Қандастар Ассамблея

«Славянканың қоштасуы»

21.11.2013 2125
      ...Ярославль қаласындағы темір жол вокзалының алаңында үрмелі аспаптар оркестрі «Славянканың қоштасуы» маршын ойнап тұр.Алаңда сонау Қазақстаннан келген Боран ақсақал да тұрған. Ол алаңдағы өздерін шығарып салушы ата-аналарына ,бикештеріне , дос- құрбыларына қол бұлғаған, дауыстаған әскер қатарына аттанғалы тұрған балаң жігіттерге, бойларына күштері сыймай, бұлқынған ,болашақ сарбаздарға байыппен қарайды. Соларға қарап тұрып, өзінің жалынды жастық шағын еске түсіреді. Сақал-мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан осынау балаң жігіттердің жүзінен өзіне ұқсастық іздейді... Боранның орыстың осы көне қаласына келгеніне көп болған жоқ.. Әдеттегіше Жеңіс күні қарсаңында қарулас досы Андрейдің үйінде бір батареяда болған Ираклий үшеуі бас қосатын еді. Соғыстың мазасыз күндері мен түндерін бастарынан бірге өткізген, Беларусь батпақтарында су кешіп, Польша ормандарында қалың қарды бірге таптаған қанды көйлек достардың , туған бауырдан да етене жақын болып кеткен жолдастардың кездесуі еді бұл. Олардың әңгімесі де ешқашан таусылған емес. Жаздың қарға адымдай қысқа таңына дейін сырласып шығады. Кейде өзара таласып қалатындары да бар. Қап тауының қыраны , қызу қанды Ираклий Андрей досымен бірнеше сағат бойы тәжікелеседі. Табиғатынан байсалды Боран да кейде екеуінің таласына байқамай араласып кетеді. Кейде бұлардың қасында Андрейдің жұбайы Клавдия Петровна да отырады. Көбіне көп таласушы «жақтарды» басып, «мәмілеге» келтіретін де сол.  Ал Клавдия Петровнаның өз қолынан жасаған квасы мен пирогы, құймағы ше ?! Мұндай сәтте Ираклий Отарұлы досының жұбайы әзірлеген дәмді асқа оң пікірін білдіре отырып, Қап тауындағы сан түрлі тағамдар туралы айта кетуді де ұмытпайды. Достардың кездесуі осылай бірнеше күнге созылып, олар бір-бірімен қимай қоштасады. Вокзалда шығарып салып тұрған Андрей мен Клавдияны Боран Қазақстанға шақырады. Бұл жерде де Ираклий достарына өзінің сүйікті Кутаиси қаласына «міндетті түрде  бірінші келуін» сұрайды... Қайтып келмес қайран сол минуттар, қас қағым сәт!... Бұдан екі жыл бұрын Ираклий дүние салды. Екеуі де достарының туған қаласына ұшқан құстай тез жетті. «Миына қан құйылған...» деді дәрігер. Өмір бойы дене еңбегімен айналысқан адамның миына қан құйылуы тосын естілді. Боран осы күдігін Андрейге айтқан, ол мұңға толы жанарымен бұған қарады да : «Эх, Боря... Диагнозды қойшы! Одан да біздің батареяның бір адамға кемігенін айтсаңшы !» деген-ді ... ...Енді, міне,Андрей досы да бұл жалғанда жоқ.. Бұған берілген шұғыл жеделхатты алып үлгірмеген ол өзін перронда Клавдияның жалғыз қарсы алып тұрғанын көріп, жүрегі шым ете түсті. Кенет мұны көріп қалған Клавдия Петровна  келіп, құшақтай алды. Мойнына асылып, басын иығына салып, жылап жібергенде -ақ, ол орны толмас қазаға тап болғанын сезді. Досының жарын қалай жұбатарын да білмеді. Жұбата алмайтын да сияқты. Вокзал алдында зулап жүрген таксилердің біріне отырды. Такси ішінде екеуі де үн қатқан жоқ.. Шамалы уақыттан соң, такси үш қабатты көнелеу үйлердің бірінің алдына тұмсығын тіреді... Андрей қалайша ?... Ол мықты еді ғой,-деді ол Клавдияға, -бірнеше рет талманы да бастан кешірді. Талай абыржытты емес пе, бізді ?! Ал енді...- Оның өліміне себепші болған-дөрекілік, -деді Клавдия әлденеге ызалы үнмен. Дөрекілік ?! -деп, бұл таңдана қайта сұрады. Иә, иә. Кәдімгі өмірде, тұрмыста жиі кездесетін дөрекілік. Өзің білесің, Андрей қандай болсын әділетсіздікке, адамға немқұрайлы қараушылыққа төзбейтін еді ғой, -деп досының әйелі кемсеңдеп жылап қоя берді. Клавдия, қалқам, сабыр етші ! - деп Боран қалтыраған даусымен басу айта сөйледі, -Анығын айтсаңшы маған...- Бұл келместен бір апта бұрын Андрей автобуспен жұмысынан қайтып келе жатады. Кенет бір аяғы жоқ соғыс мүгедегіне көзі түседі.Ол балдағына сүйеніп, тік тұр екен.Андрей автобустың алдыңғы жағындағы үлкендер мен балалы әйелдерге тиісті орындарға көз салады. Қараса, бір орында екі бойжеткен отыр. Қолдарында - «дипломат», ауыздарында - сағыз , автобусты басына көтере қарқылдап күледі. Біреуінің көк күртешесінің арқасында ағылшын тілінде сөздер жазылған. Онысы «Маған еркек керек» деген сөз болып шықты. Қасындағы бір студент түсіндіріп берді. Таңқаларлығы сол, автобуста тұрған не үлкен, не кіші оларға ескерту жасаған жоқ.. Ол Андрейдің ызасын келтіреді. Қаны қайнаған ардагер қыздарға келіп, орындарын босатуды сұрайды. Сонда сәнді киінген, қуыршақ  бойжеткендер әкесіндей адамға тиісе кетеді. Алайда Андрей басқалардың қолдауымен әлгілерге лайықты сыбағасын беріп, мүгедекті босаған орынға отырғызады. Өзінің аялдамасына жетіп тоқтаған автобустан шыға берген оның кенеттен буыны босап, жерге сылқ ете түседі... ...Боран қанды көйлек жолдасының үйінде бес-алты күндей болды. Қала ішін аралады. Андрейдің қала сыртындағы бақшасына барып, сәбіз, пияз, қызанақ отырғызуға көмектесті. Әрине, жалғыз болған жоқ.. Қасында - Андрейдің ұлы Дмитрий, келіні Валентина жүрді. Қадірмен достың туған қаласымен, шаңырағымен қоштасар күн де келіп жетті. Дмитрий мен Клавдия Боран ақсақалдан бұрын келіп, билет кассасының маңын жағалап жүр. Ол болса, вокзал алдындағы мынау бір салтанатты көрініске көңілі елеңдеп, еріксіз тұрып қалған. Мыс аспаптары көктемгі күн сәулесіне шағылысып, көздің жауын алған оркестрге қарап тұрып, ол өткен өміріндегі тағы бір сәтті еріксіз есіне алды... ... Иә, сол 1943 жылдың көктемінде де дәл осы алаңда оркестр ойнаған болатын. Сол күні балаң жігіттер бүгінгідей жәй әскерге емес, нағыз қорқынышты да қанқұйлы соғыстың өзіне аттанған еді. Оркестрдің даусы да бүгінгідей қуатты шықпады. Андреймен осы қалада танысып, бірге әскери ойынға машықтанып, майданға да жұбын жазбай аттанған-ды. Ақ сары шашты, бидай түстес бұрымы беліне дейін түскен Клава атты орыс қызымен осында танысты. Андрей таныстырды. «Менің қалыңдығым, соғыстан аман оралсам, қосыламыз» деген. «Вагонға отырыңдар!» деген әмірлі дауыс естілгенде де оркестрдің үні тынған жоқ.. Аттанбастан бұрын Боран оркестр үнінің сәл саябырлағанын пайдаланып, қарттардың бірінен сұрады : Музыкантпысыз, ақсақал ?- Жоқ, әуесқоймын. Шынымды айтсам, жиырмасыншы жылдары үрмелі аспаптарда ойнаған едім.- Қазір қиын ба, ойнау ?- Әрине, оңай емес. Кейде үруге демім жетпей жатады. Бірақ бізден басқа кім ойнайды бүгінде ?!- деп, ол қасындағыларды нұсқады,- Жастар жоқ, бәрі майданда ....- сәлден соң сөзін жалғады,- Ештеңе етпес, бәрібір ойнаймын. Жау да, басқалар да білсін, біздің қиын сәтте еңсеміздің түспейтінін. Балам, бар орныңа! Әне, жігіттерің сапқа тұрып жатыр... Боран қаруластарына қарай жүгіре жөнелді... ... Енді міне, қазір өзі де қария. Ал оркестрде ойнап тұрғандар шетінен отызға толмаған жас жігіттер. Бар ынтасымен, ерекше масаттану сезімімен ойнап тұр... Оның ойын Дмитрийдің ентіге шыққан даусы бөліп жіберді : -Боран ағай, кісі көп екен. Дегенмен сізге болар деймін. Куәлігіңізді көрсеттім, сізді сұрайды. Біздің кассирлер де әйтеуір, ереже десе, қатып қалады...- Дмитрий, оған ренжіме,-деді Боран ақсақал байыпты үнмен,- Белгіленген тәртіп солай ғой. Жақсы, өзім барайын... Айқай-шусыз билетін алып шықты. Кенет поезға мініп жатырған , балаң жігіттерді көріп қалды. Шетінен бойшаң , қарулы жігіттердің жүзінен қайсарлық нышанын байқап, сүйсінді : «Міне, енді жас ұрпақ  біздің немере-шөбереміз елді қорғайтын болады! Осындай өрендер тұрғанда қандай жау қыр көрсете алады !». Жан-жағына көз салды. Анадай жерде өзін шығарып салушылардың тобы тұр. Клавдия , Дмитрий мен Александр жұбайларымен , балаларымен келіпті. Шулы да мазасыз вокзалдан шыққан Боран ақсақал көктемнің жұпар иісті ауасымен кеудесін кере дем алды да, өзін күтіп тұрғандарға қарай беттеді... Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

      ...Ярославль қаласындағы темір жол вокзалының алаңында үрмелі аспаптар оркестрі «Славянканың қоштасуы» маршын ойнап тұр.Алаңда сонау Қазақстаннан келген Боран ақсақал да тұрған. Ол алаңдағы өздерін шығарып салушы ата-аналарына ,бикештеріне , дос- құрбыларына қол бұлғаған, дауыстаған әскер қатарына аттанғалы тұрған балаң жігіттерге, бойларына күштері сыймай, бұлқынған ,болашақ сарбаздарға байыппен қарайды. Соларға қарап тұрып, өзінің жалынды жастық шағын еске түсіреді. Сақал-мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан осынау балаң жігіттердің жүзінен өзіне ұқсастық іздейді...

Боранның орыстың осы көне қаласына келгеніне көп болған жоқ.. Әдеттегіше Жеңіс күні қарсаңында қарулас досы Андрейдің үйінде бір батареяда болған Ираклий үшеуі бас қосатын еді. Соғыстың мазасыз күндері мен түндерін бастарынан бірге өткізген, Беларусь батпақтарында су кешіп, Польша ормандарында қалың қарды бірге таптаған қанды көйлек достардың , туған бауырдан да етене жақын болып кеткен жолдастардың кездесуі еді бұл. Олардың әңгімесі де ешқашан таусылған емес. Жаздың қарға адымдай қысқа таңына дейін сырласып шығады. Кейде өзара таласып қалатындары да бар. Қап тауының қыраны , қызу қанды Ираклий Андрей досымен бірнеше сағат бойы тәжікелеседі. Табиғатынан байсалды Боран да кейде екеуінің таласына байқамай араласып кетеді. Кейде бұлардың қасында Андрейдің жұбайы Клавдия Петровна да отырады. Көбіне көп таласушы «жақтарды» басып, «мәмілеге» келтіретін де сол.  Ал Клавдия Петровнаның өз қолынан жасаған квасы мен пирогы, құймағы ше ?! Мұндай сәтте Ираклий Отарұлы досының жұбайы әзірлеген дәмді асқа оң пікірін білдіре отырып, Қап тауындағы сан түрлі тағамдар туралы айта кетуді де ұмытпайды. Достардың кездесуі осылай бірнеше күнге созылып, олар бір-бірімен қимай қоштасады. Вокзалда шығарып салып тұрған Андрей мен Клавдияны Боран Қазақстанға шақырады. Бұл жерде де Ираклий достарына өзінің сүйікті Кутаиси қаласына «міндетті түрде  бірінші келуін» сұрайды... Қайтып келмес қайран сол минуттар, қас қағым сәт!... Бұдан екі жыл бұрын Ираклий дүние салды. Екеуі де достарының туған қаласына ұшқан құстай тез жетті. «Миына қан құйылған...» деді дәрігер. Өмір бойы дене еңбегімен айналысқан адамның миына қан құйылуы тосын естілді. Боран осы күдігін Андрейге айтқан, ол мұңға толы жанарымен бұған қарады да : «Эх, Боря... Диагнозды қойшы! Одан да біздің батареяның бір адамға кемігенін айтсаңшы !» деген-ді ...

...Енді, міне,Андрей досы да бұл жалғанда жоқ.. Бұған берілген шұғыл жеделхатты алып үлгірмеген ол өзін перронда Клавдияның жалғыз қарсы алып тұрғанын көріп, жүрегі шым ете түсті. Кенет мұны көріп қалған Клавдия Петровна  келіп, құшақтай алды. Мойнына асылып, басын иығына салып, жылап жібергенде -ақ, ол орны толмас қазаға тап болғанын сезді. Досының жарын қалай жұбатарын да білмеді. Жұбата алмайтын да сияқты. Вокзал алдында зулап жүрген таксилердің біріне отырды. Такси ішінде екеуі де үн қатқан жоқ.. Шамалы уақыттан соң, такси үш қабатты көнелеу үйлердің бірінің алдына тұмсығын тіреді...

Андрей қалайша ?... Ол мықты еді ғой,-деді ол Клавдияға, -бірнеше рет талманы да бастан кешірді. Талай абыржытты емес пе, бізді ?! Ал енді...-

Оның өліміне себепші болған-дөрекілік, -деді Клавдия әлденеге ызалы үнмен.

Дөрекілік ?! -деп, бұл таңдана қайта сұрады.

Иә, иә. Кәдімгі өмірде, тұрмыста жиі кездесетін дөрекілік. Өзің білесің, Андрей қандай болсын әділетсіздікке, адамға немқұрайлы қараушылыққа төзбейтін еді ғой, -деп досының әйелі кемсеңдеп жылап қоя берді.

Клавдия, қалқам, сабыр етші ! - деп Боран қалтыраған даусымен басу айта сөйледі, -Анығын айтсаңшы маған...-

Бұл келместен бір апта бұрын Андрей автобуспен жұмысынан қайтып келе жатады. Кенет бір аяғы жоқ соғыс мүгедегіне көзі түседі.Ол балдағына сүйеніп, тік тұр екен.Андрей автобустың алдыңғы жағындағы үлкендер мен балалы әйелдерге тиісті орындарға көз салады. Қараса, бір орында екі бойжеткен отыр. Қолдарында - «дипломат», ауыздарында - сағыз , автобусты басына көтере қарқылдап күледі. Біреуінің көк күртешесінің арқасында ағылшын тілінде сөздер жазылған. Онысы «Маған еркек керек» деген сөз болып шықты. Қасындағы бір студент түсіндіріп берді. Таңқаларлығы сол, автобуста тұрған не үлкен, не кіші оларға ескерту жасаған жоқ.. Ол Андрейдің ызасын келтіреді. Қаны қайнаған ардагер қыздарға келіп, орындарын босатуды сұрайды. Сонда сәнді киінген, қуыршақ  бойжеткендер әкесіндей адамға тиісе кетеді. Алайда Андрей басқалардың қолдауымен әлгілерге лайықты сыбағасын беріп, мүгедекті босаған орынға отырғызады. Өзінің аялдамасына жетіп тоқтаған автобустан шыға берген оның кенеттен буыны босап, жерге сылқ ете түседі...

...Боран қанды көйлек жолдасының үйінде бес-алты күндей болды. Қала ішін аралады. Андрейдің қала сыртындағы бақшасына барып, сәбіз, пияз, қызанақ отырғызуға көмектесті. Әрине, жалғыз болған жоқ.. Қасында - Андрейдің ұлы Дмитрий, келіні Валентина жүрді.

Қадірмен достың туған қаласымен, шаңырағымен қоштасар күн де келіп жетті. Дмитрий мен Клавдия Боран ақсақалдан бұрын келіп, билет кассасының маңын жағалап жүр. Ол болса, вокзал алдындағы мынау бір салтанатты көрініске көңілі елеңдеп, еріксіз тұрып қалған. Мыс аспаптары көктемгі күн сәулесіне шағылысып, көздің жауын алған оркестрге қарап тұрып, ол өткен өміріндегі тағы бір сәтті еріксіз есіне алды...

... Иә, сол 1943 жылдың көктемінде де дәл осы алаңда оркестр ойнаған болатын. Сол күні балаң жігіттер бүгінгідей жәй әскерге емес, нағыз қорқынышты да қанқұйлы соғыстың өзіне аттанған еді. Оркестрдің даусы да бүгінгідей қуатты шықпады. Андреймен осы қалада танысып, бірге әскери ойынға машықтанып, майданға да жұбын жазбай аттанған-ды. Ақ сары шашты, бидай түстес бұрымы беліне дейін түскен Клава атты орыс қызымен осында танысты. Андрей таныстырды. «Менің қалыңдығым, соғыстан аман оралсам, қосыламыз» деген. «Вагонға отырыңдар!» деген әмірлі дауыс естілгенде де оркестрдің үні тынған жоқ..

Аттанбастан бұрын Боран оркестр үнінің сәл саябырлағанын пайдаланып, қарттардың бірінен сұрады :

Музыкантпысыз, ақсақал ?-

Жоқ, әуесқоймын. Шынымды айтсам, жиырмасыншы жылдары үрмелі аспаптарда ойнаған едім.-

Қазір қиын ба, ойнау ?-

Әрине, оңай емес. Кейде үруге демім жетпей жатады. Бірақ бізден басқа кім ойнайды бүгінде ?!- деп, ол қасындағыларды нұсқады,- Жастар жоқ, бәрі майданда ....- сәлден соң сөзін жалғады,- Ештеңе етпес, бәрібір ойнаймын. Жау да, басқалар да білсін, біздің қиын сәтте еңсеміздің түспейтінін. Балам, бар орныңа! Әне, жігіттерің сапқа тұрып жатыр...

Боран қаруластарына қарай жүгіре жөнелді...

... Енді міне, қазір өзі де қария. Ал оркестрде ойнап тұрғандар шетінен отызға толмаған жас жігіттер. Бар ынтасымен, ерекше масаттану сезімімен ойнап тұр...

Оның ойын Дмитрийдің ентіге шыққан даусы бөліп жіберді : -Боран ағай, кісі көп екен. Дегенмен сізге болар деймін. Куәлігіңізді көрсеттім, сізді сұрайды. Біздің кассирлер де әйтеуір, ереже десе, қатып қалады...-

Дмитрий, оған ренжіме,-деді Боран ақсақал байыпты үнмен,- Белгіленген тәртіп солай ғой. Жақсы, өзім барайын...

Айқай-шусыз билетін алып шықты. Кенет поезға мініп жатырған , балаң жігіттерді көріп қалды. Шетінен бойшаң , қарулы жігіттердің жүзінен қайсарлық нышанын байқап, сүйсінді : «Міне, енді жас ұрпақ  біздің немере-шөбереміз елді қорғайтын болады! Осындай өрендер тұрғанда қандай жау қыр көрсете алады !».

Жан-жағына көз салды. Анадай жерде өзін шығарып салушылардың тобы тұр. Клавдия , Дмитрий мен Александр жұбайларымен , балаларымен келіпті. Шулы да мазасыз вокзалдан шыққан Боран ақсақал көктемнің жұпар иісті ауасымен кеудесін кере дем алды да, өзін күтіп тұрғандарға қарай беттеді...

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Ұқсас материалдар