Қандастар Ассамблея

СОЧИ Олимпиадасы. Ең.Ең.Ең...

18.02.2014 3800
Сочи Олимпиадасының ерекшеліктері мен артықшылықтарын салыстырмалы түрде назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ең бәкене, ең сұңғақ спортшы кім? Ең атақты, ең жас спортшы кім? Міне осы тақылеттес сұрақтарға тұрақты авторымыз, спорт шолушысы Бек Төлеуов жауап береді.

Сочи Олимпиадасының ерекшеліктері мен артықшылықтарын салыстырмалы түрде назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ең бәкене, ең сұңғақ спортшы кім? Ең атақты, ең жас спортшы кім? Міне осы тақылеттес сұрақтарға тұрақты авторымыз, спорт шолушысы Бек Төлеуов жауап береді.

Ең ұзын әрі салмағы ауыр спортшы – Хара

«Бостон» клубы мен Словакия құрамасының капитаны әрі Сочиде өз елінің ту ұстаушысы болған Здено Хара 2014 жылғы Олимпиада ойындарының ең ұзын және ең ауыр салмақты спортшысы. Хараның бойы – 206 см, ал салмағы – 117 келі. Словакиялықтардың 16 ақпан күні айдын қожайындарына қарсы ойнайтынын ескерсек, Овечкин бастаған ресейліктерге мұндай алыбы бар командаға қарсы күресу оңай соқпасы анық.

 

Ең аласа спортшы – Такахаси

Ал Сочи Олимпиадасының бойы ең кішкентай спортшысы жапониялық мәнерлеп сырғанаушы – Наруми Такахаси. Риючи Кихаромен бір жұпта өнер көрсететін Такахасидің бойы небары – 146 см. Бұған дейін ол өзінің алғашқы әріптесі Мервин Транмен бірге 2012 жылғы әлем чемпионатында қола, 2010 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде күміс жүлде еншілеген. Такахаси-Трана жұбы 2012 жылдың соңында бұрымды қыздың жарақатына байланысты тарап кеткен болатын. 

Ең жеңіл спортшылар – Окипнюк, Хельцль және Зайдель

Украиналық фристайлшы Александр Окипнюк Әлем кубоктарының кезеңдерінде әзірге жоғары жетістіктерімен көзге түскен жоқ (ең үздік көрсеткіші – 13-орын). Дегенмен салмағы 43 келіні құрайтын Саша төртжылдықтың ең жеңіл салмақты әрі ең жас спортшыларының бірі. Карпат тауынан келген өрен үшін Сочи Олимпиадасына қатысудың өзі үлкен жетістік.

Германиядағы орта мектептердің бірінің 9 сыныбында оқитын Анна Зайдель Олимпиада жолдамасын былтырғы Әлем кубогының кезеңінде еншілеген. Коломнадағы тартыста шорт-трекші 1500 метрлік көрсеткішті алтыншы болып бағындырды.

16 жасар австриялық тұғырдан секіруші Карья Хельцль жастар мен ересектер арасындағы әлем біріншіліктерінен еншілеген бес жүлденің иегері. Сондықтан басты додада да өз есесін ешкімге бермейтіндігін алға тартады. 

Ең жас спортшылар – Хирано мен Эрнст

Жапониялық сноубордшы Аюму Хирано есімі Сочи Олимпиадасының ең жас спортшысы ретінде тарихқа енді. Жылдың тек қараша айында 16 жасқа толатын Хирано қазірдің өзінде Күншығыс елінің үміт артар жұлдыздарының бірі: 2013 жылы Winter X Games XVI жарысында суперпайп сынында күміс жүлдеге қол жеткізді. Жас дарынның бұл жетістіктері туралы танымал Rolling Stone басылымы жазған болатын.

Тұғырдан секіруші неміс қызы Джанина Эрнст те төртжылдықтың ең жас спортшыларының қатарында. Ересектер қатарына өткен жылдың желтоқсанында ғана қосылған Эрнст Әлем кубогында жүлделі орыннан көрініп үлгерді. 

 

 

 

 

 

 

Ең жасы үлкен спортшылар – Сильвестри мен Хохенлохе

48 жастағы шаңғышы Анжелика Моррон ди Сильвестри қысқы Олимпиада ойындарында тұңғыш рет Доминика аралының атынан қатысты. Аталмыш елдің намысын Анжеликаның жары 46 жастағы Гари ди Сильвестри де қорғамақ. Бұл жұптың шаңғымен айналысып жүргеніне шамамен 15 жыл болған. Соған қарамастан FIS сайыстарында тек өткен маусымнан бастап бақ сынаған. Сочиде Анжелика 10 шақырымға «классикалық» стильмен жүгіреді.

Мексикалық спортшы Хубертус фон Хохенлохе 51 жасында Ванкувер Ойындарына екі қашықтық бойынша қатысып, доданы 46 және 78-орындармен аяқтаған. Өзінің 6-олимпиадасына келген мексикалықтың жасы қазір 55-те. Дегенмен абсолюттік рекорд орнату үшін оған 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында өнер көрсету қажет. Себебі швециялық керлингші Карл Август Кронлунд 58 жасында 1924 жылы Францияның Шоманиінде өткен қысқы Ойындарына қатысып, командалық есепте күміс жүлдеге ие болған.

 

 

 

 

 

 

 

Ең, ең... Бьорндален

22-қысқы Олимпиада ойындарында биатлоннан 10 шақырым қашықтықты алғаш болып бағындырған норвегиялық Уле-Айнар Бьорндален қысқы ойындардағы ең жасы үлкен чемпион атанды. Осылайша, 40 жастағы биатлоншы осымен 7-рет олимп шыңын бағындырып отыр. Бұл қашықтықта күміс жүлде Доминик Ландертингерге бұйырса, ал чехиялық Ярослав Соукуп қола жүлдеге иелік етті.

Ең кішкентай олимпиада алауы

Сочидегі олимпиадалық саябақта өңірлердің мәдени экспозициясы ашылған. Омбы облысынан келген шеберлердің арасынан шағын мүсіндер жасушы Анатолий Коненконың жұмысы ерекше көзге түседі. Ол көпшіліктің назарына ең кішкентай олимпиада алауын ұсынған. Ең қызығы, кішірейтілген олимп оты кәдімгідей жанады. Бүгінде биіктігі бар-жоғы 39,6 миллиметрді құрайтын бұл алау Ресейдің Рекордтар кітабына енгізіліпті.

         Ең қымбат Олимпиада

Сочи Олимпиадасын өткізу үшін жұмсалған қаржы көлемі 50 миллиард долларды құрап отыр. Бұл 2007 жылғы бастапқы жоспардан 12 миллиардқа көп. Ванкувердегі Олимпиада ойындарына 8 миллиард жұмсалғанын ескерсек, Ресейдің төртжылдықтың басты додасы үшін аянып қалмағанын аңғару қиын емес. Осылайша, ресейліктер жазғы Олимпиадаға 42 миллиард жұмсау арқылы рекорд орнатты деген Пекин бюджетінен де асып түсті.

         Ең ұзақ қашықтық

Олимпиадалық алау Сочиге жеткенге дейін ең ұзақ қашықтықты жүріп өтті. 65 мың шақырымға созылған жолда алау көліктің алуан түрлерімен тасымалданды. Олардың қатарында: автокөлік, ұшақ, поезд, бұғыға жегілген шана, тіпті ғарыш кемесі де бар. 2900 елдімекенді аралаған олимп отын 14 мың адам алып жүрген.

         Ең жылы шаһар

Сочи қатпарланған тарих беттерінде қысқы Олимпиаданы қабылдаған ең жылы қалалардың бірі ретінде жазылмақ. Субтропикалық белдеуде орналасқан бұл шаһарда қыстыгүндері ауа температурасы кейде 12 градусқа дейін жоғарылайды. 

Ұқсас материалдар