Қандастар Ассамблея

Бекен М.Әуезовтің үйіне келді

14.11.2013 2217
Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, «Махаббат вальсі» Роза Бағланованың орындауында радиодан шалқыды. Жиі-жиі берілді. Көп ұзамай ресторандарда, перронда, студенттер жатақханасында шырқалды. Отырыс-жиындарда сүй­сіне сөз етіліп, жұрт таңдай қағысып, таңырқады. Сол күндердің бірінде Бекен «Есік» қонақ үйіне келді. Осында ана жолы өзімен бірге орналасқан жігіттер бар еді, солардың бірі аңқылдақ Сапар кездесе кетті. Ол жігіт оған бір хат берді де: «Сыртта жолдастарым күтіп тұр еді, ғафу ет!» деп кетіп қалды. Бекен сәл аңырып, конвертті асығыс ашты. «Інішек Бекен! Сенімен жүздескім келеді. Менің адресім конверттің сыртында, үйге кел. Мұхтар Әуезов» деген жазуды оқыды. Бекен өз көзіне өзі сенбеді. Аң-таң боп тұрды да тездетіп отырып демалыс үйіне қайтты. Әнуарбек сыртта жүр екен. Бекен оған қолындағы хатты үнсіз ұстата салды. Әнуарбек хатқа үңіліп, таңғала күлімсіреді. – Бұл хатты қонақ үйіне Мұхаңның өзі апарып па? – Иә. Администраторға беріп жатқан жерінен Сапар дейтін таныс жігіт көріп қап «мен берейін» деп алыпты. – Япырай, ә, – деді Әнуарбек. – Не істеуім керек, Әнаға? – Бұрын Мұхаңмен жүздесіп пе едің? – Жоқ. – Үйін білуші ме едің? Белгілі үй ғой. – Білмеймін. Мұхаң сияқты құдіретке сопиып жалғыз бару… реті қалай, Әнаға? Әнуарбек ойланып тұрды-тұрды да: – Саспа, Бекенжан, – деді. *    *    * Әнуарбек пен Бекен сол күні Мұхтар Әуезовтің үйіне келді. Есікті Мұхтардың өзі ашты да: – Пәлі, мен сен күжілдекті шақырып па едім? – деді Әнуарбекке қуақылана қарап. – Романыңызды оқығанда Левитан болам да, ал жай кезде күжілдек екем ғой, Мұха, ең алдымен ассалаумағалейкүм! Міне, іздеген Бекеніңіз! – деп қол алыс­ты Әнуарбек. – Өкіреңдеме, Байжанбаев… Сен өзің ай-шай жоқ баса-көктеп барасың ғой, мүлде, а? – Баса көктесем, Мұха, мен Жігітек­пін, Бөжеймін! Оның ішінде Базаралы, Балағазбын! – Алдияр, онда құлдық! Жігітек бол­саң есігім ашық, төр сенікі, Байжан­баев! Қане, жігіттер, кіріңдер! – деп Мұхтар мол денесімен селкілдей күліп, еркелете сөйлеп, екеуін шын ықыласпен үйге кіргізді. Екеуі кең залға өтіп, жайғасып отырды. Мұхтар Әнуарбекке ойлана жымиып қарап тұрды да Бекенге ойыс­ты. Оның жүдеу өңіне тесіле қадалды. Бекеннің киімі жұпыны еді, көйлегі әрсіздеу болған соң қайнап тұрған ыстық күнге қарамай қалың қара көк кос­тюм киіп, қоңыр ала галстук байлаған. Бекеннің сол көзінің шет жағында ағы бар болатын. Мұхтар оны да байқады. Толқынды бұйра шашы өзіне өзгеше көрік береді екен. Оны жылтыратып жатқыза тараған. Мұхтардың өзінен көз аудармай ұзақ қарағаны Бекеннің пысынын қашырды. Қараторы жүзі тершіп, қипыжықтап төмен қарай берді. – Денсаулығың қалай, Бекен?– деді Мұх­тар, оны баяғыдан білетін жанша баурап. – Жақсымын… жақсымын, аға. – Әнді көп шығардың ба? Бекен қымсынып, үндей алмады. – Ән деген жетеді Бекенде,– деп Әнуарбек қыстырыла кетті. – Әндеріңді тыңдап жүрмін. «Қара­ғанды вальсы», «Жазғы кеште», «Сен ғана»… бәрі вальс. Өзге-өзгені неғы­­ла­­йын, сенің бір ғана «Махаббат валь­сің»… Әр суреткердің жұлдызын ерекше биік ететін бір шығармасы бола­ды. Шопеннің «Жетінші вальсі», Огин­скийдің «Полонезі», Глинканың «Вальс-фантазиясы», Алябьевтің «Бұлбұлы», Хамидидің «Қазақ вальсі»… қазақтың есті жұрты үшін енді ғана шырқала бас­таған «Махаббат вальсің» уақыт өте келе сондай сүйікті, аңсаулы шығар­ма болатын түрі бар, оған еш шүбә келтірмеймін. Бекен өз құлағына өзі сенбеді, қып-қызыл боп, қысыла түсті. Мұхтар бірден тебірене сөйлеп, өз сөзіне өзі рахаттанғандай пешенесі жазылып, толқығаны сондай, қозғалақтап кетті. Жазу столындағы қағаздарын реттеп, бір кішкене магнитофонның қақпағын ашып, тоққа жалғады. Магнитофон қызды-ау дегенде оның бір тілін басты. Кәукен Кенжетаев кең тынысты майда қоңыр үнмен «Ақылбайдың әнін» айтты. – Бұл менің бала кезімнен ұққан сүйікті әнім. Архам ағайдың кең тыныс­ты қоңыр үніндей үн қайда, бүгінде. Осы әнді тенор дауысты әншілердің бірде бірі дұрыс айта алмай келеді. Тебіреніс пен құштарлық жетіспей жатады. «Ақылбайдың әнін» ауқымы кең, биік диапазонды қуатты баритон ғана аша алады. Мысалы, Италияның ондай асқақ шырқайтын баритонына биік үнді тенорлардың өзі таңғалады. Кәукен сондай баритон, не деп толғайтынын терең сезінетін, әлбетте, сөз құдіретін білетін есті әнші. Ойлы сезіммен көкірек кере бастағаны ғажап. Қол тие бермейді, ән шіркінді осындай бір орайлы сәтте өстіп тыңдап қоятын әдетім бар, – деді Мұхтар, – ал, мына магнитофонды Москвадағы орыс достарым сыйлап еді. Рахат болды, маған… Әнуарбек те, Бекен де ғұлама алдында дәріс тыңдаған шәкірт секілді бас изей қоштады. Әннің «Сұмдық шықты дейтұғын, ақыл аға» деген сөзіне Мұхтар жеп-жеңіл күрсінгендей бір тәтті қиял құшағында тамылжыды дейсіз. Сөйтіп, күлімсірей ойланып тұрып:– «Жиырма бестей» үһілетіп өтуін қарашы, – деді. Дәл осы кезде кухня жақтан Валя жеңгей де келе қалды. Мұхтар маг­нитофонның тағы бір тілін басты. Бұл «Махаббат вальсі» еді! Роза Бағланованың кербез үні, мөлдірете бастады… – Мен не естіп отырмын, Әнаға? Мұхандай ұлы адамның үйінде менің осы бір елеусіз әнім осылай шалқиды деп кім ойлаған, кім? – деп Бекен естілер-естілмес қана сыбыр етті. Әнуарбек біресе әнге селт етпей зейін қойған Мұхтарға, біресе көзіне жас үйірілген Бекенге жалтақтап қарай берді. – Осындай бір тамаша вальспен-ақ халыққа сүйікті болу қандай керемет, Валя! – деді Мұхтар ойға батқан күйі. – Мұхтар Омарханович бұл вальсті жазудан шаршағанда тыңдайды да, сонан соң Ленинградта оқыған кезін, Әлкей Марғұлан екеуінің би үйірмесіне қатысқанын, вальске құлай беріліп, тез үйренген сәттерін, тіпті футбол ойнағандарын, сол жастық шағын еске алып, рахаттанып отырады. Бізге бұл әнді осы жақында ғана радионың бір қызметкері магнитопленкага көшіріп әкеп берді. Өте әсем вальс! – деп Валя жеңгей де Бекенге өз ілтипатын білдірді. – Халықтың дені интеллигент болған сайын оның бағы ашыла береді, депті Карл Маркс. Сол интеллектіге жеткізетін бір құдірет – музыка! Музыканың вальс жанрына не жетеді… не? Иоганн Штраустардан басталған сол вальсті күндердің күнінде Латиф Хамиди «Қазақ вальсі» деп шалқытқанда: «Бізге вальсомания жат құбылыс» деп оған дүрсе қоя беріп, күпінің битіндей жабылыпты біздің қазақ композиторлары. Қандай ғана өресіздік. Сол «Қазақ вальсі» шырқалған күннен бастап, әсіресе, соғыс жылдарында қазақ халқын әлемге танытты ғой. Әлі де өріс жайып барады. «Махаббат вальсі» де сондай ұлттық колориті жарқын тамаша ән. Қарапайым ғана болмысы еріксіз қызықтырады, таң-тамаша қалдырады. Адамның жүрегіне қона кететін сыры содан болу керек. Және вальс еуропалық музыка мәдениетінің таңғажайып үлгісі ғой. Ол еш уақытты ескірмейді, қайта жаңа заманның жаңаша лебімен құлпыра береді. «Қазақ вальсінен» кейін туған вальстердің ішінде бір сүйсінген әнім Сыдық Мұхамеджановтың «Көктем вальсі» еді, оны Бибігүл Төлегеновадан басқа ешкім келістіріп орындап жүрген жоқ. Оның бір құпиясы – классикалық стильде күрделі жазылғандығы. Ал, дүйім жұрттың жүрегін «Махаббат вальсі» тез арада билеп алды. Нағыз халықтық шығарма. Оның өмірі ұз-а-ақ, – деді Мұхтар толғаулы үні бос бұралған домбыраның үніндей балбырап. Дастарқан басында осылайша мамыражай, ойлы әңгіме басталып, ара-арасында Мұхтар Бекенге домбыра беріп, Арқаның, Абайдың әндерін шерткізіп, дауысына ыңғайлы «Алқоңыр», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін айтқызып көріп, өзі білетін әйгілі әншілерді жыр ғып, ұзақ сыр толғады. Бекеннің бабына келіп шешілген сәтінде «Махаббат вальсін» өз орындауында тыңдады. Осыны дәтке қуат етіп, серпіле түскен Бекен «Махаббат вальсін» тағы бір қайталап айта бергенде оқыс жөтелді. Орамалымен аузын басып, ауызғы бөлмеге шықты. Мұхтар, Валя жеңгей, Әнуарбек үше­уі томсырайып, бір-біріне тіл қата алмады. – Сырқаты бар деп, жайы болмай жүр деп естігем, – деді Мұхтар. – Сәл жаяу жүрсе ентігеді. Тауда де­м­алыс үйінде жатыр қазір. Менің қа­сымда. Тынығып, шираған түрі осы. Айықпас дерті өкпесінде, – деді Әнуарбек. Бекен дастарқанға қайта кеп отырды. Қабағын кірбің шалды. Жүзі сұлық. – Осы вальсті қалай шығардың, Бекен шырағым? – деді Мұхтар оның сынған көңілін сергіткісі келіп. Бекен сұп-сұр болған реңіне қан тола қозғалақтап, өз болмысына сиымсыз өзгеше бір құштарлықпен жайлап қана сөйледі: – Абай мен Тоғжанның махаббаты… Менің бұл сөзімді біреулер жынды адамның шалықтаған бірдемесі деуі де мүмкін. Сонда да болса айтайын, менде дәл сондай махаббат болып еді. Бірақ бұл тағдыр маған оның қызығын көруге жазбады. Ол мені сүюмен өтеді. Мен де солай. Өз басымның ләззаты мен қызығы үшін оның жас ғұмырына, гүлдей үлбіреген балауса кезіне тас жүрек жандай қиянат жасағым келмеді. Ол мен үшін бақыт еді. Біз шынында күдік пен күмәннің не екенін білмедік. Ессіз күйде беріле сүйіппіз. Ол күндер өң бе, түс пе, білмеймін. Ал, мен бір күні өз бақытымнан өзім қаштым. Есі дұрыс дәрмені бар адам қолға қонған құсынан оп-оңай айырыла ма, тегі? Ол – мен үшін бақыт құсы еді… бақыт құсы! Мен бейбақ ол күтпеген сұмдық жайға бардым. «Ессіз жүректің әуресімен сүйіп ем сені, ол – анық! Ал, сен осы бір сәулелі күндерді ұмыт, менімен бақытты бола алмайсың. Жас ғұмырыңды қор қылма маған! Айықпайтын дертім бар, сол айтқызып отыр осы сөзді. Арамызда Жер мен Көктің арасында қалқыған махаббат әні ғана қалады. Ұмыт мені!» дедім. Сөйттім… Сол бір ғажайып жан… нәркес көзінде жылт-жылт еткен кәусар тамшы: «Біз тілеген бақыт осылай ма еді? Бір-бірімізді қалай сүйдік, соның ақыры осылай болды ма?» деді де, одан кейін екеуіміздің де тіліміз байланғандай үнсіз тұнжырадық… Сол тұнжыр кеш осы күнге дейін көз алдымда, екеуіміз де екі көлеңке секілді бірте-бірте бір-бірімізден алыстай бердік. Солай болды… не десеңіздер де сол аяу­лы жан мен сияқты тесік өкпемен қор болмасын дедім. Кейде махаббатты ақыл жеңеді екен, Мұхтар аға, енді сол алтын күндерімнің белгісі боп осы «Махаббат вальсі» ғана қалды… Бекеннің әр сөзі Мұхтардың жүрегін тілгілеп өтті. Көзіне Абай мен Тоғжан елестеді. Ол төмен қараған күйі мұңайып, басын көтермеді. Бір кезде ол еркін жиып ала қойды. Бекенге тілек айтып, өтінетін жан сияқты жалынышты көзбен қарағандай болды ма, әлде оны аянышты сезім қинады ма, ауыр күрсініп: – Шырағым, Бекен, сыртыңнан әр кез сұрастырып, біліп жүрем. Сенің хал-күйің маған біршама мәлім, оны айтпасаң да хабарым бар. Қазір, құдайға шүкір, дәрігерлер де күшті, небір шипалы дәрілер де шығып жатыр. Қандай емхана, қандай курортты қалайсың? Айтшы маған, қолымнан келген көмекті аямайын, шырағым, айтшы, – деді. – Дәріден, бәрінен шағылдым, Мұхтар аға. – Ол мүмкін емес, илан, шырағым, бар өмірің алдыңда ғой. Алдыңда. Айт қысылмай, қалаған жеріңе орналастырайын. Адамның ақыл-ойы жетпейтін еш нәрсе жоқ, бір дауасы табылар. Қол үзбе үміттен. Күйресең күйрей бересің. Мынадай вальс шыққан жүрек… Валя жеңгей көңілі бұзылып, көзіне жас үйірілді. Әнуарбек реңі қашып, тас мүсін боп мүлгіді. – Бекен шырағым, емдетейін сені… Бекен тұнжыраған күйі үндемеді. Кіші бесін болғанда Әнуарбек пен Бекен Мұхтар Әуезовтің үйінен шығып, «Просвещенец» демалыс үйіне қарай жаяу келе жатты. Тау самалы желпіді. Жан сергітер жұпар леп. Құстар үні құйқыл­жыды, қиялды қозғап. Тау шыңда­рындағы сірескен қардың беті жыл­жып бара жатқан күннің нұрымен қы­зыл реңге малынды. Осы құбылыстың бәр-бәрін көріп, үнсіз келе жатқан Бекен: – Мұхаң­ның әлгі бір өбектеген сөзінен артық біздің дімкәс жанға не дауа… не дауа, Әнаға?! Менің өмірім ұзақ секілді, – деп жайнаған жарық дүниеге ынтыға қарады. Ал, тау өзені «Махаббат вальсінің» толқын-толқын боп үйірілген ырға­ғы­­­­­­­­мен шалқып, ақ көбігін аспанға атты. Илья Жақанов

Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, «Махаббат вальсі» Роза Бағланованың орындауында радиодан шалқыды. Жиі-жиі берілді. Көп ұзамай ресторандарда, перронда, студенттер жатақханасында шырқалды. Отырыс-жиындарда сүй­сіне сөз етіліп, жұрт таңдай қағысып, таңырқады.
Сол күндердің бірінде Бекен «Есік» қонақ үйіне келді. Осында ана жолы өзімен бірге орналасқан жігіттер бар еді, солардың бірі аңқылдақ Сапар кездесе кетті. Ол жігіт оған бір хат берді де: «Сыртта жолдастарым күтіп тұр еді, ғафу ет!» деп кетіп қалды. Бекен сәл аңырып, конвертті асығыс ашты. «Інішек Бекен! Сенімен жүздескім келеді. Менің адресім конверттің сыртында, үйге кел. Мұхтар Әуезов» деген жазуды оқыды. Бекен өз көзіне өзі сенбеді. Аң-таң боп тұрды да тездетіп отырып демалыс үйіне қайтты. Әнуарбек сыртта жүр екен. Бекен оған қолындағы хатты үнсіз ұстата салды. Әнуарбек хатқа үңіліп, таңғала күлімсіреді.
– Бұл хатты қонақ үйіне Мұхаңның өзі апарып па?
– Иә. Администраторға беріп жатқан жерінен Сапар дейтін таныс жігіт көріп қап «мен берейін» деп алыпты.
– Япырай, ә, – деді Әнуарбек.
– Не істеуім керек, Әнаға?
– Бұрын Мұхаңмен жүздесіп пе едің?
– Жоқ.
– Үйін білуші ме едің? Белгілі үй ғой.
– Білмеймін. Мұхаң сияқты құдіретке сопиып жалғыз бару… реті қалай, Әнаға?
Әнуарбек ойланып тұрды-тұрды да: – Саспа, Бекенжан, – деді.
*    *    *
Әнуарбек пен Бекен сол күні Мұхтар Әуезовтің үйіне келді. Есікті Мұхтардың өзі ашты да: – Пәлі, мен сен күжілдекті шақырып па едім? – деді Әнуарбекке қуақылана қарап.
– Романыңызды оқығанда Левитан болам да, ал жай кезде күжілдек екем ғой, Мұха, ең алдымен ассалаумағалейкүм! Міне, іздеген Бекеніңіз! – деп қол алыс­ты Әнуарбек.
– Өкіреңдеме, Байжанбаев… Сен өзің ай-шай жоқ баса-көктеп барасың ғой, мүлде, а?
– Баса көктесем, Мұха, мен Жігітек­пін, Бөжеймін! Оның ішінде Базаралы, Балағазбын!
– Алдияр, онда құлдық! Жігітек бол­саң есігім ашық, төр сенікі, Байжан­баев! Қане, жігіттер, кіріңдер! – деп Мұхтар мол денесімен селкілдей күліп, еркелете сөйлеп, екеуін шын ықыласпен үйге кіргізді.
Екеуі кең залға өтіп, жайғасып отырды. Мұхтар Әнуарбекке ойлана жымиып қарап тұрды да Бекенге ойыс­ты. Оның жүдеу өңіне тесіле қадалды. Бекеннің киімі жұпыны еді, көйлегі әрсіздеу болған соң қайнап тұрған ыстық күнге қарамай қалың қара көк кос­тюм киіп, қоңыр ала галстук байлаған. Бекеннің сол көзінің шет жағында ағы бар болатын. Мұхтар оны да байқады. Толқынды бұйра шашы өзіне өзгеше көрік береді екен. Оны жылтыратып жатқыза тараған. Мұхтардың өзінен көз аудармай ұзақ қарағаны Бекеннің пысынын қашырды. Қараторы жүзі тершіп, қипыжықтап төмен қарай берді.
– Денсаулығың қалай, Бекен?– деді Мұх­тар, оны баяғыдан білетін жанша баурап.
– Жақсымын… жақсымын, аға.
– Әнді көп шығардың ба?
Бекен қымсынып, үндей алмады.
– Ән деген жетеді Бекенде,– деп Әнуарбек қыстырыла кетті.
– Әндеріңді тыңдап жүрмін. «Қара­ғанды вальсы», «Жазғы кеште», «Сен ғана»… бәрі вальс. Өзге-өзгені неғы­­ла­­йын, сенің бір ғана «Махаббат валь­сің»… Әр суреткердің жұлдызын ерекше биік ететін бір шығармасы бола­ды. Шопеннің «Жетінші вальсі», Огин­скийдің «Полонезі», Глинканың «Вальс-фантазиясы», Алябьевтің «Бұлбұлы», Хамидидің «Қазақ вальсі»… қазақтың есті жұрты үшін енді ғана шырқала бас­таған «Махаббат вальсің» уақыт өте келе сондай сүйікті, аңсаулы шығар­ма болатын түрі бар, оған еш шүбә келтірмеймін.
Бекен өз құлағына өзі сенбеді, қып-қызыл боп, қысыла түсті. Мұхтар бірден тебірене сөйлеп, өз сөзіне өзі рахаттанғандай пешенесі жазылып, толқығаны сондай, қозғалақтап кетті. Жазу столындағы қағаздарын реттеп, бір кішкене магнитофонның қақпағын ашып, тоққа жалғады. Магнитофон қызды-ау дегенде оның бір тілін басты. Кәукен Кенжетаев кең тынысты майда қоңыр үнмен «Ақылбайдың әнін» айтты.
– Бұл менің бала кезімнен ұққан сүйікті әнім. Архам ағайдың кең тыныс­ты қоңыр үніндей үн қайда, бүгінде. Осы әнді тенор дауысты әншілердің бірде бірі дұрыс айта алмай келеді. Тебіреніс пен құштарлық жетіспей жатады. «Ақылбайдың әнін» ауқымы кең, биік диапазонды қуатты баритон ғана аша алады. Мысалы, Италияның ондай асқақ шырқайтын баритонына биік үнді тенорлардың өзі таңғалады. Кәукен сондай баритон, не деп толғайтынын терең сезінетін, әлбетте, сөз құдіретін білетін есті әнші. Ойлы сезіммен көкірек кере бастағаны ғажап. Қол тие бермейді, ән шіркінді осындай бір орайлы сәтте өстіп тыңдап қоятын әдетім бар, – деді Мұхтар, – ал, мына магнитофонды Москвадағы орыс достарым сыйлап еді. Рахат болды, маған…
Әнуарбек те, Бекен де ғұлама алдында дәріс тыңдаған шәкірт секілді бас изей қоштады. Әннің «Сұмдық шықты дейтұғын, ақыл аға» деген сөзіне Мұхтар жеп-жеңіл күрсінгендей бір тәтті қиял құшағында тамылжыды дейсіз. Сөйтіп, күлімсірей ойланып тұрып:– «Жиырма бестей» үһілетіп өтуін қарашы, – деді.
Дәл осы кезде кухня жақтан Валя жеңгей де келе қалды. Мұхтар маг­нитофонның тағы бір тілін басты. Бұл «Махаббат вальсі» еді! Роза Бағланованың кербез үні, мөлдірете бастады…
– Мен не естіп отырмын, Әнаға? Мұхандай ұлы адамның үйінде менің осы бір елеусіз әнім осылай шалқиды деп кім ойлаған, кім? – деп Бекен естілер-естілмес қана сыбыр етті.
Әнуарбек біресе әнге селт етпей зейін қойған Мұхтарға, біресе көзіне жас үйірілген Бекенге жалтақтап қарай берді.
– Осындай бір тамаша вальспен-ақ халыққа сүйікті болу қандай керемет, Валя! – деді Мұхтар ойға батқан күйі.
– Мұхтар Омарханович бұл вальсті жазудан шаршағанда тыңдайды да, сонан соң Ленинградта оқыған кезін, Әлкей Марғұлан екеуінің би үйірмесіне қатысқанын, вальске құлай беріліп, тез үйренген сәттерін, тіпті футбол ойнағандарын, сол жастық шағын еске алып, рахаттанып отырады. Бізге бұл әнді осы жақында ғана радионың бір қызметкері магнитопленкага көшіріп әкеп берді. Өте әсем вальс! – деп Валя жеңгей де Бекенге өз ілтипатын білдірді.
– Халықтың дені интеллигент болған сайын оның бағы ашыла береді, депті Карл Маркс. Сол интеллектіге жеткізетін бір құдірет – музыка! Музыканың вальс жанрына не жетеді… не? Иоганн Штраустардан басталған сол вальсті күндердің күнінде Латиф Хамиди «Қазақ вальсі» деп шалқытқанда: «Бізге вальсомания жат құбылыс» деп оған дүрсе қоя беріп, күпінің битіндей жабылыпты біздің қазақ композиторлары. Қандай ғана өресіздік. Сол «Қазақ вальсі» шырқалған күннен бастап, әсіресе, соғыс жылдарында қазақ халқын әлемге танытты ғой. Әлі де өріс жайып барады. «Махаббат вальсі» де сондай ұлттық колориті жарқын тамаша ән. Қарапайым ғана болмысы еріксіз қызықтырады, таң-тамаша қалдырады. Адамның жүрегіне қона кететін сыры содан болу керек. Және вальс еуропалық музыка мәдениетінің таңғажайып үлгісі ғой. Ол еш уақытты ескірмейді, қайта жаңа заманның жаңаша лебімен құлпыра береді. «Қазақ вальсінен» кейін туған вальстердің ішінде бір сүйсінген әнім Сыдық Мұхамеджановтың «Көктем вальсі» еді, оны Бибігүл Төлегеновадан басқа ешкім келістіріп орындап жүрген жоқ. Оның бір құпиясы – классикалық стильде күрделі жазылғандығы. Ал, дүйім жұрттың жүрегін «Махаббат вальсі» тез арада билеп алды. Нағыз халықтық шығарма. Оның өмірі ұз-а-ақ, – деді Мұхтар толғаулы үні бос бұралған домбыраның үніндей балбырап.
Дастарқан басында осылайша мамыражай, ойлы әңгіме басталып, ара-арасында Мұхтар Бекенге домбыра беріп, Арқаның, Абайдың әндерін шерткізіп, дауысына ыңғайлы «Алқоңыр», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін айтқызып көріп, өзі білетін әйгілі әншілерді жыр ғып, ұзақ сыр толғады. Бекеннің бабына келіп шешілген сәтінде «Махаббат вальсін» өз орындауында тыңдады. Осыны дәтке қуат етіп, серпіле түскен Бекен «Махаббат вальсін» тағы бір қайталап айта бергенде оқыс жөтелді. Орамалымен аузын басып, ауызғы бөлмеге шықты.
Мұхтар, Валя жеңгей, Әнуарбек үше­уі томсырайып, бір-біріне тіл қата алмады.
– Сырқаты бар деп, жайы болмай жүр деп естігем, – деді Мұхтар.
– Сәл жаяу жүрсе ентігеді. Тауда де­м­алыс үйінде жатыр қазір. Менің қа­сымда. Тынығып, шираған түрі осы. Айықпас дерті өкпесінде, – деді Әнуарбек.
Бекен дастарқанға қайта кеп отырды. Қабағын кірбің шалды. Жүзі сұлық.
– Осы вальсті қалай шығардың, Бекен шырағым? – деді Мұхтар оның сынған көңілін сергіткісі келіп.
Бекен сұп-сұр болған реңіне қан тола қозғалақтап, өз болмысына сиымсыз өзгеше бір құштарлықпен жайлап қана сөйледі: – Абай мен Тоғжанның махаббаты… Менің бұл сөзімді біреулер жынды адамның шалықтаған бірдемесі деуі де мүмкін. Сонда да болса айтайын, менде дәл сондай махаббат болып еді. Бірақ бұл тағдыр маған оның қызығын көруге жазбады. Ол мені сүюмен өтеді. Мен де солай. Өз басымның ләззаты мен қызығы үшін оның жас ғұмырына, гүлдей үлбіреген балауса кезіне тас жүрек жандай қиянат жасағым келмеді. Ол мен үшін бақыт еді.
Біз шынында күдік пен күмәннің не екенін білмедік. Ессіз күйде беріле сүйіппіз. Ол күндер өң бе, түс пе, білмеймін. Ал, мен бір күні өз бақытымнан өзім қаштым. Есі дұрыс дәрмені бар адам қолға қонған құсынан оп-оңай айырыла ма, тегі? Ол – мен үшін бақыт құсы еді… бақыт құсы! Мен бейбақ ол күтпеген сұмдық жайға бардым. «Ессіз жүректің әуресімен сүйіп ем сені, ол – анық! Ал, сен осы бір сәулелі күндерді ұмыт, менімен бақытты бола алмайсың. Жас ғұмырыңды қор қылма маған! Айықпайтын дертім бар, сол айтқызып отыр осы сөзді. Арамызда Жер мен Көктің арасында қалқыған махаббат әні ғана қалады. Ұмыт мені!» дедім. Сөйттім… Сол бір ғажайып жан… нәркес көзінде жылт-жылт еткен кәусар тамшы: «Біз тілеген бақыт осылай ма еді? Бір-бірімізді қалай сүйдік, соның ақыры осылай болды ма?» деді де, одан кейін екеуіміздің де тіліміз байланғандай үнсіз тұнжырадық… Сол тұнжыр кеш осы күнге дейін көз алдымда, екеуіміз де екі көлеңке секілді бірте-бірте бір-бірімізден алыстай бердік. Солай болды… не десеңіздер де сол аяу­лы жан мен сияқты тесік өкпемен қор болмасын дедім. Кейде махаббатты ақыл жеңеді екен, Мұхтар аға, енді сол алтын күндерімнің белгісі боп осы «Махаббат вальсі» ғана қалды…
Бекеннің әр сөзі Мұхтардың жүрегін тілгілеп өтті. Көзіне Абай мен Тоғжан елестеді. Ол төмен қараған күйі мұңайып, басын көтермеді. Бір кезде ол еркін жиып ала қойды. Бекенге тілек айтып, өтінетін жан сияқты жалынышты көзбен қарағандай болды ма, әлде оны аянышты сезім қинады ма, ауыр күрсініп: – Шырағым, Бекен, сыртыңнан әр кез сұрастырып, біліп жүрем. Сенің хал-күйің маған біршама мәлім, оны айтпасаң да хабарым бар. Қазір, құдайға шүкір, дәрігерлер де күшті, небір шипалы дәрілер де шығып жатыр. Қандай емхана, қандай курортты қалайсың? Айтшы маған, қолымнан келген көмекті аямайын, шырағым, айтшы, – деді.
– Дәріден, бәрінен шағылдым, Мұхтар аға.
– Ол мүмкін емес, илан, шырағым, бар өмірің алдыңда ғой. Алдыңда. Айт қысылмай, қалаған жеріңе орналастырайын. Адамның ақыл-ойы жетпейтін еш нәрсе жоқ, бір дауасы табылар. Қол үзбе үміттен. Күйресең күйрей бересің. Мынадай вальс шыққан жүрек…
Валя жеңгей көңілі бұзылып, көзіне жас үйірілді. Әнуарбек реңі қашып, тас мүсін боп мүлгіді.
– Бекен шырағым, емдетейін сені…
Бекен тұнжыраған күйі үндемеді.
Кіші бесін болғанда Әнуарбек пен Бекен Мұхтар Әуезовтің үйінен шығып, «Просвещенец» демалыс үйіне қарай жаяу келе жатты. Тау самалы желпіді. Жан сергітер жұпар леп. Құстар үні құйқыл­жыды, қиялды қозғап. Тау шыңда­рындағы сірескен қардың беті жыл­жып бара жатқан күннің нұрымен қы­зыл реңге малынды. Осы құбылыстың бәр-бәрін көріп, үнсіз келе жатқан Бекен: – Мұхаң­ның әлгі бір өбектеген сөзінен артық біздің дімкәс жанға не дауа… не дауа, Әнаға?! Менің өмірім ұзақ секілді, – деп жайнаған жарық дүниеге ынтыға қарады.
Ал, тау өзені «Махаббат вальсінің» толқын-толқын боп үйірілген ырға­ғы­­­­­­­­мен шалқып, ақ көбігін аспанға атты.

Илья Жақанов

Ұқсас материалдар