Қандастар Ассамблея

Құмай мен қасқыр

19.11.2013 2840
Қарт аңшы тағы да, бірақ бұл жолы соңғы рет өткен өмірін еске алып, күрсініп алды. Бүгін - кәнігі аңшының Құмайынан айрылып, қайғы жұтқан азалы күні... Бүгін - Қалабектің талай жылдан бері кәсіп еткен, аңшылық кәсіппен қоштасып, үнсіз, тілсіз өзінше бір күй кешкен күні...                                                         * * * Ол сол бір оқиғаны қайтадан есіне түсірген... ...Таң бозарып атып келеді. Бірер айдан бері алға шығуды доғарған қарт аңшы бүгін таң атпай тұрып алып, тыным таппай жүр. Үйге бір кіріп, бір шыққаннан басқа, күрк-күрк жөтеліп, ауыр күрсінгеннен басқа бітіргені шамалы. - Астынан су шықты ма?.. Жатса қайтеді екен!.. - Бұл Шәрипа әженің таңғы ұйқыны қия алмай, талмаусырап шыққан үні... Құмай қыңсылады: - Ы-ы-ыһ-ы-ы-ыһ-ыһ-ыһ-һ... - Күрең торымен ілесіп, кең даланы еркін шарлайтын сол күндерді сағынғаны... Күрең торы бірер рет кісінеп, басын шұлғыды: - И-и-оһ-һо-о-о...- Тұяғы қышығаны. Шексіз, шетсіз сары даламен көсіле шабар күндерді аңсағаны... Қалабек торының қасына келіп тұрды. Тұрды да, қолын бір сілтеп (әлденеге сілтегені), қораға апарып қойған ер-тұрманды әкелуге беттеді... - Сен шалға бүгін не көрінген?! Тағы қайда жиналдың?.. Шәрипа жаулығын жүре байлап, есіктен шықты. - Біраз бой жазып қайтпасам... - О, сор қайнаған!.. "Қойдым" деп сопы болғаның кәні?! Қалабек үндеген жоқ. Күрең торыны тебініп қалып, "Құмай" деді. Әлденені сезіп, елеңдеп жатқан Құмай атыла жөнеліп, күреңнің алдына шыға берді... Қалабектің көңілін ескі сүрлеуге жазылған өзіне ғана таныс, әлде бір ескі әуен тербеп өтті. Күрең торы тау арасындағы ескі соқпақпен сызып келеді. Әуелі шоқырақтап отырған да, бір сәтте тақым тақап, қамшы баспаса да бауырын жазып, аршындап шауып ала жөнелген... Бұл сапар, қарт аңшының санасында аң аулап, құс атсам деген ойдың ұшқыны да жоқ. Бұл сапар, әйтеуір бір, дел-сал күймен, ескі сүрлеулерді еске түсіріп, тағы бір аралап, көріп қайтайыншы деген ниетпен шыға салған беті... Төрде ілулі күйінде қалған қос ауыз қара мылтықты қолқаламағаны да сол... Күрең торы шабысқа шабыс қосып, ағызып келеді, тартылған тізгінді де елер емес. Кенет... тосын қылық көрсетіп, ескі соқпақтың сол қапталына қарай бұрылып бергені... Кәрі аңшы әлденендей секем алып, ат басын тарта түсті. Сонан соң, кері бұрылды да, сүрлеу соқпаққа көз салды. Сүрлеуді сүзе қарап жоғарылап... жоғарылап барды да, жанары әлдебір қара нүктеге қадалды. Жо-жоқ, нүкте емес, жүні үрпиген әлдеқалай аң. "...Бұл не нәрсе?! Неге қыбырсыз отыр!" Атты тебініп қалып, солай қарай беттей берді. Жақындап келеді, жақындап келеді, бірақ әлгі аң еш қозғалысқа келер емес. Әлгінде артта қалып қойған Құмай әлі із-түзсіз. "Әлде өлген аң ба екен?! Неге қозғалмайды?! Қасқыр секілді ме, қалай?.." Арада он шақты қадам жер қалғанда күрең торы осқырынып жіберді, қыбырсыз жатқан мақұлық енді жиырылып алып, ышқына атылды. Торы жалт беріп, кейін шегініп үлгерді-ау, ал Қалабек сыпырылып түсіп қалуға шақ қалды. Мақұлық анадай жергедік ете түсті, сонда барып білді, қасқыр екен. Көздері қанталап, кызарып тұр. "Құтырған қасқыр!.. Қап, мылтықты ала шықпағаным..." Осы сәтте қып-қызыл айқас басталды да кетті. Ойда-жоқта Құмай келіп қалыпты. Аңшы жан үшырып, "Құмай, Құмай..." деді. Ит пен қасқыр бірін-бірі домалатып жүр. Екеуі осылайша едәуір уақыт айқасып, ақыры Құмай ең оңтайлы сәтті пайдаланды білем, ананың алқымынан ала түсті. Сол-ақ екен, құтырған қасқыр мұршасыз халге келді де, жандалбаса әрекет жасай берді. Бір уақытта бөрі ақырын-ақырын босаңсып барып, сылқ түсті. Бірақ дәл осы сәт Құмайдың  артқы санынан жерге тырс-тырс тамған қып-қызыл қанды көргенде Қалабектің іші удай ашып, бойы тітіркеніп кетті. "Қайран Құмайым-ай... Енді не істедім саған? Қайтемін енді?!" Аңшы ойлағандай, Құмай шынымен-ақ құтырып кетті де, ауылды үргін-сүргін етті. Сонан соң қарт аңшы бара алмас батылдыққа барып, Құмайын өз қолымен атты да, қара жерді терең  қазып, көміп тастады. Ол Құмаймен бірге өзінің аңшылығын да қоса жерледі... ...Бүгін Қалабектің талай жылдан бері кәсіп еткен аңшылық кәсіппен қоштасып, үнсіз, тілсіз өзінше бір күй кешкен күні...

Қарт аңшы тағы да, бірақ бұл жолы соңғы рет өткен өмірін еске алып, күрсініп алды.

Бүгін - кәнігі аңшының Құмайынан айрылып, қайғы жұтқан азалы күні...

Бүгін - Қалабектің талай жылдан бері кәсіп еткен, аңшылық кәсіппен қоштасып, үнсіз, тілсіз өзінше бір күй кешкен күні...

                                                        * * *

Ол сол бір оқиғаны қайтадан есіне түсірген...

...Таң бозарып атып келеді. Бірер айдан бері алға шығуды доғарған қарт аңшы бүгін таң атпай тұрып алып, тыным таппай жүр. Үйге бір кіріп, бір шыққаннан басқа, күрк-күрк жөтеліп, ауыр күрсінгеннен басқа бітіргені шамалы.

- Астынан су шықты ма?.. Жатса қайтеді екен!.. - Бұл Шәрипа әженің таңғы ұйқыны қия алмай, талмаусырап шыққан үні...

Құмай қыңсылады: - Ы-ы-ыһ-ы-ы-ыһ-ыһ-ыһ-һ... - Күрең торымен ілесіп, кең даланы еркін шарлайтын сол күндерді сағынғаны...

Күрең торы бірер рет кісінеп, басын шұлғыды: - И-и-оһ-һо-о-о...- Тұяғы қышығаны. Шексіз, шетсіз сары даламен көсіле шабар күндерді аңсағаны... Қалабек торының қасына келіп тұрды. Тұрды да, қолын бір сілтеп (әлденеге сілтегені), қораға апарып қойған ер-тұрманды әкелуге беттеді...

- Сен шалға бүгін не көрінген?! Тағы қайда жиналдың?..

Шәрипа жаулығын жүре байлап, есіктен шықты.

- Біраз бой жазып қайтпасам...

- О, сор қайнаған!.. "Қойдым" деп сопы болғаның кәні?!

Қалабек үндеген жоқ. Күрең торыны тебініп қалып, "Құмай" деді. Әлденені сезіп, елеңдеп жатқан Құмай атыла жөнеліп, күреңнің алдына шыға берді...

Қалабектің көңілін ескі сүрлеуге жазылған өзіне ғана таныс, әлде бір ескі әуен тербеп өтті. Күрең торы тау арасындағы ескі соқпақпен сызып келеді. Әуелі шоқырақтап отырған да, бір сәтте тақым тақап, қамшы баспаса да бауырын жазып, аршындап шауып ала жөнелген...

Бұл сапар, қарт аңшының санасында аң аулап, құс атсам деген ойдың ұшқыны да жоқ. Бұл сапар, әйтеуір бір, дел-сал күймен, ескі сүрлеулерді еске түсіріп, тағы бір аралап, көріп қайтайыншы деген ниетпен шыға салған беті... Төрде ілулі күйінде қалған қос ауыз қара мылтықты қолқаламағаны да сол...

Күрең торы шабысқа шабыс қосып, ағызып келеді, тартылған тізгінді де елер емес. Кенет... тосын қылық көрсетіп, ескі соқпақтың сол қапталына қарай бұрылып бергені... Кәрі аңшы әлденендей секем алып, ат басын тарта түсті. Сонан соң, кері бұрылды да, сүрлеу соқпаққа көз салды. Сүрлеуді сүзе қарап жоғарылап... жоғарылап барды да, жанары әлдебір қара нүктеге қадалды. Жо-жоқ, нүкте емес, жүні үрпиген әлдеқалай аң.

"...Бұл не нәрсе?! Неге қыбырсыз отыр!" Атты тебініп қалып, солай қарай беттей берді. Жақындап келеді, жақындап келеді, бірақ әлгі аң еш қозғалысқа келер емес.

Әлгінде артта қалып қойған Құмай әлі із-түзсіз.

"Әлде өлген аң ба екен?! Неге қозғалмайды?! Қасқыр секілді ме, қалай?.."

Арада он шақты қадам жер қалғанда күрең торы осқырынып жіберді, қыбырсыз жатқан мақұлық енді жиырылып алып, ышқына атылды. Торы жалт беріп, кейін шегініп үлгерді-ау, ал Қалабек сыпырылып түсіп қалуға шақ қалды.

Мақұлық анадай жергедік ете түсті, сонда барып білді, қасқыр екен. Көздері қанталап, кызарып тұр. "Құтырған қасқыр!.. Қап, мылтықты ала шықпағаным..." Осы сәтте қып-қызыл айқас басталды да кетті. Ойда-жоқта Құмай келіп қалыпты.

Аңшы жан үшырып, "Құмай, Құмай..." деді. Ит пен қасқыр бірін-бірі домалатып жүр. Екеуі осылайша едәуір уақыт айқасып, ақыры Құмай ең оңтайлы сәтті пайдаланды білем, ананың алқымынан ала түсті. Сол-ақ екен, құтырған қасқыр мұршасыз халге келді де, жандалбаса әрекет жасай берді.

Бір уақытта бөрі ақырын-ақырын босаңсып барып, сылқ түсті. Бірақ дәл осы сәт Құмайдың  артқы санынан жерге тырс-тырс тамған қып-қызыл қанды көргенде Қалабектің іші удай ашып, бойы тітіркеніп кетті. "Қайран Құмайым-ай... Енді не істедім саған? Қайтемін енді?!"

Аңшы ойлағандай, Құмай шынымен-ақ құтырып кетті де, ауылды үргін-сүргін етті. Сонан соң қарт аңшы бара алмас батылдыққа барып, Құмайын өз қолымен атты да, қара жерді терең  қазып, көміп тастады.

Ол Құмаймен бірге өзінің аңшылығын да қоса жерледі...

...Бүгін Қалабектің талай жылдан бері кәсіп еткен аңшылық кәсіппен қоштасып, үнсіз, тілсіз өзінше бір күй кешкен күні...

Ұқсас материалдар