Қандастар Ассамблея

Орал – еуразиялық шаһардың бірегей үлгісі

14.11.2013 2533
Еліміздің батыстағы босағасы Орал қаласы таза жағрафиялық, сонымен бірге геосаяси тұрғыдан алғанда өте ұтымды орналасқан. Аталған көне де жаңа шаһар біз үшін Ресейдің еуропалық бөлігіне апаратын қақпа. Ал Еуропа үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай оны еуразиялық қаланың бірегей үлгісі десе де жарасып кететіндей. Республиканың өзге қалаларымен салыстыра қарағанда Оралдың тағы бір басты ерекшелігі – XVIII және XIX ғасырлардағы сәулет ескерткіштерінің молынан сақталып қалуында. Бұл тарихи ғимараттар жергілікті атқару органдарының қамқорлығына алынып, күрделі жөндеулер мен күтім жасалып тұруында. Орал қаласы туралы әңгіме қозғаған кезде оның көне де бай тарихы жөнінде айтпай кету еш мүмкін емес. Дәл осы мәселеге қатысты бұған дейін әр түрлі түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктер болып келгені де шындық. Оның туып қалатынын ежелден қоян-қолтық, аралас-құралас болып келген тұрғындардың кінәсінен емес, кеңестік тарих ғылымның ежелгі тарихты бұрмалап көрсетуінде. «Мысалы Орал өңірінде орта ғасырларда қала болғанын Паллас, Рычков секілді  орыс ғалымдарының өздері айтып кеткен. Бірақ кеңестік кезеңде ешкім бұл жөнінде жұмған ауыздарын ашпады. Қалалық мәдениет пен өркениетті таратушы тек казак-орыстар ғана деген саясат алға шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстан ғалымдары Орал қаласы тарихына қатысты ақиқатты айтуға мүмкіндік алды»,  деді бізге осы материалды газетке әзірлеу барысында тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов. Тарих ғылымы мейлінше дәлдік пен шындықты сүйеді. Өз мамандығына адал, қолдан жасалған кеңестік саясаттың ноқтасына бас имеген ізгі ниетті тарихшы, археолог ғалымдар сол кезде де болғанын Мұрат Наурызғалиұлы байыппен баяндап берді. Соның бірі Федор Давыдов екен. Аталған кеңестік ғалым: Алтын Орда қиратушы, тонаушы, өзгенің үстінен ғана күн көретін масыл мемлекет болған деген тұжырымды нақты дәлелмен жоққа шығарыпты. Ойдан ой туады. Өткен жылдың қыркүйек айында Орал қаласында «Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілген болатын. Сол бір күндерде Ресей ҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері Э.Д.Зиливинская Алтын Орда қалалары: Шығыс пен Батыс аралығы» атты баяндама жасаған еді. Ол онда Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде тұрғызылған, кейін үлкен мәдениеттің ордасы болған шаһар екенін атап көрсетті: Мысалы бұл жерде табылған шығыс моншасы, зиялы адамдар мен ақсүйектер келетін қоғамдық орын болғанын көрсетеді. Оралдық археологтар мұндай қалаларда міндетті түрде болуға тиіс жұма мешітінің орнын кешікпей табады деп ойлаймын, деген еді Эмма Давыдовна. Иә, көне Жайық қалашығының орнында қазірдің өзінде кірпіш күйдіретін пештер, тұрғын үйлер мен кесенелер табылып отыр. Қала іргесіндегі Желтаудың ең биігіне ор­наласқан кесененің бірінің биіктігі 14 метрге дейін жеткені де таң қалдырмай қоймайды. Мұны Орта Азия құрлығы бойынша алғанда да алып құрылыстардың бірі деуге әбден болады. Оралдың орта ғасырлық қала екенінің басты белгісі мен нышандары бүгінгі күні де сақталып қалғанына мысалдар жоқ емес. Айталық мұнда жергілікті жұрт «Басқақ» көпірі деп атап кеткен орам бар. Осы сөз тіркесіндегі басқақ ұғымы Алтын Орда мемлекетіндегі салық жинаушының атауын білдіреді екен. Ұзын сөздің қысқасы қазіргі Орал қаласының орнында XIII ғасырда ең алғашқы қала қонысы пайда болған. Бұл құрғақ ой-пікір емес. Ол XVI-XVIII ғасырдағы Еуропа және орыс ғалымдары жинаған карта-жазбалар мен археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлер арқылы дәлелденген. Тарихшылар тұжырымы осындай. Біз Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі – Оралға қатысты тарихи деректерді неге тізбелеп отырмыз? Мұның мәнісі осыған байланысты тарихи шындықты бүгінгі күні өңірді мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің дұрыс, оң қабылдап отыруында. Бұл өзімізді өзгелерге таныта білуіміздің алғашқы нәтижесі десек қателеспейміз. Осылайша, кеңестік кезеңдегі империялық астамшыл пиғылдың табы шын тарихты қалпына келтіру арқылы сабасына түсті десе де болады. Тағы бір атап өтерлік мәселе – өткен жылдың соңында елдің батыстағы босағасының рухани кеңістігі «Бұрынғы және бүгінгі Орал» атты тарихи очерктер жинағымен толықтырылды. Осынау баға жетпес құнды еңбектің жарық көруіне құрылғанына он жыл толып отырған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бастамашы болды. Академик Карл Байпаков, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаттары Ирина Ерофеева, Светлана Кривобокова және Батыс Қазақстан облыстық архивінің директоры Вячеслав Иночкин секілді білімді де білікті авторлар ұжымының қолынан шыққан қомақты еңбек Орал қаласының тарихына қатысты кереғар әңгімелердің бәріне де нүкте қоя алады демекпіз. Бүгінгі еуразиялық қала – интеграциялық үрдістерді дамыту орталығына айналып келе жатқаны да ақиқат. Өткен жылғы қазанда мұнда көршілес Ресей қалалары – Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград және Қазақстанның батыс өңірлеріндегі Орал, Атырау, Ақтау қалалары мэрлері бас қосып экономика мен бизнесті және мәдениет пен өнерді өзара ынтымақтастық шеңберінде дамыту жөніндегі хат­та­маға қол қойды. Әрі бұл бағытта шекаралас қалалар ара­сындағы біріккен кәсіпорындар қызметін кеңейту туралы байламдар бекітілді. Көршілермен байланысты ұтымды жолға қойған Орал жоғарыда айтып өткеніміздей, тәуелсіздік талаптарының да сапалық биігінен шыға білген өршіл еуразиялық қа­ла. Оның болашағы бұдан да жарқын болатынына да ба­тыс­қазақстандықтардың сенімі берік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».

Еліміздің батыстағы босағасы Орал қаласы таза жағрафиялық, сонымен бірге геосаяси тұрғыдан алғанда өте ұтымды орналасқан. Аталған көне де жаңа шаһар біз үшін Ресейдің еуропалық бөлігіне апаратын қақпа. Ал Еуропа үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай оны еуразиялық қаланың бірегей үлгісі десе де жарасып кететіндей.

Республиканың өзге қалаларымен салыстыра қарағанда Оралдың тағы бір басты ерекшелігі – XVIII және XIX ғасырлардағы сәулет ескерткіштерінің молынан сақталып қалуында. Бұл тарихи ғимараттар жергілікті атқару органдарының қамқорлығына алынып, күрделі жөндеулер мен күтім жасалып тұруында.

Орал қаласы туралы әңгіме қозғаған кезде оның көне де бай тарихы жөнінде айтпай кету еш мүмкін емес. Дәл осы мәселеге қатысты бұған дейін әр түрлі түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктер болып келгені де шындық. Оның туып қалатынын ежелден қоян-қолтық, аралас-құралас болып келген тұрғындардың кінәсінен емес, кеңестік тарих ғылымның ежелгі тарихты бұрмалап көрсетуінде.

«Мысалы Орал өңірінде орта ғасырларда қала болғанын Паллас, Рычков секілді  орыс ғалымдарының өздері айтып кеткен. Бірақ кеңестік кезеңде ешкім бұл жөнінде жұмған ауыздарын ашпады. Қалалық мәдениет пен өркениетті таратушы тек казак-орыстар ғана деген саясат алға шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстан ғалымдары Орал қаласы тарихына қатысты ақиқатты айтуға мүмкіндік алды»,  деді бізге осы материалды газетке әзірлеу барысында тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.

Тарих ғылымы мейлінше дәлдік пен шындықты сүйеді. Өз мамандығына адал, қолдан жасалған кеңестік саясаттың ноқтасына бас имеген ізгі ниетті тарихшы, археолог ғалымдар сол кезде де болғанын Мұрат Наурызғалиұлы байыппен баяндап берді. Соның бірі Федор Давыдов екен. Аталған кеңестік ғалым: Алтын Орда қиратушы, тонаушы, өзгенің үстінен ғана күн көретін масыл мемлекет болған деген тұжырымды нақты дәлелмен жоққа шығарыпты.

Ойдан ой туады. Өткен жылдың қыркүйек айында Орал қаласында «Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілген болатын. Сол бір күндерде Ресей ҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері Э.Д.Зиливинская Алтын Орда қалалары: Шығыс пен Батыс аралығы» атты баяндама жасаған еді. Ол онда Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде тұрғызылған, кейін үлкен мәдениеттің ордасы болған шаһар екенін атап көрсетті: Мысалы бұл жерде табылған шығыс моншасы, зиялы адамдар мен ақсүйектер келетін қоғамдық орын болғанын көрсетеді. Оралдық археологтар мұндай қалаларда міндетті түрде болуға тиіс жұма мешітінің орнын кешікпей табады деп ойлаймын, деген еді Эмма Давыдовна.

Иә, көне Жайық қалашығының орнында қазірдің өзінде кірпіш күйдіретін пештер, тұрғын үйлер мен кесенелер табылып отыр. Қала іргесіндегі Желтаудың ең биігіне ор­наласқан кесененің бірінің биіктігі 14 метрге дейін жеткені де таң қалдырмай қоймайды. Мұны Орта Азия құрлығы бойынша алғанда да алып құрылыстардың бірі деуге әбден болады.

Оралдың орта ғасырлық қала екенінің басты белгісі мен нышандары бүгінгі күні де сақталып қалғанына мысалдар жоқ емес. Айталық мұнда жергілікті жұрт «Басқақ» көпірі деп атап кеткен орам бар. Осы сөз тіркесіндегі басқақ ұғымы Алтын Орда мемлекетіндегі салық жинаушының атауын білдіреді екен. Ұзын сөздің қысқасы қазіргі Орал қаласының орнында XIII ғасырда ең алғашқы қала қонысы пайда болған. Бұл құрғақ ой-пікір емес.

Ол XVI-XVIII ғасырдағы Еуропа және орыс ғалымдары жинаған карта-жазбалар мен археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлер арқылы дәлелденген. Тарихшылар тұжырымы осындай.

Біз Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі – Оралға қатысты тарихи деректерді неге тізбелеп отырмыз? Мұның мәнісі осыған байланысты тарихи шындықты бүгінгі күні өңірді мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің дұрыс, оң қабылдап отыруында. Бұл өзімізді өзгелерге таныта білуіміздің алғашқы нәтижесі десек қателеспейміз. Осылайша, кеңестік кезеңдегі империялық астамшыл пиғылдың табы шын тарихты қалпына келтіру арқылы сабасына түсті десе де болады.

Тағы бір атап өтерлік мәселе – өткен жылдың соңында елдің батыстағы босағасының рухани кеңістігі «Бұрынғы және бүгінгі Орал» атты тарихи очерктер жинағымен толықтырылды. Осынау баға жетпес құнды еңбектің жарық көруіне құрылғанына он жыл толып отырған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бастамашы болды. Академик Карл Байпаков, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаттары Ирина Ерофеева, Светлана Кривобокова және Батыс Қазақстан облыстық архивінің директоры Вячеслав Иночкин секілді білімді де білікті авторлар ұжымының қолынан шыққан қомақты еңбек Орал қаласының тарихына қатысты кереғар әңгімелердің бәріне де нүкте қоя алады демекпіз.

Бүгінгі еуразиялық қала – интеграциялық үрдістерді дамыту орталығына айналып келе жатқаны да ақиқат. Өткен жылғы қазанда мұнда көршілес Ресей қалалары – Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград және Қазақстанның батыс өңірлеріндегі Орал, Атырау, Ақтау қалалары мэрлері бас қосып экономика мен бизнесті және мәдениет пен өнерді өзара ынтымақтастық шеңберінде дамыту жөніндегі хат­та­маға қол қойды. Әрі бұл бағытта шекаралас қалалар ара­сындағы біріккен кәсіпорындар қызметін кеңейту туралы байламдар бекітілді.

Көршілермен байланысты ұтымды жолға қойған Орал жоғарыда айтып өткеніміздей, тәуелсіздік талаптарының да сапалық биігінен шыға білген өршіл еуразиялық қа­ла. Оның болашағы бұдан да жарқын болатынына да ба­тыс­қазақстандықтардың сенімі берік.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Ұқсас материалдар