Қандастар Ассамблея

ХІІІ-ХV ғасырлардағы Ташкент

11.11.2013 3009
Ташкент ХІІІ-ХV ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. ХV ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан XII-XVI ғасыр бұрын (б.з.б. ІІ-ғасыр мен б.з. ІІІ-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу мен Талас бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылар да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын.  Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан.  1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады.  ХV ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ.  Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жария­лайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жау­шы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді.   Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрыс, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н. Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді. Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жау­лап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыда айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды. Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы

Ташкент ХІІІ-ХV ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. ХV ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан XII-XVI ғасыр бұрын (б.з.б. ІІ-ғасыр мен б.з. ІІІ-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу мен Талас бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылар да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын. 

Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан. 

1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады. 

ХV ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ. 

Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жария­лайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жау­шы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді. 

 Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрыс, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н. Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді.

Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жау­лап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыда айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы

Ұқсас материалдар