Қандастар Ассамблея

Ғұбайдолла Айдаровтың ғылым жолы

11.11.2013 6446
Ғ.Айдаров осы 50-жылдардың басында ғылым жолына біржола ден қояды. Қазақтың Ғылым Академиясын халқымыздың біртуар тұлғасы Д.А.Қонаев басқарып тұрған кезде жұмысқа қабылданып, Академияның Тіл білімі институтында қазақ тілінің тарихын зерттеп, Қазақстандағы түркология саласының негізін салуға атсалысады. Ғ.Айдаров қазақ тіл ғылымының бұрын түрен тимеген саласын зерделей зерттеуді қолға алған, көне түркі жазба мұраларының сырын ашқан алғашқы қазақ ғалымы. Ғ.Айдаров бұл жолда талмай ізденіп, Қазақстанның барлық аймақтарын, оның ішінде өзінің кіндік қаны тамған Маңғыстауының тау-тасында, Моңғолияның, Ресей Алтайының көне қорымдарында жатқан байырғы бәдіздерден қазақ халқының қазіргі тілінің қалыптасу сатыларына сәуле түсірді. Ол қазақтың ұлы ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Медоев, Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында түркі жазбаларына зерттеулер жүргізді. Осындай ізденістерінің нәтижесінде «Ескі түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерінде», «Білге қаған тілі», «Тоныкөк», «Құлшора», «Құтлұғ-қаған», «Мойын Чор», «Орхон-Енисей жазуларының әдебиеттер көрсеткіші», «Орхон ескерткіштері» атты еңбектер жазып, түркология ғылымына соны ой, жаңа тұжы­рымдар қосты. Ғалымның еңбектері бұрынғы Кеңес одағындағы көрнекті түрколог ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ғылым кандидаты, 1974 жылы филология ғылымдарының докторы атағына ие болды. Ғ.Айдаровтың еңбектері бүгінде Берлин, София университеттері мен Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан жоғарғы оқу орындарында арнайы сабақ ретінде өткізіліп келеді. Ғұбайдолла Айдаров түркі тілдес халықтардың түбі бір туыстығын, қазіргі қазақ тілінің негізі біздің дәуірімізден көп бұрын қалыптасқанын, тіпті жазба әдебиетінің де нұсқалары сол есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде-ақ болғанын нақты дәйектермен дәлелдеп берген дарабоз ғалым еді. Ол 2001 жылы Алматы қаласында 80 жасында қайтыс болды. Өмірлік жолдасы Балжан апаймен бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген бақытты әке, немерелерінің сүйікті атасы болған Ғұбекеңнің өмірі ұрпаққа өнеге, жанкешті зерттеулері нәтижесінде жазып қалдырған ғылыми еңбектері мәңгілік мұра екені сөзсіз.. Маңғыстауда туып, әлемдік деңгейде жоғары бағаланып отырған, зерделі зерттеулерін ұрпақ игілігіне қалдырған ғұлама ғалым біздің жерлесімізді өзінің туған жерінде ұлықтау жағы әлі де болса кемшін. Ақшұқыр ауылында көше аты берілгенімен, оның кім екенін көпшілік, әсіресе, жастар жағы біле бермейді. Мектептерде ғалымның өмір жолы, ғылыми зерттеулері, қазақ тілінің қалыптасу кезеңдері бағзы дәуірлерден бастау алып, бүгінге жеткенін, тіпті қазіргі түркі дүниесінің түп-төркіні біздер – қазақ халқы екенін сол кеңестік кер саясат кезінде-ақ батыл айтып, жазып кеткен біртуар ғалым екенін ұрпақ санасына сіңіріп, оқытып жатқанын көрген жоқпыз. Орайы келгенде осы жайттарға байланысты ой-түйіндерімізді де айта кетейік. Қазір Ғұбайдолла Айдаров дүниеге келген Сайын ауылындағы жаңа мектепке ғалымның атын беріп, еңбектерін ұрпаққа таныту үшін мұражайын немесе арнайы сынып бөлмесін ашу бүгінгі ел басқарып отырған азаматтардың ғалымның рухына деген тағзымы болмақ. Осы мақсатпен 2009 жылы Түпқараған ауданының ардагерлер кеңесі аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатқа Сайын ауылындағы №1 мектеп-лицейге түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Бұл ұсыныс Түпқараған ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен отырысында қаралып, «Сайын Шапағатов елді мекеніндегі жаңа ашылған мектеп-лицейге Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 15 шілдедегі №20/130 шешімі мен аудан әкімдігінің 2009 жылғы 7 шілдедегі №267 қаулысы қабылданды.Бұл қосарланған шешім-қаулы Маңғыстау облыстық ономастикалық комиссиясына жолданып мақұлданды және облыс әкімінің ұсыныс-хатымен бірге Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Міне, содан бері де төрт жылға жуық уақыт өтті, Астанадан ешқандай хабар жоқ. Мектеп ұжымы, жергілікті әкімдіктегілер, аудан ардагерлері Республикалық ономастикалық комиссиясының шешімін күтуде. 2011 жылы маусым айында елімізге танымал түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін есте қалдыру үшін Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылындағы №1 мектеп-лицейге оның атын беру туралы ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының ұсыныс-хаты да Республикалық ономастикалық комиссиясына жолданды. Сол 2011 жылы Маңғыстау елі Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойын үлкен салтанатты шаралармен атап өтті. Ақтаудағы Каспий Мемлекеттік университетінде ғалымға арналған «Түркі әлеміне танымал тұлға» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған Мәскеуден, Ашхабадтан, Астана мен Алматы қалаларынан белгілі ғалымдар, көзкөрген зиялы қауым өкілдері, ғалымның әйелі Балжан апай мен балалары қатысты. Конференцияға қатысушылар Сайын ауылындағы мектеп-лицейде болып, Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған жиында мектептің алдындағы гүлзарға орнатылатын ескерткіштің іргетасын қаласты, ғалым мұражайының лентасын қиды. Ғалымның балалары Алматыда Ғ.Айдаровтың ескерткіш мүсінін жасатып қойды. Міне, осындай тағылымы мол игілікті шаралардан кейін осы мектеп-лицейге ғалымның атын беру туралы мәселе аяқсып кетті. Мектеп директоры Қ.Тілеубаева мектептің маңдайшасындағы жазуды өзгертуге, мектеп алдына ескерткіш орнатуға ономастика комиссиясының рұқсаты керек деп отыр. Осылайша жалтақ көңілмен уақыт өткізіп жатқан жай бар. Қазақ халқының тарихына сәуле түсірген үлкен ғалымды, еңбектері әлемдік дәрежеде жоғары бағаланып жүрген, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Ғұбайдолла Айдар­ұлын туған ауылында ұлықтай білсек, ертеңгі ұрпақ арасынан ғалым-атасының жолын жалғастырып, Маңғыстау жерінде әлі де болса ашылмай жатқан талай көмбелерді зерттейтін ғалымдар шығарына мен кәміл сенемін.   Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ, «Ана тілі» газеті

Ғ.Айдаров осы 50-жылдардың басында ғылым жолына біржола ден қояды. Қазақтың Ғылым Академиясын халқымыздың біртуар тұлғасы Д.А.Қонаев басқарып тұрған кезде жұмысқа қабылданып, Академияның Тіл білімі институтында қазақ тілінің тарихын зерттеп, Қазақстандағы түркология саласының негізін салуға атсалысады.
Ғ.Айдаров қазақ тіл ғылымының бұрын түрен тимеген саласын зерделей зерттеуді қолға алған, көне түркі жазба мұраларының сырын ашқан алғашқы қазақ ғалымы. Ғ.Айдаров бұл жолда талмай ізденіп, Қазақстанның барлық аймақтарын, оның ішінде өзінің кіндік қаны тамған Маңғыстауының тау-тасында, Моңғолияның, Ресей Алтайының көне қорымдарында жатқан байырғы бәдіздерден қазақ халқының қазіргі тілінің қалыптасу сатыларына сәуле түсірді. Ол қазақтың ұлы ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Медоев, Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында түркі жазбаларына зерттеулер жүргізді. Осындай ізденістерінің нәтижесінде «Ескі түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерінде», «Білге қаған тілі», «Тоныкөк», «Құлшора», «Құтлұғ-қаған», «Мойын Чор», «Орхон-Енисей жазуларының әдебиеттер көрсеткіші», «Орхон ескерткіштері» атты еңбектер жазып, түркология ғылымына соны ой, жаңа тұжы­рымдар қосты. Ғалымның еңбектері бұрынғы Кеңес одағындағы көрнекті түрколог ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ғылым кандидаты, 1974 жылы филология ғылымдарының докторы атағына ие болды. Ғ.Айдаровтың еңбектері бүгінде Берлин, София университеттері мен Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан жоғарғы оқу орындарында арнайы сабақ ретінде өткізіліп келеді.
Ғұбайдолла Айдаров түркі тілдес халықтардың түбі бір туыстығын, қазіргі қазақ тілінің негізі біздің дәуірімізден көп бұрын қалыптасқанын, тіпті жазба әдебиетінің де нұсқалары сол есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде-ақ болғанын нақты дәйектермен дәлелдеп берген дарабоз ғалым еді. Ол 2001 жылы Алматы қаласында 80 жасында қайтыс болды. Өмірлік жолдасы Балжан апаймен бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген бақытты әке, немерелерінің сүйікті атасы болған Ғұбекеңнің өмірі ұрпаққа өнеге, жанкешті зерттеулері нәтижесінде жазып қалдырған ғылыми еңбектері мәңгілік мұра екені сөзсіз..
Маңғыстауда туып, әлемдік деңгейде жоғары бағаланып отырған, зерделі зерттеулерін ұрпақ игілігіне қалдырған ғұлама ғалым біздің жерлесімізді өзінің туған жерінде ұлықтау жағы әлі де болса кемшін. Ақшұқыр ауылында көше аты берілгенімен, оның кім екенін көпшілік, әсіресе, жастар жағы біле бермейді. Мектептерде ғалымның өмір жолы, ғылыми зерттеулері, қазақ тілінің қалыптасу кезеңдері бағзы дәуірлерден бастау алып, бүгінге жеткенін, тіпті қазіргі түркі дүниесінің түп-төркіні біздер – қазақ халқы екенін сол кеңестік кер саясат кезінде-ақ батыл айтып, жазып кеткен біртуар ғалым екенін ұрпақ санасына сіңіріп, оқытып жатқанын көрген жоқпыз.
Орайы келгенде осы жайттарға байланысты ой-түйіндерімізді де айта кетейік. Қазір Ғұбайдолла Айдаров дүниеге келген Сайын ауылындағы жаңа мектепке ғалымның атын беріп, еңбектерін ұрпаққа таныту үшін мұражайын немесе арнайы сынып бөлмесін ашу бүгінгі ел басқарып отырған азаматтардың ғалымның рухына деген тағзымы болмақ. Осы мақсатпен 2009 жылы Түпқараған ауданының ардагерлер кеңесі аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатқа Сайын ауылындағы №1 мектеп-лицейге түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Бұл ұсыныс Түпқараған ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен отырысында қаралып, «Сайын Шапағатов елді мекеніндегі жаңа ашылған мектеп-лицейге Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 15 шілдедегі №20/130 шешімі мен аудан әкімдігінің 2009 жылғы 7 шілдедегі №267 қаулысы қабылданды.Бұл қосарланған шешім-қаулы Маңғыстау облыстық ономастикалық комиссиясына жолданып мақұлданды және облыс әкімінің ұсыныс-хатымен бірге Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Міне, содан бері де төрт жылға жуық уақыт өтті, Астанадан ешқандай хабар жоқ. Мектеп ұжымы, жергілікті әкімдіктегілер, аудан ардагерлері Республикалық ономастикалық комиссиясының шешімін күтуде.
2011 жылы маусым айында елімізге танымал түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін есте қалдыру үшін Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылындағы №1 мектеп-лицейге оның атын беру туралы ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының ұсыныс-хаты да Республикалық ономастикалық комиссиясына жолданды. Сол 2011 жылы Маңғыстау елі Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойын үлкен салтанатты шаралармен атап өтті. Ақтаудағы Каспий Мемлекеттік университетінде ғалымға арналған «Түркі әлеміне танымал тұлға» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған Мәскеуден, Ашхабадтан, Астана мен Алматы қалаларынан белгілі ғалымдар, көзкөрген зиялы қауым өкілдері, ғалымның әйелі Балжан апай мен балалары қатысты. Конференцияға қатысушылар Сайын ауылындағы мектеп-лицейде болып, Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған жиында мектептің алдындағы гүлзарға орнатылатын ескерткіштің іргетасын қаласты, ғалым мұражайының лентасын қиды. Ғалымның балалары Алматыда Ғ.Айдаровтың ескерткіш мүсінін жасатып қойды. Міне, осындай тағылымы мол игілікті шаралардан кейін осы мектеп-лицейге ғалымның атын беру туралы мәселе аяқсып кетті. Мектеп директоры Қ.Тілеубаева мектептің маңдайшасындағы жазуды өзгертуге, мектеп алдына ескерткіш орнатуға ономастика комиссиясының рұқсаты керек деп отыр. Осылайша жалтақ көңілмен уақыт өткізіп жатқан жай бар.
Қазақ халқының тарихына сәуле түсірген үлкен ғалымды, еңбектері әлемдік дәрежеде жоғары бағаланып жүрген, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Ғұбайдолла Айдар­ұлын туған ауылында ұлықтай білсек, ертеңгі ұрпақ арасынан ғалым-атасының жолын жалғастырып, Маңғыстау жерінде әлі де болса ашылмай жатқан талай көмбелерді зерттейтін ғалымдар шығарына мен кәміл сенемін.

 

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
«Ана тілі» газеті

Ұқсас материалдар