Қандастар Ассамблея

Қазақ пен жапон жырларындағы ұқсастықтар

16.10.2013 6465
Біз тілді қоғамдық құбылыс дегенімізбен де, оның негізі ұлттық мәйегінде, халықтық сипатында екендігі даусыз. Тіл де тірі ағза секілді өмір сүреді немесе өледі, яғни жасарып, жаңарады, түлейді, түрленеді һәм қартаяды, қатардан шығады. Ол сол тілде сөйлейтін ұлттың тағдыр талайына қатысты болмақ. Ұлт бар жерде тіл бар, тіл бар жерде сол ұлттың өмір сүруіне негіз бар. Сонымен бірге кез келген тіл томаға-тұйық қалыпта дамымайды, ол өзге де тілдермен ауыс-түйіс қатынасқа түсіп, толығып-молығады, өзіне сіңіреді. Тарихи-әлеуметтік, саяси-мәдени ырықты, ырықсыз қарым-қатынастарға байланысты бір халықпен екінші халықтың немесе үшінші халықтың араласуы, кірігуі, жұтылуы табиғи заңдылық іспеттес. Белгілі бір ғасырларға, дәуірлерге жалғасатын осынау үрдістің әсері тілге де аз ықпалын тигізбейді екен. Қазіргі қазақ тілінде төл қолданысқа әбден еніп кеткен араб, парсы, моңғол сөздері осының дәлелі. Соның ішінде күні кешегіге дейін көшпелі өмір кешкен, Байкөлден Балқанға дейінгі аралықты ат тұяғымен дүбірлеткен ғұндар мен көк түркілердің тікелей ұрпағы болып саналатын қазақтар мен моңғолдардың тілдік жағынан ұқсас, төркіндес келетінін аңғару қиын емес.  Ең әуелі қазақ тіліндегі «төркін» деген сөзді алып көрейікші. Сөз түбірі «төр» – қазақ ұғымында үйдің (киіз үй) ең құрметті орны. Қазақтың сыйлы қонағын жақсы көріп, жақын тартып, төріне шығаратыны белгілі. Ал «төркін» – ұзатылған қыздың өз жұрты. Сол сияқты «Сөзінің төркіні қалай екен?» деп баяғының шалдары сұрап жатушы еді. Бұған қарағанда «төркін» сөзі «түп қазығы, негізі» деген мағынаны білдірсе керек. Қазақта «төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деген де сөз бар. Жат жұртқа кеткен қыздың араға жылдар салып өз жұртына баруын «төркіндеу», «төркіндеп қайту» деген. «Төр» сөзі моңғол тілінде де қолданылады. Олар «төр» деп мемлекетті айтады. Сонымен бірге «төр засаг» деп қосарлап та қолданады. Мұндағы «засағы» үкімет дегенді білдіреді. Осындағы «засаг(ғ)» сөзі қазақ тілінде ұмытыла бастаған «жасақ» сөзімен төркіндес. «Жарақты күні жау келмес, жасақты күні жау келмес» деген мақалдағы «жасақ» атауы әскери құрылымды емес, ауыл-ел болып тұтасқан алқалы топты, ұлты ұйысқан ұлысты атаса керек. Моңғолдар «туу» сөзін «төрөх» дейді. «Төркін» сөзінің түп төркіні «туған үй», «туған жұрт» дегенді білдіретініне күмән болмас. Біздегі төрелерге қатысты айтылатын «төре» атауының мағынасы «төрде отырып, ел басқаратын, билік жүргізетін адам» дегенді білдірумен қатар, әу басында мемлекеттік ел басқарудың титулы болып, келе-келе қазаққа кіріккен ұлыстың атауына ауысқанына шүбә келтіруге болмас. Қалай айтқанмен де «төр» сөзі үйдегі құрметті орынды, мемлекеттегі ел басқару ісін білдіретін ортақ атаулық мәнге ие. Тілдегі мұндай төркіндестіктің мысалдарын көптеп келтіруге болады Мысалы; жұдырық-нұдырғы (моңғолша), маңдай-мағнай(моңғолша), қар(қол)-ғар(моңғолша), мал-мал (моңғолша), төл-төл(моңғолша) тағы сол сияқты. Ежелден қойы қоралас, жаны аралас болған халықтарда мұндай төркіндестіктің һәм ауыс-түйістің болмай қоюы тіпті де мүмкін емес-ті. Ал анау күн шығыста жатқан жапондықтармен (қазақтың «жапан», «жапан дала», «жапан түз» сөздерін есіңізге түсіріңіз) тілдік байланысымыздың болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Әрине, мұны салыстырмалы түрде айтылған жорамал, болжам деуге де болар. 1988 жылы Мәскеуде жарық көрген «Архаический ритуал в фольклорных и раннелитературных памятниках» атты кітаптағы Л.М.Ермакованың «Ритуальные и космологические значения в ранней японской поэзии» деген мақаласын оқығанда еріксіз таңғалдым. 1262 жылы Дзегаку жазған «Вака ироха» (аудармасы «Азбука поэзии» – «Жыр әліппесі») деген поэтикалық трактаттағы «ир(оха)» сөзінің қазақша мағынасы «өлең-жыр» дегенді білдіреді екен. Сонда жапондар жырды «ир(ох)» деген ғой. Түркі тілдерінде «жыр, ир, яр» түрінде келе беретінін ескерсек, жапонның «ирох»-ысы дыбысталуы жағынан да, мағыналық тұрғыдан да өте-мөте ұқсас болып тұрған жоқ па?! Осы трактатта жапон поэзиясындағы бес (5) тармақты жыр үлгісін «танка» (таған) деп атайтындығы және оның бірінші тармағын – бас, екіншісін – кеуде, үшінші тармағын – бел тұсы, ал соңғы екі тармақты – құйыршық» деп бөлетіндігі жайлы жазылған. Жапон поэзиясындағы «танканың» қазақ жырындағы «таған»(төрт тағанды жыр үлгісі) сөзімен лексика-семантикалық байланысы жоқ дей аласыз ба? Сонымен бірге осы бес таған жырдың өзегі, идеялық ұстыны «кокоро» делінеді екен. Біз «поэзия – жүрек сөзі» дейміз. Сол сияқты жапонның бес тағанындағы сезім мен ойдың ұштасып, ақындық қуаттың жарқырап көрінер жері оның жүрек сыры, жүрек толғанысы екен, яғни жапонша «кокоро(к)» сөзі «жүрек» деген мағынаны білдіреді. Жүректің орналасқан мекені адамның көкірек қуысы екендігі айтпасақ та түсінікті. Қазақтың «көкірек» сөзінің синонимдес мағынасы –«жүрек». Көркем шығармада «көкірек көзі», «көкірегі қаяулы», «көкірек басына байлаған» деген поэтикалық тіркестер жиі қолданылады. «Ержүрек» сөзінің баламасы «өркөкірек немесе еркөкірек». Қазақтың «көкірегі» мен жапонның «кокоро» арасындағы ұқсастықты кім жоққа шығара алады? Ол ол ма, жапондықтар үй иесі – отағасын «ота(у)сан», аққу құсты «оха куша» деп атауын немен түсіндіруге болады? Көріп отырғаныңыздай, «отағасы», «отасан» сөздерінің түбірі «от», мағынасы «от иесі». Моңғолдар кенже баланы «отгон» дейді.Түркі-моңғолдардың дәстүрі бойынша кенже бала – от иесі, шаңырақ иесі. Орыстың «отец» сөзінің шығу төркінін осыдан іздесек несі айып. Ал «ох(а)»-сы біздің «ақ», «куша» сөзі«құс» мағынасын береді. «Тіршілік иесі, заттың атауы» деген мағына білдіретін «мон(о)» сөзі қазақ тіліндегі 1-жақтың иесі «мен»-ге орайлас келіп тұрғандай. Ағылшынша «ман» – адам деген атаулы мағынаға ие екендігі белгілі. Жапонның орта ғасырлық поэзиясында қолданылатын барлық сөздер «моно-но на» («заттық атаулар») және «кото»(«cөз») – деп екі топқа бөлініп қарастырылған. «Моно» – заттың, тіршілік иесінің өзегі, өмір сүру негізі және оның рухы, әзәзіл сипатында қарастырылса, «кот(о)»-тобына заттық емес лексикаларды енгізіп, оған сол заттық ұғымның «өзгерімпаз», «қозғалысты», «реттегіш» қасиеттерін жатқызады. Тілдің яғни сөздің кері әсерін қазақтар да жақсы білген. Сондықтан да «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Айтқан сөзге аспандағы бұлт та азады» деген. «Кот-сөз» тұлғалы қалпында және іс-әрекетті жасаушы ретінде ритуалдық қасиетке ие болады деп сенген. Бір сөзбен айтқанда, олар да біздің қазақ сияқты тілдің, сөздің магиялық күшіне иланған, құдіретіне бас ұрған, содан қорыққан тәрізді. Кот(эн) – жапон тілінде «көркем сөз», «әдебиет» деген мағынаны білдіреді екен. Көне кәріс тілінде «кото/құта» сөзі «іс-әрекет» дегенді айқындайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөзге жан семіреді», «Жақсы сөзде құт-береке бар» деп түсінетін қазақ алғыс тілекті, ризашылық ниетті «құтты сөз» немесе бүгінгіше айтқанда «құттықтау» деп атаса керек (Ж.Баласағұнидың «Құтты білігін» есіңізге түсіріңіз). Қазақтың «құтты сөзі» мен жапонның «қасиетті котосының («cөз, әрекет»)» арасында тұлғалы ұқсастықты (құт-қот) былай қойғанда, лексикалық мағыналастығы қызықтырмай ма? Қысқасы, қазақ та, жапон да, кәріс те сөзді кие тұтқан, өлең сөзді өмірлік нәр деп ұғынған. Хакім Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы » демеп пе еді. Сонымен қатар өлең-жырдың ішкі астарын, бедерлі, көркем кестесін «ура(н)» деп атаса, моңғолдар да келісті көркем сөзді «уран/ұрын» дейді. Мысалы: уран зохиол/ұрын зокол – көркем әдебиет. Жапондықтардың мифологиялық аңыздары бойынша «өлең-жыр көк аспан мен қара жер ажырағанда пайда болған, сол себепті де ол екі аралықта еркін кезіп жүреді» деген түсінік болған және оны Құдай-анамен, Құдай-әкемен байланыстырған. Аспан мен жердің ажырауы туралы мифтік түсінік түркі-моңғолдарда да бар. Айталық, моңғолдың «Хан Харангуй» жыры бойынша Харунғұй батыр әлемдік жарылыста дүниеге келді делінеді. Ақындықты, әншілікті «тәңірдің сыйы» деп түсіну қазақта да бар. «Дауысым аспан-жердің арасын дауылдатып» деген оралымдарды қазақ әндерінің иірімдерінен көптеп кездестіру болады. Жапон филологы Н.Масахитоның «Сакура халқы туралы зерттеулерінде» ай күнтізбесі бойынша төртінші айдың (көкек айы) 10 күні Құдайлардың құрметіне «Ясурай» мерекесі тойланатыны туралы айтылған. Оларда сакура ағашы гүлдесе, бізде көкек құсы шақырады. Табиғаттың тамашасына еліту, оны құрмет тұту, өмір сүру дағдысын соған қатысты қалыптастыру екі халықта да бірдей ортақ мәнге ие құбылыс. Са(көктемгі алқап құдайы)+кура (рәсім орны). Адамдар сакура арқылы ясурайбананың гүлдеуіне қарап өздерінің тағдырларын, болашақтарын болжаған. Бір сөзбен айтқанда, ол – «Өмір ағашы». Мұны «Ясурайбана» – «көктем мерекесі» немесе «гүлдер мерекесі» деп атаған. Осы мейрамда ясурай гүлінің құрметіне, оның тыныштығы үшін «ясурайбана» әні шырқалып, «ясурайодори» биі биленетін болған. Жапон тіліндегі «ясурай» сөзі «сабырлы, тыныш, тербетілген» дегенді білдіреді екен. Бір қызығы анау бір жылы «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың жүз әні» атты телехабарда қазақтың «Япурай» әніне қатысты әртүрлі ой-пікірлер айтылды. Хабар барысында әлдекім бұл әнді Затаевич Бөкей ордасында естіп нотаға түсіріпті десе, әнші Құдайберген Бекішев өткен ғасырдың 80 жылдары Алматыға келген моңғол оркестрі осы әннің әуенін моңғолдікі деп орындағанын және соған күні бүгінге дейін таңғалатынын жеткізді. Белгілі музыка зерттеушілер мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар деп те қалды. «Япурай» әнін біз халық әні деп келсек, кейінгі кезде оны біреулер Мағжан Жұмабаевқа теліді. Мағжанды көзі көргендердің жазуынша, ұлы ақынымыз қолына домбыра ұстамаған, ән салмаған екен. Біз қазақ әнін өзгелердің қанжығасына байлап берейік деген арам ойдан аулақпыз, алайда осынау ғажап әннің әуені бағзыдан келе жатқан ортақ сарынға негізделген болуы ықтимал. Ал әннің мәтінін Мағжан ақынның жазуы бек мүмкін. «Япыр-ай, апыр-ай» деген сөздер ауызекі тілде өкініш мағынасында қолданылатынын білеміз. «Япурай» әнінің атауы «япыр-ай» деген көңіл күй одағайынан ауылы алыста жатқандай көрінеді. «Жаз болса жарқыраған көлдің беті, көгеріп толқындайды /япурай/ алыс шеті» деп басталатын ән мәтінінде көктем яки жаз мезгіліндегі көл бетінің тамаша тыныштығы, маржан таққан әдемі, әсерлі суреті, адам жанының терең сыры мен сезімге толы ынтықтығы бейнеленсе, әннің әуезі де осы бір сәттік тыныштықты ырғатып, баяу тербетіп тұрғандай әсер қалдырады. Әннің бар болмысында адам мен тылсым табиғаттың тамаша үйлесімі, өзара үндестігі айқын сезіледі. Жан дүниесі нәзік, әсершіл ақынның әдемі әуенге қызығушылық танытуы ғажап емес пе?! Әрине, бұл әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін іс. Біздікі ой айтып, пікір тудыру. Ерболат БАЯТ «Ана тілі»

Біз тілді қоғамдық құбылыс дегенімізбен де, оның негізі ұлттық мәйегінде, халықтық сипатында екендігі даусыз. Тіл де тірі ағза секілді өмір сүреді немесе өледі, яғни жасарып, жаңарады, түлейді, түрленеді һәм қартаяды, қатардан шығады. Ол сол тілде сөйлейтін ұлттың тағдыр талайына қатысты болмақ. Ұлт бар жерде тіл бар, тіл бар жерде сол ұлттың өмір сүруіне негіз бар. Сонымен бірге кез келген тіл томаға-тұйық қалыпта дамымайды, ол өзге де тілдермен ауыс-түйіс қатынасқа түсіп, толығып-молығады, өзіне сіңіреді. Тарихи-әлеуметтік, саяси-мәдени ырықты, ырықсыз қарым-қатынастарға байланысты бір халықпен екінші халықтың немесе үшінші халықтың араласуы, кірігуі, жұтылуы табиғи заңдылық іспеттес. Белгілі бір ғасырларға, дәуірлерге жалғасатын осынау үрдістің әсері тілге де аз ықпалын тигізбейді екен. Қазіргі қазақ тілінде төл қолданысқа әбден еніп кеткен араб, парсы, моңғол сөздері осының дәлелі. Соның ішінде күні кешегіге дейін көшпелі өмір кешкен, Байкөлден Балқанға дейінгі аралықты ат тұяғымен дүбірлеткен ғұндар мен көк түркілердің тікелей ұрпағы болып саналатын қазақтар мен моңғолдардың тілдік жағынан ұқсас, төркіндес келетінін аңғару қиын емес.  Ең әуелі қазақ тіліндегі «төркін» деген сөзді алып көрейікші. Сөз түбірі «төр» – қазақ ұғымында үйдің (киіз үй) ең құрметті орны. Қазақтың сыйлы қонағын жақсы көріп, жақын тартып, төріне шығаратыны белгілі. Ал «төркін» – ұзатылған қыздың өз жұрты. Сол сияқты «Сөзінің төркіні қалай екен?» деп баяғының шалдары сұрап жатушы еді. Бұған қарағанда «төркін» сөзі «түп қазығы, негізі» деген мағынаны білдірсе керек. Қазақта «төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деген де сөз бар. Жат жұртқа кеткен қыздың араға жылдар салып өз жұртына баруын «төркіндеу», «төркіндеп қайту» деген. «Төр» сөзі моңғол тілінде де қолданылады. Олар «төр» деп мемлекетті айтады. Сонымен бірге «төр засаг» деп қосарлап та қолданады. Мұндағы «засағы» үкімет дегенді білдіреді. Осындағы «засаг(ғ)» сөзі қазақ тілінде ұмытыла бастаған «жасақ» сөзімен төркіндес. «Жарақты күні жау келмес, жасақты күні жау келмес» деген мақалдағы «жасақ» атауы әскери құрылымды емес, ауыл-ел болып тұтасқан алқалы топты, ұлты ұйысқан ұлысты атаса керек. Моңғолдар «туу» сөзін «төрөх» дейді. «Төркін» сөзінің түп төркіні «туған үй», «туған жұрт» дегенді білдіретініне күмән болмас. Біздегі төрелерге қатысты айтылатын «төре» атауының мағынасы «төрде отырып, ел басқаратын, билік жүргізетін адам» дегенді білдірумен қатар, әу басында мемлекеттік ел басқарудың титулы болып, келе-келе қазаққа кіріккен ұлыстың атауына ауысқанына шүбә келтіруге болмас. Қалай айтқанмен де «төр» сөзі үйдегі құрметті орынды, мемлекеттегі ел басқару ісін білдіретін ортақ атаулық мәнге ие. Тілдегі мұндай төркіндестіктің мысалдарын көптеп келтіруге болады Мысалы; жұдырық-нұдырғы (моңғолша), маңдай-мағнай(моңғолша), қар(қол)-ғар(моңғолша), мал-мал (моңғолша), төл-төл(моңғолша) тағы сол сияқты.
Ежелден қойы қоралас, жаны аралас болған халықтарда мұндай төркіндестіктің һәм ауыс-түйістің болмай қоюы тіпті де мүмкін емес-ті. Ал анау күн шығыста жатқан жапондықтармен (қазақтың «жапан», «жапан дала», «жапан түз» сөздерін есіңізге түсіріңіз) тілдік байланысымыздың болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Әрине, мұны салыстырмалы түрде айтылған жорамал, болжам деуге де болар. 1988 жылы Мәскеуде жарық көрген «Архаический ритуал в фольклорных и раннелитературных памятниках» атты кітаптағы Л.М.Ермакованың «Ритуальные и космологические значения в ранней японской поэзии» деген мақаласын оқығанда еріксіз таңғалдым. 1262 жылы Дзегаку жазған «Вака ироха» (аудармасы «Азбука поэзии» – «Жыр әліппесі») деген поэтикалық трактаттағы «ир(оха)» сөзінің қазақша мағынасы «өлең-жыр» дегенді білдіреді екен. Сонда жапондар жырды «ир(ох)» деген ғой. Түркі тілдерінде «жыр, ир, яр» түрінде келе беретінін ескерсек, жапонның «ирох»-ысы дыбысталуы жағынан да, мағыналық тұрғыдан да өте-мөте ұқсас болып тұрған жоқ па?! Осы трактатта жапон поэзиясындағы бес (5) тармақты жыр үлгісін «танка» (таған) деп атайтындығы және оның бірінші тармағын – бас, екіншісін – кеуде, үшінші тармағын – бел тұсы, ал соңғы екі тармақты – құйыршық» деп бөлетіндігі жайлы жазылған. Жапон поэзиясындағы «танканың» қазақ жырындағы «таған»(төрт тағанды жыр үлгісі) сөзімен лексика-семантикалық байланысы жоқ дей аласыз ба? Сонымен бірге осы бес таған жырдың өзегі, идеялық ұстыны «кокоро» делінеді екен. Біз «поэзия – жүрек сөзі» дейміз. Сол сияқты жапонның бес тағанындағы сезім мен ойдың ұштасып, ақындық қуаттың жарқырап көрінер жері оның жүрек сыры, жүрек толғанысы екен, яғни жапонша «кокоро(к)» сөзі «жүрек» деген мағынаны білдіреді. Жүректің орналасқан мекені адамның көкірек қуысы екендігі айтпасақ та түсінікті. Қазақтың «көкірек» сөзінің синонимдес мағынасы –«жүрек». Көркем шығармада «көкірек көзі», «көкірегі қаяулы», «көкірек басына байлаған» деген поэтикалық тіркестер жиі қолданылады. «Ержүрек» сөзінің баламасы «өркөкірек немесе еркөкірек». Қазақтың «көкірегі» мен жапонның «кокоро» арасындағы ұқсастықты кім жоққа шығара алады? Ол ол ма, жапондықтар үй иесі – отағасын «ота(у)сан», аққу құсты «оха куша» деп атауын немен түсіндіруге болады? Көріп отырғаныңыздай, «отағасы», «отасан» сөздерінің түбірі «от», мағынасы «от иесі». Моңғолдар кенже баланы «отгон» дейді.Түркі-моңғолдардың дәстүрі бойынша кенже бала – от иесі, шаңырақ иесі. Орыстың «отец» сөзінің шығу төркінін осыдан іздесек несі айып. Ал «ох(а)»-сы біздің «ақ», «куша» сөзі«құс» мағынасын береді. «Тіршілік иесі, заттың атауы» деген мағына білдіретін «мон(о)» сөзі қазақ тіліндегі 1-жақтың иесі «мен»-ге орайлас келіп тұрғандай. Ағылшынша «ман» – адам деген атаулы мағынаға ие екендігі белгілі. Жапонның орта ғасырлық поэзиясында қолданылатын барлық сөздер «моно-но на» («заттық атаулар») және «кото»(«cөз») – деп екі топқа бөлініп қарастырылған. «Моно» – заттың, тіршілік иесінің өзегі, өмір сүру негізі және оның рухы, әзәзіл сипатында қарастырылса, «кот(о)»-тобына заттық емес лексикаларды енгізіп, оған сол заттық ұғымның «өзгерімпаз», «қозғалысты», «реттегіш» қасиеттерін жатқызады.
Тілдің яғни сөздің кері әсерін қазақтар да жақсы білген. Сондықтан да «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Айтқан сөзге аспандағы бұлт та азады» деген. «Кот-сөз» тұлғалы қалпында және іс-әрекетті жасаушы ретінде ритуалдық қасиетке ие болады деп сенген. Бір сөзбен айтқанда, олар да біздің қазақ сияқты тілдің, сөздің магиялық күшіне иланған, құдіретіне бас ұрған, содан қорыққан тәрізді. Кот(эн) – жапон тілінде «көркем сөз», «әдебиет» деген мағынаны білдіреді екен. Көне кәріс тілінде «кото/құта» сөзі «іс-әрекет» дегенді айқындайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөзге жан семіреді», «Жақсы сөзде құт-береке бар» деп түсінетін қазақ алғыс тілекті, ризашылық ниетті «құтты сөз» немесе бүгінгіше айтқанда «құттықтау» деп атаса керек (Ж.Баласағұнидың «Құтты білігін» есіңізге түсіріңіз). Қазақтың «құтты сөзі» мен жапонның «қасиетті котосының («cөз, әрекет»)» арасында тұлғалы ұқсастықты (құт-қот) былай қойғанда, лексикалық мағыналастығы қызықтырмай ма? Қысқасы, қазақ та, жапон да, кәріс те сөзді кие тұтқан, өлең сөзді өмірлік нәр деп ұғынған. Хакім Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы » демеп пе еді. Сонымен қатар өлең-жырдың ішкі астарын, бедерлі, көркем кестесін «ура(н)» деп атаса, моңғолдар да келісті көркем сөзді «уран/ұрын» дейді. Мысалы: уран зохиол/ұрын зокол – көркем әдебиет.
Жапондықтардың мифологиялық аңыздары бойынша «өлең-жыр көк аспан мен қара жер ажырағанда пайда болған, сол себепті де ол екі аралықта еркін кезіп жүреді» деген түсінік болған және оны Құдай-анамен, Құдай-әкемен байланыстырған. Аспан мен жердің ажырауы туралы мифтік түсінік түркі-моңғолдарда да бар. Айталық, моңғолдың «Хан Харангуй» жыры бойынша Харунғұй батыр әлемдік жарылыста дүниеге келді делінеді. Ақындықты, әншілікті «тәңірдің сыйы» деп түсіну қазақта да бар. «Дауысым аспан-жердің арасын дауылдатып» деген оралымдарды қазақ әндерінің иірімдерінен көптеп кездестіру болады.
Жапон филологы Н.Масахитоның «Сакура халқы туралы зерттеулерінде» ай күнтізбесі бойынша төртінші айдың (көкек айы) 10 күні Құдайлардың құрметіне «Ясурай» мерекесі тойланатыны туралы айтылған. Оларда сакура ағашы гүлдесе, бізде көкек құсы шақырады. Табиғаттың тамашасына еліту, оны құрмет тұту, өмір сүру дағдысын соған қатысты қалыптастыру екі халықта да бірдей ортақ мәнге ие құбылыс. Са(көктемгі алқап құдайы)+кура (рәсім орны). Адамдар сакура арқылы ясурайбананың гүлдеуіне қарап өздерінің тағдырларын, болашақтарын болжаған. Бір сөзбен айтқанда, ол – «Өмір ағашы». Мұны «Ясурайбана» – «көктем мерекесі» немесе «гүлдер мерекесі» деп атаған. Осы мейрамда ясурай гүлінің құрметіне, оның тыныштығы үшін «ясурайбана» әні шырқалып, «ясурайодори» биі биленетін болған. Жапон тіліндегі «ясурай» сөзі «сабырлы, тыныш, тербетілген» дегенді білдіреді екен. Бір қызығы анау бір жылы «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың жүз әні» атты телехабарда қазақтың «Япурай» әніне қатысты әртүрлі ой-пікірлер айтылды. Хабар барысында әлдекім бұл әнді Затаевич Бөкей ордасында естіп нотаға түсіріпті десе, әнші Құдайберген Бекішев өткен ғасырдың 80 жылдары Алматыға келген моңғол оркестрі осы әннің әуенін моңғолдікі деп орындағанын және соған күні бүгінге дейін таңғалатынын жеткізді. Белгілі музыка зерттеушілер мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар деп те қалды. «Япурай» әнін біз халық әні деп келсек, кейінгі кезде оны біреулер Мағжан Жұмабаевқа теліді. Мағжанды көзі көргендердің жазуынша, ұлы ақынымыз қолына домбыра ұстамаған, ән салмаған екен. Біз қазақ әнін өзгелердің қанжығасына байлап берейік деген арам ойдан аулақпыз, алайда осынау ғажап әннің әуені бағзыдан келе жатқан ортақ сарынға негізделген болуы ықтимал. Ал әннің мәтінін Мағжан ақынның жазуы бек мүмкін. «Япыр-ай, апыр-ай» деген сөздер ауызекі тілде өкініш мағынасында қолданылатынын білеміз. «Япурай» әнінің атауы «япыр-ай» деген көңіл күй одағайынан ауылы алыста жатқандай көрінеді. «Жаз болса жарқыраған көлдің беті, көгеріп толқындайды /япурай/ алыс шеті» деп басталатын ән мәтінінде көктем яки жаз мезгіліндегі көл бетінің тамаша тыныштығы, маржан таққан әдемі, әсерлі суреті, адам жанының терең сыры мен сезімге толы ынтықтығы бейнеленсе, әннің әуезі де осы бір сәттік тыныштықты ырғатып, баяу тербетіп тұрғандай әсер қалдырады. Әннің бар болмысында адам мен тылсым табиғаттың тамаша үйлесімі, өзара үндестігі айқын сезіледі. Жан дүниесі нәзік, әсершіл ақынның әдемі әуенге қызығушылық танытуы ғажап емес пе?! Әрине, бұл әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін іс. Біздікі ой айтып, пікір тудыру.

Ерболат БАЯТ

«Ана тілі»

Ұқсас материалдар