Қандастар Ассамблея

Жездідегі мұражай Мәкен Төрегелдин есімін иеленуге әбден лайық

11.11.2013 2971
Қазіргі таңда тарих жөнінде жиі сөз қозғалып жүр. Бұл қолдарлық та. Өйткені елдің өткен жолдарына қанықпай, бүгінгі істің де, болашаққа белгіленген жоспар-межелердің де көңілдегідей жүзеге асуы екіталай.Тарих тілге тиек етілгенде ел шежіресін жұртшылыққа түсіндіріп, ұғындыруда елеулі еңбек сіңіріп жүрген азаматтар жайында да жылы лебізімізді, ризашылығымызды білдіріп отырсақ еш артықтығы болмас. Туған жері мен туған елін ерекше қадірлейтін, соңына көпшілікке өнеге боларлық айшықты із қалдырған азаматтардың бірі Мәкен Төрегелдин ағамыз еді. Бұл кісі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде дүниеге келді. Гитлершілдер тыныш жатқан елге опасыздықпен шабуыл жасағанда өзге де замандастарымен қатар қолына қару алып, Отанын қорғады. Сталинград түбіндегі, Украина, Бессарабия, Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия, Австрия, Альпі тауларындағы қиын да күрделі жорық жолдарынан өтті. Соғыстан оралғаннан кейін аудандық Комсомол комитетіне жетекшілік жасады. Аудандық Кеңес атқару комитетінде, ауданаралық колхоз-совхоз өндірістік басқармасында басшылық қызмет атқарды. Совхозды да басқарды. Он бес жыл Жезді аупарткомының бірінші хатшысы болды. Лайықты еңбегіне сай марапаттан да кенде болмады. Омырауына «І, ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін тақты. Жергілікті жерде, ел көлемінде өткен алқалы жиындардың төрінде отырды. Мәкен ағамыздың тындырған берекелі істері жайлы көп айтуға болар еді. Бірақ оны газет беті көтермейді. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз – ­­зейнетке шыққаннан кейінгі қолға алған елдік мәні де маңызы зор айтулы еңбегі. Ол – өзі бас болып ұйымдастырған, шаңырағын көтеріп, уығын қалаған Жездідегі тау-кен және балқыту ісі мұражайы. Осы мұражайды ашу жөніндегі идея Мәкеңнің ойына алпысыншы жылдары келеді. Қырымда демалып жүргенде қаһарман қала Севастопольді, ондағы панораманы көреді. Сапун-горадағы саяхаттар, Ялтадағы А.Чеховтың мұражай-үйі толғандырмай қоймайды. Кейініректе тамашалаған Мәскеудегі Бородино шайқасының панорамасы, орыс патшалары тәу етіп, шоқынған жер – Загорск, князь Юсупов іргесін қалаған Архангельск мұражайы ерекше әсер қалдырады. Жаңа мұражайдың тақырыбы қандай болу керек? Оны алдымен осы мәселе ойландырады. Өйткені Қазақстанда, одақтағы басқа республикаларда өлке тарихына, ғылымның әр саласына қатысты мұражайлар, тарихи-мемориалдық орындар аз емес. Мұның түсінігінде басқаларды қайталамайтын, өзгеше тақырып болу керек. Көп қинала қоймады. «Тау-кен және балқыту ісіне, яғни маталлургия тарихына арналады…». Өңірдің өзі осыған сұранып тұр. Анау қарт баба – Ұлытау, Қорғасынтау, Мыстау, Байқоңыр, түсті металлургияның қара шаңырағы Қарсақбай, өзі жер басып тұрған Жезді… Мұражай ашу оңай емес. Бұған адамның жеке құлшынысымен қатар мамандармен пікірлесудің де артықтығы жоқ. Мұражай тақырыбын ғылыми жағынан негіздеу де маңызды. 1970 жылдың басында қызмет бабымен Алматыға барғанда, Республика Мәдениет министрінің сол кездегі орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауында болды. Мұның ойын бірден мақұлдады. Тікелей көмек те берді. Министрлік тапсырмасымен мұражай саласының екі маманы келіп те қайтты. Алайда мұражай орын тебуі тиіс Жезді кен басқармасындағылар іске немқұрайлы қарау салдарынан мамандарға дұрыс бағыт бере алмады. Осы жерде айта кеткен орынды, мұражайды бағалауда, оған қамқорлық жасауда Ө.Жәнібековтің қосқан үлесі айтарлықтай. 1988 жылы Мәкең Ө.Жәнібековтің қабылдауында тағы да болды. Бұл кезде Өзағаң Мәдениет министрі болатын. Осы кездесуде министр мұражайдың он бір бөлімнен тұратын тақырыптық-экспозициялық жоспарын өз қолымен жазып берген еді. Қандай жанашырлық десеңізші?! Белгілі археолог ғалым Кемал Акишев, сол кездері Тарих, этнография, археология институтын басқарған тарихшы ғалым ­Манаш Қозыбаев та ақыл-кеңестерін беруден жалықпады. Мұражай атауындағы «балқыту ісі» деген сөздің қосылуына да М.Қозыбаев ұйтқы болып еді. Онысы көңілге қонатын. Себебі металлургияның толық циклы тау-кен жұмыстарымен бітпейді. Балқыту ісінің тарихы да қоса қамтылғаны жөн. Осы саланың арқасында ғана кен құрамынан металл алынып, ол өндіріске, басқа да мақсаттарға пайдаланылады. Жездідегі мұражайдың салтанатты ашылуы 1994 жылдың 15 шілдесінде өтті. Бұл мамандардың пікірінше тақырыптық экспозициясы, зерттеу нысаны жөнінен Қазақстандағы және Орта Азия мемлекеттеріндегі бірден-бір мұражай. Оның залдары мен ашық аспан астындағы экспозициялары тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Мұнда ата-бабаларымыз сонау жаугершілік замандарда өз қолдарымен балқытып, дайындаған жебелер мен найза ұштарынан бастап бүгінгі ғарыш кемесін жасауда пайдаланылатын маталлургия өндірісінің жетістіктері қамтылған. Он екі мыңнан астам бағалы қоры бар мұражайдағы ең құнды әрі келушілердің назарын аударатын жәдігер – ежелгі балқыту пештері. Жезқазған аймағындағы біздің заманымызға дейінгі ІІ-І мыңжылдықтарда материалдық мәдениетіміздің ерекше дамығандығын айқындайтын бірден бір ескерткіш – ежелгі кен қорыту пештерінің орындары. Балқыту пешіне қатысты мынаны айтқымыз келеді. 1994 жылдың 3 қарашасында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жезқазған облысына келген сапарында Жездідегі мұражайда арнайы болды. Мұражайды аралап, кетерінде қолтаңбасын қалдырды. Онда былай делінген: «Қазақ елінің өндіріс атасы болып саналатын Жезді өңірінің тарихы келер ұрпақтың есінде сақталуы өте қажет. Осыған зор еңбек етіп, музей ұйымдастырған азаматтардың еңбегі зор. Оларға таудай рахметімді айтамын. Қазіргі егемен еліміздің мақтанышы металдар болып саналады. Осы өндірісті өркендете беру біздерге міндет. Музей қызметкерлеріне, Жезқазған, Жезді өңірінің халқына баянды бақыт, қуанышты болашақ тілеймін». Елбасы мұражайды аралау ке­зінде ата-бабаларымыздың ежелгі әдісімен Милықұдық үлгісіндегі пеште балқытылған металдан өз қолымен балға құйып, мұражайға ең бағалы жәдігер қалдырды. Мұражай экспозициясында тау-кен ісі және металлургияның тарихымен қоса өлкенің тарихы, оның ішінде халқымыз бастан өткерген оқиғаларды айғақтайтын материалдар, жәдігерлер жинақталған. Сондай оқиғаның бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Бұл тақырып «Қаражар шайқасы» атты диорамаға өзек болған. Шайқастың мәні мынада: қазақ даласына алшаңдай басып кірген жазалаушылардың әрекетіне дәл осы жерде тойтарыс беріледі. Бағалы жәдігерлер қатарында садақтың және шашақты найзаның ұштары, кісе-белбеу, Бағаналының төрт босағасының бірі Бабырдың шапаны, Амангелді Имановтың ағасы Бектепберген ұстаның көрігі… және басқалар бар. Мұражайға келушілер көп. Жезқазған өңіріне өз елімізден және сырт жерден табан тіреушілер бұл мұражайға соғып кетуді үлкен парыз санайды. Өйткені мұнда өлке тарихына әбден қанығуға болады. Өлке тарихы дегеніңіз, ел тарихы екені белгілі. Келушілер қайтарында өз әсерлерін жазып қалдырады. Солардың бір парасы мынандай: Талай жылдар өңір , өлке құраған, Шежіре осы Жез сыңғыры дін аман. Бұл мұражай – таспен жазған поэма, Бұл мұражай – мыспен жазған роман… Кәкімбек Салықов. Мысты мекен, қазына – Жезді мекен, Әрбір тасы өлең-жыр, сөздік екен. Халық өзі Жезді деп ат қойыпты, Мықтылығын мәңгілік сезді ме екен. Ұлықбек Есдәулетов. Бұл жерде жазушы Оралхан Бөкей де болып, ізгі тілегін білдіріпті. «Халқымыз тәуелсіздігін алып, етек-жеңімізді енді ғана жинақтап жатқан уақытта туған жер, өскен елдің баяғысын түгендеп, бүгінін марапаттауға аудандық музейдің тигізер әсері зор. Рухани байлағымызды насихаттап, болашаққа табыстаудан артық бақыт бар ма?! Сіздерге іске сәт, зор еңбек тілеуші – Оралхан Бөкей. 3.11.1992.ж» Мұражайды ұйымдастырып, қалыптастыруда Мәкен Төрегелдиннің еңбегі зор болатын. Оның ел арасындағы бедел-абыройы осынау жұртшылықтың ризашылығына бөленген мәдениет ғибадатханасының өмірге келуіне ықпал етті. Мәкеңнің орнында басқалар болса мұндай бейнетті жұмысқа бара қоймайтыны белгілі жайт. Аупарткомның бірінші хатшысының зейнетке шықаннан кейін де мамыражай тіршілік кешуіне мүмкіндігі бар еді… Бірақ ол олай етпеді. Тәуекел жасап елге, ұрпаққа қажет маңызды істі қолға алды. Және бұл істен төңірегіндегілер сүйсінерлік нәтиже де шығарды. Оның тарихи мұражайды қолға алуына бойындағы қазақ даласына, туған жерге деген махаббаты да әсер еткені күмәнсіз. «Басқаға қалай әсер ететінін қайдам, өз басым қанша жыл ел ішінде қызмет атқарып, даланың әр бұтасын жазбай танитындай армансыз араласам да әр сапарда жаңа көргендей күйге бөленемін. Бір түп көлеңкесі, көз сүрінер бұдыры жоқ, мидай жазық, елсіз-сусыз құм ішін ми қайнатар шілдеде сансыз аралағанда шаршап-шалдығып көрмеппін. Керісінше, көкірек сарайың ашылып, қиял-ойың шарықтап, бойыңа қанат біткендей алабөтен күй кешесің» деген сөздері осыны дәлелдесе керек. Оны құрметтеп, сыйлағандықтан да төңірегіндегілер Мәкеңнің қолға алған жаңа ісіне қолдау, көмек көрсетті. Талай құнды жәдігерлерді тауып, мұражайға тапсырған Сарысу ауылының шопаны Жетпіс Жауқасынов бірде «Мәке, сіз мұражай ашқаннан бері құм арасын, жыңғыл-жыңғылдың түбін «бірдеңе жатқан жоқ па екен» деп әдейі шұқылап қарайтын болдым» деп қалжындағаны бар-тын. Қалжың артында шындық та бар. Мәкең ағамыздың тарих жөніндегі пайым-көзқарасы да өзгеше-тін. Тарихтың бағасын білетін. «Қазақта «Алдағы күннен жақын, өткен күннен алыс жоқ» деген ғибратты даналық бар. Бүгінгі өткерер күніміз түн айналып, таң атқан соң тарих атты мәңгілік ғұмырдың еншісіне көшетінін көпшілігіміз сезіне бермейміз. «Тарих» дегенде көз алдымызға бағзы бір замандарда өткен бұлыңғыр елес келеді. Мүлдем олай емес. Мен кейде қазіргі көзі тірі адамдар жайлы деректер жинастырып, кеше ғана өткен оқиғалардың белгі – ескерткіштерін іздеп, сақтағым келсе, кейбіреулер «Мәке, бұл – берідегі тарих қой, бәрі біледі» дегендей сыңай танытады. Ертең белгісіз болып қалмасына, біз секілді тағы бірнеше буын ұрпақ келгенде ізін де таппасына кім кепіл. Егер бүгінгі тарихты сақтап, мәңгілікке қалдыруға талпынбасақ, ертеңгі үрім-бұтағымыз қаншама тер төгіп, көз майын тауысарын ойлап мазаланамын. Ата-бабаларымыздың бұдан 4-5 мың жыл бұрынғы тіршілігін айтпағанда, соңғы ғасырлардың тарихын түгендей алмай жүргеніміз бұған дәлел» деген тұжырымдары еріксіз ойға қалдыратын. Осылай деген ағамыз бүгінгі заманға қатысты жәдігерлердің де мұражай сөрелерінен орын алуына айрықша мән берді. Мәкең болашақта мұражайды табиғаты мен сәулеті келіскен, аса бағалы жәдігерлермен назар аудартатын тарихи-тағылымдық, тәрбиелі, мәдени демалыс кешеніне айналдырмақ еді. Алайда дәм-тұздың таусылуы бұл мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Ұлтымыздың мақтан етер қайраткер азаматы Өзбекәлі Жәнібековті көреген демеске шараң жоқ. Мәкен Төрегелдин мұражай жұмысына қатысты Өзағаңмен кездескенде ол кісінің былай дегені бар еді: – Бұл жалпы республикаға қажетті мұражай болады. Егер шындығы керек болса, мұндай ерекше мұражаймен сіздің атыңыз да тарихта қалады. Бұл енді рас. Қазір жұрт Жездідегі мұражай жөнінде «Бұл Мәкен ұйымдастырған мұражай», «Бұл Мәкеңнің мұражайы» дегенді айтады. Осы жерде көкейге бір ой келеді. Неге, осы мұражайға, яғни мәдени, тарихи орталықты ашуға ерекше еңбек сіңірген азамат Мәкен Төрегелдиннің есімін бермеске? Бұл ерен еңбекті бағалағандық әрі Мәкеңдей ұрпақтың қамын ойлаған, елінің ертеңіне алаңдаған ардақты азаматқа құрметіміз, шынайы ілтипатымыз болар еді. Біржағынан өзгелерге тағлым да. Оның үстіне ағамыз тірі жүргенде биыл 90 жасқа толған болар еді. Мұны да ескеріп, аймаққа адал ісімен, қажырлы еңбегімен танылған ардагер азаматты еске алып, арнайы жиындар өткізіп жатсақ, бұл да елдігіміздің жарқын бір белгісі болары хақ. Қайырбек Сәдуақасов Сөйлейді үнсіз шежіре… Тартқанмен кейін кежеге, Бәрібір ұрпақ сұрамақ. Сөйлейді үнсіз шежіре – Әрбір тас, әрбір мұрағат. Мұражай заңы тым бөлек: Кішкентай затта мағына ірі, Үңілсе көңіл үндемек Адам мен аймақ тағдыры. Жасасам егер тың түйін, Ақиқат – тасқа жазғандай, Музейдің ісі тым қиын, Инемен құдық қазғандай. Оралды жандар от өрген, Тірілді жансыз зат енді, Бір өзі бәрін көтерген Толағай дерсің Мәкеңді. Жас ұрпақ, арнап жеке күн, Жиірек келіп арала, Музейді – тарих мекенін, Киелі жер деп бағала. Мұражай барда бақ жанып Аталар ісі қалмайды, Заманға лайық «оқ жонып», Тарихты жастар жалғайды. Естеліксіз ес қасаң, Мәңгүрттік билеп – төстейді. Мұражай барда ешқашан Бабалар ізі өшпейді. Нұрперзент Домбай

Қазіргі таңда тарих жөнінде жиі сөз қозғалып жүр. Бұл қолдарлық та. Өйткені елдің өткен жолдарына қанықпай, бүгінгі істің де, болашаққа белгіленген жоспар-межелердің де көңілдегідей жүзеге асуы екіталай.Тарих тілге тиек етілгенде ел шежіресін жұртшылыққа түсіндіріп, ұғындыруда елеулі еңбек сіңіріп жүрген азаматтар жайында да жылы лебізімізді, ризашылығымызды білдіріп отырсақ еш артықтығы болмас. Туған жері мен туған елін ерекше қадірлейтін, соңына көпшілікке өнеге боларлық айшықты із қалдырған азаматтардың бірі Мәкен Төрегелдин ағамыз еді.

Бұл кісі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде дүниеге келді. Гитлершілдер тыныш жатқан елге опасыздықпен шабуыл жасағанда өзге де замандастарымен қатар қолына қару алып, Отанын қорғады. Сталинград түбіндегі, Украина, Бессарабия, Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия, Австрия, Альпі тауларындағы қиын да күрделі жорық жолдарынан өтті.

Соғыстан оралғаннан кейін аудандық Комсомол комитетіне жетекшілік жасады. Аудандық Кеңес атқару комитетінде, ауданаралық колхоз-совхоз өндірістік басқармасында басшылық қызмет атқарды. Совхозды да басқарды. Он бес жыл Жезді аупарткомының бірінші хатшысы болды. Лайықты еңбегіне сай марапаттан да кенде болмады. Омырауына «І, ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін тақты. Жергілікті жерде, ел көлемінде өткен алқалы жиындардың төрінде отырды.
Мәкен ағамыздың тындырған берекелі істері жайлы көп айтуға болар еді. Бірақ оны газет беті көтермейді. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз – ­­зейнетке шыққаннан кейінгі қолға алған елдік мәні де маңызы зор айтулы еңбегі. Ол – өзі бас болып ұйымдастырған, шаңырағын көтеріп, уығын қалаған Жездідегі тау-кен және балқыту ісі мұражайы.
Осы мұражайды ашу жөніндегі идея Мәкеңнің ойына алпысыншы жылдары келеді. Қырымда демалып жүргенде қаһарман қала Севастопольді, ондағы панораманы көреді. Сапун-горадағы саяхаттар, Ялтадағы А.Чеховтың мұражай-үйі толғандырмай қоймайды. Кейініректе тамашалаған Мәскеудегі Бородино шайқасының панорамасы, орыс патшалары тәу етіп, шоқынған жер – Загорск, князь Юсупов іргесін қалаған Архангельск мұражайы ерекше әсер қалдырады.

Жаңа мұражайдың тақырыбы қандай болу керек? Оны алдымен осы мәселе ойландырады. Өйткені Қазақстанда, одақтағы басқа республикаларда өлке тарихына, ғылымның әр саласына қатысты мұражайлар, тарихи-мемориалдық орындар аз емес. Мұның түсінігінде басқаларды қайталамайтын, өзгеше тақырып болу керек.
Көп қинала қоймады. «Тау-кен және балқыту ісіне, яғни маталлургия тарихына арналады…». Өңірдің өзі осыған сұранып тұр. Анау қарт баба – Ұлытау, Қорғасынтау, Мыстау, Байқоңыр, түсті металлургияның қара шаңырағы Қарсақбай, өзі жер басып тұрған Жезді…
Мұражай ашу оңай емес. Бұған адамның жеке құлшынысымен қатар мамандармен пікірлесудің де артықтығы жоқ. Мұражай тақырыбын ғылыми жағынан негіздеу де маңызды. 1970 жылдың басында қызмет бабымен Алматыға барғанда, Республика Мәдениет министрінің сол кездегі орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауында болды. Мұның ойын бірден мақұлдады. Тікелей көмек те берді. Министрлік тапсырмасымен мұражай саласының екі маманы келіп те қайтты. Алайда мұражай орын тебуі тиіс Жезді кен басқармасындағылар іске немқұрайлы қарау салдарынан мамандарға дұрыс бағыт бере алмады.
Осы жерде айта кеткен орынды, мұражайды бағалауда, оған қамқорлық жасауда Ө.Жәнібековтің қосқан үлесі айтарлықтай. 1988 жылы Мәкең Ө.Жәнібековтің қабылдауында тағы да болды. Бұл кезде Өзағаң Мәдениет министрі болатын. Осы кездесуде министр мұражайдың он бір бөлімнен тұратын тақырыптық-экспозициялық жоспарын өз қолымен жазып берген еді. Қандай жанашырлық десеңізші?! Белгілі археолог ғалым Кемал Акишев, сол кездері Тарих, этнография, археология институтын басқарған тарихшы ғалым ­Манаш Қозыбаев та ақыл-кеңестерін беруден жалықпады. Мұражай атауындағы «балқыту ісі» деген сөздің қосылуына да М.Қозыбаев ұйтқы болып еді. Онысы көңілге қонатын. Себебі металлургияның толық циклы тау-кен жұмыстарымен бітпейді. Балқыту ісінің тарихы да қоса қамтылғаны жөн. Осы саланың арқасында ғана кен құрамынан металл алынып, ол өндіріске, басқа да мақсаттарға пайдаланылады.

Жездідегі мұражайдың салтанатты ашылуы 1994 жылдың 15 шілдесінде өтті. Бұл мамандардың пікірінше тақырыптық экспозициясы, зерттеу нысаны жөнінен Қазақстандағы және Орта Азия мемлекеттеріндегі бірден-бір мұражай. Оның залдары мен ашық аспан астындағы экспозициялары тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Мұнда ата-бабаларымыз сонау жаугершілік замандарда өз қолдарымен балқытып, дайындаған жебелер мен найза ұштарынан бастап бүгінгі ғарыш кемесін жасауда пайдаланылатын маталлургия өндірісінің жетістіктері қамтылған. Он екі мыңнан астам бағалы қоры бар мұражайдағы ең құнды әрі келушілердің назарын аударатын жәдігер – ежелгі балқыту пештері. Жезқазған аймағындағы біздің заманымызға дейінгі ІІ-І мыңжылдықтарда материалдық мәдениетіміздің ерекше дамығандығын айқындайтын бірден бір ескерткіш – ежелгі кен қорыту пештерінің орындары. Балқыту пешіне қатысты мынаны айтқымыз келеді. 1994 жылдың 3 қарашасында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жезқазған облысына келген сапарында Жездідегі мұражайда арнайы болды. Мұражайды аралап, кетерінде қолтаңбасын қалдырды. Онда былай делінген: «Қазақ елінің өндіріс атасы болып саналатын Жезді өңірінің тарихы келер ұрпақтың есінде сақталуы өте қажет. Осыған зор еңбек етіп, музей ұйымдастырған азаматтардың еңбегі зор. Оларға таудай рахметімді айтамын. Қазіргі егемен еліміздің мақтанышы металдар болып саналады. Осы өндірісті өркендете беру біздерге міндет. Музей қызметкерлеріне, Жезқазған, Жезді өңірінің халқына баянды бақыт, қуанышты болашақ тілеймін».
Елбасы мұражайды аралау ке­зінде ата-бабаларымыздың ежелгі әдісімен Милықұдық үлгісіндегі пеште балқытылған металдан өз қолымен балға құйып, мұражайға ең бағалы жәдігер қалдырды.
Мұражай экспозициясында тау-кен ісі және металлургияның тарихымен қоса өлкенің тарихы, оның ішінде халқымыз бастан өткерген оқиғаларды айғақтайтын материалдар, жәдігерлер жинақталған. Сондай оқиғаның бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Бұл тақырып «Қаражар шайқасы» атты диорамаға өзек болған. Шайқастың мәні мынада: қазақ даласына алшаңдай басып кірген жазалаушылардың әрекетіне дәл осы жерде тойтарыс беріледі. Бағалы жәдігерлер қатарында садақтың және шашақты найзаның ұштары, кісе-белбеу, Бағаналының төрт босағасының бірі Бабырдың шапаны, Амангелді Имановтың ағасы Бектепберген ұстаның көрігі… және басқалар бар.
Мұражайға келушілер көп. Жезқазған өңіріне өз елімізден және сырт жерден табан тіреушілер бұл мұражайға соғып кетуді үлкен парыз санайды. Өйткені мұнда өлке тарихына әбден қанығуға болады. Өлке тарихы дегеніңіз, ел тарихы екені белгілі.
Келушілер қайтарында өз әсерлерін жазып қалдырады. Солардың бір парасы мынандай:
Талай жылдар өңір , өлке құраған,
Шежіре осы
Жез сыңғыры дін аман.
Бұл мұражай – таспен жазған поэма,
Бұл мұражай – мыспен жазған роман…
Кәкімбек Салықов.
Мысты мекен, қазына – Жезді мекен,
Әрбір тасы өлең-жыр, сөздік екен.
Халық өзі Жезді деп ат қойыпты,
Мықтылығын мәңгілік сезді ме екен.
Ұлықбек Есдәулетов.

Бұл жерде жазушы Оралхан Бөкей де болып, ізгі тілегін білдіріпті. «Халқымыз тәуелсіздігін алып, етек-жеңімізді енді ғана жинақтап жатқан уақытта туған жер, өскен елдің баяғысын түгендеп, бүгінін марапаттауға аудандық музейдің тигізер әсері зор. Рухани байлағымызды насихаттап, болашаққа табыстаудан артық бақыт бар ма?!
Сіздерге іске сәт, зор еңбек
тілеуші – Оралхан Бөкей.
3.11.1992.ж»

Мұражайды ұйымдастырып, қалыптастыруда Мәкен Төрегелдиннің еңбегі зор болатын. Оның ел арасындағы бедел-абыройы осынау жұртшылықтың ризашылығына бөленген мәдениет ғибадатханасының өмірге келуіне ықпал етті. Мәкеңнің орнында басқалар болса мұндай бейнетті жұмысқа бара қоймайтыны белгілі жайт. Аупарткомның бірінші хатшысының зейнетке шықаннан кейін де мамыражай тіршілік кешуіне мүмкіндігі бар еді… Бірақ ол олай етпеді. Тәуекел жасап елге, ұрпаққа қажет маңызды істі қолға алды. Және бұл істен төңірегіндегілер сүйсінерлік нәтиже де шығарды.
Оның тарихи мұражайды қолға алуына бойындағы қазақ даласына, туған жерге деген махаббаты да әсер еткені күмәнсіз. «Басқаға қалай әсер ететінін қайдам, өз басым қанша жыл ел ішінде қызмет атқарып, даланың әр бұтасын жазбай танитындай армансыз араласам да әр сапарда жаңа көргендей күйге бөленемін. Бір түп көлеңкесі, көз сүрінер бұдыры жоқ, мидай жазық, елсіз-сусыз құм ішін ми қайнатар шілдеде сансыз аралағанда шаршап-шалдығып көрмеппін. Керісінше, көкірек сарайың ашылып, қиял-ойың шарықтап, бойыңа қанат біткендей алабөтен күй кешесің» деген сөздері осыны дәлелдесе керек. Оны құрметтеп, сыйлағандықтан да төңірегіндегілер Мәкеңнің қолға алған жаңа ісіне қолдау, көмек көрсетті. Талай құнды жәдігерлерді тауып, мұражайға тапсырған Сарысу ауылының шопаны Жетпіс Жауқасынов бірде «Мәке, сіз мұражай ашқаннан бері құм арасын, жыңғыл-жыңғылдың түбін «бірдеңе жатқан жоқ па екен» деп әдейі шұқылап қарайтын болдым» деп қалжындағаны бар-тын. Қалжың артында шындық та бар.
Мәкең ағамыздың тарих жөніндегі пайым-көзқарасы да өзгеше-тін. Тарихтың бағасын білетін. «Қазақта «Алдағы күннен жақын, өткен күннен алыс жоқ» деген ғибратты даналық бар. Бүгінгі өткерер күніміз түн айналып, таң атқан соң тарих атты мәңгілік ғұмырдың еншісіне көшетінін көпшілігіміз сезіне бермейміз. «Тарих» дегенде көз алдымызға бағзы бір замандарда өткен бұлыңғыр елес келеді. Мүлдем олай емес. Мен кейде қазіргі көзі тірі адамдар жайлы деректер жинастырып, кеше ғана өткен оқиғалардың белгі – ескерткіштерін іздеп, сақтағым келсе, кейбіреулер «Мәке, бұл – берідегі тарих қой, бәрі біледі» дегендей сыңай танытады. Ертең белгісіз болып қалмасына, біз секілді тағы бірнеше буын ұрпақ келгенде ізін де таппасына кім кепіл. Егер бүгінгі тарихты сақтап, мәңгілікке қалдыруға талпынбасақ, ертеңгі үрім-бұтағымыз қаншама тер төгіп, көз майын тауысарын ойлап мазаланамын. Ата-бабаларымыздың бұдан 4-5 мың жыл бұрынғы тіршілігін айтпағанда, соңғы ғасырлардың тарихын түгендей алмай жүргеніміз бұған дәлел» деген тұжырымдары еріксіз ойға қалдыратын. Осылай деген ағамыз бүгінгі заманға қатысты жәдігерлердің де мұражай сөрелерінен орын алуына айрықша мән берді.
Мәкең болашақта мұражайды табиғаты мен сәулеті келіскен, аса бағалы жәдігерлермен назар аудартатын тарихи-тағылымдық, тәрбиелі, мәдени демалыс кешеніне айналдырмақ еді. Алайда дәм-тұздың таусылуы бұл мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Ұлтымыздың мақтан етер қайраткер азаматы Өзбекәлі Жәнібековті көреген демеске шараң жоқ. Мәкен Төрегелдин мұражай жұмысына қатысты Өзағаңмен кездескенде ол кісінің былай дегені бар еді:
– Бұл жалпы республикаға қажетті мұражай болады. Егер шындығы керек болса, мұндай ерекше мұражаймен сіздің атыңыз да тарихта қалады.
Бұл енді рас. Қазір жұрт Жездідегі мұражай жөнінде «Бұл Мәкен ұйымдастырған мұражай», «Бұл Мәкеңнің мұражайы» дегенді айтады. Осы жерде көкейге бір ой келеді. Неге, осы мұражайға, яғни мәдени, тарихи орталықты ашуға ерекше еңбек сіңірген азамат Мәкен Төрегелдиннің есімін бермеске? Бұл ерен еңбекті бағалағандық әрі Мәкеңдей ұрпақтың қамын ойлаған, елінің ертеңіне алаңдаған ардақты азаматқа құрметіміз, шынайы ілтипатымыз болар еді. Біржағынан өзгелерге тағлым да. Оның үстіне ағамыз тірі жүргенде биыл 90 жасқа толған болар еді. Мұны да ескеріп, аймаққа адал ісімен, қажырлы еңбегімен танылған ардагер азаматты еске алып, арнайы жиындар өткізіп жатсақ, бұл да елдігіміздің жарқын бір белгісі болары хақ.

Қайырбек Сәдуақасов

Сөйлейді
үнсіз шежіре…

Тартқанмен кейін кежеге,
Бәрібір ұрпақ сұрамақ.
Сөйлейді үнсіз шежіре –
Әрбір тас, әрбір мұрағат.

Мұражай заңы тым бөлек:
Кішкентай затта мағына ірі,
Үңілсе көңіл үндемек
Адам мен аймақ тағдыры.

Жасасам егер тың түйін,
Ақиқат – тасқа жазғандай,
Музейдің ісі тым қиын,
Инемен құдық қазғандай.

Оралды жандар от өрген,
Тірілді жансыз зат енді,
Бір өзі бәрін көтерген
Толағай дерсің Мәкеңді.

Жас ұрпақ, арнап жеке күн,
Жиірек келіп арала,
Музейді – тарих мекенін,
Киелі жер деп бағала.

Мұражай барда бақ жанып
Аталар ісі қалмайды,
Заманға лайық «оқ жонып»,
Тарихты жастар жалғайды.

Естеліксіз ес қасаң,
Мәңгүрттік билеп – төстейді.
Мұражай барда ешқашан
Бабалар ізі өшпейді.

Нұрперзент Домбай

Ұқсас материалдар