал бұзды, батырларша шайқасты, бір қадам да шегінген жоқ. Фашистерге бірнеше полк, бірнеше мың снаряд, бірнеше мың оқ, бірнеше мың тонна бомбадан кем тиген жоқ. Ұлы Отан соғысындағы біздің қазақ халқының, қазақстандықтардың ерлігі ғаламат. Жас берендеріміз ата - бабаларының ерлік дәстүрлерін жалғастыра білді. Отанның әрбір сүйем жері үшін қасықтай қандарын аяған жоқ. Қазақстандық 316- шы Панфилов дивизиясының қаһармандығы әлемге әйгілі. Олар жаппай халықтық ерлік көрсетуді бастап берді. Мұның бәрі тарихқа алтын әріппен жазылды. Қазақстан Ұлы Отан соғысының басты арсеналдарының бірі болды, ол II майданды азық - түлік, киім - кешекпен қамтамасыз етті. Жеңіс тілі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір адамдардың, алуан ұлттардың ынтымағы арқасында, майдандағы ерлік пен тылдағы ерлік арқасында келді. Соғыс біткеніне 30 жылдан асса да, мұның бәрі мәңгі есте. Ешқашан ұмытылмайды. Қазақта әскери - мемуарлық әдебиет соғыстан бұрын болмаған еді. Мен бұл салада бірнеше кітап жаздым. Оларды оқырман біледі. Бұл тақырыпта казак жазушыларының жақсы дүниелері бар. Аға буын өкілдерінің 80 проценті жауға қарсы қарумен де, қаламмен де шайқасты. Олардың ішінен көп ержүректер шықты. Аты әйгілі Мәлік Ғабдуллин, Қасым Аманжолов, Баубек Бұлқышев, Жұмағали Саин, тағы басқаларды атасақ та жеткілікті. Баубек Бұлқышевтың жалынды публицистикасы, Мәлік Ғабдуллиннің мазмұнды очерктері, Диқан Әбілевтің, Әбу Сәрсенбаевтың өлеңдері, Дмитрий Снегин, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сәуірбек Бақбергеновтың повесті, романдары қамал бұзған қаһарман сөз үлгілеріне жатады. Бұл жазушылардың таңдаулы шығармалары Совет Одағы шеңберінен асып, шетелдерге де аударылған. Алайда біздің міндетіміз мұнымен бітпейді. Жеткіншек жас ұрпаққа әскери - патриоттық тәрбие беру - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Олар ата - бабаларының, әке - шешелерінің қиын - қыстау күндерде етікпен су кешкен, қан кешкен шақтарын білуге, соғыс пен еңбектегі ерліктерін қадірлеп өсуге тиіс. Бүгінгі молшылық өмір, бейбіт күн өзінен - өзі келмегенін, қан мен терді төгу арқылы жеңіп алғандығын сезініп, соны қорғауға әрқашан дайын болып өсуге тиіс. Әдебиетіміздің қазіргі бір басты міндеті, биік борышы нақ осында.   Бүгінгі Қазақстан - гүл жайнаған республика. Бірақ, оның өзіндік тарихи даму ерекшеліктері бар. Асқар Алтайдан айдынды Атырауға, Тұран ойпатынан Сібір жеріне дейінгі аралықты мекендеп жатыр. Менделеев кестесіндегі барлық қазына - элементтер оның жерінде мол кездеседі. Сол шалқар кең байлықты жүзден астам халық пен ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып игеруде, ел игілігіне жаратуда. Демек, Қазақстан - шынайы достықтың, шын интернационализмнің жарқын лабораториясы. Ал, халықтар достығы - ең басты байлығымыз болса керек. Бұл айтылғандар әдебиеттен өз көрінісін табуы шарт. Мұның, өзі адам жанының инженерлері - жазушылардан талантты, іргелі ізденісті, тынбай еңбек етуді талап етеді. Осы арада бір жай есіме түседі. Ертеректе Красноярскіде бригада командирі болып жүргенімде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың сөзін радиодан тыңдағаным бар (кейіннен талай тыңдадым). Ол Қазақстанның жер қыртысында қыруар қазыналар жасырынып жатқандығын, оны зерттеп ашудың перспективаларын қысқа да түсінікті әңгімелеген болатын. Мен сонда бұған (жеріміздің байлығына) қайран қалған едім. Содан бері, ойлап қарасам, ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Қазақстан түлеп ұшқан қырандай ғарыш есігін ашыпты. Адам танымастай өзгеріп, алға басыпты. Д.А.Қонаев жолдас өз сөздері мен мақалаларында осы сүйінішті өзгерістерді, біздің республикамыздың кен қазынасы игеру процесінің жай - жапсарын жиі, әрі терең айтып жүр. Әрине, бұл құбылыс - өндірісті өркендету жиырмасыншы - отызыншы жылдардан басталды. Жазушыларымыз Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, марқұм С.Ерубаевтың шығармалары өз кезеңінде бұл жайларды шын мәнінде Қарағанды, Екібастұз көмір бассейні, Қазақстан Магниткасы сықылды бүгінгі алыптарымыздың алғашқы құрылысшылары жұмысшы табы мен инженерлік - техникалық интеллигенцияның туып, қалыптасу процестерін көркем, шынайы бейнелеп бергенді. Сол еңбектері арқылы олардың өздері де біздің қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбын алғаш ашушылар - негізін қалаушылар болған еді. Олардың бұл шығармалары қазір де әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Өкінішке орай, өндірісіміз өркендеп, шарықтай түскен бүгінгі уақытта осы шығармалардың заңды жалғасы болып табылатын, әдебиетіміздегі осы үлкен тақырыптың дамытылуы болып табылатын туындыларды атап айта алмаймыз. Сондықтан да замандас жұмысшының толыққанды бейнесін жасау - әлі де олқы тұсымыз, аса алмаған асуымыз болып отыр. Олай болса, осы орайда Жазушылар одағының атына айтылып жүрген ескертпелер орынды. Бұл мәселе құр жиналыстарда талқылап, қаулыларда жазғанмен шешімін таппаса керек. Жазушыларымыздың тың табыстарды енші ете алмау себептері неде? Меніңше, олар өздері жазатын тақырыптардың қыр - сырын, ең бастысы өмір шындығын терең білмейді. 1947 жылы мен «Ұшқан ұя» деген кітап жазып бітірген едім. Ол «..бұдан соң не болғанын кейін айтып беремін» деген сөздермен аяқталатын. Содан бері 28 жыл өтті, ал, «кейін айтып беремін» деген уәдем мызғымаған қалпында қалды. Демалысқа шыққаннан кейін (оған да 19 - 20 жыл болды) жыл сайын ауылға, өз үйіме барып турамын. Менің бабамнан 26 түтін бар, олар - «Ұшқан ұяның» тікелей ұрпақтары. Сондағы бір жазғаным - «Музей апа». Оның өзі де жазбақ болған кітабымның эпилогінің тек бір тарауы ғана. Ал, кітабымның қалған жерлерін жаза алмай - ақ қойдым. Жақында ғана мен оның мүлдем жазылмауы да мүмкін екенін пайымдадым. Неге? Оның себебі сол - менің ауылдан 1938 жылдан бері қол үзіп қалғандығым. Иә, мен көп жылдар бойы «Ұшқан ұяның» өсіп - өрбу, даму процесінің куәгері болған жоқпын. Олардың еңбек процестеріне араласқан жоқпын. Ал, еңбек қана, еңбекті еншілеген коллектив, қоғамдық орта ғана адамның көзқарасын, мінез - құлқын, характерін қалыптастырып, еңбек ету қабілетін шыңдап, коллективінен, коғамнан өз орнын әпермей ме? Кейіпкердің тұлға, тіл бөлекшелігі - өздігінен оның ортасынсыз, қоғамдық еңбекке қатысуынсыз, дүниеге көзқарасынсыз тап басып тану, суреттеу мүмкін емес. Енді салтанатты кездесулер, мол дастарқан басындағы дидарласулар, бізде жаңсақ ұғынылып жүргендей, халықпен, өмірмен араласуға жатпайды. Өз тәжірибемнен менің осы ащы ақиқатқа көзім жетті. Саясаттан, қоғамнан, халықтан тыс әдебиет жоқ. Болмайды да. Нақ осы себептен де партиямыз бен совет қоғамы жазушылардың маркстік - лениндік ілімді терең меңгеріп жазуды талап етеді. Тиісінше өндірістік - техникалық, педагогика - психологиялық, этика - эстетикалық, философия - поэтикалық білім - біліктілікпен жазуды талап етеді. Әрине, мұның барлығын меңгеру қиын шығар, бірақ қиын болғанмен, басқа жол жоқ.. Ендеше, оған жетуге талпыну қажет. «Музыканы халық жасайды, ал, біздер, композиторлар тек соны пайдаланушылармыз» (М.Глинка). «Әлемді тануың туған қыстағында басталады, егер сонда аяқталса - біткенің» (М. Ганди). «Бейне тек адамды ғана мінездемейді, сол қоғамды да көрсетеді» (Н.В.Гоголь), егер М.Горкийдің «Менің мектептерім», И.С.Тургеневтің «Аңшының жазбалары» халықпен, өмірмен тығыз бірліктің үлгісі болса, жоғарыда айтылғандардан артық және дұрыс не айтарсың? Сонымен өз уақытымыздың шындығы идеалогиялық көзқарас өлшеміміз сүзгісінен сүзіліп, жазушы қаламы арқылы берілуге тиіс. Замандас бейнесін тек жастар бойынан іздеу дұрыс емес. Дәстүрді алға апармайынша, бүгін жоқ, болашақ та, демек, заңды даму да жоқ. Не болды, не бар, не болады? Тақырыптың нақтылы толыққандылығы да осында. Біздің толқын - тарихтың ең қиын, трагедиялық кезеңін бастан өткерді. Өткен соғыстың, оқ пен оттың қазанында қайнап, шыңдалып шықты. Бұған саяси және тарихи тұрғыдан келіп, халқымыз өткен қысылтаң жолдың терең қатпарларын ашуымыз керек және оның тағлым - сабағын өскелең жас ұрпақтың санасына сіңіріп, жүрегіне дарытуымыз керек. Бұл тұста қазақ қаламгерлері үлкен борышкер. Бүгін қаһармандық тақырыпқа бел шешіп барып жүргендер неге аз, тіпті, жоқ десе де болады. Күні кешегі Отан деп кеудесін отқа тосқан азаматтардың баласы, немересі қазір ұлан - байтақ еліміздің бейбіт өмірін қырағы күзетіп жүр емес пе? Осы күнгі совет жауынгерінің жан - жақты бейнесі толыққанды жасалып келе ме? Бұл тақырыпқа барып жүрген қай Қазақстан жазушысының қай шығармасын атай аламыз? Олай болса бұл тақырыптағы жаңа шығармалар заманға сай жаңа белеске көтеріліп, дамуымызды қамтамасыз етуге тиіс. Замандас, оның характері, бітім - болмысы семьяда, оқу мен еңбекте, қоғамдық ортада қалыптасады. Жазушы - соны зерттеуші, соны сөз әлемінде бейнелеуші. Жазушы өмірдегі өз орнына лайық болсын. Лайықты сөз, қаһарман сөз таба білсін. Тек қаһарман сөз ғана барлық қамал - қиындықтарды жеңеді. Сөздің өнері - әдебиеттің өміршеңдігі де осында.  

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Лениншіл жас», 27 август,

1975 ж. № 168

Қаһарман сөз қамал бұзады

 

Сөз - халқымыздың қымбат асыл байлығы. Мен оларды көзіме адамдар тәрізді, оның ішінде солдаттар сияқты елестетем. Олардың да жаны бар, қаны бар. Олар өмір сүреді. Жақсы жазушы - үздік қолбасшымен бірдей. Сөздердің басын қосып, жұмылдыра біледі. Ал, ынтымақпен бірігіп, жалын атқан сөздерден күшті нәрсе жоқ. Батыр да дара емес, елімен ер емес пе? «Қаһарман сөз қамал бұзады» деген мақал осыдан шыққан.

Мұның шындығын мен көкірегі дана қариялардан құлақпен естіген жан ғана емеспін, көзіммен көріп, куә болған да адаммын. Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты қаһарман жыры революция бесігі болған қасиетті қалада қанқұйлы жауға қарсы тұрып, қамал бұзды, батырларша шайқасты, бір қадам да шегінген жоқ. Фашистерге бірнеше полк, бірнеше мың снаряд, бірнеше мың оқ, бірнеше мың тонна бомбадан кем тиген жоқ.

Ұлы Отан соғысындағы біздің қазақ халқының, қазақстандықтардың ерлігі ғаламат. Жас берендеріміз ата - бабаларының ерлік дәстүрлерін жалғастыра білді. Отанның әрбір сүйем жері үшін қасықтай қандарын аяған жоқ. Қазақстандық 316- шы Панфилов дивизиясының қаһармандығы әлемге әйгілі. Олар жаппай халықтық ерлік көрсетуді бастап берді. Мұның бәрі тарихқа алтын әріппен жазылды. Қазақстан Ұлы Отан соғысының басты арсеналдарының бірі болды, ол II майданды азық - түлік, киім - кешекпен қамтамасыз етті. Жеңіс тілі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір адамдардың, алуан ұлттардың ынтымағы арқасында, майдандағы ерлік пен тылдағы ерлік арқасында келді. Соғыс біткеніне 30 жылдан асса да, мұның бәрі мәңгі есте. Ешқашан ұмытылмайды.

Қазақта әскери - мемуарлық әдебиет соғыстан бұрын болмаған еді. Мен бұл салада бірнеше кітап жаздым. Оларды оқырман біледі.

Бұл тақырыпта казак жазушыларының жақсы дүниелері бар. Аға буын өкілдерінің 80 проценті жауға қарсы қарумен де, қаламмен де шайқасты. Олардың ішінен көп ержүректер шықты. Аты әйгілі Мәлік Ғабдуллин, Қасым Аманжолов, Баубек Бұлқышев, Жұмағали Саин, тағы басқаларды атасақ та жеткілікті. Баубек Бұлқышевтың жалынды публицистикасы, Мәлік Ғабдуллиннің мазмұнды очерктері, Диқан Әбілевтің, Әбу Сәрсенбаевтың өлеңдері, Дмитрий Снегин, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сәуірбек Бақбергеновтың повесті, романдары қамал бұзған қаһарман сөз үлгілеріне жатады. Бұл жазушылардың таңдаулы шығармалары Совет Одағы шеңберінен асып, шетелдерге де аударылған.

Алайда біздің міндетіміз мұнымен бітпейді. Жеткіншек жас ұрпаққа әскери - патриоттық тәрбие беру - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Олар ата - бабаларының, әке - шешелерінің қиын - қыстау күндерде етікпен су кешкен, қан кешкен шақтарын білуге, соғыс пен еңбектегі ерліктерін қадірлеп өсуге тиіс. Бүгінгі молшылық өмір, бейбіт күн өзінен - өзі келмегенін, қан мен терді төгу арқылы жеңіп алғандығын сезініп, соны қорғауға әрқашан дайын болып өсуге тиіс. Әдебиетіміздің қазіргі бір басты міндеті, биік борышы нақ осында.

 

Бүгінгі Қазақстан - гүл жайнаған республика. Бірақ, оның өзіндік тарихи даму ерекшеліктері бар. Асқар Алтайдан айдынды Атырауға, Тұран ойпатынан Сібір жеріне дейінгі аралықты мекендеп жатыр. Менделеев кестесіндегі барлық қазына - элементтер оның жерінде мол кездеседі. Сол шалқар кең байлықты жүзден астам халық пен ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып игеруде, ел игілігіне жаратуда. Демек, Қазақстан - шынайы достықтың, шын интернационализмнің жарқын лабораториясы.

Ал, халықтар достығы - ең басты байлығымыз болса керек. Бұл айтылғандар әдебиеттен өз көрінісін табуы шарт. Мұның, өзі адам жанының инженерлері - жазушылардан талантты, іргелі ізденісті, тынбай еңбек етуді талап етеді.

Осы арада бір жай есіме түседі. Ертеректе Красноярскіде бригада командирі болып жүргенімде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың сөзін радиодан тыңдағаным бар (кейіннен талай тыңдадым). Ол Қазақстанның жер қыртысында қыруар қазыналар жасырынып жатқандығын, оны зерттеп ашудың перспективаларын қысқа да түсінікті әңгімелеген болатын. Мен сонда бұған (жеріміздің байлығына) қайран қалған едім.

Содан бері, ойлап қарасам, ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Қазақстан түлеп ұшқан қырандай ғарыш есігін ашыпты. Адам танымастай өзгеріп, алға басыпты.

Д.А.Қонаев жолдас өз сөздері мен мақалаларында осы сүйінішті өзгерістерді, біздің республикамыздың кен қазынасы игеру процесінің жай - жапсарын жиі, әрі терең айтып жүр.

Әрине, бұл құбылыс - өндірісті өркендету жиырмасыншы - отызыншы жылдардан басталды. Жазушыларымыз Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, марқұм С.Ерубаевтың шығармалары өз кезеңінде бұл жайларды шын мәнінде Қарағанды, Екібастұз көмір бассейні, Қазақстан Магниткасы сықылды бүгінгі алыптарымыздың алғашқы құрылысшылары жұмысшы табы мен инженерлік - техникалық интеллигенцияның туып, қалыптасу процестерін көркем, шынайы бейнелеп бергенді. Сол еңбектері арқылы олардың өздері де біздің қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбын алғаш ашушылар - негізін қалаушылар болған еді. Олардың бұл шығармалары қазір де әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосып отыр.

Өкінішке орай, өндірісіміз өркендеп, шарықтай түскен бүгінгі уақытта осы шығармалардың заңды жалғасы болып табылатын, әдебиетіміздегі осы үлкен тақырыптың дамытылуы болып табылатын туындыларды атап айта алмаймыз. Сондықтан да замандас жұмысшының толыққанды бейнесін жасау - әлі де олқы тұсымыз, аса алмаған асуымыз болып отыр. Олай болса, осы орайда Жазушылар одағының атына айтылып жүрген ескертпелер орынды. Бұл мәселе құр жиналыстарда талқылап, қаулыларда жазғанмен шешімін таппаса керек.

Жазушыларымыздың тың табыстарды енші ете алмау себептері неде? Меніңше, олар өздері жазатын тақырыптардың қыр - сырын, ең бастысы өмір шындығын терең білмейді.

1947 жылы мен «Ұшқан ұя» деген кітап жазып бітірген едім. Ол «..бұдан соң не болғанын кейін айтып беремін» деген сөздермен аяқталатын. Содан бері 28 жыл өтті, ал, «кейін айтып беремін» деген уәдем мызғымаған қалпында қалды.

Демалысқа шыққаннан кейін (оған да 19 - 20 жыл болды) жыл сайын ауылға, өз үйіме барып турамын. Менің бабамнан 26 түтін бар, олар - «Ұшқан ұяның» тікелей ұрпақтары. Сондағы бір жазғаным - «Музей апа». Оның өзі де жазбақ болған кітабымның эпилогінің тек бір тарауы ғана. Ал, кітабымның қалған жерлерін жаза алмай - ақ қойдым. Жақында ғана мен оның мүлдем жазылмауы да мүмкін екенін пайымдадым.

Неге?

Оның себебі сол - менің ауылдан 1938 жылдан бері қол үзіп қалғандығым.

Иә, мен көп жылдар бойы «Ұшқан ұяның» өсіп - өрбу, даму процесінің куәгері болған жоқпын. Олардың еңбек процестеріне араласқан жоқпын. Ал, еңбек қана, еңбекті еншілеген коллектив, қоғамдық орта ғана адамның көзқарасын, мінез - құлқын, характерін қалыптастырып, еңбек ету қабілетін шыңдап, коллективінен, коғамнан өз орнын әпермей ме? Кейіпкердің тұлға, тіл бөлекшелігі - өздігінен оның ортасынсыз, қоғамдық еңбекке қатысуынсыз, дүниеге көзқарасынсыз тап басып тану, суреттеу мүмкін емес. Енді салтанатты кездесулер, мол дастарқан басындағы дидарласулар, бізде жаңсақ ұғынылып жүргендей, халықпен, өмірмен араласуға жатпайды. Өз тәжірибемнен менің осы ащы ақиқатқа көзім жетті.

Саясаттан, қоғамнан, халықтан тыс әдебиет жоқ. Болмайды да. Нақ осы себептен де партиямыз бен совет қоғамы жазушылардың маркстік - лениндік ілімді терең меңгеріп жазуды талап етеді. Тиісінше өндірістік - техникалық, педагогика - психологиялық, этика - эстетикалық, философия - поэтикалық білім - біліктілікпен жазуды талап етеді. Әрине, мұның барлығын меңгеру қиын шығар, бірақ қиын болғанмен, басқа жол жоқ.. Ендеше, оған жетуге талпыну қажет.

«Музыканы халық жасайды, ал, біздер, композиторлар тек соны пайдаланушылармыз» (М.Глинка). «Әлемді тануың туған қыстағында басталады, егер сонда аяқталса - біткенің» (М. Ганди). «Бейне тек адамды ғана мінездемейді, сол қоғамды да көрсетеді» (Н.В.Гоголь), егер М.Горкийдің «Менің мектептерім», И.С.Тургеневтің «Аңшының жазбалары» халықпен, өмірмен тығыз бірліктің үлгісі болса, жоғарыда айтылғандардан артық және дұрыс не айтарсың?

Сонымен өз уақытымыздың шындығы идеалогиялық көзқарас өлшеміміз сүзгісінен сүзіліп, жазушы қаламы арқылы берілуге тиіс.

Замандас бейнесін тек жастар бойынан іздеу дұрыс емес. Дәстүрді алға апармайынша, бүгін жоқ, болашақ та, демек, заңды даму да жоқ. Не болды, не бар, не болады? Тақырыптың нақтылы толыққандылығы да осында.

Біздің толқын - тарихтың ең қиын, трагедиялық кезеңін бастан өткерді. Өткен соғыстың, оқ пен оттың қазанында қайнап, шыңдалып шықты. Бұған саяси және тарихи тұрғыдан келіп, халқымыз өткен қысылтаң жолдың терең қатпарларын ашуымыз керек және оның тағлым - сабағын өскелең жас ұрпақтың санасына сіңіріп, жүрегіне дарытуымыз керек. Бұл тұста қазақ қаламгерлері үлкен борышкер. Бүгін қаһармандық тақырыпқа бел шешіп барып жүргендер неге аз, тіпті, жоқ десе де болады. Күні кешегі Отан деп кеудесін отқа тосқан азаматтардың баласы, немересі қазір ұлан - байтақ еліміздің бейбіт өмірін қырағы күзетіп жүр емес пе? Осы күнгі совет жауынгерінің жан - жақты бейнесі толыққанды жасалып келе ме? Бұл тақырыпқа барып жүрген қай Қазақстан жазушысының қай шығармасын атай аламыз? Олай болса бұл тақырыптағы жаңа шығармалар заманға сай жаңа белеске көтеріліп, дамуымызды қамтамасыз етуге тиіс.

Замандас, оның характері, бітім - болмысы семьяда, оқу мен еңбекте, қоғамдық ортада қалыптасады. Жазушы - соны зерттеуші, соны сөз әлемінде бейнелеуші. Жазушы өмірдегі өз орнына лайық болсын. Лайықты сөз, қаһарман сөз таба білсін. Тек қаһарман сөз ғана барлық қамал - қиындықтарды жеңеді.

Сөздің өнері - әдебиеттің өміршеңдігі де осында.

 

Ұқсас материалдар