Қандастар Ассамблея

Кемел Тоқаев

13.11.2013 9515
Мен өзімнің қаламгерлік ұзақ өмірімде талай-талай адамдар туралы мақалалар, очерк­тер, кітаптар жазған адаммын. Бірақ сонау бала кезімнен, дәлірек айтқанда 1953 жылдан бері білетін, талай жерде дәмдес болған осы бір абзал аға туралы бірде-бір рет қалам тартпаппын. Өмірдің ағысы солай болды ма, әлде өзімнің ықтиятсыздығымнан ба, ол жағын түсіне алмадым. Соның реті енді келгендей. Әңгіме көрнекті жазушы, ардақты азамат, жауынгер патриот Кемел Тоқаев туралы болғалы отыр. 1953 жылдың күзінде сонау Талдықорған ауданының Шұбар орта мектебінде оқитын екі дос – Ғазиз Саурықбаев пен мен 9-сыныпты қалада жалғастырмақ болып Алматыға келдік. Ғазиз Алматы ет комбинатына жақын жердегі ТЭЦ-тің дәл түбінде тұратын апайының үйіне, мен Ұйғыр көшесі жағындағы Садуақас Оспановтың пәтеріне тұмсық тіредім. Оқас (Садуақас) ағамыз Алматы қаржы техникумын бітірген, кейіннен Ұзынағаштағы аудандық банк бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған абыройлы әрі қайырымды адам еді. Әсіресе, жеңешем өте аяулы адам болатын. Мен сол жолы астанадағы №18 орта мектептің 9-сыныбына қабылдандым да, Ғазиз көп ұзамай ауылына қайтып кетті. Ол кейін Талдықорғанның Қапал жағындағы Зерносовхоз дейтін жерге барып қоныс тепті. Келіншегі Күләшпен қазірде де сонда тұрады. Бір қызығы, Ғазиз Саурықбаев досымның ТЭЦ жақта тұратын әлгі апайы өзім қатты сыйлайтын Кемел Тоқаевтың да туысы еді. Ол кезде Кемекең «Қазақстан пионері» газетінде редактор қызметін атқарды. Әйтеуір осы бір алақандай газеттің біздің бала жүрегімізге балдай жағатыны әлі күнге есімде. Кемел ағамен кеңірек таныстығымыз 1960 жылдардың басында басталды. Мен ол кезде «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейтінмін. Кемекең болса Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысында» бас редактор еді. Бұл кезде мен Кемекеңнің «Тасқын» және «Көмескі із» атты шытырман оқиғаларға толы повестерін оқып қойғанмын. Маған әсіресе оның алыстан орағытпай, шұбырынды шешендікке салынбай, қазақтың қарапайым тілімен баяндайтын ұтқыр ойлары, өткір диалогтары ұнаған. Оқиғаларды ойдан шығаратын жасанды тартыс дегеніңіз Кемекеңде мүлдем кездеспейтіні де есімде. Жас алшақтығынан болды ма, Кемекеңмен көп сырласқан емес­пін. Ол маған қол жетпес құз секілді, аса айбынды көрінетін. Оның үстіне курстас досым Қоғабай Сәрсекеев секілді қалың топтың ішіне қаймықпастан кіріп кететін батылдығым да жоқ, тартыншақтау болдым. Осының сырын өзім де түсінбеймін. Әлде жастайымнан жетім қалып, қатал тағдырдың түртпегін көп көргендіктен басылып қалдым ба екен? Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мәскеуге іссапарымен баруымыз жиілеп кетіп еді. Билет керек кезінде табыла бермейді. Сондай қысылған кезде мен ылғи Кемел ағама телефон шалатынмын. Өзінің жақын санайтын адамдарынан жақсылығын аямайтын Кемекең екі ауыз сөзге келместен Жоғарғы Кеңестің бронынан билет алып беріп жүрді. Осы әдет бір емес, бірнеше жылға созылды. Мазалай бергеніме қысылып та жүрдім. Бірақ қол қысқа, амалым бар ма, өтініш айтпай тұра алмайсың. Ол кезде жазушының шығар­малары баспасөз беттерінде жиі шығатын. Кезекті бір шығар­масының үзіндісін «Лениншіл жас» газетінде де жариялауға себепкер болғаным бар. «Мен дайын, жолдас полковник!» деп аталатын сол үзіндіні өз қолымен сеніп бергені тап бүгінгідей есімде. Қазақта: «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген мәтел бар. Оқтай атылған тура сөз. Олай дейтінім Кемекеңе еліктеп мен де шытырман тақырыпқа бет бұруды ойлап жүрдім. Кемекең дидарласа қал­ғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатындығын жиі еске салатын. Ағаның сол айтқандары аумай келді. Ол халқының тағдыры үшін, ертеңгі нұрлы болашақ үшін адал еңбек етті. Уақыттың талап-тілегін азаматтықпен адал атқарды. Ел мүддесін, Отан мүддесін майданда қарумен, бейбіт күнде қаламмен қорғады. Өзінің 63 жылдық қысқа ғұмырында адамгершілік атты ұлы идеяға дақ түсірмей, өз Отанының шын патриоты бола білді. Жоғарыда мен Кемекеңе ұқсап детективке бет бұрғым келетінін айттым ғой. Ол менің қолымнан келмеді. Бірақ бәрібір осы қызығы мол жанрдан қол үзіп кете алмадым. Сол кезде газет оқырмандарын көбірек тарту үшін шытырман оқиғалы шығармаларды оқта-текте аударып басып отыратын әдет бар болатын. Сол дәстүр бойынша 1971 жылы мен де Геннадий Голышевтің «Шатун» повесін «Саяқ» деген атпен аудардым. Ол кезде қазіргідей қаптаған газет жоқ. «Лениншіл жас» жұртшылықтың сүйіп оқитын газеті болғандықтан тез тарайтын. Әдетте, сағат 8 болмай газет дүңгіршектерінің алдында тізіліп тұратын оқырмандарды көретінбіз. Сағат тілі дәл 9-да Кемел ағам теле­фон соқты. Баяғы байсалды әрі қысқа сөйлейтін қатқылдау даусын бірден таныдым. – Құптаймын, құттықтаймын. Нұрмолда Алдабергенов туралы очерктеріңді онша қабылдай қой­­ған жоқ едім. Ол кісі туралы ақса­қалымыз Сәбит Мұқанов та, Сәуірбек Бақбергенов те жазды. Бай­қайсың ба, дақпырт көп. Ал мына аудармаң, әсіресе орыс мінезін, тайга тіршілігін қазақ жұртына дәл жеткізе білгенің үміттендіреді. Империя алтынын тай­гадағы сарқырамаға тығып, Ав­стралия асырып жібермек болған ақгвардияшылар операциясының жо­лын кесу қандай әсерлі шыққан, – деді. Мақтағанды кім жек көрсін, әжептәуір риза болып қалдым. Әрқашанда шындықтан асып көр­­меген асыл ағамның сараңдау болса да жылы жүрегінен шыққан сөзі кейін менің Майн Ридтің «Оцеола – cеминолдар көсемі», Сэтон Томпсонның «Кішкентай жабайылар», Уильям Фолкнердің «Сарторис», «Аю», «Аруақты қор­лау», КСРО Бас прокуроры болған Анатолий Безруковтың «Қыл­мыскерлер» повесть, романдарын сәтті аударуыма жол ашты. 1973 жылдың күзінде Кемел Тоқаев өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол кезде тойды қазіргідегідей ашылып-шашылып үлкен мейрамханаларда өткізу деген өте сирек болатын. Кемел ағамыз да өзінің пәтерінде ақ дастарқанын жайды. Ол атақты әнші апамыз Роза Бағлановамен көршілес тұратын еді. Барған сайын алыстап бара жатқан сол бір бақытты күндерге көз жіберсем, жүрегім сыздайды. Бақандай 40 жыл өтіп кеткен. Кемел ағамның ер тұлғасы мен Тұрар жеңгемнің ақсарылау, шуақты жылы жүзі көз алдымнан кетер ме! Сол дас­тарқанда Мәскеудің Xалықаралық қатынастар институтында оқитын ұлы болды ма, болмады ма – есімде қалмапты. Бірақ бойжетіп қалған екі қызы – Салтанат пен Қарлығаның әкелеріне деген ілтипаты есімде сайрап тұр. Отырыстың көрігін қыздырған жазушы­лығымен де, әншілігімен де аты шығып жүрген Совхозбек Тоғысбаев болды. Кейінірек совхозын «таратып» жіберіп, Бек Тоғыс­баев атанғанда құрдастары біраз жылдарға дейін «бұл қалай?» деп әзілдеп жүрді. Бектің баритон дауысы бірден баурап алатын. Ол қыза келіп халық әндерін аңыратқанына талай рет куә болдық. Әсіресе, әлемге әйгілі «Фи­гаро» және «Вернись в Сореенто» әндерін итальянша құйқылжытқанда кім де болса аузын ашып қалатын. Бек ағамыздың итальянша не айтып тұрғанын қайдан білсін, асқақ естілетін әуені үшін дүркіретіп қол шапалақтайтын. Бек ағамыздың үйіндегі домбырасын бір-екі қағып көрді де жаратпай тастады. Көршілерінен алдырған домбыра да көңілінен шықпады. Біздің үй де Кемекең үйінен онша алыс емес еді. Әдемі кештің әрін домбыра кіргізетінін білген соң, мен өз үйімдегі қолдан жонып жасаған кішілеу домбырамды алып келдім. Бекеңе менің домбырам ғана сәл-пәл ұнағандай болды. Әнші ағамыз әнді ал келіп аңыратсын! Сапар Байжанов ағамыздың да бірқақпайы бар болатын. Ол да арасында қосылып отырды. Кемекең өзінің Сапар Байжанов, Мүсілім Базарбаев, Баймырза Дәу­ренбеков сияқты жақын достарын шәйға шақырғанда мені де қал­дырмайтын. Сондайда басымнан кеш­кен бір қызық жағдайды айта кетейін. Қонаққа құрқол бара алмайсың. Ол кезде дәуле­тіміз де шағын. Не аларымызды білмей қиналатын едік. «Алматы» қонақ үйінің бірінші қабатындағы «Сувенир» дүкенінде таза алтын сағаттар, күмістен құйылған 6 адамдық ыдыстар толып тұратын. Бағасы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Қаз мойынды, бүйірі үнді әшекейіне толы жез құмыра біз үшін қолжетімділеу көрінді. Жеңгемізге ұсынатын бір десте гүлімізге қосып соны алдық. Сөйтсек, сол жолы шақырылған қонақтардың бәрі де сыйлыққа әлгіндей құмыра алыпты. Мұндайға ағамыз мән бермегенмен, Тұрар жеңгем ылғи күлімдеп жүретін қалпымен жұмсақ қана жымың етіп: «Қарық қылдыңдар ғой құмыраға», деді. Естімеген болып, өте шықтық. Әрқашан да мұнтаздай сұлу киінетін Мүсілім Базарбаев ағамыз да сәл қызарғандай болды. Осындай аз-кем қиыншылығы мен қызыққа толы базарлы өмір дүркіреп өтіп жатты. Бірде АПН тілшісінің СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А. Қонаевпен жүргізген бір беттік сұхбаты келе қалды. Сұхбатпен қоса Димекеңнің үлкен суреті қоса беріліпті. Ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары қызметіндемін. Бастығым науқастанып үйінде жатқан. Дереу телефон соғып, не істерімді білмей қиналып отырғанымды жеткіздім. Қиналатыным, ол кезде мұндай аса жауапты материалды «Лениншіл жас» секілді жастар газеті Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР Министрлер Советінің және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының органы болып саналатын аға газеттен бұрын жариялауға болмайтын жазылмаған заң бар. Бас басылым «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), ешқашанда мұндай ресми материалды жастар газетінен көшіріп басуға тиісті емес. Тәртіп сондай. Не істеу керек? «Былай жүрсең арба сынады, былай барсаң өгіз өледі». Бастығым мұны менен де жақсы түсінеді. Бірақ шешімді жауабын ол кісі де айта алмады. «Газетке қол қойып отырсың ғой, өзің біл» деді де телефон тұтқасын қоя салды. Науқастанып жатқан адамды мазалағаныма өзім де ыңғайсызданып қалдым. Ол кісінікі дұрыс. Ал «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылары не дер екен? Басқадан гөрі газет редакторының бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлына батылдау едім, телефон шалдым. Ол кісі: «Материал біздің поштаға түскен жоқ, Мәткерім. Сондықтан саған былай істе деп ешқандай ақыл айта алмаймын» деген тұжырымды ойын айтты. Бәкеңдікі де жөн сөз. Бірақ материалды жатқызып қоюға болмайды. Сондықтан «не бел кетер, не белбеу кетер» деген тәуекелмен сұхбатты нөмірге салғызып жібердім. Таңертең Димаш ағамыздың жымиып отыратын жылы жүзі газет бетіне жарқ етіп шыға келді. Былайғы жұрт нені біледі, ал газет қызметкерлері у-шу. Шулай берсін дедім де отыра бердім. Бұл дүрмек осымен қалатын да еді, егер пысықай біреулер отқа май құйып жібермегенде. Сағат оннан аса бергенде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысының көмекшісі Көрік Дүйсеев телефон соғып, «Сені сағат 12-ге хатшы шақырып жатыр» деді. Көрікті жақсы білемін, өзіміз үйлендірген қатарлас жігіт. Бірақ неге шақыратынын ашып айтпады. Айтпағанмен ішім сезеді. Ойым онға, санам жүзге бөлініп жанашыр ағам Кемекеңе хабарластым. Ол кісі кесіп бір-ақ айтатын әдетімен: – Мұндай сөзді ертерек айтар болар, қазір сағат он бір болып қалды. Жарайды, қорықпа, бара бер, – деді. Саттар Нұрмашұлы Имашевтің алдында бірінші болуым. Үкімет үйінің күншығыс қанатындағы шағындау бөлмесінде күтіп отыр екен. Кісіге сығырайып ұзақ қарайтын жылы жүзді, толық денелі адам еді. Біраз үнсіздіктен кейін ғана қолындағы ұшталған бір уыс қарындаштарын үстелге тықылдатып отырып: – Әй! – деді. – Өткенде түк тап­пағандай Ісләм Жарылғаповтың «Тілім өлсе, өлгенім өзімнің де» деген өлеңін жариялаған кезде үндемеп едім. Сонда сені «ұлтшыл» деп талай адам звондаған. Бақытың бар екен, бала, 37-нің заманы болса, сенімен бүйтіп сөйлеспеген болар едік, – деді. Үлкен адамның өзімсіне сөйлегеніне ішім жылып қалды. – Ал бүгінгің мынау, – деді. – Қып-қызыл жалаудай жанып тұратын кезің емес пе! Сенің жасыңда Ғани Мұратбаев қандай еді, есіңе түсірші. Сенің бағатының ұлтшылдық бықсық емес, отаншылдық болуы керек! – деп бір тоқтады. – Әзірге ауызша сөгіс беремін, жүре бер. Осының алдында Фрунзе (қазір­гі Медеу) аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Л. Крашенинникова бюрода менің партиялылығымды қарағалы жатыр дегенді естігенмін. Абырой болғанда Саттар Нұрмашұлының қабылдауынан кейін мұның бәрі жайына қалды. Мен саған жақсылық жасадым деп Кемел ағам айтқан жоқ, жақсылығыңызды ұмытпаспын деп мен айтпадым. Кемел ағам бір күні телефон соғып, мені өзі істейтін «Жаршыға» аға редакторлық жұмысқа шақырды. Шынымды айтайын, «Лениншіл жас­тай» көңілді ортаны қимадым. Оның үстіне аға редакторлық менің баяғыда жүріп өткен жолым. Тым ресми ортада тас мүсіндей қатып, қозғалмай отыруға төзімім жете ме, жоқ па, деп ойладым. Сондықтан бірден жауап бере алмадым. Ұмытпасам, 1975-тің жазында болар, бір оңаша кездескенде Кемекең әлгі ұсынысын тағы да айтты. Бұл жолы да тәуекел ете алмадым. Жастардың ортасындағы абыройлы қызметімді қимадым. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінің беделі биік болатын. Ол Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдах­­мет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Әбіш Кекілбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қалихан Ысқақов, Рымғали Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, т.б түлеген құт мекен еді, қаламгерлердің нағыз ұстаханасы болатын. Кемел аға алдымен «Қазақстан пионерінде», одан кейін «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде қызметтер атқарды.   Кемел Тоқаев – өзі өмір сүрген қоғамның қасіреті болған жат тірлікті шытырман оқиғаларға желі етіп, сабақ алар, салмақты мұра қалдырған дарын иесі еді. Оның қаламынан туған еңбектерінде отаншылдық рух, ұлттық патриотизм тайға таңба басқандай көрініп тұратын. Мәткерім ӘКІМЖАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Мен өзімнің қаламгерлік ұзақ өмірімде талай-талай адамдар туралы мақалалар, очерк­тер, кітаптар жазған адаммын. Бірақ сонау бала кезімнен, дәлірек айтқанда 1953 жылдан бері білетін, талай жерде дәмдес болған осы бір абзал аға туралы бірде-бір рет қалам тартпаппын. Өмірдің ағысы солай болды ма, әлде өзімнің ықтиятсыздығымнан ба, ол жағын түсіне алмадым. Соның реті енді келгендей. Әңгіме көрнекті жазушы, ардақты азамат, жауынгер патриот Кемел Тоқаев туралы болғалы отыр.

1953 жылдың күзінде сонау Талдықорған ауданының Шұбар орта мектебінде оқитын екі дос – Ғазиз Саурықбаев пен мен 9-сыныпты қалада жалғастырмақ болып Алматыға келдік. Ғазиз Алматы ет комбинатына жақын жердегі ТЭЦ-тің дәл түбінде тұратын апайының үйіне, мен Ұйғыр көшесі жағындағы Садуақас Оспановтың пәтеріне тұмсық тіредім. Оқас (Садуақас) ағамыз Алматы қаржы техникумын бітірген, кейіннен Ұзынағаштағы аудандық банк бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған абыройлы әрі қайырымды адам еді. Әсіресе, жеңешем өте аяулы адам болатын. Мен сол жолы астанадағы №18 орта мектептің 9-сыныбына қабылдандым да, Ғазиз көп ұзамай ауылына қайтып кетті. Ол кейін Талдықорғанның Қапал жағындағы Зерносовхоз дейтін жерге барып қоныс тепті. Келіншегі Күләшпен қазірде де сонда тұрады.

Бір қызығы, Ғазиз Саурықбаев досымның ТЭЦ жақта тұратын әлгі апайы өзім қатты сыйлайтын Кемел Тоқаевтың да туысы еді. Ол кезде Кемекең «Қазақстан пионері» газетінде редактор қызметін атқарды. Әйтеуір осы бір алақандай газеттің біздің бала жүрегімізге балдай жағатыны әлі күнге есімде.

Кемел ағамен кеңірек таныстығымыз 1960 жылдардың басында басталды. Мен ол кезде «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейтінмін. Кемекең болса Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысында» бас редактор еді. Бұл кезде мен Кемекеңнің «Тасқын» және «Көмескі із» атты шытырман оқиғаларға толы повестерін оқып қойғанмын. Маған әсіресе оның алыстан орағытпай, шұбырынды шешендікке салынбай, қазақтың қарапайым тілімен баяндайтын ұтқыр ойлары, өткір диалогтары ұнаған. Оқиғаларды ойдан шығаратын жасанды тартыс дегеніңіз Кемекеңде мүлдем кездеспейтіні де есімде.

Жас алшақтығынан болды ма, Кемекеңмен көп сырласқан емес­пін. Ол маған қол жетпес құз секілді, аса айбынды көрінетін. Оның үстіне курстас досым Қоғабай Сәрсекеев секілді қалың топтың ішіне қаймықпастан кіріп кететін батылдығым да жоқ, тартыншақтау болдым. Осының сырын өзім де түсінбеймін. Әлде жастайымнан жетім қалып, қатал тағдырдың түртпегін көп көргендіктен басылып қалдым ба екен? Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мәскеуге іссапарымен баруымыз жиілеп кетіп еді. Билет керек кезінде табыла бермейді. Сондай қысылған кезде мен ылғи Кемел ағама телефон шалатынмын. Өзінің жақын санайтын адамдарынан жақсылығын аямайтын Кемекең екі ауыз сөзге келместен Жоғарғы Кеңестің бронынан билет алып беріп жүрді. Осы әдет бір емес, бірнеше жылға созылды. Мазалай бергеніме қысылып та жүрдім. Бірақ қол қысқа, амалым бар ма, өтініш айтпай тұра алмайсың.

Ол кезде жазушының шығар­малары баспасөз беттерінде жиі шығатын. Кезекті бір шығар­масының үзіндісін «Лениншіл жас» газетінде де жариялауға себепкер болғаным бар.

«Мен дайын, жолдас полковник!» деп аталатын сол үзіндіні өз қолымен сеніп бергені тап бүгінгідей есімде. Қазақта: «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген мәтел бар. Оқтай атылған тура сөз. Олай дейтінім Кемекеңе еліктеп мен де шытырман тақырыпқа бет бұруды ойлап жүрдім. Кемекең дидарласа қал­ғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатындығын жиі еске салатын. Ағаның сол айтқандары аумай келді.

Ол халқының тағдыры үшін, ертеңгі нұрлы болашақ үшін адал еңбек етті. Уақыттың талап-тілегін азаматтықпен адал атқарды. Ел мүддесін, Отан мүддесін майданда қарумен, бейбіт күнде қаламмен қорғады. Өзінің 63 жылдық қысқа ғұмырында адамгершілік атты ұлы идеяға дақ түсірмей, өз Отанының шын патриоты бола білді.

Жоғарыда мен Кемекеңе ұқсап детективке бет бұрғым келетінін айттым ғой. Ол менің қолымнан келмеді. Бірақ бәрібір осы қызығы мол жанрдан қол үзіп кете алмадым. Сол кезде газет оқырмандарын көбірек тарту үшін шытырман оқиғалы шығармаларды оқта-текте аударып басып отыратын әдет бар болатын. Сол дәстүр бойынша 1971 жылы мен де Геннадий Голышевтің «Шатун» повесін «Саяқ» деген атпен аудардым.

Ол кезде қазіргідей қаптаған газет жоқ. «Лениншіл жас» жұртшылықтың сүйіп оқитын газеті болғандықтан тез тарайтын. Әдетте, сағат 8 болмай газет дүңгіршектерінің алдында тізіліп тұратын оқырмандарды көретінбіз.

Сағат тілі дәл 9-да Кемел ағам теле­фон соқты. Баяғы байсалды әрі қысқа сөйлейтін қатқылдау даусын бірден таныдым.

– Құптаймын, құттықтаймын. Нұрмолда Алдабергенов туралы очерктеріңді онша қабылдай қой­­ған жоқ едім. Ол кісі туралы ақса­қалымыз Сәбит Мұқанов та, Сәуірбек Бақбергенов те жазды. Бай­қайсың ба, дақпырт көп. Ал мына аудармаң, әсіресе орыс мінезін, тайга тіршілігін қазақ жұртына дәл жеткізе білгенің үміттендіреді. Империя алтынын тай­гадағы сарқырамаға тығып, Ав­стралия асырып жібермек болған ақгвардияшылар операциясының жо­лын кесу қандай әсерлі шыққан, – деді.

Мақтағанды кім жек көрсін, әжептәуір риза болып қалдым. Әрқашанда шындықтан асып көр­­меген асыл ағамның сараңдау болса да жылы жүрегінен шыққан сөзі кейін менің Майн Ридтің «Оцеола – cеминолдар көсемі», Сэтон Томпсонның «Кішкентай жабайылар», Уильям Фолкнердің «Сарторис», «Аю», «Аруақты қор­лау», КСРО Бас прокуроры болған Анатолий Безруковтың «Қыл­мыскерлер» повесть, романдарын сәтті аударуыма жол ашты.

1973 жылдың күзінде Кемел Тоқаев өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол кезде тойды қазіргідегідей ашылып-шашылып үлкен мейрамханаларда өткізу деген өте сирек болатын. Кемел ағамыз да өзінің пәтерінде ақ дастарқанын жайды. Ол атақты әнші апамыз Роза Бағлановамен көршілес тұратын еді. Барған сайын алыстап бара жатқан сол бір бақытты күндерге көз жіберсем, жүрегім сыздайды. Бақандай 40 жыл өтіп кеткен. Кемел ағамның ер тұлғасы мен Тұрар жеңгемнің ақсарылау, шуақты жылы жүзі көз алдымнан кетер ме! Сол дас­тарқанда Мәскеудің Xалықаралық қатынастар институтында оқитын ұлы болды ма, болмады ма – есімде қалмапты. Бірақ бойжетіп қалған екі қызы – Салтанат пен Қарлығаның әкелеріне деген ілтипаты есімде сайрап тұр.

Отырыстың көрігін қыздырған жазушы­лығымен де, әншілігімен де аты шығып жүрген Совхозбек Тоғысбаев болды. Кейінірек совхозын «таратып» жіберіп, Бек Тоғыс­баев атанғанда құрдастары біраз жылдарға дейін «бұл қалай?» деп әзілдеп жүрді. Бектің баритон дауысы бірден баурап алатын. Ол қыза келіп халық әндерін аңыратқанына талай рет куә болдық. Әсіресе, әлемге әйгілі «Фи­гаро» және «Вернись в Сореенто» әндерін итальянша құйқылжытқанда кім де болса аузын ашып қалатын. Бек ағамыздың итальянша не айтып тұрғанын қайдан білсін, асқақ естілетін әуені үшін дүркіретіп қол шапалақтайтын.

Бек ағамыздың үйіндегі домбырасын бір-екі қағып көрді де жаратпай тастады. Көршілерінен алдырған домбыра да көңілінен шықпады. Біздің үй де Кемекең үйінен онша алыс емес еді. Әдемі кештің әрін домбыра кіргізетінін білген соң, мен өз үйімдегі қолдан жонып жасаған кішілеу домбырамды алып келдім. Бекеңе менің домбырам ғана сәл-пәл ұнағандай болды. Әнші ағамыз әнді ал келіп аңыратсын! Сапар Байжанов ағамыздың да бірқақпайы бар болатын. Ол да арасында қосылып отырды. Кемекең өзінің Сапар Байжанов, Мүсілім Базарбаев, Баймырза Дәу­ренбеков сияқты жақын достарын шәйға шақырғанда мені де қал­дырмайтын. Сондайда басымнан кеш­кен бір қызық жағдайды айта кетейін.

Қонаққа құрқол бара алмайсың. Ол кезде дәуле­тіміз де шағын. Не аларымызды білмей қиналатын едік. «Алматы» қонақ үйінің бірінші қабатындағы «Сувенир» дүкенінде таза алтын сағаттар, күмістен құйылған 6 адамдық ыдыстар толып тұратын. Бағасы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Қаз мойынды, бүйірі үнді әшекейіне толы жез құмыра біз үшін қолжетімділеу көрінді. Жеңгемізге ұсынатын бір десте гүлімізге қосып соны алдық. Сөйтсек, сол жолы шақырылған қонақтардың бәрі де сыйлыққа әлгіндей құмыра алыпты. Мұндайға ағамыз мән бермегенмен, Тұрар жеңгем ылғи күлімдеп жүретін қалпымен жұмсақ қана жымың етіп: «Қарық қылдыңдар ғой құмыраға», деді. Естімеген болып, өте шықтық. Әрқашан да мұнтаздай сұлу киінетін Мүсілім Базарбаев ағамыз да сәл қызарғандай болды.

Осындай аз-кем қиыншылығы мен қызыққа толы базарлы өмір дүркіреп өтіп жатты.

Бірде АПН тілшісінің СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А. Қонаевпен жүргізген бір беттік сұхбаты келе қалды. Сұхбатпен қоса Димекеңнің үлкен суреті қоса беріліпті. Ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары қызметіндемін. Бастығым науқастанып үйінде жатқан. Дереу телефон соғып, не істерімді білмей қиналып отырғанымды жеткіздім. Қиналатыным, ол кезде мұндай аса жауапты материалды «Лениншіл жас» секілді жастар газеті Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР Министрлер Советінің және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының органы болып саналатын аға газеттен бұрын жариялауға болмайтын жазылмаған заң бар. Бас басылым «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), ешқашанда мұндай ресми материалды жастар газетінен көшіріп басуға тиісті емес. Тәртіп сондай. Не істеу керек? «Былай жүрсең арба сынады, былай барсаң өгіз өледі». Бастығым мұны менен де жақсы түсінеді. Бірақ шешімді жауабын ол кісі де айта алмады. «Газетке қол қойып отырсың ғой, өзің біл» деді де телефон тұтқасын қоя салды. Науқастанып жатқан адамды мазалағаныма өзім де ыңғайсызданып қалдым. Ол кісінікі дұрыс. Ал «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылары не дер екен? Басқадан гөрі газет редакторының бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлына батылдау едім, телефон шалдым. Ол кісі: «Материал біздің поштаға түскен жоқ, Мәткерім. Сондықтан саған былай істе деп ешқандай ақыл айта алмаймын» деген тұжырымды ойын айтты. Бәкеңдікі де жөн сөз. Бірақ материалды жатқызып қоюға болмайды. Сондықтан «не бел кетер, не белбеу кетер» деген тәуекелмен сұхбатты нөмірге салғызып жібердім. Таңертең Димаш ағамыздың жымиып отыратын жылы жүзі газет бетіне жарқ етіп шыға келді. Былайғы жұрт нені біледі, ал газет қызметкерлері у-шу. Шулай берсін дедім де отыра бердім. Бұл дүрмек осымен қалатын да еді, егер пысықай біреулер отқа май құйып жібермегенде.

Сағат оннан аса бергенде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысының көмекшісі Көрік Дүйсеев телефон соғып, «Сені сағат 12-ге хатшы шақырып жатыр» деді. Көрікті жақсы білемін, өзіміз үйлендірген қатарлас жігіт. Бірақ неге шақыратынын ашып айтпады. Айтпағанмен ішім сезеді. Ойым онға, санам жүзге бөлініп жанашыр ағам Кемекеңе хабарластым. Ол кісі кесіп бір-ақ айтатын әдетімен:

– Мұндай сөзді ертерек айтар болар, қазір сағат он бір болып қалды. Жарайды, қорықпа, бара бер, – деді.

Саттар Нұрмашұлы Имашевтің алдында бірінші болуым. Үкімет үйінің күншығыс қанатындағы шағындау бөлмесінде күтіп отыр екен. Кісіге сығырайып ұзақ қарайтын жылы жүзді, толық денелі адам еді. Біраз үнсіздіктен кейін ғана қолындағы ұшталған бір уыс қарындаштарын үстелге тықылдатып отырып:

– Әй! – деді. – Өткенде түк тап­пағандай Ісләм Жарылғаповтың «Тілім өлсе, өлгенім өзімнің де» деген өлеңін жариялаған кезде үндемеп едім. Сонда сені «ұлтшыл» деп талай адам звондаған. Бақытың бар екен, бала, 37-нің заманы болса, сенімен бүйтіп сөйлеспеген болар едік, – деді. Үлкен адамның өзімсіне сөйлегеніне ішім жылып қалды. – Ал бүгінгің мынау, – деді. – Қып-қызыл жалаудай жанып тұратын кезің емес пе! Сенің жасыңда Ғани Мұратбаев қандай еді, есіңе түсірші. Сенің бағатының ұлтшылдық бықсық емес, отаншылдық болуы керек! – деп бір тоқтады. – Әзірге ауызша сөгіс беремін, жүре бер.

Осының алдында Фрунзе (қазір­гі Медеу) аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Л. Крашенинникова бюрода менің партиялылығымды қарағалы жатыр дегенді естігенмін. Абырой болғанда Саттар Нұрмашұлының қабылдауынан кейін мұның бәрі жайына қалды. Мен саған жақсылық жасадым деп Кемел ағам айтқан жоқ, жақсылығыңызды ұмытпаспын деп мен айтпадым.

Кемел ағам бір күні телефон соғып, мені өзі істейтін «Жаршыға» аға редакторлық жұмысқа шақырды. Шынымды айтайын, «Лениншіл жас­тай» көңілді ортаны қимадым. Оның үстіне аға редакторлық менің баяғыда жүріп өткен жолым. Тым ресми ортада тас мүсіндей қатып, қозғалмай отыруға төзімім жете ме, жоқ па, деп ойладым. Сондықтан бірден жауап бере алмадым.

Ұмытпасам, 1975-тің жазында болар, бір оңаша кездескенде Кемекең әлгі ұсынысын тағы да айтты. Бұл жолы да тәуекел ете алмадым. Жастардың ортасындағы абыройлы қызметімді қимадым. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінің беделі биік болатын. Ол Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдах­­мет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Әбіш Кекілбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қалихан Ысқақов, Рымғали Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, т.б түлеген құт мекен еді, қаламгерлердің нағыз ұстаханасы болатын. Кемел аға алдымен «Қазақстан пионерінде», одан кейін «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде қызметтер атқарды.  

Кемел Тоқаев – өзі өмір сүрген қоғамның қасіреті болған жат тірлікті шытырман оқиғаларға желі етіп, сабақ алар, салмақты мұра қалдырған дарын иесі еді. Оның қаламынан туған еңбектерінде отаншылдық рух, ұлттық патриотизм тайға таңба басқандай көрініп тұратын.

Мәткерім ӘКІМЖАНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ұқсас материалдар