Қандастар Ассамблея

Ермекқұл

19.11.2013 1707
Ауыл шетіндегі елеусіз ғана бәкене үйдің жарығы түннің бір уағына дейін өшпейтін болып алды. Бұл - көрші-қолаңның аузына сөз салды, өсекке от үрледі, ауызекі әңгімеге әдемі себеп туғызды. Тілі сүйреңдеп, сөз тасығандардың көбісі-ақ "бұнысы несі, бұларға не болған, әсте Ермекқұл шал жынданған шығар" деп таңданысты. Ал, шын мәнінде... өзгерген дәнеңе де жоқты. Тек... жетпістегі шал мектеп оқушысы Жеңістаймен жарыса "Ботаника" оқулығын оқып жүрді...   * * * Жетпіс-сексен үйлі шағын ауылдың бүгінгі иесі - Жетес бастық сылдыр сөзді суша сапырып, қыңыр шалдан оп-оңай құтылармын деп ойлап еді. Басшы болған жиырма жыл ішінде талай-талай адамдармен, әр қилы мінездермен істес, жұмыстас болып, айтысып, тартысып келе жатқан жоқ па. Бірақ дәл мұндай қыңыр кісіні көрсе көзі шықсын-ақ. Мінез деген, ә! Бұл мінез деген шіркінді қоя беріңіз. Жүз кісі болса жүз, уә, мың кісі болса мың түрлі мінез алдыңызға сый-сыбаға тартады. Біреулер ел ағасы болу бақыт, қол жетпес арман деп аһ ұратын көрінеді. Ал, расында... оның көргенін бейбақтың басына бермесін: кімге жақпай қаламын, кімнің көңілін таппай қаламын, ана адамның тілін қайтсем табамын... Жатса-тұрса ойлайтыны осы ғана. Мына ақсақалыңыз сөзге қонақ берер түрі жоқ, бастықтың оңды-солды сыдырата сөйлеп, тезірек шығарып салмақ болған ниетін ұнатпай, онан бетер қызынып, өзеуреп кетті. - Сен ғой, шырағым, жұмыс асып жатыр деп мені немқұрайлы тыңдап отырсың. Тіршілік болған соң, ел болған соң тірлік қамы еш уақытта түгесілмек емес, оны өзіміз де бастан кешірдік. Ал, енді шарушылықты ойлап жүрмін деп ауыл мәдениетін, оның ішіндегі әлгі мен айтқан табиғатты қорғау мәселесін алаңсыз буып-түйіп, бір бұрышқа ысыра салмақ болсаң, оның үлкен әбестік. Өзің-ақ ойлашы, басшысы тереңнен толғап, жан-жақты қамдайтын ауылдан спортшы да, ғалым да, дәрігер де, үлкен мәдениет қызметкерлері де, тағы басқа да толып жатқан елге сыйлы көшелі кісілер шығады екен. Кей ауылда бұған мүлде керісінше, зейінді, зерек балалардың талабын ұштап, ұшыруға талпындыру орнына оларды жіпсіз байлап, тұсаусыз тұсап отыр, - деп, сөзді бір түйіп қойды. Сонан кейін іле-шала Жетеске сөз берместен, тағы да өзі жалғап әкетті. - Өзімізді қоршаған табиғатты қорғау әрбір ауыл азаматтарының  парызы, міндеті, төл ісі. Жұмыр басты пенде құлазыған құмның ішінде емес, жасыл желек көмкерген, саф алтындай ауасы бар ауылда  тұрғанды қолай көрмей ме екен. Маған елді жиып бер, "Табиғатты сүйе білейік" деген тақырыпта лекция оқимын... -  "Оқимын" деген сөзді нығыздап айтып, еті арып арбиған, сүйекті, сүйегі ірі, шомбалдай жұдырығымен үстелді салып жібере жаздап, төндіріп келді де, ақырын қоя салды. Ауыл басшысы осы жолы оған кесімді жауап бермей, құтыла алмасына әбден көзі жетті. Елді жиып бер дейді,  ауылда қалған шал-шауқандар емес , жастар керек деп отыр. Қазір шілденің күні, барлық трәктіршілер Сырдың бойында шөп орып, қысқы мал азығын әзірлеп жатқан кезі. Тасымалда жүрген шопырлар таң сыз бергеннен аттанып кетеді де, ел орнына қонған соң, шаршап-шалдығып, үйлеріне әзер жетіп жығылады. Осындай ауыр жұмыстың мехнатын тартып жүрген кісі - еңбек адамы  табиғатты қорғау туралы лекцияңды қайтсін. Тіпті бір минөт бос уақыты болса кәні! "Лекция оқылатын еді" деп жұмысты тоқтатуға  тағы да болмайды. Басшы ойланып-толғанып, арғы-бергіні салмақтай келе, екі жаққа да оңтайлы бір шешімге келгендей болды. Енді аз күнде Сыр бойындағы шабындық орылып бітеді. Сонан соң орақшыларға бір күн үзіліс беріп, келесі күні тау жақ беткейге аттандырмақшы-тын. Осы демалыс күнін шалдың лекциясына пайдаланбаққа ой тоқтатты. Ақсақал, сіз айып етпеңіз, қазір лекцияға кісі жинауға ешбір мүмкіндік жоқ екенін өзіңіз де байқадыңыз, дегенмен бір оңтайлы күнді қарастырып отырмын, -     деді де, әлгі ойын жеткізіп еді, Ерекеңнің  жүзі нұрланып сала берді. Сонан кейін "е, мұныңа көнуге болады, қарағым" деп, сақалын салалаған күйі есіктен шығып бара жатты да: - Жетесжан, уақытын ертерек белгілеп, хабарландыру ілу керек  шығар, - деген. - Ол жағынан қам жемеңіз, оның бәрін де өзіміз жасаймыз.             Шал шығып кетісімен-ақ ескі кеңседегі үлкен кабинетті тыныштық басты. Сол аяқ астынан тына қалған тыныштыққа елтіп кеткен бастық бір сәт ой құшағына көмілді. Шалды ойлады. "Қайрат деп осыны айт! Неткен жігер! Біз ғой, елуге толар-толмаста-ақ қалжырап, қажып, сәл қол босаса, жастыққа жантая кетуге әзірміз. Ал  Ерекең... ендігі жетпістен асқан да болар. Сонда да ортақ мүдде үшін шаршап-шалдығуды білмей, жас баладай шапқылайды да жүреді бұл қартың. Ендігісін қарашы, лекция оқимын дейді. Бүгінгі жастардың көбісі-ақ саяси сабақ өткізесің десең, өз бетінше әзірлену орнына, әлденеше айтқызып жүріп, онда да үш-төрт беттік шалдыр-шатпақпен тау қопарғандай, дөң айбаттанып, тоқмейілсіп қалатыны бар. Ой-й, қанша жерден білімді болса да ерінбей ізденіп, сауатты лекция болсын, халық ішінен қажетін алсын деп жүрген бір мықтыңды көрсетші маған. Бәлкім,  ол менің де кінәм бе? Бағана шалың өте орынды сөздер айтты-ау өзі. Білікті басшының аулынан білгір мамандар шығады дегені ғой ол... Кейде, расы ғой, сыңаржақтыққа, біржақтылыққа бой ұратынымыз бар..." Дәу көк шыбын дыз-дыз етіп, мені неге көрмейсіңдер дегендей, кабинеттің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

Ауыл шетіндегі елеусіз ғана бәкене үйдің жарығы түннің бір уағына дейін өшпейтін болып алды. Бұл - көрші-қолаңның аузына сөз салды, өсекке от үрледі, ауызекі әңгімеге әдемі себеп туғызды. Тілі сүйреңдеп, сөз тасығандардың көбісі-ақ "бұнысы несі, бұларға не болған, әсте Ермекқұл шал жынданған шығар" деп таңданысты. Ал, шын мәнінде... өзгерген дәнеңе де жоқты. Тек... жетпістегі шал мектеп оқушысы Жеңістаймен жарыса "Ботаника" оқулығын оқып жүрді...

  * * *

Жетпіс-сексен үйлі шағын ауылдың бүгінгі иесі - Жетес бастық сылдыр сөзді суша сапырып, қыңыр шалдан оп-оңай құтылармын деп ойлап еді. Басшы болған жиырма жыл ішінде талай-талай адамдармен, әр қилы мінездермен істес, жұмыстас болып, айтысып, тартысып келе жатқан жоқ па. Бірақ дәл мұндай қыңыр кісіні көрсе көзі шықсын-ақ. Мінез деген, ә! Бұл мінез деген шіркінді қоя беріңіз. Жүз кісі болса жүз, уә, мың кісі болса мың түрлі мінез алдыңызға сый-сыбаға тартады. Біреулер ел ағасы болу бақыт, қол жетпес арман деп аһ ұратын көрінеді. Ал, расында... оның көргенін бейбақтың басына бермесін: кімге жақпай қаламын, кімнің көңілін таппай қаламын, ана адамның тілін қайтсем табамын... Жатса-тұрса ойлайтыны осы ғана.

Мына ақсақалыңыз сөзге қонақ берер түрі жоқ, бастықтың оңды-солды сыдырата сөйлеп, тезірек шығарып салмақ болған ниетін ұнатпай, онан бетер қызынып, өзеуреп кетті.

- Сен ғой, шырағым, жұмыс асып жатыр деп мені немқұрайлы тыңдап отырсың. Тіршілік болған соң, ел болған соң тірлік қамы еш уақытта түгесілмек емес, оны өзіміз де бастан кешірдік. Ал, енді шарушылықты ойлап жүрмін деп ауыл мәдениетін, оның ішіндегі әлгі мен айтқан табиғатты қорғау мәселесін алаңсыз буып-түйіп, бір бұрышқа ысыра салмақ болсаң, оның үлкен әбестік. Өзің-ақ ойлашы, басшысы тереңнен толғап, жан-жақты қамдайтын ауылдан спортшы да, ғалым да, дәрігер де, үлкен мәдениет қызметкерлері де, тағы басқа да толып жатқан елге сыйлы көшелі кісілер шығады екен. Кей ауылда бұған мүлде керісінше, зейінді, зерек балалардың талабын ұштап, ұшыруға талпындыру орнына оларды жіпсіз байлап, тұсаусыз тұсап отыр, - деп, сөзді бір түйіп қойды. Сонан кейін іле-шала Жетеске сөз берместен, тағы да өзі жалғап әкетті.

- Өзімізді қоршаған табиғатты қорғау әрбір ауыл азаматтарының  парызы, міндеті, төл ісі. Жұмыр басты пенде құлазыған құмның ішінде емес, жасыл желек көмкерген, саф алтындай ауасы бар ауылда  тұрғанды қолай көрмей ме екен. Маған елді жиып бер, "Табиғатты

сүйе білейік" деген тақырыпта лекция оқимын... -  "Оқимын" деген сөзді нығыздап айтып, еті арып арбиған, сүйекті, сүйегі ірі, шомбалдай жұдырығымен үстелді салып жібере жаздап, төндіріп келді де, ақырын қоя салды. Ауыл басшысы осы жолы оған кесімді жауап бермей, құтыла алмасына әбден көзі жетті. Елді жиып бер дейді,  ауылда қалған шал-шауқандар емес , жастар керек деп отыр. Қазір шілденің күні, барлық трәктіршілер Сырдың бойында шөп орып, қысқы мал азығын әзірлеп жатқан кезі. Тасымалда жүрген шопырлар таң сыз бергеннен аттанып кетеді де, ел орнына қонған соң, шаршап-шалдығып, үйлеріне әзер жетіп жығылады. Осындай ауыр жұмыстың мехнатын тартып жүрген кісі - еңбек адамы  табиғатты қорғау туралы лекцияңды қайтсін. Тіпті бір минөт бос уақыты болса кәні! "Лекция оқылатын еді" деп жұмысты тоқтатуға  тағы да болмайды. Басшы ойланып-толғанып, арғы-бергіні салмақтай келе, екі жаққа да оңтайлы бір шешімге келгендей болды. Енді аз күнде Сыр бойындағы шабындық орылып бітеді. Сонан соң орақшыларға бір күн үзіліс беріп, келесі күні тау жақ беткейге аттандырмақшы-тын. Осы демалыс күнін шалдың лекциясына пайдаланбаққа ой тоқтатты.

Ақсақал, сіз айып етпеңіз, қазір лекцияға кісі жинауға ешбір мүмкіндік жоқ екенін өзіңіз де байқадыңыз, дегенмен бір оңтайлы күнді қарастырып отырмын, -     деді де, әлгі ойын жеткізіп еді, Ерекеңнің  жүзі нұрланып сала берді. Сонан кейін "е, мұныңа көнуге болады, қарағым" деп, сақалын салалаған күйі есіктен шығып бара жатты да:

- Жетесжан, уақытын ертерек белгілеп, хабарландыру ілу керек  шығар, - деген.

- Ол жағынан қам жемеңіз, оның бәрін де өзіміз жасаймыз.

            Шал шығып кетісімен-ақ ескі кеңседегі үлкен кабинетті тыныштық басты. Сол аяқ астынан тына қалған тыныштыққа елтіп кеткен бастық бір сәт ой құшағына көмілді. Шалды ойлады. "Қайрат деп осыны айт! Неткен жігер! Біз ғой, елуге толар-толмаста-ақ қалжырап, қажып, сәл қол босаса, жастыққа жантая кетуге әзірміз. Ал  Ерекең... ендігі жетпістен асқан да болар. Сонда да ортақ мүдде үшін шаршап-шалдығуды білмей, жас баладай шапқылайды да жүреді бұл қартың. Ендігісін қарашы, лекция оқимын дейді. Бүгінгі жастардың көбісі-ақ саяси сабақ өткізесің десең, өз бетінше әзірлену орнына, әлденеше айтқызып жүріп, онда да үш-төрт беттік шалдыр-шатпақпен тау қопарғандай, дөң айбаттанып, тоқмейілсіп қалатыны бар. Ой-й, қанша жерден білімді болса да ерінбей ізденіп, сауатты лекция болсын, халық ішінен қажетін алсын деп жүрген бір мықтыңды көрсетші маған. Бәлкім,  ол менің де кінәм бе? Бағана шалың өте орынды сөздер айтты-ау өзі. Білікті басшының аулынан білгір мамандар шығады дегені ғой ол... Кейде, расы ғой, сыңаржақтыққа, біржақтылыққа бой ұратынымыз бар..."

Дәу көк шыбын дыз-дыз етіп, мені неге көрмейсіңдер дегендей, кабинеттің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

Ұқсас материалдар