Қандастар Ассамблея

Отан бейбітшілігі – сенің бейбіт өмірің

03.03.2014 4658
Этносаясат теориясы бойынша адамзат баласының өз ұлтына байланысты қалыптасатын таным, түсінік көзқарасының үш түрі болады екен.

Этносаясат теориясы бойынша адамзат баласының өз ұлтына байланысты қалыптасатын таным, түсінік көзқарасының үш түрі болады екен. Олар: нигилистік, космополиттік және патриоттық сезімдер. Тәуелсіз елімізде жүзден аса ұлт өкілдері тұрғанымен, бізде үшінші көзқарас басым келеді деп ойлаймын. Еліміздегі тыныштық пен бейбітшілік, ұлтқа бөлу мен оларды төмендету жоқ, бәріміздің құқығымыз тең, тату өмір кешуіміз, Отанымызды спорт, білім, ғылым арқылы өзге елдерге танытып жатқанымыз осының дәлелі деп тұжырымдасақ қателеспеспіз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауы биылғы жылы да ұйымдастырылғаны баршаға мәлім. Жолдаудың мазмұны халықтың, елдің, жердің мәселелерін жан-жақты қарастырып, қазіргі таңда міндеттер орындалып, мақсаттарға қол жетіп жатыр.

Желтоқсан айында орын алған Президент Жолдауының бір бөлімі «Жаңа Қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп аталады. «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қасиетті хадисте: “Отанды сүю иманнан – дүр”, – делінген. Туып өскен қасиетті қара топырағын, халқын, тауы мен тасын қорғау әрбір ер азаматтың парызы болу міндетті. “Отан от басынан басталады” демекші, әкесі мен шешесі балаға патриоттық тәрбиенің қабырғасын қаласа, ол құлап қалмай, әрмен қарай беки түседі емес пе?!.

Желмен келген дүлейдей тыныштығымызды бұзып, талай жанның жанын қиған сұрапыл соғыста ата-бабаларымыздың ел үшін, жер үшін айқасып, жеңіске жеткен ерліктері мәңгі тарихымыздың төрінен орын алатыны сөзсіз. Олардың жасаған ерліктері – нағыз патриоттың бойында болатын қасиет екендігінің дәлелі. Алайда ондай ерліктер енді қайталанбаса екен деп тілейік, елімізде тыныштық болуы үшін татулығымызды жалғастыра берейік.

Қазіргі таңда, жалпы жастарымыздың бойындағы отаншыл рух, патриоттық сезім қай деңгейде?” деген сауал әркімді де толғандырады деп ойлаймын. Ер жігіттер әскерден оралған соң, Отан алдындағы парызымды өтедім деп көкіректерін көтеріп айтады. Бұл әрине өкінішті, жанға жара салатын сөздер емес пе?!! Патриоттық сезім, адамның Отан алдындағы борышы өмір атты өзеннің шегіне барғанда ғана бітеді емес пе?!!

Елбасымыз патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөледі. Осы сала бойынша қойылған міндеттер мен мақсаттардың арқасында патриоттық тəрбие бойынша жастар ұйымдары мен бірлестіктері құрылған: «XXI ғасыр көшбасшысы Жастар Орталығы» Республикалық Қоғамдық Ұйым, «Қазақстан Альянс студентері» Қоғамдық Ұйымы, «Жасыл ел» Республикалық штабы т.б. Сонымен қатар барлық аудандарда балалар мен жастардың, жасөспірімдердің патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында балалар мен жастар құрылымдары кездеседі. Олардың ішінен ең ірілері: «Жұлдыз», «Болашақ», «Ұлан», «Айналайын», «Шұғыла», «Мұрагер», «Достар», «Жайық жастары», «Жасыл мемлекет» т.б.

Қазіргі кезде қосымша білім беру орындарында патриоттық тәрбие жетекші орын алады. Жылдан жылға əскери-патриоттық орталықтар, клубтар мен ұйымдардың əлеуметтік-педагогикалық рөлі артып келеді. Мұндай қосымша білім беру орындарында, әсіресе ер балалар арасында қажеттіліктер ұдайы өсіп отырады.

 

Бүгінгі күні балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен берілгендік сезімін қалыптастыру, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға бағытталу керек. Атқарылып отырған жұмыс еліміздің азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай кешенді шешуді қамтамасыз етуі тиіс
 

Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа тұрғы қажет.
Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады.

Атам қазақ: «Отаны бірдің жүрегі бір, Жүрегі бірдің тілегі бір» деп босқа айтпаса керек. Қазақ жерінде тұратын өзге ұлттармен татулығымыз артып, жүрегіміздің «Қазақстаным, елім, жерім» деп соғуын тілеймін.

 

Президенттің Жолдауы халықтың қолдауын тапса игі!!!

 

Ұқсас материалдар