Қандастар Ассамблея

Теректі әулие

18.02.2014 6233
Сарыарқаның жазира дала­сының тұла бойы тұнған тарих,  қат-қат шежіре, жерінің қойнауы – көне жәдігерлер көрмесі.  Ар­қаның төсінде орналасқан Теректі өңірі де көне дәуірдің куәсі іспетті.  Олай деуімізге  «Теректі әулие» деп аталатын тас төбешіктер көне заманның құпиясын өз қойнауына жасырып жатқандай. 

Сарыарқаның жазира дала­сының тұла бойы тұнған тарих,  қат-қат шежіре, жерінің қойнауы – көне жәдігерлер көрмесі.  Ар­қаның төсінде орналасқан Теректі өңірі де көне дәуірдің куәсі іспетті.  Олай деуімізге  «Теректі әулие» деп аталатын тас төбешіктер көне заманның құпиясын өз қойнауына жасырып жатқандай. 

Жезқазған - Қарағанды тасжолы бойындағы Теректі елді мекенінен он шақты шақырымдай жердегі  «Теректі әулие» деп аталатын жерде тас бе­тіндегі суреттер мол.  Кейбір әдебиетте еске алынып кеткені болмаса, бұл суреттер толық зерт­телмеген. Бұл жартастардағы су­реттер, яғни петроглифтер – тас немесе металл құралдармен қа­шалған. Тас бетіндегі қашалған суреттерде көбіне жылқының бей­несі салынған. Адамның бейнесі сирек кездеседі. Хорезмның ХІ ғ. ғалымы ӘбуРайхан әл-Би­руни қимақ еліндегі жергілікті тұр­ғындар сыйынатын жұмбақ су­реттер туралы: «Оғыз елінің бір жерінде су көзі – құдық бар, жанында қол, аяқ табанының ізі жатыр» деп жазады. 

    «Теректі әулие» аталатын ме­кен қызыл қоңыр тас аласа ғана 5-6 төбешік. Осы төбенің беті толған сурет. Суреттер тас бетіне қашалып салынған. Кейбір ойыл­ған суреттің тегістеліп өң­дел­гені соншалық, тас беті ай­надай жалтылдайды. Иә, қай су­рет болмасын тас бетінен үн қатып тұр. Бұл танбалардың жұм­бағын тап басып, дәл шешіп беру қиын. Дегенмен, олар бағзы заманғы адамдардың тіршілік тынысынан, білім дәрежесінен ха­бар беретіндей болжам жасауға жетелейді. Сол тастардың ара­сын­да бір ерекше сурет бар. Жұм­сақ жерге немесе сазға түс­кендей адамның маңдайы мен мұр­нының, екі алақанының, ті­зе­лері мен табандарының ізі қал­ған-тасқа ойылып салынған. Құбылаға бағытталған осы із жөнінде Теректі әулиенің мінә­жат еткен орны деген аңыз бар. Төбенің оңтүстік жақ көлбеу бет­кейінде жоғарыдан төмен қа­рай бағытталған жолақ таң­ба алыстан ағарып көрінеді. Ма­ңындағы ел мұны «Әулие сыр­ғанағы» деп атайды. Неге олай атал­ғанын болжау қиын. Назар аударарлығы сол, «сырғанақтың» беті таңбалы суреттерге толы. Соның ішінде шарпысып тұрған қосақтаулы екі жылқынын бей­несі басқаларына қарағанда ай­қын. Бұл «ақ боз ат, көк боз ат» аңызын еске түсіреді. Қолдан салынған ақтандақ жолақтың өзі «құс жолының» суреті емес пе екен? Олай болса мұндағы бейнелер аспан шырақтарының тәсімі (схемасы, картасы) бо­лып шығады ғой. Енді бір тас­та таутекелер шоғырланған. Олар­дың орналасуында белгілі бір жүйе бар. Шиыршық «спираль» бойымен тізбектелген, таутекелердің саны он екі. Өкінішке орай шеткі суреттердегі таутекелердің мүйіздері ғана көрінеді. Өйткені тастың жиегі табиғат сынына төтеп бере алмай, мүжіле бастаған. Таутекелер шоғыры бейне бір жұлдыздар керуені іспетті. «Керуеннің» соңынан өрлеген жыл­қыны жетектеп келе жатқан кісінің бейнесі бар. Ал жылқынын артынан тағы екі адамның әлпеті салынған. Қолдарын сермеп өрелі атты асықтыра айдап келе жатқандай. Он екі таутекенің кескіні он екі мүшел есебін, не он екі айдың мөлшерін көрсетеді-ау деп жорамалдауға болады. Таутекелердің мүйіздері ай тәрізді болғанымен бір-біріне мүлде ұқсамайды һәм тарапқа бағытталған. Қалай дегенмен де тасқа ойып салынған бұл суреттер ерікеннің ермегі емес, талай жыл төгілген тер, тынымсыз, еңбектің нәтижесінде пай­да болған белгілі бір ойды білдіретін жазу екендігіне еш күмән болмаса ке­рек. Бабаларымыз не айтқысы келді екен? Жүре келе бір нүктеге айналуды яки әлемнің шексіздігін – рухани күш­тің бірлігін білдіре ме? Болмыстың бір түрінен екінші бір түріне ауысуды айта ма? Толған сұрақ.

    Таудың қай тұсына қарасаң да са­лынған таңба. Оларда шаңырақ мү­йіз өгіз де, алдыңғы қос аяғын ба­уырына ала ышқына секірген ат та, қос­аяқталған түйе де баршылық. Ұмсына біткен жартастың жиегіндегі күннің батысына қарай аяғын нық баса өткен адамның ізі кілт үзілген, алды құлама жар. Өкшесіз жайпақ табанды мәсінің ізіне қарап, аяқ ұшының сыртқа қа­рай алшая түсуінен бұл іздің егде адамдікі екенін пайымдауға болады. Сондай ыждаһаттылықпен адам ізін тасқа қашап салу не үшін керек болды екен? Үнділіктердің «Дипавали» деп аталатын мерекесі кезінде Лакшми атты бақыт құдайына тағзым ету дәстүрі бар. Бұл дәстүрде үйдің кіре берісінде салынған екі табанның суреті болады. Жалаңаяқ адамның қатарласқан екі табанының суретін Махалакшми деп атайды және ол үйдің ішіне қарай бағытталып салынады. Сенім бойынша осы іздер арқылы үйге бақыт келеді деп есептеледі. Мүмкін осы дәстүрмен желісі бір яки сарындас па, жайлы қоныс болар алқапқа қарай бағытталған іздер тегін емес.

Ел аузындағы әңгімеде бұл іздерді Теректі әулиенің ізі, ал сол маңдағы жылқы тұяғының іздерін әулиенің тұлпарының ізі деп атайды. Теректі әулиедегі адам іздерін Қызыр бабаның ізі деп пайымдасақ та артық айтқандық болмас. Тағы бір ұзындығы екі құлаштай жалпақ тастағы жануарлар суретінің арасындағы өгіздің әлпетіне таң-тамаша боласыз. Себебі, Франциядағы Фон-де Гом, Ласко үңгірлеріндегі суреттерге ол өте ұқсас. Толқынданған мүйізі алға қарай ұмсына біткен өгіз басқаларға қарағанда ерекше көзге түседі. Өте әсерлі пішін. Барынша дәл бейнеленген жануардың суретіне қарап салған адамның ырғақ пен тынысты сезінуіне әсерленбеу мүм­кін емес. Төбенің етегінен қара­ғанда 60-70 метр шамасындай биіктегі жартасқа салынған түйенің сұрғылт бейнесі де айқын көрінеді. Ширыға ша­бынып тұрған бураны айна-қате­сіз танисыз. Пішіні тек әркендік (эс­те­тикалық) көркемдік сипатымен ға­на емес, мазмұнымен де толымды. Көп­шілік суреттің мөлшері 20-40 см. шамасында. Аракідік көлемді суреттер де ұшырасады. Таң қаларлық нәрсе, кейбір суреттер күннің үш мезгілінде (таңертең, түсте және кешке) үш түр­лі құбылып көрінеді. Күннің түсу бұрышына байланысты айқындығы да әр түрлі. Тас бетіне белгі-бедер түсіру үшін арнайы құрал қажет. Бұл құралдың қаттылығы өңделетін тастікінен жо­ғары болуы керек. Суреттер белгілі бір ойды жеткізетін жазулар екендігі белгілі. Ендеше суреттер текке салын­баған. Тас бетіндегі бейнелер тағы бір ойға жетелейді. Суретті салған кім? Мақсаты не? Не айтпақ болды? Бұл сұрақтарға тікелей тұжырымды жауап беру қиын. Дегенмен, тас бетіндегі белгі, бедер бар жерде кеннің болуы тегін емес. Яғни, суреттер мен кеніштің арасында байланыс бар. Ал кен алған орындардың кездесуі сол кенді өндіретін адамдардың кәсібі болғанына дәлел.
Суреттер астрономиялық белгілер ғана емес, сол маңдағы кен қабаттарының орналасуын, мөлшерін немесе кейбір асыл тастардың таралуын, олардың сол маңдағы қорының қанша екендігін көрсетуі де мүмкін ғой. Тас төбелердің маңындағы қорымдардағы зираттарда сәулет өнерінің бірегей туындылары. Амал не, уақыт аяусыз мүжіп көпшілігінің ұсқыны кетіп-ақ тұр. Тиянақты зерттеу жұмысы жүргізілсе бұл ескерткіштердің ғылымға қосар үлесі мол. Суретті төбеден теріскейге қарай жер астынан бұрқылдай шығып, жарыса ағып жатқан суы мол үш қасқа бұлақтың маңынан табылған тас жебелер, найза ұштары, қыш ыдыстардың сынықтары бұл жердің елді мекен болғандығына куә. 
Тағы бір рәсім жасалатын жар­тастағы киелі соқпақ болып табылады. Аңыз бойынша соқпақпен жүріп өткен әрбір кезең рухани тазартып, әулиелердің аруақтарына жақындатады екен. Ең биік төбедегі адам табанының ізі бір кездерді осы маңда өмір сүрген, ис­лам насихаттаушысынікі болып та­былады. Ал табан ізінің Мекке жаққа қарауы әрбір мұсылманға ислам дінінің ең негізгі міндетінің бірі Меккеге қажылыққа бару екенін есіне салады деседі.

    Бұл жер бүгінде мінәжат ету орны. Мұнда экстрасенстер, халық емшілері, астрономдар, ауырған адамдар, ғалым­дар және қызықтап көрушілер келіп жатады. Көбісі бұл жерлерде күшті та­биғи энергетика барын айтады. Мұн­да күн энергиясының ағыны күш­ті, әсіресе суы емді, ол түрлі тау жы­ныстарына кварц және шақпақ тас­тардан өтіп келіп, адамды көптеген ау­рудан жазады. 

Санамызда сан сұрақты тудырған осы төбешіктің шығыс жұрты той­лайтын Наурыз мерекесіне және діни аңыздарға да қатысы жоқ емес. Діни аңыздарда Заратуштра аталатын пай­ғамбар бар екені айтылады. Орта Азия жұрты оны Зәрдеш-Жарас немесе Зәр­деш деп атайды. Оны Наурыз күні елді аралайтын Қызыр (Қыдыр) атаға балайды. Наурызға қатысты деректерде айтылып, жазылып жүрген мақала, ғылыми енбектерде қолданып жүрген Зәрдеш – Зор атаның мәні мен оны Қызыр бабаға теңеуіміздің астарына сәл үңілсек: Наурыз-парсыша «Жаңа күн». Бірақ, ол парсы елінің ежелгі сал­ты еместігін ғылым мойындайды. Бағзы заманнан жалғасқан «Әулие» атауына кім лайық?» деумен қатар намаз оқыған сәтінде «тас балқыды» деген мәселені де қарастырайық.
Осы екі жайт әшейін айта салған сөз бе, әлде әлденені меңзей ме? Мұн­да мынадай қисын бар сияқты: Әулие сөзі Ұлытау-Ертарғы мен Кертарғы заманнан бері бізге жеткен деректер ішінде Жарас-Зараштуыштра атанған дала пайғамбарына лайық тәрізді. Себебі: ол шын мәнінде әулиеге лайық, әрі Алланың нұрын көріп, періштелермен сұхбаттасқан деседі. Ал «әулие» сөзі арабша сөздікте-Уәли, ал көпше «әулие» деп анықтама береді. Алланың жүзін көрген, соңына мол ғылыми еңбек қалдырған Зәрдеш-Жарасқа осы әулиелікті қимауға бола ма? Енді аңызға сәйкес «Теректі Әулие» намаз оқыған кез қай дәуірге, қай мезгілге, қандай оқиғаға сәйкес келуі мүмкін дегенге келсек, ол -жаңа жыл басы, жер бусанып, тіршілік иелері ояна бастаған Наурыз-Ұлыстың Ұлы күніне дәл келеді екен. Нақ сол күні Аллаға мінәжат еткенде періштелермен бірге Қызыр бабаның да назары ауып, Ертарғы мен Кертарғы маңындағы киелі төбеге ықыласы түсіп, нақ сол сәттен бастап бабамыздың басына пайғамбарлық қонған деседі. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і күні даланы Қызыр аралайды. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен күн нұрының символы- Қызыр ата даланы кезіп жүріп назары жерге түссе «тасты ерітіп жібереді». Осындағы «Күн нұрының сим­волы-Қызыр ата»-деудің өзі со­нау қола дәуіріне, күнге та­бынған кезді меңзейді емес пе екен? Демек, Зәреш- Жарас тәу еткен киелі орын Теректі Әу­лие болуы қисынға келеді-ақ. Қа­сиетті Құранда өлмей қалған төрт пайғамбардың қатарында Қы­дыр (Қызыр) пайғамбардың есімі де аталады. Аңыз бойынша Қыдыр ата несібе, байлық та­ратушы болып саналады. Олай болса аңыздардағы Қыдыр ата атауын Теректі Әулиемен бай­ланыстырудың қисыны бар се­кілді. 

   Тылсымға толы Теректі Әулие кешенінің күңгірт аспаны бір сырды бүгіп жатқандай. Еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер күн­нен күнге толастаған емес. Та­рихи құндылығы зор, көздің жауын алар жауһарлар әлі талай ұрпаққа бабалар аманатын алып барары анық. Көнеден жеткен мұра – суретті тас бетінің жақпар – жақпар құшағы бір-бір дастан. Құпиясын уақыт құлыптаған, ға­сырдың теңбіл тәжіне айналған бұл жартастар ұлы даланың Эр­митажы секілді.

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС