Қандастар Ассамблея

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАРДАҒЫ – ТАТЬЯНА

18.02.2014 2830
Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы театрдың сахнасында тағы дайындық. Әртістерше айтқанда, репетиция. Рольдерде ойнайтын әртістердің өз кейіпкерлерінің образын көрерменге жеткізуіне басшылық жасап жүрген режиссердің әр қимылын қалт жібермей қарап тұрмын. Сыртынан репетицияны біреу қарап тұр демей, керсінше зал толы көрермен бар деп сезінген режиссеріміз жанын сала кірісіп жүр. «Қанекей, бәріміз бір қайталап жіберейік» - деп репетицияны тағы да бір пысықтағанды жөн көрген режиссеріміздің бойынан сахнаға деген құлшыныс, көрерменге деген ыстық ықылас ерекше сезіліп-ақ тұр.

Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы театрдың сахнасында тағы дайындық. Әртістерше айтқанда, репетиция. Рольдерде ойнайтын әртістердің өз кейіпкерлерінің образын көрерменге жеткізуіне басшылық жасап жүрген режиссердің әр қимылын қалт жібермей қарап тұрмын. Сыртынан репетицияны біреу қарап тұр демей, керсінше зал толы көрермен бар деп сезінген режиссеріміз жанын сала кірісіп жүр. «Қанекей, бәріміз бір қайталап жіберейік» - деп репетицияны тағы да бір пысықтағанды жөн көрген режиссеріміздің бойынан сахнаға деген құлшыныс, көрерменге деген ыстық ықылас ерекше сезіліп-ақ тұр.

Бұл Е.Домбаевтың «Ғашықтық туралы баллада» атты спектакліне кезекті дайындықтың бір көрінісі. Спектакльдің бар суретін сахнаға алып шығуға жанын салып жүрген талантты актриса, режиссер – Татьяна Рақышева. Таныстырудың қажеті жоқ, керсінше талантына бас ұруды қажет етеді. Әртістердің әдемі әлеміне, оның ішінде Татьянаның талантына халық ұзағынан қол соғады. Себебі, ол халқына ұзаққа созылар рухани серпіліс сыйлайды. Осынысымен көреременінің жүрегінде есімі де ұзақ сақталады. Мыңдаған көрерменнің жүрегінен, өнер құдіретінің арқасында орын алу неткен бақыт десеңізші! Біразға дейін ойдан шығармай, кейіннен Таня апай деп есімін жүрекке қондырып аласың. Жезқазғандықтардың жадына оның есімі Таня апай болып бекіді. Жай ғана сылбыр сөзбен емес, кеудені шаттыққа толтырып, зор мақтанышпен, кейіпкеріне деген махаббатқа толы ерекше ықыласпен атайды. Мұның барлығы оның өз өнеріне деген ыстық ықыласының жемісі.

М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясындағы Теңге рөлінен өнердің құдіретті жолын бастаған Татьяна Рақышева сахнаға кездейсоқ келген жоқ. Бала күнінен еліктеп, армандап, алдына мақсат қойып осы абыройдың биігіне жетті. Алматының Бақанас өңірінде дүниеге келген оның арманына алғашқыда тағдырдың өзі тосқауыл болды. Жұлдыз болуға талпынып, көктегі жұлдыздарыдың арасынан өз жұлдызын сайлап қойған бала қиялына анасының өмірден ерте озуы қатты әсер етті. Сегізжылдықты бітіріп, медициналық училищеге баруына тура келді. Отбасының жағдайы әзірге осыған ғана жететін еді. Бала болса да тағдырдың салғанын уақытша дүние деп біліп, училищені бітіріп шықты. Фельдшерлікті бітірген жас маман болып, ауылға оралды. Адам жанының арашасы бола жүріп, бала күнгі арманынын бір сәт естен шығармады. Себебі, бала күнгі арманы енді жүректің қалауына айналып үлгерген еді. Үйге жаздырып алатын «Советский экран», «Искусство и кино» журналдарына қарап, ұзақ телміретіні де осыдан болатын. Осындай қиялдың жетегінде жүрген ол бірде газет бетін ақтарып отырып, хабарландыруға көзі түсті. «Оқуға шақырамыз»  деген хабарландыру. Актриса болуды қиялдаған жас қыз үшін, бұл армандарға шақырған хабарландыру болатын. Мәскеудің М.С Щепкин атындағы Жоғары театр училищесіне шақырған бұл хабарландыруға қайсар қыз үмітпен қарады. Елдің батасын алып, ертесіне Алматыға аттанып кетті.

Бұл жерде Мәскеуге оқуға баратын жастарды сынақтан өткізіп жатқан болатын. Республика бойынша 17 болашақ театр майталмандары іріктеліп алынды. Ішінде еншісін келер күннен күтіп жатқан өнер жұлдызы  - Татьяна Рақышева бар. Бір қызығы, таңдап алынған қазақстандық 17 үміткердің болашақ тағдырлары бір арнаға тоғысқанымен қоймай, бір қалада, бір театрда, бір сахнада, бір спектальде мәңгі тоғысатынын әлі ешкім сезбеген еді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген он жеті қаракөз Мәскеудің училищесін тәмамдап, іргесі сөгілместен бір ұжымға келіп табан тіреді. Осылай болуына себепші сол кездегі Торғай облысының идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей ықпалы еді. Он жеті түлекті Арқалықта 1972 жылы жаңадан ашылған театрға әкеліп орналастырды. Дәл осы жылы он жеті түлек Арқалық театрының шымылдығын М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясымен ашты. Театрдың тұңғыш режиссері Жамбылбек Есенбековтың басшылығымен қойылған бұл спектакльде Татьяна Рақышеваға – Теңгенің ролі тиді. Бойынан қазақ қызына тән инабаттылық пен ақылдылығы бар, ерке болса да есті арудың рөлін сомдау әрине оңай болған жоқ. Татьяна үшін бұл роль халық алдындағы тұңғыш сынақ еді. М.Н Гладков, В.К Смирнов, Р.В Колесова секілді өнер майталмандарынан дәріс алған Татьяна бұл рөлді сәтті алып шықты. Міне, содан бері тура қырық жыл өтсе де Татьяна өнерде де, өмірде де Теңгенің ролін сомдап, жолынан таймай келеді. Сахнаның киесін де ұғындырған осы Теңге ролі болатын.

Қазақ драматургиясының асқарына шыққан «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» - Баян, «Қарагөзде»- Қаракөз, «Қыз Жібекте» - Батсайы бейнесін шебер орындап, өнерсүйер қауымының жүрегіне ұялай білді. Бәрі де осылай басталып, заманның талабымен театр Арқалықтан Жезқазғанға 1988 жылы қоныс аударғанда Татьяна да театр ұжымымен, дәлірек айтқанда өнердің киесі мен құдіретіне ілесіп Жезқазғанға келді. Біртуар талант иесін Жезқазған жатырқаған жоқ. Керсінше, оған осы жерде бірнеше бейнелерді халық алдына шығартып, Ұлытау ұландарының қошеметіне бөледі. Еңбегін бағалап, «Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі» атағын берді. Кеудесіне жұлдызын жарқыратып, «Құрмет белгісі» орденін тақты. Бұл атақтарға дейінгі аралықтағы көрген құрметін қағаз бетіне тізіп шығу мүмкін емес. Бәрі де өзінің өлшеусіз еңбегі, дара дарыны, қайталанбас талантының жемісі. Ең бастысы оған халық ұзағынан қол соғады. Дуылдата соққан шапалақтар оны армандарының асқарына жетелей түскендей. Өнер адамына  керегі осы, күткені осы, аңсағаны, армандағаны да осы ғой. Бәрі де өзі күткендей болды. Оның «Өмір сүргім келеді» атты қойылымы осы армандарынан туғандай. Қойылымның тақырыбы пендешіліктен емес, өнерге деген періште пәктіктен туғаны сөзсіз. Сахнада жетпістен астам рөлді көрермен алдына алып шыққан Татьяна Рақышеваның өнерге деген іңкәр жүрегінен біз, өнеріммен бірге өмір сүре бергім келеді дегенді ұққандай болдық.  Жүректің лүпілімен келіспеске амал жоқ, оның өнері мәңгі жасайтыны анық.

Театрда тағы да репетиция. Қызу дайындық жүріп жатыр. Театр ұжымы «Ғашықтық туралы балладаны» көрерменіне ұсынып, тағы да бір мәрте қошеметке ие болмақшы. Иә, қошеметке ие болмақшы. Сәтті шыққан қойылымға халық дуылдата қол соғып, өнер иесінің талмас қанатына сарқылмас күш сыйлайды. Себебі, бұл қойылымның режиссері дарынды актриса Татьяна Рақышева!

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

 

Ұқсас материалдар