Қандастар Ассамблея

Профессор Құдайберген Жұбановтың еңбектері неге мектеп оқулықтарына енгізілмей келеді?

16.10.2013 5287
Бүгінгі күні қазақ сыныптарына арналып екінші, тіпті үшінші рет өңделіп, қайта басылып үлгерген қазақ тілі оқулықтары ішкі мазмұндық жағынан да, сыртқы безендірілу сипаты жағынан да түбірінен жаңа. Грамматикалық жүйе заңдылықтарын меңгертуге қызмет ететін лексикалық тақырыптар, пысықтауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар, қосымша мағлұматтар, тоқсандық білімді түйіндеуге арналған сынақ тапсырмалар, жаттығулар бәрі-бәрі бүгінгі күннің орта білім беруге қойып отырған талаптарына сай таңдалынған. Авторлар ұжымының лексикалық тақырыптар топтамасын әзірлеуде бала жасы мен ақыл-ойының дамуына қарай халық ауыз әдебиеті үлгілерінен (ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыз-әңгімелер, т.б.) бастап, тарихи кезеңдерге сай ұлттық әдебиет жауһарларын, атап айтқанда, шешендік сөз маржандарын, зар заман ақындарының (Шал ақын, Дулат Бабатайұлы, т.б.) туын­дыларын, азаттық идеясын ту еткен Махамбеттің отты өлеңдерін, ұлы Абай, ұлт ұстазы Ыбырай, қазақ ғылымының шамшырағы Шоқан шығармаларын тиімді пайдалана білуі қуантады. Одан әрі кешегі күнге дейін жабулы күйінде жатқан Алаш ардақтыларының елдік сананы оятар отты шығармалары мен халық көзін ашып, еңсесін көтеруге қызмет еткен педагогикалық-әдістемелік еңбектерінің тарихи бағасын алып, қаз-қалпында жарқырай берілуі аса сүйінішті. Үркер жұлдыздай шоғыр­ланған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Т.Рысқұлов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. ұлт жанашырларының уақыт мін­беріне көтеріліп, халық жоғын жоқтаған және болашағына бағдар іздеген жансебіл еңбектерін, яғни ұлт үшін алтыннан қымбат дүниелерді кейінгі ұрпақтардың біліп, көкірегіне түйіп өсуі аса маңызды. Одан әрі кеңестік дәуірде кезең-кезеңімен әдебиет әлеміне келген ақын-жазушылардың сүбелі еңбектері, түрлі мазмұнды баспасөз материалдары, ғылым жаңалықтары, сөз сырына бойлатар тілдік этимологиялық деректер, т.б. мағлұматтар оқулықтардың мақсаты мен мазмұнына қарай ұтымды ұсынылғанын ерекше атаған жөн. Осы ретте 8 сыныпқа арналып «Мектеп» баспасынан 2012 ж. жарық көрген «Қазақ тілі» оқулығы (авторлары С.Аманжолов, А.Аманжолов, Г.Қосымова) жөнінде айта кету орынды деп санаймыз. Өңделіп, толықтырылып үшінші рет баспа бетін көрген аталмыш оқулық қазіргі кезеңдегі оқулық даярлау талаптарына толық жауап береді деп айта аламыз: теориялық материалдарды екшеу және ұсыну әдістемесі, жаңа білімді меңгертуге, пысықтауға және қайталауға арналған грамматикалық тапсырмалар мен жаттығулар ке­шені, бала танымы мен ой-өрісін дамытуға, сөздік байлығын арттыруға жәрдемдесетін бай лексикалық материалдар –ыждағатты еңбектің жемісі. Әсіресе оқушыларға сөз астары мен жауапкершілігін түсіндіретін, көркемдік кестеге бай шешендік сөздерден үзінділер мен оларға қатысты ғылыми тұжырымдар (Ш.Уәлихановтың талдауы), «Аңыздан ғажап ақиқат» кітабынан алынған қызықты материалдар, ұлт тұлғаларына (академик Әлкей Марғұлан, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, біртуар балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, академик Қаныш Сәтбаев, т.б.) қатысты танымдық дүниелер, ескі жыр-дастандардан келтірілген үзінділер («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Рүстем-Дастан», т.б.) мен «Сөздер өмірінен» тақырыбы аясында ұсынылған этимологиялық деректер, сөзсіз, баланың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятып, ел-жер тарихының, көшпенді қазақ мә­дениетінің тағылымдарын ұғындырады, сол арқылы жас ұрпақтың туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілігі мен елжандылық қасиеттерін қалыптастырады деп сенеміз. Орта мектепте қазақ тілі 2-11 сынып аралығында оқытылатыны белгілі. Қолға түскен 4-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарын ерінбей, егжей-тегжейлі қарап шығуымыздың себебі жоқ емес. Соңғы жылдары «Атамұра» және «Мектеп» баспаларынан білікті тіл мамандарының даярлауымен шығарылған аталмыш оқулықтарды ақтартқан көптен көкейде жүрген сауал еді. Жоғарыда атап өткен Алаш ардақтыларының алдыңғы сапынан орын алатын, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілін зерттеуге арнаған ұлт жанашыры, қазақ тілтанымының ғылыми негіздемесін жасаған тұңғыш профессор, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тілдік зерттеулері мен әдістемелік еңбектері не себептен мектеп оқулықтарының бағдарламасы мен мазмұнынан тыс қалып келеді? Тіпті авторлар ұжымы ғалым мұрасын оқулықтарға енгізуді ескерді дегеннің өзінде неге тек бірлі-жарым дүниелерімен ғана шектеледі? Нақтылық үшін атай кетейік: жалпы білім беретін мектептің 5 сыныбына арналып, «Атамұра» баспасынан 2010 жылы профессорлар Г.Қосымова және Ж.Дәулетбекованың авторлығы­мен шыққан «Қазақ тілі» оқулығын­да Қ.Жұбановтың сөз мәдениетіне қатысты еңбегінен үзінді (15-б.) ұсынылған. Берілген мәтін бойынша оқушыларға деңгейлік, шығармашылық тапсырмалар жасау жүктеледі. Сондай-ақ 10 сыныптың жаратылыстану-математика бағытына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» оқулығында (авторлары Н.Оразақынова, Н.Әміреев, К.Әбдірейімова, Н.Сапақова) ғалымның орфография және терминология мәселелеріне байланысты «Жанғазыға хатынан» үзінді келтіріледі (88-б.). Артынан берілген мәтіннің құрылымы мен жазылу ерекшеліктерін анықтау мақсатында бірнеше сұрақ пен тапсырма ұсынылған. 4-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында профессор Қ.Жұбановтың тілтанымдық және әдістемелік еңбектерінен бұдан басқа ештеңе таппайсыз. Аталған олқылықтың орын алу себебін анықтамаққа талпынып көрсек те, қисынын таба алмадық. Қазақ мектебіне арналған қазақ тілі оқулықтары профессор Қ.Жұбановтың тілтанымдық, әдебиеттік және әдістемелік мол мұраларынсыз олқы көрінетіні шындық. Қазақ даласында ең алғаш ашылған жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында (ол кезде солай аталатын) Қазақ тілі кафедрасын ұйымдастыруға тікелей мұрындық болған және меңгерушілік қызметін атқарған, қазақ тілінің ғылыми және жоғарғы курсынан дәрістер цик­лын даярлап, студенттерге ұсынған ұлт ұстазының алмағайып заманмен алысып жүріп жасаған ерен еңбегі неге ескерусіз қалу керек? Профессордың қазақ тілінің жүйелік деңгейлері мен құрылымдық қабаттарын, тілдік бірліктердің ұйымдасу заңдылықтарын, яғни тілдік парадигмасын ғылыми тұрғыдан анықтап берген кешенді еңбегін қалай байқамауға болады? Дыбыстық қабаттан бастап, лексикология, морфология, синтаксистің күрделі мәселелеріне дейін зерделей зерттеген, одан әрі қазақ тілінің тарихын тереңнен қаузаған, жаңа грамматиканың жаңалықтары ретінде ұсынған теориялық ұстанымдарын қайда қоямыз? Бір ғана буын мәселесіне байланысты ғалым анықтаған қазақ сөзінің просодикалық белгілеріне қарай буынды оқытудың тиімді жолдары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Ғалымның пікірінше, «қазақ тіліндегі буындар алты түрлі: 1.Жалаң буын немесе Ды буын; 2.Ашық буын немесе (Дз/Ср-Ды); 3.Жеңіл тұйық буын немесе (Ды+Дз/Ср); 4.Жеңіл бітеу буын немесе (Дз/Ср+Ды+Дз/Ср); 5.Ауыр тұйық буын немесе (Ды+Ср+Дз); 6.Ауыр бітеу буын немесе (Дз/Ср+Ды+Ср+Дз)» (Қ.Жұбанов, Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 2010, 200-б.). Көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін ғалым еңбегіндегі түсініктемені қысқаша бере кетейік: мұндағы «жалаң буын дегеніміз – бір дауысты дыбыстың бір өзінен болған буын. А-қын, ә-кел деген сөздердің бас буындары, осындай жалаң буындар. Екі дыбысты буынның алдыңғы дыбысы дауыссыз, не сонор болып, соңғысы дауыс­ты болса, ашық буын дейміз. Ба-ла, те-ре-зе деген сөздердің барлық буындары да ашық. Екі дыбысты буынның бас дыбысы дауысты болып, соңғы дыбысы дауыссыз бен сонордың бірі болса, тұйық буын дейміз. Ат, от, ер, ес сөздері осындай тұйық буындар. Үш дыбысты буынның бас дыбысы дауыссыз не сонор, екінші дыбысы дауысты болып, үшінші дыбысы тағы дауыссыз не сонор болса, жеңіл бітеу буын дейміз. Қар, жел, тұр, сыз сөздеріндегі буындар, осындай жеңіл бітеу буындар. Үш дыбысты буынның алдыңғы дыбысы дауысты, ортасындағысы сонор, аяғындағы дыбысы дауыссыз болса, ауыр тұйық буын дейміз. Айт, ант, елт, ерт деген сөздер, осындай ауыр түйық буындар. Төрт дыбысты буынның алдыңғысы дауыссыз не сонор, екіншісі дауысты, үшіншісі сонор, төртіншісі дауыссыз болса, ауыр бітеу буын дейміз. Қант, қарт, жорт деген сөздер, осындай ауыр бітеу буындар» (Аталған еңбек, 201-202 бб.). Бұдан әрі ғалым сөз ағынында буынның жылысуы мен кірігуі, олардың жуан, жіңішкелік сипаты, т.б. мәселелерді кең түсіндіреді. «Буын жігі қайткенде оңай табылады?» деген мақаласында профессор Қ.Жұбанов қазақ буындарының құрылымдық және фонетикалық белгілерін анықтап алып, буын жігін оңай, механик (ғалымның өз қолданысы) түрде табуға болатынын көрсетеді. «Оның үшін жазылған әрбір сөздің дыбыстарын аяқ жағынан бастап шоламыз. Дауысты дыбыстан соң келген дауыссызды елемей, өте шығып (өйткені дауыстының соңында дауыссыз болмай да қалады, біреу де, екеу де бола береді), әрбір дауыстының алдыңғы жағына бір дауыссыз тастап бөле береміз (өйткені сөз ортасында дауыстыдан буын басталмаушы еді ғой). Сонда неше бөлік шықса, сонша буын болады. Мысал үшін о-қы-ту-шы» (аталған еңбек, 374-б.)». Қазақ сөздеріндегі буын жігін табуды үйретудің осындай ең тиімді, оңай тәсілдерін бүгінгі оқулықтарда неге көрсетпеске? Немесе кейінгі жылдары қазақ тілін оқыту әдістемесінде кең қолданысқа ие болып жүрген талдау-жинақтау әдісі арқылы сатылай оқыту, салыстыру және көрнекілік, дамыта оқыту әдістерін алайық. Бұларды қазақ тіл ғылымында ең алғаш профессор Қ.Жұбанов «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» еңбегінде оқытудың тиімді тәсілдері ретінде көрсеткен болатын. Қазіргі таңда олардың ұлттық санаға сыйымдылығы, қазақы түсінікке сәйкестілігі, уақыт сынына төтеп берер тиімділігі айқындалып, ғылыми айналымға түсіргені белгілі. Ал оқулықтарда, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарда осы әдіс-тәсілдерді ұсынарда ғалымның жаңашылдық көзқарасын, ұстаздық шеберлік қырларын айта кетсе, артық па? Болмаса, оқулықтарда ғалымның өнегелі өмір жолы мен қазақ ғылымына сіңірген зор еңбегі туралы қысқаша мәліметін суретімен қоса берсе, оқушыларға ұлт тұлғасының тағылымы ой салмас па еді? Қазіргі тілтанымдық зерттеулер ауқымына кіретін антропоөзектік парадигма (дүниені адам арқылы тану немесе адамтану) мәселелерінің концептологиясы профессор Қ.Жұбановтың өткен ғасырдың 20-30 жылдары межелеп кеткен теориялық болжамдарынан бастау алып отыр. Тіл және адам, тіл және қоғам, тіл және қоршаған дүние, тіл және таным, тіл және ой, тіл және діл… қатынастарынан туындайтын тілдік білім мен өмірлік білік аясына сыятын түсініктер жүйесінің ғылыми түрде пайым­далып, ұлттың зияткерлік қазынасына айналған ғалым мұрасы кейінгі жылдары көпвекторлы ғылыми зерттеулердің нысанына алынуы жайдан-жай емес. Ғалым мұрасын тану – қазақ тілін, яғни қазақ ұлтын тереңірек тану дегенмен пара-пар. Бүгінгі орта мектептегі қазақ тілі оқулықтарының да басты мақсаты осы емес пе? Олай болса, профессор Қ.Жұбанов еңбектерін оқу құралдары мен оқулықтарының мемлекеттік стандартты бағдарламасы мен мазмұнына енгізу мектеп оқулықтарын даярлауға жауапты барлық құзырлы мекеме қызметкерлері мен авторлар ұжымына уақыттың өзі қояр талаптардың бірі болмақ. Жанат ИСАЕВА

Бүгінгі күні қазақ сыныптарына арналып екінші, тіпті үшінші рет өңделіп, қайта басылып үлгерген қазақ тілі оқулықтары ішкі мазмұндық жағынан да, сыртқы безендірілу сипаты жағынан да түбірінен жаңа. Грамматикалық жүйе заңдылықтарын меңгертуге қызмет ететін лексикалық тақырыптар, пысықтауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар, қосымша мағлұматтар, тоқсандық білімді түйіндеуге арналған сынақ тапсырмалар, жаттығулар бәрі-бәрі бүгінгі күннің орта білім беруге қойып отырған талаптарына сай таңдалынған.

Авторлар ұжымының лексикалық тақырыптар топтамасын әзірлеуде бала жасы мен ақыл-ойының дамуына қарай халық ауыз әдебиеті үлгілерінен (ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыз-әңгімелер, т.б.) бастап, тарихи кезеңдерге сай ұлттық әдебиет жауһарларын, атап айтқанда, шешендік сөз маржандарын, зар заман ақындарының (Шал ақын, Дулат Бабатайұлы, т.б.) туын­дыларын, азаттық идеясын ту еткен Махамбеттің отты өлеңдерін, ұлы Абай, ұлт ұстазы Ыбырай, қазақ ғылымының шамшырағы Шоқан шығармаларын тиімді пайдалана білуі қуантады. Одан әрі кешегі күнге дейін жабулы күйінде жатқан Алаш ардақтыларының елдік сананы оятар отты шығармалары мен халық көзін ашып, еңсесін көтеруге қызмет еткен педагогикалық-әдістемелік еңбектерінің тарихи бағасын алып, қаз-қалпында жарқырай берілуі аса сүйінішті. Үркер жұлдыздай шоғыр­ланған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Т.Рысқұлов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. ұлт жанашырларының уақыт мін­беріне көтеріліп, халық жоғын жоқтаған және болашағына бағдар іздеген жансебіл еңбектерін, яғни ұлт үшін алтыннан қымбат дүниелерді кейінгі ұрпақтардың біліп, көкірегіне түйіп өсуі аса маңызды.
Одан әрі кеңестік дәуірде кезең-кезеңімен әдебиет әлеміне келген ақын-жазушылардың сүбелі еңбектері, түрлі мазмұнды баспасөз материалдары, ғылым жаңалықтары, сөз сырына бойлатар тілдік этимологиялық деректер, т.б. мағлұматтар оқулықтардың мақсаты мен мазмұнына қарай ұтымды ұсынылғанын ерекше атаған жөн.
Осы ретте 8 сыныпқа арналып «Мектеп» баспасынан 2012 ж. жарық көрген «Қазақ тілі» оқулығы (авторлары С.Аманжолов, А.Аманжолов, Г.Қосымова) жөнінде айта кету орынды деп санаймыз. Өңделіп, толықтырылып үшінші рет баспа бетін көрген аталмыш оқулық қазіргі кезеңдегі оқулық даярлау талаптарына толық жауап береді деп айта аламыз: теориялық материалдарды екшеу және ұсыну әдістемесі, жаңа білімді меңгертуге, пысықтауға және қайталауға арналған грамматикалық тапсырмалар мен жаттығулар ке­шені, бала танымы мен ой-өрісін дамытуға, сөздік байлығын арттыруға жәрдемдесетін бай лексикалық материалдар –ыждағатты еңбектің жемісі. Әсіресе оқушыларға сөз астары мен жауапкершілігін түсіндіретін, көркемдік кестеге бай шешендік сөздерден үзінділер мен оларға қатысты ғылыми тұжырымдар (Ш.Уәлихановтың талдауы), «Аңыздан ғажап ақиқат» кітабынан алынған қызықты материалдар, ұлт тұлғаларына (академик Әлкей Марғұлан, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, біртуар балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, академик Қаныш Сәтбаев, т.б.) қатысты танымдық дүниелер, ескі жыр-дастандардан келтірілген үзінділер («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Рүстем-Дастан», т.б.) мен «Сөздер өмірінен» тақырыбы аясында ұсынылған этимологиялық деректер, сөзсіз, баланың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятып, ел-жер тарихының, көшпенді қазақ мә­дениетінің тағылымдарын ұғындырады, сол арқылы жас ұрпақтың туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілігі мен елжандылық қасиеттерін қалыптастырады деп сенеміз.
Орта мектепте қазақ тілі 2-11 сынып аралығында оқытылатыны белгілі. Қолға түскен 4-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарын ерінбей, егжей-тегжейлі қарап шығуымыздың себебі жоқ емес. Соңғы жылдары «Атамұра» және «Мектеп» баспаларынан білікті тіл мамандарының даярлауымен шығарылған аталмыш оқулықтарды ақтартқан көптен көкейде жүрген сауал еді. Жоғарыда атап өткен Алаш ардақтыларының алдыңғы сапынан орын алатын, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілін зерттеуге арнаған ұлт жанашыры, қазақ тілтанымының ғылыми негіздемесін жасаған тұңғыш профессор, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тілдік зерттеулері мен әдістемелік еңбектері не себептен мектеп оқулықтарының бағдарламасы мен мазмұнынан тыс қалып келеді? Тіпті авторлар ұжымы ғалым мұрасын оқулықтарға енгізуді ескерді дегеннің өзінде неге тек бірлі-жарым дүниелерімен ғана шектеледі? Нақтылық үшін атай кетейік: жалпы білім беретін мектептің 5 сыныбына арналып, «Атамұра» баспасынан 2010 жылы профессорлар Г.Қосымова және Ж.Дәулетбекованың авторлығы­мен шыққан «Қазақ тілі» оқулығын­да Қ.Жұбановтың сөз мәдениетіне қатысты еңбегінен үзінді (15-б.) ұсынылған. Берілген мәтін бойынша оқушыларға деңгейлік, шығармашылық тапсырмалар жасау жүктеледі. Сондай-ақ 10 сыныптың жаратылыстану-математика бағытына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» оқулығында (авторлары Н.Оразақынова, Н.Әміреев, К.Әбдірейімова, Н.Сапақова) ғалымның орфография және терминология мәселелеріне байланысты «Жанғазыға хатынан» үзінді келтіріледі (88-б.). Артынан берілген мәтіннің құрылымы мен жазылу ерекшеліктерін анықтау мақсатында бірнеше сұрақ пен тапсырма ұсынылған. 4-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында профессор Қ.Жұбановтың тілтанымдық және әдістемелік еңбектерінен бұдан басқа ештеңе таппайсыз.
Аталған олқылықтың орын алу себебін анықтамаққа талпынып көрсек те, қисынын таба алмадық. Қазақ мектебіне арналған қазақ тілі оқулықтары профессор Қ.Жұбановтың тілтанымдық, әдебиеттік және әдістемелік мол мұраларынсыз олқы көрінетіні шындық. Қазақ даласында ең алғаш ашылған жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында (ол кезде солай аталатын) Қазақ тілі кафедрасын ұйымдастыруға тікелей мұрындық болған және меңгерушілік қызметін атқарған, қазақ тілінің ғылыми және жоғарғы курсынан дәрістер цик­лын даярлап, студенттерге ұсынған ұлт ұстазының алмағайып заманмен алысып жүріп жасаған ерен еңбегі неге ескерусіз қалу керек? Профессордың қазақ тілінің жүйелік деңгейлері мен құрылымдық қабаттарын, тілдік бірліктердің ұйымдасу заңдылықтарын, яғни тілдік парадигмасын ғылыми тұрғыдан анықтап берген кешенді еңбегін қалай байқамауға болады? Дыбыстық қабаттан бастап, лексикология, морфология, синтаксистің күрделі мәселелеріне дейін зерделей зерттеген, одан әрі қазақ тілінің тарихын тереңнен қаузаған, жаңа грамматиканың жаңалықтары ретінде ұсынған теориялық ұстанымдарын қайда қоямыз? Бір ғана буын мәселесіне байланысты ғалым анықтаған қазақ сөзінің просодикалық белгілеріне қарай буынды оқытудың тиімді жолдары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.
Ғалымның пікірінше, «қазақ тіліндегі буындар алты түрлі: 1.Жалаң буын немесе Ды буын; 2.Ашық буын немесе (Дз/Ср-Ды); 3.Жеңіл тұйық буын немесе (Ды+Дз/Ср); 4.Жеңіл бітеу буын немесе (Дз/Ср+Ды+Дз/Ср); 5.Ауыр тұйық буын немесе (Ды+Ср+Дз); 6.Ауыр бітеу буын немесе (Дз/Ср+Ды+Ср+Дз)» (Қ.Жұбанов, Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 2010, 200-б.). Көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін ғалым еңбегіндегі түсініктемені қысқаша бере кетейік: мұндағы «жалаң буын дегеніміз – бір дауысты дыбыстың бір өзінен болған буын. А-қын, ә-кел деген сөздердің бас буындары, осындай жалаң буындар.
Екі дыбысты буынның алдыңғы дыбысы дауыссыз, не сонор болып, соңғысы дауыс­ты болса, ашық буын дейміз. Ба-ла, те-ре-зе деген сөздердің барлық буындары да ашық.
Екі дыбысты буынның бас дыбысы дауысты болып, соңғы дыбысы дауыссыз бен сонордың бірі болса, тұйық буын дейміз. Ат, от, ер, ес сөздері осындай тұйық буындар.
Үш дыбысты буынның бас дыбысы дауыссыз не сонор, екінші дыбысы дауысты болып, үшінші дыбысы тағы дауыссыз не сонор болса, жеңіл бітеу буын дейміз. Қар, жел, тұр, сыз сөздеріндегі буындар, осындай жеңіл бітеу буындар.
Үш дыбысты буынның алдыңғы дыбысы дауысты, ортасындағысы сонор, аяғындағы дыбысы дауыссыз болса, ауыр тұйық буын дейміз. Айт, ант, елт, ерт деген сөздер, осындай ауыр түйық буындар.
Төрт дыбысты буынның алдыңғысы дауыссыз не сонор, екіншісі дауысты, үшіншісі сонор, төртіншісі дауыссыз болса, ауыр бітеу буын дейміз. Қант, қарт, жорт деген сөздер, осындай ауыр бітеу буындар» (Аталған еңбек, 201-202 бб.). Бұдан әрі ғалым сөз ағынында буынның жылысуы мен кірігуі, олардың жуан, жіңішкелік сипаты, т.б. мәселелерді кең түсіндіреді. «Буын жігі қайткенде оңай табылады?» деген мақаласында профессор Қ.Жұбанов қазақ буындарының құрылымдық және фонетикалық белгілерін анықтап алып, буын жігін оңай, механик (ғалымның өз қолданысы) түрде табуға болатынын көрсетеді. «Оның үшін жазылған әрбір сөздің дыбыстарын аяқ жағынан бастап шоламыз. Дауысты дыбыстан соң келген дауыссызды елемей, өте шығып (өйткені дауыстының соңында дауыссыз болмай да қалады, біреу де, екеу де бола береді), әрбір дауыстының алдыңғы жағына бір дауыссыз тастап бөле береміз (өйткені сөз ортасында дауыстыдан буын басталмаушы еді ғой). Сонда неше бөлік шықса, сонша буын болады. Мысал үшін о-қы-ту-шы» (аталған еңбек, 374-б.)». Қазақ сөздеріндегі буын жігін табуды үйретудің осындай ең тиімді, оңай тәсілдерін бүгінгі оқулықтарда неге көрсетпеске?
Немесе кейінгі жылдары қазақ тілін оқыту әдістемесінде кең қолданысқа ие болып жүрген талдау-жинақтау әдісі арқылы сатылай оқыту, салыстыру және көрнекілік, дамыта оқыту әдістерін алайық. Бұларды қазақ тіл ғылымында ең алғаш профессор Қ.Жұбанов «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» еңбегінде оқытудың тиімді тәсілдері ретінде көрсеткен болатын. Қазіргі таңда олардың ұлттық санаға сыйымдылығы, қазақы түсінікке сәйкестілігі, уақыт сынына төтеп берер тиімділігі айқындалып, ғылыми айналымға түсіргені белгілі. Ал оқулықтарда, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарда осы әдіс-тәсілдерді ұсынарда ғалымның жаңашылдық көзқарасын, ұстаздық шеберлік қырларын айта кетсе, артық па?
Болмаса, оқулықтарда ғалымның өнегелі өмір жолы мен қазақ ғылымына сіңірген зор еңбегі туралы қысқаша мәліметін суретімен қоса берсе, оқушыларға ұлт тұлғасының тағылымы ой салмас па еді?
Қазіргі тілтанымдық зерттеулер ауқымына кіретін антропоөзектік парадигма (дүниені адам арқылы тану немесе адамтану) мәселелерінің концептологиясы профессор Қ.Жұбановтың өткен ғасырдың 20-30 жылдары межелеп кеткен теориялық болжамдарынан бастау алып отыр. Тіл және адам, тіл және қоғам, тіл және қоршаған дүние, тіл және таным, тіл және ой, тіл және діл… қатынастарынан туындайтын тілдік білім мен өмірлік білік аясына сыятын түсініктер жүйесінің ғылыми түрде пайым­далып, ұлттың зияткерлік қазынасына айналған ғалым мұрасы кейінгі жылдары көпвекторлы ғылыми зерттеулердің нысанына алынуы жайдан-жай емес. Ғалым мұрасын тану – қазақ тілін, яғни қазақ ұлтын тереңірек тану дегенмен пара-пар. Бүгінгі орта мектептегі қазақ тілі оқулықтарының да басты мақсаты осы емес пе?
Олай болса, профессор Қ.Жұбанов еңбектерін оқу құралдары мен оқулықтарының мемлекеттік стандартты бағдарламасы мен мазмұнына енгізу мектеп оқулықтарын даярлауға жауапты барлық құзырлы мекеме қызметкерлері мен авторлар ұжымына уақыттың өзі қояр талаптардың бірі болмақ.

Жанат ИСАЕВА

Ұқсас материалдар