Қандастар Ассамблея

Достық – бірінші байлық

03.03.2014 9964
Егемен мемлекетіміздің іргесінің нық болуының бірден бір кепілі мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениетімізбен бірге қазақ халқының басқа халықтармен достығы екені дау тудырмайтын шындық деп білемін.

Егемен мемлекетіміздің іргесінің нық болуының бірден бір кепілі мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениетімізбен бірге қазақ халқының басқа халықтармен достығы екені дау тудырмайтын шындық деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық», – деп айтқан сөзі елімізде тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдерінің бір-бірімен біте қайнасып, достасып кеткеніне берілген нақты баға.

Қазақ халқы достықты рухани құндылықтар тізімінің алдыңғылары деп білетіні ақиқат. Сонау ғасырлар қойнауына үңілсек, антика дәуірінің өкілі Лукиан есімді грек ғалымы, бабаларымыз сақтар Дандамид пен Әмизөктың достығы туралы жазып қалдырғаны белгілі.

Бір қиян-кескі шайқаста жаулардың қолына түсіп қалған Әмизөк дауыстап досын көмекке шақырады. Бұны естіген Дандамид жауларына келіп досын босатуды сұрап, қалаған талаптарын орындауға әзір екенін айтады. Сонда жау әскерінің басшысы, досың үшін екі көзіңді де бересің бе дейді. Дандамид сөзге келместен келіседі. Жаулары оның екі көзін ойып алады. Осылайша жан досын тұтқыннан босатқан Дандамид Әмизөктің қолынан ұстап еліне оралады. Екі досты қарсы алған халқы бұлар біздің рухымызды биікке көтерді, деп олардың құрметіне ұлан-асыр той жасайды.

Қарсы жақ сақтардың бұл оқиғаға үлкен мән бергенін білгеннен кейін, ерекше рухтанған сақ сарбаздары енді майдан алаңына шықса оларды жеңу мүмкін болмайды деп соғысудан қорқып сол түні үдере көшіп, шегініп кетеді.

Бабалар салған саңлақ жолдан айнымаған қазақтар, достық туын жоғары ұстауды әрқашан өздерінің борышы деп санаған. Жазушы Әзілхан Нұршайықұлы түгелімен Бауыржан Момышұлыға арналған «Ақиқат пен аңыз» кітабында батыр ағамыздың мына бір сөздерін келтірген: «Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры, гвардия полковнигі Геннадий Фадеевич Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары гвардия полковнигі Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға, оны ақсақал деп атайтын».

Мен осы сөздерді оқығаннан кейін кітап сөресінен 1988 жылы Мәскеуде жарық көрген «Ұлы Отан соғысының батырлары» кітабының екінші томын алып қарадым. Онда 1912 жылы Қазалыда туып өскен Геннадий Фадеевич Шляпиннің соғыстағы ерліктері жайында оқып білдім. Қазақстандық батыр соғыстан кейінгі жылдары Қазалы мен Ташкент қалаларында тұрып қызмет етіп, 1970 жылы бақилық болыпты.

Атақты батыр әрі жазушы Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарынан бергі тағы бір досы, ұлты орыс Қазақстанның халық жазушысы Дмитрий Снегин екені белгілі. Дмитрий Федорович қаһарман досына арнап «Арысым еді-ау, Бауыржан» атты кітап жазды. Осы басылым Қазақстан республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген. Бұл кітап халықтар достығын нығайтуда үлкен үлес қосқан сүбелі еңбек.

Дмитрий Федорович жаны кең, қазақ халқын өте жақсы көретін еді. Осы бір ашық жүректі кісімен танысудың сәті 1980 жылы Шымкент қаласында түсті. Кейін де кездесіп, хат алысып тұрдық. Бірде жазушы маған өзінің кітабын сыйға тартты. Ол кісі кітапқа тілек жазып жатқанда, мен: – Дмитрий Федорович, менің бір жасар ұлым бар соған арнап бір тілек жазып бермес пе екенсіз? – дедім. Сонда ол кісі: – Мен ұлыңа хат жазамын, – деп еді. Айтқанындай 1994 жылдың 17 қазан күні жұбайым екеуміз Дмитрий Федоровичтен жасы бірден енді асқан ұлымыздың атына жазған хатын алдық. Бір бетке жазылған хаттың мазмұны өте бай әрі терең екен. Жазушы менің ұлыма: «Сен бұл дүниеге кездейсоқ келген жоқсың. Мақсатыңа жету үшін батыр болуың керек. Бабалар аруағы мен үлкендерді сыйла», – деген мазмұнда ұлағатты кеңестерін жолдапты. Менің ұлым қазір Алматы қаласында университетте оқып жүр. Қазақстанның халық жазушысы жазған хат үйімізде сақтаулы. Осылайша Дмитрий Федорович Снегин менің ұлымды тәрбиелеуге өз үлесін қосты.

Қазақтың атақты ақыны Қадір Мырза Әли «Иірім» атты кітабында әркімге бір үлгі боларлық мынадай деректі келтірген: «1977 жылы тамыз айының аяғында бір топ қазақ жазушылары Уфаға сапар шектік. Бұл сапардағы жалғыз қуанышым – еліміздің ежелгі досы Сайфи Құдашпен таныстым. Әке мен баладай сырластық. Ең бастысы – ол маған Мағжан Жұмабай жөнінде көп әңгіме айтып берді. Естелік кітабын жазған екен, сол кітапқа Мағжанның өлеңін эпиграф қылып алыпты. Бізде ол кезде Мағжанның атын да ататпайтын. Ал сонау Башқұртстанда, Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабайды ақтауға кірісті. Мәскеуге Орталық Партия Комитетіне хат жазып, осындай бір азаматтық өтінішті Димекеңнің атына да жолдапты. Жалпы Мағжан Жұмабайдың туған әдебиетімізге қайта қосылуына Сайфи Құдаштың қосқан үлесі зор».

1972 жылы менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы, сол кезге дейін ресми түрде ұлты басқа деп танылып келген, Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовтың қазақ пен өзбек халықтарының ортақ перзенті екенін, әкесі Омарқұл – қазақ, анасы Бәхарайым – өзбек екенін дәлелдеп жазды. Бірақ сол кезгі билік басындағылар қазақ пен өзбек халықтарының достығына сызат түсетін болды деп ұлтжанды ғалымның бұл еңбегін жоққа шығарғысы келіп, байбалам салған еді. Дегенмен, қарапайым халық ғалымның осы бір азаматтық әрекетіне риза болды. Өзбекстанның белгілі зиялылары арасында да әкемнің қазақ және өзбек халықтарының достығын паш еткен еңбегіне түсіністікпен қарағандары болды. Мысалы Өзбекстанның атақты бишісі Тамара ханум «Егемен Қазақстан» газеті бетінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақындығы туралы пікірін білдіргенде генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ, нағашылары өзбек екенін мақтанышпен айтты.

Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының осы ғылыми әрі азаматтық ерлігі туралы дәлелді деректер мол қазақ және орыс тілдерінде мен жазған мақалаларды ғаламтор-интернеттен, мысалы Мәскеуде тұратын қазақтардың сайтынан оқи аласыздар.

Шығармаларын Морис Симашко (шын тегі Шамис) деген есіммен жариялаған ұлты еврей жазушы, көп жылдар бойы Қазақстанда тұрды. Қаламгер шығармасының желісі бойынша Мысырды басқарған мәмлүк сұлтаны туралы түсірілген «Сұлтан Байбарыс» көркем фильмі бүгінде де көпшілік сүйсіне көретін кинотуындылардың бірі.

Әкесі еврей, анасы неміс қаламгердің, көрші бір мемлекетте өзінің туған ұлты туралы ашықтан-ашық кереғар пікірлер білдіріліп жатқаны туралы Ресейде тұратын Нобель сыйлығының иегері, Жорес Алферовке жазған ашық хаты 2000 жылдың қыркүйек айында «Время» газетінде жарияланды. Жазушы хатын: «Қазақстандық пен-клуб өкілдері мені, ұлты еврей жазушыны әлемдегі ең белгілі Нобель сыйлығына ұсынды. Тегі түркі (түрік емес – Б.О.), мұсылман мемлекетінде бұндай кеңдіктің болуы әлемнің жақсылық жағына ойысып келе жатқанының айғағы» деп қазақ еліне деген құрметін білдіріп аяқтаған.

Шынында да Қазақстан жазушыларының арасында Нобель сыйлығына ұсынуға болатын қазақ ұлтынан шыққан жазушылар бар болса да, клуб мүшелері еліміздің тарихында тұңғыш рет осы сыйлықты беруге ұсынған жазушының ұлты еврей екені қазақтардың өз жерінде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерін өзіндей көретін кеңдігін нақтылайды.

Отырарда тұрып жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Бахадүрұлы Қожа бір кездескенде маған мынадай әңгіме айтып берді. Ғалым бірде жұмыс бабымен жол жүргенде месхет түріктерімен бірге сапарлас болыпты. Жөн сұраса келгенде олар өздерінің Қазақстанға қалай келгенін айтып беріпті. Кеңес өкіметінің шешімімен жер аударылған бүтін бір халық өкілдері амалсыз жолға шыққан. Қаншама күндер мен түндерді артқа салып, қинала-қинала естіп-білмеген қазақ жеріне келгенде, жергілікті халық бұларды өз бауырлары келгендей қарсы алыпты. Үйлеріне кіргізіп, өздері тарығып отырса да барымен бөлісіпті. Содан өсіп-өнген месхет-түріктері қазақтарды туған халқымыз, Қазақстанды туған еліміз санаймыз, депті. Әңгімелерін айтқанда небір қиыншылықтарды еске алып бір жыласа, қазақ халқының жақсылығын айтып, ризашылығын білдіріп отырып тағы да көздеріне жас алыпты.

Көп жылдар Шымкент педагогикалық институтында қызмет еткен, жұбайы қазақ Надежда Васильевна Кутнякова, тағдыр айдап Шымкентке келіп осы оқу орнына оқуға қабылданады. Жақсы оқып, мұғалімдік қызмет етіп осы институтта көптеген жылдар бойы шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісі әрдайым: Мен қазақ халқын шексіз жақсы көремін. Бұнымды студенттеріме де көп рет айтқанмын, айта беремін де, дейтін. Кейін білдім, Надежда Васильевнаның ата-анасы сталиндік саяси-қуғын жылдары кінәсіз болса да «халық жаулары» деп танылып, еліміздің аймақтарының біріндегі тұтқындар қамалған лагерде болыпты. Сонда үнемі қарны аш кішкентай Надежда, лагер қоршалған тікенек сымдардың арғы жағынан қазақ әйелдері лақтырған құрттарды теріп жейді екен. Сол кездерін еске алғанда ол кісі үнемі көзіне жас алатын. Осы күнге дейін сол бір қазақтың аналарына ризамын, деуші еді Надежда Васильевна. Бұл да қазақтардың басқа ұлт өкілдерін бөлмей-жармай өз бауырындай қабылдай білгенінің дәлелі.

Халқымыздың біртуар ұлы, мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Өзбекәлі Жәнібек өзінің естелік кітабында Қазақстанға сонау Украинадан келген бір азаматтың қазақ әйелін өзінің екінші анам деп айтқанын өз аузынан естіп әңгімесін келтірген: «Соғыс аяқталып қалған кез. Мен майданда бір қазақ жігітімен дос болдым. Достығымыздың шексіздігі сондай, соғыс біткеннен кейін Украинада ма, әлде Қазақстанда ма бірге тұруға уәделестік. Сөз бердік. Тағдыр бізді тілегімізге жеткізбеді. Ол оққа ұшты. Елге оралғанда көргенім – біздің ауылдың жермен-жексен болғаны. Ата-анамның қайда кеткенін де ешкім білмейтін болып шықты. Әскери комиссариат арқылы берілген сұраныс та нәтижесіз болды. Далада жалғыз қалғандай сезініп, неде болса, Қазақстанға кетуге бел байладым. Қасақана досымның мекен-жайынан да көз жазып қалыппын. Қазақстан деген елден менің білетінім тек Алматы ғана еді. Алматыға келген соң вокзалда әрі-бері теңселіп жүріп алыппын. Мұны байқаған бір қазақ әйелі: «Балам, мұнда біреуді іздеп жүрсің бе?» деген соң, бастан кешкенді айтып бердім. Байғұс әйел: «Екеуміз мұңдас екенбіз, қарағым, мен де баламды күнде күтіп, осында келем. Ол елге қайтпай-ақ қойды» – деп көзіне жас алды. Жүр біздікіне барайық, бір таба нан мен бір шәугім қайнаған су табылады ғой деп үйіне алып келді.

Тап-тұйнақтай бір бөлмелі үй, шай ішіп, диланып қалдым. Жатар орын іздеп кетейін дегенімде қолымнан тартып жібермеді. Сөйтіп сол үйде тұрып қалдым. Баласы майданнан қайтып оралмады. Күте-күте менің қолымда қайтыс болды. Мұсылманша «ақ жауып, арулап» о дүниеге шығарып салдым. Жалғыз қалған соң, көп кешікпей үйлендім. Балалы-шағалы болдым». Осылай деп әңгімесін бітірген украин азаматы көзіне жас алыпты.

Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде елімізге соғыс өртіне оранған аймақтардан мыңдаған жанұялар мен жүздеген өндірістер көшіп келгені рас. Кейін Қазақстанның тың жерлерін игеру мақсатымен, өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін бүкіл КСРО мемлекетінің түкпір-түкпірінен мыңдаған басқа ұлт өкілдері тағы да көшіп келді. Солардың бәрін өз туысындай қарсы алған қазақтардың бауырмалдығы туған жеріміздің кеңдігімен бірдей деуге әбден болады.

Еліміздегі дәстүрлі достық үрдісінің сабақтастығы еліміз егемендік алған жылдары да жалғасып, Қазақстан халқының бүгінгі сүріп жатқан тату-тәтті өмірі еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз» деген сөзін растайды. Бүгінде біздің Отанымыз халықтар достығы туын биікке көтерген салиқалы, бағдарлы саясаты бар әлемге белгілі өркениетті елге айналғаны үлкен жетістік.

 

 Бердалы ОСПАН,

мәдениеттанушы.

 

 

Ұқсас материалдар