Қандастар Ассамблея

Қуыршаққа айналған қайраткер

19.11.2013 2621
Аузын буған өгіздей өңкейген дәу қараның - қызыл жағалының Сұлтанбекті алдына сап айдап алғанына біраз уақыт болды, бағаналы бері арлы-берлі сүйрелеп жүріп, бір ауыз сөз айтпап еді, ақыры темір тордың алдына алып келген соң, есікті аша беріп, алғаш рет зор даусымен гүр-р етті. - Неғып тұрсың? Ну-у... - деді. -          Ішке... өтейін бе! - деп, Сұлтанбек барқылдақ бұқа дауыстан сескене түсіп, енді жасқана қарады оған. Сонда байқады, ана өңкиген өгіздей қызыл жағалының екі көзі қып-қызыл, тіпті кісі өлтіріп, соның қанын жаңа ғана қылғытып салғандай үрейлі кейіп. Бәлкім, Сұлтанбекке бір сәтте солай көрінді ме!.. Темір тордың сұп-суық есігінің жақтауынан ұстай беріп еді, әлгі қызыл жағалы бұны дәу көн етігімен май құйрықтан бір теуіп: -          Кімді күтіп тұрсың! - деді. - Саған жаны ашитын қай құдаң бар еді мұнда!... Кір деген соң кір! Ну, жылдам... Сұлтанбек май құйрыққа тиген ауыр тепкіден соң, ішке кіре бере сүрініп кетіп, жер құша жаздады да, қайта тұра беріп, қайта құлады. Өзінде бұрынғыдай әл де жоқ. Әбден әлсіреген. Қалжыраған. Тіпті осы күндері оны біреу теппей-ақ, жәй шынтағымен итеріп жіберсе де, құлап қалуы әбден-ақ мүмкін. Тар, қапас камераның еденінде етпетінен түсіп жатып, жаңағы дөңкиген қара өгізге бірнеме демек боп, әзер деп басын көтерген. Оның аяқ жұмсағанына тәп-тәуір қорланып та жатыр. Бұл секілді бар ақылы басынан ауысып, бойына тарап кеткен, төбесінде торғайдың миындай да ми жоқ томар адамдар бір кездері бұның кабинетінің алдына келіп, кіре алмай, күнұзақ кезекте тұрушы еді-ау. Ал, енді мынау... Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар! Бұл дәл сол кеп! Дәл сол күй! Әй, бірақ... Бұл дөй қараға не деп өкпелейді! Бұл орындаушы! Бұл - не істе десе, соны істейтін робот - Адам! Бәрі ана жақта, жоғарыда шешіліп жатқан жоқ па! Әттең десе, әттең-ай, бұлай болар деп кім ойлаған! Дәл бұлай боларын алдын-ала білгенде, өзінше, өзгеше қам жасар ма еді. Алдын - алуға болатын да еді-ау! Ең болмағанда, ана Сталинге бір кіріп шығар еді, алдынан өтер еді, бар шындықты сол мұртты көсемнің өз аузынан естіп барып, сосын біржола күдерін үзіп, беті ауған жаққа жоғалып кететін еді. Темір есік бұның ойын бөле шақыр-шұқыр етіп жабылды. Дөй қара кілтті екі рет бұрап, қара жерді ойып жіберердей тақ-тақ басып кетіп барады. Тағы да жалғыздық! Талай уақыттан бері көріп келе жатқан жалғыздығы... "Мен енді шынымен-ақ, біржола ешкімге керек болмай қалғаным ба?.. Мені іздер жан бар ма екен, болар ма екен бұл қазақта!.. Әй, қайдам-ау!.. Жай уақта да қадіріңді біліп жарытпаған бұл қазақ..." Сұлтанбектің іші мұздап қоя берді. Талай жыл үлкен-үлкен жауапты қызметтерде жүріп, ішінен болса да қазақ ұлтының айтулы қайраткерінің бірі болған-ақ шығармын деп өзінше бір үміт-дәмеге малданушы еді, сөйтсе... ұлтына еркелейтін түгі де жоқ екен. Бәрі де өткінші, бәрі де көңіл алдау дүние болыпты да шығыпты. Бүгін ол ешкімге де керек емес. Ешкімге де... "Сонда қалай?.. Қалай десек те, халқы таныған қайраткер еді, ел алдына шығарайық, ақтық сөзін айтсын дейтін лауазымы бар һәм жүрегі жылы бір пенде табылмағаны ма? Мал екеш, малдың да артында сұрауы болушы еді..." Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Аузын буған өгіздей өңкейген дәу қараның - қызыл жағалының Сұлтанбекті алдына сап айдап алғанына біраз уақыт болды, бағаналы бері арлы-берлі сүйрелеп жүріп, бір ауыз сөз айтпап еді, ақыры темір тордың алдына алып келген соң, есікті аша беріп, алғаш рет зор даусымен гүр-р етті.

- Неғып тұрсың? Ну-у... - деді.

-          Ішке... өтейін бе! - деп, Сұлтанбек барқылдақ бұқа дауыстан сескене түсіп, енді жасқана қарады оған. Сонда байқады, ана өңкиген өгіздей қызыл жағалының екі көзі қып-қызыл, тіпті кісі өлтіріп, соның қанын жаңа ғана қылғытып салғандай үрейлі кейіп. Бәлкім, Сұлтанбекке бір сәтте солай көрінді ме!..

Темір тордың сұп-суық есігінің жақтауынан ұстай беріп еді, әлгі қызыл жағалы бұны дәу көн етігімен май құйрықтан бір теуіп:

-          Кімді күтіп тұрсың! - деді. - Саған жаны ашитын қай құдаң бар еді мұнда!... Кір деген соң кір! Ну, жылдам...

Сұлтанбек май құйрыққа тиген ауыр тепкіден соң, ішке кіре бере сүрініп кетіп, жер құша жаздады да, қайта тұра беріп, қайта құлады. Өзінде бұрынғыдай әл де жоқ. Әбден әлсіреген. Қалжыраған. Тіпті осы күндері оны біреу теппей-ақ, жәй шынтағымен итеріп жіберсе де, құлап қалуы әбден-ақ мүмкін.

Тар, қапас камераның еденінде етпетінен түсіп жатып, жаңағы дөңкиген қара өгізге бірнеме демек боп, әзер деп басын көтерген. Оның аяқ жұмсағанына тәп-тәуір қорланып та жатыр. Бұл секілді бар ақылы басынан ауысып, бойына тарап кеткен, төбесінде торғайдың миындай да ми жоқ томар адамдар бір кездері бұның кабинетінің алдына келіп, кіре алмай, күнұзақ кезекте тұрушы еді-ау. Ал, енді мынау... Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар! Бұл дәл сол кеп! Дәл сол күй! Әй, бірақ... Бұл дөй қараға не деп өкпелейді! Бұл орындаушы! Бұл - не істе десе, соны істейтін робот - Адам! Бәрі ана жақта, жоғарыда шешіліп жатқан жоқ па! Әттең десе, әттең-ай, бұлай болар деп кім ойлаған! Дәл бұлай боларын алдын-ала білгенде, өзінше, өзгеше қам жасар ма еді. Алдын - алуға болатын да еді-ау! Ең болмағанда, ана Сталинге бір кіріп шығар еді, алдынан өтер еді, бар шындықты сол мұртты көсемнің өз аузынан естіп барып, сосын біржола күдерін үзіп, беті ауған жаққа жоғалып кететін еді.

Темір есік бұның ойын бөле шақыр-шұқыр етіп жабылды. Дөй қара кілтті екі рет бұрап, қара жерді ойып жіберердей тақ-тақ басып кетіп барады. Тағы да жалғыздық! Талай уақыттан бері көріп келе жатқан жалғыздығы...

"Мен енді шынымен-ақ, біржола ешкімге керек болмай қалғаным ба?.. Мені іздер жан бар ма екен, болар ма екен бұл қазақта!.. Әй, қайдам-ау!.. Жай уақта да қадіріңді біліп жарытпаған бұл қазақ..."

Сұлтанбектің іші мұздап қоя берді. Талай жыл үлкен-үлкен жауапты қызметтерде жүріп, ішінен болса да қазақ ұлтының айтулы қайраткерінің бірі болған-ақ шығармын деп өзінше бір үміт-дәмеге малданушы еді, сөйтсе... ұлтына еркелейтін түгі де жоқ екен. Бәрі де өткінші, бәрі де көңіл алдау дүние болыпты да шығыпты. Бүгін ол ешкімге де керек емес. Ешкімге де...

"Сонда қалай?.. Қалай десек те, халқы таныған қайраткер еді, ел алдына шығарайық, ақтық сөзін айтсын дейтін лауазымы бар һәм жүрегі жылы бір пенде табылмағаны ма? Мал екеш, малдың да артында сұрауы болушы еді..."

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Ұқсас материалдар