Қандастар Ассамблея

СУРЕТПЕН ШЕЖІРЕ ЖАЗҒАН

06.12.2013 3155
Жезқазған-Ұлытау жұртын былай қойып, әрісі Сыр елі мен берісіндегі Қызылжар аралығындағы даланы кішкене ғана қара сөмкесімен аралап жүріп суретке түсіретін «фотограф Ағаны» ешкім ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, бүгінгі күні жасы отыздан асып, қырықтың қырқасына шыққан аға-апаларымыз. Қара сөмкелі ағай ауылға кіре бергенде алдынан жүгіріп шықпай қоймайтын бала болмаушы еді. Бәрінің де жапа тармағай таласып, алдыңғы қатарға бірінші жетуге асығатын себебі - суретке түсіп қалу. Фотограф ағай балалардың көңілін қалдырмай суретке де түсіріп алып, келесі келгенінде шығарып беруге уәде етуші еді. Ал, қара домалақтар болса, фотограф ағайды апталап, айлап күтулеріне тура келеді. Келесі келгенінде сол суретті балаларға үлестіріп жататын. «Киев», «Зенит» секілді фотоаппараттардан шыққан суреттер бүгінде сарғыш тартып альбомдарымызда тұр. Көркі кетсе де, көңілден кетпеген қайталанбас осы сәттер есіңізде ме?! Әрине есіңізде. Бірақ фотограф ағаны анда-санда есімізге алып қоятынымыз болмаса, ұмыта бастаған секілдіміз. Бала кезіміздегідей оны күте қоймаймыз. Бұрындары ауданға бір фотоаппарат болса, қазір бас-басымызда фотоаппаратымыз бар. Оның үстіне есейіп те кеттік. Сол балалық шағымыздың қайталанбас сәттерін нысанаға алған кім еді? Өзі ауылға да келмей кетті. Бізді суретке түсіріп алып, ауыл ақсақалдарымен әңгіме дүкен құрып отыратын қара сөмкелі ағаны тек осылайша ғана елестетуге болады. «Орталық Қазақстан» газеті оқырмандарының да есінде болар, газет бетіндегі суреттің соңында «Суретті түсірген Бекет Түбеков» деген қолтаңба. Уақыт зымырап өтіп, сол қолтаңба баға жетпес байлыққа, өміріміздің естелігіне айналарын кім білген. Сол суреттерді түсірген Бекет Ахметұлы Түбеков 1936 жылы 1 сәуірде Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы «Казгородок» селосында дүниеге келді. Әкесі Ахмет – ұста, шешесі Шамсия – тігінші болған ел ішіндегі қарапайым жандар еді. Бекет он екі жасқа келгенде анасы өмірден озды. Анасы қайтыс болған соң 1948 жылы Атбасар қаласындағы пансионатқа орналасып, сонда онжылдықты бітіріп шығады. Замандастары секілді арман қуып, жоғары білім алуға Қарағанды Педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне оқуға түсті. Оқуды сәтті аяқтаған Бекетті жолдамамен Жезқазғанға жібереді. Весовой, Жезқазған кенті елді мекендерінде еңбек жолын бастаған  жас маман, 1960-61  жылдары Жезқазғандағы №8 және №3 мектептерде физика пәнінен ұстаздық етсе, 1964-1967 жылдары №4 мектепте, Жезқазған медучилищесінде еңбек етті. 1967 жылдан 2002 жылға дейін Жезқазған құрылыс техникумында (қазіргі политехникалық колледж) физика, математика, жалпы электротехника пәндері бойынша оқытушы болып, саналы ұрпақ, сапалы маман тәрбиеледі. Шәкіртінің жүрегінде ұстаз, кейіпкерінің көз алдында «қара сөмкелі фотограф» болып есінде қалған Бекет Ахметұлы ұстаздықпен қатар журналист, фототілші болып еңбек етті.  Бәрі оның студент кезінде басталған еді. Институт қабырғасында оқып жүргенде Колобов деген инженер жетекшілік ететін кино-фото үйірмесінде арнаулы курстан өтіп, мектепте фотоүйірмеге жетекшілік етуге болады деген куәлік алып шығады. Куәлігі кәдеге жарап, қызмет атқарған мектептерінде фотоәуесқой жастармен үйірме жұмысын жүргізіп, жастарды фотосурет әлемінің қыр-сырын танып білуге баулыды. Оның үстіне, белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров пен құрдасы, журналист Шартай Сүлейменов Бекет ағаға фотосуретпен шұғылдануға алғашқы ақыл қосқан, қамқоршы болған жандар еді. Иығына қара сөмкедегі фотоаппаратты асып алған  батыр тұлғалы азамат Бекет Ахметұлының фотолабораториясынан шыққан сан сурет облыстық, аудандық, республикалық газет-журналдарда, телехабарларда дереккөзі болып жататын. Негізгі мамандығы ұстаздық болса да, оны былайғы жұрт танымал фототілші ретінде кеңінен білді. Ғұмыр бойы жинаған фотосуреттеріне үңіліп, құндылығына зер салу үшін тағы бір ғұмыр керек шығар, сірә?! Фотоаппаратына өлке тарихынан сыр шертетін 100 мыңнан астам суретті нысанаға алып, естелік қалдыра білді. Суреттерінің арасында қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер шеберлері (Д.Қонаев, Е.Бөкетов, Ө.Байқоңыров, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, М.Қаратаев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Қ.Бекхожин, С.Сматаев, М.Сәрсекеев, М.Айтқожина, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова), кенші, металлургтер, алғашқы құрылысшылар және басқа да кәсіп иелері майталман суретшінің басты кейіпкерлері болды. Б.Түбековтің обьективі қаламызға келген атақты тұлғаларды, қазақтардың 1-ші Дүниежүзілік құрылтайына қатысушыларды, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жұмыс сапарын, ғарышкерлерді қарсы алу сәттерін және т.б. үлкенді-кішілі оқиғаларды бейнеледі. Суретке түсіріп ғана қоймай, фотоальбомдар жасап, ел кәдесіне жаратты. Таңқаларлығы, сол альбомдардың барлығын Бекет аға өзінің жеке қаражаты есебінен шығартқан екен. Өз ісіне берілгендік, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі осындай-ақ болар. Суретке түсіріп қана қоймай, шәкірттер тәрбиелеуді қолға алып, аймақта фотосуретшілер мектебін қалыптастырды. Жүз мыңнан астам кейіпкерлерін «Зенит», «Сокол», «ФЭД-5», «Чайка», «Вилия», Любитель-165», Москва-2», «Агат-18» және «Polaroid» фотоаппараттарымен нысанаға алған еді. Бүгінде бұл фотоаппараттар мен шежіреге тұнған суреттер Жезқазған тарихи мұражайының қорына ресми түрде салтанатпен қабылданып, Бекет ағаның замандастары және балаларының қатысуымен айтулы іс-шара өтті. Іс-шара барысында замандастары өздерінің жастық дәурендерінің бейнесін  мәңгілікке естелік етіп сыйлаған жанның есімін сағынышпен еске алды. Жары Зәуреш Рамазанқызы екеуі Ғабиден, Нүриден, Ләззат, Жанат, Бағдат есімді ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі, 9 немере сүйді. 2007 жылы бақилық болған жанның  адам ретіндегі ғұмыр жолы, азамат ретіндегі болмысы оның кейіпкерлерінің есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Балалары әке аманатын орындап, «Суретті түсірген Бекет Түбеков» атты кітапты жарыққа шығарды. Кітапты құрастырушы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын Ғ.Ештанаев: «Саналы ғұмырында еліміздің шежіресін өзінің фотоаппаратына нысанаға алып, артына суретпен мол шежіре қалдырған Бекет Түбековтың еңбегі қашанда ел тарихы үшін асыл мұра. Бекет Түбеков тек ғана фотосуретші ғана емес, өзі нысанаға алған сурет кейіпкерінің де ғұмырын қағаз бетіне түсіріп, өшпес мұра, тартымды естеліктер қалдыра білді. Ел ауызынан жинақтаған әңгімелері, өнегелі өмір иелерімен сұқбаттары, өрілген өлеңдері мен танымдық мақалалары қашанда болмасын өз кейіпкерлерінің бейнесін аша түседі», - деп ағынан жарылды. Мұражай директоры, ҚР және РФ Жазушылар Одағының мүшесі З.Чумакова: «Бекет Түбеков жақсы жайсаңдармен араласып, үзеңгілес бола біліп, досқа қадірімен сыйлы, еңбегімен елеулі бола білген айнымас дос, аңызға айналған замандас ретінде өзінің лайықты бейнесін жасай білген жан. Ол жақсылардың шарапатын көріп, сонымен сусындап, бойына мол рухани абзал қасиетті жинай білді. Мұның бәрі оның айналасындағы ізгі ниетті жандардың әсері еді. Оның қала тарихын жасаудағы қосқан зор үлесі Жезқазған қаласының ең басты тарихи құндылығы болып қала бермек. Қайталанбас сәттерді суретке түсіріп, қаламыздың фотошежіресін жасаған тұңғыш фотосуретші екенін атап өткім келеді», - деп лайықты бағасын берді.  Суреттерді сөйлеткен атақты тұлғаның өмір тарихы – Жезқазған өңірінің ғана емес, еліміздің тарихы. Өзі нысанаға алған жүз мыңнан астам фотосуреттері  Қазақстанның баға жетпес алтын қоры. Өмірінің соңына дейін «қара сөмке» асынған фотосуретші бүгінде кейіпкерлерінің есінде «суретпен шежіре жазған жан» болып мәңгі қала бермек.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС  

Жезқазған-Ұлытау жұртын былай қойып, әрісі Сыр елі мен берісіндегі Қызылжар аралығындағы даланы кішкене ғана қара сөмкесімен аралап жүріп суретке түсіретін «фотограф Ағаны» ешкім ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, бүгінгі күні жасы отыздан асып, қырықтың қырқасына шыққан аға-апаларымыз. Қара сөмкелі ағай ауылға кіре бергенде алдынан жүгіріп шықпай қоймайтын бала болмаушы еді. Бәрінің де жапа тармағай таласып, алдыңғы қатарға бірінші жетуге асығатын себебі - суретке түсіп қалу. Фотограф ағай балалардың көңілін қалдырмай суретке де түсіріп алып, келесі келгенінде шығарып беруге уәде етуші еді. Ал, қара домалақтар болса, фотограф ағайды апталап, айлап күтулеріне тура келеді. Келесі келгенінде сол суретті балаларға үлестіріп жататын. «Киев», «Зенит» секілді фотоаппараттардан шыққан суреттер бүгінде сарғыш тартып альбомдарымызда тұр. Көркі кетсе де, көңілден кетпеген қайталанбас осы сәттер есіңізде ме?! Әрине есіңізде. Бірақ фотограф ағаны анда-санда есімізге алып қоятынымыз болмаса, ұмыта бастаған секілдіміз. Бала кезіміздегідей оны күте қоймаймыз. Бұрындары ауданға бір фотоаппарат болса, қазір бас-басымызда фотоаппаратымыз бар. Оның үстіне есейіп те кеттік. Сол балалық шағымыздың қайталанбас сәттерін нысанаға алған кім еді? Өзі ауылға да келмей кетті. Бізді суретке түсіріп алып, ауыл ақсақалдарымен әңгіме дүкен құрып отыратын қара сөмкелі ағаны тек осылайша ғана елестетуге болады. «Орталық Қазақстан» газеті оқырмандарының да есінде болар, газет бетіндегі суреттің соңында «Суретті түсірген Бекет Түбеков» деген қолтаңба. Уақыт зымырап өтіп, сол қолтаңба баға жетпес байлыққа, өміріміздің естелігіне айналарын кім білген.

Сол суреттерді түсірген Бекет Ахметұлы Түбеков 1936 жылы 1 сәуірде Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы «Казгородок» селосында дүниеге келді. Әкесі Ахмет – ұста, шешесі Шамсия – тігінші болған ел ішіндегі қарапайым жандар еді. Бекет он екі жасқа келгенде анасы өмірден озды. Анасы қайтыс болған соң 1948 жылы Атбасар қаласындағы пансионатқа орналасып, сонда онжылдықты бітіріп шығады. Замандастары секілді арман қуып, жоғары білім алуға Қарағанды Педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне оқуға түсті. Оқуды сәтті аяқтаған Бекетті жолдамамен Жезқазғанға жібереді. Весовой, Жезқазған кенті елді мекендерінде еңбек жолын бастаған  жас маман, 1960-61  жылдары Жезқазғандағы №8 және №3 мектептерде физика пәнінен ұстаздық етсе, 1964-1967 жылдары №4 мектепте, Жезқазған медучилищесінде еңбек етті. 1967 жылдан 2002 жылға дейін Жезқазған құрылыс техникумында (қазіргі политехникалық колледж) физика, математика, жалпы электротехника пәндері бойынша оқытушы болып, саналы ұрпақ, сапалы маман тәрбиеледі. Шәкіртінің жүрегінде ұстаз, кейіпкерінің көз алдында «қара сөмкелі фотограф» болып есінде қалған Бекет Ахметұлы ұстаздықпен қатар журналист, фототілші болып еңбек етті.

 Бәрі оның студент кезінде басталған еді. Институт қабырғасында оқып жүргенде Колобов деген инженер жетекшілік ететін кино-фото үйірмесінде арнаулы курстан өтіп, мектепте фотоүйірмеге жетекшілік етуге болады деген куәлік алып шығады. Куәлігі кәдеге жарап, қызмет атқарған мектептерінде фотоәуесқой жастармен үйірме жұмысын жүргізіп, жастарды фотосурет әлемінің қыр-сырын танып білуге баулыды.

Оның үстіне, белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров пен құрдасы, журналист Шартай Сүлейменов Бекет ағаға фотосуретпен шұғылдануға алғашқы ақыл қосқан, қамқоршы болған жандар еді. Иығына қара сөмкедегі фотоаппаратты асып алған  батыр тұлғалы азамат Бекет Ахметұлының фотолабораториясынан шыққан сан сурет облыстық, аудандық, республикалық газет-журналдарда, телехабарларда дереккөзі болып жататын. Негізгі мамандығы ұстаздық болса да, оны былайғы жұрт танымал фототілші ретінде кеңінен білді. Ғұмыр бойы жинаған фотосуреттеріне үңіліп, құндылығына зер салу үшін тағы бір ғұмыр керек шығар, сірә?! Фотоаппаратына өлке тарихынан сыр шертетін 100 мыңнан астам суретті нысанаға алып, естелік қалдыра білді. Суреттерінің арасында қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер шеберлері (Д.Қонаев, Е.Бөкетов, Ө.Байқоңыров, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, М.Қаратаев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Қ.Бекхожин, С.Сматаев, М.Сәрсекеев, М.Айтқожина, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова), кенші, металлургтер, алғашқы құрылысшылар және басқа да кәсіп иелері майталман суретшінің басты кейіпкерлері болды. Б.Түбековтің обьективі қаламызға келген атақты тұлғаларды, қазақтардың 1-ші Дүниежүзілік құрылтайына қатысушыларды, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жұмыс сапарын, ғарышкерлерді қарсы алу сәттерін және т.б. үлкенді-кішілі оқиғаларды бейнеледі. Суретке түсіріп ғана қоймай, фотоальбомдар жасап, ел кәдесіне жаратты. Таңқаларлығы, сол альбомдардың барлығын Бекет аға өзінің жеке қаражаты есебінен шығартқан екен. Өз ісіне берілгендік, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі осындай-ақ болар.

Суретке түсіріп қана қоймай, шәкірттер тәрбиелеуді қолға алып, аймақта фотосуретшілер мектебін қалыптастырды. Жүз мыңнан астам кейіпкерлерін «Зенит», «Сокол», «ФЭД-5», «Чайка», «Вилия», Любитель-165», Москва-2», «Агат-18» және «Polaroid» фотоаппараттарымен нысанаға алған еді. Бүгінде бұл фотоаппараттар мен шежіреге тұнған суреттер Жезқазған тарихи мұражайының қорына ресми түрде салтанатпен қабылданып, Бекет ағаның замандастары және балаларының қатысуымен айтулы іс-шара өтті. Іс-шара барысында замандастары өздерінің жастық дәурендерінің бейнесін  мәңгілікке естелік етіп сыйлаған жанның есімін сағынышпен еске алды. Жары Зәуреш Рамазанқызы екеуі Ғабиден, Нүриден, Ләззат, Жанат, Бағдат есімді ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі, 9 немере сүйді. 2007 жылы бақилық болған жанның  адам ретіндегі ғұмыр жолы, азамат ретіндегі болмысы оның кейіпкерлерінің есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Балалары әке аманатын орындап, «Суретті түсірген Бекет Түбеков» атты кітапты жарыққа шығарды. Кітапты құрастырушы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын Ғ.Ештанаев: «Саналы ғұмырында еліміздің шежіресін өзінің фотоаппаратына нысанаға алып, артына суретпен мол шежіре қалдырған Бекет Түбековтың еңбегі қашанда ел тарихы үшін асыл мұра. Бекет Түбеков тек ғана фотосуретші ғана емес, өзі нысанаға алған сурет кейіпкерінің де ғұмырын қағаз бетіне түсіріп, өшпес мұра, тартымды естеліктер қалдыра білді. Ел ауызынан жинақтаған әңгімелері, өнегелі өмір иелерімен сұқбаттары, өрілген өлеңдері мен танымдық мақалалары қашанда болмасын өз кейіпкерлерінің бейнесін аша түседі», - деп ағынан жарылды. Мұражай директоры, ҚР және РФ Жазушылар Одағының мүшесі З.Чумакова: «Бекет Түбеков жақсы жайсаңдармен араласып, үзеңгілес бола біліп, досқа қадірімен сыйлы, еңбегімен елеулі бола білген айнымас дос, аңызға айналған замандас ретінде өзінің лайықты бейнесін жасай білген жан. Ол жақсылардың шарапатын көріп, сонымен сусындап, бойына мол рухани абзал қасиетті жинай білді. Мұның бәрі оның айналасындағы ізгі ниетті жандардың әсері еді. Оның қала тарихын жасаудағы қосқан зор үлесі Жезқазған қаласының ең басты тарихи құндылығы болып қала бермек. Қайталанбас сәттерді суретке түсіріп, қаламыздың фотошежіресін жасаған тұңғыш фотосуретші екенін атап өткім келеді», - деп лайықты бағасын берді.

 Суреттерді сөйлеткен атақты тұлғаның өмір тарихы – Жезқазған өңірінің ғана емес, еліміздің тарихы. Өзі нысанаға алған жүз мыңнан астам фотосуреттері  Қазақстанның баға жетпес алтын қоры. Өмірінің соңына дейін «қара сөмке» асынған фотосуретші бүгінде кейіпкерлерінің есінде «суретпен шежіре жазған жан» болып мәңгі қала бермек.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 

       

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

 

Ұқсас материалдар